Гуманитарлық білім” факультеті «География және қоғамдық пәндер» кафедрасы



бет26/30
Дата14.06.2016
өлшемі1.76 Mb.
#136023
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   30

ОБСӨЖ №26



1.Сабақтың тақырыбы: Саяси идеологияның негізгі түрлері.

2.Сабақтың жоспары:

1. Саяси сана және саяси идеология.

2. Қазіргі идеологияның негізгі түрлері.

3. Фашизм.


3.Теориялық мәліметтер:
1. Саяси сана деп өмірдегі саяси қатынастарды бейнелейтін, оларды түсініп- сезінетін, адамдардың бұл саладағы іс- әрекеттеріне бағыт- бағдар беретін әлеуметік сезімдер, түсініктер, көзқарастар жиынтығын айтады. Ол мемлкеттің, қоғамның саяси жүйесінің пайда болуымен бірге дүниеге келеді. Әлеуметтік, ұлттық мүдделерді, мемлекет алдындағы мақсатты жүзеге асырумен байланысты болса, қоғамдық сана саяси мағынаға ие болады. Саяси сананың негізгі мәселесі- мемлкеттік билік, оның қызметі. Мұнда топтардың, таптардың, өкімет билігі үшін күресі және оны сақтап қалу міндеттері, бұл жолдағы әрекет, амал, ұмтылыстары өз көріністерін тауып жатады.

Саяси сана әр түрлі қызметтерді атқарады. Олардың ішінде негізгілері мыналар:

1) қоғамдық сананың саяси ғылым, саяси теория сияқты құрамдас бөліктері арқылы саяси шындықты бейнелеу;

2) тұжырымдамалық түрде субъектінің мақсат- мүдделерін білдіру арқылы оның саясат әлеміндегі іс- әрекеттеріне бағдар беру. Бұл қызметті іс жүзінде идеология атқарады;

3) саяси психологияның әр түрлі көріністері арқылы көңіл – күйді білдіру. Өйткені, әлбетте, адамдарды іс- әрекетке итермелейтін психоло-гиялық себептер.

Саяси сана қарапайым саяси сана және теориялық саяси сана, саяси психология және саяси идеология деген деңгейлерден тұрады.

Қарапайым (күнделікті тұрмыстық) саяси сана қалыптасып жүйеге түспеген, күнделікті саяси өмірден туған әдет- ғұрып, дығды, дәстүрлі нанымдар, тағы сол сияқтылардың жиынтығы. Ол күн сайынғы саяси өмір тәжірибесін байқап, пайымдаудан пайда болады. Саясаттың тереңіне бойламай, себеп- салдарын сараламай, көбіне сыртқы белгілеріне байланысты қорытынды жасайды. Сондықтан ол саяси сананың төменгі сатысына жатады.

Теориялық саяси сана жағдайлардың мын- мағынасын анықтап, оларды айтарлықтай жоғары дәрежеде теориялық тұрғыдан жинақтап бейнелейді. Сондықтан ол тұжырымдамалар мен көзқарастардың жүйесі болып келеді.

Теориялық саяси сана қарапайым саяси сананың негізінде пайда болады және олар бір- біріне ықпал етеді. Ол қарапайым саяси сананы өңдеп, мәдени өзгеріп отырады.

Теориялық саяси сана қарапайым саяси сана сияқты стихиялық түрде тумайды. Оны арнайы дайындығы жоғары саяси сауаты бар теоретик адамдар ойлап шығарады.

Саяси психологияға саяси өмір жағдайының ортақтығы негізінде адамдар ұжымдарында, әлеуметтік топтар , таптарда, жеке адамдарда туындайтын сезімдердің, көңіл- күйдің, әдет- ғұрыптардың, мінездің ерекше белгілерінің жиынтығы жатады. Ол қарапайым саяси сана сияқты саяси өмірдің тікелей тәжірибесінен туады. Бірақ қарапайым саяси санада өмірдің танып- білуіне, хабардарлығына көңіл бөлінсе, мұнда сол жағдайларда адамның қатынауына, өмірді бағалауына баса назар аудары-лады. Қандай болсын саяси идея адамдардың белгілі бір сезімін тудырып, көңіл – күйіне әсер етпей қоймайды. Мұның бәрі саяси психологияға жатады. Қарапйым саяси сана мен саяси психология бір деңгейде. Сондықтан олар бір- біріне әсер етіп, байланысып, жымдасып жатады.

Саяси психология, жоғарыда көрсетілгендей , әр түрлі іс- әрекеттерге соған сәйкес сезімін оятып, қоғамдық қозғалыстарда маңызды рөл атқа-рады. Сондықтан саяси бағытты жоспарлап, оны жүзеге асырарда халықтың саяси психологиясын ескерудің маңызы зор. Ол үшін адамдардың көңіл- күйін зерттеп, олардың қандай саяси әрекетке қалай жауап берерін болжай білген жөн. Себебі, бұл саладағы қателік қоғамда дау- дамай, шиеленістер, адамдар, ұлттар арасында қырғиқабақтық, тіпті егес тудыруы мүмкін. Мәселен, Гитлер екінші дүниежүзілік соғысты ашарда неміс халқының санасына басқа халықтармен салыстырғанда олардың ерекшелігін, артықшылығын сіңіргісі келді. Көбі оған сенді де, соңына ерді де. Бұл халықтың психологиялық ерекшеліктерін қалай пайдалана білгенін байқатады.

Саяси сананың құрамдас бөлігі- саяси идеология. «Идеология» деген ұғым гректің идея- бейне және логос- білім деген сөздерінен шыққан. Ғылыми айналымға, әдебиете француз ғалымы және фәлсафашысы А. Дестют де Траси (1754-1836) кіргізді. Ол идеологияны, олардың қалай пайда болатындығы және әрекет ететіндігі жөнінде ғылым деп түсіндірді. Кейін келе бұл сөздің мән- мазмұны өзгерді. Қазір идеология деп адамдардың үлкен әлеуметтік топтарының іс- әрекетіне бағдар беріп, олардың мақсат- мүдделерін білдіретін және қорғайтын идеялар мен көзқарастар жүйесін айтады.

Идеология әр түрлі – саяси, құқықтық, этикалық, діни, эстетикалық, фәлсафалық болып келеді. Сонымен қатар қандай идеология болсын саясатпен тығыз байланысты және саяси сипаты болады. Саяси идеологияға белгілі бір адамдар тобының қоғам құрылысы және дамуы, ондағы қатынастарды орнықтыруға немесе өзгертуге қызмет ететін тұжырым-дамалар мен пікірлердің жиынтығы жатады. Олар билік арқылы немесе оған ықпал ету арқылы өз мақсат – мүдделерін білдіреді және қорғайды. Саяси идеология – жалпы идеологияның да өзегі. Оның ерекшелігі- саяси болмысты түсіндіреді және оны сақтауға немесе өзгертуге іс- әрекетті бағыттайды.

Саяси идеология Ағартушылық дәуірде дүниеге келді. Бұл кезде адмдар өздері қойған мақсатына сәйкес қоғамда саналы тәртіп орнату мүмкіндігі туып, прогресс идеясы алға тартылады. Адамдардың мақсатты түрде іс- әрекет жасау мүмкіндігін негіздеуі идеялар туралы ғылымды талап етеді. Ол үміт етіп, болашақтан күткен қоғам туралы идеалистік түсініктерде білінеді.

Қоғам өмірінде идеология маңызды рөлді атқарады. Ол ең алдымен оның төмендегідей қызметтерінен білінеді:

1. Идеологияның танымдық рөлі. Ол саяси жүйені, саяси өмірді суреттеп, түсіндіреді.

2. Бағдарламалық қызметі. Ол қоғам, әлеуметтік пронресс, тұлға және билік және т.с.с. негізгі түсініктер туралы мағлұматтар беріп, адамның іс- әрекетіне беғыт- бағдар көрсетеді.

3. Жұмылдыру, іске тарту. Қоғамның жоғары, құнды идеяларын алға тартып, мақсат-мүдделерді айқындап, саяси идеология саяси іс- әрекетке тікелей түрткі болып, қоғамды, әлеуметтік топтарды оларды іске асыруға жұмылдырады, рухтандырады, шабыттандырады.

4. Амортизациялық қызметі. Саяси іс- әрекетті түсіндіру тәсілі болып, идеология әлеуметтік шиеленістерді бәсеңдетеді. Ұсынылған мұраттар сәтсіздіктен кейін күш жинап қайта серпілуге шақырады.

5. Бағалау қызметі. Идеология халық санасына қоғамның қазіргі және болашақтағы дамуына өлшемдік баға берерлік жағдай жасайды, үстемдік етіп отырған қоғамдық тәртіпке белгілі бір көзқарас тудырады.

Саясаттың қандай субъектісіне болсын идеология қажет. Ол адамдарды рухани біріктіріп, топтастырудың және басшылықтың құралы. Саяси қатынастар саласында олардың іс- әрекетіне бағдар береді, еркін қалыптас-тырады, саяси қызметке ұмтылдырады, белсенділігін арттырады. Саяси қызметке қатысушылардың іс- әрекетіне мақсаттылық, жүйелілік, дәйек-тілік енгізеді.

Саяси идеология теориялық тұрғыда топтың, таптың негізгі мүдделерін танытады, оларға тұраттар, ережелер, рухани байлықтар, бағалы бағыттар жүйесін береді. Сол арқылы күрестің нақтылы мақсаттарын, оларды жүеге асырудың құралдарымен жолдарын белгілейді. Саяси идеология арқылы тап өзіндік санаға, жеке тұтастық сезімге ие болады. Көзқарастары біріңғай қоғамдастықтың мүшесі болып сезіну- әрбір саяси қозғалыстың мүшесін байланыстырып тұратын түйіні. Сонымен қатар идеология- сезім тудыратын нышандар жиынтығы. Олар адамдар мен топтардың іс- әрекеттеріне мән- мағына беріп күшейтеді, асқақтатады. Мысалы, Отан үшін, ұлты үшін , халқы үшін адамдар ғажап ерлік жасап, өзін - өзі құрбан етуге дейін барады.

Жүйеленген түрінде саяси идеология партия бағдарламаларында, дек-ларацияларында манифестерінде, жарғыларында, сондай- ақ түрлі наси-хаттық құжаттарда қалыптасады. Сондықтан А. Грамши идеология халық-тың ұжымдық еркін оятып, ұйымдастыру үшін қызмет етеді деген.

Идеологияны, жоғарыда айтылғандай, саналы түрде қоғамның білімді өкілдері, идеологтер- саясатшылар, фәлсафашылар, әлеуметтанушылар, заңгерлер, экономистер, ақын- жазушылар, т.т. жасап шығарады. Ол ақпарат құралдары арқылы таратылады, халықтың санасына сіңдіріледі.

Саяси идеологиялар мазмұнын, мақсаты жағынан прогрестік, либер-алдық, реакциялық, шовинистік, ұлтшылдық және т.с.с. болып бөлінеді.

Кейбір ғалымдар идеологияның ұғымдары мен принциптерін нақтылы ғылымдардағы сияқты тәжірибе жүзінде тексеріп білуге келмейді деп оған күмәнданушылықпен қарайды. Әрине, «еркіндік», «теңдік», »достық», »еге-мендік», »демократия», »адам құқығы», »азаматтық қоғам», »құқықтық мемлекет» сияқты категорияларды мінеки деп тап басып көрсетуге келмейді. Дегенмен, идеология қоғамдық- саяси шындықты бейнелейтініне дау келтіруге болмайды. Сондықтан К. Маркс идеялар хылық санасына сіңгенде материалдық күшке айналады деп тегін айтпаған. Ол жоқ жерден бостан- бос пайда болмайды. Жаңа идеялар пісіп- жетілген тарихи міндеттерді көрсетеді. Адамзат өзінің алдына өзі шеше алатын міндеттерді ғана қояды. Себебі, міндеттің өзі осы шешуге қажетті материалдық жағдайлар болып отырған кезде ғана немесе болуға таянған кезде туады.

XX ғасырдың орта кезінде америкалық саясаттанушы және әлеуметтанушы Д. Белл (1919) «Идеологияның ақыры» деген еңбегінде идеологияның дәуірі өтті деп жазды. Ол ғылыми- техникалық прогресс заманында идеологияның рөлі бірте- бірте өшеді- міс деп пайымдады. Бұл тезис 60 жылдары кең тараған студенттік қозғалыстарға жауап ретінде пайда болған. Бірақ одан өткен Американың атақты әлеуметтанушысы және экономисі У . Ростоу (1916) дүниетаным, көзқарасты, қоғамды дамы-татын, қозғаушы күш деп санады. Басқа сөзбен айтқанда, оның ойынша, дүниені билейтін идеялар . Сондықтан ескірген « идеологиясыздандыру»

( деидеологизация) тұжырымдамасының орнына «қайтадан идеология-лану» (реидеологизация) ой- тұжыымы алға тартылды. Оның мағынасы саяси және әлеуметтік өмірдің идеологиядан тәуелділігі артып келе жатқандығын білдіреді. Тіпті, « идеологиясыздандыру» теориясының негізін қалаған Д. Белдің өзі осы ғасырдың 70 жылдары қоғамдық өмірден идеологиялық фактордың жойылмайтындығын, оның қозғаушы күш екенін мойындады. Ол ескі идеологияның әлсіреуі жаңасын қажет етеді деген тоқтамға келді.

Саяси идеология бұқаралық ақпарат құралдарымен (БАҚ) тығыз байланысты. Оған баспасөз, радио, теледидар, бейнежазу, дыбыс- жазу кіреді. Бүгінгі таңда олар қоғамдық сананы қалыптастыруда шынайы болмыстан кейінгі негізгі құрал болып отыр. Американың саясатшысы Г. Лассуэлл (1902-1978) БАҚ- тың мынандай негізгі төрт қызметін атап көрсетті:1) әлемдегі болып жатқан жағдай туралы хабарлар жинап тарату; 2) хабарларды « редакциялау», таңдау және түсінік беру; 3) қоғамдық пікір қалыптастыру; 4) мәдениетті тарату. Жоғарыда айтылғандардың қатарына бесінші етіп оның қоғамды саясаттандыруы мен бұқара халықты саяси ағартушылығын қосуға болар еді.

БАҚ азаматтар мен билік органдарына ең маңызды оқиғалар туралы мағлұматтар жинайды, таратады, оларға баға береді. Солардың негізінде тыңдаушыларды Үкіметтің, Парламенттің партиялар мен қозғалыстардың іс- әрекеттері, қоғамның экономикалық, саяси, мәдени өмірі туралы пікірлері, көзқарастары қалыптасады.

Демократиялық қоғамда БАҚ қоғамдық пікірлермен қатар заңға сүйенеді. Олар өздері журналистік тергеу жүргізе алады. Тергеу қорытын-дылары жарық көргеннен кейін кейде арнаулы парламенттік комис-сиялар құрылады саяси шешімдер қабылданады.

Қазіргі дүниеде БАҚ- қа жол ашу – ықпалды оппозиция қалыптас-тырудың қажетті шарты. Қоғамдық санаға плюрализм, сөз бостандығы принциптерін сіңірудің маңызы зор. Алайда, мұндай бостандық ауызға не келсе соны айту деген сөз емес. Мысалы, аумақтық тұтастықты, халық топтары арасында алауыздықты аумақтық тұтастықты, халық топтары арасында алауыздықты тұтандыруға жол берілмеуі керек. Саяси оқиғаларды шынайы бейнелеу, тарату мемлекеттің тұрақтылығын арттырады, қоғамды тиімді басқаруға мүмкіндік береді.

Бұқаралық ақпарат құралдары әр түрлі мақсатта пайдаланылуы мүмкін. Олар азаматтардың саяси сауатын көтеруі, өзінің адамгершілігін сезінуі, абройын жоғары ұстау, еркіндікке, әлеуметтік әділеттікке ұмтылыс, саяси процеске салауатты, білікті қатынасуға мүмкіндік жасайды. Сонымен қатар жалған хабарлар таратуы, үрей- қорқыныш, сенімсіздік тудыруы мүмкін. Біраз жағдайда саясаткерлер БАҚ- ты халық санасын күңгірттендіріп, өздерінің айла- шарғыларын асырып, қулықтарын білдір-мей жасырын жүргізіп, дегендеріне жетудің құралы етеді. Оның тәсілдері сан алуан: деректерді брмалау, өзіне тиімсіз хабарларды айтпау, өтірік- өсек, лақаптарды тарату, шындықты толық жеткізбеу, т.т.

БАҚ- тың рөлі, әсіресе Президент , Парламент сайлаулары кезінде артады. Олар үгіт- насихат, жарнама, т.т. арқылы саяси серкелер туралы кеңейтілген мағлұматтар беріп, арнайы бейнесін (имидж) жасайды. Мұнда да саяси басшыны қай қырынан көрсетіп, оған қаншалықты уақыт бөлудің де маңызы зор. Сондықтан демократиялық қоғамда мұндай келеңсіз жағдайларды болдырмаудың өз жолдарын іздейді.

Қазіргі заманда саяси идеологияның көптеген түрлері бар. Олардың негізгілеріне либералдық, консервативтік, коммунистік, социал- дмокра-тиялық және фашистік идеологиялар жатады.



2. Саяси идеологияның тұңғыш түрлерінің біріне либерализм (латынның либералис- еркін деген сөзінен) жатады. Оның негізін салушы-лар: Дж. Локк (1632-1704), Ш.Л. Монтескье (1689-1755), А.Смит (1723-1790), И. Кант (1724-1804), Т. Джефферсон (1743-1826), А. Токвиль (1805-1859), Дж Милль (1806-1873). Ол феодалдық қоғам ыдырап, буржуазиялық қоғамдық қатынастар қалыптаса бастаған дәуірде пайда болады. Буржуазия ол кезде экономикалық жағынан белсенділік, іскерлік білдірді, бірақ саяси жағынан еріксіз еді. Сондықтан өзінің саяси билікке деген дәмесін, талабын либералдық саяси доктрина арқылы білдірді.

Бүгінгі таңда либерализм – ең кең дамыған идеологиялардың біреуі. Ол үшінші сословиенің идеологиясы ретінде пайда болғанымен, кейін келе оның көптеген принциптері жалпыадамзаттық қажеттіліктерге сай келіп, ойыннан шықты. Либерализмнің мұратары (идеалы) қазіргі саяси демо-кратия принциптерінің қалыптасуы мен жетілуіне, дамуына зор ықпал етіп, оның қазына байлығына енді. Оның идеялық негізінде көптеген басқа теориялар пайда болды.

Либералдық идеологияның негізгі принципі- адамның еркіндігі, тұлғаның табиғи құқықтарымен бостандықтарының қасиеттілігімен ажыра-мастығы, олардың қоғам және мемлекет мүдделерінен жоғары тұруы. Экономикалық салада классикалық либерализм мына қағидаларға негіз-деледі: адамның жеке меншікке құқығы, нарықтың, бәсекеліктің, кәсіпкер-ліктің еркіндігі, экономикалық іс- әрекеттің мемлекеттен тәуелсіздігі. Осыған сәйкес мемлекет бір ғана қызметті- меншікті қорғау, «түнгі сақшылық» қызметін атқарады.

Саяси либерализм адамның еркіндігін шексіз құндылық деп біледі. Ол тек әділдікті білдіреді және ажырамас адам құқығына қол сұғудан, озбыр-лықтан қорғайтын заңмен ғана шектеледі. Демократияның либералдық түсінігі- адамдардың теңдігі, олардың өмір сүруге, еркіндікке, меншікке құқықтарының теңдігі. Мемлекет азаматтық қоғамнан ажыратылған. Мем-лекет қызметі заңмен шектеледі, билік тармақталады. Кейінірек либерал-дық саяси көзқарас оны жалпыға бірдей сайлау құқығы, парламентаризм, саяси алуан түрлілік, жергілікті өзін- өзі билеу және т.б. идеялармен байытты.

XX ғасырдың бірінші жартысындағы (1929-1933) терең дағдарыс либерализмнің әлеуметтік теңсіздіктің өсуін тоқтатуға мүмкіндігі аз екендігіне көз жеткізді. Шексіз бәсекелестік пен нарық адамдар арасын-дағы үйлесімділікке, экономиканың гүлденуіне әкелмеді. Сондықтан ли-берализм өз идеяларын қайта қарауға тура келді және жаңарған либера-лизм (неолиберализм) деген ат алды. Онда еркін нарықтық тетіктерді қалпына келтіру үшін мемлекет белгілі мөлшерде экономикалық және әлеуметтік салаға (салық, бюджет, жоспарлау арқылы) араласу керектігі негізделді. Мемлекет « түнгі сақшы» деген идея келді. Сонымен қатар басқарушылар мен бағынушылар арасындағы рөлдің қатаң бөлінуі барлық саяси күштердің мәмілеге келу тезисімен алмастырылды. Қоғамдағы барлық жіктердің мүдделерін қорғайтын «плюралистік демократия» идеясы, олардың саяси өмірге араласуы, шешімдерді демок-ратиялық жолмен ашық қабылдау, т.т. алға тартылды. Мұның бәрі либерализм саясатының мәнін және Батыс демократиясының идеология-лық негізіне айналды.

Жаңарған либерализмнің негізгі өкілдеріне Ф.Фон Хайек, Дж. Кейнс, Дж. Гэлбрейт және т.б. жатады. Оның идеологиясына көптеген партиялар сүйенеді. Мысалы, Жапонияда 1955 жылдан бері билік басында сол елдің ең үлкен партиясы – либералдық- демократтар партиясы отыр. Либералдар Англияның, Австрияның, Канаданың және т.б. елдердің саяси өмірінде өздерінің лайықты орындарын алуда. Мұның бәрі жаңарған либерализм идеологиясы әлемдік халықтардың саяси өмірінде елеулі рөл атқарып отырғанын байқатады.



Консервативтік (латынның консервативус- қорғаушы деген сөзінен) идеология Ұлы Француз революциясының (1789) саяси идеялары мен оқиғаларына жауап ретінде дүниеге келді. Бұл революцияны олар қоғамдық балықтың, бүліншілікпен күйзелістің себебі деп санады. Бірақ ол бастауын XVII ғасырда пайда болған дәстүрлік діни- монархистік қорғаушы ағымынан алады. Ол ағым дәстүрлі монархиялық биліктегі саяси өмір құрылысын, феодалдық тәртіптер мен оның рухани құндылықтарын сақтағысы келді. Консерватизмнің негізін қалаушыларға ағылшын фәлсафашысы және мемлкет қайраткері Эдмунд Берк (1729-1797), француз публицисі және қоғам қайраткері Жозеф де Местр (1754-1821), немістің тарихшысы, құқықтанушысы Фридрих фон Савиньи (1779-1861), Австрияның канцлері Меттерних (1773-1859) және т.б. жатады. Консерва-торлар монархияны қалпына келтіруге және феодалдық- аристократиялық құрылыстың дәстүрлі құндылықтарын қайта түлетуге тырысты. Олардың ойынша, ортағасырлық тәртіп, қауымдастық қатынастар, отбасы, мектеп, шіркеу қоғамды біріктіреді, оның бірлігін және дамудағы сабақтастығын қамтамасыз етеді. Өмірде әдет- ғұрып, дәстүр негізгі рөл атқарады. Сондықтан қоғамдық дамудың негізгі өлшемі әдет- ғұрыпты және халықтың мінезін өзгертуде. Олар ағартушылық пен революцияға, сана мен прогреске қарсы тұрды. Олардың саяси идеологиясының өзекті мәселелері – күшті мемлекет, айқын саяси жіктелу, биліктің төбе топ қолында болуы. Еркіндікті тұлғаның қоғам мен мемлекетке бағынуы және оларға адалдығы деп түсінді.

«Саяси идеологиялар» деп аталатын немістердің оқу құралында консервативтік көзқарасқа мынадай анықтама беріледі: «ол- дәстүр, діншілдік, бедел, еркіндік және жауапкершілік, адамдардың табиғи теңсіздігі, бір нәрсеге сенімсіз, шүбәланумен қарау принциптерінің жиынтығы».

XIX ғасырдың аяғы XX ғасырдың басында консерватизм негізгі қағидаларына өзгерістер енгізді. Ол еркін нарықтық қатынастар, алуын түрлілік және саяси демократия пинциптерін қабылдады. Осы ғасырдың 70 жылдарынан Батыстағы консервативтік ой- пікірдің жетекші бағыты жаңарған консерватизмге (неоконсерватизмге) айналды. Ол жеке адам-ның құқықтары мен бостандықтарының басымдығын мойындауға бет бұрды. Билікке төбе топ, аристократиялық көзқарастар тұрғысынан қарауды бәсеңдетті. Мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік қызмет-тері едәуір шеттетілді. Мемлекеттік меншік жекешелендіріле бастады. Мұның бәрі жаңарған консерватизмге жаңа леп беріп, Батыс елдерінде орта таптың идеологиясына айналдырды. Оның үстіне ол XX ғасырдың 70 жылдарында экономикалық құлдырауды тоқтатудың жолын таба білді. Бұл оның абройын арттыра түсті. Технологиялық революцияның жаңа дәуірдегі қажеттілігіне жауап беретін экономиканың құрылымын қайта қарауға тура келді. Бұрынғы тұрмыс дәрежесін көтеруге бағытталған дәстүрдің орнына ынталандыратын жаңа жүйе енгізілді. Жұмысшылардың өмір сүру сапасына баса назар аударылды. Жаңарған консерватизм либералдық және социалистік сипаттағы бірқатар адамгешілік түсініктерді біріктіріп қабыл алды. Жаңарған консерватизм өкілдеріне Д. Белл, З. Бжезинский, Н. Кристолл және т.б. жатады. Олардың қатарына бұрынғы АҚШ президенттері Р. Рейган, Д. Буш, Англияның бұрынғы премьер- министрі М. Тэтчер, қазіргі ГФР –дің канцлері Г. Коль және т.б. кіреді.

Тұңғыш консервативтік партия 1867 жылы Англия пайда болды. Ал XX ғасырдың 80 жылдары консервативтік партиялардың мерейі үстем болып, Англия, АҚШ, ГФР және т.с.с. елдерде олардың өкілдері билік басына келді.



Коммунистік (латынның коммунис- жалпы деген сөзінен) идеялар XIX ғасырдың орта кезінде дүниеге келген. Негізін салғандар Карл Маркс (1818-1883) пен Ф. Энгельс (1820-1895). Олар жан-жақты дамыған, еркін адамды қалыптастырғылары келді. Ол үшін тап күресі жүргізілуі, жұмысшы табы буржуазияны құртуы керек. Олардың ойынша, социализмді орнататын бірден- бір күш- жұмысшы табы. Мемлекеттік биліктің таптық сипаты болады. Социалистік революция нәтижесінде ескі мемлекет – пролетариат диктатурасы орнайды. Барлық тарихи прогресс қоғамдық меншікті орнатқысы келді. Коммунистік қоғамда мемлекет, саясат болмайды деп санады.

XIX ғасырдың аяғы XX ғасырдың басында марксистік саяси идеология революциялық және реформистік болып екіге бөлінеді. Револю-циялық ағымды В.И.Ленин (1870-7924) басқарды. Ол марксизмді демок-ратиялық революцияда пролетариаттың басшылық ету керектігі, партия-ның рөлі, буржуазиялық- демократиялық революцияның социалистік революцияға ұласуы, социализмнің алдымен бірнеше елде немесе тіпті жеке бір капиталистік елде жеңу мүмкіндігі туралы теориялармен байытты. Реформистік идеялар немістің социал- демократы Э. Бернштейн (1850-1932) мен немістің тарихшысы және экономисі К. Каутскийдің (1854-1938) еңбектерінде дамытылды. Кейін ол өзінше бөлек идеялық- саяси бағытқа- социал- демократияға айналды.

XX ғасырдың аяғында марксизм күйзеліске ұшырайды, коммунистік идеологияның ықпалы күрт төмендеп кетті. Бүгінгі таңда ол Қытай, Корея Халық- Демократиялық Республикасы, Кубада сақталды.

Жоғарыда көрсетілгендей, социал- демократиялық идеологияның теориялық негізін салған Э. Бернштейн. 1899 жылы оның «Социализмнің алғы шарттары және социал- демократияның мақсаты» деген еңбегі жарық көрді. Онда ол капитализмнің өзін- өзі дамытуға мүмкіншілігі бар екендігін көрсетті. Соның негізінде классикалық максизмді қайта қарап, оған өзгерістер енгізді.



Социал- демократия идеологиясы. « демократиялық социализм» идеясын алға тартты. Оның басты құндылықтары- еркіндік, теңдік, әділеттілік және ынтымақтастық. Бұл құндылықтарды, олардың ойынша, экономикалық, саяси және рухани демокраия арқылы ғана жүзеге асыруға болады. Ол аралас экономиканы, мемлекеттік әлеуметтік- реттеу рөлін, саяси өмірді демократиялық түрде ұйымдастыруды талап етеді.

Саяси демократияға мынадай негізгі принциптер кіруге тиіс: адам құқықтары, сөз, ой-пікір, баспасөз, білім алу, ұйымдар құру, дінге сену бостандығы, өзін-өзі басқару және т.с.с. Сонымен бірге мұнда халықтың өз еркімен көңіл білдіруі арқылы бөгетсіз үкіметті бейбіт жолмен алмастыру мүмкіндігі де кіреді.

Қазір социал- демократтар экологиялық қауіпсіздікке, адамды қорша-ған ортаны жаңартуға, жандандыруға көп көңіл бөлуде. Олар Еуропадағы әлеуметтік және экологиялық түлеген индустриалды өркениеттілік орнатпақ.

Социал- демократияның Социалистік интернационал деп аталатын халықаралық ұйымы бар. Оған барлық континенттен 70- ке жуық партиялар кіреді. «Социалистік интернационалдың принциптер Декларациясында» (1989) әлемдік мәселелерді шешуге зор көңіл бөлінген. Оларға кіретін басым бағыттар: бейбітшілікті және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, Батыс пен Шығыстың арасындағы қатынастарды жақсарту, колониализм мен нәсілшілдікті жою, жаңа халықаралық экономикалық тәртіпті жасау, қоршаған ортаны сақтау және т.б.

«Демократиялық социализм» тұжырымдамасы Швеция, Австрия, Швецария, Норвегия және т.б. Еуропа елдерінде табысты іске асуда. Соц-иал- демократиялық партиялар Латын Америкасында, Азияда, Таяу Шығыс елдерінің бірқатарында мықты позицияға ие болып отыр.

3. Фашизм (Италияның фашизмо- бірлестік деген сөзінен шыққан) 1919 жылы Италия мен Германияда пайда болған. Негізін салушылар: Ф. Ницше (1844-1900), Дж. Джентилле (1875-1944), О. Шпенглер (1880-1936). Бұл кезде капиталистік елдер терең дағдарысқа ұшыраған. Мұндай жағдайда классикалық либералдық құндылықтар адамзат іс- әрекетіне дем беріп, ынталандыра алмады және қоғамды біріктіруге шамасы келмеді. Халық-тың жалпы жоқшылыққа ұшырауы, кедейленуі, бұрынғы әлеуметтік құрылымның ыдырауы, көптеген табынан айрылған, азғынданған қаң-ғыбастар таптарының пайда болуы либералдық еркін тұлға идеяларын құнсыздандырды. Олардың басын біріктіріп, рухтандыратын ұлттық бірігу және қайта өркендеу идеялары болды. Ол 1914-1918 жылдары бірінші дүниежүзілік соғыста жеңіліске ұшыраған Германия үшін өте қажет еді. Сондықтан фашистік идеология олардың ойынан шықты.

Бұл идеологияның басты ерекшеліктері- еңбекшілерді басып- жаншу үшін зорлықтың шектен шыққан түрлерін қолдану, шовинизм, нәсілшіл-дік, экономиканы мемлекеттік – монополиялық реттеу тәсілдерін кеңінен пайдалану, азаматтардың қоғамдық және жеке өмірін толық бақылау, т.т. Соғысқа дайындалу, көсемшілдік идеялары кең тарайды. Фашистік идеологияның негізгі қағидалары А. Гитлердің «Менің күресім» (1925) деген кітабында аяндалады. Онда соғыс таратушылық процесс ретінде сипатталады, неміс ұлтының тазалығы, оның басқа халықтан «артық-шылығы» дәріптеледі.

Қазіргі кезде фашистік идеологияны көпшілік жаратпайды. Дегенмен, бірқатар елдерде жаңарған фашистік топтар пайда болуда. Олар террорлық әрекеттер арқылы қоғамдық жағдайды, шиеленістерді, саяси дағдарыстар-ды тудыруға ықпал етеді.

Сонымен біз қазіргі идеологияның негізгі түрлерін қарастырдық. Енді олардың біздің елдегі жағдайға ықпалына тоқталайық. Біздің республиканың өміріне елеулі ықпал етуші- жаңарған либерализм. Оған айғақ- экономикада жеке меншіктің дамытылуы, жекешелендірудің жүргі-зілу бағыты, еркін нарық пен бәсекені мойындау, әлеуметтік теңдік прин-циптерін жоққа шығару, дарашылдыққа (индивидуализмге) бетбұрыс және т.т. Дегенмен, мұның бәрін абайлап, жақсы ойластырып енгізбесе болмайды. Себебі, біздің өз дәстүріміз, экономикалық, әлеуметтік және мәдени жағдайларымыз бар. Оның ішінде ең бастысы- қазақ халқында либералдық идеяның тірегі болып табылатын дарашылдық болмаған. Біздің халық ықылым заманнан бірлесіп, ұжымдасып тіршілік еткен. Соны ескерген жөн сияқты.

Десе де либералдық құндылықтарды басшылыққа алған реформаның бастапқы кезеңі біз үшін онша сәтті болмады. Мүліктік теңсіздік өрістеп, көпшілік жұрттың өмір деңгейі төмендеп, күйзеліске ұшырауда. Сондықтан халықтың жалпы алғанда, либералдық құндылықтарға ұмтылысы бәсеңдеп, жаңа жағдайда өмір сүруге көндікпей жатыр. Нарықтың жабайы түрінен ығыр болған біраз жұрт баяғы әлеуметтік қорғалуды, теңгермеші-лікті дұрыс көргендей. Коммунистік, ұлтшылдық және т.с.с. идеология-лардың әсері өсіңкіреуде. Әрине, баяғы кеңестік жолға қайта оралу жақсылық әкелмейтіні белгілі. Ал нарықтық экономиканың біздің жағ-дайымызға лайықты, тиімді жолын ғылыми тұрғыдан тексеріп, тауып, байсалды жүргізген абзал.

Кейбіреулер кеңес өкіметі күйрегеннен кейін коммунистік идеоло-гияға тойдық қой, енді идеологиясыздану керек дегенді айтады. Ол дұрыс-тыққа жатпайды. Себебі, идеологиялық құндылықтарды басшылыққа алма-ған, оған сүйенбеген тарихта ешбір саяси жүйе болмаған. Сондықтан да болар, белгілі Америка саясаттанушысы Д. Истон «идеологияның ақыры» деген тезисті іс жүзінде консервативтік- демократиялық идеологияның бүтіндей билеуін бүркелемейтін аңыз деп санады. Ал немістің осы мәселе-лер жөніндегі ірі маманы К. Мангейм құлатылған идеологияның орнына лайықты алмастыру болмаса, ол жерде сөз жоқ утопия пайда болады деген.

Өтпелі қоғамды басынан кешіріп отырған біздің еліміз үшін саяси процесті ғылыми тұрғыдан дұрыс түсініп, ұғынудың қажеттілігі зор. Біздің мемлекеттік идеологиямыз болып жатқан оқиғаларға шынайы баға беріп, қазіргі тығырыққа тірелген экономиканы дағдарыстан шығарудың неғұрлым ұтымды жолдарын белгілеп, таяудағы және неғұрлым ұтымды жолдарын белгілеп, таяудағы және неғұрлым алдағы болатын болашаққа болжам жасап, бағыт беру, халқымыздың әдет- ғұрып, салт- сана әлеуетін (потенциалын) көтеріп, оның рухани мәдениетін сақтау және дамыту сияқты өзекті, өмірлік маңызы бар мәселелерді жиі көтеріп, түсіндіруін халық асыға күтуде. Біздің идеологиямыз адамгершілік, мейрімділік, адалдық, парасаттылық, шыншылдық, еңбекқорлық , кәсіпкерлік, табанды-лық, ержүректілік, сияқты асыл қасиеттерді адамдардың санасына сіңіріп, дарытуға қызмет етуге тиіс.

Сайып келгенде, еліміздің халқын, әсіресе жаңа ұрпақты патрио-тизмге, азаматтыққа тәрбиелемей, қоғамның бұдан әрі дамуының маңызды факторларының бірі- оны топтастыруға қол жеткізу мүмкін емес.



4.Бақылау сұрақтары:

1. Саяси сана дегеніміз не?

2. Саяси сананың негізгі мәселесі?

3.Саяси сана қандай деңгейлерден тұрады?

4.Саяси идеологияның тұңғыш түрлерінің бірі?

5. Либералдық идеологияның негізгі принципі?

6. Консервативтік идеология?

7. Коммунистік идеялар?

8. Социал- демократия идеологиясы?

9. Фашизм идеологиясы?


5.Студенттің үй тапсырмасы:

Конспект


6.Студенттің аудиторияда орындайтын тапсырмасы:

Сұрақтарға жауап беру

Тест

Глоссарий



7.СӨЖ тапсырмасы: Әлемдік саяси процестер.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   30




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет