Химия өнеркәсібінің салалық құрылымы



Дата24.06.2016
өлшемі61.82 Kb.
#156670
ХИМИЯ ӨНЕРКӘСІБІ

Химия өнеркәсібі — ауыр өнеркәсіптің жетекші салаларының бірі, еңбек заттарын (шикізаттар мен материалдарды) өңдеуге, негізінен химиялық әдістерді баса қолданатын өндіріс салаларының кешені.


Химия және мұнай-химия өнеркәсібі

Іштей химия және мұнай-химия өнеркәсібі болып бөлінеді.

1. Химия өнеркәсібіне жататын салалар:



  • кен-химия (фосфорит, апатит, калий тұзын өндіру және байыту, күкірт, т.б.)

  • негізгі химия (анорганикалық қышқылдар, минералдық тұздар, сілтілер, жасанды тыңайтқыштар, хлор, аммиак өндірісі)

  • жасанды және синтетикалық талшықтар, синтетикалық шайырлар және пластмассалар, сыр-бояу өнеркәсібі (әк, литопон, сыр, эмаль, нитроэмаль, т.б. өндіру)

  • химиялық тездеткіштер (реактивтер) және ерекше таза заттар, синтетикалық бояғыштар, фотохимия, тұрмыстық химия, химия-фармацевтика

2. Мұнай-химия өнеркәсібіне жататын салалар:

  • синтетикалық каучук

  • негізгі органикалық синтез өнімдерін өндіру

  • резина-асбест өнеркәсібі жатады.

Химия өнеркәсібінің салалық құрылымы


Осыған орай химия өнеркәсібінің салалық құрылымы 4 топқа бөлінеді, олар:

  • кен-химия өнеркәсібі (шикізат — фосфорит, ас және калий тұздарын, күкірт, т.б. өндіру, байыту және оларды бастапқы өңдеу)

  • негізгі химия өнеркәсібі (минералдық тыңайтқыштар, қышқылдар, сілтілер, т.б. өндіру)

  • полимерлік материалдар өнеркәсібі (синтетикалық шайырлар мен пластмассалар, химиялық талшықтар, синтетикалық каучук, синтетикалық бояғыштар өндіру);

  • тұтыну қажеттерін қанағаттандыруға арналған өнім (фармацевтикалық дәрі-дәрмек, жуғыш заттар, фотохимия, парфюмериялық-косметикалық тауарлар) өндіру. Химия өнеркәсібінің құрамында барлығы 200-ден астам кішігірім сала мен өндіріс бар, ал оның өнімдерінің түр-түрінің атауы 1 млн-ға жетіп отыр.

Тарихы


Химия өнеркәсібі саласы дүние жүзінде тұңғыш рет Германияда 19 ғасырдың аяғында дүниеге келді. 20 ғасырдың 50 — 70-жылдардың басы химия өнеркәсібінің дәуірлеген “алтын ғасыры” болды. Бұл кезеңде мұнай-газ шикізатын пайдаланушы өндірістің өркендеуімен байланысты осы сала әлемде неғұрлым жоғары қарқынмен дамыды. Әлемнің өңдеуші өнеркәсібінде химияның үлесі 20 ғасырдың 2-жартысында 8 — 9%-дан 12 — 15%-ға дейін өсті. Қазіргі кезде химия өнеркәсібі әлемді негізгі 4 аймаққа бөліп тұр. Олар — АҚШ, Батыс Еуропа, ТМД елдері, Жапония. Мұнда кенішті химия, минералдық тыңайтқыштар, негізгі химия өнімдерін, әсіресе, органикалық синтез өндіру, полимерлік материалдар шығару ерекше орын алады. 20 ғасырдың 90-жылдарының ортасында химия өнеркәсібінің әлемде өндірілген химия өнімдерінің 20%-ы АҚШ-тың үлесіне тиіп, экспорттық өнімнің 24%-ын құрады. Батыс Еуропаның барлық елдері химия өнімінің 24%-ын, Жапония 15%-ын берді. Бірақ 90-жылдардың аяғында АҚШ пен Жапонияда химия өнімін өндіру төмендеп, біріншілік Батыс Еуропа елдеріне ауысты (Химия өнеркәсібінің 40%-ы). Қазіргі кезде Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері синтетикалық және жартылай синтетикалық бұйымдар өндіруге мамандануда. 21 ғасырдың бас кезінде химиялық шикізат және негізгі химияның аса маңызды өнімдерін — күкірт қышқылын, минералдық тыңайтқыштар өндіру іс жүзінде тұрақталды, ал синтетикалық каучук өндіру қарқыны баяулады. Мұның себебі, өнім бірлігіне жұмсалатын көптеген химикаттар шығынының азаюына байланысты технологиялық үдерістердің жетілдірілуінде. Сонымен бірге қалған полимерлік материалдарды, ең алдымен синтетикалық шайырлар, пластмассалар, химиялық талшықтар өндіру жедел қарқынмен дамып отыр. Кеңес өкіметі химия өнеркәсібін жедел дамытуға айрықша мән берді. 1 бесжылдық кезеңінде (1929 — 32) химия өнеркәсібінің қазіргі салаларын (синтетикалық аммиак және оны азотты тыңайтқыштарға қайта өңдеу, органикалық шала өнімдер, күрделі анилин бояғыштар, синтетикалық каучук, пластмассалар, жасанды талшық, шина өнеркәсібін) дамытуға материалдық-техникалық негіз жасалды. 30 — 40-жылдары қазіргі заманғы қуатты химия өнеркәсібі пайда болды. Соғыстан кейінгі жылдары мұнай-газ шикізатынан синтетикалық этил спиртін өндіру игерілді. Органикалық синтез заттарын өндіруде мұнай-химиялық шикізатының үлес салмағы басым болды. КСРО минералды тыңайтқыштар өндіру жөнінен әлемде 1-орынға, аммиак пен күкірт қышқылын өндіру жөнінен 2-орынға (АҚШ-тан кейін) шықты. Қазақстанда химия өнеркәсібі жеке сала ретінде алғашқы бесжылдықтар кезінде қалыптасты. Кеңестік дәуірге дейінгі кезеңде Қазақстанда Шымкент дермене (сантонин) зауыты (1883), сабын қайнататын, желім қайнататын ұсақ кәсіпорындар жұмыс істеді. 1930 — 40 жылы Ақтөбе химиялық комбинат, “Аралсульфат” комбинат, ірі фосфорит кені — “Қаратау” комбинат, Қарағанды синтетикалық каучук, Қостанай синтетикалық талшық зауыттары салынды. 1950 — 60 жылдары Қазақстанда осы заманғы химиялық индустрияның негізі қаланды. Жамбыл суперфосфат, Гурьев химиялық зауыттары, Шымкент гидролиз және фосфор тұздары зауыттары, Ақтөбе ферроқорытпа, Шымкент газ-бензин зауыттары іске қосылды. Қазақстан анорганикалық және органикалық тектегі пайдалы қазынды кеніштеріне бай. Олар химия өнімінің алуан түрлерін алу үшін шикізат көзі болып табылады. Сала үшін 1992 — 94, 1998 жылдар неғұрлым дағдарысты кезең болды. 1999 жылдан 2004 жылға дейін химия өнеркәсібі өндірісінің көлемі айтарлықтай өсті. 2005 жылы химия өнеркәсібі орындары 54,3 млрд. теңгенің өнімін өндірді. Қазіргі кезде “Қазфосфат” ЖШС-нің бөлімшесі республикада химия өнімін өндіруші аса ірі кәсіпорын болып табылады, ол 2005 ж. 83,4 мың т өнім шығарды, мұның өзі 1995 жылғыдан 1,7 есе, ал 2000 жылғымен салыстырғанда 5,4 есе көп. 90-жылдардың ортасынан бастап елде илеуіштер, хромды ангидрид, хром тотығын өндіру қолға алынды. 2005 жылы олардың көлемі 1995 жылғы деңгейден 1,8 — 2,4 есе асты. 1995 — 2005 жылы республиканың 5 мұнай-химия кәсіпорны қызметін қалпына келтірді. Бұл кәсіпорындар таяу шет елдердің өнімдеріне ұқсас полистирол, полипропилен, резина-техникалық бұйымдар, шина өнімдерін шығарады. 2003 жылы Ақтау пластмасса зауытында өндіріс жолға қойылды. 2005 жылы пластмассадан құбырлар мен шлангалар өндіру 2000 жылғымен салыстырғанда 12,9 есе көбейді. 2005 жылы “Интеркомшина” АҚ камералар, резина бұйымдарын, шиналар шығару өндірісін іске қосты. Резина-техникалық бұйымдар шығаратын “Сараньрезинотехника” ААҚ мен “Қарағандырезинотехника” ЖШС кәсіпорындары тапсырыскерлермен тікелей шарттар бойынша тұрақты жұмыс істеп келеді. Қазақстан химиясының құрылымында полимерлік химияға қарағанда негізгі химияның үлесі басым. Еліміздің негізгі химиясы қышқыл, химиялық қосылыстар, фосфор мен минералдық тыңайтқыштар өндіреді. Химия-фармацевтика өнеркәсібі, негізінен алғанда жаңадан құрылып, басқа салаларға қарағанда жылдам дамуда. Ең үлкен “Химфарм” зауыты Шымкентте орналасқан. Ол Қазақстандағы дәрі-дәрмектің 3/5 бөлігін шығарады. Алматы, Қаскелең, Семей және Павлодарда ірі кәсіпорындар жұмыс істейді. Полимерлер алынатын шикізатқа мұнай өнімдері, табиғи және ілеспе газ жатады. Ақтау зауыты полистирол, Атырау зауыты полиэтилен мен полипропилен шығарады. Резеңке бұйымдары өндірісінің негізгі орталықтары — Саран (металлургия үшін конвеер таспаларын шығару) және Шымкент (автомобиль мен а. ш. техникасы үшін шина жасау). Фосфоритті Қаратау мен Жаңатаста өндіріп ұсақтайды да Таразда фосфор тыңайтқышын шығарады. Азот өндірісі Ақтау мен Теміртауда; күкірт қышқылы ауыр металдардың металлургияның орталықтарында (Жезқазған, Балқаш, Өскемен, Риддер); уран алатын орталықтарда (Степногор, Ақтау), фосфатты тыңайтқыштар өндірісі орталықтарында (Тараз) шығарады. Хром қосылыстары зауыты Ақтөбеде орналасқан. Оның өнімдерін негізгі тұтынушылар — түсті металлургия, тері илеу және лак-бояу өнеркәсібі, ал шет елдерде АҚШ-тың, Ресейдің, Ұлыбританияның кәсіпорындары.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет