Хх ғасырдағы түркі халықтары: тәуелсіздігі мен бодандығы



жүктеу 106.43 Kb.
Дата09.06.2016
өлшемі106.43 Kb.
ХХ ғасырдағы түркі халықтары: тәуелсіздігі мен бодандығы
Қазіргі таңдағы саяси аренадағы түркі тілдес мемлекеттердің орнын, ролін және ынтымақтастық бағыттарын, оның алғышарттарын зерттеу үшін, ең алдымен оларды ортақтыққа итермелейтін идеялардың түп-тамырын қарастыру қажет. Осы мемлекеттердің ынтымақтастығының тарихи

алғышарты ретінде қазіргі таңда пантюркизм идеясын алға тартып жүр.

Пантюркизм деген не, оның басты мақсаттары қандай деген сұрақтарға келер болсақ, «Кеңестік энциклопедиялық сөздікте» берілген анықтама бойынша «пантюркизм – ол ХХ ғасыр басында пайда болған түрік буржуазиялық – помещиктік тобының реакциялық шовинистік доктринасы, ол, Түркияның басшылығымен түркі тілдес халықтарды біріктіруді үгіттейді»

Еуропа тарихында бүтін бір тарихи кезең (ХVІІ жәнеХVІІІ ғғ.) Ағартушылық дәуірі аталады. Мұндай қоғамдық үрдістің негізінде білім мен ғылымның қуатты күшке айналып, жаңа өріс алуы жатты. Еуропалық ағартушылық феодалдық қоғамдық тәртіпті жоюға, ортағасырлық діни фанатизмнен бас тартуға, жеке тұлғаның еркіндігін мойындауға, білім мен ғылымға кең жол ашуға үндеді. Сонымен бірге Ағартушылықты тек еуропалық елдерге ғана тиесілі «аймақтық» құбылыс ретінде қарастыру, әрине, қателік болар еді [1]. Ағартушылық идеясы Ресей арқылы оның құрамындағы қазақ және қырғыз сияқты елдерге де жетті.

Сондай-ақ, ХХ ғасырдың басында бүкіл Түркістан халықтары өмірінде көрініс тапқан Ағартушылықты ресейлік өмірге еліктеушіліктен туындаған ағым ретінде қарастыру оның жергілікті негіздері мен ерекшеліктерін түсінуге кедергі жасар еді. Мәселен, түркістандық ағартушылықтың мазмұндық және хронологиялық тұрғыдан тек өзіне ғана тиесілі ерекшеліктері болды. Ол күні өткен феодалдық тәртіп пен қоғамдық қатынастарға, діни фанатизмге қарсы бағытталуымен бірге, ресейлік отарлық езгіден құтылуға, жаңа заман сұранысына лайық білім мен ғылымды игеруге, әйел теңдігін, жеке тұлғаның еркіндігін мойындауға үндеді. Басқаша айтқанда, ол қоғамның ішкі мерездерімен бірге, сырттан отарлық режиммен бірге ере келген қауіп-қатерге қарсы бағытталды.

Сонымен бірге, осы ретте түркістандық ағартушылықтың мынадай бір ерекшеліктеріне көңіл аударған артық емес. Мәселен, еуропалық ағартушылық француз, ағылшын, неміс сияқты ұлттардың ұлттық әдеби және ғылыми тілінің, ұлттық санасы мен мәдениетінің біржола қалыптасуына жол ашып, мүмкіндік туғызды. Ал ресейлік түріктер үшін жағдай өзгеше қалыптасты. Ресейлік түрік халықтарының арасында ағартушылық идеясының өріс алуына түрткі болған жағдай, біріншіден, олардың экономикалық және мәдени дамуда алдыңғы елдерден артта қалуы болса, екіншіден, отарлаушы билік тарапынан түрлі кемсінтулер мен езгінің күшейе түсуі еді. Басқаша айтқанда, ресейлік түркілер империя құрамында өздерін өгей ұлдай сезінді. Осы жағдайға байланысты ХХ ғасырдың басындағы «түрік әлемін оятқан» Исмаил Гаспралы «Орыс билігі мұсылмандарды прогресс пен өркениетке бастай алмай отыр деп айтудың өзі адамды мұңға батырмайды ма?» [2], - деп жазды.

Міне осындай орыс билігі тарапынан төнген қауіп жағдайында империя құрамындағы түрік халықтарын өзара күш біріктіруге бастайтын ортақ идея іздеу байқалды. Бұл идеяны жинақы түрде «Тілде, пікірде, істе бірлік» деп білдірген жоғарыда аталған Ғаспыралық Исмаил болды [3]. Ал бұл қолдаушылар ұстанымды үшін түрік халықтарын қоғамдық дамуда жаңа сатыға алып шыға алатын құрал ретінде жалпытүркілік ортақ тіл және жадидтік мектеп мойындалды.

Ғаспыралық Исмаилдың «Тәржіманы», сондай-ақ оның ұстанымына белгілі дәрежеде қолдау көрсеткен Фатих Кәрімовтың «Уақыт» газеттері ХХ ғасырдың басындағы түрік халықтары үшін ортақ жазба тіл қалыптастыру жолында жасалған аса маңызды әрі сәтті қадам еді. Сондай-ақ, бұл әрекет империя көлеміндегі түрік халықтары арасында өзара ынтымақтастық, ниеттестік сезімнің өріс алуына қызмет жасады.

ХХ ғасыр басында тұтас түрік елі идеясының қайта жаңғыруы, сондай-ақ, осы бағытта жүрген ағартушылық қызмет өз жемісін берді. Империя құрамындағы түрік халықтарының өзара ынтымақтастығы мен азаттығы үшін күрес жолындағы тұтастығын жақтап, осы мақсатқа қызмет жасауға ықыласты бүтін бір зиялылар буыны қалыптасты. Өзбек М.Қари, М.Бехбуди, А.Мавлони, А.Шолпан және А.Қадыри, қырғыз И.Арабаев, Ә.Сыдықов, Қ.Тыныстанов,Белек және Жанек Солтоноевтар, қазақ Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Шоқай, Т.Рысқұлов және М.Жұмабаев, татар Ж.Ақшора, С.Мақсуди, М.Сұлтанғалиев, башқұрт З.У. Тоған және А.Инан жалпытүркілік ынтымақтастық идеясына заман сұранысына лайық мазмұн беруге күш салған тұлғалар болды.

Жалпытүркілік ағартушылық қызметтің ұлтшылдық идеясын айналып өтуі, әрине мүмкін емес-тін. Қоғамдық ойдағы ағым, ұстаным ретінде түркілік ұлтшылдық Ресей империясында көрініс тапты. Бұл жасанды идеялық құрылым (конструкция) емес, сондай-ақ, ресейлік идеологтар қолдан жасаған пантүркілік мақсат та емес, ол орыстық саяси жүйе мен мәдени ортаға жұтылып кетуден қаймыққан халықтардың өздерін этникалық құрылым ретінде қорғау, осы мақсатта ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи ата-мекенін сақтап қалу, сондай-ақ, белгілі бір тиімді түрде ұлттық мемлекеттігін жаңғыртуға ұмтылыстың көрінісі еді. Жадидтік негізде жаңа серпін алған жалпытүркілік ағартушылық, белгілі бір дәрежеде, осы мақсатқа қызмет етуді көздеді. Басқаша айтқанда, түркістандық ұлтшылдық орыс отаршылдығы тарапынан төнген қауіптен қорғану қажеттілігінен туындаған ұлтшылдық болатын. Орыс отаршылдары өз тарапынан оған «бөлінбейтін» Ресейдің мүддесіне қауіп төндірген сепаратистік қозғалыс ретінде қарады. Ал тарихи шындыққа жүгінсек онда бұл кезеңдегі түркістандық ұлтшылдық Дж.Неру орынды айтып көрсеткендей, «бүкіл Азия елдерінде үстемдік құрған прогресшіл күш» [4] - Азиядағы ұлтшылдықтың құрамдас бөлігі еді.

Кезінде советтік идеология ХХ ғасыр басындағы түркістандық алғашқы зиялылар буынын түрік халықтарын ілгері емес, кейін феодалдық тәртіпке бастайтын қоғамдық күш ретінде көрсетуге тырысты. Советтік билік мұнымен де шектелген жоқ. Мәскеулік билік және коммунистік партия өз арсеналындағы бар мүмкіндіктерін пайдаланып, түркілік ағартушылық пен ұлтшылдыққа шабуылға көшті. Билік тарапынан төнген қауіп жағдайында ресейлік жалпытүркілік азаттық қозғалыстың басшылары Садри Мақсуди,Гаяз Исхаки, Алимардан Топчибаши, Мамед Эмин Расулзаде, Мұстафа Шоқай, Осман Қожаұлы, Заки Уалиди Тоған және басқалары шетелдік эмиграцияға кетуге мәжбүр болып, саяси қызметін сонда жалғастырды [5]. Азаттық қозғалыстың шетелдік эмиграцияға кетпей, өз отанында қалған қайраткерлері Мунавар Қори, Убайдолла Қожа, Абдурауф Фитрат, Абдулла Қадыри, Абдулхамид Сүлейман (Шолпан), Әбдікәрім Сыдықов, Ишеналы Арабаев, Қасым Тыныстанов, Мирсаид Султанғалиев, М.Вахидов, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов Т.Рысқұлов және басқалары ресейлік түркілердің азаттық қозғалысын біржола жоюды көдеген сталиндік репрессияның құрбаны болды.

Кейінгі жылдары ғылыми айналымға тартылған құжаттық материалдар мәскеулік орталықтың Қазан революциясы жеңіп советтік билік орнаған сәттен бастап-ақ, түркі-мұсылман халықтарының ұлт-азаттық қозғалысымен ақтық күреске түскендігін айғақтайды. Қазақстан бойынша ОГПУ мекемесінің кеңестік билік орындарымен тығыз байланыста қазақ ұлт-азаттық қозғалысымен жүргізген қызметі туралы материалдар «Алаш қозғалысы. Движение Алаш» аталатын көптомдық жинақтың үшінші томында берілді [6]. Мәселен, Қазақстан бойынша ГПУ басшылары Каширин мен Якубовский республикалық партия басшылығына Алаш қозғалысы қайраткерлері мен белсенділерінің 1922 жылдың соңғы тоқсаны мен 1923 жылдың алғашқы айындағы саяси қызметі мен ұстанымына мұқият талдау жасай отырып, өз еріктерінен тыс мынадай мазмұндағы тұжырымға жол береді (негізгі ой түсінікті болу үшін үзіндіні түп нұсқа тілінде беріп отырмыз): «Результаты агентурной разработки [представителей] Алаш-Орды и киргизских национальных группировок за последнюю четверть 1922 г., ... позволяют сделать нижеследующие выводы об изменениях в наионально-освободительной движении и о характере его за отчетный период» [7].

Біз үшін бұл арада ең маңызды нәрсе, әрине, ГПУ басшыларының даярлаған құпия құжатында Алаш қозғалысының ұлт-азаттық қозғалыс ретінде мойындалуы, сондай-ақ, жергілікті ГПУ мекемесінің Алаш қозғалысының ішкі мазмұнына байланысты Орталық саяси биліктің жабық ұстанымынан жақсы хабардар екендігі еді. Басқаша айтқанда, басында И.Сталин тұрған партиялық басшылық, сондай-ақ оның тапсырмасын орындаушы ОГПУ мекемесі одақтағы түрік республикаларында (тек оларда ғана емес) ұлт-азаттық қозғалыстарымен күрес жүргізіп отырғандықтарын білмеді деп айту қателік болады. Бұл бұрынғы одақ көлемінде арнайы зерттеуге алынуға тиіс тақырып.

Келесі бір құжатта ОГПУ офицері Фома Иванов 1926 жылы Қазақ өлкелік партия комитетінің басшылары Ф.Голощекин мен С.Садуақасовқа жолдаған аса құпия хатында мынадай фактіні келтіреді: «Я, как сотрудник ГПУ, знающий воочию проводимую политику группой губернских европейских работников в лице Шишко, Берестина, Озола, Альшанского и других, считаю своим партийным долгом донести, что если не изменить антипартийную политику этой группы, которая направлена заведомо в сторону преследования и гонения казахских работников, путем использования против них всех сил и возможностей, которыми располагают они. По линии ГПУ первоочередной первооперационной работой является собирние ложных материалов на казахских ответработников [8]».

Әрине, бұл арада қарапайымда әділ ГПУ қызметкері өзі еңбек ететін мекеме басшылығының жүргізіп отырған саяси бағытының Кеңес үкіметі мен большевиктер партиясының ашық жария еткен ұстанымымен үйлеспейтіндігін дәл басып көрсетіп отыр. Бірақ оның бір нәрсені түсіне алмағандығы байқалады. Кеңестік биліктің бүкіл әлем алдында жария еткен саяси бағыты мен шынайы өмірдегі ұстанымы арасындағы қайшылықтың іргетасы осы кезде-ақ қаланған еді. Ал, хатта аты-жөні келтірілген Қазақстандағы ГПУ басшыларының (Шишко, Берестин, Озол, Альшанский), әрине, Мәскеудегі Орталықтың аса құпия саяси тапсырмаларын орындап отырғандығы даусыз шындық.Тура осы мазмұндағы құжаттардың өзбек және қырғыз азаттық қозғалыстарына байланысты бар екендігіне біздің ешқандай да күмәніміз жоқ. Басқаша айтқанда, әлемдік қауымдастық алдында өзін ұлт-азаттық қозғалыстардың қамқоршысы әрі одақтасы ретінде көрсетуге тырысқан Кеңес үкіметі, өз елінде ұлт-азаттық қозғалыстарды шексіз қатыгездікпен жаншып басып отырды.

Енді осы арада түкістандық ағартушылық тақырыбына оралып оның хронологиялық шеңберіне қысқаша болса да тоқталып өткеніміз жөн болмақ. Салыстырмалы тұрғыдан алғанда, мәселен, еуропалық ағартушылық ешқандай да сыртқы араласусыз, барлық табиғи қалыптасу және даму сатыларынан емін-еркін жүріп өтіп, бірнеше ғасырға созылды. Сондай-ақ, еуропалық ағартушылықтың өкілдері ақын-жазушылар, ғалым, философтар билік тарапынан жаппай саяси қуғын-сүргінге түсіп, репрессия құрбаны болған жоқ. Мұндай жағдайдың еуропалық ұлттардың ұлттық сана-сезімдерінің, әдеби және ғылыми тілі мен мәдениетінің біржола қалыптасуына жағымды әсері болды. Ұлттық ұю ұлттық мемлекеттердің (государство-нация) қалыптасуына жол ашты.

Ал түркістандық ағартушылық барлық көріністерімен толыққанды тұтас қоғамдық процесс ретінде ХХ ғасырдың басында қарқынды өріс алғанымен, ұзаққа созылған жоқ, өзінің табиғи даму сатыларынан еркін жүріп өте алмады. Ресейлік отаршылдық (колониализм), оның тұрпайы варианты большевиктік билік түркістандық ағартушылықты енді ғана күш ала бастаған бастапқы сәтінде-ақ ең дөрекі түрде басып жаншып, үзіп тастады. Өңірде ХХ ғасырдың алғашқы жылдары басталған ағартушылық үрдісі бар болғаны жиырма жылға жетер-жетпес уақытқа созылып, сыртқы күштердің араласуымен үзіліп қалды. Ал бұл қызметті бастап, оның бағыт-бағдарын анықтаған тұлғалар түгелдей дерлік билік тарапынан саяси репрессияға алынды. Мұндай қасіретті бірде-бір еуропалық ұлт басынан кешірген жоқ.

Дегенмен, түркістандық зиялылар қауымының осы қысқа мезгілде жүріп өткен күрес жолы көңілде ризашылық сезімін туғызады. Қолайсыз қоғамдық жағдай және аз уақыт ішінде олар заман сұранысына лайық ұлт-азаттық күрес идеологиясын қалыптастыра отырып, отарлаушы билікке арыз-тілек (петиция) жазудан (1905) ұлттық мемлекеттілікті жаңғырту ісін қолға алып, оны шындыққа айналдыру әрекетіне дейін көтерілді (1917 ж. Түркістан мұхтарияты және Алаш автономиясы). Бұл, әрине, әлем тарихында жиі қайталана бермейтін құбылыс екендігін атап айтқан артық емес.

Сонымен бірге, түркістандық ағартушылыққа байланысты мынадай бір жағдайға көңіл аударған жөн. Жоғарыда еуропалық ағартушылыққа байланысты айтылғандай, қалыпты да бейбіт даму жағдайында ағартушылық қызмет ұлттық тілдің, білім жүйесінің, жаңа сапа және мазмұндағы ұлттық мәдениеттің, ұлттық бірегейлік пен сананың қалыптасуымен аяқталмақ. Басқаша айтқанда, ағартушылық ұлт үшін ұйытқы элемент міндетін атқарады.

Сол сияқты ұлтшылдықтың да түпкі мақсаты бар. Отарлық тәуелділіктегі елдер үшін ол ұлттық мемлекеттілікті жаңғырту немесе оны қалыптастыру. Ұлттық мемлекеттілік бұл азаттық жолына түскен елдің территориялық тұтастығы мен еркін дамуының кепілі.

Сол тарихи жағдайда Түркістан халықтарына бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін ең қажет нәрсе, әрине, саяси бірлік еді. Оны Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының басшылары жақсы түсінді және халықты осыған шақырды. Мәселен, М.Бехбуди Қоқан қаласында болып өткен Түркістан мұсылмандары съезінде Түркістан автономиясының жариялануына байланысты қазақ еліне жолдаған ашық хатында мынадай пікірді білдірді: «Ғазиз қандастарым! Мұсылман бірадарлар! ... Біліңіз, қазір Түркістанды тұрақтаған барша халықтар үшін мұхтарият жарияланды... Мұхтариятты Түркістанның балалары ынтымақтасып, бірлесіп, қайрат қылып алады. Әлбетте басқалар тарапынан берілмейді. Өзгелердің қолынан келсе, бермеуге тырысады. Біз бостық қылсақ немесе Түркістандағы халықтар бірігіп, мұхтарият алуға ортақ әрекет жасамасақ, әлбетте қазіргі қағаз жүзіндегі мұхтариятымызды бізге көп көріп, жоқ қылады. Бұл, әрине, талассыз шындық, осылай болады hәм бұл сөзге ешкім де дау айта алмаса керек» [9].

Түркістан мұхтариятын құру ісін басқарған М.Шоқай да тура осы ұстанымда болды. Ол: «Біздің мұратымыз Түркістанда түр жағынан да, мазмұны жағынан да ұлттық болатын мемлекеттік құрылымға қол жеткізу болмақ. Сонда ғана халқымыз өз жерінің нағыз қожасы бола алады» [10], - деп жазды.

Өкінішке орай, ХХ ғасыр басындағы Түркістан ағартушылығы мен ұлтшылдығының тағдыры қасіретті қалыптасты. Олар көздеген мақсатына жете алмай, бастапқы кезеңінде-ақ сыртқы күштердің араласуымен өзінің табиғи даму арнасынан ығыстырылды. Шолпан (Абдулхамит Сүлейман) ақын айтқандай «Гөзал Түркістанның мезгілсіз ерте гүлдері солды» [11].

Ия, әрине, біз қарап отырған тарихи мезгілде Түркістан ағартушылары мен ұлтшылдары Түркістан халықтарының бірлігін отарлық тәуелділіктен құтылудың негізгі құралы ретінде қарастырды. Сонымен бірге олар қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен және ұйғыр сияқты жеке халықтардың өмірінде ұлттық ұю процесінің жүріп жатқанын да жақсы түсінді, сондай-ақ, бұл жағдайды түсінушілікпен қабылдады. Түсіне отырып Кеңестік биліктің бұл өңірдегі түрік халықтарын жеке ұлттық республикаларға бөлшектеуін Түркістан көлемінде біртұтас мемлекет құру мүмкіндігінен айыру, сөйтіп оларды саяси тұрғыдан әлсірету әрекеті есебінде қарастырды.



Пайдаланган адебиеттер

1. Конрад Н.Н. Избранные труды. История. М., 1974, с. 268-269

2. Гаспринский И. Россия и Восток. Казань, 1993, с. 22.

3. Қытайға босқан қырғыздардың ауыр тұрмыс-халіне көмек көрсетуге шақырған қазақ зиялыларының «Алаш азаматтарына!» үндеуі // Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы. 2 том, Астана, 2007, 209-210 б.б.

4. Бехбуди М. Қазақ қандастарымызға ашық хат //Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы. Көп томдық. 8 том. Ұлығ Түркістан. Астана, 2008, 129-131 бб.

5 . Тайны национальной политики ЦК РКП. «четвертое совещание ЦК РКП с ответственными работниками национальных республик и областей в г.Москве 9-12 июля 1923 г.». Стенографический отчет. М., 1992, с. 4-11.

6. Алаш қозғалысы. Движение Алаш. Құжаттар мен материалдар жинағы. 3 том. 1-ші кітап. Алматы, 2007.

7. Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. 1 том, Алматы, 2008 , 372 б.

8. Қойгелдиев М. Замана санжырасы //Қырғызстан маданияты, 1990, 22 наурыз(№12 (1208)), 12-13бб

9. Бехбуди М. Қазақ қандастарымызға ашық хат //Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы. Көп томдық. 8 том. Ұлы Түркістан. Астана, 2008, 129-131 бб.



10. Шоқай Мұстафа Таңдамалы. 1 том. Алматы, 1998, 33б.

11. Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы. Көп томдық. 8 т. Ұлығ Түркістан. Астана, 2008, 341б.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет