Ибн сина, оның Өмірі, философия мен медицинадағЫ Үлесі



Дата22.02.2016
өлшемі57 Kb.
#564
Джекебаева Мақпал Әбілқызы

С.Ж. Асфендияров атындағы

ҚазҰМУ-нің аға оқытушысы, ф.ғ.к.
ИБН СИНА, ОНЫҢ ӨМІРІ, ФИЛОСОФИЯ МЕН МЕДИЦИНАДАҒЫ ҮЛЕСІ.
Әбу Әли Ибн Сина (980-1037ж.) Афшаны (Өзбекстан жері) деген жерде дүниеге келіп, Бұхарада өмір сүрген. Ол өзінің заманындағы барлық ғылымдарды: грамматикадан бастап, заң тану іліміне дейін 12 ғылымды игергендіктен Хамадандағы (Иран) Ибн Сина басына қойылған ескерткіштің 12 бағанасы бар. Өзіндік энциклопедиялық білімі, философиялық көзқарасы болған ойшыл. Кейін ол бір атақты дәрігердің қолдауымен медицина саласын жете оқып, оны өзінің негізгі кәсіби жұмысы еткен. Сол кездегі Бұхар әміршісін емдегені үшін оған сыйлық ретінде Бұхараның атақты кітапханасына баруға рұқсат берген. Ол заманда бұл дүниежүзінде ең ірі кітап қоры, ең бай кітапханалардың бірі болып есептелінетін. Сол жерде білімін жетілдіріп одан әрі тереңдетеді.

1002 жылы ол көрші Хорезм патшалығының астанасы Үргеніш қаласына ауысады. Ол кезде (ІХ-Х ғ.ғ.) Орта Азияда ғылымның, мәдениеттің дамуы жоғары деңгейде болған, себебі, Батыс Еуропадағыдай діннің әсері Орта Азияға кейінірек XI ғ. басталады, бұған дейін ғылыми ұғымның қалыпта-суына діни басшылық көп кедергі жасамаған. Сондықтан да Ибн Сина ғалым ретінде қалыптасуы, өсуі Орта Азияның мәдениетінің, экономикасының зор дамыған кезеңіне келеді. Хорезмде 15 жыл өмір сүрген, осы жерде ол атақты математик, астроном, географ, минеролог, этнограф, тарихшы Әл-Бирунимен танысады [1].

Әйгілі орыстың медицина зерттеушісі Б.Д.Петров ол жайлы былай деп жазады: «Орта ғасырларда онымен білімі, таланттылығы, еңбекке талпынысы және шығармашылық қорытындылары бойынша ешкімді салыстыруға болмайды». Клиницист Ибн Синаға болмысқа философиялық тұрғыдан философиялық көзқараспен, оймен қараған тән. Оның даналығын мойындамайтын зерттеушілердің өзі оның ой-түйіндерінің логикалық тұрғыдан пайда болғандығын және дұрыстығын атап өтеді. Ибн Синаның «Данишнаме» («Білім кітабы») еңбегінің бір бөлімінде сапа мен сандық категорияға мысал ретінде ауру мен денсаулықты атап өткен. Оның медицинаға деген көзқарасын табиғатқа деген көзқарасын білгеннен кейін ғана айқын айта аламыз. Хорезмде Ибн Синаның қоғамдық-саяси көзқарасы, дүниетаным ұғымы қалыптасты. Хорезмде тұрған жылдары ол өзінің ең атақты еңбегі «Китэб эш-Шифа» (Емдеу кітабы) және «Әл-Канүн фиттыб» (Дәрігерлік ғылым каноны) атты кітаптарын шығарады және ғылымның басқа салаларынан да еңбектерін жазады. Бұл шығармалары Ибн-Синаны дүниежүзіне белгілі етеді, атағын шығарады. Ол энциклопедиялық білімі бар ғалым ретінде барлық жерде белгілі болады. Бірақ 1017 жылы Ибн Сина Хорезмнен қашып кетуге мәжбүр болады, себебі ол өзінің элеуметтік-саяси көзқарасы үшін қудаланады. Соңғы жылдары ол Иранда тұрады, онда да бірнеше ғылыми еңбектер жазады. 1037 жылы Иранда Хамадан деген жерде қайтыс болып сол жерде жерленеді. Осы уақытқа дейін оның басына қойылған қорғаны сақталған.

Ибн Синаның біздің заманымызға дейін 100 астам еңбектері жеткен. Ибн Сина дүниетанымының қалыптасуына философ әрі жаратылыстану ғылымдарының озық үлгілі бірлігі ретінде араб мұсылман әлемінде танымал болуына әл-Кинди мен әл-Фараби философиясының тікелей ықпал тигізгені белгілі [2].

Ибн Синаның философиялық шығармасы он сегіз бөлімнен тұратын «Сауығу кітабы» логиканы, физиканы, математиканы және философияны камтыған. Арабтар әлемінде Ибн Синаның аты кереметпен аталатын еді. Оны біресе «философтар патшасы» деп атаса, біресе «дәрігерлер атасы» деп дәріптеген. Философияда Фараби бағытын жалғастырғанымен араб перипате-тизмнің негізін қалаушы болды. Оның болмыс туралы ілімі материяны мәңгі жаратылыстан тыс құбылыс ретінде қарастырады. Алайда бұл қағиданы діни көзқарастармен байланыстыруға мәжбүр болған. Мысалы, ол құдайдың бар екендігіне шүбә келтірмейді. Дүние – шындықтың мүмкіндігі ғана. Ол уақыттан тысқары құдайдың жағдай туғызуына байланысты шындыққа айналады. Адамның рухын Ибн Сина дененің бейзаттық формасы ретінде қарастырады. Денелердің қайта тірілуі мүмкін емес дейді. Ибн Сина жалпы ұғымдар (универсалиялар) мәселесін өте қызық түрде шешкен. Оның ілімі бойынша жалпы ұғымдар үш ұдай өмір сүреді:

1) заттарға дейін, құдыреттің ақыл-ойында;

2) заттың өзінде, себебі ол сол заттың мәні;

3) заттан кейін адамдардың санасында.

Таным теориясында Ибн Сина әл-Фарабидің жолын қуып, оны одан әрі дамытуға ат салысады. Дегенмен кейбір мистикалық тұжырымдарға бай негізгі тәсілдерінің бірі ретінде, ол құдай шапағатын мойындап ұсынады. Жалпы алғанда, Ибн Сина философиясы Аристотельді исламның негізгі қағидаларымен ұштастыра отырып, оларды өзара ынтымақтастырмақ болған ілім. Ибн Синаның ғылыми-саясаттық көзқарасы үшін оның еңбектерін үш рет өртеп жіберуге жол берілген, біріншісі – 1160 жылы Бағдатта, екіншісі – 1260 жылы Иранда, Исфахан деген қалада, ал үшінші рет – XVғ. Т. Парацельс деген швейцар ғалымы Авиценнаның медициналық көзқарасы галенизмге жақын деп еңбектерін тағы да өртеткізеді.

Гален атақты Рим дәрігері II ғ. өмір сүргенмен, оның ілімі орта ғасырлар бойы Еуропаның барлық университетінде қабылданып, галенизм деп аталған. Ибн Сина Галеннің негізгі ілімі адам екі субстанциядан тұрады, яғни тән мен жан бөлек деген ұғымын қабылдаған. Тән «сылбыр», өледі, рух ажалсыз делінген. Бірақ Галенге қарағанда Авиценна рухтың «қабылдағыш күші» бар дейді. Адам рух арқылы сыртқы ортаның әсерін қабылдайды. Сонымен қатар, Гален медицинаны «діннің қызметін атқару үшін» десе, Авиценна «медицина адамға қызмет етуі керек» дейді. Оның айтуынша, медицина адамның тәнінің құрылымын зерттейтін ғылым. Денсаулықты сақтау және денсаулықтан айырылғанда оны орнына келтіру үшін пайдалану керек, бұл медицинаның негізгі мақсаты дейді Авиценна. Галеннің іліміне керісінше, ол сырқаттың себебін білу керек, оны білу үшін нақты тәжірибе, бақылау жүргізу, зерттеу керек екендігін дәлелдейді. Авиценнаның ілімі бойынша аурудың пайда болуының бірнеше себептері бар:

• Ауа райының, тұрған мекенінің, жыл мерзімінің зиянды әсері;

• Тұрмыстық жағдайдың, тамақтану тәртібінің, тазалығының әсері;

• Еңбек жағдайының әсері;

• Әр адамның ауруға бейімділігі;

• Күйзеліс, ренжу, уайымдау т.б. әсері;

Сонымен қатар, Авиценнаның ілімінің аса маңызды жетістігі жұқпалы аурулар себебі туралы: көзге көрінбейтін заттармен, ауа мен тағаммен су арқылы тарайтынын болжау. Бұл ойын Авиценна Лукрецийдің ілімімен негіздейді. Сырқаттың себебін анықтаған соң, қалай емдеу керек, қандай дәрі қолдану керек екендігін анықтау жолдарын айтады: Дәрігер емдеуге дәріні таңдағанда нақты осы дәрі керек екендігіне өзінің сенімі күшті болуы;

• Науқастың жағдайын ескеруі;

• Дәрінің сапасының жоғары болуы;

• Дәріні пайдалану әдісін (ішу, қабылдау т.б.) білу;

• Дәрінің емдік мөлшерін анықтау.



Ибн Сина медицинасының маңызы – ауруды емдеу үшін нақты тәжірибелік білімнің керек екендігі. Бұл ұғым медицинаның даму тарихында ең ірі болып есептелінеді. Сонымен қатар Ибн-Синаға әсер еткен өз заманының философтарымен дәрігерлері де бар: Әл-Кинди (800-879) медицинада 20 еңбектен көп еңбек қалдырған, олардың ішінде «Денсаулықты сақтау туралы», «Гиппократ медицинасы туралы» және Әл-Фараби (873-950), Ибн Синаны өзінің ұстазы деп санаған. Фарабидің «Адам ағзасының органдары жайлы трактатында» Аристотель мен Гален еңбектерін сынға алып, өзінің медициналық есептеулері жайлы жазады. Соған байланысты Ибн Сина ауруды зерттеудің және емдеудің ойлаудың кез-келген процесінің күрделі процесс екендігі жайлы және бәрінен де түйсіктің дамуы өте қиын екендігі жайлы жазады. Медицина саласында, бұрын тарихта көтерілмеген тың ой Ибн Синаның адамның «дене табиғатын тәрбиелеу, жетілдіру» деген болды. Бұл ұсыныс медицина, клиника тарихында жаңалық болғанымен, ол кездегі діни ұғымға қарсы келеді, сондықтан Ибн Сина ұзақ жылдары қуғындалуда болып, әр жерлерде жоғарыда айтылғандай ғылыми еңбектерін жоққа шығару жолдары кездесті. Сол себепті бұл дерек бізге XIII ғасырда өмір сүрген әзірбайжан (Махмуд-ибн-Илияс) дәрігері айтуымен жеткен [3].

Ибн Сина әр адамның дене тазалығын сақтауды кеңінен насихаттап, адам өз тұлғасын шынықтыру арқылы жетілдіруге болады дейді. Сонымен қатар, көпшілікке қоғамдық гигиена шараларын – тағамды сақтау тәртібін, ашық су қоймаларын қорғау, су құбырын жүргізу, монша салу, өлікті реттеу тәртіптерін насихаттады. Хамадан мен Исфаханда (Иран) ауруханаларда салу жобаларын ұсынды. Ибн Сина орта ғасырлар дәрігерлері ішінде ауруды бақылау, емдеу кезінде Гиппократтың адам тұлғасының түрлері туралы ілімді клиникада пайдаланған жалғыз өзі деуге де болады. Ибн Синаның ғылыми зерттеулерінен қалған мұраны медицинаның түрлі саласындағы мамандар меңгеруі керек. Сонымен қатар, бұл жұмысқа филолог, тарихшылар, медиктер, биологтар да кірістірілуі қажет. Сол кезде ғана «Дәрігерлік ғылым канонын», оның басқа да ғылыми зерттеулерін терең зерттеуге болады. Бұл істі Ибн Синаның жазбалары бар немесе сақталған кітапханалары бар қалаларда жүргізген дұрыс. Ибн Синаның «Дәрігерлік ғылым каноны» бес кітаптан тұрады. Бұл кітаппен ол 12 жыл жұмыс істеген. Бұл кітап Шығыстағы орта ғасырлар дәуірінің іргелі энциклопедиясы болып саналады және бүкіл денсаулыққа және адамға қатысты мәселенің бәрін қарастырып кеткен. Бұл еңбек Ибн Синаның грек, рим, үнді, орта Азия дәрігерлерінен тәжірибе алып, көзқарастарын жалпылаған еңбегі болатын. Кітаптың әр бөлімі жеке қарастырып өтуді талап етеді:

І кітапта – медицинаның жалпы сұрақтары: есептемесі, ауру мен денсау-лық туралы түсінік, аурулардың этиологиясы, симптомдары, денсаулық сақтауды, тамақтану мен салауатты өмір салты бойынша өмір сүруді үйрену, емдеудің жалпы жолдары жайлы мәселелер қарастырылған.

II кітап – фармакологияға арналған, өсімдік текті, минерал, жануар текті «жай дәрілердің» 811 атауының әсері мен қасиеттері жайлы жазылған.

III кітап – көлемі бойынша ең үлкені – 22 бөлімнен тұрады, әрбір ауруға жеке сипаттама берілген. Мұнда әртүрлі органдардың ауруларына сипаттама берілген «бастан аяққа дейін», дәрігерлерге кеңес те берілген.

IV кітап 7 бөлімнен тұрады және «ағзаның жалпы аурулары жайлы» жазылған: хирургиялық ( шыққан, сынған жағдайлар ), жұқпалы аурулар (оспа, қызылша, оба), түрлі улармен уланған кездегі аурулар(токсикология), косметикалық қиындықтар жайлы.

V кітап – өз бетімен фармакопеяға ұқсайды және әрбір жеке ауруға арналған «күрделі дәрілер» дайындау технологиясы мен қолдану тәсілі жайлы жазылған. Ибн Сина фармациясы көптеген бақылауларды бір жүйеге жинақтау және клиникалық белгілермен байланыстыру. «Канонда» мынадай негізгі мәселелер талқыланады: дәріні тағайындаған кезде адамның дене бітімінің мәні, профилактика мен емдеу тәсілдері, денсаулықты шынықтырудағы физикалық жаттығулардың мәні. Ибн Сина дәрігерлік ғылымның мақсаты науқасты емдеу ғана емес, аурудың пайда болуын немесе алдын алу, денсаулықты сақтау. Ибн Сина көзге көрінбейтін «майда жануарлардың» бар екендігі және олардың ауа мен су арқылы ауру тудыруы мүмкін екендігі жайлы өзінің ойларын айтып өткен. 850 жыл өткеннен кейін ғана Л. Пастер микроорганизмдердің жұқпалы ауру таратудағы рөлі жайлы зерттеді. «Канонда» жасқа байланысты гигиена жайлы, диетология, жан-жақты тәрбие сұрақтарын және нәрестенің дамуы жайлы да айтылған. «Дәрігерлік ғылым каноны» жазып бітілген сәтте, көп данада бірден таралып кетеді. Ибн Сина қайтыс болғаннан 100 жыл өткен соң, «Канон» бүкіл Еуропаға әйгілі болды. XII ғасырда «Канон» тұңғыш рет латын тіліне аударылды. XIII ғасырда – ежелгі еврей тіліне, кейін көптеген жазбаларда таралды. XV ғасырда кітап баспа пайда болған кезде ең бірінші басылған кітаптардың арасында «Канон» да болды. Бұл кітап көптеген жүзжылдық-тарда медицина энциклопедиясы рөлін атқарды және дәрігерлердің үстелінде тұратын бірден-бір қажет кітап болды. XVII ғасырдың ортасына дейін Еуропаның барлық университеттерінде сабақ «Канон» бойынша жүргізілді. Русьте ежелгі емдеуліктер мен шөптерде Ибн Сина немесе аудармашылар Авиценна деп атап, оның берген ақылдары бойынша сабақтар жүргізілген. Оның жанұясы болмаған, өз өмірінің барлығын жұмысқа, науқастарға арнаған және өзінің шәкірттерінің арасында өмір сүрген, 18 маусымда 1037 жылы Хамадан қаласында қайтыс болды. Оның жерленген жеріне 1954 жылы монументалды мавзолей соғылған болатын [4].

Ибн Синаның бас сүйегінің суретін негізге ала отырып, әйгілі антрополог М.М.Герасимов Ибн Синаның портретінің графикалық реконст-рукциясын жасаған болатын. 1980 жылы Ибн Синаның христиандық күнтізбе бойынша туылғанынан бері 1000 жылдығы кеңінен тойланды. Орта ғасырлардағы діни мистикаға және аскетизмге қарамастан, Ибн Сина өзінің адам ретінде мүмкіншілігіне және ақылына сенген адам болатын. Мұның өзі оның ұлы түлға екендігін дәлелдейді және бірден бір осы қасиетіне байланысты, өмір жайлы түсінігі бойынша ұлы философ деп айта аламыз. Жас кезінде Ибн Сина былай деп жазыпты:

«От праха чёрного и до небесных тел

Я тайны разглядел мудрейших слов и дел,

Коварства я избег, распутал все узлы,

Лишь узел смерти я распутать не сумел» - деп, өзінің даналығын ерте жастан-ақ көрсете білген.


Әдебиеттер тізімі:

  1. Болтаев М.Н. Абу Али Ибн Сина-великий мыслитель, ученый, энциклопедист среднего Востока. - М.,2002.

  2. Сагадаеев А.В. Ибн Сина (Авиценна). – М.: Мысль, 1985. – 222 с.

  3. Григорян С.Н. Из истории философии Средней Азии и Ирака 7-12в. – М.1960.

4. Ибн Сина. Книга спасения. пер. Сагадаеева А.В., М.,1961.

5. www.mail. ru. Медицина, рефераты.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет