І-тарау. Жыраулар шығармаларындағы ел тағдыры


Жыраулар шығармаларындағы батырлар



бет3/3
Дата25.02.2016
өлшемі317 Kb.
#19922
1   2   3

2.2. Жыраулар шығармаларындағы батырлар.

«Жаным арымның садағасы, арым халқымның садағасы» деп елін сүйген, жанын шүберекке түйген небір жүрек жұтқан батырлар қазақ елінің қай жерлерінде де атқа қонып, ерлік істерімен даңқын шығарды.

Москвадағы сыртқы істер министірлігі жанындағы дипломатиялық істер жөніндегі архивінде «қазақ жоңғар соғыс істері» деген бөліміндегі № 11 папкада көптеген мәліметтер табуға болады.Осы мұрағатта жоңғар мен бастан аяқ соғысқа қатысқан батырлардың мынадай тізімі бар: Әбілхайыр хан,Абылай хан, Нұралы хан, Ералы сұлтан, Қабанбай, Бөгенбай, Өтеген, Шотан,Әбілпейіз, Әділ сұлтан, Жантай, Баян, Малайсары, Тілеуке, Сағымбай, Күлеке, Жауғаш, Қонай, Дат, Барақ, Барақ сұлтан, Құлшабек, Жабай, Сырымбет, Тұрсынай, Нарбота,Қожаберген, Елшібек, Сары,Сәңкібай, Мамыт,Малдыбай,Райымбек, Таңсық, Деріпсалы,Шынқожа, Аибас, Жанұзақ, Байғазы, т.б /11/.

Жоңғар жаулаушыларына қарсы күресте айрықша еңбек сіңірген ерлердің есімін Бұхар да, оған замандас жыраулар да мәңгілік даңққа бөлеп, қастерлеп айтып кеткен.Солардың аттары қазақ тарихының алтын кітабына жазыларлық десек артық айтқандық болмас.Бұхар жырау атаған сол ардақты жандарды есімізге қайта бір түсірсек.

Қалданменен ұрысып,

Жеті күндей сүрісіп,

Сондағы жолдас адамдар:

Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай.

Шақшақұлы Жәнібек,

Сіргелі қара Тілеуке

Қарақалпақ қылышбек,

Текеден шыққан Сатай,Бөлек,

Шапырашты Наурызбай,

Қаумен,Дәулет,Жепек батыр қасында

Бақ-дәулеті басында.

Сенкібай мен Шойбек бар,

Таңсық қожа Мәмбет бар.

Қасқараудан Молдабай,

Қатардан жақсы қалдырмай,

Есенқұл батыр ішінде,

Өңкей батыр жиылып,

Абылай салды жарлықты... /12/

Жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық соғыстың әр кезеңінде әр өңірде қол бастаған, ел намысын қорғаған, аттанып барып жау алған батырлар саны жоғарыда көрсетілгенмен шектелмейді.Тарих ғылымы тереңдік пен нақтылыққа жақындаған сайын олардың да есімдері ізделіп, халық үшін көрсеткен қайраты анықтала түсер. Дегенмен, ойратқа қарсы ұрыстың ең шешуші сәттерінде Абылай қауымындағы қосындардың жүргенін еске алсақ,Бұхар жырау санап шыққан батырлардың әрқайсысы туралы мағлұматты жұртшылыққа таныстыру парыз болып көрінеді. Егер ертелі-кешті Қазақстанның бір жерінде Абылай бастаған әділетті ұрыстардың сымбат панорамасы жасалатындай уақыт келсе, бұл ерлердің есімдері тасқа ойылып жазылып, Орхон ескерткіштеріндей ұрпақтың ұрпағына жететін болуы керек /13/.

Батырлық жырлардың қаһарманы болу оңай шаруа емес. Оған өз заманында халқына ерекше еңбегі сіңген, айрықша белгілі болған кісілердің ғана қолы жеткен.Бірақ, авторлы шығармалардың кейіпкері болу,одан сонау ғасырлардың белесінен аттап өтіп кейінгілерге ауызша жету одан да қиын болған сияқты. Осы тұрғыдан келгенде XVІІІ ғасырдағы жыраулардың ең көрнекті өкілі Бұқардың дорық жыршылары Тәтіқара жырау мен Үмбетей жыраудың толғауларындағы қол бастаған батырлардың ерліктерін өз заманындағы өлеңмен өрілген көркемдік шежіренің жұрнағы деп тануға болады. Әрине бұл авторлардың әдеби қаһармандары өмірде болған нақтылы тарихи тұлғалар екені, олардың өздері көрсете білген өмір сахнасы негізінен жоңғарлармен күрес кезеңі,онан кейінгі қазақ қауымы бастан кешкен бірсыпыра оқиғалармен байланысты екені мәлім.Ал,жоңғарлармен арада өткен айқас жолы «Ақтабан шұбырындыдан» бергі уақыттың өзімен есептегенде отыз бес жылды қамтитын ұзақ мезгіл. /14/

Бұл жолда талайлардың даңқы шықты. Солардың ішінен ұзақ көрініп, небір шоқтықты оқиғалардың басты кейіпкерлерінің бірі болғаны –Қанжығалы Арғыннан шыққан Бөгенбай батыр. Бөгенбай батырды халықтың ерекше ардақтап, ғасырлар бойы есімін аялап,есте сақтап келуі – оның ерлік әскер басылық істеріне байланысты. Оның алғашқы ерлік жолы Еділден өтіп, қазақ ауылдарына шабуылдап,мазасын алып,әбден титықтатып біткен қазақ-орыстармен шайқастан басталады. Жиырма сегіз жасында 30мың қолды бастап барып, казак орыстарды дүркіретіп қуып, Еділден әрі асырып салады. Осы кезден бастап қашан қазақ жері жоңғарлардан азат етілгенше Бөгенбай батыр аттан түспей,Қабанбай,Олжабай, Жәнібек, Малайсары секілді қазақтың аты шулы батырларыментізе қосып, ел тәуелсіздігі үшін талай шайқастарға енеді. Осы шайқастарда көрсеткен ерлігі, жағдайды дұрыс бағалап, тез шешім қабылдап, шабуылды шебер ұйымдастыра білуі- оның даңқын асқақтата көтерді.Бөгенбай батыр-қазақ тарихындағы өте ірі тұлға.Ол бар өмірін ел-жұрты үшін сарп қылған аяулы азамат, XVІІІ ғ. болған жоңғар мен қазақ жасақтарының арасындағы шапқыншылықты қазақ сарбазбарын басқарушы қолбасшы. Қанжығылы Бөгенбай батырдың аты кімге болмасын жақсы таныс. Ол жоңғарға қарсы күрестің қаһарманы, әлеуетті батыры, Атақты қолбасшы еліне еткен қызметі арқасында жұрт сүіктісіне айнллған қазақ халқының ардаген ұлдарының бірі.

Абылай ханнан бірде «Өз батырларыңыздың ішінде қайсысы сіздің жүрегіңізге жақын?»- деп сұрағанда, ол: «Ілгеріде өткен азаматтың ішінен нағыз таңдануға тұрарлық екеу-ақ. Қалданның қолынан тоқсан тұтқынын қайтарып алған Қаракесек Қазыбек пен тұтқындарға үйде отырып бостандық алып берген Уақ Дәріпсәлі.Алғашқысы Қалданға өзі барып сұрап қайтарып алған болса,кейінгісі өз ауылында отырып жаудың зәресін алды.Менің батырларымның ішінен ерлігі мен мінезі жағынан Бәсентин Малайсары,ал ақылы мен ерлігі жағынан Уақ Баян бәрінен жоғары тұрады» ,- дей келіп,тағы да бірнеше қырағы батырларын ескерткен. /15/.

Тоқтыбайұлы Саңырық жоңғар басқыншылығына қарсы күрестегі атақты батырлардың бірі.Саңырықтың батырлық жолы әйгілі «Ақтабан шұбырындыдан» кейін басталады. Ата-мекені жау қолына қалып, босқан елдің ауыр халін көріп,ет жүрегі езілген қазақтың намысты ұлдары ата жаудан кек алу қамына кірісіп, жер- жерде жауынгер жасақтар құрайды. Олар жаушы жіберіп,өзара хабарласып,бір-бірімен бірігіп,көп ұзамай бүкіл халықтық ұлы күшке айналады. Осындай бірігулер кезінде алғашқылардың бірі болып тізе қосқан Ұлы жүздің Саңырық батырымен Кіші жүздің Тайлақ батыры болды. Олар осыдан кейін жұп жазбай,ел еңсесін көтерген тұңғыш жеңісті әкелген Бұланты шайқасында, түпкілікті жеңіске бетбұрыс жасаған Аңырақай шайқасында да бір болады. Тарихшылар Бұланты шайқасында шабуылдаушы әскердің қолбасылары болған Саңырық пен Тайлақ батырларды осы жолғы жеңістің «жолашарлары» болды деп бағалайды.

Саңырық батыр жасағы бұдан кейін де талай шайқасқа қатысқан. Оның Талас бойын жаудан тазартудағы,әсіресе, Ақкесене ,Көккесене деп аталатын екі мұнара түбіндегі шайқастағы ерлігі ел аузында аңызға, жыр-дастанға айналған. Халық арасындағы сондай жырлардың біріндегі:

«Босқан елді құрап ап,

Қол бастаған Саңырық.

Алладан медет сұрап ап,

Жол бастаған Саңырық.

Қарсы келген жауына,

Қырғын салған Саңырық.

Анталаған қалмаққа.

Сүргін салған Саңырық.

Тайлақ батыр екеуі серік болған Саңырық.»

деп жалғаса беретін өр жолдар ел қорғаған еріне риза болған халқының ерен құрметіндей,есте сақтар мәнгі ескерткішіндей көрініп,тым асқақ естіледі/16/.

Абылай заманында батыр, сардар болғандар Қаракерей Қабанбай, Алтыбай батыр, Ақтанберді батыр, Есмамбет батыр, Матай-Шөңкей батыр, керей Жәнібек батыр, бөрі Ақпантай батыр, қанжығалы Бөгенбай батыр,бесентиін Малайсары батыр бұлардың бәрі де қолбасшы жауынгер атанса да қайраттысы Қабанбай болды. Ол кезде қоршауға қалса дереу бекініс жасап, қолына не түссе сонымен жауды жасқап, бекінетін қорғанды «қамал» деп атаған. Қазақ мұндай қамалдың талайын шаңына аспанға шығарып жүрсе де,бір қабат Шыңғыс тауындағы қалмақ қамалын қазақ сырттан қоршап ала алмай,ақыры Абылай хан кім қамалды алса хандығымды беремін деп жар салады.Сонда да қорғыннан өтіп ешкім кіре алмай тұрғанда осы Қабанбай мен Есмәмбет батыр екеуі аз әскермен барып садақ, зеңбірек оқтары өз алдына, жаңбырдай жауған тастарға да қарамай,қамалға еніп кетіп,қалмақты қырып шыққан. Сонда хан Қабанбайға тәжін кигізіп,Есмәмбетке бір қымбат бағалы кестелі жарғақ тон жапқан,осы себепті Қабанбайды кейде «хан» деп те атаған. Оның «дара боз» деген атағы тағы бар,оған арабша «мубариз» атауы ұқсас келеді,мүмкін осыдан алынған болуы,себебі жеке соғыс,жекпе-жекке шыққан жауынгер «мубариз» деп аталған. Ал Қабанбайдың өз аты Азбасар болғанымен,қабан сияқты бет алған жағынан қайтпайтын қыңырлығынан осы атқа ие болыпты /17/.

Тарихи жырларда батырлық жырларға тән баяндаулар дәстүрлі сюжеттер басым болып келеді.Өйткені қалмақтар мен жоңғарларға қарсы күресу халық бірлігі үшін жауға тойтарыс беру, ел мен жер бүтіндігін сақтап қалу тарихи жырлар мен батырлық жырлардың екеуі де ортақ тақырып болып табылады. Сондықтан да тарихи жырларды, әсіресе «Базар батыр», «Барақ батыр, Абылай» жырларында батырлық жырларға тән эпизоттың кездесуі заңды құбылыс.

«Тарихи жыр- негізінде өмірде анық болған әлеуметтік, саяси оқиғалардан алынада»,- дейді. «Базар батыр» жырында жоғарыда айтылғандай,Алтай өңіріндегі қазақ қалмақ соғысы суреттеледі, яғни жыр оқиғасының тарихи деректерден алшақтығы жоқ.»Барақ батыр, Абылай» жырында да нақты тарихи оқиға суреттеледі.Қазақ батырларының Алтай өңірін басқыншылардан қорғаудағы жан кешті ерліктері зор шеберлікпен баяндалады.Жырдың мазмұны оқиға желісі, қаһармандар сипаты тарихи шындықтан алшақ кетпейді. Жырлардағы сюжеттің тарихи фактілермен қаншалықты сәйкес келетініне көз жіберсек, онда мынадай шумақтарға кезігеміз:

Хабарын естіп соғыстың

Қарт Бөгенбай келеді.

Жатпайын тез барайын

Айқасып жаумен қалайын.

Алла жолды оңғарса

Жауға ойран салайын

Батырдың қарты Бөгенбай

Тарбағатай тауына

Алты айда барып жетеді.

Қалмақтарды ықтатып

Қазаққа құдай болысты. /18/

Жырда Қазақстанның Шығыс өңірін жаудан азат ету ісіне Бөгенбай батырдың қатысқаны тарихи шындықтан алыстап кетпеген.Дегенмен, жырдағы Бөгенбай батырдың серігі Тарбағатай жеріндегі шайқасқа алты ай жүріп келсе де, дер кезінде жетіп келгендей болып, суреттеледі.Келуін келгенімен батырдың шаршаған әскері жеңіліске ұшырап,кері шегінуге мәжбүр болуы, дәл сол кезде оларға Қабанбай, Барақ батырдың көмекке келуі, құтқарып қалуы сияқты оқиғаларға субьективтік көзқарас тұрғысынан қараған жөн. Яғни Мұхтар Әуезов пайымдағандай: «тарихи жырларда эпостық баяндауға тән обьективтік сарынның орнын оқиғалардың тікелей қабылдаған автордың әсері араласқан субьективтік баға басады.» /19/.

Сол сияқты жыр оқиғасы:

Қабанбай қарсы келеді

Жынды болған бурадай

Батырын қалмақ көреді

Қабанбайға кезекті

Қан батыр сонда береді

Қабекең қоңқа жұмсады.

Көлденеңнен құлады.

Құмырсқадай су беті.

Қалмақтар қырғын табады.

Қалмақты қазақ жеңген жер

Қара шашақ найзасын

Қайратын қашан көрем деп

Тірлігімде пайдасын

Келістіріп кеудеден.

Кебекең найза ұрады.

Көзін жұмып қонтажы

Жазасын жаудың берген жер

Қан төгіліп сол өзен

Қанды су болып қалады.../20/

деп жеңіспен аяқталады. Дәл осы оқиғаны тарихи тұрғыдан растай түссек, «Қаракерей қабанбай әскері Тарбағатай тауы мен Қанды су өзені бойында жоңғар әскерін талқандап, Шілікасуы мен Зайсан көліне дейін жоңғарлардың ізіне түсіп, Шитөбе, Талдыаралды азат етіп, соңғы қанды шайқастарын қазіргі үлкен Қаратал, Көк қошқар, Кендірлік,Аққол деген жерлерде жеңіспен аяқталады.Сөйтіп, Зайсан жерінде қазақ халқы ғасыр бойы созылған күресін жеңіспен аяқтады » деген дерек бар /21/.

Кейбір шежіре әңгімелерде «Абылай ханның заманындағы қазақ жұртынан шыққан батырлар Қаракерей Қабанбай, қанжығалы Бөгенбай, қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек, көкжарлы Барақ, шанышқылы Бердіқожа, Сырым Малайсары...» секілді даңқты есімдер тізбегі қайталанып берілсе, тағы бірде жеке ерлердің хас қаһармандығы мадақталады. Уақ Баян батыр туралы:

Ақыл тұрмас қашқанда,

Дегбір тұрмас сасқанда.

Баяндай ерді көрмессің

Бұрылып жауды шанышқанда.

Үйде батыр көп еді,

Жау жолында Баянбай

Көзге түсетұғын жоқ еді,-

делінген. Осы қысқа өлеңде Баянның жарқын мінездемесі берілген./22/.

Қазақ батырларының әрқайсысына арнап сөз тастап,олардың әрбіреуінің өзіндік ерлік кескін келбеттерін,қақарлы айбарларын мадақтап, ел –жұрттың атынан оларға аманаттар жүктейді.

Бас-басыңа батырлар

Арнап міндет артамын.

Ата-аналық ақым бар,

Алдарыңа оны тартамын-

деп өзінің ел атынан сөйлеп, ата-ана парызы ретінде тапсырмалар беріп тұрғанын атап көрсетеді.

Бұхар Малайсарыға арнап:

Малайсары батырым,

Күшіңе сай ақылым

Елдің кегін жақтайтын

Жаттан өлді жақының,

Жауды жайрат аянбай

Еркөкше мен Баяндай

Қиын-қыстау жерлерде

Бұзушы едің қамалдай

Жырау бейқам жатпай, соғыс қамын жасап,жатпай тұрмай қаруланып,бас қосып,күш біріктіріп даяр тұруларын талап етеді.

Тәуекелге бел байла

Хабар тарат маңайға

Елдің болат ерлері

Ердің алып күштері

Ердің құнын алуға

Елдің жегін жақтауға

Қару сайлап, даярлап,

Қанды соғыс оңайма?

Қамданыңдар тұрмаңдар

Есте мәңгі қалуға!!! /23/

Осы толғауда Бұхар жырау жыраудың жоңғарға қармы соғыс кезінде үнсіз жатып алмай, халықпен бірге жауға қарсы тұрып, өзінің жалынды сөздерімен рухтандырғаны айқын көрінді. Бұл тарихи шындыққа сай, Жыраудың жан-дүниесін жарып шыққан толыққанды толғау.

Ақтөбе өңіріндегі ел есінде сақталған батырлардың бірі Өмірұлы Байдалы.Ол жоңғар-қазақ соғысының қаһарманы.Кіші жүзге аты мәшһүр болған «Алшынның ақсақ барысы» атанған данықты батыр, би, қоғам қайраткері.Байдалы өмір ұлы туралы ел жадында ескі әңгіме,өлең жырлар көптеп ұшырысады. Соның бірінде батыр бейнесі былайша суреттелінеді.

Үшінші мына өмірді

Өмірден туған Байдалы

Айыбы асқақ демесең

Әруағы бұлтпен таласқан

Батыр екен айлалы

Байтақ жатқан қалмақты

Қылышының астында

Қонысынан аударып,

Аштарханан асырып

Иіріп қойдай айдады. /24/.

Жырда батырдың қалмақпен бір қақтығысы да берілген.

Бұрынғы өткен заманда

Кәпір қалмақ қау екен

Қазақтан алып жесірді

Салған екен кесірді

Келе жатқан бұрыннан

Қазақ пенен қалмақ жау екен.

Өмірдің ұлы Байдалы

Алшынның ақсақ батыры

Кенжалы мен Көрпе бай

Мыңжас батыр төртеуі

Аттанды қалмақ еліне

Алмасын іліп беліне

Қылышын алып қолына

Шабамын деп қалмақты

Саламын деп ауыр салмақты

Қалмақтың шапты қаласын

Шулатты қатын баласын

Қылдырмады пайдасын

Таптырмады айласын

Қысқа күнде қырық шауып,

Төсегіне қалмақтың

Тигізбеді жанбасын /25/.

Жырда Байдалының қалмақ батыры мен жекпе жегі де шебер суреттелген.

Кіші жүз жасағының бас сардары болған Адай жары Назарұлы Шотан Әбілһайырдың қол астында қызмет еткен ол сол кездің өзінде –ақ ерлігімен белгілі бола бастайды.1728 жылы Бұландыдағы,1730 жылы Аңырақай шайқасындағы, 1739-1740 жылдары Сары арқадағы соғыстарда да, 1747 жылы Сыр бойындағы, 1752-1754 жылдардағы жоңғарды жеңіліске ұшыратқан соғыстардың бәрінде 1755 жылғы жоңғарлардан қазақ жерін түгелдей қайтарып алған соғыстарда асқан ерлік көрсеткен қазақ батырларының тізімінің ішінен Шотанның Қатысқанын көреміз.Шотан Әбілқайыр қолының ішіндегі он екі ата Байұлы жасағын басқарып, соңынан Кішіжүз жасағының бас сардары деген атақты игеленген батыр тұлға.//////////

Жоңғарлар қазақтарды түпкілікті жеңу мақсатымен 1739-41 жылдарда Орта жүз қоныстарына қарсы жойқын жорық ұйымдастырған.Жаулау қазақтың қарсыласу күшінің неғұрлым тегеурінді, қалың жері Орта жүз екенін есепке ала отырып,сол қамалды бұзу көздеген.Бірақ ойраттар бұл жолы ойлаған мақсатына толық жете алмай, кейін серпілуге мәжбүр болған. Орыс шежірешілері дәл осы кезеңде, дәлірек айтқанда 1741 жылы жаулардан ығысып, қонысын тастап,бой тасалған қазақ ауылын жоңғарлардың қалайда қуып жетіп, жоймақ болғанын, осы кезде бір қазақтың өз басын ажалға тігіп, қалмақтарды «жол көрсетемін» деп, адастырғанын, жауларын көп шығысыға душар еткенін жазып қалдырыпты. Өкінішке орай жоңғарларды алдап,жасырынған ауыл адамдарын аман алып қалған ,саналы түрде өзін өлімге қиған ердің аты-жөні сақталынбаған. /27/

Малайсары мен Жасыбай батырлардың даңқы да ерте шығады.

Тортуыл Сүйіндіктен шыққан бұл екі батыр Олжабаймен ағайын,дос адамдар.Жасыбай жөнінде Н.Я.Коншиннің жазбаларында,халық шежірелерінде,аңыз-әңгімелерінде,батырдың өзіне арналып шығарылған «Ер Жасыбай» жыр-дастанында біраз мағлұмат берілген. Соларға қарағанда, ол Олжабайдың жиені ғана емес, жауға бңрге шапқан серігі, жақын досы болған. Жастайынан жауырыншылығымен,құралайды көзге атқан мергендігімен аты шыққан. Баянауыл өңірін қалмақтардан тазартуда үлкен ерлік көрсеткен. Ол жауға бірнеше дүркңн соққы берген әйгілі батыр.Бірде қазақтардың қолбасшысы Олжабай батыр Жасыбай батырға жауынгерлерімен келе жатқан қалмақ қолының алдынан шығып, олардың жолын бөгеп, бері жібермеуді тапсырады. Мыңға толмайтын жасақты бастаған Жасыбай батыр жаумен асқан ерлікпен соғысады. Бірақ аңдаусызда сауытының желке тұсындағы ашық жерінен қалмақтың оғы тиіп, содан өледі.Қазақ қолы қалмақтарға төтеп бере алмай ығыса бастайды. Сол кезде қырғын болған таудың шатқалына Олжабай бастаған әскер кіреді. Жеңілген қалмақтардың ұлардай шауып, жалбарынған дауыстарынан тау іші күңіренеді. Сонда Олжпбай батыр: «Сендердің бәріңді қосқанда,өлген Жасыбай батырдың шынтағына тұрмайсыңдар» деп, жауынгерлеріне «жауды аяған жаралы» екенін ескертеді. Қалмақтардың бұл жолы қырылғаны сонша,өліктері жолдың ұзына бойына шашылып қалады». Бұл деректердің дұрыстығына «Олжабай батыр» жырындағы:

Келген жолмен шұбырып,

Есепсіз жолда қырылып.

Баян тауын жанапты.

Қайқайып садақ тартқанда,

Қалмақтың тиіп сұм оғы,

Жасыбай қалды жығылып»

Деген жолдар да,соғыс болған жердің бұл күнде «Қалмақ қырылған» аталуы да ділелдей түседі. /28./

Бұлар қалмаққа қарсы күресте ерекше ерлік көрсеткен бартылар. Малайсары әрі би, әрі батыр санылды. Жасыбай жау мергенінің жасырынып тұрып атқан оғынан Шойынды көлде қапыда қаза табады. Оның өлімі соншалық азалы, қайғылы болған. Бұл қазаға Бұхар жоқтау шығарып жыр еткен. Шойынды көлді Жасыбай көлі деп атауды ұйғарып, батырдың атын мәңгі есте сақтау әрекетін жасаған. Жаяу Мұса Бұқар жыраудың Жасыбай батырдың ерліктерін толғаған жырларына тоқтала келіп, оның ұзақ жырын қалдырған.Ол шамамен 160 жол. Батыр қазасы туралы жырлау:

Кешегі өткен Жасыбай,

Көкше шақпақ тасындай

Суы қатты сом болат

Өмірі өтті жасымай.


Дем таусылып,дәм бітсе.

Аялына қарай ма?

Әзелде жазу осылай .

Тында мені Абылай,

Тақта отырып арымай.

Болат істің қамын қыл.

Жадырап шілде жазындай.

Бұхар Жасыбай туралы толғауы- қазақ халқының бастан кешкен ерлік істері, ата-мекеніне деген сүйіспеншілігін, хас батырдың қаһармандығын паш етеді.Жасыбай батыр қазасы басында жырланған бұл толғаулардан жыраудың отаншылдық жалынды үндері естіледі.Батыр қазақ халқына ауыр тигенін айта келіп, жырау ел-жұртын жаудан кек алуға шақырады. Көпті көрген жырау ер азаматтарды ер қаруы бес қаруды асынып, жорыққа аттануға, жан аямай жауға бөріше тисуге рухтандырды.

Тыңда мені ерлерім,

Жау ала алмас белдерім,

Ердің қанын қанмен жу

Сендер едің сенгенім

Жолдарың болар жорықта

Тию болар зорлықта

Өзі тиген өкінбес

Күш жұмсасаң қорлыққа... /29/

Бұқар баба айтқандай:

Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Қаз дауысты Қазыбек,

Шақшақұлы Жәнібек

Орманнан көп Орта жүз,

Содан шыққан төрт тіректің бірі Жәнібек еді /30/. 16-17 жасынан елін, жерін қорғауға аттанған батыр көз жұмғанша еруіл аттан түспеді. «Қазақ халқының қаһармандары » деген жинақта Ұлы жүздегі нағашы атасы Бектасқа сәлем беріп,Абыз атаның ақ батасын сұрайды. «Қарағым,өзгеге берген батамды өзіңнен неге аяйын.Ер азамат қылып өсіріп,ел-жұртыңа қосайын деп едім. Жасыңа жетпей жау тілеме» дейді.Бұған риза болмаған Жәнібек: «Он сегізге келгенше,жігіт болып жетіле алмады дегеніңіз бе? Желкілдеген тудан, жер қайысқан қолдан қалдырғанда,от басын айналдырған көбнлектей көргенінің бе?» наразылық білдіреді.Сонда Абыз ата: «Қой,рұқсат бермесе,құса болып өліп кетер» деп ойлап, «Қол басқарсаң,жолың киелі болсын! Ел басқарсаң, сөзің жүйелі болсын!» деп батасын береді /31/. Жәнібек «Қазақ жерін жоңғар басқыншыларынан азат етуге аттанып бара жатқан Қаракерей Қабанбай,қанжығалы Бөгенбай,сүйіндік Олжабай, найман Барақ батырлардың қолына Жәнібек жорық үстіне қосылады. Майдан даласының қатал дәстүрі бойынша қазақ-қалмақ қолдары бетпе-бет келіп,ортаға екі жақтан жекпе-жекке батырлар шығады.Қалмақ батыры дес бермей,төртінші болып сайысқа шыққан Жәнібек ересен ерлік көрсетеді. Қалмақ батырының құлаштай ұрған айбалтасын денесіне дарытпай, жұлып алып, «олай шаппайды,былай шабады» деп ол алмасын жай түскендей жарқ еткізеді. Жоңғар ат жалын құша құлайды. Ашу-ыза қысып,өзіне жабыла кеткен қалмақтарға жас батыр қарсы шығады. Майданға Қабанбай, Бөгенбай араласады. 17-18 жасар Жәнібектің алғашқы шайқасы тарихта осылай қалады. /32/. Сонау Тәуке хан заманынан бастап болған жорықтардың бәріне дерлік қатысқан Жәнібек қазақ руыны көтерген жекпе-жекке шығар батыр, қалмақтардың атақты баскесері Жайсан батырынан хонтайшысына дейін аттан түсірді. Ол жол бастаған жолы киелі болды, ел бастаған сөзі киелі болды. Батырлықты нояндыққа,ерлікті абыздыққа жалғастырған Жәнібек ормандай Орта жүздің ту ұстар көсемдерінің біріне,бірі болмаса бірегейіне осылай айналды.

Құтымбетұлы Наурызбайдың өмірі жоңғарларға қарсы күресте өтеді. Ол атақты Аңырақай шайқасына қатысып,жиырма үш жасында қалмақ батырлары Шамалхан мен Қаскелеңді жекпе-жекте өлтіріп батыр атанады. Батырдың елігіне риза болған ел:

Наурызбайдың екпіне таудан асқан тасқындай.

Қалмақты қойдай қырады,оттан судан тартынбай.

Түйе тұрпатты тұтқыр ер.онды-солды ұрады.

деп,оның атын жырға қосып.мақтан тұтады.

Аңырақай шайқасы қазақ қауымы біріксе,жоңғарларды жеңетінін,жау қолында қалған жерді азат етуге болатынын анық көрсетіп береді. Абылай Арқаға барғаннан кейін тұс-тұсқа жаушы жіберіп,жаңа күш топтайды. Осыған ұлы жүзден Өтеген,Райымбек,Наурызбай секілді батырларды шақырды.Қол бастап талай шайқасқа қатысқан Наурызбай батыр 1750-1752 жылдары Бәсентиін Малайсары,Қыстық Малай, Шапырашты Қасқары батырлармен бірге тізе қоса қыймылдап,қазақ қолының жеңісті жолын жалғастырып, жоңғарларды Тұрпаннан асыра қуып тастайды. /33/

Тәуке ханның бас батырларының бірі болған Наймантай баласы Байғозыны жауынгерліке өзі баулап,әкелі-балалы батырлардың даңқы жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресінде қатар шыққан.Халық жырларында:

«Қолыңды қамшысы бар айбалтадай,

Батыл бол батыр болсаң Наймантайдай»

«Тарақты да Байғозы,

Бұ да асқан ер еді.

Ел шетіне жау кесе

Мен барайын дер еді»-

деп айтылады. /34/

Бұхардың біз сөз етіп отырған толғауы жыраудың ел азаттығы үшін аянбай еңбек етіп,елбасына ауыр күн туған шақта жарғақ құлағы жастыққа тимей, туған жерді жоңғар –қалмақтарынан азат етуге сіңірген еңбектерінен толық мағлұмат береді.Ол:

Ордалы байтақ елім бар,

Бал өзені тулаған

Мал кіндігі жерім бар

Соны қорғап бағыңдар

Жауға қарсы барыңдар!

Кеткен жерді қайырып,

Ежен ханнан алыңдар...

Дағыра дабыл ұрыңдар,

Қамданыңдар, тұрыңдар...

Бет күйдірген айбатпен,

Тас үгіткен қайратпен

Жау әскерін қырыңдар!!!-

деп жалынды ұран тастайды. Қалмақ пен қазақ арасындағы қайшылықтардың пайда болу себептерін, оған кінәлі қалмақ бектері ғана екенін ашық айтады. Қазақ жоңғарлар екі ел арасындағы татулығын бұзды.Ежен ханның көзіне қан толып,сөзден тайды,бұрынғы келісімдерді бұзып, шабуыл жасады-

дейді жырау.

Қойдан қоңыр ел едік

Сиыласқанға кең едік

Ел менен жерім аманда

Таусылмас қазына кең едік

Қазақ, қалмақ туыстасқан,

Кірме емес, тең едік

Көрші ел боп туыстас,

Жауласпаспыз деп едік.

Ол сөзінде қалмақ тұрмады

Үнемі зорлық қылғаны

Үнемі қорлық қылғаны...

Кінә жоқ бізде жазық жоқ,

Зорлықта тұрақ, қазық жоқ.

Өкпелемес Ежен хан,

Өзі көрер өзінен,

Айныған байлау сөзінен,

Уағыдағы ұрғанын.

« Қалың ел жау шапса қорғаны болар ұл іздейді,ел мен ел туыс болса қыз іздейді» деген халық мақалы қазақ ұлтының жау шапқанда қорған болар батыр ұлдары көп болғандығын дәлелдейді.

XVІІІ ғасырда қазақ елі үшін зар заман орнап жоңғар шапқыншылығы бүйрек қысқан заманда елін, жерін, отанын қорғаған батырлар ерлігі хақында жыраулар жырының үні тәуелсіз қазақ елінің тарихының жаңа беттерін ашуға, ұрпақ келешегінің өткеніне мақтана алатын ой қалыптасуына үлес қосқан. Батырлардың ел үшін жанын беріп, халқын қорғауы тарихи жазба деректердің жаңаша қырынан тануға, салыстырмалы талдау жасауға жыраулар жыры арқау болмақ.

Сілтемелер тізімі:

Кіріспе.


1.Н.Назарбаев «Тарих толқынында». А., 2005. 29-б.

2.Ж.Тілепов. Тарих және әдебиет. А., 2001,3-б.

3.Тарихи жырлар жайындағы библиографиялық көрсеткіш. 3-кітап.Қазақ тарихи жырларының мәселелері. А., 1979. 311-б.

4.М.Мағауин. Қазақ тарихының әліпессі. А.,1995, 100-101-б.

5.Б.Омарұлы Зар-заман әдебиеті. Астана, 2005, 3-б.

І-тарау.


1.Қазақстан тарихы.3-том.А., 2002,121-б.

2.Бұл да сонда. 131-б.

3.М.Қозыбаев.Жауды шаптым ту байлап.А., 1994,59-б.

4.М.Әуезов. Әдебиет тарихы. А., 1991, 146-б.

5.Сәбит Мұханов.Халық мұрасы.А., 1974, 183-б.

6.Қазақ даласының ойшылдары.(XVІІІ –XІX) А., 2004,297-б.

7.Қ.Жұмалиев. XVІІІ –XІXғ. Қазақ әдебиеті.А., 2001.48-б.

8.Бес ғасыр жырлайды. І-том.А., 1984,105-б.

9.Б.Исабек. Бұқар жырау ғибраттары.// Қазақ тарихы.2004. №2. 27-б.

10.Мусин. Қазақстан тарихы......................

11.М.Мағауин.Қобыз сарыны.А., 2006, 98-б.

12.С.Мұқанов Көрсетілген еңбек.203-б.

13. Ж.Омари. Бұқар жырау Он екі тарих.Қарағанды.1994, 85-б.

14. М.Тәтімов...................................

15. Қуанғанов Ш.Т. Бұқар жырау және оның заманы. А., 2000, 16-б.

16. Л.Н.Гумилев. Древная русь и Великая степь. А., 1989,682-б.

17. Б.Исабек. Бұқар жырау ғибраттары.// Қазақ тарихы.2004.№2.29-б.

18.Рахманқұл Бердібай. Эпос-ел қасынасы. А., 1995. 238-б.

19.Қазақстан тарихы. 3-том.А., 2002, 139-б.

20.Бұл да сонда. 131-б.

21. М.Мағауин. Қобыз сарыны. А., 2006,84-б.

22. ҚСЭ, І-том. А., 197-б.

23. М.Мағауин. Көрсетілген еңбек. 85-б.

24.Сабыр Қозыбайұлы. XV–XІXғ қазақ әдебиеті.Ақтөбе. 2004, 79-б.

25.Ж.Тілепов. Тарих және әдебиет.А.,2001, 112-б.

26.Қожаберген жырауҚұрастырған.С.Жұмабаев, Қ.Биғожин А., 2007,14-б.

27 Мусин. ............................

28.Қожаберген жырау. Көрсетілген еңбек. 7-б.

29.Қазақстан тарихы. 3-том.А.,2002,129-б.

30.Бұл да сонда.133-б.


ІІ-тарау.

1.Қазақ даласының ойшылдары. XVІІІ –XІXғ.ғ. 4-кітап. А., 2004,

2.В.Бартольд. История турецко-монголских нородов. М.,1968,5-б.

3.М.Қозыбаев. Көрсетілген еңбек. 62-б.

4.Р.Бердібай. Көрсетілген еңбек. А., 1995,251-б.

5.Ж.Тілепов. Тарих және әдебиет.А., 2001, 124-б.

6.XVІІІ–XІXғ.ғ. қазақ ақындарының шығармалары. Құрастырған. Т.Дүйсенбаев. А., 1982, 7-б.

7.Р.Бердібай. Көрсетілген еңбек. 235-б.

8.Сабыр Қозыбайұлы XV–XІXғ қазақ әдебиеті. Ақтөбе.2004,67-68-б.

9.Бұқар жырау Қалмақанұлы.Шығармалары. А.,1992, 39-б.

10.Мұхамедрахым Жармұхамедов. Көненің көзі. А.,1996., 134-б.

11.Шотан...................................

12.Р.Бердібай. Көрсетілген еңбек. 237-б.

13.Бұл да сонда.

14.Ж.Тілепов. Көрсетілген еңбек. 116-б.

15. Қазақ әдебиетінің тарихы.3-том. Құрастырған.Ш.Қ.Сәтбаев.А.,2000,358-б.

16.М.Жолдасбекұлы.Қ.Салғарұлы.А.Сейдімбек. Ел тұтқа. Астана, 2001,137-б.

17.Құрбанғали Халид.Тауарих Хамса.А., 1992,105-б.

18.Рахымбаева Г. Шығыс Қазақстан өңіріндегі тарихи жырлар. А., 2005, 11-б.

19.М.Әуезов. Көрсетілген еңбек. 25-б.

20.Рахымбаева Г. Шығыс Қазақстан өңіріндегі тарихи жырлар. А., 2005, 11-б.

21.Аманжолов К. Тасболатов А. Қазақтың әскери тарихы. А., 1999, 320-б.

22. Р.Бердібай. Көрсетілген еңбек. 255-б.

23. Х.Сүйіншіәлиев. Қазақ әдебиеті. XVІІІ –XІXғ. 1981,16-б.

24.К.Есмағамбетов.Батырлар тарихы-рухани байлығымыз.// Қазақ тарихы.№4. 2007, 65-б.

25.Бұл да сонда.

26. Шотан.............................

27. Р.Бердібай. Көрсетілген еңбек. 233-б.

28.М.Жолдасбекұлы.Қ.Салғарұлы.А.Сейдімбек. Ел тұтқа. Астана, 2001,145-б.

29. Сабыр Қозыбайұлы XV–XІXғ қазақ әдебиеті. Ақтөбе.2004,68-б.

30. М.Қозыбаев.Жауды шаптым ту байлап.А., 1994,80-б.

31.М.Жолдасбекұлы.Қ.Салғарұлы.А.Сейдімбек. Ел тұтқа. Астана, 2001,149-б.

32.Қазақ халқының қаһармандары.Павлодар. 1991,28-б.

33.М.Жолдасбекұлы.Қ.Салғарұлы.А.Сейдімбек. Ел тұтқа. Астана, 2001,162-б.



34.Бұл да сонда.156-б.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет