Хх ғ. 20 Ж. Межелеу мәселесі және ұлт зиялылары



Дата25.02.2016
өлшемі73.5 Kb.
#20267
ХХ Ғ. 20 Ж. МЕЖЕЛЕУ МӘСЕЛЕСІ ЖӘНЕ

ҰЛТ ЗИЯЛЫЛАРЫ
Смагулова С.О. –

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих

және этнология институтының бас ғылыми

қызметкері, т.ғ.д.
ХХ ғ. 20 ж. Кеңестік билікті тұрақтандырудың әр түрлі құрылымдарының жүзеге асқаны белгілі. Соның бірі Орта Азия республикаларын ұлттық-аумақтық межелеу мәселесі.

Қазақстанның көршілес елдермен шекарасын айқындау және межелеу барысы Қазақ АКСР мен Қазақ КСР құрылған кездерде нақтылай белгіленді. Ұлттық межелеуді өткізу республиканың партия мен кеңес орындарында алдына-ала шаруашылық, әлеуметтік-саяси тұрғыдан дайындық жүргізуді қажет етті. Бұл аталған науқан барысында Орталықтан келген, жергілікті партия мен кеңес орындарының қайртакерлері арасында ұлттық межелеуді жүргізуге тиісті көптеген пікір сайыс туындады.

Кеңестік тарихнамада қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы, Орта Азиядағы ұлттық-территориялық межелеу және қазақтардың этникалық территориясын біріктіру, Қазақстанның территориялық тұтастығын бөлшектеу қауіпі атүсті ғана қарастырылды.

Межелеу мәселесіне қазақ ұлт зиялылары атсалысты. А. Байтұрсынов, Т. Рысқұлов, Т. Жүргенов, С. Қожанов және т.б. қоғам қайраткерлері Қазақстанның құрамына енетін жерлерді анықтау мен шекараны белгілеу мәселесіне байланысты ойларын, ұсыныстарын үкімет орындарына батыл, әрі ашық түрде айта білді.

Қазақ жерінің тарихи шекарасын анықтауда, Қазақстан территориясын біріктіруде ұлт зиялысы А. Байтұрсынов белсенді жұмыс жүргізіп, біршама уақыт даулы мәселеге айналған Қостанай уезіне қатысты іс-шаралардың шешілуіне атсалысты. 1917 жылғы революциядан кейін Торғай облысына қарасты Қостанай уезі Челябі губерниясының әкімшілік ықпалында болған еді. 1919 ж. 19 тамызында Қостанай мен оның уезінің бірталай территориясы ақгвардияшылардан тазартылып, қызылдардың Шығыс майданның әскери тылына айналды. Бұл территориядағы бандитшілдікпен күресте және өлкеде тәртіп орнатуда майданның Әскери кеңесі Сібір ревкомына Қостанай уезін Челябі аудандық Басқармасына қосу мәселесін көтерді. 1919 жылғы 27 тамыздағы БОАК-тің «Сібір революциялық комитетін құру туралы» декретіне сәйкес Басқарма құрылып, қыркүйектің басында Қостанай уезі Челябі губерниясына қосылды [1, 93-б.].

Қазақ өлкесін басқаратын ревком құрылғаннан кейін Қостанай уездік атқару комитеті орыс және қазақ болып, екі секцияға бөлініп, оның бірінші секциясы Челябі губкомына, ал екіншісі қазақ ревкомға бағынды. Бұл жағдай уезді басқаруға үлкен кедергі келтірді. Челябі губкомы Қостанай уезінің егін мен мал шаруашылығына қолайлығына орай губернияның құрамына қосып алуға тырысты. Сонымен бірге Қостанай уезінің халқы Челябі губерниясы мен Қазақ өлкесіне бірдей салық төлеп отырды [2].

1919 ж. 12 қыркүйекте Қазақ ревкомы Қостанай уезін қазақ өлкесіне бекітіп беру мәселесі жөнінде өтініш жасау ісін қазревкомның төрағасы С. Пестковский мен оның мүшесі А. Байтұрсыновқа тапсыру жөнінде шешім қабылдаған болатын. Осы мәжілісте А. Байтұрсыновқа үш күн ішінде Қостанай уезін қазақ өлкесінің құрамында қалдырудың себебін дәлелдеген баяндама жазып, оны телеграф арқылы Орталыққа жіберуді де тапсырды. Келесі күні қазревкомның төрағасы С. Пестковскийдың қол қоюымен үш орынға: БОАК-не, ХКК-нің төрағасы В.И. Ленинге және Х.И. Бекентаевтың атына осы мазмұнда жеделхат жөнелтілді. А. Байтұрсыновтың баяндамасы Орталыққа 16 қыркүйекте №557 нөмірмен жіберілді [3].

А. Байтұрсынов баяндамасында қазақтардың тұрмыс-тіршілігінің орыс халқының тіршілігіне мүлдем ұқсамайтындығын, қазақтардың шаруашылығының өз ерекшеліктері барлығын дәлелдеуге тырысты. Ол еуропалықтардың «қазақтардың көшпелі өмірі назар аударуға тұрмайтын, мәнсіз болып көрінеді. Олардың көпшілігі қазақтардың тұрмыс-тіршілігіне мақсатсыз, кезбелікке ұқсас, қалай болса солай жүретін құбылыс деп қарайды. Ондайлардың пікіріне сайсақ, қазақтарды отырықшыландыру онша қиын емес. Өйткені не нәрсеге де тез бейімделеді» деген пікірлеріне қарсы өзінің мынадай тұжырымын жасайды: «Шын мәнінде бұл пікір басынан аяғына дейін негізсіз және бұлай деп ойлаушылардың қазақ өмірі ауа райы мен жер жағдайына тікелей тәуелді екенін білмейтіндігін көрсетеді. Қазақ тіршілігінің ауа райы мен жер жағдайына тәуелділігін халық арасында айтылып жүрген: «Дала малды асырайды, ал мал қазақты асырайды» деген сөз дәл сипаттайды.

Жер неғұрлым шөлейттеу және өнімсіз болған сайын бағылатын мал тұяғымен тапталып, соғұрлым тез шаңытады. Сондықтан малдың өрістеп, жайылып қоректенуі үшін жер көлемінің мол болуы қажетті шарттың бірі болып табылады. Қазақтардың мал жайылымына сәйкес көшуінің қажеттілігі, міне, осы жағдайларға тікелей байланысты. Қазір шөбі, суы мол жерлерге көшудің алғашқы кездегі сипаттары өз мәнін жойды. Соңғы уақытта Ақтөбе және Қостанай уездері аздаған өзгерістері болмаса, өз қыстауларынан 40-50 шақырымнан әріге ұзамайды. Басқаша айтқанда, өзінің әкімшілік уезінен тыс аумаққа сирек көшеді және өз болысынан онша көп алысқа кетпейді. Бұған қарама-қарсы оңтүстіктегі Ырғыз бен Торғай уездерінде құнарлы мал жайылымы жетімсіз болғандықтан 200-400 шақырым қашық жерге көшіп баруы жиі кездеседі. Сырдария облысының қазақтары жыл сайын жаз айларында (Қазалы мен Перовск уездері) 800-1000, тіпті одан да көп шақырым жол жүріп, Торғай облысынан (Ақтөбе және Қостанай уездеріне) жайлауға келіп-кетіп тұрады». Бұдан әрі А. Байтұрсынов қазақтардың көшіп-қонуының себебін ашып, әрі қазақ облыстарының өз ерекшеліктерін көрсетіп береді. «Бір сөзбен айтқанда қыстаудан жайлауға көшіп баратын жердің ара қашықтығы сондағы малдың өрісіне, шөптің молдығына, суатқа тікелей байланысты, соған тәуелді», - дей келе, көшу қалай болса солай, әркімнің ойынша емес, қатал тәртіп бойынша, белгілі бір бағытпен келісіммен жүретіндігін атап өтеді. Ол Торғай облысының солтүстіктігіндегі Ақтөбе және Қостанай уездерінің және оңтүстік бөлігіндегі Ырғыз бен Торғай уездерінің табиғи жағдайлардың айырмашылықтарына тоқталды.

А. Байтұрсынов Қостанай уезінің Челябі ауданына қосу түсініспеушілік туғызатын қадам болып табылатындығын ашық көрсетті. Ол оңтүстік уездердің солтүстікке экономикалық жағынан тәуелді екенін, егін екпейтін оңтүстік ауданды осы солтүстік астықпен қамтамасыз етіп отырғандығын мысалмен келтіріп өтеді [2].

1919 ж. 25 қыркүйегінде өткен өлке мәжілісінде А. Байтұрсыновтың баяндамасына орай Орталыққа Қазақ өкілдігінен М.М. Тимошенконы жіберу турасында қаулы қабылдынды [4].

Қостанай уезін Қазақ өлкесіне қалдыру мәселесін тез арада қарауды өтінген келесі бір жеделхат 1919 жылдың 4 қазанында тағы да В.И. Ленин атына жіберіледі. 6 қазанда Қазревком РКФСР-ге қарасты Ішкі Істер Халық комиссариатына Қостанай уезіне қатысты мәселені шешіп беруді, Қостанайды Қазақстанның құрамында қалдыруды өтінген жеделхат жолдаған. Осы мәселе бойынша 1919 ж. қарашасында С. Пестковский Орталыққа барып қайтты. Алайда осы жылдың 12 желтоқсанында Мәскеудің шешімі бойынша Қостанай уезі Челябі қарамағында қалдырылды.

1919 жылдың 15-16 желтоқсанында В.И. Лениннің тікелей тапсырма беруімен М.И. Калининнің басшылығымен БОАК-ті Башқұртстан, Татарстан және Қазақстан ісі жөнінде мәжіліс шақырып, Қазақ өлкесінің шекарасы мәселесі қарастырылды. Шекараға байланысты дау-дамайды анықтап шешу мәселесі БОАК-нің әкімшілік комиссиясына жүктелінді. Бұл комиссияны И.В. Сталиннің ұйғаруы бойынша М.И. Калинин мен А.И. Рыков басқарды. Комиссияның мәжілісіне Қазақстаннан Ахмет Байтұрсынов, Түркістаннан Г. Коростелев, М. Тынышбаев, Х. Кинзин, Ғ. Бөкейханов, М. Тұнғашиндер қатысты. Бұл мәжіліске Орынбор, Башқұртстан және Өзбекстанның өкілдері, атап айтсақ, Башқұртстаннан Заки Уәли, Өзбекстаннан Аралбай Отарбаев, Ибраһим Құсайын қатынасқан болатын [5, 328-б.].

Қазревкомның уезді толықтай өздерінің басқарына беруін талап еткеніне Челябі губкомы уездегі халықтың 60 %-ін орыстар құрайтынын айтып, олардың талаптарынан бас тартты. 12-18 қаңтар аралығында өткен Қостанай уезі кеңестерінің I съезінде ауылдар мен қазревкомның өкілдері уезді Қазақстанға қайтаруға қатысты мәселені қараудан қалыс қалып, тек бұл мәселені 17 қаңтарда өткен жеке мәжілістерінде қарап, қазревкомның мүшесі Файзолла Иманбаевтың уезді Торғай облысына қосу турасында жасаған баяндамасы мәжіліске қатысушылар тарапынан қолдау тапты. Мәжіліс мүшелері Бүкілқазақтың Кеңестер съезі олардың шешімдеріне келісім береді деп үміттенді. Егер де съезд бұл шешімге қол жеткізе алмаса, онда болашақ республикаға қазақ болыстарын қосуға да көнетіндерін білдірді [6, 53-55-бб.].

Қазревком 12 желтоқсанындағы Мәскеудің шешіміне келіспей, 22 желтоқсанда осы уездің бірнеше өкілдерінің пікірлерін тыңдағаннан кейін «Қостанай бөлімін уақытша уездік ревкомның құқығында» деген шешім шығарды. Челябі губкомының 1920 ж. 29 қаңтарында Москваға РК(б)П ОК-і мен БОАК-не жіберген хатында Шербина санағының мәліметтерін келтіре отырып, губерния халқының басым көпшілігі орыстар екендігі, қазақтар тек 40 %-ін ғана құрайтындығын, сондықтан тез арада бұл мәселені шешіп беруді өтінді [6, 55-б.].

Қазревком бұл территорияның ежелден қазақтардыкі, әрі Торғай облысы уезінің жазғы мал жайлайтын жерлері екендігін дәлелдеуге тырысты. Осы мәселе бойынша екі жақ ұзақ уақыт нақты шешімге келе алмады. 1920 ж. қаңтарында М. Сералин Шұбар ауданының ревкомының атынан Ревкомға Қазақ өлкесін басқару мәселесіне арнап баяндама жіберіп, онда Челябі губерниясы мен Қазақстан Орталық Өлкелік органдарының арасындағы Қостанай уезіне қатысты айтыс-тартыс өлкенің саяси, экономикалық және мәдени-ағарту дамуын тежеп отырғандығын келтіреді. «Азық-түлік мәселесінде халықтың жағдайы аса ауыр. Көп жерлерге тұрғындарға дәргерлік көмек көрсету жоқ десек те болады», - дей отырып, ол тез арада бұл мәселені шешіп, уезді Қазақ өлкесінің қарамағына беруді қажет деп табады.

22 қаңтарда қазревком М. Сералиннің баяндамасын талқыға салып, мынадай қаулы қабылдайды: 1. Тез арада (тікелей байланыс арқылы) Орталыққа Қостанай уезінің Челябі губерниясынан шығарып, Қырғыз (Қазақ) өлкелік рескомына енгізуді жеделдету барысын телеграф арқылы хабарлау; 2. Челябі ревкомымен келіссөздер жүргізу үшін құрамында М. Сералин мен Ашмарин бар комиссия құру.

Уезді қазревкомның қарамағына беру мәселесін Түркістан революциялық соғыс кеңесі мен оның қолбасшысы М.В. Фрунзе де қолдады. 1920 ж. 28 ақпанында Саясибюро Фрунзенің Қостанай уезін Қазақ өлкесіне қосу туралы ұсынысын қарап, талқыға салып, барлық жиналған материалдарды БОАК-нің Әкімшілік комиссия қарауына беру жөнінде шешім шығарады. Қазақ ревком басшылары Сібревкомынан Қостанай уезін Қазақ өлкесіне қайтаруды батыл талап етті [6, 55-б.].

М.В. Фрунзенің Қостанай уезіне қатысты В.И. Ленинге жіберген жеделхатында уезді тез арада Қазақстанға қосу аса қажеттігін атап өткен. Оның бұл ұсынысын В.И. Ленин РК(б)П Орталық Комитетінің арнайы қойып, шешім шығару үшін БОАК-тің әкімшілік комиссиясына жібереді. Даулы болып тұрған мәселе қазревкомның бірнеше жиналыстарында қаралып, Челябі губерниялық партия комитеті мен атқару комитетінен уезді Қазақ өлкесіне беруді өтінген келіссөздер жүргізіле бастады. Бұл келіссөздерді жүргізуге қазревкомнан өкіл ретінде А. Байтұрсынов, М. Сералин мен Ашмарин Челябі қаласына кезектесе барған. 4 наурызда Челябі губкомында өткен мәжіліске А. Байтұрсынов пен М. Сералин қатысып, күн тәртібінде тек бір-ақ Қостанай уезін Қазақ өлкесіне қосу мәселесі қарастырылды. Ғалым М.П. Малышова көрсеткендей, бұл мәселені талқылау барысы бірнеше күнге созылған.

Екі жақтың өкілдері уездің екі губернияға бірдей маңыздылығын түрлі фактілермен дәлелдеуге тырысты. Қазақ өкілдігі 1916 жылғы Торғай облысының статистикалық комитеттің мәліметіне сүйене отырып облыс халқының 47,5 -ін қазақтар, ал 52,5 -ін басқа ұлт өкілдері (орыстар, украиндар, немістер, татарлар және т.б.) құрайтынын, Торғай облысына жаз айларында Ырғыз, Перовск және Қазалы уездерінің қазақтары көшіп-қонып жүретіндігін, губерния Торғай және Ырғыз уездерімен тығыз экономикалық байланыс ұстап отырғандығын, тіпті патша үкіметі бұл жердің жергілікті тұрғындарының мәдениеті мен тұрмысының ерекшеліктерін танығандығын айтса, ал орыс өкілдері бұл жерлерге Шербина есебі бойынша жаз айларында 1337-ден 3754 қана қазақтардың көшіп келетіндігін, Қостанай уезінің Челябі губерниясына қосылуы олардың көшіп-қонуына еш кедергі келтірмейтіндігін айта отырып, бұл губернияның орыс экономикасын көтеруге және Трансібір магистралін салып, Сібір мен Орал аралығын жалғастырып тұруда аса маңыздылығын келтіреді.

А. Байтұрсынов пен М. Сералин мәселені қарастыруда Қостанайда қазақ уездік ревкомын құру қажет деп тапса, ал сібірліктер бұл «қосүкіметтілікке алып келеді» деген желеумен қазақтар Қостанай уездік атқару комитетіне өздерінің тұрақты өкілдерін жіберуді ұсынады. Екі жақ нақты шешімге келе алмағандықтан бұл мәселенің түпкілікті шешімін Мәскеуден күту қажет делінді [7, 172-173-бб.].

Келіссөздердің қорытындылары 1920 ж. 27 наурызы мен 7 сәуірін аралығында болған қазревкомның отырысында қаралды. 29 наурыздағы отырыста Қостанай уезіне байланысты Орталық үкіметі орындарымен жүргізілген келіссөздердің нәтижесіз болуына байланысты М. Сералин мен А. Байтұрсыновтың баяндамалары тыңдалып, Қостанай уезінің Торғай облысы құрамында болуы керектігі жөнінде деген талаптарының дұрыстығы талып өтіп, Қазревком мынадай ұстанымға келеді: 1. Қазақ өлкесінің барлық солтүстік бөлігі малға жайлымды, шұрайлы, егістікке жарамды болса, ал оның оңтүстігі құмдауыт, тұзды, тастақ болғандықтандықтан, бұл екі өңір бір-бірімен экономикалық жағынан тығыз байланысты. 2. Екі өлкенің жергілікті халықтарының тұрмыс-тіршілігін ескермей, оның жерінің бір бөлігін есіп алуға жол беруге болмайды. 3. Патша үкіметі заманында өлкенің шұрайлы жерлері қоныстанушылардың есебіне алынып кеткендіктен жергілікті халықтың шаруашылығына көп зиянын тигізген... тағы да шекараны өзгерту қиыншылықтар мен зардап әкелуі ықтимал. 4.Жоғарғы үкімет орындарының жергілікті билікпен санаспай шекараны өзгертуге тырысуы қисынсыз. Бұлай ету жергілікті биліктердің арасында түсініспестік, кикілжің туғызуы мүмкін. 5. Қазатың Қостанай уезі мен Ақмола облысының солтүстік уездерін (Петропавл,Омбы, Көкшетау) бөліп алу жөніндегі Сібір ревкомының қойып отырған талабы негізсіз. Бұл мәселені әңгіме қылу дың өзі артық сияқты [8].

7 сәуірде болған отырыс барысында А. Байтұрсынов пен М. Сералиннің Челябі губерниясымен жүргізіліп жатқан келіссөз барысының нәтижесі жөнінде баяндама жасап, уезді Торғай облысының қарамағында қалдыруды дұрыс шешім деп тапты. Қазақ әскери ревкомы Қазақ өлкесінің солтүстік бөлігі шүйгінді шөбі, жайылымды жері мен суы мол, егіншілік пен мал өсіруге аса қолайлы болса, ал оңтүстік бөлігі сусымалы құмды, тұзды саз балшықты, сортаң, тіпті мал шаруашылығына да қолайсыз, міне, сондықтан экономикалық жаңынан бұл екі бөлігі бір-бірімен тығыз байланысты деген қорытынды жасады. Сонымен қатар бұл жерлерде байырғы қазақтыкі болғандықтан жергілікті үкімет пен тұрғындардың келісімінсіз шекараға өзгеріс енгізу олардың арасында алаңдатушылық туғызатындығын атап, Қостанай уезі мәселесін түпкілікті түрде шешу үшін Мәскеуге арнайы өкіл жіберу жөнінде шешім қабылданды. Қазревком Мәскеуге барлық жиналған материалдармен А. Байтұрсыновты аттандыруды жөн тапты [9].

Түркістан Республикасы Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Т. Рысқұлов та көнеден ата-бабадан мирас болып келе жатқан қазақ территориясының тұтастығын қалады. Оның межелеу мәселесіне байланысты көлемді мақаласы «Известия Туркцик-а» газетіне жарияланып, онда Ақтөбеде өтетін қазақ съезіндегі аса маңызды мәселе құрылатын Қазақ автономиялы республикасының шекарасын анықтау екендігін, Колчак тепкісін көрген Сібір қазақтарын да, Жетісу мен Сырдария облыстарының да болашақ Қазақ АКСР-нің құрамына енуін тиімді санады [10, 69-70].

1919 жылдың қарашасында партияның Орталық Комитеті Қазақстанға РКП(б) ОК-нің, БОАК пен Түркістан ісі бойынша құрамында Ш.З. Элиава, М.В. Фрунзе, В.В. Куйбышев, Ф.И. Голощекин мен Я.Э. Рудзутак бар ХКК комиссиясын жіберді [11, 55-56-бб.]. Сөйтіп Түркістандағы билік В.И. Ленин жіберген Түрккомиссияның қолына шоғырланды. Академик М. Қозыбаев жазғандай, Түркістанды шын мәнінде кеңес отары деп санаған осы комиссияның мүшесі Ф. Голощекин «аса маңызы жоқ кейбір жауапты постқа мұсылман қызметкерлерін отырғызуға болады», - деп ашық айтуы ол республиканың қуыршақтық болымысын көрсеткендігі еді.

Т. Рысқұлов, Ю. Әлиев, Ю. Ибрагимов 1920 ж. басында «Түркістан кеңес республикасы» туралы құжаттың жобасын даярлап, оның бірінші пунктінде бес облыстан тұратын, құрамында қазақ, сарт, өзбек, түркімен, қарақалпақ, қыпшақ және түрік емес тәжік ұлтын қоса отырып, түрік халықтарының отанын санау, ал қалған орыс, еврей, армян және басқа ұлттарды (пришлый элемент) келген ұлт есебінде санау турасында айтылса, ал осы жобаның екінші пунктінде Түркістан республикасын ұлттық кеңестік республика, ал оның халықтарын түрік халқы санау қажет деп тұжырымдалды [12, 95-96-бб.].

Түрккомиссия Түркістан өлкесінің саяси, әлеуметті-экономикалық және мәдени жағдайын тереңдете тексере келе, 1920 ж. Түркістан АКСР-де ұлттық-мемлекеттік межелеуді өткізуді ертерек деп шешті. 3 наурызда РКП(б) Өлкелік комитеті мен Түрккомиссия және Түркістан ОАК-нің бірлесе өткізген мәжілісінде Фрунзе Түркістанда қалыптасқан жағдайға байланысты ұлттық-мемлекеттік межелеуді жүргізу мүмкін еместігін атап өтті.

1920 ж. 5 маусымдағы Түрккомиссия БОАК-нің Президиумына және РКП(б) ОК-не жіберген жеделхатында өлкені ұлттық республикаларға қажетті дайындықсыз бөліп берудің мүмкіндігі жоқтығын мәлім етті. 18 маусымда Түркістан АКСР-інде жедел түрде ұлттық межелеу өткізуге қатысты РКП(б) Өлкелік комитеті мен Түрккомиссия және Түркістан ОАК-нің бірлесе өткізген келесі мәжілісінде В.В. Куйбышев межелеуді жүргізудің елде экономикалық және саяси қиындықтар туғызуы мүмкін деп тұжырым жасаған еді. Бұдан кейін В.И. Ленин Түрккомиссияның барлық материалдарын қарап, Т. Рысқұлов, Ю. Әлиев, Ю. Ибрагимовтар дайындаған «Түркістан кеңес республикасы» туралы құжаттық жобаны қабылдамай, Түрккомиссияның межелеу үшін дайындықтар жүргізу керек деген ұсынысын дұрыс деп тапты және Түркістан республикасының картасын жасау, оның территориясын үшке бөлу немесе қосу жағайын жан-жақты талқылау қажеттігін атап көрсетті [13, 149-б.].

1920 жылдың 26 тамызында Қазақстан Кеңестік Социалистік Автономиялық Республикасы құрылғаннан кейін оның құрамына 1921 ж. Соңына қарай жеті губерния және жекеленген Адай уезі енді.

1922 ж. Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының (КСРО-ның) құрылуы, бұрынғы автономия болып өмір сүріп жатқан ұлттық-мемлекеттердің территориясын қайта біріктіру туралы мәселені кең көтере бастады. Қазақ халқы екі бірдей автономияның, нақтылай айтқанда Қазақ АКСР-і мен Түркістан АКСР-нің құрамында болды. Түркістан АКСР-нің құрамындағы қазақ жерлерін Қазақ АКСР-не қосу және өзбек, түркімен, тәжік және т.б. ұлттарды ұлттық-мемлекеттік құрылымын құру туралы мәселе күн тәртібіне айналды.

1924 жылы Ортаазиялық республикалардың белгілеуге қатысты талқылаулар өтіп, түрлі ұсыныстар айтылды. Межелеу мәселесі ұлт зиялылары арасында қызу талқылауға түскен. «туркестанская правда» газеті «Ұлттық-мемлекеттік межелеу» тақырыбымен арнайы айдар ұйымдастырды. С. Қожанов, С. Асфендияров және т.б. қазақ зиялылары осы басылымға мақалаларын жариялап, межелеу мәселесі төңірегінде ойларын өрбітті. Мәселен, С. Қожанов Орта Азия республикаларына межелеудің аса қажеттігін, межелеудің жекеленген ұлттардың ұлтаралық ерікті байланысын, ерлік бірлігі мен достықтығын қамтамасыз ететін шара деп есептесе [14], ал С. Асфендияров межелеуді кенжелеу халықтың мәдени және экономикалық өркендеу мүмкіндігін қамтамасыз етілетіндей тәртіппен жүргізу қажеттігін үндеген [15].

Сырдария облыстық атқару комитетінің төрағасы Есқараев межелеу кезінде Сырдария (қазақтар мен өзбектердің арасында) мен Әмударияны бөлуге болмайтындығын, оны ортақ пайдалану қажеттігін көтерген [16].

Қазақтарды бір ұлттық кеңестік республикаға біріктіру 1924-1925 жылдардағы Орта Азиядағы межелеумен бірге аяқталды. Қазақ АКСР-нің құрамына оңтүстіктегі қазақ аудандары (Жетісу мен Сырдария губерниясы) еніп, республика астанасы Орынбордан Қызылордаға көшіріліп, Орынбор губерниясы Қазақ АКСР-нің құрамынан шықты.

Жалпы, көріп отырғанымыздай, қазақ зиялылары елдің тұтастығын, бірлігін, тыныштығын көздеп, қазақтың жері халықтың өз игілігіне айналу қажет деген тұжырымды ұстанған және осы жолда қызмет еткен.


1 Маймақов Ғ. Қазақ жері тұтастығының қалыптасуы. А., 2005.

2 Егемен Қазақстан. 2002. 24 сәуір.

3 ҚРОММ. 14-қ., 3-т., 19- іс. 4-4-артқы –пп.

4 ҚРОММ. 14-қ., 3-т., 19-іс. 10-п.

5 Заки Вали Тоган. Воспаминания. Борьба народов Туркестана и других восточных мусульман турок за национальное бытье и сохранение культуры. Уфа, 1994.

6 Малышева М.П. Национально-территорииальное размежевание Сибири и Казахстана (1919-1922 гг.). Семипалатинск, 1999.

7 Зиманов С., Даулетова С., Исмагулов М. Казахский революционный комитет.А., 1981.

8 ҚР ОММ. 14-қ., 3-т., 17-іс. 26-п.

9 ҚРОММ. 14 -қ,. 3-т., 17-іс. 17-арт., 24-26,27-п.п.

10 Рыскулов Т.Р. Избанные труды. Алма-Ата, 1984.

11 Сартаев С. Образование становление казахской советской государственности. Алма-Ата, 1960.

12 Қозыбаев М. Тарих зердесі. Екінші кітап. Алматы, 1998.

13 Гордиенко А. А. Создание Советской национальной государственности в Средней Азии. М., 1959.

14 Туркестанская правда. 1924. 15 августа.

15 Туркестанская правда. 1924. 15 августа.

16 Туркестанская правда. 1924. №181. 18 августа.








Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет