Хайдаров есқайрат ерболатұлы XX ғасырдың басындағы қазақ ұлттық-демократиялық жастар қозғалысы: тарих және тағылым



бет1/4
Дата25.02.2016
өлшемі433.5 Kb.
#19983
түріДиссертация
  1   2   3   4


ӘОЖ 94 (574):323.1: 329.78 «19» Қолжазба құқығында


ХАЙДАРОВ ЕСҚАЙРАТ ЕРБОЛАТҰЛЫ

XX ғасырдың басындағы қазақ ұлттық-демократиялық жастар қозғалысы:тарих және тағылым (1900-1920 жж.)

07.00.02 – Отан тарихы

(Қазақстан Республикасының тарихы)

Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін

алу үшін дайындалған диссертацияның

АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы

Орал, 2008

Жұмыс М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің

Қазақстан Республикасы тарихы кафедрасында орындалды

Ғылыми жетекші: тарих ғылымдарының докторы,

профессор Бірімжаров Б.Қ.

Ресми оппоненттер: тарих ғылымдарының докторы,

профессор Ауанасова А.М.
тарих ғылымдарының кандидаты,

доцент Исмағұлов Ұ.Ш.

Жетекші ұйым: С.Торайғыров атындағы Павлодар

мемлекеттік университеті

Тарих, археология және этнология

кафедрасы

Диссертация 2008 жылы «29 » желтоқсан күні сағат 10.00-де М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті (090000, Орал қаласы, Достық даңғылы, 162) жанындағы БД 14.61.26 Біріккен Диссертациялық Кеңестің мәжілісінде қорғалады.

Диссертациямен М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғылыми кітапханасынан танысуға болады.

Автореферат 2008 жылы «29» қарашада таратылды.

Дисссертациялық Кеңестің

ғылыми хатшысы,

тарих ғылымдарының докторы Шинтимирова Б.Г.






КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі. Қазіргі қазақ қоғамындағы демократиялық жаңғырулар барысында жаңаша ой-пікірлер мен көзқарастарды қалыптастыру мақсатында өткен кезеңдегі қазақ халқының азаттық жолындағы күресі мен оның рухани түлеуін зерттеуде отандық тарих ғылымының алдында күрделі міндеттердің орын алып отырғандығы белгілі жайт. Осы орайда республиканың тәуелсіздік тізгінін өз қолына алып, егемен ел болған жағдайында оның өткен дәуірдегі тарихын сол кезеңнің шындығына сай, идеология мен саяси қалыптардан ада, тарих ғылымында бұрын сыңаржақ баға беріліп келген мәселелерді мейлінше ашып көрсете отырып, ақиқат, шындық, ғылыми және қоғамдық-саяси тұрғыдан саралаудың маңызы зор. Демек отандық тарих ғылымының алдында әлі де толық зерттелмеген, күрмеуі шешілмеген өзекті мәселелер аз емес. Олардың санатына кезінде жалпы халықтық Алаш қозғалысының құрамдас бөлігі болып саналған қазақ ұлттық-демократиялық жастар қозғалысының тарихы мен тағылымдарын ғылыми негізде саралауды, зерделеуді, жаңаша ой елегінен өткізуді жатқызуға болады. Міне, бұл жағдай біздің зерттеу жұмысымыздың өзектілігі мен таңдалған тақырыбымыздың шынайылығын айқындай түсуге мүмкіндік береді.

Шын мәнісінде ХХ ғасырдың басы қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы күресінің шарықтау кезеңі болып табылады. Қазақ өлкесінің XIX ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың басында Ресей империясының саяси және экономикалық жағынан толық дәрежелі отар еліне айналуына, саяси-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени тұрғыда отаршылдық езгінің күшеюіне қарсы бағытталған наразылықтардың, 1905-1907 жылдардағы орыс буржуазиялық-демократиялық революциясы барысында дүниеге келген қазақ даласындағы ұлттық-демократиялық жаңғырулардың 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісімен, 1917 жылғы қос революция және азамат соғысы жылдарындағы қазақ халқының азаттық жолындағы күрестерімен ұласып, тереңдей түскені мәлім. Бұл тұрғыда зерттеу жұмысының нысанына айналып отырған ХХ ғасырдың басындағы қазақ ұлттық-демократиялық жастар қозғалысы мәселесін қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы тарихының құрамдас бір бөлігі ретінде арнайы қарастырып зерттеуге негіз бар деп санауға болады. Яғни, ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы тарихын қазақ жастарының мәдени-ағартушылық, қоғамдық-саяси салаларда жүргізген қызметтерінсіз, Ақпан революциясынан кейінгі елдегі демократиялық үрдістердің жандануына байланысты жаппай құрылған жастар ұйымдарының жұмыстарынсыз толыққанды зерттеу мүмкін емес. Демек, бұл кезеңдегі қазақ жастарының туған халқының өркениетті халықтармен тең дәрежеде болуы мақсатында жүргізген мәдени-ағартушылық жұмыстары, қазақ мемлекеттілігін қалыптастыру жолындағы қызметтері, осы бағытта жастар ұйымдарының бірігіп атқарған сан-саналы ұйымдастырушылық іс-әрекеттері, саяси күрес жүргізуде қолданған әдіс-тәсілдері, ұстанған бағыт-бағдарлары т.б. мәселелердің жиынтығы дербес зерттеу жұмысының өзегі бола алады.

Сонымен қатар ХХ ғасырдың басындағы қазақ ұлттық-демократиялық жастар қозғалысының Кеңестік дәуірдегі демократияшыл бағыттағы жастар ұйымдарының қызметтерімен және қазіргі тәуелсіз Қазақстан жағдайындағы демократиялық үрдістердің жандануымен, жастар қозғалыстарымен өзара үндестіктерін, тарихи сабақтастықтарын зерделеу, олардың тағылымдарын күні бүгінгі жастар ісі тәрбиесінде тиімді пайдалану, басшылыққа алу осы зерттеу тақырыбының өзектілігі мен мақсат-міндеттерін тереңдей ашуға негізделген маңызды, еш күмән туғызбайтын мәселелердің бірі іспеттес.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. ХХ ғасырдың басындағы қазақ ұлттық-демократиялық жастар қозғалысының қалыптасуының тарихи алғышарттарын айқындау барысында XIX ғасырдың аяғы XX ғасырдың басындағы Қазақстандағы қоғамдық ой-пікірлердің қалыптасу ерекшеліктеріне, даму бағыттарына, қазақ жастарының қоғамдық-саяси көзқарастарына арналған К.Бисембиевтің [1], Д.Қабдиевтың [2], А.Атишевтың [3], М.Бурабаев пен О.Сегізбаевтардың [4] еңбектерін тікелей пайдаланып, ғылыми басшылыққа алу орынды болып саналады.

ХХ ғасырдың басындағы қазақ ұлттық-демократиялық жастар қозғалысының пайда болуының алғышарттарына Ресейдегі 1905-1907 жылдардағы бірінші буржуазиялық революция барысында қазақ жерінде дүниеге келген демократиялық жаңғырулардың тигізген ықпалы зор. Бұл тарихи үрдіске арналып жазылған тарихшы-ғалымдар М.Х.Асылбековтың [5], П.М.Пахмурный мен В.К.Григорьевтің [6], Б.С.Сүлейменовтың [7], А.Б.Турсунбаевтардың [8] еңбектеріндегі келтірілген деректер ХХ ғасырдың басындағы қазақ жастарының әлеуметтік белсендіктерін, қоғамдық-саяси көзқарастарын жан-жақты айқындауға мүмкіндік береді.

Қазақ жастарының 1916 жылғы қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісі кезеңінде әлеуметтік-саяси күшке айналуы және қатынасуы жөнінде С.Асфендияровтың [9], Т.Рысқұловтың [10], Б.С.Сүлейменов пен В.Я.Басиннің [11], Х.Турсуновтың [12], М.Қозыбаевтардың [13] еңбектеріндегі мәліметтерге арқа сүйеп, нақты тарихи талдау жасауға болады. Бұл тарихи оқиғаға қатынасқан қазақ жастарының тағдырлары туралы құнды деректерді жинақтауда 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 90 жылдығына орай оздырылған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияның материалдары маңызды болып есептеледі [14].

Зерттеу жұмысының барысында XX ғасырдың басындағы қазақ елінде қалыптасқан қоғамдық-саяси жағдайдың, соның ішінде Алаш қозғалысының қазақ ұлттық-демократиялық жастар қозғалысының жандануына ықпал еткендігі белгілі болды. Осы орайда А.Байтұрсынов өзінің «Революция и киргизы» атты мақаласында 1917 жылғы Ақпан және Қазан революцияларына тарихи баға бере отырып, қазақ халқының бұл өзгерістерге қатысты көзқарастарына, қазақ зиялыларының және жастарының азаматтық ұстанымдарына, азамат соғысы кезіндегі Алашорданың автономияны баянды ету мақсатында жүргізген саясатына жан-жақты талдау жасаған [15].

Сол сияқты Т.Рысқұловтың еңбегіндегі 1917 жылғы елдегі демократиялық жаңғыруларға байланысты құрылған «Қырғыз жастарының революциялық одағы» ұйымының әлеуметтік құрамы, бағдарламасы, революцияшыл жастардың қоғамдық-саяси қызметтері жөніндегі мәліметтер [10], тарихшы-ғалым С.Асфендияровтың еңбегіндегі ХХ ғасырдың басындағы Ресейдегі социалистік революцияның қазақ өңіріне, оның зиялы қауым өкілдеріне, сонымен қатар қазақ жастарының көзқарастарына тигізген ықпалы туралы фактілік материалдар, әрі сол кезеңдегі пайымдаулар біздің зерттеу жұмысымыздың тарихнамалық, әрі деректік көздеріне толық негіз бола алады [16].

XX ғасырдың басындағы қазақ халқының ұлт-азаттық жолындағы күресіне қатысты еңбектерді талдай отырып, қазақ ұлттық-демократиялық жастар қозғалысының тарихын зерттеу және қазақ қоғамындағы жастардың рөлін көрсету мақсатында сол кезеңдегі оқиғалардың куәгерлері болған қазақ жастарының еңбектеріне сүйенген орынды. Қазақ халқының өткен тарихына шолу жасаған Қ.Кемеңгерұлының «Қазақ тарихынан» атты еңбегінде 1905 жылдан кейін қазақ өлкесінде ұлттық сананың оянуы, оқыған азаматтардың ұлт мүддесі үшін топтасуын мәселесі қарастырылып, отарлық саясаттың ықпалымен 1914 жылы Омбыда қазақ жастарының жасырын «Бірлік» ұйымын құрғандығы жөнінде деректер келтірілген [17].

Өзінің ағартушылық, қоғамдық-саяси қызметін Омбыдағы «Бірлік» ұйымынан бастаған С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» атты тарихи-мемуарлық еңбегінде 1917 жылғы қос революция және азаматтық қарсыласу кезеңіндегі қазақ зиялыларының, жастардың қоғамдық-саяси қызметтері айқындалып, елдегі саяси ахуалды сипаттап көрсетуде нақты деректер келтірілген[18].

Жастар қозғалысының жетекшілерінің бірі ретінде танылған С.Сәдуақасовтың 1921 жылы жарық көрген «Жастарға – жаңа жол» деген еңбегінде 1917 жылғы қос революция және азаматтық қарсыласу кезеңіндегі қазақ ұлттық-демократиялық жастар ұйымдарының бағыт-бағдарлары, атқарған қызметтері және алашшыл жастардың ұлтшылдық жолына түсуі табиғи заңдылық ретінде жан-жақты талданып көрсетілген [19].

1950-1960 жылдары жарық көрген Т.Елеуовтың [20], Ж.Карагусовтың [21], К.Нұрпейісовтың [22], С.Кенжебаевтың [23], А.Елагиннің [24] зерттеу еңбектері мен Қазан революциясы және азамат соғысы жылдарындағы Кеңестер билігін орнату жолындағы күрес тарихына арналған бірқатар құжаттар жинақтарында [25] XX ғасырдың басындағы қазақ ұлттық-демократиялық жастар қозғалысының дамуына ықпал еткен қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайлар сипатталып, 1917 жылғы қос революция және азаматтық қарсыласу кезеңіндегі елдегі саяси күштердің арасындағы күрес барысындағы қазақ зиялыларының, революцияшыл жастардың қоғамдық-саяси қызметтері, ұстанған бағыт-бағдарлары айқындалып көрсетілген.

1970-1980 жылдардың тарихнамасындағы С.Зимановтың [26], К.Нұрпейісовтың [27], Ф.Маликовтың [28], М.Асылбековтің [29], Ш.Тастановтың [30], З.Алдамжаровтың [31], П.Пахмурныйдың [32], В.Григорьевтің [33], Г.Дахшлейгердің [34] Д.Дулатованың [35] еңбектері XX ғасырдың басындағы Қазақстандағы қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайды зерделеп, қазақ зиялыларының, жастарының қоғамдық-саяси, әлеуметтік, құқықтық және ағартушылық көзқарастарын айқындауда құнды дерек көзі болып табылды.

1980 жылдардың аяғында елдегі демократиялық жаңғыруларға орай XX ғасырдың басындағы Алаш қозғалысы тарихына қатысты пікір-таластар өткізіліп, онда ғалымдар Т.Кәкішевтің [36], В.Григорьев пен К.Нұрпейісовтің [37], А.Сармурзин [38] мен М.Қозыбаевтардың [39] Алаш партиясының ұстанған бағдарына, Алашорда үкіметінің саяси құрылымына, ұлт зиялыларының қазақ халқының азаттығы үшін жүргізген күресіне, жастар қозғалысына қатысты айтылған ой-тұжырымдары ғылыми айналымға еніп, кейін жеке-дара ғылыми ізденістер ретінде жарық көрді.

Осы тұрғыда 1990 жылдардың ортасында XX ғасырдың басындағы қазақ қоғамындағы демократиялық жаңғырулар барысында қазақ зиялыларының, жастарының мәдени-ағартушылық, қоғамдық-саяси салаларда атқарған қызметтеріне, Алаш партиясының бағыт-бағдарына және Алашорда үкіметінің құрылымына қатысты К.Нұрпейісовтың [40], М.Қойгелдиевтің [41], Д.Аманжоловалардың [42] еңбектерін осы зерттеу жұмысын жазу барысында теориялық, әрі әдіснамалық негіз ретінде санауға болады.

Сонымен бірге Тәуелсіз Қазақстан жағдайында жарық көрген Ғ.Ахмедовтың [43], Х.Әбжанов, Ә.Әлпейісов, Г.Назарбаевалардың [44], М.Қойгелдиев пен Т.Омарбековтің [45], Д.Қамзабекұлының [46], С.Өзбекұлының [47], ғылыми еңбектеріндегі XX ғасырдың басындағы қазақ зиялы қауым өкілдерінің қалыптасуы мен дамуы жолдарына, әсіресе, Алашшыл қазақ жастар қозғалысының тарихына байланысты келтірілген мәліметтер құнды болып саналып, диссертацияның тарихнамалық, әрі деректік көздерін ашуда толық ғылыми айналымға енгізілді.

1917 жылғы қос революция және азамат соғысы жылдарына қатысты жазылған тарихшылардың, өлкетанушы-ғалымдардың ғылыми еңбектерінің алатын орны ерекше. Бұл тұрғыда тарихшы-ғалымдар Т.З.Рысбековтың [48], Б.Қ.Бірімжаровтың [49], И.Кенжалиевтың [50] ғылыми ізденіс жұмыстарындағы Батыс Қазақстан өңіріндегі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс тарихына, Батыс Алашорда үкіметінің құрылуына, қазақ зиялыларының және жастарының қоғамдық-саяси қызметтеріне қатысты зерттеулерінің, ой-тұжырымдарының, қорытындыларының осы диссертациялық жұмыстың тарихнамалық, әрі дерекнамалық көздеріне негіз боларлығы сөзсіз.

Тәуелсіз Қазақстан жағдайында тарих ғылымындағы оң өзгерістерге сәйкес XX ғасырдың басындағы Қазақстандағы қоғамдық-саяси жағдайға, Алаш қозғалысының даму ерекшеліктеріне, қазақ зиялылары мен жастарының азаттық жолындағы саяси күресіне арналған А.М.Ауанасованың, Ұ.Ш.Исмағұловтың, С.Ә.Смағұлованың, Н.У.Шаяхметовтың, Е.Е.Сайлаубайдың, Д.Д.Сүлейменованың, С.О.Қуаныштың ғылыми диссертациялары жарық көрді [51]. Сондай-ақ XX ғасырдың басындағы қазақ халқының азаттық жолындағы күресінде белсенді рөл атқарған жеке тарихи тұлғалар жөнінде жазылған ғылыми диссертацияларды сараптау, олардың негізгі қағидаларын басшылыққа алу бұл ғылыми ізденіс жұмысының басты мақсат-міндеттерінің бірі болып саналады. Олардың қатарына Р.С.Елмурзаеваның, О.М.Қоңыратбаевтың, Т.С.Қаленованың, Ж.М.Уәлиханованың, Г.А.Кәрібжановтың, Р.С.Мажитовтың, Б.Ж.Қабдошевтің, Ү.Х.Идресованың ғылыми диссертацияларын жатқызуға болады [52].

Міне, XX ғасырдың басындағы қазақ ұлттық-демократиялық жастар қозғалысы мәселесінің бүгінгі таңға дейін арнайы, жеке дара зерттелмей келуі қарастырылып отырған тақырыптың мейлінше өзектілігін айқындай түседі. Бұл мәселені толыққанды зерттеуде тың дерек көздері мен мұрағат қорлары құжаттарының алатын орны ерекше. Осындай жағдайда XX ғасырдың басында Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде дүниеге келген қазақ ұлттық-демократиялық жастар қозғалысының тарихы мен тағылымдарын ғылыми тұрғыда жан-жақты зерттеудің қажеттілігінің еш күмән туғызбайтындығы даусыз.



Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Зерттеу жұмысының мақсаты ХХ ғасырдың басындағы қазақ ұлттық-демократиялық жастар қозғалысы тарихына ғылыми тұрғыдан баға беріп, қазақ жастарының қоғамдық-саяси, әлеуметтік, құқықтық көзқарастарының пайда болу, қалыптасу және даму кезеңдеріне талдау жасау, алғашқы қазақ жастар ұйымдарының құрылу тарихын айқындау, 1917-1920 жылдардағы қазақ жастар ұйымдарының қоғамдық-саяси, мәдени-ағартушылық қызметтерін, ұстанған бағыт-бағдарларын, бағдарламаларын саралау, сонымен бірге олардың Кеңес өкіметі жылдарындағы жастар қозғалысымен өзара тарихи сабақтастықтары мен үндестіктерін кешенді түрде зерттеу болып табылады. Бұл мәселелерді шешу барысында ғылыми зерттеу жұмысының алдына төмендегідей міндеттер қойылды:

  • XIX ғасырдың аяғы XX ғасырдың басындағы қазақ өлкесінде отарлық жүйенің негізінде қалыптасқан қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық ахуалдың қазақ жастарының ағартушылық, қоғамдық-саяси, әлеуметтік, құқықтық ой-пікірлерінің қалыптасуына тигізген ықпалын жаңаша көзқарас тұрғысынан айқындау;

  • 1905-1907 жылдардағы Ресейдегі буржуазиялық-демократиялық революция барысында қазақ өлкесінде дүниеге келген демократиялық жаңғырулардың қазақ жастарының ұлттық сана-сезімінің оянуына, ұлт зиялылары мен қазақ жастарының бірлесіп атқарған қоғамдық-саяси, мәдени-ағартушылық қызметтеріне тигізген әсерлерін ғылыми негізде тұжырымдау;

  • Омбыда құрылған алғашқы қазақ жастарының «Бірлік» ұйымының, одан кейінгі Түркістан өңірінде жасырын жұмыс жасаған «Кеңес» ұйымының жас мүшелерінің қоғамдық-саяси, мәдени-ағартушылық қызметтерін саралау;

  • Қазақ зиялы қауым өкілдерінің 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезіндегі ұстанған саясаттарын, ұлт зиялыларының тікелей басшылығымен білімді қазақ жастарының тылдағы және майдандағы қара жұмысқа алынған қазақ жігіттерінің арасында жүргізген ұйымдастырушылық, тәрбиелік жұмыстарының негізгі бағыттарын нақтылау;

  • 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейінгі демократиялық үрдістердің одан әрі өрістеуін жаппай құрылған қазақ ұлттық-демократиялық жастар ұйымдарының мәдени-ағартушылық, қоғамдық-саяси қызметтерінің нәтижесі ретінде тану;

  • 1917 жылғы Қазан революциясы және азамат соғысы жылдарындағы қазақ жастар ұйымдарының қоғамдық-саяси қызметтеріне, бағыт-бағдарларына, бағдарламаларына талдау жасап, қазақ жастар қозғалысы ішіндегі жікшілдікті айқындау және бірыңғай Кеңестік биліктің орнығуына сәйкес олардың өз қызметтерін тоқтатуларына байланысты іс-тәжірибелеріне жаңаша баға беру арқылы зерделеу;

  • Кеңестік әкімшіл-әміршіл билік тұсындағы тоталитарлық жүйеге қарсы қазақ жастарының бой көтерулеріне талдау жасап, қазақ жерінің азаттығы, елінің егемендігі турасындағы жастардың идеяларының өз күшін жоймай Тәуелсіз Қазақстанның мақсат-мұраттарымен астасып жатқандығын тарихи сабақтастық, ұрпақтар жалғастығы ретінде бағалау.

Зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері. ХХ ғасырдың басындағы қазақ ұлттық-демократиялық жастар қозғалысының маңызды кезеңі ретінде 1900-1920 жылдар аралығы алынды.

Зерттеу жұмысының методологиялық негізі объективтік, тарихилық, жүйелік, салыстырмалық және талдау мен жинақтау, даму сияқты ғылыми таным принциптеріне сүйеніп құрылған. ХХ ғасырдың басындағы қазақ ұлттық-демократиялық жастар қозғалысы мәселесін жан-жақты ашу үшін XX ғасырдың басындағы қазақ халқының ұлт-азаттық жолындағы қозғалысына арналған еңбектердегі соңғы кезеңде қалыптасқан ғылыми әдіс-тәсілдер, қағидалар, ой-тұжырымдары назарға алынды.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. ХХ ғасырдың басындағы қазақ ұлттық-демократиялық жастар қозғалысының тарихы алғаш рет кешенді түрде, ғылыми тұрғыдан зерттелініп отыр. ХХ ғасырдың басындағы қазақ жастарының қоғамдық-саяси, әлеуметтік, құқықтық, ағартушылық көзқарастарына талдау жасалып, 1917 жылғы қос революция және азаматтық қарсыласу жылдарындағы қазақ жастар ұйымдарының бағыт-бағдарлары, әлеуметтік құрамы, жетекшілері айқындалып, мәдени-ағартушылық және қоғамдық-саяси қызметтері сараланып, жастардың қазақ халқының азаттығы, ата-баба жерінің тәуелсіздігі, елінің егемендігі жолындағы күресіне ғылыми баға беріледі. Зерттеу жұмысының барысында мұрағат қорларындағы құжаттар мен ХХ ғасырдың басындағы мерзімдік баспасөз материалдары сыни көзқарас тұрғысынан бір жүйеге келтіріліп, ғылыми айналымға жаңадан енгізіліп отыр.

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:

1. Патшалық Ресейдің отарлық саясатының нәтижесінде XIX ғасырдың аяғы XX ғасырдың басында қазақ өлкесінде қалыптасқан қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық ахуалдың қазақ жастарының қоғамдық-саяси көзқарастарының қалыптасуына ықпал еткендігі айқын.

2. 1905-1907 жылдардағы бірінші орыс буржуазиялық революциясының барысында қазақ өлкесінде пайда болған демократиялық үрдістердің ықпалымен қазақ жастарының қоғамдық-саяси белсенділігі артып, олар қазақ халқының арасында мәдени-ағартушылық жұмыстарын жүргізуге тырысқан.

3. 1914 жылы Омбыда құрылған «Бірлік», 1915 жылы Түркістан өңірінде астыртын жұмыс жасаған «Кеңес» сияқты ұйымдардың қызметтеріне, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі тұсындағы қазақ зиялыларының ұйымдастырушылық жұмыстарына жастардың белсене араласулары олардың қоғамдық-саяси көзқарастарының, азаматтық ұстанымдарының дамуында үлкен орын алады.

4. 1917 жылғы Ақпан революциясының жеңісінің нәтижесінде қазақ ұлттық-демократиялық жастар қозғалысы жаңа даму сатысына көтерілді. Бұл кезеңде қазақ жастарының ұлт мүддесі үшін идеялық бірігуінің, қоғамдық-саяси істерге белсене араласуының жоғарғы деңгейге жеткендігін байқаймыз.

5. 1917 жылғы қос революция және азаматтық қарсыласу кезеңінде қазақ жастарының қоғамдық-саяси көзқарастарының әралуандығынан, олардың арасындағы жікшілдіктің салдарынан Алаштық идеяларды қолдаған ұлттық-демократиялық жастар ұйымдары және большевиктік бағытты жақтаған революцияшыл, социал-демократиялық жастар ұйымдары өз қызметтерін жүргізген.

6. Қазақстанның барлық аймақтарында бірыңғай Кеңестік биліктің орнауына және комсомол ұйымдарының құрылуына байланысты қазақ ұлттық-демократиялық жастар қозғалысы дағдарысқа ұшырап, жастар ұйымдары өз қызметтерін тоқтатуға мәжбүр болған.

7. ХХ ғасырдың басындағы қазақ жастарының халқының теңдігі, жерінің тәуелсіздігі, елінің азаттығы турасындағы идеялары Кеңестік өкімет кезеңінде де өз күшін жоймай, Қазақстанның Тәуелсіздігінің рухани бастауына айналғандығы ақиқат.



Зерттеу жұмысының деректік негізі. Диссертациялық жұмыстың дерек көзі ретінде Алматы, Орынбор, Омбы, Астрахань, Орал қалаларындағы мұрағат қорларында жинақталған құжаттар, кітапханалардың сирек кездесетін кітаптар қорларындағы ХХ ғасырдың басындағы мерзімдік баспасөз материалдары, құжаттар жинақтары, замана куәгерлерінің естеліктері алынды.

ХХ ғасырдың басындағы қазақ ұлттық-демократиялық жастар қозғалысының тарихын зерттеуде Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік мұрағатының (ҚРОММ) 64-қорында (Далалық генерал-губернатордың 1909-1914 жылдардағы саяси шолуы ), 78-қорында (Ішкі Қырғыз (Қазақ) Ордасын басқару жөніндегі Уақытша Кеңес), 427- қорында (ҚазКСР-нің Орталық Мемлекеттік тарих мұрағатының материалдарынан көшірілген құжаттар), 544-қорында (Қазан революциясы қарсаңындағы Қазақстан тарихы. Құжаттар мен материалдар жинағы (1917), 1453-қорында (Бөкей облыстық жұмысшылар, солдаттар мен шаруалар депутаттары Кеңесінің Атқару Комитеті); Қазақстан Республикасы Президенті мұрағатының (ҚРПМ) 141-қорында (Қазақ өлкелік РКП (б) комитеті), 719-қорында (Бүкілодақтық коммунистік партияның қазақ өлкелік бақылау комиссиясы), 811-қорында (Қазақстан коммунистік партиясы Орталық Комитетінің саяси зерттеулер институты); Ресей Федерациясының Орынбор облысының мемлекеттік мұрағатының (РФОрОММ) 10-қорында (Орынбор губернаторының канцеляриясы), РФ Орынбор облысының қазіргі заман тарихын құжаттау орталығының (РФОрОҚТҚО) 6002-қорында (Орынбор өңірінде комсомол ұйымдарының құрылуы жөнінде алғашқы комсомол жастардың естеліктері); РФ Омбы облысының мемлекеттік мұрағатының (РФОмОММ) 115-қорында (Омбы оқытушылар семинариясы), 151-қорында (Центросибирь Батыс Сібір кооперативтер бірлестігі), 197-қорында, 270-қорында (Омбы жандарм басқармасы), 643-қорында (Көлбай Төгісовтың қылмыстық ісі); РФ Астрахань облысының мемлекеттік мұрағатының (РФАОММ) 286-қорында (Астрахань губерниялық жандарм басқармасы), 1094-қорында, РФ Астрахань облысының қазіргі заман құжаттары мемлекеттік мұрағатының (РФАОҚҚММ) 1-қорында (Бөкейлік қазақ жастарының «Жігер» ұйымының жиналысының хаттамасы), 296-қорында (Астрахань өңірінде комсомол ұйымдарының құрылуы жөнінде); Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік мұрағатының (БҚОММ) 17-қорында, 20-қорында (Коммунистік партияның облыстық Атқару Комитетінің құжаттары) жинақталған материалдар пайдаланылды.



Зерттеу жұмысының тәжірибелік маңызы және сыннан өтуі. ХХ ғасырдың басындағы қазақ жастарының қоғамдық-саяси, мәдени-ағартушылық бағытында жүргізген қызметтеріне, идеялық ой-пікірлеріне жасалған негізгі тұжырымдарды, толықтыруларды, ой-қорытындылары мен ізденіс нәтижелерін ұлт-азаттық қозғалыс мәселесіне, қазақ зиялыларының және жастарының қоғамдық-саяси қызметтеріне арналған монографиялар мен оқулықтарда, жоғарғы оқу орындарында дәрістер, семинарлар мен арнаулы курстар үшін пайдалануға болады.

Диссертация М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Қазақстан тарихы кафедрасында талқыланып, қорғауға ұсынылды. Диссертацияның негізгі мазмұны мен тұжырымдары М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің, Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясының профессорлары мен оқытушыларының дәстүрлі ғылыми-тәжірибелік конференцияларында баяндалды. Сонымен бірге Қазақстан Республикасы Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитеті тізіміндегі журналдарда 4 ғылыми мақала жарық көрді.



Диссертацияның құрылымы. Диссертация кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған деректер тізімінен тұрады.

Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет