12-ші лекция. Желдiң геологиялық әрекетi (эолдық процестер)
Жел – атмосферадағы ауа ағысы. Жер бетiнiң оның әртүрлi шағылыстырғыш қабiлетi мен Күн сәулесiнiң әркелкi бұрышпен түсуi салдарынан әртүрлi қызуы, температураның атмосферада тiк бағытта таралуы мен оның маусымдық ауытқуы ауа массасының көлбеу бағытта да қозғалысын туындатады. Ауа массаларының қозғалысы нәтижесiнде атмосфералық қысымда ауытқиды. Бұл ауытқулар көбiнесе теңiз деңгейiнде 101 кПа мөлшерiн құрайтын қалыпты атмосфералық қысымның 10% шамасына дейiн жетедi.
Ауа қозғалысын туындататын факторлардың әрекетiн Жер пiшiнi мен айналуының ерекшелiктерi, оның бетiнiң бедерi және т.б. күрделендiредi. Жалпы алғанда жербетi маңы қабатында тұрақты, кезеңдiк және кезеңсiз желдердiң тұтас жүйесi әрекет етедi.
Тұрақты желдерге экватор бойымен шығыстан батысқа қарай соғатын пассаттар жатады, олар субтропиктерден экваторға қарай планеталық тұрақты ауа қозғалысы, бiрақ Жердiң айналуы оны батысқа қарай ығыстырады. Сондықтан солтүстiк жарты шарда пассаттар солтүстiк-шығыстан, ал оңтүстiкте – оңтүстiкшығыстан басталады. Тұрақты желдерге қоңыржай ендiктердiң батыс желдерi де жатады, олар екi жарты шарда да қырқыншы-алпысыншы ендiктерiнде шығыс бағытта соғады.
Кезеңдiк әрекеттi желдер су мен құрлықтың әртүрлi жылдамдықпен қызуына байланысты. Оларға муссондар жатады. Бұл желдер жазда теңiзден құрлыққа, ал қыста құрлықтан теңiзге қарай бағытталған ауа температурасының маусымдық ауытқуларына байланысты. Температураның тәулiктiк ауытқулары кезеңдiк әрекеттi басқа жел – бриз пайда болуына әкеледi, ол күндiз теңiзден құрлыққа, ал түнде – керiсiнше бағытталады. Кезеңдiк әрекеттi желдерге сондайақ тау-аңғар желдерi де жатады, олар таулар мен аңғарлардың тәулiк ағымында әртүрлi жылынуы мен салқындауына байланысты. Ауа температурасының айырмасы күндiз аңғардан тау беткейлерiне, ал түнде таулардан аңғарларға қарай бағытталған желдiң пайда болуына әкеледi. Мысалы, Алматы қаласы осындай желдер әсер ететiн белдемде орналасқан.
Кезеңсiз желдерге дауыл, құйын және тропик циклондары жатады. Бұл желдердiң пайда болуы әдетте әртүрлi факторлардың күрделi әрекетiне байланысты (қысым, температура, ауаның ылғалдығы және т.б.), сондықтан олар кенет жаралып, болжауды қиындатады.
Айналадағы нәрселерге әрекет ету күшiн анықтайтын ауа массаларының қозғалыс жылдамдығы бойынша атмосфера күйiнiң мынадай түрлерiн бөледi: штиль (жылдамдығы 0,5 м/с дейiн); баяу кемiрсал, самал және күштi жел (0,520м/с); дауыл, теңiз дауылы (20-40 м/с); қатты дауыл (40 м/с асады). Сонымен қатар, жоғары және төмен қысымдар орталықтары төңiрегiнде айналмалы қозғалыс жасайтын ауа тасқындары байқалады. Олар шаңды құйындар мен дүлей құйындар деп аталады.
Бiрақ ең апатты табиғи құбылыс тропик циклондары (дауыл, тайфун) деп аталатын желдермен байланысты. Олар тропиктiк ендiктерде пайда болатын, диаметрi ондаған метрге немесе жүздеген километрге жететiн және биiктiгi 10-15 км болатын iрi атмосфералық құйындар болып табылады. Тропиктiк циклонның орталыққа бағытталған күшi едәуiр болатындықтан, құйынның орталық бөлiгiнде терiс атмосфералық қысымды алқап жаралады. Планетада жыл сайын 70-80 тропиктiк циклон тiркеледi, бiрақ оның аз бөлiгi ғана қиратушы күшке ие болады. ЮНЕСКО деректерi бойынша, тропиктiк циклондардан және оларға байланысты су тасудан жыл сайын орташа алғанда шамамен 15 мың адам апат болады екен.
Жел әрекетiмен байланысты геологиялық құбылыстардың барлығы эолдық процестер (эол – ежелгi грек мифологиясында жел құдайы) деп аталса, ал желдiң көмегiмен жаралған түзiлімдерде эолдық деп аталады.
Достарыңызбен бөлісу: |