ҚҰҚЫҚ негіздері дәріс құрастырушы



бет5/9
Дата14.06.2016
өлшемі0.53 Mb.
#136132
1   2   3   4   5   6   7   8   9

Айдап салушы деп-басқа адамды азғыру, сатып алу, қорқыту жолымен немесе өзге де жолмен қылмыс жасауға көндірген адамды айтамыз.

Көмектесуші деп-кеңестерімен, нұсқауларымен, ақпарат, қылмысты жасайтын қару немесе құралдар берумен не қылмысты жасауға кедергілерді жоюымен қылмыстың жасалуына жәрдемдескен адам, сондай-ақ қылмыскерді, қаруды немесе қылмыс жасаудың өзге құралдарын, қылмыстың ізін не қылмыстық жолмен табылған заттарды жасыруға күні бұрын уәде берген адам, сол сияқты осындай заттарды сатып алуға немесе өткізуге күні бұрын уәде берген адам танылады. Қатысушылардың қылмыстық жауаптылығы олардың әрқайсысының қылмыстың жасалуына қатысуының сипатымен және дәрежесімен айқындалады.

Ұйымдасқан топты немесе қылмыстық сыбайластықты құрған не оларға басшылық еткен адам Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімінің тиісті баптарында көзделген жағдайларда оларды ұйымдастырғаны және оларға басшылық еткені, сондай-ақ қылмыстар оның қаскүнемдік ниетімен қамтылса, ұйымдасқан топ немесе қылмыстық сыбайластық жасаған барлық қылмыс үшін қылмыстық жауапқа тартылуға тиіс.

4.Қылмыстық жазаның түсінігі және түрлері.

Жаза дегеніміз-соттың үкімі бойынша тағайындалатын мемлекеттік мәжбүрлеу шарасы.

Жаза-қылмыс жасауда кінәлі деп танылған адамға қолданылады және осы адамды Қылмыстық кодексте көзделгендей құқықтары мен бостандықтарынан айыру немесе оларды шектеу болып табылады.

Жаза мемлекеттік мәжбүрлеу шарасы. Ол қылмыс жасаған тұлғаға тек ерекше мемлекеттік орган-сот арқылы осы жөнінде шығарылған үкім негізінде ғана қолданылады. Ал, үкім Қазақстан Республикасының атынан шығарылады. Жаза адамның қадір-қасиетін қорлау немесе күш қолдану мақсатын көздемейді.

Қылмыстық жазалаудың мақсаты:

Сотталғандарды түзеу, олардың қылмыстық әрекеттеріне тыйым салу, сондай-ақ сотталғандардың және тағы басқа да адамдардың қылмысты қайталауына ескерту жасау.



Қылмыс үшін қолданылатын жаза-мемлекеттік шара.

Қылмыс істегенді кінәлі деу, ол үшін жаза белгілеу жеке кісілердің немесе қоғамдық ұйымдардың ісі емес, ол тек мемлекеттің өзіне ғана тән мәселе. Сондықтан да соттар бұл мәселені шешкенде үкімді өзі атынан емес, мемлекет атынан шығарады.



Қылмыс жасады деп танылған адамдарға мынандай негізгі жазалар:

а) айыппұл салу;

б) белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру;

в) қоғамдық жұмыстарға тарту;

г) түзеу жұмыстары;

д)әскери қызмет бойынша шектеу;

е)бас бостандығын шектеу;

ж)қамау;


з)тәртіптік әскери бөлімде ұстау;

и)бас бостандығынан айыру;

к) өлім жазасы қолданылуы мүмкін.

Сотталғандарға негізгі жазалардан басқа мынандай қосымша жазалар:

А) арнаулы, әскери немесе құрметті атағынан, сыныптық шенінен, дипломатиялық дәрежесінен, біліктілік сыныбынан және мемлекеттік наградаларынан айыру;

Б)мүлкін тәркілеу қолданылуы мүмкін.

Айыппұл салу және белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру және қоғамдық жұмыстарға тарту жазалаудың негізі де, қосымша да түрлері ретінде қолданылуы мүмкін.

Айыппұл, қоғамдық жұмыстарға тарту, түзеу жұмыстары, әскери қызмет бойынша шектеу, бас бостандығын шектеу, қамау, тәртіптік әскери бөлімде ұстау,бас бостандығынан айыру, өлім жазасы, мүлікті тәркілеу.

5.Қылмыстық жауапкершілікті ауырлататын және жеңілдететін мән-жайлар.

Қылмыс жасауға айыпты деп танылған адамға Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімнің тиісті бабында белгіленген шекте және Қылмыстық кодекстің Жалпы бөлімнің ережелері ескеріле отырып, әділ жаза тағайындалады. Қылмыс жасаған адамға оның түзелуі және жаңа қылмыстардың алдын алу үшін қажетті және жеткілікті жаза тағайындалуға тиіс. Егер жасалған қылмыс үшін көзделген жазаның онша қатаң емес түрі жазаның мақсатына жетуді қамтамасыз ете алмайтын болса ғана ол үшін көзделгендері арасынан неғұрлым қатаң жаза тағайындалады.



Мыналар қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп танылады:

А) мән-жайлардың кездейсоқ тоғысуы салдарынан алғаш рет кішігірім ауырлықтағы қылмыс жасау;

Б) айыпкердің кәмелетке толмауы;

В) жүктілік;

Г) айыпкердің жас балалары болуы;

Д) қылмыс жасағаннан кейін зардап шегушіге тікелей медициналық және өзге де көмек көрсету, қылмыс салдарынан келтірілген мүліктік залал мен моральдық зиянның орнын өз еркімен толтыру, қылмыспен келтірілген зиянды жоюға бағытталған өзге де іс-әрекеттер;

Е) жеке басындық, отбасылық немесе өзге де ауыр мән-жайлар тоғысуының салдарынан немесе жаны ашығандық себебімен қылмыс жасау;

Ж) күштеп немесе психикалық мәжбүрлеу салдарынан не материалдық, қызметтік немесе өзге де тәуелділігі себепті қылмыс жасау;

З) қажетті қорғанудың құқықтық дұрыстығының шартын бұзу, аса қажеттілік қылмыс жасаған адамды ұстау, негізді тәуекел, бұйрықты немесе өкімді орындау жағдайында қылмыс жасау;

И) қылмыс жасау үшін түрткі болып табылған жәбірленушінің заңға қайшы немесе адамгершілікке жатпайтын қылығы;

К) шын жүректен өкіну, айыбын мойындап келу, қылмысты ашуға, қылмысқа басқа қатысушыларды әшкерлеуге және қылмыс жасау нәтижесінде алынған мүлікті іздеуге белсенді жәрдемдесу.

Мыналар қылмыстық-жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар деп танылады:

А) қылмыстарды әлденеше рет жасау, қылмыстардың қайталануы;

Б) қылмыс арқылы ауыр зардаптар келтіру;

В) адамдар тобының, алдын ала сөз байласқан адамдар тобының, ұйымдасқан топтың немесе қылмыстық қауымдастықтың құрамында қылмыс жасау;

Г) қылмыс жасағанда айрықша белсенді рөл атқару;

Д) айыпкер үшін психикасы бұзылуының ауыр түрінен зардап шегетіні алдын ала белгілі адамдарды не қылмыстық жауаптылық жасына толмаған адамдарды қылмыс жасауға тарту;

Е) ұлттық, нәсілдік және діни өшпенділік немесе араздық себебі бойынша, басқа адамдардың заңды іс-әрекеті үшін кектенушіліктен, сондай-ақ басқа қылмысты жасыру немесе оны жасауды оңайлату мақсатында қылмыс жасау;

Ж) жүктілік жағдайы айыпкер үшін алдын ала белгілі әйелге қатысты, сондай-ақ жас балаға, басқа да қорғансыз немесе дәрменсіз адамға не айыпкерге тәуелді адамға қатысты қылмыс жасау;

З) белгілі бір адамның өзінің қызметтік, кәсіби немесе қоғамдық борышын өтеуіне байланысты оған немесе оның туыстарына қатысты қылмыс жасау;

И) аса қатыгездікпен, садизммен, қорлаумен, сондай-ақ жәбірленушіні қинап қылмыс жасау;

К) қару, оқ-дәрі, жарылғыш заттар, жарылғыш немесе оларды бейнелеуші құрылғылар, арнайы дайындаған техникалық құралдар, тез тұтанатын және жаңғыш сұйықтар, улы және радиоактивті заттар, дәрілік және өзге де химиялық-фармакологиялық дәрі-дәрмектер пайдаланып, сондай-ақ күш көрсетіп немесе психикалық мәжбүрлеу не жалпы қауіпті әдіс қолданып қылмыс жасау;

Л) төтенше жағдайды, табиғи немесе өзге де қоғамдық нәубет жағдайларын пайдаланып, сондай-ақ жаппай тәртіп бұзушылық кезінде қылмыс жасау;

М) алкогольдік есірткілік немесе уытқылық еліту жағдайында қылмыс жасау. Сот қылмыстың сипатына қарай бұл мән-жайды ауырлатушы деп танымауға құқылы;

Н) адамның өзі қабылдаған антын немесе кәсіби антын бұза отырып қылмыс жасауы;

О) қылмыскердің қызметі жағдайына немесе шартқа байланысты өзіне көрсетілген сенімді пайдаланып қылмыс жасауы;

П) өкімет өкілінің нысанды киімін немесе құжатын пайдаланып қылмыс жасау.



Әдебиеттер:
1.З.О.Ашитов, Б.З.Ашитов. Қазақстан Республикасының құқық негіздері.-Алматы: Жеті Жарғы, 2003.

2.С.Д.Баққұлов. Құқық негіздері.-Алматы, 2004.

3.А.Н.Ағыбаев.Қылмыстық құқық. Оқулық. Жалпы бөлім.-Алматы:

Жеті Жарғы, 2001.

4.Д.Бұғыбайқызы. Қылмыстық құқық. Жалпы бөлім.-Алматы, 2003.

5.ҚР Қылмыстық кодексіне түсінік.-Алматы, 2001.

6.А.Н.Ағыбаев. Қылмыстық құқық. Ерекше бөлім.-Алматы: Жеті Жарғы, 2000.

Нормативтік-құқықтық актілер:

1.ҚР Конституциясы. 30 тамыз 1995 жыл.

2.Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі. 16 шілде 1997 жыл.

7-тақырып. Қазақстан Республикасының отбасы құқығының негіздері
Жоспар:
1. Некені қию және бұзу.

2. Ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттері.

3. Ата-аналардың балалары жөніндегі құқықтары мен міндеттері.

4. Бала асырап алу.


1.Некені қию және бұзу.

Отбасы құқығы-бұл Қазақстан Республикасының құқық салаларының бірі болып табылады. Отбасы құқығы-неке –отбасы қатынастарын, сондай-ақ оларды жүзеге асыраудың кепілдіктерін белгілеп, реттейді.

Неке-отбасы құқығымен реттелетін қатынастар:

1) некеге тұрудың, некені тоқтатудың және оны жарамсыз деп танудың шарты мен тәртібін белгілейді;

2) отбасы мүшелерінің: ерлі-зайыптылардың, ата-аналар мен балалардың (асырап алушылар мен асырап алынғандардың) арасындағы, ал неке-отбасы заңдарында көзделген жағдайларда және шектерде басқа туыстар мен өзге де адамдардың арасындағы азаматтық құқықтар мен міндеттерді, мүліктік емес және мүліктік жеке қатынастарды реттейді;

3) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасына орналастырудың нысандары мен тәртібін айқындайды;

4)азаматтық хал актілерін тіркеу және заңдарда белгіленген тәртіппен ақылы қызмет көрсету тәртібін реттейді.

Неке-отбасы қатынастарын реттейтін негізгі нормативтік акт, бұл-«Неке және отбасы туралы» 1998 ж. 17 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы.



Отбасы-некеден, туыстықтан, бала асырап алудан немесе балаларды тәрбиеге алудың өзге де нысандарынан туындайтын мүліктік және мүліктік емес жеке құқықтар мен міндеттерге байланысты және отбасы қатынастарын нығайту мен дамытуға жәрдемдесуге тиісті адамдар тобы.

Неке және отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауында болады.



Қазақстан Республикасының неке-отбасы құқығының принциптері:

1) еркек пен әйелдің некелі одағының еріктілігі;

2) ерлі-зайыптылардың отбасындағы құқықтарының теңдігі;

3)отбасының ісіне кімнің болса да өз бетінше араласуына жол берілмеушілік;

4)отбасы ішіндегі мәселелерді өзара келісіммен шешу;

5) балаларды отбасында тәрбиелеуге басымдық беру, олардың өсіп-жетілуі мен әл-ауқатты болуына қамқорлық жасау;

6) отбасының кәмелетке толмаған және еңбекке қабілетсіз мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауға басымдық беру;

7)отбасы мүшелерінің өз құқықтарын кедергісіз жүзеге асыруын қамтамасыз ету, бұл құқықтарды сот қорғауының мүмкіндіктері;

8)отбасының барлық мүшелерін салауатты тұрмыс салтына ынталандыру принциптеріне негізделеді.

Мемлекеттік азаматтық хал актілерін жазу органдарында қиылған неке ғана танылады.

Неке-ерлі-зайыптылар арасындағы мүліктік және мүліктік емес жеке қатынастарды туғызатын, отбасын құру мақсатымен заңдарда белгіленген тәртіппен тараптардың ерікті және толық келісімі жағдайында жасалған еркек пен әйелдің арасындағы тең құқықты одақ.

Некеге тұру үшін некеге тұрушы еркек пен әйелдің өзара ерікті келісімі және олардың неке жасына жетуі қажет.Неке жасы еркектер мен әйелдер үшін 18 жас болып белгіленеді. Дәлелді себептер болған жағдайда мемлекеттік тіркеу орны бойынша азаматтық хал актілерін жазу органдары неке жасын екі жылдан аспайтын мерзімге төмендетуі мүмкін.

Неке жасын төмендету туралы өтінішті некеге тұруға тілек білдірушілер немесе олардың ата-аналары, не қорғаншылар(қамқоршылары) белгіленген неке жасын төмендету қажеттігін туғызатын себептерді көрсете отырып қозғай алады. Барлық жағдайларда неке жасын төмендетуге тек некеге тұрушылардың келісімімен ғана жол беріледі. Неке жасына толмаған адамдар арасындағы некеге ата-аналарының немесе қорғаншыларының келісімімен ғана рұқсат етіледі.

Араларында неке қиылуына жол берілмейтін адамдар:

1) біреуі болса да басқа тіркелген некеде тұрған адамдардың;

2)тікелей ата-тегі бойынша және өзінен тарайтын жақын туыстардың (ата-аналар мен балалардың, атасының, әжесінің және немерелерінің), ата-анасы бір және ата-анасы бөлек, әкесі немесе анасы ортақ ағалы-інілер мен апалы-сіңілілердің (аға-қарындастардың);

3)асырап алушылар мен асырап алғандардың;

4) біреуін болса да психикалық ауруының немесе ақыл есі кемдігінің салдарынан сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдардың арасында жол берілмейді.

Некеге тұруға тілек білдіруші адамдарға медициналық сондай-ақ медициналық-генетикалық мәселелер және репродукциялық денсаулық қорғау мәселелері бойынша консультация беру мен тексеруді мамандандырылған денсаулық сақтау мекемелері және некеге тұратын адамдардың екеуінің келісімімен ғана жүргізеді. Некеге тұратын адамдарды тексерудің нәтижелері медициналық құпия болып табылады және ол некеге тұруға ниеттенген адамға тексеруден өткен адамның келісімімен ғана хабарлануы мүмкін.



Некеге тұру тәртібі.

Некеге тұратын адамдардың тікелей қатысуымен неке мемлекеттік азаматтық хал актілерін жазу органдарында қиылады. Некеге тұруға ниет білдірген адамдардың біреуі азаматтық хал актілерін жазу органына келе алмайтын ерекше жағдайларда неке мұндай адамның тұратын жері бойынша қиылуы мүмкін. Неке қию кезінде өкіл жіберуге жол берілмейді. Некені қию некеге тұруға тілек білдірушілер азаматтық хал актілерін жазу органына арыз берген күннен бастап бір ай мерзім өткен соң жүргізіледі. Дәлелді себептер болған жағдайда неке қиюды мемлекеттік тіркеу орны бойынша азаматтық хал актілерін жазу органы бір ай өткенге дейін неке қиюға, сондай-ақ осы мерзімді ұзартуға, бірақ бір айдан аспайтын мерзімге ұзартуға рұқсат етуі мүмкін. Ерекше мән-жайлар болған кезде (жүктілік, бала тууы, бір тараптың өміріне тікелей қауіп төнуі және басқа да ерекше мән-жайлар) неке өтініш берілген күні қиылуы мүмкін.

Неке қиюды мемлекеттік тіркеу-азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу үшін белгіленген тәртіппен жүргізіледі.

Азаматтық хал актілерін жазу органдарының некені тіркеуден бас тартуына некеге тұруға тілек білдіруші адамдар не олардың біреуі сотқа шағым жасай алады.



Неке шарты- некеге тұрушы адамдардың келісімі немесе ерлі-зайыптылардың некедегі және ол бұзылған жағдайдағы мүліктік құқықтары мен міндеттерін айқындайтын келісім неке шарты деп танылады.

Неке шарты некеге тұруды мемлекеттік тіркеуге дейін де, неке кезеңіндегі кез келген уақытта да жасалуы мүмкін. Некеге тұруды мемлекеттік тіркеуге дейін жасалған неке шарты некеге тұру мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді. Неке шарты жазбаша түрде жасалады және оны нотариат куәландыруға тиіс.

Ерлі-зайыптылар неке шартымен заңда белгіленген бірлескен ортақ меншік режимін, ерлі-зайыптылардың барлық мүлкіне, оның жекелеген түрлеріне немесе ерлі-зайыптылардың әрқайсысының мүлкіне бірлескен, үлестік немесе бөлектелген меншік режимін белгілеуге құқылы. Неке шарты ерлі-зайыптылардың қолда бар мүлкі жөнінде де, болашақтағы мүлкі жөнінде де жасалуы мүмкін.

Неке шартында ерлі-зайыптылар өзара күтіп-бағу жөніндегі өз құқықтары мен міндеттерін. Бір-бірінің кірістеріне қатысу әдістерін, олардың әрқайсысының отбасылық шығындар жасау тәртібін айқындауға, неке бұзылған жағдайда ерлі-зайыптылардың әрқайсысына берілетін мүлікті белгілеуге, сондай-ақ неке шартына ерлі-зайыптылардың мүліктік қатынастарына қатысты өзге де кез келген ережелерді енгізуге құқылы.

Неке шарты ерлі-зайыптылардың құқық қабілетін немесе әрекет қабілеттілігін, олардың өз құқықтарын қорғау үшін сотқа жүгіну құқығын шектей алмайды, ерлі зайыптылар арасындағы мүліктік емес жеке қатынастарды, ерлі-зайыптылардың балаларға қатысты құқықтары мен міндеттерін реттей алмайды, еңбекке қабілетсіз мұқтаж жұбайдың асырау қаражатын алуға құқығын шектейтін жағдайды көздей алмайды, ерлі-зайыптылардың біреуін өте қолайсыз жағдайға қалдыратын немесе неке-отбасы заңдарының негізгі бастауларына қайшы келетін басқа да жағдайларды қамти алмайды.

Некені тоқтату.

Неке ерлі-зайыптылардың біреуінің қайтыс болуы немесе сот оны өлді немесе хабар-ошарсыз кеткен деп таныған жұбайы келген және тиісті сот шешімі күшін жойған жағдайда некені ерлі-зайыптылардың бірлескен өтініші бойынша азаматтық хал актілерін жазу органы қалпына келтіруі мүмкін. Егер жұбайлардың екіншісі жаңа некеге отырса, некені қалпына келтіруге болмайды. Егер неке қию кезінде тараптарға (немесе тараптардың біреуіне) қайтыс болды немесе хабар-ошарсыз кетті деп танылған жұбайы тірі екені белгілі болса, бұл ереже қолданылмайды.



Некені бұзу.

Неке ерлі-зайыптылардың біреуінің немесе екеуінің де өтініші бойынша, сондай-ақ сот әрекетке қабілетсіз деп таныған жұбайдың қорғаншысының өтініші бойынша оны бұзу жолымен тоқтатылуы мүмкін. Некені әйелдің жүктілігі кезеңінде және бала туғаннан кейінгі бір жыл ішінде әйелдің келісімінсіз бұзуға болмайды.

Азаматтық хал актілерін жазу органдарында некені бұзу кәмелетке толмаған ортақ балалары жоқ және бір-біріне мүліктік және өзге де талаптар қоймайтын ерлі-зайыптылардың некені бұзуға өзара келісуі жағдайында жүргізіледі. Ерлі-зайыптыларға ортақ кәмелетке толмаған балаларының болуына қарамастан, ерлі-зайыптылардың біреуінің өтініші бойынша, егер ерлі-зайыптылардың екіншісін:

1) сот хабар-ошарсыз кеткен деп таныса;

2) сот әрекетке қабілетсіз деп таныса;

3) қылмыс жасағаны үшін кемінде 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталса, неке азаматтық хал актілерін жазу органдарында бұзылады.

Некенің бұылуын мемлекеттік тіркеуді азаматтық хал актілерін жазу органы азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу үшін белгіленген тәртіппен жүргізеді.

Некені сот тәртібімен бұзу:

1) ерлі-зайыптыларда кәмелетке толмаған ортақ балалардың болуы;

2) ерлі-зайыптылардың біреуінің некені бұзуға келісімі болмаған кезде;

3) егер ерлі-зайыптылардың біреуі өзінің қарсылығы болмауына қарамастан, некені бұзудан өз әрекеттері не әрекетсіздігі арқылы жалтарса;

4) ерлі-зайыптылардың бір-біріне мүліктік талаптары болған жағдайларда жүргізіледі.

Егер сот ерлі-зайыптылардың одан әрі бірлесіп өмір сүруі және отбасын сақтауы мүмкін еместігін анықтаса, неке сот тәртібімен бұзылады. Ерлі-зайыптылардың біреуінің некені бұзуға келісімі болмаған жағдайда, сот ерлі-зайыптыларды татуластыруға шаралар қолдануға және ерлі-зайыптыларға татуласу үшін 3 ай көлемінде мерзім тағайындай отырып, істі қарауды кейінге қалдыруға құқылы. Егер ерлі-зайыптыларды татуластыру жөніндегі шаралар нәтижесіз болып шықса және ерлі-зайыптылар некені бұзуды талап етсе, неке бұзылады. Ерлі-зайыптылардың азаматтық хал актілерін жазу органдарында некенің бұзылғаны туралы куәлік алғанға дейін жаңадан некеге тұруға құқығы жоқ. Некенің тоқтатылуымен ерлі-зайыптылардың некелік қатынастарынан туындайтын жеке және мүліктік құқықтары мен міндеттері тоқтатылады.

2.Ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттері.

Ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттері азаматтық хал актілерін жазу органдарында некеге тұру мемлекеттік тіркелген күннен бастап туындайды. Ерлі-зайыптылар тең құқықтарды пайдаланады және тең міндеттер атқарады. Ерлі-зайыптылардың әрқайсысы қызмет, кәсіп түрін, тұрғылықты жерді таңдауда ерікті. Ана, әке болу, балаларды тәрбилеу, оларға білім беру мәселелері мен отбасы өмірінің басқа да мәселелерін ерлі-зайыптылар бірлесіп шешеді. Ерлі-зайыптылар отбасындағы өз қатынастарын өзара сыйластық және өзара көмек негізінде құруға, отбасының игілігі мен нығаюына жәрдемдесуге, өз балаларының денсаулығына, өсіп-жетілуіне және олардың әл-ауқаты жағдайына қамқорлық жасауға міндетті. Некеге тұру кезінде ерлі-зайыптылар өз тілектері бойынша ортақ тек ретінде өздерінің біреуінің тегін таңдап алады не ерлі-зайыптылардың әрқайсысы өзінің некеге тұрғанға дейінгі тегін сақтап қалады, не өз тегіне екінші жұбайдың тегін қосады.

Ерлі-зайыптылардың біреуінің некеге тұрғанға дейінгі тегі қосарлас болса, тектерді қосуға жол берілмейді. Неке бұзылған жағдайда ерлі-зайыптылар ортақ текті сақтауға немесе өздерінің некеге тұрғанға дейінгі тегін қалпына келтіруге құқылы.

Ерлі-зайыптылардың мүлкінің заңды режимі ұғымы.

Егер неке шартында өзгеше белгіленбесе, ерлі-зайыптылардың бірлескен ортақ меншігінің режимі олардың мүлкінің заңды режимі болып табылады.Некеде тұрған кезде жинаған мүлік олардың бірлескен ортақ меншігі болып табылады.



Мыналар ерлі-зайыптылардың әрқайсысының меншігі болып табылады.

1) некеге тұрғанға дейін ерлі-зайыптылардың әрқайсысына тиесілі болған мүлік;

2)ерлі-зайыптылардың некеде тұрған кезеңінде сыйлыққа, мұрагерлік тәртібімен немесе өзге де мәміле жасау бойынша тегін алған мүлкі;

3) қымбат заттар мен басқа да сән-салтанат заттарын қоспағанда, некеде тұрған кезеңде ерлі-зайыптылардың ортақ қаражаты есебінен сатып алынса да, жеке пайдалану заттары (киім-кешек, аяқ киім және басқалар).

Дау туған жағдайда ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу, сондай-ақ ерлі-зайыптылардың сол мүліктегі үлестерін анықтау сот тәртібімен жүргізіледі.

Кәмелетке толмаған балалардың ғана қажеттерін қанағаттандыру үшін сатып алынған заттар (киім-кешек, аяқ киім, мектеп және спорт жабдықтары, музыкалық аспаптар, балалар кітапханасы және басқалары) бөлінуге жатпайды және бала бірге тұратын жұбайға өтемақысыз беріледі.



Ерлі-зайыптылардың мүлкінен өндіріп алу.

Ерлі-зайыптылардың біреуінің міндеттемелері бойынша өндіріп алу тек сол жұбайының мүлкіне ғана жасалуы мүмкін. Өндіріп алу ерлі-зайыптылардың ортақ міндеттемелері бойынша, сондай-ақ сот ерлі-зайыптылардың біреуінің міндеттемелері бойынша алынғандардың бәрі отбасының қажеттеріне пайдаланғандығын анықтаса, ерлі-зайыптылардың біреуінің міндеттемелері бойынша да ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкінен жасалады. Егер соттың үкімімен ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкі ерлі-зайыптылардың біреуі қылмыстық жолмен алған қаражат есебінен сатып алынғаны немесе көбейтілгені анықталса, өндіріп алу тиісінше ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкінен немесе оның бір бөлігінен жасалуы мүмкін.



Бала асырап алудың құпиялылығы.

Бала асырап алудың құпиялылығы заңмен қорғалады. Бала асырап алудың құпиялылығы заңмен қорғалады.

Бала асырап алу туралы шешім шығарған судьялар немесе бала асырап алуды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырған лауазымды адамдар, сондай-ақ бала асырап алу туралы өзгедей түрде хабардар болған адамдар бала асырап алудың құпиялылығын сақтауға міндетті.

Әдебиеттер:
1.Е.Баянов.Мемлекет және құқық негіздері.-Алматы, 2001 ж.

2.Қ.И.Оспанов. Құқық негіздері: Оқу құралы.-Алматы: «Жеті Жарғы», 2006.

3.Ғ.Сапарғалиев.ҚР Конституциялық құқығы.Алматы, 1998 ж.
Нормативтік-құқықтық актілер:
1.ҚР Конституциясы. 30 тамыз 1995 жыл. Алматы, 2007.

2.ҚР-ның «Неке және отбасы туралы»ҚР 1998 жылғы 17 желтоқсандағы Заңы.



8-тақырып. Қазақстан Республикасының еңбек құқығының негіздері
Жоспар:
1. Еңбек құқығының түсінігі және жеке еңбек шартының ұғымы.

2. Жұмыс уақыты.

3. Демалыс уақыты.

4. Жалақы және еңбекті нормалау.


1. Еңбек құқығының түсінігі және жеке еңбек шартының ұғымы.

Еңбек құқығы-азаматтардың еңбек бостандығына конституциялық құқығын іске асыру барысында, жұмыс беруші мен қызметкердің арасында, жеке, ұжымдық және басқа шарттар негізінде белгілі бір еңбек қызметін тараптардың жүзеге асыруы кезінде туындайтын еңбек қатынастарын реттеуші саласы.

Әркімнің де өзінің еңбек құқықтарын іске асырауға тең мүмкіндіктері бар. Жынысына, жасына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, мүлік пен қызмет жағдайына, тұрғылықты жеріне, дінге көзқарасына, сеніміне, азаматтыққа, қоғамдық бірлестіктерде болуына, сондай-ақ қызметкердің іскерлік қабілеті мен оның еңбегінің нәтижелеріне байланысты болмайтын басқа да мән-жайларға қарамастан, ешкімнің де еңбек құқықтары шектелуге немесе оларды іске асыруда қандай да бір артықшылықтар алуға тиіс емес.

«Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі» еңбек қатынастарының ең төменгі стандарттарын белгілейді, олар жеке еңбекпен және ұжымдық шартта жақсы жаққа өзгеруі мүмкін және қажет. Басқа нормативтік құқықтық актілермен реттелетін қызметкерлердің жекелеген санаттарының еңбек жағдайлары «ҚР Еңбек кодексінде» белгіленген стандарттан төмен болуы тиіс емес.

Жеке еңбек, ұжымдық шарттардың мәмілелері, егер олар заңдылықтарға қайшы келмейтін болса, тараптардың орындауы үшін міндетті болып табылады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет