Ибрагимова Эльмира Айтхожақызы., Ташенова Жанат Ақтайқызы



жүктеу 111.88 Kb.
Дата01.07.2016
өлшемі111.88 Kb.
Ибрагимова Эльмира Айтхожақызы., Ташенова Жанат Ақтайқызы

Көркем шығарма аудармасын көркем аударма деп атаймыз. Көркем шығарманың басты мақсаты белгілі бір эстетикалық әсерге жету және әдеби бейне жасау.

Көркем аударманың бірнеше түрі бар. Олар поэзия аудармасы, пьеса аудармасы, сатира аудармасы, көркем проза аудармасы және ән мәтіндерінің аудармасы болып ажыратылады.

Көркем аударма нысаны болып көркем шығарма саналады. Көркем шығарманы немесе әдебиетті аудару кезінде аудармашы бірқатар қиыншылықтарға тап болады. Көркем шығарма мәтіні экспрессивті немесе эмоциональді, эстетикалық ақпарат беретін құрал болғандықтан, оның оқырманға немесе тыңдарманға образды-эмоциональді әсер ететін ерекшелігі бар. Сол себепті, аударманың бұл түріне және көркем аударма жасаушыға қойылатын талаптар өте ауыр. Әдеби шығарманы аударғанда, әсіресе өлең жолдарын аударуда, оның ырғағы мен мағынасын бере отырып аудару керек. Сонымен бірге, аудармашы эпитет, метафора сияқты тәсілдерді пайдалана білуі керек.

Аударма мәдениетінің бүкіл даму жолы, әдеби тіліміздің өсіп-өркендеуі, бүгінгі өміріміздің нақтылы талаптары бізді қазіргі уақытта реалистік дәл аудармаға қарай бет бұрғызды. Біз көркем аудармада негізінен осы әдісті қолдаймыз.Реалистік немесе шынайылық тұрғысынан дәл аударма дегеніміздің мәнісі неде? Бұның жауабын, ең алдымен, жалпы көркем шығармаға қойылатын талаптарға байланысты іздеуіміз керек. Әрбір көркем шығармадан өмірді реалистік тұрғыдан ұғынып, шынайы түрде дәл бейнелеу талап етіледі. Шын мәнісіндегі көркем шығарма дегеніміз, өмір шындығының образды түрде бейнеленген нақты көрінісі. Көркем аударманы біз, ең алдымен, көркем шығарма деп білеміз. Олай болса, көркем аударма туындысы да сол шығармада суреттелген нақты өмір көріністерін түпнұсқаның тілі арқылы реалистік тұрғыдан терең ұғып, өткір сезіне отырып, екінші тілдің образдық жүйесімен бейнелеп берген нұсқасы. Демек, көркем аударманың да алдына қойылатын ең басты талап- өмір шындығынан дәл шығып отыру.

Аудармашы өмір шындығын көргенде оған түпнұсқа арқылы қарайды және автордың көзімен қарайды. Аудармашының алдына қойылатын үш түрлі талап бар. Біріншіден, ол шығармада бейнеленіп отырған өмір шындығын дәл беруі керек. Екіншіден, түпнұсқаның өзін айнытпай жеткізуі тиіс. Үшіншіден, ана тілінің заңды жүйесіне ешқандай нұқсан келтірмеуі тиіс.

Көркем аударма жасау үшін аудармашы әдетте эпитет (әсірелеп суреттеу), метафора (ауыспалы мағына) және сөйлемнің ритмика семантикалық ерекшеліктерін, синтаксистік құрылымын қамтитын түрлі тілдік тәсілдердің орасан зор мөлшерін пайдалана алады. Көркем аударманы қабылдаушыға жоғары деңгейде жеткізу мақсатында қолданылатын әдіс-тәсілдер:


  1. Эпитеттер. Олардың құрылымдық және семантикалық ерекшеліктерін, тұлғалану деңгейлерін есепке ала отырып аудару.

  2. Теңеулер. Құрылымдық ерекшеліктерін оған қатысты сөздердің стилистикалық бояуын есепке ала отырып аудару кезінде қолданылады.

  3. Метафора. Құрылымдық сипаттаманы образды дүние мен заттық дүние арасындағы мағыналық қатынасты есепке ала отырып аудару.

  4. Авторлық неологизмдер. Стилистикалық бояу мен сөздердің компоненттерінің семантикасын сақтай отырып, автор қолданған аударма тіліндегі сөз жасаушы үлгіге сәйкес келетін қоолданыстар.

  5. Диалектизмдер. Әдетте жай лексикамен аударылады. Жаргонизмдер, аргонизмдер, тағы басқаларын аударуда түпнұсқадағы стилистикалық аударылу түрін сақтайды.

  

Көркем мәтін- белгілі бір уақытта дүниеге келген, өмір сүрген және өзін тудырған дәуірдің белгілі бір құндылықтарын бойына сіңірген шығармашылық. Ол индивидтің (оны дүниеге келтіруші, яғни жеке автор) қолтаңбасы бар дүние болғандықтан, аудармашыға негізгі үш проблемамен бетпе-бет келуіне тура келеді. 1.Мәтіннің мезгілдік ара-қатынастарын, ерекшеліктерін беру. 2.Автордың жеке стилін жеткізу. 3.Әдеби бағыттың негізгі ерекшеліктерін ашып көрсету.

Бұрынғы кезде «Мәтіннің архаикалық ерекшеліктері аудармада сол күйінде берілуі керек пе, әлде ол модернизациялануы керек пе?» деген сұрақ үнемі талас тудыратын. Аударманың қазіргі заманғы техникасы модернизациялануды мойындамайды және бұл пікір әсер ету теңдігі логикасына негізделген. Яғни, шығарманың түпнұсқасын осы заманғы оқырман оқыған кезде алған әсері мен аударма вариантын оқыған кездегі осы заманғы оқырманның алған әсерлері бір-біріне тең болуы керек. Қазіргі заманғы аударма оқырманға мәтіннің өткен ғасырда жазылғаны туралы ақпарат береді және түрлі көркемдік әдіс-тәсілдердің көмегімен оқиға мәтінінің қаншалықты ескі екенін көрсетуге тырысады. Мезгілдік колоритті беру процесіне шығармалардың формасы, мазмұны қатысады. Аудармашы мазмұн құрылымына тиіспейді, ал оны рәсімдеу формасы түгелімен аудармашының еркінде болады. Синтаксистік құрылымның ерекшеліктері белгілі бір дәуірдің негізгі белгілері, жаңалықтары жайлы хабар беру кезінде байқалады. Аталмыш ерекшеліктер уақытты толығымен сипаттаушы әдіс-тәсілдер болып табылмайды, олар ең алдымен әдеби ағыммен байланысты болады.

Дәуір тікелей алғанда, мәтіннің тілдік тарихи ерекшеліктерімен сипатталады. Уақыттық қашықтықты жасау үшін қажетті негізгі шарттардың бірі аударма лексикасында модернизмдердің қолданылмауы, яғни, аударма мәтінінде түпнұсқа жасалған дәуірде қолданылмаған сөздерден аулақ болу қажет. Өйткені, өткен дәуірлер әдебиеті автордың нақты бір әдеби ағымға жататындығымен ерекшеленеді. Мысалы: сентиментализм, романтизм, реннесанс, натурализм, реализм, эмпрессионализм, экспрессионизм және т.б. әдеби ағымның идеологиясына, әдебиеттердің дамуының белгілі бір кезеңдеріне байланысты болатын көркем шығарманы қабылдау ерекшеліктерімен тығыз қарым-қатынаста болу жатады. Мәселен, романтизм дәуіріне персонификациялаушы метафоралардың, түр-түс символикасының, проза ритмдерінің прозадағы еліктеуіне одағайлардың жиі қолданылуы, лексиканың «тұрақты қоры» болып саналатын романтикалық сөздіктердің болуы мысал бола алады. Аталмыш ерекшеліктерді тауып, жақсы аударма жасау үшін, аудармашыға ең алдымен түпнұсқа жазылған дәуір әдебиетінің ерекшеліктері жайлы ғылыми зерттеулермен танысып, сол дәуірде жазылған басқа авторлардың еңбектеріне шолу жасауы қажет. Көркем аударма кезінде ең қиындық тудыратын нәрсе– автордың жеке стилін беру. Олар аудармашыға стилистикалық тәсілдерге талдау жасау нәтижесінде белгілі болатын, автор стилінің ерекшеліктерін анықтайтын гармониялық синтездің үлгісін бере алады. Әдетте, аналогтың жақындық белгілі бір дәуірге жататын авторлар шығармаларының арасындағы ұқсастық пен белгілі бір әдеби ағымның өкілдері болмауымен сипатталады.

Жоғарыда атап өткендей, көркем мәтін өзі дүниеге келген дәуірдің құндылығы болып табылады. Әр кезеңдерде және әр түрлі мәдениетте аударма туралы әр түрлі түсініктер орын алады. Сондықтан да «барлық заманға сай» аударма да өте аз. Сирек жағдайға, Н.И.Гнедичтің «Иллиада» аудармасы жатады. Бұл шығармадан басқа да түрлі аудармалардан біз, әдетте, аударманың қаншалықты алуан түрлі болатынын көре аламыз.  Кейбіреулер кез-келген аударманы, сонымен бірге, көркем аударманы да бір тілде берілген шығарманы басқа бір тілмен жеткізу құралы деп санайды. Дегенмен, көркем аударма тек қана лексикалық және синтаксистік сәйкестікпен ғана емес, тілге қатысты көркемдік байланыстар арқылы аударылуы керек. Осыған байланысты көркем аудармада екі қағида арасында серпіліс пайда болды. 1.Сөзбе-сөз, нақты. Бірақ, көркемдік жағынан толық емес аударма. 2.Көркемдік жағынан толық, бірақ түпнұсқадан мағынасы алшақ, еркін аударма. Бұл екі принцип негізгі екі көзқараста орын тапқан: аударманы лингвистикалық жағынан анықтау және әдебиеттану жағынан анықтау.

Лингвистикалық аударма принципі алдымен түпнұсқа құрылысын қайта құруға мән береді. Сөзбе-сөз аудару барысында аударма тілінде синтаксистік ауытқулар болады. Осы кезде мәтін мағынасы мен құрамы өзгеріске ұшырайды: автордың ойы түсінікті, бірақ оны жеткізу формасы тілге бөтен болады. Сөзбе-сөз нақты аударма түпнұсқаның эмоциональді әсерін әрдайым бере алмайды. Сол себепті, сөзбе- сөз дәлдік пен көркемдік бір-бірімен қарама-қайшылықта болады. Осыған орай, аудару барысында тілдік қор мен тіл материалдарына сүйенеміз.

  Американ филологы Т.Сэвори «Аударма өнері» атты кітабында төмендегідей қарама-қайшы талаптарды қозғаған.

А.Аударма түпнұсқа сөздерін беруі керек.

В.Аударма түпнұсқа ойын беруі керек.

А.Аударма- аударма болып оқылуы керек.

В.Аударма түпнұсқа сияқты оқылуы керек.

(оқырман оның аударма екенін білмеу керек)

А.Аударма түпнұсқа стилін көрсету керек.

В.Аударма аудармашы стилін көрсетуі керек.

А.Өлеңді проза түрінде аудару керек.

В.Өлеңді өлең түрінде аудару керек.

А.Аудармашы аудару барысында түпнұсқа мәтініне өз еркімен бір нәрсе қосып немесе алып тастауға құқығы жоқ.

В.Аудармашы түпнұсқа мәтініне өз еркімен бір нәрсе қосып немесе алып тастауға құқылы.

Қарап отырсаңыз, В тезисінің талаптарының орындалуы еркін аудармаға, А тезисінің талаптарының орындалуы сөзбе- сөз, нақты аудармаға әкеліп соғады.

Жалпы аударма процесі де тілдің тілдік заңдылықтарына, олардың бір-бірімен байланысына сүйенуі керек. Тіл заңдылықтарына сүйену аудармаға қажет. Бірақ, көркем аударма тек тілдік қатынастардың нәтижесі емес. Зерттеушілер тілді көркем әдебиет материалы деп біледі, көркем аударма да түпнұсқа сияқты оның заңдылықтарына зор мән береді. Кей ғалымдар көркем аударманы лингвистикалық емес, әдебиеттану көзқарасы бойынша сөз өнерінің бір түрі деп біледі және қарастырады.  Осы теорияға сүйеніп, аудармашы түпнұсқа идеясын негізге алады. Сосын тілдің көмекші тәсілдері арқылы ойын пайымдап жеткізеді.

Көркем аудармада маңызды, мағыналы элементтер мен ерекшеліктер нақты жеткізілуі мүмкін емес. Кез келген аудармада міндетті түрде мына жағдайлар орын алады:


  1. Материалдың белгілі бір бөлігі қалыпқа келмей, алынып тасталынады.

  2. Материалдың белгілі бір бөлігі дәл сол күйінде емес, басқаша етіп, эквиваленттер арқылы ауыстырылады.

  3. Түпнұсқада жоқ материал енгізіледі.

Сондықтан да, көптеген атақты зерттеушілердің ойынша, ең жақсы аударма болып, аударманың түпнұсқамен салыстырғанда өзгеріске ұшырайтын ерекшеліктері бар аударма саналады. Осыған орай адекватты аударма мақсаты, түпнұсқаның нақты мағыналарын тіл құралдары арқылы жеткізу. Осыдан біз түпнұсқаның ойын жеткізу үшін сөзбе- сөз аударудан бас тарту керек екенін түсінеміз. Түпнұсқаның адекватты аудармасы деп, автор ойын толық етіп, қалпы және стилистикалық сәйкестігі берілген аударманы айтамыз. Адекватты аудармаға қойылатын негізгі талаптар:

  1. Нақтылық. Аудармашы оқырманға автордың ойын толық жеткізуі тиіс.

  2. Қысқалық. Аудармашыға көп сөздің қажеті жоқ. Берілген ой нақты және қысқаша, мазмұнды жеткізілуі тиіс.

  3. Анықтық. Аударма тілі ерекшеліктері ойды жеткізу  мен оның түсінілуіне кедергі болмауы тиіс. Ой мен берілген мәтін қарапайым және анық берілуі керек.

  4. Әдебилік немесе көркемдік. Аударма міндетті түрде әдеби аударма тілінің нормасын қанағаттандыруы тиіс. Әрбір фраза шынайы, табиғи және нық айтылуы тиіс.

Көркем аударманың ерекше түрі поэзияны аудару, яғни өлең жолдарын аудару болып табылады.

С.Я.Маршак: «Өлең аудару- өте биік, әрі қиын өнер. Осыған байланысты мен екі парадоксальді, бірақ дұрыс жағдайларды атап өткім келеді: біріншісі- өлеңді аудару мүмкін емес, екіншісі-оған әрдайым мүмкіндік бар»-деген.

  Ал, И.А.Бунин болса: «Сөзді емес, күш пен рухты аудару керек»-деген.

  М.Лозинскийдің «Өлең аударудың негізгі екі түрі бар» деген анықтамасына сүйенсек:

1.Қайта қалыптастырушы (формасы мен мазмұнына байланысты).

2.Жаңадан құрушы. Толыққандылық және нақтылықпен құрылған аударманы мүмкіндігінше көрсету. Осы екінші түрі жалғыз мүмкін түрі болып есептеледі.

Поэзияны аудару- көркем аударма ішіндегі ең қиыны және үлкен жауапкершілікті қажет ететін аударма түрі. Поэзияны аудару кезінде аудармашы аударған өлең жолдарын бірнеше қайта жөндейді және аудармашыға дұрыс аударма беруде көп уақыт қажет болады. Өлшем, ырғақ, ұйқас, шумақ, қайырма және тағы да басқалар өлеңнің архитектуралық қаңқасын құрайды. Поэзияны аудару үшін аудармашыға түпнұсқа мәтініндегі төмендегі ерекшеліктерді сақтау қажет:

1.Өлеңнің өлшемін, яғни шумақ жолдарының санын сақтау.

2.Ұйқастықтың алмасу тәртібін сақтау. Егер түпнұсқада аралас ұйқас болатын болса, ұйқас араластығын сақтау, ал егер, қиылыс ұйқас болатын болса, ұйқас қиылысын сақтау. әдетте, аралас ұйқас халық әндерінің сөздерінде немесе жалпы әнге жазылған өлеңдерде кездеседі. Ал, қиылыс ұйқас белгілі бір оқиға желісін баяндауға арналған өлеңдерде кездеседі.

3.Дыбыс үндестігін сақтау. Аудармаларда фонемалардың қайталануын сақтау керек.

4.Лексикалық және синтаксистік қайталаулардың саны мен орнын сақтау. Қолданылатын лексиканың стилистикалық бояуы, яғни, поэтизмдердің, историзмдердің, экспрессивті бояудың, ауызекі тілдің қолданылуы аударма кезінде өте үлкен қызмет атқарады.

Өлеңнің құрылысы ырғақ құру үшін негіз болады. Ал, өлеңнің ырғағы өлең қатарларының кезектесуі, буындардың екпінді және екпінсіз болып келуіне негізделген.

Өлең қатарының бір екпінді және екі екпінсіз буыннан тұратын бөлігі шумақ деп аталады.

Өлең ырғағының құрылуында пауза сияқты өлең қатарлары жатыр, олардың арасындағы буындардың бөлінуіне үлкен рөль атқарады. Өлең ырғағы шығарма мағынасына сәйкес құрылуы керек.

Поэзиялық шығармаларда өлең жолдары, яғни шумақ, шығарманың мазмұны мен берілуін байланыстыратын басты фактор ретінде болады.

Көптеген ғалым-зерттеушілерге және ақындарға шумақтың толықтығын «мәнді құрылым» ретінде мойындауға тура келеді. Шумақ, автордың ойын толықтырып, аяқтап тұрған, күрделі синтаксистік бірлік ретінде қарастырылады.

Шумақ, өлең жолдары өлеңнің құрылымы және олардың түпнұсқадағы ретін сақтамау, шығарманың жалпы стилін бұзуы мүмкін. Сондықтан, аудармада өлең жолдарын және ырғақты сақтау керек.  Дегенмен, аудармада өлең жолдары, ырғақ сақталынса да, аударма тіліндегі сөздердің ұзақтығы немесе қысқалығы да үлкен рөль атқарады.

Сонымен, поэзиялық аударманың басты ерекшелігі болып, оның шарты- екпінді болып келуі. Бұл қаншалықты поэзия аудармасының шартына қарама-қайшы болса да, прозалық аудармада тіл өзгешелігі, ерекшелігіне байланысты өзгерістер енгізуге болатын болса, онда да, өлеңнің қалпы талап ететін өлең аудармасында да өзгертулер енгізуге болады. Сондықтан, аудармашы алдымен ырғақ пен ұйқастықтың көлемін емес, оның қарым-қатынасын жеткізе білу керек. Кейбір жағдайларда түпнұсқа өлшемі және аударма элементтері бірдей, эстетикалық жағынан белгілі бір деңгейде болады. Бірақ, тәжірибе көрсеткендей, осы элементтердің барлығының да сақталуы аударманы адекватты етпейді.

Абай Құнанбаевтың «Желсіз түнде жарық ай» өлеңін ағылшын тіліне аударғанда:

In the silent luminous night,

On the water the moon beams quiver

On the gully beyond the aul,

Tumultious roars the river

Желсіз түнде жарық ай,

Сәулесі суда дірілдеп

Ауылдың маңы-терең сай,

Тасыған өзен гүрілдеп

Бұл жерде өлең қатарлары мен ырғағы сай келеді және ұйқасының 1,3 қатарлардағы қазақ тіліндегі варианты сай болғанымен, ағылшын тіліндегі вариантында сай келмейді. Ағылшын тіліндегі артикльдер мен демеуліктердің көп қолданылуы өлең ырғағына әсер етеді.



Прозалық болсын, мейлі поэзиялық болсын, көркем аударма– ұлы өнер. Ал, өнер– шығармашылықтың нәтижесі. Ал шығармашылық болса, буквализмге негізделмейді және бағынбайды.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет