Халықаралық ТҮркі академиясы әлішер науаи хамса ләйлі – Мәжін



Pdf көрінісі
бет69/77
Дата20.05.2024
өлшемі3 Mb.
#501480
1   ...   65   66   67   68   69   70   71   72   ...   77
Әлішер-Науаи.-ХАМСА

Ескендір Мағрыб жерін бағындырып, Үрімге қайтып келе жатқанда 
Яжуждің зұлымдығын айтып, Қыруан елінің шағынуы және оның 
азабынан құтқаруды тілеуі. Сөйтіп оның бұл ауыртпалыққа көлденең 
тұрып, қорған орнатуы: қорғанды салушы құрылысшылардың, оқымысты 
есеп-қисапшылардың қорған құрылатын жерді арқанмен өлшеп шығуы. 
Бейне Атаридтай ойшыл шойын құюшылардың, Зухалдай темірші білгір 
ұсталардың құмнан қалып жасау арқылы қолаларды қортып қуюы, 


477
сөйтіп, қорғанның төбесіне жарқыраған аспанмен астасқан күмбез 
орнатуы.
Әр істе өз қадамын байыптаған,
Құтылар жаладан да айыптаған.
Табаны тиген жерге бақ таратты,
Аузына Мағрыбты Шах қаратты.
Жері жоқ жақсылардан жан аяған,
Жолықты бір момын ел жолай оған.
Халықтың қабағына қарар дана,
Мейірімі түсті Шахтың оларға да.
Соғыстың жауламады өртіменен,
Көп болды бағынған жұрт еркіменен.
Шах айтты: «Құмырысқалар – елге қауіп,
Құртайық қалың қолды демде жауып.
Құтылып жыртқыштардың жендетінен,
Тұқымын жоғалтыңдар жер бетінен!»
Тұтқын дәу деді сонда тұрып шапшаң:
«Әлемнің тірегіндей ұлық патшам!
Қырсаңыз құмырсқаны – бізге өкініш,
Демалып жата алмаймыз түзде тыныш.
Қай қуыс, тығылсақ та қай тасаға,
Оларсыз кірпігіміз айқаса ма?
Он тәулік ояу жүрсек көріп бейнет,
Он тәулік тағы ұйықтаймыз өліктей боп.
Тұрады сонда жаудан бізді қорғап,
Маңайға жолап кеткен ізді барлап!»
Бір сырды байқап мұның сыңайынан,
Ескендір қайтты қатал райынан.
Ойламай бел босатып тыныстауды,
Сұрады алтын тау мен күміс тауды.


478
Дәу айтты: «Оны тіпті алма ауызға,
Жұтылып жем боласың жалмауызға.
Жөн еді қойғаның да естімей-ақ,
Ол жаққа басқан емес ешкім аяқ.
Жеткенше дымың қалмас қашан оған,
Екі тау он күндік жер осы арадан.
Онша алыс болмағанмен – үрейлі өңір,
Беймәлім мекен еткен дүлей небір.
Бағзыдан бекінгенбіз жоламасқа,
Қайтеміз тілеп алып пәле басқа.
Тұзақтан құтылмайсың торыса ажал,
Қауіп пен қатері мол жолы тажал.
Шөлінен су табылмас бедірейген,
Шөбінен у тамшылар едірейген.
Ышқынып үйіргенде отты желі,
Күйдіріп қара жерді, көк тіледі.
Естисің күндік жерден ысқырғанын,
Шарпиды айдаһардай ыстық жалын.
Үш күндік ар жағында жол бар тағы,
Жыландар қайшыласып көп жортады.
Тірі жан өткізбейді иен жермен,
Жыландар мәңгі-бақи иемденген.
Мың-мыңнан бықып жатқан солар ғана,
Сан жетпес көптігіне санауға да.
Жамсатып жалт етіп бір қарағанша,
Шыңғыртар таудай пілді орап алса.
Тағы да бір түрі бар арбайтұғын,
Көзінен адам тірі қалмайтұғын.
Бұл жолдан аман-есен жан өтер ме,
Бел бума тілімді алсаң тәуекелге!»


479
Әскерін қарсы салмай сұрапылға,
Ескендір құлақ асты бұл ақылға.
«Көңілдің, – деді, – мұңын сейілдіріп,
Қайтпақ ек тамашалап, сейіл құрып. 
Бармаймыз сапар болса бүлік бізге,
Алтын мен күміс үшін жүріппіз бе?
Сұғынып ордасына тәмам жаудың,
Қандайлық қисыны бар арандаудың?
Өршітіп қоздап жатқан өртті нағыз,
Ерлерді абайсызда мерт қыламыз.
Өлімге бас тігуге мүлде болмас,
Баянсыз байлық, сірә, кімге жолдас?»
Ішегі әзәзілдің байлап тілін,
Әліптің артын бақты ойлап түбін.
Сүрінер жаза басса сабыр қылмай,
Таратты қалың қолын сабылдырмай.
Қасына шағын ғана нөкер алып,
Сарайда қызық кешті жеке қалып.
Алса да Мағрыбты тегіс тіпті,
Көңілі аңсай берді терістікті.
Тау асып, теңіз кешпек тура келсе,
Сағынтты Үрім жері – туған өлке.
Бұл жерде уайым басып, мұң қажады,
Жүрегін тербемеді Чин ғазалы.
Аңсады құштарлықтың тәтті лебін,
Арудың сүмбіл шашын, ақ білегін.
Құйылып нәзік сәуле жан түбіне,
Ынтықты махаббаттың бал түніне.
Жөнелді қайдасың деп Үрім жері,
Думанмен жол азабы білінбеді.


480
Сайран ғой ұзақ сапар армандыға,
Фараңды өте шықты қақ жарды да.
Батыстан шығысқа өтер аралықтан
Жолықты бір жүдеу ел нала жұтқан.
Үзгендей болған тобыр жаннан үміт,
Сұрады Шахтан көмек жалбарынып:
«Ұлы Шах, қылышыңмен қорға бізді,
Қас дұшпан ойрандамақ ордамызды.
Өзіңсің әділ патша халқына жақ,
Орнаттың әлемдегі жалпыға бақ.
Жалғанды жарығыңмен сара тілдің,
Қорғалар саясына қанатыңның.
Күніміз күн болмайды енді көрер,
Жаныштап жау табаны болдық өлер!»
Шах айтты: «Тап болдыңдар күйге нендей,
Күңіреніп осыншалық күйрегендей?»
Ел айтты: «Дүлей дұшпан жер тебініп,
Келеді Қыруан жақтан төңкеріліп.
Асқарды ортадағы бөгет көрмей,
Өтпекші басып-жаншып кенет селдей.
Тау жақтан басымызға зұлмат төніп,
Қынадай шетімізден қырмақ келіп.
Обырлар тоқтамастай әлемді алмай,
Шошисың хабарынан зәрең қалмай.
Қалың жау тау астында жатыр қайнап,
Жолатпай жолымызды отыр байлап.
Сұрқынан Яжуждердің адам шошыр,
Қаһарлы құжынаған надан топыр.
Мың бәле төнетіндей тұрсаң қарап,
Тұншықтық шыға алмастай құрсауда қап.


481
Тәңірдің зауалындай бізге салған,
Сескенбей сұмның жолын кім кесе алған?
Азапты айтып болмас салды басқа,
Көлкілдеп етегіміз толды жасқа.
Қаптаған қалың түнек қара көрдей,
Айла жоқ айқасуға арам өлмей.
Шаштары қорыс-қопа жалбыраған,
Әр талы құрық бойы салбыраған.
Өңкей бір мақұлықтар түрлері оғаш,
Лыпа жоқ үстерінде – тыржалаңаш.
Сүлпиген құлақтарын далақпандай,
Тәндерін жабу үшін жаратқандай.
Көсеудей саусақтары ораңдайды,
Мүйіздей тырнақтары сораңдайды.
Беттері жағал-жағал, шотбас маңдай,
Қып-қызыл сақалдары тот басқандай.
Тік тұрар төбе шашың сұмырайдан,
Сұп-суық маймыл көзі сығырайған.
Құсқыңды келтірердей танауы нас,
Тазалар тілдерімен сала құлаш.
Олардың кеткен жерін мүлде былғап,
Жатқаны ел күрекпенен күнде қырнап.
Қабандай орсиған қос тістерімен
Жер қазар түгі шығып түстерінен.
Қаскүнем, қаныпезер сұрқияны
Әйгілеп езулері ырсияды.
Секілді өңмеңдейді құны кеткен,
Шөп шықпас жерлеріне жүріп өткен.
Ұқсайды ұрғашыға еркектері,
Төсінде салбырайды емшектері.


482
Жасаудан жалықпайды жаулық елге,
Өңкиіп жүргендері таулы жерде.
Қос тауда қатар жатқан бұл тарапта,
Өспейді қылайған бір қылтанақ та.
Созылып екеуінің қапталы да,
Ұласар асқақтаған Қап тауына.
Ежелден мекендейді сол араны,
Аумайды «Қ» әрпінен тау орамы.
Шыңдардың көрінбейді басы мұнар,
Ортада жалғыз ғана асуы бар.
Тау ішін емін-еркін жатыр жайлап,
Қиямет-қуып шығу масылды айдап.
Жылына екі мәрте тап береді,
Тойымсыз тажалға не шақ келеді?
Ұйпайды даламыз бен қаламызды,
Не шара, көзімізден қан ағызды?
Қашамыз қаралары көрінгенде,
Тойтандап салады ойран тегін жерге.
Қаңғырдық үйден безіп сай-салаға,
Жауыздар жей салудан тайсала ма?
Қиратты қалаларды шаң қаптырып,
Көзіне түскендерін жалмап-қырып.
Малғұндар міз бақпайтын түсі үрейлі,
Көрінер шырқыратып кісі жейді.
Тігерге тұяқ қоймай малды да алды,
Басқа ұрып, кім тоқтатар қанқұмарды?
Тауысты астықты да типыл етіп,
Аштыққа ұшырады ел сиқы кетіп.
Обырлар барған сайын анталайды,
Көздері дүние көрсе қанталайды.


483
Ұлы Шах, осы біздің зар-мұңымыз,
Құримыз құтқармасаң барлығымыз!»
Шах айтты: «Олар қашан соғады енді,
Жоймасқа неге құртып о бәлемді?
Зұлымға ашық болар жол қашанғы,
Неге бір ойламасқа айла-шарғы?»
Жұрт айтты: «Олар келсе жер жаңғырар,
Қалтырап, зәресі ұшып, ел қаңғырар.
Басады қара түнек көк аспанды,
Тұңғиық орға жығар адасқанды.
Үземіз естен танып, жаннан үміт,
Кеткендей жарық дүние аударылып».
«Қай күні келмек» – деді, Шах қайталап,
«Таяуда!» – деді халық таппай тағат.
Ескендір қиял шегіп, ойға қалды,
Таппаққа тажалға бір айла-амалды.
Тосуға әмір берді неде болса,
Ор қазып, сақ тұрмаққа келе қалса.
Алайда халық салып сарыуайым,
Шашылды бет-бетімен тарыдайын.
Шахқа айтты: «Қайта қоймас жау бетінен,
Тағдырдың құтылмаспыз нәубетінен.
Неғайбыл құтқаруың мына апаттан,
Мерт болма абайсызда, сірә, сақтан!
Бөгелмес қанша қамал құрғаныңмен,
Ғұмыры таусылмайды қырғаныңмен.
Ұйпайды қара жерді қаптағанда,
Қалдырмас тірі пенде таптағанда.
Аз емес онсыз-дағы қырылғандар,
Қатерге қарап тұрып ұрынбаңдар!»


484
Шах айтты: «Біз үшін қам жемеңдер,
Аулаққа аман-сауда жөнеңіздер!
Тезірек алыс кетіп, баспалаңдар,
Бұл жерге бір сабақ жіп тастамаңдар.
Қайтпаймын айтқанымнан құдайға шын,
Көрейін ойластырып бір айласын!»
Қауіптің қашан-дағы арты-күдік.
Ел кетті Шах сөзіне артып үміт.
Терең ғып қаздырмаққа үңгір мен ор,
Шақыртты қолы шебер білгір нелер.
Үрімнен, Рус, Шамнан, Фараңнан да
Келді адам, көңіл енді алаңдар ма!
Тірі жан қалыс қалмай қолды-аяқты,
Әр тұстан қалың нөпір селдей ақты.
Қолынан өнер тамар ұстағанда,
Жиналды құрышшы да, ұсталар да.
Жан-жақтан мың сан керуен келді осында,
Үйілді мырыш, темір, қорғасын да.
Жау қашпас бұққанменен қорғаншақтап,
Болды бір ғаламаттай қорған соқпақ.
Басталды қауырт қимыл жанталасқан,
Шүмектеп тер құйылды арқа-бастан.
Жүрген соң араласып Шахтың өзі,
Әркімнің жақсылыққа жетті көзі.
Көрсетті қиқыметін кереметтің,
Бәрі де әзір тұрды не керектің.
Болмаса қалар қапы жауға дайын,
Күн сайын атпен шолды тау маңайын.
Тас қашап екі мың жан тауды жарды,
Тұтасып көк аспанмен шаң мұнарды.


485
Ерлердің қайратынан мін таппады,
Фархадтай қара тасты ұнтақтады.
Батырлар өршеленіп әрбір күні,
Қойнауды кеулей қазып, тауды үңгіді.
Нығайтты мызғымастай қорғанысын,
Қапысыз бекемдетіп қорған ішін.
Сенімді бекіністен тірек таппақ,
Зіл-зала төнсе-дағы түнек қаптап.
Сүйегін Яжуждердің қуратпақшы,
Жаужүрек сарбазына туратпақшы.
Байқады аяқ басар жерді анықтап,
Тобырды топ-тобымен орға жықпақ.
Сынады ор үстінен мал айдатып,
Әр істің артын аңдап, абайлатып.
Дұшпанның барлық жақтан кесті жолын,
Сайланды жасырынар бес мың орын.
Түсірсе бірін қолға сырын білмек,
Сонан соң бәрін де орға сүріндермек.
Апанның терең қазған түбін мүлде,
Он жыртқыш жоқ боп кетер бір үңгірге.
Омалған жауда қандай ырық болмақ,
Оппаға келіп түссе, қырып салмақ.
Шұбырды Яжуждер де шаң шұбатып,
Жаңғыртып тау-даланы қалтыратып.
Шуылдан жер шытынап, тау жарылып,
Дүние кететіндей аударылып.
Ұмытылды сарбаздар да өршелене,
Қанжарын қанға малмай ер шөге ме!
Майданды ию-қию нөпір басты,
Обырлар оппаға кеп топырласты.


486
Қисапсыз кәнігі жау сан қырқысқан,
Үдере ұмтылысты әрбір тұстан.
Қаһарлы болғанменен күшті қандай,
Тобырлар ажал құшып, түсті баудай.
Танытты хас батырлар асқан жігер,
Қылыштан талай жауыз жастанды жер.
Айқастан жыртқыштар да шаршамады,
Аянбай адам етін паршалады.
Адамды аттан жұлып алады да,
Заматта қылғытады тамағына.
Көздері тоймас өзі тойса-дағы,
Атты да бір-ақ жұтып жей салады.
Талап жер біреуі өлсе өз еттерін,
Жалғаса болды әйтеуір өзектерін.
Қырқыста сарбаз қашан жан аяған,
Қырылды күн батқанша талай адам.
Бұл соғыс Яжуждерге болмады оңай,
Ығысты ақырында орға қарай.
Дұшпанның айқын еді жамсатпағы,
Қорғанда Шах әскері жан сақтады. 
Қалмады амалдары қолданбаған,
Сақтады арпалысып қорғанды аман.
Қорғанды қалың жыртқыш ала алмады,
Қазулы орға түсіп арандады.
Жаңғырып жатты шулап тау шыңдары,
Түнімен иттей үріп арсылдады.
Құтырған иттен жаман жау ызғары,
Сақылдап жалын шашар ауыздары.
Мінсе де қаһарына қаны қайнап,
Тіксініп Шах толқыды қауіп ойлап.


487
Қатерді тұрса-дағы сезіп қатты,
Алайда сыр білдірмей төзіп бақты.
Маңайды қоршап алды бастырмалап,
Іргеге соқтығады тас тырналап.
Ескендір сабыр сақтап, елді шыңап,
Қорғанда бірнеше күн көрді шыдап.
Ақыры бірі ұлып, бірі ақырып,
Ашықты мақұлықтар бұратылып.
Қабысып бүйірлері бүрісті кеп,
Айнала шұбырысты тіміскілеп.
Ұққандай басқа түскен ауыр істі,
Түк таппай көкке қарап аңырысты.
Жүндері жығылды да күдірейген,
Сүлесоқ күйге түсті сүмірейген.
Түңіліп безірейген берік түзден,
Сырғыды мекеніне еріксізден.
Зұлымдық зұлымдардың өзін табар,
Ажал боп қанға тоймас көзін таңар.
Дұшпанды Ескендір де өкшеледі,
Қысаңға жетті биік текшедегі.
Ақылмен жоқты барға теңестірер,
Қасында өнерпаздар, кеңесшілер.
Шатқалдың арғы жағы тұйықталған,
Секілді айнала тау биік қорған.
Ұйғарды бекітпекке осы араны-
Қорған сап, жалғап екі босағаны.
Салғандай тау жаңғырып, аспан дүбір,
Қарбалас қауырт қимыл басталды бір.
Қаншалық екі таудың аралығы,
Өлшеніп анықталды әр адымы.


488
Жұлдыздар жымыңдады көкте жанып,
Төккендей арпалысқан көпке жарық.
Жұмылды ел жатқандай бір бөгеп тасқын,
Тасылды барлығы да керек тастың.
Қазғанда құрыш құяр сан мың ошақ,
Ұшырды көк аспанға шаңды жасақ.
Сезгендей түсетінін тар бұғауға,
Соқтығып бір бүйірден көрді жау да.
Таусылды түк қыла алмай шаралары,
Келмеді айқасуға шамалары.
Ұсталар құрыш қортып небір қилы,
Қорғанның табанына темір құйды.
Сонан соң жалпақ таспен берік-мықты.
Ғаламат қабырғаны өріп шықты.
Көргендер аузын ашып қарағандай,
Өзі кеп ұлы Бани
124 
қалағандай.
Сияқты ақындардың жыр-дастаны,
Тастардың білінбеді жымдасқаны.
Қорғанның биіктігі көк сүзгендей,
Ұзыны – он мың, ені бес жүз кездей.
Асырып әсемдігін кенеренің,
Шеберлер салып бақты бар өнерін.
Төседі ауырлыққа ерлер иық,
Шығарып зілдей тасты өрге биік.
Жұмылып қарақұрым қалың кісі,
Әркімнің қолдан келер танылды ісі.
Әлемді өнеріне табындырып,
Күн-түні алты ай бойы сабылды жұрт.
Көңілді жайландырып болған күпті,
Ақыры жарты жылда қорған бітті.
124
Бани – аңызға айналған құрылысшы, Бина үй құрылысы деген сөз осыдан шыққан. 


489
Көненің қателеспес дәлді есебі,
Үш жүз кез биіктігі бар деседі.
Маңайды жоғарыдан бақылайтын,
Баспалдақ жасалды екі сатылайтын.
Жағалай темір қазық тік қақтырып,
Қоршатты айналасын мықтаттырып.
Күзетте сайланды орын асқақ тұрар,
Биіктен келген жауға тас лақтырар.
Жүздеген қарауылдар қойылды онда,
Сақтанбай дұшпан көзі жойылған ба?
Қорғанның асқақтығы алып таудай,
Таң қалды Шахтың өзі қағып таңдай.
Көңілі толып берік бекініске,
Сенді әбден қалмасына өкінішке.
Қолына түссең түтіп, жұлмалап жер,
Яжуждер келді тағы тырналап жер.
Түнерген сондай сұсты ұсқындары,
Көк тасты қақ жарады тіс-тырнағы.
Шах айтты: «Басынан тас жаудырыңдар,
Құрысын мәңгілікке жау зұлымдар!»
Тас жауды Яжуждерге алдырмай бас,
Зұлымға заулал төкпей тағдыр қоймас.
Сұмдардың бұл соққыдан сұрқы қашты,
Быт-шыт боп, сай-салаға тырқырасты.
Топырлап мекеніне қаша беттеп,
Мыжыды бірін-бірі баса көктеп.
Келмеді шамалары ақыруға,
Сазайын тартты, міне, ақырында.
Қайрат қып, қарсыласар бірі қалмай,
Жөнелді соңдарына бұрыла алмай.


490
Жамсатып Яжуждерді салды қырып,
Жер мен көк күңіренді жаңғырығып.
Соқтырып соқтыққанның тауға басын,
Өшірді мәңгі-бақи жау қарасын.
Қыспақтан елді осылай құтқарды да,
Қондырды атамекен – құтты орнына.
Қалпына келтірген соң бүлінгенді,
Аттанып жүріп кетті Үрімге енді!
* * *
Құй, сахи, лапылдасын жалын жүрек,
Аңсадым Отанымды жаным жүдеп.
Жаһанның шарласам да бар түкпірін,
Көрмедім туған жерден артық бірін.
Уа, жыршы, зарыңды ұқтым мақамыңнан,
Іштегі дертіңді ақтар қапа қылған.
Бебеулет, сорғаласын көзден жасым,
Зеңіді дүниені кезген басым.
Ей, Науи, таба алмадың тұрақ елден,
Торықтың опа көрмей мына әлемнен.
Үмітім жеткізбеді, бұлдырлады,
Мен де бір мүсәпірмін тұлдыр жаны!


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   65   66   67   68   69   70   71   72   ...   77




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет