Жер қыртысының тербелмелi қозғалыстары. Жер бетiнiң әркелкi көтерiлуi мен төмен түсуiн тербелмелi қозғалыстар деп атайды. Олар секiрiс тәрiздi жүредi. Тiк бағыттағы тербелмелi қозғалыстарды теңiз жағалауларында теңiздiң шегiнуi (регрессия) және шалқуы (трансгрессия) бойынша оңай байқауға болады.
Жер бетiнде жерасты дүмпулерi түрiнде жылдам әрi кенет болатын тербелiстер жерсiлкiнулер деп аталады.
Қазiргi кезде бөлiнетiндер:
қазiргi заманғы тербелмелi қозғалыстар, олар тарихи уақыт барысында орын алады;
N–Q кезеңдердегi неотектоникалық қозғалыстар, олардың нәтижесінде қазiргi бедердiң негiзгi сипаттары жаралған;
бұрынғы геологиялық замандардағы қозғалыстар.
Қазiргi кезде тiркелетiн Жер қыртысының қозғалыстары қазiргi заманғы деп аталады; олардың тiк бағыттағы құрамдасын жер бетiнде қайталама нивелирлеу әдiсi арқылы зерттейдi. Қазiргi заманғы тектоникалық қозғалыстардың жылдамдығы 10-15 мм/жылға жетедi. Қазiргi заманғы қозғалыстар таулы (ТяньШань, Карпат, Кавказ) алқаптарда айқын бiлiнедi. Жазық алқаптарда оң таңбалы қазiргi заманғы қозғалыстар үлкен аумақтарды қамтиды, олардың жылдамдығы да 8–10 мм/жыл шамасына жетедi.
Бедер қалыптастыратын экзогендiк және эндогендiк факторлардың рөлiн зерттеу ең жаңа деп аталатын, жақында ғана өткен геологиялық кезеңнiң тiк бағыттағы тектоникалық қозғалыстарының жалпы көрiнiсiн анықтауға мүмкiндiк бередi. Мысалы, олар өзен террасаларының қазiргi орналасу жағдайы бойынша нық анықталады.
Бiрақ, ең үлкен амплитудаларға ежелгi замандардың тiк бағыттағы тектоникалық қозғалыстары жетедi, олар өте ұзақ уақыт (100 млн жылдан асатын) кесiндiлерiн қамтиды. Мұндай тектоникалық қозғалыстар, мысалы, қазiргi тауларды құрайтын ежелгi теңiз шөгiндiлерiнен тұратын көптеген таужыныстар қалдығы бойынша, теңiз түзiлiмдерiндегi күмән келтiрмейтiн метаморфизм iздерi арқылы анықталады. Бұл теңiз түзiлiмдерi терең жер қойнауларына түсiп, жоғарғы қысым мен температура жағдайларында болғандығы көрiнедi.
Жер қыртысы қалыптасуында, сондай-ақ көлбеу бағыттағы тектоникалық қозғалыстар да маңызды рөл атқарады. Олардың басым рөлi жаһандық масштабта да (мұхит-орталық жоталардың дамуы, аралдық доғалардың қалыптасуы және т.б.), локальдық қатпаржаралу кезiндегi бастырмалар, шарьяждар пайда болу процестерiде де бiлiнедi. Мәселен, есептеулер көрсеткендей, жамылғыларды (шарьяждарды) қалыптастырған Альпiдегi күрделi қатпаржаралу қабаттарды (созылымына көлденең бағытта) 120 км сызықтық қысқаруға әкелген. Осындай мысалдарды басқа қатпарлы құрылыстар үшiн де келтiруге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |