Халықты әлеуметтік қорғау- әлеуметтік саясатының басым бағыты



жүктеу 58.44 Kb.
Дата22.02.2016
өлшемі58.44 Kb.
Халықты әлеуметтік қорғау- әлеуметтік саясатының басым бағыты

Умирзакова М. А. э.ғ.к., аға оқытушы

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

Бұл мақалада әлеуметтік саясат және нарыққа өту жағдайларында халықтың әлеуметтік қорғалуын қолдау қажеттілігі айтылған.

Әлеуметтік саясат – бұл барлық азаматтардың жан-жақты дамуы, тұрмыс жағдайы, әл-ауқатын жоғары деңгейде қамтамасыз етуге бағытталған экономиканы мемлекеттік реттеудің маңызды бағыттарының бірі болып табылады.

Әлемдік даму аренасына қадам басқан кез келген мемлекет өз қоғамының мүшелерінің барлық қажеттіліктерін қанағаттандырып,   жаңа биік белестерге қадам басуға әрекет жасайды. Бүгінгі таңда әлеуметтік мемлекет болып табылатын көптеген әлем мемлекеттері үшін әлеуметтік саясаттың айқын басым бағыттарын анықтап, салиқалы әлеуметтік саясат жүргізу, халықты әлеуметтік қорғаудың  өзіндік моделін қалыптастыру стратегиялық маңызы бар мәселе болып отыр. Әлеуметтік саясаттың басым бағыттарын анықтау арқылы мемлекет ең алдымен негізгі халықтың қажеттіліктерін анықтап, саясатты сол арнаға бағыттайды.  Демек, тиімді тетіктерін табу арқылы қоғамның әр түрлі топтарына, таптарына, әсіресе әлжуаз әлеуметтік қорғауды қажет ететін топтарын әлеуметтік қорғаумен қамтамасыз етеді.

БҰҰ Даму бағдарламасы Қазақстанда өз мақсаттары мен ұстанымдарын жүзеге асыру барысында негізгі құндылық ретінде адамзаттың даму концепциясын ұстанады. Аталып отырған концепция адамның сапалы өмірін қалыптастыруға, оның өзін қоршаған ортаны әлеуметтік жағынан өзгерту және өзін көрсетуі мүмкіндігін тудыруына саяси, экономикалық және экологиялық әсер ету факторларының жан-жақты бірлігіне негізделген. Адамның мүмкіншіліктерін дамыту және қабілеттілігін арттыруға жағдай жасау қажеттілігі, оның антропогендік және табиғи ортаға үйлесімді енуінің негізі болып табылад

Адам дамуының базалық көрсеткіштері адам дамуының үш негізгі компонентіне – көп жасау, білімділік және тұрмыс деңгейіне сәйкес келеді. Тұтас алғанда адам дамуының осы компоненттерінің әрқайсысы адамның бірнеше маңызды мүмкіндіктерін қамтиды. Мәселен, көп жасау - ұзақ өмір сүру мен салауатты тұрмыс мүмкіндігін білдіреді, білімділік – білім алуды, араласуды, қоғам өміріне қатысуды, тұрмыс деңгейі – лайықты тұрмыс құрып, салауатты өмір сүруге, аумақтық және әлеуметтік икемділік үшін жағдайдың болуына, қоғам өміріне және т.б. қатысу үшін қажетті ресурстарға қол жеткізуді білдіреді.

Қазақстандықтардың, Қазақстан қоғамының барлық жiктерi мен әлеуметтiк топтарының әлеуметтiк көңiл-күйiн ұдайы жақсарта түсу мемлекет саясатының алдыңғы сапында болып келдi. Мемлекеттiң әлеуметтiк саясаты жұмыс орындарын ашуға және еңбекке қабiлеттi халықты ел экономикасына тартуға бағдарланған жағдайда ғана тиiмдi бола алады.

Қазақстан бүгінде әлеуметтік - экономикалық жаңару мен саяси демократияландырудың жаңа кезеңінде. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері, мемлекетіміз әлеуметтік бағытқа үлкен мән беріп келеді, себебі біз нарықтық әлеуметтік бағытты таңдадық. Бірақ елімізде жүргізіліп отырған әлеуметтік саясат, әрине мемлекеттің қаржылық мүмкіндігіне, экономикалық дамуға байланысты.

Нарыққа өту жағдайларында халықтың әлеуметтік қорғалуын қолдау мен нығайтуға бағытталған мемлекеттік шаралар жүйесі қажет. Дұрыс қабылданған әлеуметтік саясат – тұрақтылықтың кепілі, ал саясат негізінде әлеуметтік қорғау жүйесі жатыр.

Қазақстанның даму стратегиясы – 2030» аясында Мемлекет басшысы: «мемлекеттің басты міндеті ол жұмыс істеу мүмкіндігі шектелген азаматтарға көмектесу немесе бірдей табыс табуға жағдай жасау болып табылады. Мұндай азаматтар-ға көмек – бұл мына сіздер мен біздердің азаматтық борышымыз, ізгілікті іс және біздің қоғамның дәрежесінің кемелденгенін көрсетеді. Мемлекет тарапынан халықты әлеуметтік қолдау ол нысаналы әрі атау-лы сипат алған жағдайда ғана нәтижелі болады. Мемлекет қоғамның осындай көмекке шынында зәру мүшелерін қолдауға міндетті және сол үшін жа-уапкершілікті іс жүзінде өзіне алып отыр, олар, ең алдымен: балалар, көп балалы аналар, ардагерлер, мүгедектер», – деп атап көрсетті.

Тәуелсіз Қазақстанның халықты әлеуметтік қорғаудың өзіндік құрылымы 1999 жылдардан қалыптасты.  2001 жылы 27 маусымды «Халықты әлеуметтік қорғаудың концепциясы» қабылданды. Бұл маңызды құжат мемлекетте әлеуметтік сақтандыру жүйесінің енгізілуімен ерекшеленеді. Сонымен бірге құжат бойынша  халықты әлеуметтік қорғау үш деңгейде жүзеге асады. Олар:



  • базалық, мемлекеттік бюджет есебінен төлемдер: зейнетақы төлемдері, мүгедектік бойынша төлемдер, асыраушысынан айрылуына байланысты төлемдер, әлеуметтік қорғау мекемелері бойынша әлеуметтік көмек көрсету, мекен-жайлық әлеуметтік көмектер.

  • міндетті, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі бойынша төлемдер: еңбек етуге қабілетсіз болған жағдайда, асыраушысынан айрылу жағдайында, жұмысынан айрылу жағдайында.

  • қосымша, жұмыс беруші жауапкершілігімен сақтандыру.

     Осының аясында жыл сайын үкімет пен министрлікте ауқымды бағдарламалар қабылданып, іс-шаралар жоспары бекітіледі.

Қызылорда облысы бойынша 2010 жылы 117212 аз қамтамасыз етілген азаматтар 1718,5 млн. теңгеге әлеуметтік көмектер және балаларға арналған жәрдемақы алды, өткен жылмен салыстырғанда 0,1 % азайған:

- 15994 азаматтарға 176,3 млн. теңгеге атаулы әлеуметтік көмек төленді, өткен жылмен салыстырғанда алушылардың саны 3682 адамға, ал төленген қаражат көлемі 20,4 млн. теңгеге азайды;

- 19606 отбасына 518,9 млн. теңгеге тұрғын үй көмегі төленді, өткен жылмен салыстырғанда көмек алушылар саны 1789 отбасына азайып, ал төленген қаражат көлемі 6,2 млн. теңгеге азайды;

- 81612 балаға 1023,3 млн. теңгеге 18 жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдемақы төленді, өткен жылмен салыстырғанда жәрдемақы алушылар саны 3900 балаға азайып, ал төленген қаражат көлемі 24,7 млн. теңгеге немесе 2,5 пайызға өсті;

Жергілікті бюджеттің есебінен жекелеген санаттағы әлеуметтік қолдауды қажет ететін 9631 адамға 255,8 млн.теңгеге әлеуметтік көмектер төленді.

Облыс бюджетінде аз қамтамасыз етілген азаматтарға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті көрсетуге 233,7 млн. теңге, нақтыланған бюджет 190,8 млн. теңге, оның ішінде ең төменгі күнкөріс деңгейінің өсуіне байланысты республикалық бюджеттен 96,8 млн. теңге қаражат қаралды. 2010 жылы 15994 азаматқа 176,3 млн.теңгеге тағайындалып, төленді. Ағымдағы жылға қаралған қаражат 92,4 пайызға, оның ішінде республикалық бюджет қаражаты 100,0 пайызға игерілді.

Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың жалпы санынан көп үлесті 18 жасқа дейінгі балалар - 57,2 пайызды, жұмыссыздар – 8,6, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 18,4, бала күтіміндегілер – 8,0, жұмыс істейтіндер – 1,8, зейнеткерлер - 0,4, мүгедектер – 0,9, студенттер - 3,0 және басқа да санаттар 1,6 пайызды құрайды. Облыс бойынша кедейшілік шегіне дейінгі үстеменің орташа мөлшері 918,7 теңгені құрайды.

Жол картасын жүзеге асыру барысында тұрақты және уақытша жұмыс орындарына бірінші кезекте атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан тартылуына байланысты, өткен жылмен салыстырғанда атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 3682 адамға, ал төленген қаражат көлемі 20,4 млн. теңгеге азайды.

Облыс бюджетінде аз қамтамасыз етілген отбасыларға тұрғын үй көмегін көрсетуге 746,1 млн. теңге, нақтыланған бюджет 607,4 млн. теңге қаражат қаралды. 2010 жылы 19606 отбасына 518,9 млн. теңгеге көмек тағайындалып, төленді. Ағымдағы жылға қаралған қаражат 85,4 пайызға игерілді.

Өткен жылмен салыстырғанда көмек алушылар саны 1789 отбасына, төленген қаражат көлемі 6,2 млн. теңгеге азайды.

2010 жылы 7810 жұмыссызды қоғамдық жұмыстарға тарту қаралған, жылдың қорытындысымен 7366 адам тартылып, бағдарлама параметрі – 94 пайызға орындалды. Осы жұмыстардың орташа мерзімі 3 ай, бір айлық жалақысы – 14952 теңгені құрады. Жыл басынан қоғамдық жұмыстарға қатысушыларға жергілікті бюджет тарапынан 295,9 млн. теңге төленді.

Мамандарды даярлау және қайта даярлауға 5290 адамды оқыту жоспарланып, 5247 адам оқу курстарына жолданды (қысқа мерзімді қайта даярлау курстарына – 1500 адам, индустриализациялау жобаларына – 2362 адам, жол картасы жобаларына – 1385 адам). Соның ішінде 2000 адам оқу курстарын аяқтап, 1138-і (58 %) жұмысқа орналасты.

Сонымен қатар 2009-2010 жылдар аралығында әлеуметтік жобалар бойынша 95 меморандумға қол қойылып жалпы сомасы 5054,1 млн. тенгені құрады. Оның ішінде: білім беру саласына қатысты 1 жоба 3,9 млн. тенгеге, денсаулық сақтау саласына қатысты 2 жоба 13,0 млн, тенгеге, әлеуметтік салада 12 жоба 48,7 млн. тенгеге, басқалары 75 жоба 4988,5 тенгеге жасалынған.

Алда тұрған аса маңызды міндеті – Қазақстанның барлық азаматтарының өмір сапасы мен деңгейін жақсарту, әлеуметтік тұрақтылық пен қорғалуды нығайту.

Пайдаланылған әдебиеттер

1 www.Enbek.gov.kz Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2009 - 2011 жылдарға арналған стратегиялық жоспары.

2 Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық – Қазаұстанның жаңа мүмкіндіктері. Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы 29.01.2010

3 Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру - мемлекеттiк саясаттың



басты мақсаты. Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы. "Егемен Қазақстан" 2008 жыл 7 ақпан, N 36 (25008).

4 Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметтері Қызылорда 2010.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет