Ілияс Есенберлин Қахар



Pdf көрінісі
бет3/7
Дата21.09.2023
өлшемі1.6 Mb.
#478233
1   2   3   4   5   6   7
Көшпенділер 3 Қаһар Ілияс Есенберлин

ЕКІНШІ БӨЛІМ 
І 
Күн сәулесі түндіктен төгіле түссе де, Қараөткелдің аға сұлтаны Қоңырқұл- 
жа әлі тұрған жоқ. Ақ мамық құс төсектің үстінде қос жастыққа көміліп қалың 
ойға кеткелі көп болған. Бір мезет Қоңырқұлжа аунап түсіп шалқасынан жатты. 
Енді мойылдай қап-қара кішкентай көздері дәл тұсындағы сырлы уыққа қадалып, 
мысықтың мұртындай түксиген сирек қасы едірейе қалды. Қамшының 
алақанындай жалпақ келте мұрны пысылдап, кебежедей жуан қарны дем алған 
сайын көтеріле түсіп ырқ-ырқ етеді. Салпы ерінді аузын қисаңдата шайнағанда 
саршұнақтың құйрығындай жіңішке ұзын мұрты едірең-едірең ете қалады. Бұл 
жатқаны кіші тоқалы Зейнептің жеті қанат ақ отауы. Үй іші салтанатты; жерге 
төгілдіре төселген қырмызы қызыл түкті кілем, төрде қызылды-жасылды 
қаңылтырмен өрнектелген әшекейлі қос сандықтың үстіне керегені сірестіре 
жинаған шәйі көрпе, құс жастық... Есікке таман оюлы сырлы кебеже, екі жақ 
босағада сәндік үшін іліп қойған тоғыз қара құндыз, тоғыз қара түлкі. 
Табалдырықта қара қылшықты екі қасқыр терісі жатыр... 
Аға сұлтан қазір көйлек-дамбалшаң. Дамбалының кең балағы тізесіне дейін 
түрілген. Ышқыры мен көйлегінің салпылдаған етегінің әр жерінде кеуіп қалған 
қан көрінеді. Оған қымсынар Қоңырқұлжа жоқ, тышқан көзін кейде жұмып, кейде 
ашып қалың ойға шомуда. 
Аға сұлтанның аяқ жанында оның бүйендей жуан жүнді жұп-жұмыр балтырын 
сипап, былтыр ғана түскен, торқа мен жібекке малынған бүлдіршіндей жап-жас 
бөкселі, тығыршық кеуделі, кіші тоқалы Зейнеп отыр. Ол күміс жүзік, алтын 
сақина салған мыртықтау саусақтарымен байының борпыл бұлшық етті балтырын 
шымши уқалайды. Шымшиды деген құр аты, бір жерін ауыртып алмайын 
дегендей, жәй әшейін бұрай сипайды. Бетінде не қуаныш, не реніш белгісі жоқ, бір 
тамыры бүлк етпей тұнжырап қалған. Тек найзадай сүйір ұзын кірпіктерін көтеріп, 
Қоңыр төренің етегі мен ышқырындағы қанға көген көзі түсіп кеткенде ғана, 
барқыт қабағы сәл шытынап, піскен бүлдіргендей томпиған еріндері бұртия 
қалады. Бірақ жас тоқалының қандай күйде отырғанына көңіл аударар 
Қоңырқұлжа жоқ, шытырман ойға шомып кеткен. 
«Абылай ұрпақтарынан менің нем кем, дейді ол ішінен, атағым ба, бағым ба, 
дәулетім бе? Олар сияқты мен де Шыңғыс ханның әулетімін. Ұлы бабам Орта 
жүздің ханы Сәмекеге қырық мың жылқы біткен. Бұдан жүз жылдан астам бұрын 
Кіші жүздің ханы Әбілқайыр Россия патшасына бағынам деп хат жазғанда сол 
жылы Орта жүздің ханы менің атам Сәмеке де хат жазған. Тек патшаның 
қарамағыма алдым деген Указы шыққанша дүние салды... Орта жүз содан кейін 
барып Түркістаннан келген Сабалаққа — әбілмансұрға ауған жоқ па? Өз әкем 


76 
Құдайменді сұлтанға да отыз мың қара көк пен күрең бітті емес пе... 
Әбілмансұрмен хандыққа таласуға қуаты жетпесе оған ол айыпты ма? Менің әкем 
Құдайменді қабылан болса, әбілмансұр — Абылай айдаһар еді. Айдаһардың 
қабыланды жеңуі ғажап па? Бірақ Абылай айдаһар болса да Құдайменді 
қабыланды жұта алмады. Сәмеке ханның ұрпағы деп Омбы генерал-губернаторы 
үнемі араша түсті. Соның арқасында ата мекен жерімізді де, қарамағындағы қалың 
арғынды да Құдайменді ешкімге берген емес-ті. 
Бақ деген күйкентай құспен пара-пар, қай жерде жем болса, соған қонады.
әкеме бітпеген дәреже маған бітті. Бүкіл Қараөткелге аға сұлтан боп Абылайдың 
балалары емес, мына мен, Құдаймендінің Қоңырқұлжасы сайландым! Ал дәулет 
десең, менің дәулетім кімнен кем? Жиырма мың қылаң мен бараным бар. Тек 
салықты аз төлеу үшін қағазға он екі мың деп көрсеткем. Сегіз мың жылқымды 
жасырып қалдым. Бүкіл Россияның қазынасын иемденген патша ағ- 
замға сегіз мыңнан түсер пайда мақтағанда бір күнгі салтанатты қонағасына
жетер. Ал маған... Сексен жылқы сегіз ауылдың игі жақсысын сатып алуға 
жарайды». 
«әңгіме сексен жылқыда емес, елді билей білуде ғой. Менің қызметіме ақ 
патша да, Омбы генерал-губернаторы да риза. Ал халық ше? Халық деген бір кеще 
жас бала, оны алдай алсаң болғаны, соңыңнан ере береді... Менің сол қасиетім ғой, 
осы уақытқа дейін жұртты уысымнан шығармай келгенім?»
Қоңырқұлжа бұқара алдында өзінің қадірін көтеретін істерін ойына түсіргелі 
сықсита жұмған көзін ашып алды. Жүзінде тәкаппарлық пайда болды. Кенет көзі 
аяқ жағында отырған тоқалына түсіп кетті. «Қалай қызықпассың, деді ол ішінен, 
әбден піскен бүлдіргендей ғой мына тоқалдың түрі... Бала таппағандықтан ба екен, 
дене бітімі әлі былтырғы жаңа түскен қалпындағысындай. Тек бөксесі 
шығыңқырап, кеудесі көтеріліңкіреген бе, қалай... Түнде менің кетіп қалғаныма 
өкпелегендей де кейіп бар ғой өзінде... Ой, тәйірі, қатын өкпесі бие сауымға жете 
ме, бауырыңа басып, бір умаштасаң... Әлде соны күтіп отыр ма?.. Онда..» 
Қоңырқұлжаның бойында қызу сезім кенет жарқ ете түсті де, әп-сәтте сөне қалды. 
«Иә-иә, деді ол тағы да ішінен, мен жұртқа аз жақсылық істедім бе? 1834, Жылқы 
жылы Мамыр айының он тоғызында ақ патшадан бұзау терісіне мөр бастырып, 
қазақтан солдат алмаймын деген ант қағазын әкелгенімді былай қойғанда, патша 
ағзамның менің өтінішім бойынша биылғы Тауық жылы Көкек айының бесінде 
жіберген Указының өзі не тұрады?!» 
Өткен Мешін жылғы қыс қатты болып, Балқаштың арғы бетінде малын айдауға 
көшіп келе жатқан Кенесарыдан жасқанып, Арқада тебінге қалған Ақмола 
өкірігінің жүз қырық мыңдай қарасы шөп жетпей жұтқа ұшыраған. Оның үстіне 
ақпан — қаңтарда Ташкент құшбегісінің қарақшылары жүдеп отырған біраз 
ауылды шауып, Есіл, Нұра қазақтарының шаруашылығы әбден күйзелген. 
Жаңа устав бойынша Ақмола өкірігі қазақтары осы биылғы Тауық жылынан 
бастап жасақ төлеуге тиісті болатын. Жұрттың күйін көрген Қоңырқұлжа, салық 
жинау қиындығынан қашып, бар халықтың атынан салықты Көкшетау, Қарқаралы 


77 
өкіріктерімен қатарласа, екі жылдан кейін төлеуді өтініп қағаз жаз- 
ған. Бұл қағазбен қоса кешкі серуеніне мінсін деп Бірінші Николай патшаның 
өзіне арнап мойны қудай иілген алты ақбоз арғымақ жіберген. 
Арғымақтың сұлулығына риза болған патша, Ақмола өкірігінің қазақтары 
қырқыншы жылға дейін салықтан босатылсын деген арнаулы Указын шығар- 
ған. Бұл Указ жүдеп қалған жұрттың көңілін көтерумен қатар аға сұлтан Қо- 
ңырқұлжаға өзге сұлтан, билердің алдында үлкен абырой әперген. 
Қоңырқұлжаның осал кісі емес екенін өзге жұрт та түсінген. Бұрын қыңыр қарап 
жүрген кейбір ауылдар енді қара суықтан ықтаған көтерем қозы-лақтай 
Қоңырқұлжаның қолтығына кіре түскен. Аға сұлтанның міндет етіп отырғаны осы 
жайт. 
«Япырмай, деді тағы да ішінен Қоңырқұлжа, өткен жылғы қыстың орасан 
қатты болғаны есіне түсіп, қыстың осындай боларын есепші Жарқұлақ қарт 
айтқанда неге құлақ қоймадым? Қара малды алысқа айдай алмағанмен, жылқыны 
Баянауыл жағына өткізіп жіберуге болатын еді ғой. Есепші Жарқұлақ қарт алдына 
малта тәрізді өзен жағасының жылтыр сұр тастарын жәйіп қойып: «Міне көрдіңіз 
бе, аға сұлтан, деп еді ғой, егерде Маусым мен Қараша айларында Мерген Қауыс 
жұлдызы мен Егіз Зауза жұлдызы қатарласа көрінсе қыс ауыр болады. Қазір 
Қараша, Маусымда Мерген мен Егіз қатар көрініп отыр. Сен Тұяқтың қызы 
Қайнысаны алар жылы да осындай болған. Ол жылы Жылан еді ғой, қазір Мешін... 
Мұндай ауыр қатаң қыс отыз жылда бір соғады. Қапы қалма деген еді ғой. 
Артынан жауырыншы Дәкір білгір де меңсіз қара қойдың отқа күйдірген қу 
жауырынының сызықтарына қарай отырып, «жеті халықтың тағдырын, сол жеті 
халықты басқаратын жеті патшаның ажалын, күні бұрын болжай алатын қара 
басты қара қойдың қу жауырыны айтуына қарағанда биылғы жыл Мешін жылы, 
Мешін жылы күні қаһарған, бораны ақырған ауыр жыл, — биыл жұт жылы болар» 
деген. 
Қоңырқұлжа мұртынан күлді. «Жарқұлақ есепші мен Дәкір жауырыншының 
тілін алмағаным қандай дұрыс болды. Олардың дегенін істеп, жылқыны тау 
тасалаған шығыстағы елге айдағанымда, ел мұндай апатқа ұшырап, патша Указы 
шығып, абыройым көтерілмес еді ғой. Жаратқан алла бұныңа да шүкір, жүз қырық 
мың мал қырылса, биылғы жылы жүз қырық мың төл туар. Ал жұрт көзінше 
қадірімді көтеретін мұндай патша ағзам Указы әр жылда шыға бермес. Бұл атақ — 
менің абыройыма тағылған бір жаңа алтын теңге емес пе». 
Қоңырқұлжаның қабағы кенет тікірейе қалды. «Апат демекші, апат келе 
жатқан тәрізді ғой, айлакер болсаң құтылып көрші енді осы апаттан?!» 
«Иә, шешелерінің жатырынан найза ұстап туған, Абылайдың қанды балақ 
ұрпақтары бір жағынан бастары алынып жатса да, тәубе етер емес. 
Бегдербек құшбегі былтыр Есенгелді мен Саржанды өлтірсе, биыл Ләшкәр 
паруаншы алдап шақырып Қасым төренің өзінің басын алды. Ал бірақ бұдан кейін 
тоқтаған қайсы бар? Жараланған қасқырдай Қасымның Кенесары, Наурызбайы 
тіпті долданып алған жоқ па? Былтыр бес жүз үй болып ел шетіне келгеннен бері 


78 
кең даланы күңірентіп жатыр. Бұлардың жеткені өзге елге қырсық болып тиді-ақ 
қой. Патшаға қарсы шығуды осы жұрт Қасым балаларынан үйренеді, осы уақытқа 
дейін кейбір қоқан-лоқысы болмаса, негізінде тыныш жатқан қалың Арғынның 
арасына да іріткі мықтап түскен секілді. Өзі де шығуға таяу тұрған көз еді 
дегендей, Кенесарының қайтқаны кесір болды. Қазірдің өзінде Ақмола өкірігінің 
Байдалы, Қойлыбай — Шағыр, Жанай — Қалқаман, Темеш, Тыналы болыстары 
бас көтеріп отырған жоқ па? Оған сонау Азнабай балалары шоқ салып кеткен 
Қаржас руын, Бектастың Таймасы жел беріп отырған Төртқара ауылдарын, 
Қарқаралы өкірігінің атқа қона бастаған Жеңбай — Шаңшақ, Қара — Ақтымбет, 
Қорсын — Керней, Қояншы — Тағай болыстарын, алты жүз отыз бес үй 
қырғызды, былтырдан бері ереуілдеп атқа мінген Кіші жүздің Табын, Тама, 
Жағалбайлы, Алшын, Жаппас, Шекті, Төртқара руларын, Дулаттың Иманы 
желіктіріп отырған Торғай бойының қалың Қыпшағын қоссаң не болды? Россия 
патшалығымен шектескен жердің бәрі қазір лапылдап жанған өрт тәрізді. Бұған 
Ақмола өкірігінің Қыпшағы мен Керейі де қосылады деген сыбыс бар. Сонда бұ 
жұрт қайда бармақ? Бүкіл Арқаны қалың өртке айналдырмақ па? Сол өрттің көрігі 
биыл Ұлытау маңына, Қарақойын, Қашырлыға көшіп келген Кенесары. Жер 
дауын, салық дауын пайдаланып қалың қазақты патшаға қарсы өшіктіре түспек. 
Жұрттың өшігуі әсіресе мына Ақтау бекінісі салына бастағаннан бері тым өрши 
түскен тәрізді. Ақтау бекінісінің салынуын да Кенесары өз пайдасына жаратпақ, 
оған мүмкіндігі де бар: Ақтау, Қарқаралы, Ақмола, Аягөз өкіріктерінің тоғысқан 
жерінде тұр. Және оның болашақта атқарар борышы да зор...» 
Ақтау бекінісінің неге салынып жатқанын есіне түсірейін дегендей Қоңыр- 
құлжа бас жағындағы кілем боқшантайына қолын созып қызыл сафьян мұқабадан 
қалыңдығы бір елі, екі басты самұрық құстың суреті салынған қағаз алды. Бұл осы 
жылы он бесінші Маусым күні Бірінші Николай патша қол қойған Ақтау бекінісін 
салу жөніндегі жарлық еді. Қоңырқұлжа көз жүгіртіп оқи бастады: 
«Омбы облысына жататын сырт округтердің Ақтау деген жерінде бекініс 
салынсын. Бұл бекіністің бастығы-коменданты етіліп полковник не подполковник 
шеніндегі адам тағайындалсын. Комендант мынандай міндеттер атқарсын: 
Ақмола, Қарқаралы, Аягөз округтерінің ішкі тыныштығын бақыласын. 
Осы үш округ ауылдары оңтүстіктегі Бетпақдалаға дейін көшкенінде, 
солардың қорғаншысы болсын. 
Шекараны үнемі бақылап тұрсын. Қазақтарды шекарадан әрі қарай бөтен 
жаққа өткізбесін. Басқа жұртты да шекарадан бері қарай кіргізбесін. 
Осы үш округтің жерімен көшкен керуенді ұры-қарыдан, шапқыншылардан 
қорғасын. 
Осы төрт міндетті орындау үшін жоғарғы аты аталған үш округтің әскерлері
Ақтау 
комендантына 
бағынатын 
болсын. 
Және 
комендантқа 
біздің 
бекіністерімізге, не қоластымыздағы қазақ ауылдарына шабуыл жасайтын қастар 
табылса, оны Шу өзенінің бойына дейін қуып, қару қолданып тыйым салуға 
рұқсат етілсін». 


79 
Қоңырқұлжа Указды оқып шығып, оның маңызына жете түсінейін дегендей 
сәл үндемей жатты. Аздан кейін ғана барып тағы да сәл күлімсіреді. «Асықпаңдар. 
Тек осы Ақтау бекінісі салынып болсын. Сонда көрерміз қайсыңның қалай тырп 
еткендеріңді!» 
Жанында отырған тоқалын Қоңырқұлжа адамға санар емес, Указға риза болып 
кетіп, қос басты самұрық құс салынған жерін шөп еткізіп сүйіп алды да орнына 
қойды. Енді осы Указбен бірге Омбы генерал-губернаторына жазған патшаның 
екінші жарлығын оқуға кірісті. «Ақтау бекінісіне шіркеу салынсын. Шіркеуде бір 
поп, екі дьякон, бір күзетші ұстауға рұқсат етілсін. Поптың жылдық жалақысы 
мың сом болсын, мүриттерге, дьякондарға алпыс сомнан, күзетшіге — тоғыз сом 
елу тиын жылына жалақы берілсін. Ал попқа, Ақмола, Қарқаралы Аягөз 
приказдары бойынша жолға шыққанында, заңға сәйкес жол құны төленсін және 
одан бөтен арақ-шарап секілді керектеріне жылына тағы екі жүз елу сом ақша 
қосылсын». 
Қоңырқұлжаның мұрты ұйқыдан оянып керілген мысықтың құйрығындай 
тікірейе қалды. «Бұл қалай, деді ол тағы да ішінен, Абылайхан Қалдан Сереннің 
Шарша деген баласын өлтіріп, енді орыс патшалығына бағынам деп Тұғым деген 
баласын жібергенінде, қатын патша оған хандық құрмет қағазымен, жылына үш 
жүз сом ақша, екі жүз пұт ұн төленіп тұрсын деген жарлық берген еді ғой, ал мына 
попқа... Иә, сонда қалай болғаны? Патша ағзамның қазір байығаны ма, әлде үш 
жүздің ханы саналған Абылайға жылына үш жүз сом төлеп көңілін өзіне аудармақ 
болғанда, бар қазақтың бостандығын бір поптың жалақысы құрлы көрмегені 
ме?»... 
Қоңырқұлжа өз ойынан өзі шошып кетті. «Түфа, түфа» деді патша ағзам үш 
жүз сом түгіл, бүкіл қазақты босқа неге алмайды? Қыңқ десем жаным шықсын. 
Тек Құдайменді тұқымын көлеңкесімен қорғай жүрсе болғаны! Иә, иә, 
көлеңкеңнен айналайын ақ патша, сенің жақсылығың аз тиді ме? Мен де сол 
жақсылығыңды ақтап жүрген жоқпын ба? Қолымнан келгенін аяған жерім бар ма? 
Омбы облысының бастығы генерал Талызинның бұйрығы бойынша, Кенесары 
жағына шықпақ болған руларға қасыма үш сұлтан ертіп өзім бардым, көшпеңдер 
дедім. Талызинның жұртты қорқытқан, үркіткен, маңдайынан сипап алдаған 
қағаздарын да тараттым, тіпті болмаған соң ереуілді елге Омбы облысының 
мұсылман мешітінің басы Габдырахман ұғлы Мұхаммед Шариф имамды да 
шақырттым, бірақ көтерілісті басу менің маңдайыма жазылмаса не істеймін. Ақ 
патшаға қарсы желіккен қазақ Наурыздағы шабынған бура тәрізді, мауқын баспай, 
бетінен қайтпайды. Қой десең өзіңе қарсы ұмтылады. Кенесары отырған елдің 
ортасына баруға, маған да жан керек, бәлелі тесікке бармағымды тығып не жыным 
бар, бар қолдан келгенім сол болды. 
Ал Кенесары дегеніңіз кекілікті ілуге әккі болған кезқұйрық тәрізді, сотқар 
әкесі мен тентек ағаларының соңынан жүріп әбден шынығып алған, ұрысқа бірден 
кіріп кетпей, Чириков есаул секілділер басқарған кішкентай жасақтарды қағып 
тастап, күш жинауда... 


80 
Омбы генерал-губернаторына, «Есіл, Нұра, Ақтау, Ортау, Қарқаралы, 
Қазылық, Жарқайың, Обаған, Тобыл, Құсмұрын, Қарқаралыдан Жайыққа дейін 
ата-бабамыздың жері еді, сендер соларды тартып алып, бекініс салып 
жатырсыңдар. Мал бағып, күн көретін бізге де жер керек», — деп әлсін-әлсін хат 
жазып, жұртты дүрліктіре түсуде. Ақтау бекінісі салынады дегеннен бері тіпті 
өшігіп алды. Қан төгіспейік, Ақтау бекінісін салмаңдар дейді. Ал атамекен 
Көкшетауы мен Қараөткелдің арасына орнатылған бекеттерге маза беруді қойды... 
Бірақ ақ патшаға Кенесары кім? Ай далада ұлыған бір аш қасқыр. Жазған
хаттарына жауап қайтармақ түгіл осы хатты әкелген адамдардың өзін ұстап алып 
шетінен Сібірге айдауда. Ал сонда, Кенесары не істемек? Бізде жазық жоқ, 
өтіндік, құлаққа ілмеді, ал енді атқа қонайық деп қалың бұқараны көтермек... 
Сондықтан да жерінен айырылып ақ патшадан түңілген жұрт Кенесарыға 
қосылуда. Омбы генералдары мұны неге түсінбейді? Көктемде көтерілген дария 
түгіл кішкентай өзен де бір күні шеңберінен шығып тасиды. Ал Омбы бастықтары 
қалың қол шығарып, Кенесары күшеймей тұрғанда қырып салудың орнына, біздің 
өзімізге ереуілді тоқтат, немесе тың тыңда деп бұйрық беруден басқаны білмейді». 
Қоңырқұлжа кілем боқшантайға тағы да қолын созды. Бір қағазды алып тесіле 
оқыды. Бұл полковник Талызинның ең соңғы жарлығы еді. «Осы жарлықты 
алысымен көтерілген ауылдардың мақсатын білу қажет, райларынан қайтпаса, қан 
жұтқызып басу үшін жиырма төрт сағаттың ішінде сол ауылдар- 
ға өзіңнің балаларыңды жіберуіңізді ақырғы рет бұйырамын. Бұл жарлықты сіз 
бұлжытпай орындауға тиістісіз», — деген сөзді оқып шықты. 
Қоңырқұлжаның онсыз да қара қоңыр жүзі енді тіпті қошқылданып кетті. 
Қараөткел бекінісіндегі бәйбішесі Қайнисаның үйінен әдейілеп арнап тоқалының 
аулына да осы жарлықтың әлегімен келген. Аға сұлтанның Омбыдағы кадет 
корпусында оқып жүрген Жәнәділ, Шыңғыс деген екі баласы бар. Қоңырқұлжа 
бұларды патша қызметі үшін қауіп-қатерлі Кенесары ауылдарына жібермек түгіл, 
аждаһаның апанына да жұмсауға шімірікпейді, тек... балалары айтқанын орындай 
ма, гәп сонда. Жәнәділ үлкен бәйбішесі Қайнисадан, Шыңғыс екінші әйелі, 
Уәлиханның немересі Аққағаздан туған. Жәнәділ ынжық, қорқақ, бірдеңеге 
берілсе тез ат құйрығын кесе алмайтын босаң. Ал Шыңғыс шаш ал десе бас 
алатын қатал, әрі өжет, әрі батыл. Жәнәділ салпы ауыз қара. Шыңғыс нағашы 
жұртына тартқан ақсары, шегір көз. Төре тұқымының жанжалшыл, ұр да жық 
мінезінің бәрі де бойына біткен. Жастығына қарамастан ел арасындағы дау-
жанжалға да араласа бастаған. Былтыр есаул Лебедев Балқаш көлінің тұсында 
көшіп бара жатқан Сейтенді қолға түсіргенде тілмаш болып барған да осы 
Шыңғыс. Ал Жәнәділде бұл жігердің бірі де жоқ. Бір биеден ала да, құла да туады 
деген міне осы. Аға сұлтан екі баласын да жек көреді. Өз қолымен ажалға айдап 
салуға бар, бірақ төркіндері мықты, адуынды әйелдерінен ғана именіп жүр... 
Қоңырқұлжаның көзі қайтадан жас тоқалына түсті. Бұл жолы бағанағыдай 
емес, шүңірейген кішкентай көзінің түбінде бір қияпат ашу ойнай жөнелді. Жас 
тоқалының бетіне тесіле қарап, ішіп-жеп барады. «Мынау тығыршық төс, бөлек 


81 
бөксе кімді болса да қызықтырар... Осы сұлу тоқалы баласы Шыңғыспен көңілдес 
дегенді бәйбішесі Қайниса көптен бері құлақ-қағыс ететін. Аққағазды жек көретін, 
күндес қатынның шері ғой деп Қоңырқұлжа бұл сөзге бәлендей көңіл қоймайтын. 
Алайда тоқалының қасына бір жансызын тыңға қойған. Сол жансызы жақында 
мұның өсек емес, шын екенін айтқан. Бұл суық хабарды естіген шақта қанша 
бұлқан-талқан болып ашуланғанмен, өш алуға келгенде айлақор, үндемей бас 
салатын сабырлы аға сұлтан табанда шу шығармай «тұра тұр бәлем!» деп іштен 
тынған да қойған. Сөйтіп ызаға үнсіз жанып жүргенінде екінші бір сұмдықты тағы 
естіген. Үлкен баласы Жәнәділ осы кіші тоқалының аулындағы бір төлеңгіттің 
қызына ғашық екен. Қыз да мұны жақсы көреді-міс. «Егер әкем айттырып 
бермесе, осы қызды нағашым аулына, немесе Омбыға алып қашам», — дейтін 
көрінеді Жәнәділ.. 
Бұл хабарды естігенде Қоңырқұлжа тіпті күйіп кетті. Аға сұлтанның баласы 
қарашының қызын алмақ деген не сұмдық! Қоңырқұлжа кіші шешесінің қойнына 
барып жүрген Шыңғысқа да мұндай ашуланып көрген жоқ, ал бұл жолы... 
Жәнәділді жедел шақыртып алдыртты да: 
— Сенің қарашының қызы, әбдіуақит төлеңгіттің Күмісін алам дегенің рас па? 
— деді екі көзі қанталап. 
Жайшылықтағы ынжық, қорқақ Жәнәділ сірә Күмісті шын жақсы көретін 
болуы керек, күтпеген жерден табандылық көрсетті. Әкесіне тіке қарай алмаса да, 
қызға берген уәдесінен таймады. 
— Рас. 
— Ал сен бүкіл Ұлытау, Қара Кеңгір, Сары Кеңгірдің қожасы Ерденнің кіші 
қызын саған айттырғанымды білмейсің бе? 
— Білемін. Ол қызды Шыңғыс алсын... 
— Ей, не малтаңды езіп тұрсың өзің? «Шыңғыс алсының» қалай?! Қатынды 
саған айттырамын да, алатын Шыңғыс болғаны ма? 
Жәнәділ төмен қарап міңгірледі. 
— әкесінің жас тоқалына барғанда, ағасының қалыңдығын ала алмай ма?.. 
Алсын. Мен Күмістен бөтен ешкімді алмаймын. Алдырмасаң бауыздалып өлемін. 
Қоңырқұлжа күйіп кетті. Жәнәділді бас салып тепкілейін десе, Зейнеп пен 
Шыңғыстың арасын жұртқа жаяр деп қорықты. Ашудан өзін өзі әзер ұстап: 
— Шық үйден! — деуге ғана мұршасы жетті. 
Осыдан кейін төсек тартып үш күн жатып алды. Қалың ойға шомды. Шешімге 
де келді. «Зейнеп пен Шыңғыстың арасы жұртқа тарамасын. Ағайын-туған естісе 
абыройымның айрандай төгілгені. Бұл екеуінің тартар жазасын тек өзім ғана 
білуім керек. Ал Жәнәділді қарашының қызы Күмістен алыстатқан ақыл. 
Сандыбайдың Ердені өзіммен терезесі тең шонжар. Онымен құдандал болу — он 
екі қанат ақ ордама тағы да бір жаңа тіреу қосылды деген сөз. Нағашысы Тұяқбай 
қарадан шыққан қыңыр еді, көрдің бе жиенінің қалай қарай тартқанын? Қайткен 
күнде де Күмістен ажырату әдісін табу қажет, нағашысы секілді тоң мойын ит 
айтқанға көнбесе...» 


82 
Бүкіл Қараөткелді бір шыбықпен айдаған Қоңырқұлжа өз басына түскен 
ауыртпалықтан осылай күбідей ісініп не, істерін білмей жүргенінде, Талызинның 
әлгі хаты келген. 
Қоңырқұлжа қуанып қалды. «Ау, туған балаларыңды көрер көзге ажалға 
айдағаның ба, деген іштей сұраққа: — үш жүз бірдей мадақтаған Абылай өзін 
Хиуа ханының құлдығынан алып қашып, еліне аман-есен әкелген Ораз құлды ер 
жеткен кезінде «Басымнан өткен қашқындық, құлдық қаралы күнімнің куәсі 
болады», — деп өз қолымен бауыздаған жоқ па еді?! Жамандық ісіңнің айғағы 
болар адам тірі жүруге тиісті емес. Бұл салтты Абылай балалары берік ұстағанда 
Сәмеке ханның ұрпағы неге қашады? Аға сұлтан Қоңырқұлжа өзінің тоқал 
шешесінің қойнына барған баласы Шыңғысты ерлік көрсетер сын сапар- 
ға жұмсауы күнә ма?» — деп мырс-мырс күлген. 
Енді осы шешімін айтпақ боп іздеткенінде, Омбы кадет корпусынан жазғы 
демалыстарына келген Жәнәділ де, Шыңғыс та аулында болмай шыққан. Кенет 
бойын қызғаншақтық, ашу билеген Қоңырқұлжа оларды іздетіп шақыртып алуға 
шыдай алмай, қасына он бес баскесер нөкерін ертіп, өзінің әлі түнейтін кезегі 
жетпеген жас тоқалының аулына түсіп кеткен. Бірақ Жәнәділ мен Шың- 
ғыс мұнда да болмай шыққан. Сірә әкелерінің келе жатқанын естіп, көрші ауылға 
кетіп қалған тәрізді. Бір нөкеріне «тауып әкеліңдер» деп бұйырып, өзі тоқалының 
үйіне түскен. Мезгілсіз келген байының түксиген қабағынан Зейнеп сескене қалса 
да сыр бермеген. Сұлу денесінің еркектерге алдымен көзге түсетін ерекше 
жерлерін күзгі семірген тоқты қойдай әдейі бұлтылдата, көзін жерден бір алмай, 
аяғын ұшынан басып қызмет істеген. Жас бағланның тез піскен етін тұтасымен бір 
өзі жеп, бір шара қымыз ішіп ықылық ата бастаған Қоңырқұлжа қырмызы қызыл 
түлкідей құлпырып өзінен әлденені дәметіп монтиып отырған тоқалға сонда ғана 
қараған. Жеген еті мен ішкен қымызы бойға тарап, денесін кенет бір алуан қызу 
сезім билей жөнелсе де, «тоқалым, сенің көңіліңді соңынан табармын» деп далаға 
шыққан. Ел жата бастаған кез еді. Жәнәділ мен Шыңғыс әлі келмеген екен. 
Қоңырқұлжаны бөтен ой билеген. 
— әбдіуақит төлеңгіттің үйі қайсы? — деді ол қасында тұрған нөкеріне. 
— Мынау шеткі қараша үй. 
Қоңырқұлжа ешкімге тіл қатпай сол үйге қарай жүре берген. Аға сұлтанның 
ізін басып оны күзетіп жүрген топ нөкері де соңынан ерген. 
Қоңырқұлжа «Ассалаумағалайкүм» деп кіріп келгенде, ең алдымен қараша 
үйдің дәл ортасында қып-қызыл боп жайнаған тобылғы шоғын көрді. Одан кейін 
қара көлеңке үйдің оң жағында құрама көрпенің үстінде шашының ұшын өріп 
отырған бой жете бастаған жас қызға көзі түсті. Бөтен жан жоқ. Бейсауат келген 
аға сұлтанды танып қыз не істерін білмей тыпырлаған да қалған. 
— әбдіуақит қайда? — деді аға сұлтан, қыз бетіне сүйсіне қарап. 
Қыз бұрынғыдан да саса түскен. 
— әлгі көрші ауылдағы нағашым үйі шақырып еді... Кіші баласын сүндеттетеді 
екен. Апам екеуі соған кеткен... Көп кешікпей келіп қалар... 


83 
— ә-ә... Атың кім? 
— Күміс... 
Шешім табанда келген. Қоңырқұлжа мінезіне әккі болған нөкерлер үйден 
шығып кеткен. 
Аға сұлтан қызға қайта қараған. Күміс десе күміс екен. Маңдайы қақтаған 
күмістей кең, өзі жұмыртқадай аппақ, сазды жерге біткен сары ағаштай сұңғақ 
бойлы, уылжыған бір керемет. «Жәнәділ де текке құмартып жүрген жоқ екен!» — 
деді ішінен кенет бойы балқып кеткен Қоңырқұлжа, сөйтті де сыртына жамыла 
салған қара пұшпақ ішігін иығынан сілкіп түсіріп, көйлекшең қалды да, сабадай 
кең жарғақ шалбарының ауын шешіп жатып, Күміске қарап: 
— Балам, ана бір кеседегі сусынды бері әкелші, — деді. 
Аңшы қуып жеткен еліктің лағындай зәресі ұшып, тостағандай көзі шарасынан 
шыға жаздай жаутаңдаған Күміс бір сәтте далаға қаша жөнелгісі де келді, бірақ 
сыртынан есікті ұстап тұрған жігіттерді аңғарып, «ештеңе ете қоймас. Сусын 
сұрап отыр ғой...» — деп дірілдеген буынын әзер басып, майыса түрегеліп аяқ 
жағында тұрған саумал құйылған, қаңылтыр сыммен шандыған ескі кесені ұстап, 
арбаған жыланға таяған торғайдай, Қоңырқұлжаға жақындай берді. 
— Мінекейіңіз... 
Сол-ақ екен Қоңырқұлжа Күмістің ақ білегінен шап беріп ұстай алды да, өзіне 
тартып алды. Қыздың тек «ойбай» деген даусы ғана шықты. Ар жағында 
жағалтайды ілген қара бүркіттей Қоңырқұлжа Күмісті қозғалтпастан балдыр- 
ған жас денесін шөккен бураша алпамсадай кең бауырының астына алып, әлі
әбден қатпаған қабырғасын сындырардай қыса, умаштай жөнелді... 
Қанша бұлқынғанмен аузын кеудесімен тұншықтырған алып күш қоя ма, аздан 
кейін Күміс талықсып кетті. Бірақ аға сұлтан оған қараған жоқ. Елуге келсе де, әлі 
күші қайтпаған, бағлан қозы еті мен уыз қымызға тойынған Қоңырқұлжа енді жас 
Күмістің абыройын қызыл қан етіп ағызды. 
Қоңырқұлжа мауқын басып, маңдай терін сүртіп жатқан кезінде сырттан: 
— Сұлтан, қайтесіз қызуланып, сізге кіруге болмайды, онда аға сұлтанның өзі 
бар, — деген бас нөкерінің даусын есітті. Қоңырқұлжа баласы Жәнәділдің
келгенін білді. 
Дүлей күшке қарсы тұра алмай ақ жүзін мөлдір жасы жауып талмаусырап 
жатқан «жас иісті» тағы да бие сауым мезгіл әурелей, аға сұлтан әлден уақытта 
орнынан тұрды. 
— әкесі қатын қылған қызға үйленсін енді Жәнәділ! — деп есіней күлді де, 
ішігін иығына іліп, жарғақ шалбарын қолтықтай үйден шығып кеткен. 
Тоқалының отауына жақындай беріп, анандай жерде, көген қасында екі бетін 
қолымен басып, екі иығы бір көтеріліп, бір түсіп үнсіз жылап отырған Жәнәділді 
көрді. Қайырылып қараған да жоқ. «әкеңнің тоқалына ініңнің барғанын бетіме 
салық ететін сабазсың ғой, ал енді не айтар екенсің?» — деді ол күбірлеп, өзінің 
туған баласын табалай, сөйтті де ақ отауға беттей берген. 
Бір нөкері соңынан асыға қуып келіп: 


84 
— Алдияр аға сұлтан, әке-шешесін қайтеміз, көрші ауылдан келе жатқан 
бетінде қол-аяқтарын байлап сайда ұстап тұрмыз? — деп еді, Қоңырқұлжа: 
— Қоя беріңдер, — деді де ақ отауға кіріп жоқ болған. 
Қоңырқұлжа шаңырақтан түскен күн сәулесінен бетін сәл әрірек қозғады да, 
қайтадан тоқалына қарады. Одан бетін аударып босағаға көз тастады. Босағада 
керегеге жібек бүлдіргісінен ілінген сегіз қарыс, өрімі қос саусақты ырғай сапты 
қамшы тұр. 
Өз балаңмен ойнас болатын патшағарсың ғой, алсам қайтер еді ана қамшының 
астына, деп ойлады ол бір сәтте. Бірақ ол ойынан тез қайтты. Зейнеп осал жердің 
қызы емес. Қарқаралы аға сұлтаны Жамантайдың кенже қарындасы. Бұ да Тәуке 
сұлтанның қызы. Сұлтан қызын ұруға дәстүр жоқ. Ұнамаса, немесе дәм-тұздары 
жараспастай кектессе сұлтандар ғұрып бойынша ондай әйелді ұзатып 
әкелгеніндей, бір көш етіп ырғалтып-жырғалтып төркініне апарып салуы керек. 
Күнәсін өз әкесі тартқызады. «Иә, бұл қамшы саған емес, бөтендерге арналған, 
анау қорғасын сымды төрт таспа, осы Қоңырқұлжаның өз қолымен-ақ талай құл 
мен күңнің арқасында ойнаған». 
Аға сұлтан қайтадан тоқалының бетіне көз тастады. Таң ата Қоңырқұлжа үйге 
кіргенінде Зейнеп, ұйықтамай күтіп жатыр екен. Тоқалға нәпсіқұмар сезіммен 
көңіл қосқан жүйрік дөнендей Шыңғыстан гөрі азбан жылқыдай ауыр денелі 
Қоңырқұлжаның жөні бөлек тәрізді. Аға сұлтан төрге келіп жантайып көзі ілегіп 
кеткенше, Зейнеп болыскей кереуетті сақырлатып, «жаныма келсейші» деп 
шақырғандай әлсін-әлсін дөңбекши берген. Бір шапса ұзақ шабатын әбден
қалжыраған кәрі мәстек, жас байталдың ойнағысы келгенін білсе де, 
шаршағандықтан жастыққа басы тиісімен қор ете қалған. Содан сәске кезінде 
көзін ашса, аяқ жағында тоқалы отыр екен. Ызалы жастан бұлауланған екі көзі 
Күмістің абыройы қан боп қатқан Қоңырқұлжа көйлегінің етегіне қадалған... 
Қоңырқұлжа қымсынар емес. «Өзіңнің көп істегеніңнің бірі ғой менің түндегі 
бозбалашылығым», — деп қанды етегінен именбестен жүнді балтырлы аяғын 
созып; 
— Уқала, — деген. Содан қайтып тіл қатқан жоқ. Ал Зейнеп сол сәскеден күн 
көтеріліп, түске таяғанға дейін әлі қозғалмай отыр. Ұзын жібек кірпіктерін анда-
санда бір көтеріп, қара көздерін Қоңырқұлжаның кіндік тұсынан төмен бір қадап 
қояды да, қабағын сәл шыта көйлегінің етегіне аударады. Ақырын ғана 
күрсінгендей боп демін алады да байының жүнді жуан балтырын қайтадан уқалай 
түседі. 
Қоңырқұлжа тынығып қалған екен. Әлі де болса бірдемені дәметіп мөлиіп 
отырған тоқалды кенет аяп кетті. 
— Қамзолыңды шешіп, ана есіктің тиегін салып кел, — деді Қоңырқұлжа өзі 
ыңғайлана беріп. Қуанып кеткен жас тоқал орнынан асыға тұрып ырғала басып 
барып есіктің тиегін салды. Дәл осы кезде сырт жақтан біреу есікті тарт- 
ты. Зейнеп босағадан сығалап жіберді де: 
— Сұлтаным, Шыңғыс пен Жәнәділ, — деді, — ашайын ба? 


85 
— Жандары шығып кетпес, күте тұрар, өзің бері кел... 
Тоқалдың ұпайы түгенделіп болғаннан кейін, әлден уақытта барып, есік 
ашылып, үйге Шыңғыс пен Жәнәділ кірді. Түстері солғын. Әсіресе Жәнәділ. Екі 
ұрты суалып, көзі кіртиіп, бір түннің ішінде сүзектен тұрғандай ілмиіп қалған. 
Күнәні әкесі емес, өзі істегендей, Қоңырқұлжаның бетіне қарай алмады, басы 
төмен салбырап кеткен. «Бәсе, нағашыңа тартқан бөз өкпе боларсың деуші едім, 
дауыс көтеруге жарар түрің жоқ қой. Күмістің де енді маңайынан жүрмессің», — 
деді ішінен аға сұлтан. Жәнәділ расында да әкесінің айтқанындай боз өкпе, босаң 
бел, жігерсіз жігіт еді. Бар махаббатын түнде жылап тауысқандай Күмістен де 
күдер үзген, әкеге де қарсы сөз айтар дәрмені жоқ, қазіргі тұрысы қажырсыз, салы 
суға кеткен адамның кейпі еді. 
Ал Шыңғыс болса сусыны қана умашталған тоқал шешесінің жайраңдаған 
түрін көріп, жанжалдың жеңіл біткенін түсінді. «Татуласқан екенсіңдер. Бәсе, қара 
ниетті кәрі қорқау, жүзге істеген қиянатының өзіне қайтарылған бірін кешірсе 
керек етті. Енді әкеден келер қауіп жоқ». 
әкесінің сырын осы күнге дейін анық түсінбеген Шыңғыс, оның баласына 
өлмей кешпес кек сақтап қалғанын қайдан білсін! 
Қоңырқұлжа боқшантайынан Талызинның бұйрығын қайта алып, балаларына 
оқып берді де: 
— Сендер ақ патшаның офицерлерісіңдер. Бұйрықты орындау — борыштарың. 
Әрқайсың жүз сыпайдан алып, ереуіл көтерген елдерге жүріңдер. Айтқандарыңа 
көнсе көшкен жұртты кейін қайтарыңдар, көнбесе бастарына ақыр заман 
орнатыңдар, — деді. 
— Егер күшіміз жетпесе қайтеміз? — деді әкесінің сөз төркінін аңғарып қалған 
Шыңғыс, — Кенесары сұлтан осал жау емес. 
— Ақ патша офицерінің сөзі емес айтып тұрғаның, қарғам. Құдайменді 
ұрпағының атына кір келтірмеңдер! — деді аға сұлтан келте қайырып. 
Көрер көзге өлімге айдап салғанынан Шыңғыс қатігез әкенің өз күнәсін 
кешпегенін ұқты. Аға сұлтанға енді сөз қайтармай екі баласы үн-түнсіз үйден 
шығып кетті. 
Аздан кейін олардың Қараөткел бекінісіне қарай шауып бара жатқан дүбірі 
естілді. 
Қоңырқұлжа сәл тыңдап тұрды да: 
— Қашанғы тоқал шешесінің етегіне жабыса береді, Шыңғысқа да өзін 
көрсетер мезгіл жетті, — деді. 
Зейнептің жүрегі мұздай боп кетті. «Бәрін де біледі екен. Мезгілсіз келгенінің 
де себебі сол болды. Анау етегіне жабысқан қан да соның есебі екен. Қарамағында 
кісі жоқтай, туған балаларын өлімге айдап салуы да соның өші. Көкжал болсаң 
осындай бол». 
Кәрі тарлан Қоңырқұлжаға Зейнеп сүйсіне қарады. Айыпты екені есіне түсіп 
кетіп, аяғына жығылып кешірім сұрағысы да келді. Бірақ оны істемеді, әйел болса 
да түбі Бөкейханның ұрпағы екенін ұмытпады. Сол сазарған қалпында: 


86 
— Ал Жәнәділдің жазығы не? — деп сұрады. 
— Жазығы баласы мен шешесінің қылмысын біледі. Және сұлтан басын 
қарашының қызына қор етпек болды. 
— Бәріне де түсіндім. Енді мені төркініме қашан апарып тастайсың? 
— Баланы өзім таптырдым, өзім жазалаймын. Ал қатынды қырық тоғыз төлеп 
сатып алғам, қалың малымның құны қайтпай бостан-босқа неге апарып саламын? 
— деді қабағын түксите, сөйтті де сәл жібіп, — қымызың болса әкелші, шөлдеп 
кеттім, — деп теріс бұрылды. 
«Арам қолдан қалай адал қымыз ішуге дәті барады», — деп Зейнеп сәл таң 
қалып тұрды да, өзін-өзі жұбатты. «Жарайды, хан тұқымында бұдан да сорақы 
күнәлар болған. Өзі кешсе, маған не сор?». 
Ол енді жорғалай басып, босағада тұрған күміс піспекті қара сабаға қарай 
беттеді. 
Осы кезде үйге біреу кірді. 
— Ассалаумағалейкүм. 
Қоңырқұлжа сәлем берген адамның бетіне бұрыла қарады да, кенет жүзі 
жылып сала берді. 
— Ау, Ожар сабазсың ба? 
— Иә, аға, сұлтан, өзімін. 
— Жарқыным-ау, тірімісің, қайдан жүрсің? Жоғары шық. 
— Омбыдан. Және жалғыз емеспін, — деді Ожар төрге таман отырып жатып. 
— Қасыңда кім бар? 
— Қатыным. 
— Кімнің қызы? 
— Тайжанның. 
— Қай Тайжан? әлгі патшаға қарсы шығып атылған... Азнабайдың Тайжаны 
емес пе? 
— Иә, сол кісінің қызы... 
— Онда қыз бар ма еді? 
— Өзі ұсталғанда... Алтыншаш деген қызы қалған екен. Тайжанның үй-ішін 
Туринге айдағанда Омбының бір бай саудагері сол Алтыншашты сатып алып, 
генерал Фондерсонға тарту етіпті... Биыл он алтыға шықты. 
— әңгіме сенде екен ғой!.. Иә, сен оған қалай үйленіп жүрсің?.. Өзі қайда.. 
Үйге неге кір демейсің... 
— Көрші ауылда... Қалай үйленгенім ұзақ жыр... 
Ожар қымыз сапырып жатқан Зейнеп жаққа көз тастады да, сөзін тия қойды. 
Аға сұлтан бірден түсініп әйеліне: 
— Тоқал-ай, сыртқа шығып қонаққа шай қойғыз, қой сойдыр... — деді. 
Зейнеп: «Менен жасырасыңдар ғой сырларыңды», — дегендей кекете езу 
тартты да үйден шығып кетті. 
Ожар Сейтенмен қалай серік болғанын, оны қалай ұстап бергенін, өзінің 
тұтқын болып неге бірге жүргенін бастан-аяқ баяндап берді де: 


87 
— Омбыға барған соң да екі жетідей абақтыда жатуға тура келді. — Сейтенді 
бөлек, мені бөлек «соттамақ» болды, — деп күлді. — Бір күні Фондерсонның өзі 
келді. Генерал дегенді жақын жерден бұрын кім көрген, сары ала түймелі, 
қайқиған жирен мұртты, түсі суық кісі екен. Сейтен мен Тайжанды ұстап 
бергеніме рақмет айтып, не тілегің бар, сұра деді... Омбыға былтыр бір 
жәрмеңкеге келгенімде Алтыншашты көргенім бар... Сонда аузымнан сілекейім 
ағып құмар боп кеткем. Тәуекел деп генералға: «Маған қатындыққа есігіңде 
жүрген қырғыз қызын берсең болады», — дедім. 
— Жиырма бесінші жылғы заң бойынша қыздың кімге тием десе де өз еркі. 
Біздің зорлауға хақымыз жоқ, — деді генерал. — Қыз көнсе... 
«Байқаймын генералдың Алтыншашты маған берер түрі көрінбейді. Заңды 
өздері қолдан жасап алып жүрген жоқ па... Темір торлы абақтысы бар қала түгіл, 
жалпақ жатқан қазақ жерінің өзінде де қыздың еркін кім сұраған. Әйтсе де мен:
— Қызды көндірудің міндетін өзім алайын, — дедім.
Генералдың көзі шарадай болып кетті. 
— әкесін ұстап берген адамға ол қалай көнеді? — деді. 
— О жағын өзіме жіберіңіз, — дедім. 
Генерал айтқан сөзін қайтып ала алмады. «Жарайды» деді. 
Бұрын бізде күзетте жүрген бір шоқынды татар уряднигінен естігем: 
«Фондерсон үйіндегі малай қыз сізді екі-үш рет сұрады. Егер тамақ берсем 
тапсырасың ба?» — дейді деген. 
әрине, әкесінің ағасымен бірге абақтыға түскен соң, мені солардың адамы екен 
деп ойлап жүргенін бірден ұқтым. Жемін сезсе жиырылған кірпі бауырын жазады, 
азырақ ақша беріп, әлгі урядниктен мені қызбен бір жолықтыруын сұрадым. Өз 
дінін сатқан урядник, патша қызметін де сатты, бір кезекте тұрған күні 
Алтыншашты маған әкеп жолықтырды. Қыз кісендеулі Сейтен екеумізді генерал 
үйінің жанынан абақтыға айдап апара жатқанда көрген екен. Жаны ашып түнімен 
жылап шығыпты. Байқаймын, шет жақта өскенмен, өз тумаластары десе үзіп 
жанын беретін түрі бар. Оның үстіне мен оған елінің азаттығы үшін күресіп 
жүрген бір батыр жігіт боп көрінген тәріздімін. Қысқасы, біз шу дегеннен тіл 
таптық. Сөйтіп, бір-екі кездескеннен кейін, екеуміз қол ұстасып елге қашпақ 
болдық. 
«Біздің осылай уәделескенімізді Фондерсонға айтып едім, ол шу дегенде
жаман ашуланды. Бөлтірікті қанша асырасаң да тоғайын аңсайды» деген осы деп 
бір сәтте Алтыншашты жазаламақ та болды. Дегенмен ақылды адам ғой, аздан 
кейін сабасына түсіп «Сенің мұның дұрыс екен. Алтыншашты алып еліңе жет... 
Халқының азаттығы үшін күрескен кісінің қызын алып қашып келсең, саған 
жұртың сөзсіз сенім көрсетеді. Ал бізге қазақ арасында, әсіресе Кенесары 
жігіттерінің арасында сендей жансыз көз-құлағымыз болғаны өте қажет», — деді. 
Сөйтіп мен қазір Алтыншашты қатын етіп алып, Кенесарының аулына бара 
жатырмын, — деді сөзін аяқтап Ожар. 


88 
Қоңырқұлжа риза болып қарқ-қарқ күлді. 
— Жігіт болсаң міне осындай бол! Қой да аман, қасқыр да тоқ, қатын да бар. 
Ожар төмен қарап күлімсірегендей езу тартты.
— Заманың түлкі болса, тазы боп шал деген ғой біздікі. 
— Дегенмен екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді, сақ бол. Әсіресе 
Кенесары аулында... Сұлтанның көзі қырағы, қате бассаң бірден сезеді. Және ол 
ауылда жалғыз ғана Кенесары емес қой. 
— Қасымның ұрпағынан басқа қасында тағы кімдер бар екен, хабардарсыз 
ба?.. 
— Қазір көп жұрт солай қарай бет бұруда ғой. Жақында сол жақтан бері өткен 
бір мәліш сәудегерінен естідім, атақты батырлардан бүгін таңда Шұбырт- 
палы Ағыбай, Алтай Төлебай, Бестаңбалы Бұқарбай, Бағаналы Құдайменді, 
Қыпшақ Иман бар көрінеді, ал Табын руының батыры Тіленшінің Жоламаны біз 
де сендермен біргеміз деп жақында Байтабын деген жас батыры мен Сер- 
ғазы хан тоқалдыққа алайын деп жүрген Ақбөкен атты батыр қызды жіберіпті... 
— Қатын құтырған заман болды ғой осы кез... Сырымбет қырқасынан байын, 
малын тастап алты баласымен Кенесарының қарындасы Бопай да барып қосылды 
деген де рас па? 
— Рас. Қасымның ұлдары арлан қасқыр болса, қыздары қаншық бөрі емес пе. 
Бопай қазір қолына найза алып бір топ жігіттерді басқарады деседі. Күйеу жұрты, 
Уәли ханның ауылын шабамын деп тісін қайрап жүрген көрінеді. 
— Бопай келіп ағасының тобына қосылса Жанайдар батыр да со жерде 
десеңізші... 
— Неге? 
— Жанайдар мен Бопай жас кездерінде Қозы Көрпеш пен Баян сұлудай болған 
жоқ па еді? Тек Қасым төре Жанайдарды қара қазақ деп Бопайды оған бермеген. 
Алты бала тапса да Бопай Жанайдар десе ішкен асын жерге қояды деген өсек бар. 
Екеуінің басы Кенесары ордасында қосылған болар. 
Өзін ана жылы Байгөбектің асында көргенім бар, ағасы тәрізді көзінен қаһар 
шашқан ақ сары қатын екен. Астына боз жорға мініп алып сайысқа түсті. Бірде-бір 
еркек шыдатпап еді... — Ожар бірдеме ойына түскендей Қоңырқұлжаға бұрыла 
қарады, — жаңағы айтқан батырларыңыздың бәрі, Жоламан сұлтаннан өзгесі 
кілең ашық кеуде, жалаң төс кедей сарбаздар екен... Ел билеген бай, манаптан 
ешкімнің аты естілмей ме? 
— Малымды шауып алар деп қорыққан жүз-жүз елу шаңырақты Шорманның 
Мұсасы, Жақыптың Елемесі, Асылғазының Бабатайы секілді мыңды айдаған 
азғантай байлар болмаса, ел ағалары «түбі қалай болады» деп артын күтіп отырған 
тәрізді ғой. Әзірге қосылғандар Қарқаралы өкірігінен Қазының Құдаймендісі мен 
Баянауыл өкірігінен Бектастың Таймасы. Қазының Құдаймендісі патша үкіметіне 
бұрыннан наразы. Ана жылы оны болыстықтан түсірген. Ал Бектастың Таймасы... 
— Бектастың Таймасы дейсіз бе? — деді Ожар сәл қобалжи. — Япырмай... 
— Неге шошыдың? Қастасқан жерің бар ма еді? 


89 
— Жоқ... Дегенмен... — Ожар сырын айтар-айтпасын білмей сәл отырды да, 
сөзін қайтадан бастады. — Таймастың Кенесары қасында болуы... Маған қауіп 
туғызып отыр, — деді ол күбірлей, — былтыр Сейтен екеумізді ұстап Омбыға 
апара жатқанда біздің тоқтаған аулымыз тек осы Таймас аулы ғана болды. 
Бірдемемді сезіп қалды ма деп күдіктенетін едім... 
— Басқадан күдігің болмаса Таймастан әзірге қорықпай-ақ қой... Ол осыдан бір 
апта бұрын Жоламан мен Иман ауылдарына жүріп кетіпті. Жұрт ыңғайына қарай 
Ырғыз бен Торғайдан да әрі барады деседі. Шамасы Кенесары ереуіліне Ақ 
Жайық, Ор бойының ауылдарын да қоспақ ниеттері бар тәрізді. Таймас о жақтан 
күзсіз қайта алмайды. Балта көтерілгенше, ағаш жал табады дегендей, сен де тірі 
жансың ғой, оған дейін сенімге кірерсің. — Қоңырқұлжа ырқылдай күлді. — Тақа 
болмай бара жатса «адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» деп 
қатыныңды алдыңа тартып, мойныңды ұсына берерсің. Өзі ұсынған мойынды 
қылыш кеспейді. 
— Таймас алыста болса... жөн екен. Бөтен бәлендей қауіптенерім жоқ. Омбыға 
жеткеннен кейін, Сейтенді атқанға шейін тірі жанға жолықтырған жоқ.
Екеуміздің арамыздағы сырды ол өзімен о дүниеге бірге алып кетті. Оған менің 
көзім кәміл жетеді. — Ожардың қайтадан еңсесі көтерілді, — әзірге Кенесарының 
қасына тек ақ патша жерін тартып алған рулар ғана шоғырланып жатқандай ғой. 
Мұндай жағдайда астындағы оты күшті болса, қазан тез қайнағанмен тез суалатын 
еді... 
— әй, білмеймін, — деді Қоңырқұлжа, — бұл жолғы көтеріліс өзге 
уақыттағыдай лап етіп жанып, сөне қалатын жалынға ұқсамайды. Кенесарының 
осыншама қол жинап үндемеуінен сескенем. Және қасында жалғыз қазақ емес, 
басқа ұлттан шыққан ақылшылары да бар дейді жұрт. Бұ да еске алатын жәйт. 
— Қойыңызшы? 
— Иә, жиырма шақты орыс пен башқұрт жігіттері бір топ деседі. Іштерінде 
зеңбірек ата білетіндері, оқ-дәрі жасай алатындары да бар көрінеді... Бас 
ақылшыларының бірі деп Бұқараға сыймаған Сидақ қожа мен өз елінде ереуіл 
істеп айдалып келген болыскей офицер Жүсіп деген біреуді айтады тыңшылар. 
Кілең қарақшы бас қосқан тәрізді. 
— Япырмай ә... Жақсы, — деді кенет Ожар бір шешімге келгенін білдіріп, — 
не болса да барған соң көрермін. Ал енді жұмыс тәртібін сөйлесейік. Омбы сізге 
Кенесары ордасында не болып жатқанын хабарлап тұруды тапсырды. 
— Хабарды қалай бермексің? 
— Сейтенді ұстасқан Сәмен, Жақып, Сақып деген сенімді екі-үш жігітім бар. 
Олар қазір Кенесары жасағында. Хабар солар арқылы болады. 
— Келген жігіттердің сенікі екенін қайдан білем? — Қоңырқұлжа тағы 
ырқылдай күлді, — көп қойдың ішіндегі тартылған қошқар секілді көзге түсетін 
бір белгісі бола ма? 
— Белгі біреу-ақ, сізге келгенде мына белбеудің оң жағында тұратын құты, 
оқшантай, қыны сол жағында тұрады. 


90 
— Кісесі ше? 
— Белбеулерінде кісе болмайды. Жас жігіттерге келіспейді. Біреу болмаса 
біреу сезіп қалуы мүмкін. 
— Ойпырмай, өзің мұндай іске әбден жорға болып алған екенсің. 
Жаңағыларың адамның ойына келмейтін белгілер ғой. Ұмытып қалып жүрмесем 
нетсін... 
— Кенекең тірі тұрса, ұмыттыра қоймас, — Ожар күлімсіреді де сәлден соң 
орнынан түрегелді. — Ал көріскенше бар болыңыз. 
— Ас ішіп кетпейсің бе? 
— Жұрт көзіне көп түсуге болмайды. Қатыныма осы ауылдағы бір қарашыға 
жолығатын шаруам бар деп кетіп едім, енді оралғаным жөн болар... 
— Онда жолың болсын. 
Қоңырқұлжа төрт күн емін-еркін жас тоқалын жайлап, бойы сергіп Ақмола 
бекінісіндегі бәйбішелерінің үйіне қайтты. Бұл келгенде қорған қақпасының 
алаңында жасақтарымен жаңа ғана оралған Шыңғыс пен Жәнәділ отыр екен. 
Талызинның жарлығын орындаймыз деп бұлар ереуілге көтерілген Тыналы, 
Қарпық, Темеш болыстарына дейін барыпты, бұнда ат құйрығын шарт түйіп, 
қолына түкіріп отырған қалың жұртты көріп, әрі қарай жүруге қауіптеніп кейін 
қайтыпты. 
Қоңырқұлжа балаларын көргенде, мыстан кемпірдің алдындағы алтын сақасын 
қотыр тайымен алып келген тазша бала өгей шешесінен кем ренжіген жоқ. Әсіресе 
Кенесарыға қараған елден Шыңғысының сау қайтқанын кешер емес. Екі беті 
дорбалана күреңітіп, қамшысымен жылтыр етігінің қонышын сабалай, үн-түнсіз 
отырған екі баласының алдында ерсілі-қарсылы жүре бастады. Бұларды тағы 
қандай «Барса келмеске» жіберуді ойлап іштей әлем-тапырық. 
Дәл осы кезде бекіністің күзет мұнарасында тұрған солдат: 
— Бір салт атты көрінеді. Жүрісі тым асығыс, қақпаны ашайын ба? — деп 
дауыстады. 
Қоңырқұлжа бұрылмастан жауап берді. 
— Аш! 
Ашылған қақпадан, қара терге малынған кер төбел қазақы аттан, көйлегінің оң 
иығы жауырынына дейін қан боп қатқан, ұзын сары солдат «Беда! Беда!» деп 
құлай-мұлай жерге түсті. Жақын тұрған казарманың есігінен қылышын сүйрете, 
қазақ атаулысы «Қарапұшық Иван» деп атайтын, келте мұрын, деңбелтек қара, көк 
көз, осы Қараөткел бекінісінің коменданты войсковой старшина Иван Карбышев 
жүгіре шықты. 
— Не болып қалды? — деді ол солдатқа түйіле. 
— Беда, войсковой старшина, — деп солдат ауырған иығын бір қолымен баса, 
ыңқылдай сөйледі, — біз хорунжий Котовтың басқаруымен елу солдат, он 
урядник Петропавлдан Ташкентке бара жатқан Строганов купецтің керуенін 
шекараға дейін апарып салмақ боп шығып едік. Салынып жатқан Ақтау 
бекінісінен өте бергенімізде кілең сойыл, найза ұстаған Кенесары жігіттеріне 


91 
кездестік. Солдаттардың байланыспайық дегеніне қарамай, хорунжий Котовтың 
бұйрығы бойынша екі-үш есерсоқ мылтық атып, бір-екі адамын оққа ұшырып еді, 
ылғи жүйрік мінген жігіттер лап қойып отрядтың быт-шытын шығарып, тегіс 
сойылға жықты. Астымдағы жүйрік атым қуғандарға жеткізбей тек мен ғана 
құтылдым... 
Бұл кезде солдаттар да жиналып қалған-ды, бәрінің де жүзінде қобалжу, 
қорқу... 
— Өздері қанша? 
— Бес жүз адамдай. 
— Кенесарының өзі ме басқарып жүрген? 
— Жоқ, інісі Наурызбай. Мен оны бұрын Көкшетауда көргем. 
— Солдаттардың қаншасы тірі қалды? 
— Білмеймін... Қолға түскен солдаттарды және керуенді бар мүлкімен 
өздерімен бірге алып кетті. Қайта оралып кеп, сайдан көрдім... 
— Беттері қалай? Бізге бұрылған жоқ па? 
— Жоқ. Әрі қарай күнбатысқа кетті. 
Солдаттың жарасын қарап болған жас фельдшер оған; 
— Ағай, лазаретке жүріңіз, — деді өзі жаралы болғандай аяншақтап. 
Жаралыны қоршаған солдаттар енді гуілдей сөйлеп кетті. 
— Осылай айдалада жүріп қырыламыз да бір күні! 
— Айдалаң не? Бұ да Россия жері ғой... 
— Иә, саған осы далиған «Россия даласынан» өлгеніңде ғана екі метр жер
бұйырар: 
— Онда да тереңдігі бір құлаш... 
— Бізді осы жаққа қандай сор айдап әкелді. 
— Өзі келгендей сөйлеуін қарашы! Менің еркіме салса, бұл желі азынаған қу 
даланы о дүниеде де көрмес едім. 
— Қысқартыңдар сөзді! — деді кенет ақырып жіберіп Қарбышев, — Кенесары 
қарақшылары бізге соқпай кетпейді. Ертеңнен бастап, бекіністің бар солдаты, 
жұмысқа жарайтын еркек-әйелдері ор қазуға шығады! Таң сәріден! 
Расында Кенесары ереуілшілері Қараөткел бекінісіне соқпай кетуі мүмкін емес 
еді, өйткені қазақ даласына Россия патшасының отаршылық саясатын жүргізуінде 
Ақмола бекініс қаласы ерекше қызмет атқарған. 
Бұл түні Қоңырқұлжа ұйықтамай шықты. Кенесары әскері бекіністі алса, ең 
алдымен ат құйрығына аға сұлтанды байлайды. Ежелден ала алмай жүрген кегі 
бар. «Ал Кенесарының Қараөткелге келуі сөзсіз. Мынау Ақтау төңірегін шарлауы 
— Қараөткел бекінісі есігінің қалай жабулы екенін білгісі келіп тартып көруі... 
Әлде Кенесарыға кісі салсам қайтер еді? Бәріміз де Шыңғыстың үлкен ұлы 
Жошыдан тарадық қой, мүмкін райынан қайтар?.. Жоқ, жоқ, өйтуге болмайды. Ол 
өзгені кешкенмен мені кешпейді, Қасым балаларының атадан балаға мирас болып 
келе жатқан кегі бар. Не болса да табан тіреп ұрысып көру керек. Ендігі менің 
сиынар құдайым да, табынар аруағым да Омбы... Содан жәрдем сұрайын, қорға 


92 
дейін. Ал мына Қара пұшық Иваннан не қайыр, не үміт, өзі маған ала көздеу, мені 
жау қолына беріп, бекіністі тастай қашудан да тайынбас. 
Қоңырқұлжа таң сәріден түрегеліп Талызинге хат жазды. Хатын: «Қасым ұлы 
Кенесары Россия империясына берілгенімді кек санап мені аяйтын түрі жоқ. 
Алдымен менің басымды алып, бүкіл бала-шағамды, туған-туысқанымды құртпақ, 
Кенесарының бұл ойын маған қас өзге рулар да қолдауда. Сондықтан осындай тар 
кезеңде қол ұшын жалғап, тезірек Ақмола бекінісіне ереуілшілерге төтеп бере 
алатын әскер жіберуіңізді өтінем», — деп бітірді. 
Хатты жазып болып, тез Омбыға жеткізуін Карбышевқа тапсырды да, өзінің 
басқа шаруасына кірісті. Ең алдымен бекініс сыртына көкорайлы Есіл жағасында 
отырған екі әйелінің ауылын көшіріп алмақшы болды. Бұл істі орындау- 
ды Жәнәділ мен Шыңғысқа тапсырайын деп шақыртса, тағы да екеуі бірдей 
бекіністе болмай шықты. Терісіне сыймай ашуланған Қоңырқұлжаға бәйбішесінің
«жазғы демалыстары бітуге айналды. Омбыға қайтар алдында ел қыдырып, бой 
көтерейін дегендері шығар, несіне ренжисің», — деген сөзі ауру жарасының аузын 
тырнап алғандай әсер етті. «Қандай бой көтеру екенін білмеймін бе? Түні бойы 
көзімді іліндіре алмай шыққанымда, оңбаған ит Шыңғыс жатқан ғой Зейнептің 
торсықтай қос анарын құшып!» 
әбден ашуына мінген Қоңырқұлжа тоқалының аулына нөкерлерімен өзі бармақ 
болып, шарт киініп алды. Қолына тобылғы сапты қамшысын ұстай далаға шықты. 
Дәл осы сәтте оның көзі бекініс қақпасына ойнақтай кірген қара жор- 
ғасына түсті. Мойнында дорба секілді салақтаған бірдемесі бар. Қара жорға жемге 
үйренген мал. Бекініс ішіндегі құдықтардан су ішпейді. Көк Есілдің көк толқынын 
жүзіп жүріп сусындауды әдет еткен. Қорған сыртындағы өзенге өзі барып, өзі 
келеді. Қоңырқұлжадан бөтен жанға ұстатпайды. Ол бекініс қақпасына оқырана 
кіріп, дағдылы жем жейтін астауына қарай төрт аяғын шалыс тастап, ырғала ағып 
келе жатыр. Міне аға сұлтан есігінің алдындағы жем астауға келіп тұра қалды. 
«Мойындағысы не сұмдық» деп Қоңырқұлжа ауыр денесін іркілдете қозғап, қара 
жорғаның жанына жетіп барды. Кенет өн бойы дірілдеп кетті. Атының 
мойнындағы үлкен кенеп дорбаның ішінде қарбыз секілді домаланған бірдеме бар, 
қаны сыртынан сорғалап жерге тамып тұр... 
Қоңырқұлжа беліндегі лөкет пышағын суырып алып, дорбаның жібін кесіп 
жіберді. Дорба жерге гүрс етті. Денесі дірілдеп кеткен Қоңырқұлжа дорбаның бір 
бұрышынан ұстап сілкіп жіберді. Топ етіп одан адамның басы түсті. Көзі 
шарасынан шыға аларып, тістері ақсия қалған. Бір ұртынан қап-қара болып кеткен 
тілінің ұшы көрінеді. Сірә балтамен шапқан болу керек, мойын омыртқасы шорт 
үзілген. Қызыл қан әр жерде бетін алып, жаңа туған қозының елтірісіндей қара 
қошқыл бұп-бұйра шашына ұйыса жабысқан... Қоңырқұлжа аң-таң боп тесіле 
қарап еді, тани кетті, баласы Шыңғыстың басы екен. 
Болған уақиғаға енді ғана түсінген Қоңырқұлжа көзі қарауытып құлап бара 
жатып: 


93 
— Тұра тұр, Кенесары, сенің Сыздығыңның басын дәл осылай алдыңа тарт- 
пасам, атым Қоңырқұлжа болмасын! — деуге ғана тілі келді. 
Жоқ, Шыңғыстың басын кескен Кенесары да емес, оның сарбаздары да емес, 
Күмістің әкесі әбдіуақит шал еді. Қоңырқұлжа жалғыз қызын қор еткен түні, бар 
шоқпытын қара лашығының ортасына үйіп, астынан от қойды да, таң ата Күмісі 
мен әйелі екеуінің қолынан ұстап ауылдан беті ауған жаққа қашып шыққан. Іс 
бұлай бет алар деп күтпеген Қоңырқұлжа нөкерлері соңдарынан қуғанша бұлар 
қамысты көл жағасына жетіп, таптырмай кеткен. Әбдіуақит әйелі мен қызын 
Кенесары жасағына көшіп бара жатқан бір шағын ауылға қосып жіберіп, өзі кейін 
қайтқан. Жүрегін удай ашытқан ашу, ыза, қорлану көзін қарауыттырып, денесін 
оттай өртеген. Ақыл-ойын, бар сезімін тек «Кек! «Кек алу!» деген арман ғана 
билеген. Шерменде жан осыдан бөтен шешім таба алмады. Ыза үстінде оған бұдан 
артық әділетті, дұрыс шешім жоқ тәрізденді. Қоңырқұлжаны өлтіріп, өшін алса 
арманынан 
шығатындай 
болды. 
Осындай 
тәуе- 
келге бел буған әбдіуақит итіне шейін өзіне таныс Зейнеп тоқалдың аулы сыртын 
торлай бастады. Бірақ күзеті мықты тоқал үйіне таяй алмаған. Бесінші күні, күзет 
кеткен түні — тағы аңдыған. Ойда жоқта ауыл сыртында екі салт атты пайда 
болған. Біреуі Шыңғыс еді. Әбдіуақит бірден таныды. Жанындағы серігін 
Зейнептің отауына жіберіп, Шыңғыс өзі хабар күтіп, сай түбінде жатып қалды. 
Сірә, әкесі кетісімен тоқалдың үйіне тікелей баруға жүрексінген болуы керек... 
Бұның бәрін әбдіуақит көріп отырды. Бес күннен бері қолынан дым келмей, 
ызадан әбден көзі қарауытқан, әкесі мен баласының, баласы мен тоқал шешесінің 
арасындағы кәпті білмейтін сорлы, «Қоңырқұлжаның баласы менің баламнан 
артық па, ол менің баламды қан қылғанда мен оның баласын неге аяймын» деп, 
көзі ілініп кеткен Шыңғыстың қасына сыбдырын шығармай келіп айбалтамен 
мойын тұсынан қос қолдап кеп ұрған. 
Сол күні таңертең енесінен жетім қалып, құлынынан өзі еміздікпен асыраған 
қара жорғаны Есілден су ішуге келген кезінде еппен құр-құрлап ұстап алып, 
Шыңғыстың басы салынған дорбаны мойнына тағып қоя берген. Өзі Кенесары 
еліне қарай асыға жөнелген. 
Қоңырқұлжа үш күн жер құшып жатып, баласының денесін ел-жұрты боп 
қабірлегеннен кейін бір-ақ тұрды. Әйтсе де Шыңғыстағы өшін жауының алып 
бергеніне ол іштей риза еді, бірақ ағайын-туғанға сыр бермей, қара жамылып 
кайғы тартқандай жетісін берді де, Кенесары қолымен кездесу әрекетіне кірісіп 
кетті. 
ІІ 
Кенесары бір қиын мәселені шешерде қалың қабағын қарс жауып, бір қолымен 
исфаған семсерінің сабынан ұстап, темір торға қамалған жолбарыстай ақ орданың 
ішін кезіп, ерсілі-қарсы жүре, көп ойланатын. Мұндай кезінде сұлтанның сырт 
бейнесі шынында да жолбарысқа ұқсас қаһарлы болатын, желкесі күдірейіп, өткір 


94 
көздері әдеттегісінен гөрі қызара түсіп, тірі жанға тіл қатпай, сұстана қалатын: 
Осындай ашулы-ойлы шағында оның үстіне ешкім батып кіре алмайтын, өйткені 
ол бұл кезде жайшылықтағыдай емес, адам көңіліне қарамайтын қатал келетін... 
Кенесары бүгін де осындай жағдайда еді. Полковниктің погоны тағылған 
оқалы көгілдір мауыты шапанын желбегей жамыла салып, екі сағаттан бері ақ 
орданың ішін адымдай ерсілі-қарсылы кезіп жүр. 
Кеше Сыр бойынан хабаршы келген. Ол «Мәделіхан өзі өгей шешесі 
Ханпадшайыммен көңілдес екен, осыдан бір бәле тумаса нетсін» деген. Және 
Бегдербектің әулиеатаға ауысып, уақытша Ташкент құшбегі боп Ләшкәрдің өзі 
тағайындалғаннан бері, о жақтағы қазақтардың күйінің бұрынғыдан да 
нашарланып кеткенін айтқан. Кенесарыны толқытқан осы хабарлар ма? Жоқ, олар 
емес. Бұл хабарлар сұлтанды қанша елеңдеткенмен, әзірге тек шығып келе жатқан 
шиқан тәрізді. Жарылатын кезін шыдай күтуге бар. Оның бар ойы осы арада, 
өзінің бүгін шешетін мәселесінде. Егер оны дұрыс шешсе, бағының жанғаны, 
абыройы көтерілгені. Қазір соңынан ерген елу мың шаңырақтың үстіне, ертең 
тағы елу мың тіпті жүз, жүз елу мың шаңырақтың қосылуы кәміл... Ал дұрыс 
шеше алмаса былтырдан бері жанын салып жинаған жұртының көз алдында үмітін 
ақтамағаны... Онда ертеңнен бастап, соңынан ерген елдің тарай бастамасына кім 
кепіл? Қазақ топырлап шауып келе жатқан жылқы тәрізді, егер жау алдынан 
шығып үркіте қалса кейін қарай лап беруден тайынбайды. Онда оны ақыл да, 
сойыл да тоқтата алмайды... 
Сондықтан соңынан ерген жұртты ондай күйге ұшыратпау керек, айқай сап 
делебесін қоздырып, шапқан үстіне шапқызып, кездескен ор, ойпаттан секіртіп 
өткізіп, қарсы келген жауды жапыртып кеткізу керек. 
Кенесары жігіттері осы уақытқа дейін, Ташкент пен Қараөткел, Қызылжар 
арасындағы керуендерді талап, ырқына көнбеген кейбір сұлтандардың аулын 
шауып, Чириков пен Карповтың жасақтары секілді патша әскерлерінің шағын 
топтарымен ғана қағысып келді. Ал ертеңнен бастап үлкен айқасқа шықпақ, патша 
әскерлері мен Россияға берілген қазақ сұлтандарына қарсы майдан ашпақ. Ол 
сөйтуге міндетті, өйткені соңынан ерген жұрттың көкейкесті арманын, мүддесін 
еске алатын мезгіл жетті, әйтпесе жер-суымызды, еркіндігімізді қор- 
ғаймыз деп маңына топталған бұқара елдің көңілі суйи бастауы мүмкін. Қара 
қазақтың бұдан күткені ел шабу, керуен тонау емес, үлкен іс, халықтық іс. 
Кенесары бұл майданды ашпастан бұрын, патша әскерімен таласты соғыссыз 
шешпек боп қолдан келген амалын аяған жоқ. Маңайына ақ патшадан зәбірлік 
жеген жұртты жинаумен қатар, мүмкін, күннен-күнге көбейіп жатқанымызды 
көріп бізбен санасар деген үмітте де болды, Омбы бастықтарына хат үстіне хат 
жолдады. 
Ең ақырғы хатын ол Шу мен Сарысуды қыстап шығып, Сарыарқаның бел 
ортасы Қарақойын Қашырлыға көшіп келген соң, Батыс Сібір генерал-
губернаторы Горчаков князьға 1838, яғни қазақша Ит жылы, мамыр айының 


95 
басында жазған. Оны Тоқтының Табылдысы мен Қазанғаптың Көшінбайы деген 
өзінің екі сенімді адамы арқылы жолдаған. Хаттың мазмұны мынадай еді: 
«Мәртебелі ұлуғ господин жанарал-губернатор хазратләріна 
1
Абылай ханның ұрпағы Кенесары Қасым ұғылынан ғарызнама. 
Сіздің ағзам хазрәтларыңызға мағлұм қыламыз, шунки менің тілегім екі 
патшалықтың халқы да тыныштықта өмір сүру еді, бірақ та сіздің адамдарыңызды 
өз жағыма шығарып алды деп сіз маған күмәнданатын көрінесіз. Менің айтып 
отырғаным мынау: біздің бабамыз хан Абылайға тиісті жерлерде сіз дуан 
салдырдыңыз және қазақ халқынан алым-салық аласыз, сөйтіп бізді қыспаққа 
салып отырсыз. Біз бұған риза емеспіз және алым-салық төлеп сіздің қарауыңызда 
тұра алмаймыз. Біздің басымызға туған күн Ресейдің басына туса сендер қандай 
күйде болар едіңдер? Сондықтан біздің жай-күйімізбен санасуларың керек. 
әрине, мен Баянауыл, Қарқаралы һәм Ақмола қазақтарын өзіме қосып 
алдым, әлі де болса халқымды өз жағыма қоса берем деген ниетім бар; алайда 
қазақ халқы бұрынғыша өз алдына ел болып өмір сүрсе тіпті жақсы болар еді, 
сонда ғана сіз де, біз де тыныш өмір сүре алар едік. 
Менің естуімше, сіздер бізді Қоқан һәм Бұқар хандығынан айыруды 
көздейтін көрінесіздер. Бірақ олар мұсылман заңы бойынша бізді қорғауға 
міндетті. 
Екі ел тыныш, бейбіт өмір сүрсе бәрінен де сол жақсы болар еді. Бірақ
дуанбасылары ел аралаған кезінде сиязға деп сылтауратып қазақтың жақсы ат, 
жақсы киім-кешектерін алатын көрінеді. Біздің мүлкімізді талан-таражға салуға 
тыйым болсын деген патша ағзамның заңы бола тұрса да, дуанбасылары 
қазақтардың айтқан арызын құлағына да ілмейді. Жуырда ғана Төртуыл 
болысының қазағы Азнабай мырзаның әйелін, екі келінін, қызын һәм бір жесір 
әйелді жаулап алып кетті. Бұлардың қайда екені әлі белгісіз. 
Сізбен әрқашанда достық қатынаста тұруды көздеп мен мына 
төмендегілерді талап етемін: 
1) Ақтау қорғанысы жойылсын; 
2) Ақмола дуаны жойылсын; 
3) Біздің жерімізге салынған сондай мекеме орындары тегіс жойылсын; 
4) Қамауға алынған біздің адамдар һәм Қоңырқұлжа сұлтанға жіберілген 
екі адам босатылсын. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет