V ТАРАУ. ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІНІҢ ҚҰРЫЛУЫ МЕН ДАМУЫ
§ 28.Қазақ хандығының құрылуы
Керей және Жәнібек хандар
Қазақ хандығының құрылуы Қазақстан тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі. Шығыс Дешті Қыпшақ, жетісу және Түркістан аумақтарындағы болған әлеуметтік-экономикалық және этно-саяси процестер қазақ хандығының құрылуындағы заңды құбылыстар. Ол Әбілхайыр хан мен Моғолстан мемлекеттерінің ішкі саяси жағдайымен тығыз байланысты. Саяси жағынан бытыраңқылығы басым этникалық топтардың, яғни қазақ тайпаларының бір мемлекетке бірігуі Қазақ хандығының құрылуына әкелді. Қазақ хандығы ХV ғасырдың 60 жылдардың ортасы мен 70 жылдардың басында (Мұхаммед Хайдар Дулатидың есебі бойынша 1465-1466 жж.) Батыс Жетісуда құрылды. Оның негізін қалаушылар Орыс хан мен Барақ ханның ұрпақтары Керей хан мен Жәнібек хан болды. Қазақ хандықтарының сыртқы саясат жөніндегі бағыт-бағдары және дипломатиялық қатынасы белгілі бір дәуірдегі ішкі, әсіресе сыртқы жағдайға сәйкес өзгеріп отырды. Керей хан мен Жәнібек ханның одақтық қатынас орнатқан тұңғыш мемлекеті Моғолстан болды. Моғолстанның ханы Есенбұға хан Моғолстанның батыс бөлігіндегі Шу мен Қозыбасы аймақтарына қоныстануға рұқсат берді. ХV ғасырдың екінші жартысында Қазақ хандығының іргесі нығайды. Көрші мемлекеттердің (Әбілхайыр хандығы, Темір және Моғолстан мемлекеттері) құлдырауы Қазақ хандығының күшейуіне себеп болды.
Керей мен Жәнібек хандар қазақ халқының жеке мемлекет құру, саяси және мәдени-экономикалық тәуелсіздік алу жолындағы талабын өз қимылдарына арқау етті. «Таурих-и гузида-ий Нусратнама» еңбегінің авторы айтып өткендей, Керей хан Орыс ханның немересі Болат ханның ұлы. Керей хан 1472-1473 жылдардағы оқиғалардан кейін қайтыс болған деп есептеледі. Ал, Жәнібек хан Барақ ханның ұлы Орыс ханның шөбересі. Ол қазақ хандығы мен қазақ хандары әулетінің негізін қалаушы. Оның азан шақырып қойған есімі-Әбусаид (кей деректе Бусаид немесе Әбусағид). Ең алдымен Қазақ хандығының құрамына Созақ, Сауран қалалары кірді. 1480-1511 жылға дейін Керейдің баласы Мұрындық хан болды. ХVІ ғасырдың бірінші жартысында Қазақ хандығы күшейе түсті. Оңтүстік Қазақстан қалалары үшін соғыс Мұрындық ханның тұсында да толастаған жоқ.
Ал, 1511-1518 жылға дейін Қасым хан болды. Қасым хан шамамен 1445 жылы дүниеге келген. Ол 1518 жылы қайтыс болған. Қазақ хандығының негізін салған Әз Жәнібектің ұлы. Қасым ханның алға қойған басты міндеті Сырдария бойындағы қалаларды Қазақ хандығының құрамына қосу болатын. Тарихта Қасым хан басқарған жеті жылда қазақ хандығының атты әскері 300 мыңға, халқы 1 миллионға жеткен.ХVІ ғасырдың аяғына қарай Қасым хан Қ
Қасым хан
азақ хандығының жерін ұлғайтты. «Тарихи Рашиди», «Шайбанинама» т.б. деректердегі мәліметтерге қарағанда қазақтардың этникалық территориясының негізгі аудандары Қазақ хандығына Қасым ханның билігі кезінде біріктірілген. Қасым хан қазақтың құқықтық тарихының бесбөлімінен тұратын белгілі «Қасқа жол» заңдар жинағын шығарған. Қасым ханның тұсында Қазақ хандығы Ресей патшалығымен, Сібірмен тағы басқа елдермен байланыс орнатты.
Қасым хан Сарайшық қаласында көз жұмды сол жерде жерленді деген дерек бар. Қасым хан Керей мен Жәнібек хандар басқарған саясатты жалғастырды. Бүкіл Дешті-қыпшақтың ханына айналды. Хандықтың кеңеюі мен нығаюына бар күшін салды. Қазақ елінің қуаты мен беделі алыс-жақын шетелдерге танылды. Мәселен, солтүстікте Сібірмен сауда және елшілік байланыс жасады. Орыс мемлекетімен Мәскеуліктермен, оңтүстікте шайбани шығысында моғол мемлекетімен бейбіт саяси байланыстар орнатты. Сондай-ақ, Иран мен Әзірбайжан жерінде құрылған Сефебит мемлекетіменде дипломатиялық қарым-қатынаста болды.
Батыс Еуропада қазақ хандығын осы кезде танып білді. Қасым хан мемлекеттің қоғамдық өмірінде алауыздықты болдырмау үшін бірқатар заңдар шығарды. Ол арғы тегі Шыңғысханның жасақ заңдар жинағына ұқсас. Әлі күнге дейін ел аузында «Қасым ханның қасқа жолы» деген атпен белгілі.
Қасым ханның қасқа жолы бес тараудан тұрады: мүлік заңы, қылмыс заңы, әскери заң, елшілік жоралары, жұртшылық заңы.
Осы заңдардың орындалуын қатаң талап етудің арқасында қазақ хандығының күш-қуаты артып, әлем таныған қуатты мемлекетке айналды. Қасым хан 16 ғасырдың басында Сырдария алабындағы Түркістан аймағын сыр бойындағы қалаларды өзіне қосып алуды мақсат етеді. Осы жолда Мауреннахр билеушісі және оның ұрпақтарымен тоқтаусыз соғыс жүргізеді.
Ал, Қазақ хандығының Қасымнан кейінгі билігі оның мұрагері Мамаштың қолына тиеді. Мамаш хан – Қасым ханның үлкен ұлдарының бірі, Жәнібек ханның немересі. Шамамен, ол 1450-1460 жылдары дүниеге келген. Мамаш хан 1518-1523 жылға дейін хандық құрды. Мамаш хан кейбір жазба дерек мәліметтерінде Құмаш хан деп айтылады. Қазақ хандығындағы билік құрған бесінші хан. Оған дейін хандық билікті Керей хан, Жәнібек хан, Бұрындық хан және Қасым хан басқарды. Қазақ хандығын нығайтуға және күшейтуге қажырлы қайрат жұмсаған Қасым хан қайтыс болған соң, оның мұрагерлері арасында билік үшін ішкі талас пен қырқыстар туып, қазақ хандығы әлсірей бастады. Мамаш ханның билікке келуімен күрес басылмайды, қайта өрши түседі. Бұл арада билік үшін жеке тұлғалардың арасында жеке күрес жүрсе де, оның астарында мұрагерлікке байланысты дәстүр таласы жатты. Мамаш хан жөніндегі жазба деректер өте аз. Мамаш өлгеннен кейін, 1523-1533 жылдар аралығында хан тағына оның баласы емес, інісі Тақыр отырады. Тақыр хан ел билеуге қабілеті төмен, әскери-саяси және елшілік істерге олақ адам еді. Ол феодалдық қырқыстарды тия алмады, көрші елдердің көпшілігімен оның ішінде Шайбани әулетімен, Ноғай ордасымен және Моғолстан хандарымен де жауласты. Бұл соғыстарда қазақтар жеңіліп, Қазақ хандығы оңтүстіктегі және солтүстік-батыстағы жерінің біраз бөлігінен айырылып, оның ықпалы тек Жетісуда ғана сақталып қалды.
1533-1534 жылға дейін хан тағына Бұйдаш отырды. Бұл ханның тұсында Қазақ хандығының ішкі және сыртқы жағдайлары жақсара қойған жоқ. Ал 1534 жылы хан тағына Қожа Махмұд, ал 1535-1537 жылға дейін Тоғым хан отырды.
1537 жылы хан тағына Қасым ханның ұлы Хақназар (1537-1580 жж.) отырды. Хақназар хан таққа отырған соң хандық үкіметтің билігін нығайтуға және күшейтуге қажырлы қайрат жұмсады. Өзінен бұрынғы Тақыр хан және Бұйдаш хан тұсында бытыраңқы жағдайға түскен Қазақ хандығын қайта біріктірді. Хақназар қазақ хандығын 42 жыл биледі. Қазақ хандығының 300 жылдық тарихында Хақназардай ұзақ жыл ел билеген хан болған емес. Ол ел басқару, қиын-қыстау, әскери-саяси істері жағында қажырлы да қабілетті қайраткер болды. Оның үстіне аса күрделі сыртқы жағдайларда дипломатиялық дарыны мол майталман екенін көрсетті.
Хақназар хан тұсында Қазақ хандығы дамып, күшейе түсті. Маңғыт (Ноғай) басшылары өз ара қырқысуларды тоқтатып, Хақназарға бағынды. Хақназар хан Моғолстан хандарымен үздіксіз және табан тіресе соғысты. ХҮІ ғасырдың 50 жылдары ол Қазақ хандығына бұрынғы Ташкентті бағындырды, ал 70 жылдарының аяғында Хақназар Абдолла ханмен одақтас болып, Баба сұлтанға қарсы күрес жүргізді. Хақназар хан ең алдымен Жайық маңын, Түркістан жерлерін қосып алды. Қазақ хандығы Хақназар хан тұсында саяси жағынан қайта өркендеді.
Хақназар хан қайтыс болған соң, оның орнына Жәдік сұлтанның баласы, Жәнібек ханның немересі Шығай 1580-1582 жылдары хан тағына отырды. Ол бұл кезде сексен жаста болғанымен, қазақтардың ішінде беделді хан болды. Оның өміріне қатысты мәліметтер тарихта аз сақталған. Шығай хан қазақ хандығының сыртқы саясатындағы Хақназар хан ұстаған бағытты жалғастырды. 1582 жылы Бұхара ханы Абдолла, қазақ ханы Шығай және оның баласы Тәуекел сұлтанмен күш біріктіріп, Ташкент билеушісі Баба сұлтанға қарсы Ұлытау жорығын ұйымдастырды. Шығай хан сол жорықта қайтыс болды. 1582 жылы Шығай қайтыс болғаннан кейін таққа оның ұлы Тәуекел отырады.
Достарыңызбен бөлісу: |