Халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары 3 мамыр 2013 жыл



бет15/37
Дата25.02.2016
өлшемі2.73 Mb.
#22230
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   37

Список литературы
1. Миннегулов Х.Ю. Некоторые вопросы изучения истории татарской литературы // Актуальные вопросы изучения татарской литературы в высших и средних учебных заведениях (Материалы научно-практической конференции, посв. 120-летию со дня рожд. Г.Тукая, 6-7 апреля, 2006 г., Наб.Челны /Научные редакторы: Х.Миннегулов, Г.Сунгатов. Казань: Казанский государственный университет, 2006. С. 10-13 (на татар.яз.).

2. Хасанов М.Х. Некоторые методологические проблемы изучения истории татарской литературы // Казан утлары. - 1992. - №1. - С. 141-147 (на татар.яз.).

3. Ахмадуллин А.Г. Проблемы изучения по-новому татарской советской драматургии // На путях к правде. -Казань: Тат.кн.изд-во, 1993. - С. 7-18 (на татар.яз.).

4. Галиуллин Т.Н. Вопросы изучения истории татарской поэзии по-новому // Ступени поэзии. - Казань: Магариф, 2002. - С. 9 -19 (на татар.яз.).

5. Мусин Ф.М. Как изучать литературу? // Мадани жомга. - 1995. - 22 декабря; его же: История татарской литературы и время // Мирас. - 1996. - №1-2. - С. 18-29; его же: Литературный процесс // Мирас. - 1996. - №5-6. - С. 104-124; его же: Литературоведение и критика // Мирас. - 1996. - № 12. - С. 38-47; его же: Мусин Ф. Время само дает оценку // Мадани жомга. - 2004. - 7 мая (на татар.яз.).

6. Хисамов Н.Ш. Новое мышление и концепция истории татарской литературы // На страже памяти. - Казань: Магариф, 2004. - С. 9-12 (на татар.яз.).

7. Миннегулов Х.Ю. Открыто выскажем свое отношение...// Мадани җомга. 2006. 1 сентября; его же: Вслушиваясь в голоса веков... Казань: Магариф, 2003. С. 12-18 (на татар.яз.); его же: Основные тенденции развития современной татарской литературы // Ученые записки – 2004. - Казань: РИЦ «Школа», 2005. - С. 165-173.

8. Нигматуллина Ю.Г. Типы культур и цивилизаций в историческом развитии татарской и русской литератур. - Казань: Фэн, 1997.- 190 с.; Сибгатуллина А.Т. Тайны суфизма. Казань: Матбугат йорты, 1998. 368 с. (на татар.яз.); Загидуллина Д.Ф. На новой волне. - Казань: Магариф, 2006. - 255 с. (на татар.яз.); Шамсутова А.А. «Постмодернисткая концепция» в татарской литературе // Ученые записки ТГГИ (Казань). -2003. - № 11. - С.12-14.




Қазіргі қазақ тарихи романы: көркемдік шындық мәселесі
Қ.М.Байтанасова,

ф.ғ.к., доцент,

Ә.Қ.Шаяхметова,

магистрант

Қазақстан, Астана
XXI ғасыр жаһандану үрдісінің кең көлемді «аудиториясына» айналып, қоғам, адам, сана одан әрі дамып, кеңейе түсті. Өміріміздегі саяси-әлеуметтік, тарихи өзгерістерді қоғамның түрлі салаларда талқыланып, әр түрлі тұлғалардың өздігінше ашып, зерттеп-тануға деген ұмтылыстары да жоқ емес. Тарих тізбегін үзбей, оның бар шындығын ашып, мейлінше зерттеуге, ұлттық құндылықтарды тануға қазақ халқы барынша үлес қосып, оны зерттеп-зерделеуге құлшыныс танытуда.

Роман жанрын сөз еткенде, оны салыстырмалы-тарихи талдау принципі бойынша қарастырған орыс ғалымдары В.М.Жирмунский, М.П.Алексеев, М.Б.Храпченколардың еңбектерін атауға болады. Бұл ғалымдар роман жанрын мазмұн, жанрлық ерекшелік, кейіпкерлер жүйесімен қатар құрылымдық жағын да қарастырады. Романның жанр тудырушы факторлары сюжеттік-композициялық жүйе, уақыт пен кеңістік, баяндау – бұл жанрдың көркемдік құрылымын жан-жақты ашып берді [1, 26].

Тарихи роман халықтың бұрынғысы мен бүгінгісінің жанды байланысын көркем бейнелер арқылы ашады. Мұндай шығармалардың танымдық мәні үлкен. Олардан халық өмірінің өткені мен қазіргісінің арасында қаншалық айырма бар екенін ілгерілеуіміздің сипатынан ұғамыз [2, 336].

Кеше мен бүгінгіні сабақтастырып, қайсар рухымен, тар жол тайғақ кешкен тағдырымен халық санасына жол тартқан қаламгер Қажығұмар Шабданұлы. Саяси қылмыскер атанып, 40 жылға жуық өмірін темір тордың ар жағында өткізеді. Темір тап қапаста жатқанына қарамастан, «түрмеде туған әдебиет» деп атауға келетін бірталай шығармаларды дүниеге әкелді. Автордың «Қылмыс» атты романы мемуарлық романдар қатарына жатқызылып жүргенімен, шын мәнінде жеке бір адамның ғана емес, сонымен қатар тұтас халықтың, ұлттың басындағы жағдайды, тағдыр тауқыметін, күресті, жеңісті, әлсіздікті, отаршылдықты, тұтас халықтың ерекшелігін, қадір-қасиетін паш ететін туынды. Алты кітаптан тұратын шығарманы оқу барысында автордың кейіпкер аузына салған «қылмыс» сөзінің мағынасы дәл мағынасында емес, сүріп келе жатқан өміріңні, адамның ырқынсыз-ақ маңдайына жазылған өмірінің өзі бір қылмыс екенін аңғарамыз. Автордың өзі бұл жайында: «...Шешемнің емшек сүтімен бітіп, бұлшық еттерімнің талшықтарына айналып кетті. Бұл қылмыс сол кездің өзінде-ақ мені жақсы киімнен, жорға тайдан жұрдай етіп, әкемнің жыртық тоны мен кебеже түрмесіне қуып тығыпты ғой!» [3,31] деп өмірінің әрбір кезеңінің ауыртпалыққа толы болғанын суреттейді.

Шығармадағы басты кейіпкер Биғабыл автордың өзі. Романда суреттелген Биғабылдың әке-шешесі, бауырлары - барлығы өмірде болған тұлғалар. Автор өмірінде болған әрбір тақырыптарды тізбелемей, барлық құбылыстарды бас кейіпкер арқылы ой елегінен өткізіп, таразылап отырады. Туындыдағы кейіпкерлердің басым көпшілігі өмірде болған адамдар, олардың кейбіреулері ғана романда өз аттарымен жазылған. Роман Биғабылдың бала кезінен басталады, одан әрі Қытай жеріндегі сол өлкелерге ауып кеткен қазақтардың хал-жағдайы жөнінде айтылады. Автор бұл туралы романда былай бейнелейді: «...Бұл қыстауда бізбен бірге отырған Санатбай, Ақтай атты ағайынды екі жігіт болды. Сол кезде Санатбай қырық жастан асқан еді, Ақтай – отызда. Екеуі де әліге дейін некеленбеген бойдақ. Олардың басын қосып, түтінін түтетіп отырған шешесі еді. Екеуі де белсеніп, білек сыбанып шыға келді. Тіпті Ақтай аудан жағалап жүріп, партия қатарына өтіп алыпты. Содан кейін оның бүкіл өңірге «Ақтай –коммунист» деген атағы шықты...». Осы үзіндіде аты аталған Ақтайдың «көмегімен» Қажығұмар өз атамекенінен жырақтап, Қытай ауып, «өгей бала» атанады. Шабдан әулеті өз еркімен туған жерінен босып, жер ауып кетпейді, оған себепші болған осы Ақтай коммунистің Шабданды итжеккенге айдатуы. Содан Шабдан 90-дағы шешесін бірге алып, Қытайдан бір-ақ шығады. Романда автор осы тұстарды өте әсерлі етіп суреттейді: «Қаупің неден болса, ажалың содан», кешке дейін көз алдымызға елестеген құбыжықтар ымырт жабыла сау ете түсті. Есік алдында жиналған адамның бір тобы үйге кіріп тінту жүргізді. Бірнешеуі ұраларды қазып, астық қаптауға кірісті. Ұясын қорғаған қызғыштай быжақ қағып, шешем барды олардың қасына. Тыңдаған біреуі болған жоқ: алып жатыр, арбаға басып жатыр.

-Обалдарың өз ауылдарыңнан шыққан атқа мінерлеріңе! Біз айтқанды ғана орындаймыз! – деді де олар астығымызды, аузымыздағы нанымызды алып жүре берді.

Біз тағы да үрпиісіп, есік алдында тұрып қалдық. Қап-қараңғы түн болғанымен кетіп бара жатқан ырыздығымыз көңілімізге жап-жарық. Жазда күндіз кеткен қызыл қасқа сиырдай ап-анық кетіп барады. Атыстаған сайын айқындалып, ауыр күйінішіміз бен қайғымызды ауырлата, жап-жас қабырғамызды күйрете жаншып кетіп бара жатқандай...Кішкентай саусақтарымызбен әреі теріп, балғын табандарымызға найзаларын сұққанына қарамай, әрең тапқан тары-талқанымыз қош бол!» [3,47].

Міне, әуелі жалғыз сиырынан айырылған, ендігі жерде аузындағы нанынан да құр алақан қалған жандардың басқа істер амалы бар ма?! Олардың бір үміті Қытайға ауып, құтылу болатын. Сол Қытай деп қашып құтылып тығылатын жерінде төркіні, не құдасы күтіп отырды ма екен?! Жо-жоқ, бір туысы жоқ, бірақ кейіннен туыстай болып кеткен, дәл өздеріндей қызыл өкіметтен қашып құтылғысы келген қазақтарды пана тұтты. Талай Алаш зиялыларының да пана тұтқаны осы Қытай еді. Романдағы келесі оқиғалар осы Қытай елінде өрбиді. Бұл тыныштыққа бөленген, рахат өмірдің сипаты емес, сергелдеңге түсіп, жан сауғалап, жат жерге сіңіп кетудің, жат жерде аман қалудың қамы болатын. Шекара асып, Шәуешек қаласында босып, қаңғып жүрген, бір тілім нанға зар болған қазақтардың маңдайының екі елі қасіреті. Биғабыл мен шешесі Шәуешекке жеткенде көрген, кездестірген жұрттан осы қаладағы өз таныстары жайын сұрамақшы болады, осы кезде қаланың тұрғылықты ұйғырларынан естіген жауаптары мынау: «-Сұмалак календырлар (сүмелек қайыршылар) қайдан келеді осында!» «...-Қалендір емеспіз! Олай деме, шырағым!... Еш нәрселеріңнің керегі жоқ, жөн сұрайық, - деп шешем назалана кірді аулаға.

-Қалендір деген немене, апа? – деп сұрадым қыздың жанынан өте беріп.

-Қайыршы дегені болар! Құдайдың уақтысы ғой мұны есіттірген! Келмей жатып естідік-ау!...

Бір кекселеу қызыл-сары әйел шешемнің сөзін естіп күлімсірей қарады:

-Кейімеңіз. Қайыршы тым көбейіп кетті, жақыннан бері ығыр болып қалдық. Бейшаралардың бәрі де «қайыршы» десе шамданады. Бұрын ешқайсысы қайыр тілеп көрмеген адамдар көрінеді...

Осы аралықта тағы бір әйел кіріп келді. Ол да қазақша сөйлеп, біздің жердегі жайтты сөз етті». Осы бір көріністің өзінен-ақ Жаппар әулетінің ешкімнің ала жібін аттамай, «арым үшін жаным садаға» деген ұстанымды қатаң бетке ұстап, алдағы үмітке қарай адал еңбекпен, таза жанмен, бар ынта-жігерімен тырмысқандарын көруге болады.

Әрі қарай автор өзінің басынан өткерген жайттарды романға арқау етеді. Бас кейіпкер Биғабыл Тарымдағы лагерьден қашып, атамекені Қазақстанға өтпекші болады. Шекараға жақындай түскенде, қайтадан қолға түсіп, қайтадан абақтыға екі жылға қамалады. Сондағысы автор осы роман туралы жалпы қауымға айтар ойы қандай? Роман идеясы не? Жазушының бұл романды «Қылмыс» деп қоюының себебі де жоқ емес. Автордың пайымдауынша отаршылдықты ұстап отыруға әбден еті үйренген адамдар өзіне бодан болған елді соншалықты қорлағандарының себебі, олар үшін бодан халықтың барлық жасаған іс-әрекеттері, тіптен өмір сүрулерінің өзі де үлкен қылмыс. Сондықтан да автордың ұстанған бағыты, идеясы, әрине, тәуелсіздік идеясы. Қажығұмар Шабданұлы осы шығармасы арқылы өз көзімен көрген Ресей мен Қытай алпауыт мемлекеттерінің аумағында бодан болып отырған қазақ халқының бір ғасырға жуық уақыт аралығында көрген зорлық-зомбылықтарын, бар қайғы-қасіреттерін өзіндік нақышпен, көркем сөзбен, алаш жұртшылығының тәуелсіздік жолындағы құрбан еткен өмірлерін бүкпесіз оқырман назарына ұсынады.

Жазушы романда берілген бірнеше оқиғаларды сөз еткеннен кейін, оларды ой елегінен өткізіп, терең ойға шомады, алуан түрлі сезімдерді бастан кешіреді, тергеушісін ащы мысқылмен сынап, бойындағы шерін біраз тарқатады. Осы арқылы қалың оқырманды сезім мен ойға жетелейді: «Әділетті «тергеушім» ақ-нақақты адамзатта сіз ғана айырар деп сенемін. Осы үлкен шешемнің өз құрсағынан шыққан балаларын зар қақсатып, ләм демей, рақымсыз ызғарлы күйінде кетуін қарашы, недеген тасбауыр еді! Кішкенелерін есіркемей, тым болмаса маңдайынан ақтық бір рет сипамай, бір жібімей, тас болып қатып, панасыз ием құмға тастап кетуін қарашы... Неткен рақымсыз Қылмыс!» [3, 6].

Шығарманың өн бойынан сезіліп тұрған ащы қасірет, әділетті кек осының бәрі оқырманды тебірентпей қоймайды. Автор өз оқырманымен сырын бөлісіп, жүрегінен шыққан бар сезімдерімен ашумен күлдіріп те, күйікпен қүңірентіп те бөліседі: «Қазақтың ру бұтақ қуалап танысатын қарапайым қаншылдық әдеті бар-ау, бірақ, соны ру төрелері іріткіш уға айналдырғаны қашан. Сол рушылдық уы сүйегіне сіңе уланып, өзара ырылдасумен өткен қазақтан көп ұрылған халық жоқ-ақ шығар! Жоңғар хандығынан жүз жылдап жеген ұмтылмас соққылар тек сол рудың, сол рушылдықтың ғана кеселі емес пе?! Менің үлкен аталарым да сол уды мәпелеушілер екен» [3, 12].

Автор сол кездегі қоғамдық саяси мәселелерге кейіпкерлерін, табиғат көрінісін, кейіпкерлердің ішкі сезім толғаныстарын, арпалыстарын сай етіп бейнелейді. Тіптен, сол кездегі қоғамдық ортаны жан-жақты суреттегені соншалық, кейіпкерлер бейнесін, даралық сипаттарын шынайы көрсете білген.

Қаламгердің Жаппарды бейнелегенін алсақ: «Сиректеу қара сақалды, кең иықты, шығыңқы кеуделі, денелі қара кедейдің жуан басы әмсе төмен сала теңселіп, ырғалып, асықпай жай жүретін. Мұнысы сол ауыр жүкті әрең көтеріп келе жатқандығы екенін кейінірек түсіндім» [3, 56]. Осы портреттің өзінен босқын өмір сүріп, сергелдең тұрмыстың қиындығынан әбден ығыр болған, белі бүгіліп, күш-қуаты кеміген бейнені көреміз.

Романдағы сурет пен сезімнің, ой мен көріністің бір-бірімен қиюласып, бір тұтастықтай жатқанын, мына бір табиғат көрінісін сипаттаудан көре аламыз: «Үрімжінің үстіндегі қара сұры тұманды көргенде тұнжыраса қалдық. Көшеге кіргенде үлкен қаланы айқара басып, тұншықтырып жатқандай сұп-сұр. Саяпыл желі үдей соқты. Аспанды қара сұру тозаңмен бояп, көше топырағын ауыз мұрныма ұра соқты. Боран үдеген сайын егесіп, егескен сайын бекіп, бекіген сайын күшей адымдадым» [3, 670].

Роман – өміріміздің көлемді түрде жазылған бейнесі. Оның ішінде алуан түрлі адамдардың тағдыры, қарым-қатынастары, сезім-күйлері, қоғамдық, әлеуметтік, саяси қатынастар да бой көтереді. Осылардың барлығы да жоғарыда талданып өткен «Қылмыс» романында сөз етіледі. Бұл роман хроникалық сипатқа ие, тарихи фактілерге негізделген, әдебиетімізде өз орнын тапқан, оқырманның сүйсініп оқитын туындысына айналған дүние десек, артық болмас.


Әдебиеттер тізімі


  1. Тәуелсіздік тудырған романдар. –А.: Мастер-ПО, 2012-224 б.

  2. Р.Бердібай. Тарихи роман. –А.: Санат, 1997. 336 б.

  3. Қ.Шабданұлы. Қылмыс. Бірінші кітап. –А.: Атажұрт баспасы, 2009. 497 б.

Қазақ лирикалық прозасының даму арналары
С.Ш.Айтуғанова,

ф.ғ.к., доцент

Қазақстан, Астана

Қазақ әдебиетінің өзіндік даму тарихы бар. Сонау ауыз әдебиетінен нәр алып сусындаған әдебиетіміз уақыт өткен сайын өзіндік жаңалықтарымен, ізденістерімен дараланып тұратын қаламгерлер шығармаларымен толығып отырды. Соның нәтижесінде әр кезеңдегі қазақ қаламгерлері қалыптасқан дәстүрлі арнаны жаңашылдық сипатта жан-жақты дамыта отырып, қазақ әдебиетіне мол жаңалық әкелді. Қазақ әдебиетінің төріне жаңа кейіпкерлер келді, олардың мінез-құлқы күрделенді, әр түрлі жанрда жазылған жаңа мазмұнды шығармалар қатары кеңейді. Кейіпкер бейнесін сомдауда, өмір шындығын көркем өрнектеуде соны көркем бейнелеу құралдары жасалды. Яғни әдебиеттегі дәстүрлі арна жаңа сипат алды. Әдебиеттегі жаңашылдық – әрқашан асқан шеберлік пен зор таланттың нәтижесі, ол әдебиет пен өнердің өрісін кеңейте түседі. Тұрмыстың, қоғамдық тіршіліктің өзгеруіне, адамның өмір танудағы жаңа ұғым-түсініктеріне байланысты әдебиетте мазмұн мен түр жағынан жаңашыл шығармалар туады. Бұл тұрғыда кейбір дәстүрлік әдіс-тәсілдер сақталумен қатар жаңаша суреттеу, бейнелеу, сөз қолдану амалдары пайда болады. Әсіресе жаңа өзгерістер мен құбылыстарды аңғаратын соны бейнелеу құралдары жасалады. Бұл – әдебиеттегі жаңашылдықтың белгісі. Дәстүр мен жаңашылдық тек түрді, сыртқы өзгерістерді білдірумен қатар, ішкі мазмұнды бірдей қамтып, шығарманың идеялық-көркемдік немесе ұлттық сипатын жаңа сатыда елестетеді. Енген жаңалық әдебиетке сіңіп, дәстүрге айналып кетуі мүмкін. «Көркем творчество үнемі қозғалыс, даму үстіндегі күрделі әрі жанды процесс. Бұл процесте әр шынайы жаңашылдық өзінің сонылық қасиетін берік сақтай отырып, кейінгі дамуға да үлкен ықпалын тигізеді. Бұл ретте белгілі творчестволық озық жетістіктердің жаңашылдық өмірі мен дәстүрлік қызметі қатар басталады деуге болады. Нағыз дәстүрлік сипат алған көркемдік құбылыс әдеби дамуда бүтіндей жаңа серпіліс, жаңа белес дайындайды» [1, 35].

ХХ ғасыр әлем әдебиеті адамның ішкі субъективтік әлеміне терең үңіле отырып, өмірді жаңа қырынан таныды. Әлем әдебиетінде туындап жатқан жаңаша көзқарастардың әсері қазақ прозасына да өз ықпалын тигізіп, қазақ көркем сөз өнері өсіп, дами түсті. «Әдебиет – өмір айнасы ғана емес, өз тарапынан жаңа әлемнің жасаушысы да» [2, 55]. Әдебиеттегі осындай ерекшеліктердің бірі лирикалық прозаның дамуына қатысты болды. Кез келген нәрсенің жоқтан пайда болмайтындығы сияқты бұл құбылыс та әдебиетімізгі өзіне дейінгі дәстүрді жалғастыра отырып келді.

Орыс әдебиетіндегі лиризмнің кең өрістеу кезеңі 50-жылдардың екінші жартысынан басталды. Көркемдік-эстетикалық қуаты жағынан ғажайып шығармалар жазған орыс әдебиетінің көрнекті өкілдері И.С.Тургеневтің "Алғашқы махаббат", "Көктемгі тасқын", Ф.М.Достоевскийдің "Бейшаралар", Н.Г.Короленконың "Соқыр музыкант" сияқты шығармалары сезімді сан толқытатын лиризм өрнектеріне толы дүниелер екені даусыз. Бұл туралы Б.Майтанов: «Нағыз реалистік лиризм И.С.Тургенев, Н.Г.Кореленко, И.А.Буниндер шығармашылығында өзгеше стильдік бедер танытқаны мәлім. И.Паустовский табиғи және адам сұлулығын ерекше нәзіктікпен мөлдірлете суреттеуде романтикалық лиризм оңтайлылығын дәлелдейді» деп жазады [3, 189].

Орыс әдебиетінде лиризм құбылысын ерекше әрі жетік меңгерген А.П.Чехов болып табылады. Расында, Чехов лирикалық проза мүмкіндіктерін танытушы ұлы қаламгерлердің бірі саналумен қатар, жалпы, әдетте бірауыздан мақұлданатын қатал реалистік өнерінің тұла бойына лиризм шуағын жарасымды жинақтай білгені – тартымды факт. Чехов өз шығармаларында адамзат өмірінің мәні, оның құндылығы мен қайталанбас қасиетін ашуға тырысады. Оның әңгімелері күнделікті өмірдегі күйбең тіршілік бола тұрса да, сол өмірдің бақыты, еркін сәттері болатынына сенімділікпен қарайды. Зерттеушілердің пікірінше, мұндай пафосқа толы Чехов әңгімелеріндегі лиризм кейіпкерлердің мінезін айқындап, әңгіме жарқын мұң және ғажайып армандар жайлы ой қосады.

Көп жағдайда жазушының ішкі сезім толғаныстары туған жер, өскен орта тіршілігін суреттеумен беріледі. Бұл ыңғаймен келгенде, негізінен ауыл тұрмысы, бір кездегі балалық шағы қалған аяулы мекен жайды жан-жақты көңіл-күй әуендерін толғайтын қазақ прозаиктерінің де қалыс қалар реті жоқ еді. Жоғарыдағы дәуірде жарияланған туындылардың көбіне жалпыодақтық әдебиеттегі бағдарға сай адамгершілік, ар-ождан мәселелері әрдайым көне салт, дәстүрге мән бермей, ес-түссіз құлшынатындығы үшін сыналуға бейім қала мен ата-бабалар, халықтың асыл мирасын, әдебін әлі де шын жүректен әлпештейтін ел адамдарының ара-қатынасы көзқарастар шарпысуы арқылы пайымдалды. Бір есептен лиризмнің мазмұндық-идеялық төркіні осынау сағыныш, аңсау, адалдық, тазалық, жақсы мұрттарды алыс естеліктерден іздеп, өткенді бағалау сарындарымен тамырлас шыққан сияқты.

Белгілі жазушы Ғ.Мүсіреповтің: «Шеберлік біздің алдымызда тұрған бірінші мәселе. Классикалық әдебиеттен, ең алдымен классиктердің сөздерінен үйренуіміз керек. Олардың еңбектеріндегі үлкен шеберлікті меңгермейінше, үлкен әдебиет жасалмайды, тілек орындалмайды. Біз қазақ жазушылары, Толстойдың, Тургеневтің, Гогольдің, Чеховтың, Горькийдің мұрагерлеріміз, ең алдымен осы аталарымыздың шеберлігін меңгере білейік», - деуі де әдебиеттер арасындағы байланысты, дәстүр алмасуын жоққа шығармасы анық [4, 347].

Жалпы қазақ әдебиетіндегі лиризм үлгілері қай кезеңнен басталады деген сұраққа жауапты ертерек кезден бастаған дұрыс деп ойлаймыз. Кейбір орыс зерттеушілері орыс лирикалық прозасының бастау арналары сонау ауыз әдебиетінде жатқандығын да сөз қылып кетеді. Біз де лиризм үлгілері әлдеқайда ертерек кезеңнен бастау алған деген ойды айтқымыз келеді. Себебі лиризм элементтері кездеспейтін шығарма болмайды десек те болады. Өйткені кез келген шығармада белгілі бір дәрежеде баяндаушының, әңгімелеушінің өзіндік «мені», яғни көзқарасы, тебіренісі, толғанысы қандай дәрежеде болса да көрініс беріп отырады. Сондықтан біздің әдебиетіміздегі лиризмнің алғашқы көріністері сонау ауыз әдебиетінен бастау алады десек, қателеспейміз. Ауыз әдебиеті үлгілерінде, әсіресе ертегілерде, соның ішінде қиял-ғажайып ертегілерінде лиризм өрнектерінің молынан кездесіп отыратынын жоққа шығара алмаймыз. Сол сияқты, М.Әуезов өзінің «Әдебиет тарихы еңбегінде» Асан қайғы туралы аңыздарда лиризмнің үлгілері кездесетінін айтқан болатын. Ал С.Мақпыров лирикалық прозадан басқа лиро-эпикалық жырларды (немесе лиро-эпос), лиро-эпикалық поэмаларды, поэмаларды, дастандарды, балладаны, өлеңмен жазылған романды, роман-диалогты, публицистикалық романды, роман-очеркті, роман-эссені, сондай-ақ тарихи-көркем жанр үлгісіндегі өмірбаяндық (мемуар) шығармаларды, эпистолярлық (хат) үлгідегі туындыларды аралас жанрларға жатқызуға болатындығын айта отырып, олардың неліктен осы жанрға жатқызуға болады деген сұраққа жауап береді. Оның айтуы бойынша лиро-эпикалық жырлардың аралас жанрға жату себебі: «Жанр атауының (лиро-эпос) өзі-ақ аңғартып тұрғандай мұндай туындыларды кейіпкердің сезімі, толғаныстарымен (бұл лирикаға тән сипаттар) қатар олардың іс-әрекеттері де, халық тұрмысының көріністері (салт-дәстүр, көші-қон, кәсіп т.б.) де (бұл енді эпосқа тән ерекшеліктер) кеңінен суреттеледі. Біз аталған және басқа жырларды оқып отырып, Қозы мен Баянның, Жібек пен Төлегеннің бір-біріне деген шынайы сезім толқыныстарын, шын ғашықтық жайларының суреттелуіне (өйткені лиро-эпоста ғашықтық-сүйіспеншілік басты мәселе) де, сондай-ақ, олар өмір сүрген қоғам, ортаның, көшпенді ел тіршілігінің, тұрмыс-салтының да молынан бейнеленіп, жан-жақты көрініс тапқанына куә боламыз. Бұл, әрине эпикалық суреттеулер» [5, 159], - деп атап көрсетеді.

Демек, бұл пікірлерге сүйенсек, кейіпкердің ғашықтық, сүйіспеншілік сезімдерін, толғаныстары мен тебіреністерін беру сияқты лиризм үлгілері сонау ерте кезеңдегі әдебиетімізде қалыптасқан лиро-эпикалық жырлардан бастау алатындығына көз жеткізгендей боламыз.

Оның бергі жағындағы Шоқанның еңбектерінде, Ыбырайдың прозалық шығармаларында, бұларды айтпағанда Абайдың қара сөздерінде лиризм элементтері жоқ, мүлдем кездеспейді деп айта алмаймыз. Сондықтан қазақ әдебиетіндегі шығармаларға тән сыршылдықтың біздің ауыз әдебиетімізден бастап негізі қаланған деген ойға тоқтасақ қателеспейміз деген ой келеді. Ол кезеңдегі туындылардың мұндай ерекшелігі туралы сөз болмауы көркем шығармадағы лиризм мәселесіне кейінгі кезеңде ғана, яғни ХХ ғасырдың орта шенінде ғана көңіл бөліне бастауы себеп болса керек.

Қазақ әдебиетінде ХХ ғасырдың басындағы прозалық шығармалардан лиризм айшықтары анық көрінетінін байқауға болады. Мұндай шығармалардың қатарына «Қалың мал», «Ақбілек», «Бақытсыз Жамал» т.б. көптеген туындыларды атай аламыз.

Мәселен, Бейімбет Майлиннің шығармасындағы Шұғаның "Отаудың сықырлауығынан" қарап тұруының өзі лиризм көрінісі ретінде қызмет ететін деталь деуге болады. Мұның өзі кейіпкердің жан әлемі, қуаныш сезімі, қайғы-қасіреті – жан дүние иірімдерін тәптіштеп суреттеп кетер нақты поэтикалық көрініс. Бұл жерде Қасымжан әңгімесінен лиризм бедері айқын білініп қана қоймай, лирикалық пафос, сыршыл толғаныс арқылы лирикалық прозаның өміршеңдігі де айқын танылады.

Прозадағы жанды тербетер лиризм және әңгіменің бірінші жақтан баяндалуының өзі сезім иірімдерін сан құбылтып, өне бойына татымды сыршыл әуен қосқан. Т.Нұртазиннің айтуы бойынша, әңгімедегі лирикалық саз жазушының стильдік ерекшелігіне де айналып отыр.

Б.Майлиннің бұған дейінгі жазылған лирикалық шығармалары бізге таныс. Оның прозалық шығармасындағы лирикалық сипаттың басым болуы оның ақындығынан шығар деген де ой келеді. Қарап отырсақ, орыс әдебетінде де ақындардың жазған прозалық шығармаларында көбіне лирикалық прозаға тән сипаттар жиі кездеседі екен.

Шын мәнінде эпикалық жанрға бет бұрған ақынның прозалық шығармасына лирикалық туынды жазудағы тәжірибесі ықпалын тигізбей қоймайтын сияқты. Сол себепті де олардың шығармалары таза «эпиктердің» шығармасынан сәл де болса өзгешеленіп тұрады. Әрине, біз мұны айтқанда, лирикалық прозаны тек ақындар ғана жазады, немесе жазушының өлең жазуы шарт деген мақсатта айтып отырған жоқпыз. Әйтпесе, прозадағы лирикалық стильді тек поэтикалық мектептен өткен жазушылармен ғана байланысты десек ағаттық болар. Мәселен, Ғ.Мүсірепов, Ә.Әлімжанов, С.Мұратбеков, Ш.Мұртаза, Т.Нұрмағамбетов сияқты өзіміз зерттеу нысаны етіп алып отырған жазушылар ақын емес, бірақ олардың прозасы лирикалық болып есептеледі. Олардың әрқайсысының шығармасы өзінше ерекше, бірін-бірі қайталамайды.

Мәселен, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов сияқты белгілі жазушылардың шығармашылығында лирикалық сипаттың ерекше үлгілерін көре аламыз. Олардың лиризмді беруде өзіндік ерекшеліктері бар. М.Әуезов көбіне кейіпкердің жан дүниесін табиғат суреттерімен астастыра отырып жеткізе біледі. Жалпы жазушы шығармаларында пейзажды құбылта, әртүрлі мақсатта қолданудың шебері екені сөзсіз.

Ал Ғ.Мүсіреповтің шығармаларындағы лиризм өрнектері мүлде бөлек. Оның лирикалық кейіпкерлері, образдары көбіне астарлы, меңзеу түрінде болып келеді. Жазушы әрбір детальді ойната, құбылта қолдана отырып, оны символдық образ дәрежесіне дейін жеткізе біледі.

Жазушының «Кездеспей кеткен бір бейне» туындысы нағыз лирикалық прозаның үлгісі болып табылады. Шығарманың кезінде поэма деп аталуы да осы сипатына қатысты айтылса керек. Ал «Қыран жыры», «Өмір жорығы», «Жапон балладалары» сияқты шығармалары қазақ әдебиетіндегі символдық туындылардың ішіндегі шоқтығы деуге болады.

Әсіресе 60-жылдардан бастап қазақ прозасы лиризм өрнектеріне бай, идеялық бағыты айқын шығармалармен толыға түсті. Олардың қатарына С.Мұратбеков, Қ.Ысқақов, Ж.Молдағалиев, Т.Жармағамбетов, Ә.Кекілбаев, Ж.Түменбаев, Т.Нұрмағамбетов, О.Бөкей т.б. көптеген жазушыларды жатқызуға болады. Олардың ізденістері лирикалық прозаның композициясына өзгерістер енгізуге, байыта түсуге алып келді және ежелгі озық әдеби үрдістерді шебер пайдалана білуге жетеледі.

Қаламгерлердің қай-қайсысы да бұл ерекшеліктерді өзіндік табиғатын, стилін сақтай отырып, дамыта түскен. Мұның өзі олардың шеберліктерін көрсетіп, стилін айқындай түседі.

Жазушы бойына дарып, дамыған әдеби дәстүр әдебиетке жаңа заман рухын таныған жаңалық үлгісін әкелсе ғана жаңашыл стиль болып табылады. Бұл жазушыларды да дәстүрді дамыта отырып, жаңа заманның, яғни өз заманының рухына үн қосарлық өзіндік стильдерімен ерекшеленген талантты қаламгерлер деп атауға болады.

Өміршең шығармалары арқылы ұлттық әдебиетіміздің зор мақтанышына айналған Б.Майлин, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов сияқты өзіндік стилімен, шеберлігімен дараланған жазушыларымыздан үйреніп, ізін жалғастырып қана қоймай, өзіндік тұрғыдан дамыта да білген Ә.Кекілбаев, С.Мұратбеков, Ә.Әлімжанов, О.Бөкей, Қ.Ысқақ, Д.Исабеков, Т.Ахметжан, Н.Ораз сияқты қаламгерлер туындыларынан лирикалық прозаға тән ерекшеліктерді әр қырынан көруге болады. Олардың әрқайсысы осы жолда тынбай еңбектеніп, ең алдымен туындысының идеясы мен көркемдік сапасын өз биігіне шығарды.

Көркем әдебиеттің міндеті тек өмір шындығын тізбектеп айтып беріп қана қоймайды, адамның жанын да зерттейді деуге болады. Ол адамның ішкі жан дүниесіне бойлап, болмысын танытып, жанындағы дерттің сырын, себебін ұғуға ұмтылса, көркем шығарма осылардың себебін анықтап, оны емдеудің жолдарын қарастырады. Жазушылар алдарына қойған осындай мақсатқа жетуде адамның жан дүниесін, сезім сырын, көңіл-күйін оқырманға жеткізу үшін авторлық баяндау, суреттеу, әңгімелеу, пікір айту сияқты тәсілдерді алмастырып қолданады.

Зерттеуші Б.А.Ахундов: «XIX ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы шұғыл әлеуметтік қадамдар шындықтың тек эпикалық кең картинасын ғана емес, өзгермелі дәуірдің эмоционалдық атмосферасын бере алатын лирикалық баяндауларды да қажетсінеді. Лирикалық романда идеялық салмақ «эпикалық» емес, лирикалық бөлімге; кейіпкер істері мен әрекеттерін сипаттауға емес, оның толғаныс, әсерлену, сыр ашу сәттеріне түседі»,- деп жазады [6, 278].

Қаламгердің шын жан сыры халық жүрегінен орын табу үшін ол шығармада көңіл-күйдің, ой-арманның гуманистік сипаттары басым болуы қажет. Себебі лиризм «оқушының интеллектуалды-эмоционалдық сергектігіне сенімнен» қуат алады. Сондықтан да ғалымдар лирикалық прозадағы басты шеберлік кілті суреткердің өз өмірбаяны мен уақыттың күрделі тарихи, қоғамдық, рухани құбылыстарын терең байланыстырып, өмір шындығын қызғылықты беруі деп ұғады.

Жазушылардың шартарап ізденістері лирикалық прозаның композициясына өзгерістер енгізуге итермеледі және ол қадамдар ежелгі озық әдеби үрдістерді өнерпаздықпен пайдалана білуге жетеледі. Мысалы, Прибалтика әдебиетінде шағын новеллалар құрылымына «ассоциативтілік пен метафоралық» сипаттар дендеп енді.

Мұндай құбылыс қазақ әдебиетінен де мол байқалады. Фольклорлық сарындар, тарих пен бүгінгі таң оқиғаларын салыстыра бейнелеу, көне аңыз, әңгімелерде түйінделген өмір ақиқаттарына қазіргі шындықтан үндестік іздеу арқылы психологиялық толымдылыққа қол арту – прозаның барлық жанрында бел алған стильдік тенденция. Тынымбай Нұрмағамбетов, Сайын Мұратбеков, Әбіш Кекілбаев, Тобық Жармағанбетов, Өтебай Қанахин, Нығмет Ғабдуллин, Қалихан Ысқақ, Дулат Исабеков, Талаптан Ахметжан сияқты көптеген қазақ жазушыларының шығармалары осы бір адам жан сырын ізгі мұраттар жолындағы өрлеу сұлулығымен суреттейтін нәзік күйлі арнаның өрістей түскенін айғақтайды. Бұл қаламгерлердің әрқайсысы қазақ лирикалық прозасының дамуына елеулі үлес қосты дей аламыз. Әрине, лиризм – ең басты шеберлік өлшемі емес және оны негізгі стильдік бағдарына табиғи түрде айналдырған жазушы эпикалық қарымдағы әріптестерінен бір сүйем де қалыс тұрмайтынын ұмытпаған жөн. Мәселенің екі жағы да шығармашылық тәсіл мен дарын қуатының заңды жарасымымен шешілетіні күмән туғызбаса керек.

Көркемдік дегеніміз толып жатқан элементтер мен олардың компоненттерінің, яғни сюжет пен композицияның, тіл мен стильдің қарым-қатынасы бірлігінен құралады. Демек, автордың баяндау мәнерінен жасалады. Баяндаудың сәтті шығуында автордың дүниетаным мен жеке шығармашылық бағыты, композиция мен сюжет, кеңістік пен уақыт ұғымдары арасындағы байланысты түсіне білу қабілеті, көркем деталь-штрихтарды қолдану машығы үлкен рөл атқарады. Демек, лиризм табиғаты жазушының мол ізденісін, суреткерлік парызын байқататын құбылыс.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   37




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет