Гужрат – Үндістандағы аймақ.
122
Оман – қазіргі Араб теңізі.
451
Аралап бай өлкені, ойланып ол,
Құтайтып, көркейтуге байлады бел.
Мағрыб байтақ еді аумағы кең,
Бөленген қалалары бау-бағымен.
Тырысып өз туларын құлатпауға,
Иілді патшалары сұрап сауға.
Тапқандай саяхаттап жан дауасын,
Шарлады өзен-көлін, тау-даласын.
Көңілі тағат-тыным таптырмады,
Еш жерге байырқалап көп тұрмады.
Қызықтап көрген сайын жаңа жұртты,
Сағынып Үрім жерін алабұртты.
Шақырып туған елдің аспан-көгі,
Көзіне елестеді асқар белі.
Шиырлап түгел сүзіп кең алапты,
Осылай Үрімді ойлап келе жатты.
Алыстан бір үлкен тау берді қылаң,
Құм асып, топ кісімен келді бұған.
Меңіреу иен еді бұл бір жатқан,
Бұлағы тоғай жарып сылдыр қаққан.
Құла дүз түстік жағы қаңыраған,
Құбыжық құмырсқасы жамыраған.
Иттей бар әрбірінің қаралғысы,
Бетпақтың арыстаны – жан алғышы.
Лап қойды шауып өткен атты адамға,
Құтқармас алыпты да қаптағанда.
Қорқуды мақұлықтар білмейді түк,
Бас салды ат-матымен жүндей түтіп.
Қолма-қол құйған суды жұтқан құмдай,
Жеп қойды жым-жылас қып түк қалдырмай.
452
Ескендір деді көріп: «Абайлайық,
Болмайық сырын білмей оңай майып».
Қатердің құпиясын сорға көмген,
Байқады сұрастырып сондағы елден.
Айтты олар: «Қаптап кетті осы маңға,
Зәреміз қалмай отыр шошығанда.
Ететін бәлелерді мүлдем алас,
Өседі осы алқапта бір зор ағаш.
Әрі өтсе құмырсқадан айбыт қылған,
Бір ел бар Иранбақтай жайнап тұрған.
Шебіне жолағанның тілер жонын,
Бағып тұр дәулер оның кірер жолын.
Ұсқыны жан шошырлық келбетінің,
Бағады қазынасын жер бетінің.
Түрлері қорқынышты мыжырайған,
Түксиіп құз секілді құжырайған.
Шетінен қара дүлей, бәрі жарымес,
Біріне жүз кісінің әлі келмес.
Сілкінер үндерінен тау жаңғырып,
Сөздерін түсінбейсің жалғанда ұғып.
Ұрынбай аман өтсең бұл зұлматтан,
Көрінер екі заңғар бұлдыр қаққан.
Қарасаң ұшарына дендеп еркін,
Түседі шалқайғанда жерге бөркің.
Күндей боп нұрын шашып жанып тұрған,
Алтын шың – бірі көзді қарықтырған.
Күміс шың – бірі айдай жарқыраған,
Пенде жоқ сәулесіне балқымаған.
Алыптар дүниенің бар асылын,
Қорғайды сақтағандай қарашығын.
453
Селт етпес жер жарылсын елеп тегі,
Дәулердің ұйқылары ерекше еді.
Жүргенмен жанталасып алмай тыным,
Он күнсіз ұйқылары қанбайтұғын.
Білінбей тартқан азап, көрген бейнет,
Он тәулік оянбайды өлгендей боп.
Оянса он тәулікке кірпік ілмес,
Шалдығып ешқайсысы бір сүрінбес.
Диюлар көрінгенмен қанша үрейлі,
Қайтадан ұйықтар шақта әлсірейді.
Кездерде олар ұйықтап, тыныс табар,
Қалт етпей күзетеді құмырсқалар.
Қашан бір тапқанынша өз ажалын,
Қорғаштар қазына мен қожаларын».
Болғанмен тажал дәулер аса дұшпан,
Ұқсайтын ақымаққа есі ауысқан.
Сезімнің не екенін білмейтұғын,
Шаттанып ойнамайтын, күлмейтұғын.
Ескендір қанықты да мына жайға,
Іздеді тығырықтан шығар айла:
«Табыңдар, – деді, – ойланып бір ақылын,
Қисын жоқ енді ат басын бұратұғын!»
Даналар кеңес құрған дағдарысты,
Анықтап болжай алмай алдағы істі.
Басқандай еңселерін тәңір жүгі,
Үн-түнсіз ойға батып абыржыды.
Жетпес деп ақыл-сана кім ойласын,
Таба алмай сарсаң болды бір айласын.
Отырды апшылары қуырылып,
Ешбірі сөз айта алмай суырылып.
454
* * *
Даяшы, толтыра құй шараптан бір,
Оятып қиялымды, қанаттандыр.
Ақылдан таба алмадым мен де тірек,
Жабығып, пенде болдым шеркөкірек.
Уа, жыршы, желпіндіріп, сайран шақыр,
Мағрыбқа тігер ме екем ойдан шатыр.
Мағрыб алтынына бөлейін мен,
Төгілтші әуеніңді көмейіңнен.
Ей, Науаи, өкпе-назға әсте сатпа,
Өлгенше Отаныңды есте сақта!
Қам жеме күншіл, шіркін, мін қойса да,
Шығысты, батысты да бірдей сана!
Достарыңызбен бөлісу: |