Халық бақытының күрескері



Дата25.02.2016
өлшемі81.23 Kb.
#20029
Халық бақытының күрескері

Көрнекті мемлекет және коғам кайраткері Н. Нұрмақовтың туғанына - 110 жыл


Қазақ өнерінің көгінде мәңгілік жұлдыздай жарқырап, ел рухын өлмес мұраларымен асқақтатып тұрған күй күмбезі Тәттімбет, асау арынды әнші-сазгер Мәди, күміс көмей әншілер Ғаббас Айтбаев пен Жүсіпбек Елебеков дүниеге келген Балқантау өңірінде дүние есігін ашқан тағы бір танымал тұлға - Нығмет Нұрмақовтың туғанына сәуір айының 25 жұлдызында 110 жыл толады. Сіңірі шыққан кедей Нұрмақ Қу болысының белгілі шонжары Ақайдың Хасенінің жалшысы болған. Алайда көкірек көзі ашық, өз заманының озық ойлы байы Хасен Қарадыр деген жерде алғашқы бастауыш мектеп ашқан, оған сол шақтың зиялы қауымын тартқан. 1906 жылы ашылған осы мектепке Нұрмақ өз үйін босатып беріп, оқу орнын ұстау, түнде күзету тәрізді қара шаруаларын мойнына алады. Зерек те талапты ұлдары Нығметті осы мектепте оқытады. Әңгімеміздің әлқиссасын Нұрмақ атадан өрбіген ұрпақтар жөнінде бастағанымыз дұрыс. Санасы сырлы, қаратабан шаруаның кіндігінен Мапыш, Нығмет, Құрманғалы, Торғай, Мәжкен, Қайша, Жәмел, Шөкен барлығы 8 бала дүниеге келген.

Ең алдымен айтар болсақ, Нұрмақтың Нығметінен Тамара атты қызы мен Ноян атты ұлы болған. Өкінішке орай 37-жылдың ойранында екі бала да балалар үйіне өткізіледі. Тамара сонда жүріп қаршадай шағында дүниеден өтеді. Ноян болса жоғары білімді су маманы болады. Ол да 61 жасында Мәскеуде анасы Зүфүнінің қолында қайтыс болады. Онан туған қыздар қазір Ресей елінде. Нығметтің жары Зүфүнін жеңгеміз 94 жасында дүниеден өтті. Ол күш-қуаты бойында бар кезінде Қарқаралыға, Қарағандыға келіп тұрған. 1985 жылы Н.Нұрмақовтың 90 жылдығына байланысты Қарқаралыда өткен салтанатқа қатысты. Нығаңның жұбайы Зүфүн мүқым орта жүзге аты мәшһүр дәулетті адам Ақбайдың Ыбырайының қызы. Ыбы-райдың әкесі Берікқара болысындағы көзі қарақты, еті тірі, дәулетті адамның бірі болған Ақбай Жандеркин. Ол 1905 жылы Ресейдің ұлы мәртебелі Императорына Қарқаралы оязына қарайтын 21 болыстың атынан петиция жолдаған адамдардың бірі. Ақбайдан Ыбырай мен Жақып туған. Жақып казақ халқының тәуелсіздігі жолында өмірінің соңғы сәтіне дейін күр,есіп өткен ғұлама ғалым, әйгілі заңгер. Бұл жөнінде 1997 жылы Алматының «Жеті жарғы» баспасынан жарық көрген «Жақып Ақбаев» атты монографиясында маңызды білім беретін «Болашақ» институтының ректоры, заң ғылымдарының докторы Н.Дулатбеков пен Петропавл университетінің доценті, белгілі ғалым-журналист З.Тайшыбай мынандай дерек келтіреді: «Жақып Ақбаевтың 1903 жылы Петербор университетінің заң факультетін бітіріп, бірінші дәрежелі диплом алғаны рас. Оған дәлел - Омбы архивінен тапқанымыз - Жақып Ақбайұлы Ақбаевтың дипломы.

Ескерте кетейік, бірінші дәрежелі диплом дегеніміз - ғылым магистрінің мәртебесі. Бізге мәлім Бақытжан Қаратаев, Райымжан Мәрсеков, Ахмет Бірімжанов екінші дәрежелі диплом алған. Ол - кәдімгі жоғары білім. Бұдан жоғарыда аталған бабаларымыздың абыройы кеміп қалмайды; біздің айтпағымыз - шындық». Бүгінде Нұрмақ балаларынан тараған ұрпақтың көбі Қарағанды, Алматы қалаларында тұрады. Оның ішінде Шөкен 49 жасында дүние салса, жалындап тұрған жас Құрманғалы қазақ кавалериялық полкінде штаб бастығы болып тұрған шағында Алматы қаласында «үштіктің» үкімімен атылып кетеді. Торғайдан туған Ібін Асқаров Мәскеудегі Тимирязев ауыл шаруашылық академиясын бітіріп республиканың бірнеше облыстарында облыстық атқару комитетінің төрағасы, обком хатшысы тәрізді лауазымды қызмет атқарып ел-жұртының құрметіне бөленген адам. Қазір Алматы қаласында тұрады. Нығаңның Мапыш атты қызынан туған Мұқыш республикаға танымал оташы болды, медицина ғылымдарының кандидаты, өкінішке орай өмірден ерте озып кетті. Оның ағасы Мүқаш Сәбитов ұзақ жылдар Егіндібүлақ ауданында партия, кеңес органдарында, халықтық бақылау комитетінде жемісті еңбек етті, қазір зейнеткер, Қарағанды қаласында тұрады.

Құрманғалыдан қалған тұяқ Кәмел Нұрмақов республикаға танымал сәулетші. Үздік сәулет туындылары үшін үш дүркін Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған, Оңтүстік астанада тұрады. Нығаңның Жәмел атты баласы ұзақ, жылдар «Қоянды» кеңшарында механик, машина ауласының меңгерушісі болып тыңмен бірге түлеген кеңшардың экономикалык. өрлеуіне елеулі үлес қосқан адам. Оның баласы Аман Нұрмақов Алматы медициналық институтында дәріс береді, медицина ғылымдарының докторы, профессор. Бірнеше ғылыми монографиялардың авторы, Нығметтің қарындасы Қайшадан Ркен атты ұл, Тамара, Мәрия, Дәмеш атты қыздар дүниеге келген. Олар да жоғары және арнаулы орта білім алып, халық шаруашылығының әр саласында еңбек еткен, бүгінде зейнеткер, үрпақ жайған әулеттердің отаналары.

Енді қаузап отырған тақырыбымызға ойыссақ Нығмет Нұрмақов бүкіл өмірін киелі халықтың бөлінбес бөлшегі, оның арманы мен мүңының, тарлан тарихындағы мың өліп, мың тірілген тар жол, тайғақ кешудегі аласапыран шағын бастан бірге кешірген. Сол жолда өзін құрбандыққа шалған белгілі қоғам қайраткері ретінде есімі ел жадында қалған бірегей тұлғалардың бірі. Ол қамшының сабындай келте ғұмырында социалистік жолды қалаған кеңес жұртының әлеуметтік-экономикалық өрлеу кезеңінде іскер ұйымдастырушылық, кемел білімімен өлшеусіз үлес қосты. Білімнің бастау бұлағынан ауылда сусындап, онан кейін оқуды Қарқаралыдағы екі кластық орыс-қазақ училищесінде жалғастырады. Зерек шәкірт 1911 жылы Омбының мүғалімдер семинариясына барып түседі. Осында білікті де білімді ұстаздардан тиянақты дәріс алған Нығмет қатарластары арасынан оқ бойы озып шығып, елге оралғаннан кейін елдің қоғамдық тіршілігіне бірден араласып кетеді.

Кеңес өкіметін еңбегі еш, тұзы зор қалың бұқараның қамқоршысы, болашақ бақытының жұлдызын жағушы ретінде бағалаған Н.Нұрмақов мұғалім болып жүрген кезінде, яғни 1918 жылы Қарқаралыда құрылған алғашқы халық депутаттары кеңесінің жауапты хатшысы болып тағайындалады. Арада екі жыл өткенде Қазақ АССР-інің құрылуына байланысты Орынборда өткен бірінші құрылтай жиналысына қатысады. Осы келелі жиында делегат болған Нығмет Орталық Атқару комитетінің мүшесі болып сайланады.

Нұрмақовтың ғұмырнамасы мен қоғамдық қызметін біршама зерттеген тарих ғылымдарының докторы, профессор Алтай Сармұрзин 1987 жылы республикалық «Мәдениет және тұрмыс» журналының №7 санында жарық көрген «Нарком Нығмет Нұрмақов» атты мақаласында оның лауазымдық қызмет сатыларын былайша сипаттайды; «1920 жылы 16 наурызда Қарқаралы уездік қалалық, комитеті революцияның сенімді жауынгері Нығметті большевиктер партиясының мүшелігіне қабылдайды. Сол жылы ол Семей губерниялық әскери-революциялық комитетінің жауапты хатшысы қызметіне жоғарылатылады.

1920-1921 жылдары Н.Нұрмақов Қарқаралы уездік және Семей губерниялық атқару комитеттерінде жауапты қызметтер атқарады. 1921 жылдың наурызынан бір жылдан аса уақыт Семей губерниялық «Қазақ тілі» газетінің жауапты редакторы қызметін атқарады. Ол 1923-1924 жылдары республика прокуроры және Юстиция халық комиссары міндеттерін атқарады. Оны 1924 жылдың желтоқсанында Қазақ АССР Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы етіп тағайындайды. Бұл жауапты жұмысты 1929 жылдың орта шеніне дейін атқарған ол елдегі ауыр индустрияны дамытуға, мәдени революцияны жүзеге асыруға өз үлесін қосты. Қорыта айтқанда ол жиырмасыншы жылдары республикада жүзеге асырылған ірі саяси-экономикалық, мәдени өзгерістерге барынша ат салысып мемлекеттік қайраткер дәрежесіне көтерілді».

Қазақ топырағында өркен жайған елеулі өзгерістерге ұйымдастырушылық қабілетін, өз бетімен алған терең білімін іскерлікпен жұмсай білген Нұрмақов 1929 жылы Мәскеудегі жоғары партия мектебіне тыңдаушы болып қабылданады. Білім ордасын ойдағыдай аяқтағаннан кейін ол РСФСР Орталық Атқару Комитеті хатшысының орынбасарлығына тағайындалады. Сәл кейін Одақ басшыларының ұйғарымымен Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті Президиумының Ұлттар бөлімінің меңгерушісі болады. Ол бұл қызметті жазықсыз жазаның құрбаны болып, қылшылдаған қырықтан енді асқан шағында «үштіктің» үкімімен оққа ұшқанға дейін кеңес мемлекетінің арына қылау түсірмей, оның болашағына деген ақ сеніммен атқарып кетті.

Көрнекті мемлекет қайраткерінің Кеңес елінің астанасында атқарған қызметіне тағайындалған бұйрық мәтіні оның жұбайы Зүфүнінің жеке архивінде сақталған. Мәскеу қаласындағы Щепкин көшесі 10 үй, 47 пәтерде түрған З.Нұрмақованың сұратуы бойынша Октябрь революциясы атындағы КСРО мемлекеттік басқару және жоғары мемлекеттік билік органдары Орталық мемлекеттік мұрағатынан алынған Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті Кеңесінің 1931 жылғы 13 наурызындағы бұйрық мәтінінің қазақ тіліне аударылған көшірмесі төмендегідей: «Тыңдалды: 7. БОАК Президиумының бөлім меңгерушілерін бекіту туралы Қаулы етеді: б) БОАК Президиумының ұлттар бөлімінің меңгерушісі болып Н.Нұрмақов бекітілсін». Сондай-ақ 1935 жылдың 10 ақпанындағы БОАК Президиумының хаттамасында Президиум бөлімі меңгерушілерін тағайындау туралы төмендегідей қаулы алынады. Осы қаулы негізінде Н.Нұрмақов Бүкілодақтық Атқару Комитеті Президиумының Ұлттар бөлімі және есеп-ақпараттық бөлімі меңгерушісі болып бектледі. Соңында халық бақыты үшін күрестің тамаша үлгісін қалдырған көрнекті мемлекет қайраткері, алғашқы қазақ баспасөзінің негізін қалаушылардың бірі, шебер аудармашы, әрі жалынды публицист, республикадағы адам құқын қорғау органдарының тұңғыш басшысы болған Нығмет Нұрмақовтың қоғамдық қызметі сан алуан. Оның республика жұртшылығы алдында сіңірген еңбегін зерттеу, халықтың адал ұлының жарқын бейнесін ұрпақтар жадында қайыра жаңғырту өткен ғасырдың елуінші жылдарының ортасында ол бүтіндей ақталғаннан кейін там-тұмдап болса да қолға алына бастады. Есімі ұлтымыз үшін аса қастерлі тұлғалар Ә.Бөкейханов, Т.Рысқұлов, С.Сейфуллин, А.Байтұрсынов және басқалармен қатар аталатын Нұрмақовты көзі көрген, үзеңгілес серік болған інілері кейінге дейін арамызда болды. Олардың біразы исі қазақтың бақыты үшін маңдайы жарқырап туып, соңғы демі таусылғанша халықтың қамын жеп, қамкөңіл күй кешкен асыл азамат, белгілі мемлекет қайраткері жайлы дүркіндік басылымдарда көлемі шағын болса да естеліктер жазып қадырған. Мәселен, Балқантау өңірінің тумасы, екі дүркін республика жер-су халық комиссары болған әрі қаламы қарымды қаламгер, «Мәди» хикаятының авторы Әшімбек Бектасов 1975 жылдың сәуір айындағы «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған «Аяулы азамат еді» атты мақаласында: «Нығметті 1935 жылы Семей қаласында көрдім. Бұл кезде ол Бүкілодақтық Атқару Комитеті Президиумы жауапты хатшысының орынбасары және Ұлттар кенесінің бөлім меңгерушісі болатын.

Ол Қазақстанның 15 жылдық тойына М.Калининмен бірге келді. Республикамыздың өндіріс орындарын аралады, колхоздары мен совхоздарында болды. Семейге келгенде екеуіміз жиі ұшырасып, өткендегі өміріміз, еліміздің болашағы жайлы талай-талай сыр алыстық. Нығмет білгір, іскер, тиянақты, халқының қамын ойлайтын азамат еді. Әсіресе, оның батылдығы мен алғырлығы әріптестерін қайран қалдыратын»,- деп жазды Әшімбек ағамыз. Мұнан басқа Нығмет өмірінің соңғы жылдары жөнінде, оның іишінде 1936 жылы Москвада өткен қазақ әдебиетінің онкүндігі кезінде Сәкен Сейфуллинмен бірге Нығаң пәтерінде болғаны жайлы тебірене жазғаны да бар.

Солақай саясаттың құрбаны болып, қыршын ғұмырын қылыштың жүзіне тосқан халқымыздың ардақты ұлы Нығмет Нұрмақов Балқантаудың құз-қиясынан қауырсын қанатын бекітіп, ақыл-ой өрісінің кемелденген шағын мемлекеттік істерге арнады. Оның соқтықпалы, соқпақсыз өмір жолдары Семей мен Алматыда, онан Мәскеуде жалғасып өмір шырағы Кеңес елінің астанасында сөнді. Нығмет Нұрмақов жайлы айтылар әңгімелер дестесінің алғашқысын оның туғанына 100 жыл толуына байланысты қарағандылық зейнеткер Муслима Анапинованың Егіндібұлақ аудандық «Балқантау» газетінде жарияланған мына өлең жолдарымен аяқтағымыз келеді:

Түсінбей кейде өмірдің толқын ағысын,

Берді ғой қолдан, ойланбай халқым намысын.

Жылайды жүрек, тізбектеп айтып қайтейін,

Маңдайға сыймай Нығметтей жарқын арысын.

Бар еді жұртым майталман ұлың зиялы,

Бармайды ауыз болды деп оның зияны.

Табайық көп боп Нығметтің өлмес мұрасын,

Өлтіруге мұраны жауыздар ғана қияды.


Тамара Смағұлова,

Н.Нұрмақовтың жиені.

Ғаббас Смағұлов,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.


Орталық Қазақстан, 2005-23 сәуір.-6 б.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет