Химияны оқытуда проблемалық жағдаят жасаудың және оны шешудің жолдары
Химияны оқытуда проблемалық жағдаят туғызудың бірнеше тәсілдері бар. Олар:
1.оқушыларға белгісіз және түсіндіруді қажет ететін деректерді хабарлау немесе көрнекі көрсету;
2.оқушының білімі мен қарастырылатын фактілер арасында қарама-қайшылық туындау;
3.белгілі теория негізінде фактілерді түсіндіру;
4.белгілі теория негізінде болжам жасап, оны практика жүзінде тексеру (химиялық эксперимент арқылы.);
5.бастапқы шарттары мен нәтиже берілгенде шешімнің тиімді жолын табу.
6.берілген шарттар бойынша шешімді өз бетінше табу;
7.тарихи принципті қолдану;
Осы тәсілдерді толығырақ мысалдар келтіріп қарастырайық.
Оқушыларға белгісіз және түсіндіруді қажет ететін деректерді хабарлау немесе көрнекі (демонстрациялық талдаулар) көрсету
Көміртек тақырыбын қарастырайық.
1-кезең.Проблеманы қабылдауға дайындық.
Мұғалім оқушыларға «Өмірде жай зат–көміртекпен кездестіңіздер ме?» деген сұрақ қояды.
Оқушылар тас көмірді және ағаш көмірді еске түсіреді.
2-кезең. Проблемалық жағдай құру:
Мұғалім алмаз, көмір, графитті көрнекі етіп көрсетеді және осы заттар ауада жанғанда көмірқышқыл газ түзілетінін айтады.
Алмаз + О2 = СО2
Графит + О2 = СО2
Көмір + О2 = СО2
Қарама-қайшылықтың тууы: әр түрлі заттардың оттекпен бір өнім түзуі.
3-кезең. Проблеманы тұжырымдау:
Оқытушы оқушыға проблема тудыру үшін қандай сұрақтар қоюды ойластырады.
Алмаз , графит, көмірдің құрамы қандай?
Бұл заттардың физикалық қасиеті қандай?
Бұл заттардың химиялық қасиеттері неліктен бірдей, ал физикалық қасиеттері әр түрлі?
Осы заттарды жалпы қалай атауға болады?
4-кезең. Проблеманы шешу.
Қойылған сұрақтардың барлығы көміртектің аллотропиялық өзгерістерінің болуымен түсіндіріледі. Осы сұрақтардың барлығы жағдаят шешуге бағытталған, сондықтан оларды кезең-кезеңмен қоюға болады. Бірнеше микропроблемалар туғызу арқылы үлкен проблеманы шешеміз.
Жауаптар:
алмаз, графит, көмір–жай заттар. Олар көміртектен түзілген. Жану өнімі СО2 оттек пен көміртектен тұрады;
алмаз, графит, көмірдің физикалық қасиеттерін сипаттайды: алмаз қатты, графит жұмсақ және т.б.
оқушылар алмаз, графит, көмірдің физикалық және химиялық қасиеттерін салыстырады; физикалық қасиеттеріндегі айырмашылықтарды және химиялық қасиеттеріндегі ұқсастықтарды көрсетеді. Соның нәтижесінде мынадай қорытындыға келеді: осы заттардың айырмашылығы олардың ішкі құрылымында деп тұжырымдайды.
5-кезең. Шешімнің дұрыстығын дәлелдеу
Мұғалім алмаз және графиттің кристалдық торларын көрнекі түрде көрсетеді, көмір мен күйенің аморфты құрылысын түсіндіреді.
Оқушылар осыған дейін қарастырған оттек пен күкірт қасиеттеріне тән құбылысты еске түсіреді, яғни құрамы бірдей , бірақ қасиеттері әр түрлі заттар аллотропиялық өзгерістер деп, ал құбылысты аллотропия деп атайтынын ортаға салады.
Осы тақырып бойынша проблемалық жағдаятты басқаша құруға бола ма? Мысалы:
Мұғалім аллотропиялық түр өзгерістерді көрнекі түрде көрсетіп, бұл құбылыстың неліктен мүмкін болатынын түсіндіру.
Достарыңызбен бөлісу: |