Жазаны атқаратын органдар мен мекемелердің мемлекеттің басқа да органдарымен өзара байланыстары.Қылмыстық жазаны атқарушы органдардың негізгі міндеттері сотталған адамдарды түзеу, жазаны атқару мен өтеудің тәртібі мен жағдайларын дұрыс ұйымдастыру болғандықтан, олар қылмыстылықпен күрес жүргізумен айналысатын мемлекеттің басқа да органдарымен байланыста жұмыс істейді. Қылмыстылықпен күресуді қызметінің негізгі түрі ретінде танитын ішкі істер, тергеу, прокуратура, сот органдары мен қылмыстық-атқару мекемелерінің қызметі тығыз байланысты. Бұл байланыстар қылмыстық-атқару заңының көптеген баптарынан байқалады.
Қылмыстылықпен күрес жүргізу мәселесі бойынша ғана емес, ашылған қылмыстық істі аяғына дейін жүргізу мәселесі бойынша да қылмыстық-атқару мекемелерінің басқа мемлекеттік органдармен байланысы айқындала түседі. Қылмыс жасаған адамның ең алдымен ішкі істер органдарында, тергеу қарамағында, соңында сот үкімі арқылы тағайындалған жазаны етеуге түзеу мекемелесіне жіберілуі, мұның барлығы қылмыстылықпен күресетін органдардың тізбекті түрде жұмыс істейтінін білдіреді. Бұл жайында жекелеген органдардың қызметі келесі органдардың қызметімен байланыста болады және ол байланыстар былай анықталады. Біріншіден, қылмыстық-атқару органдарының сот-тергеу, прокуратура органдарымен байланыстары - ол жаза атқару кезеңінде анықтауды қажет ететін мәселе туындағандықтан, түзеу мекемесінің сотталған адаммен жұмыс істеген милиция, тергеу органдарына сұраныстар жасауымен анықталады.
Екіншіден, жаза өтеу барысында сотталушының мінез-құлқының өзгеруіне байланысты, алдағы уақытта жаза түрін ауыстыру туралы сот органдарына хабарлама жасалады.
Үшіншіден, аталған органдардың барлығының ортақ қызметі -қылмыскерлермен жұмыс істеу болғандықтан, бір-бірінің қызметіне көмектесу үшін, мәліметтер беру жұмыстары да орын алады.
Төртіншіден, аталған органдардың қызметінің өзара байланыстылығы сот және прокуратура органдарының қадағалау жасауымен көрінеді.
Мұндай өзара байланыстар қылмыстылықпен күрес жүргізетін органдардың қызметін толық, тиімді, әрі мағыналы етіп көрсетеді.
Қылмыстық-атқару органдары мен мекемелерінің жұмысы сот органдарымен тығыз байланысты. Сот сотталушыға жаза тағайындағанда, қылмыстың қоғамға қауіптілік дәрежесіне және сотталған адамның жеке басына, мінез-құлқына, қоғамға деген көзқарасына қарай отырып, жаза түрін және мерзімін тағайындайды. Сонымен бірге, соттар жаза тағайындау кезінде жазаның сотталушыға оң әсер ете алатындай жағдайын ескереді. Себебі, соттың әділетсіз жаза тағайындауы, яғни, негізсіз ауыр немесе тым жеңіл жазаны белгілеуі, сондай-ақ жаза тағайындау кезінде сотталушының жеке басы ерекшеліктері мен жасаған қылмысының қоғамға қауіптілік дәрежесіне мән бермеуі, мұның бәрі кейінгі уақыттарда түзеу мекемелерінің сотталғандарды тәрбиелеу жұмыстарына теріс әсер етері күмәнсіз.
Сотталған адавдарға тәрбиелеу жұмыстарын жүргізу кезінде ол адамның кінәсін мойындайтығын және жазаның түрімен қолданылуына келісетіндігін, сонымен қатар әділ жазаға тартылғанын мойындайтындығын анықтау маңызды жайт.
Егер сотталған адам үкімді әділетті деп таныса, онда ол адамға тәрбиелеу жұмыстарын жүргізу оңай. Демек, жаза әділетті тағайындалса және оны сотталушы мойындаса; ол адамның түзелуі оңай, ал жаза әділетсіз тағайындалса, онда жазаның мақсатына жету қиындайды. Нәтижесінде, сотталған адамда қоғамға, мемлекетке деген өшпенділік, теріс көзқарас қалыптасады. Міне, осындай сотталған адамдар мен түзеу мекемелері қызметкерлерінің арасында қайшылық болмауы үшін, алдымен соттар жазаны дұрыс тағайындауы керек.
Түзеу мекемелері мен сот органдарының келесі байланысы, сотталған адамның түзелуіне немесе қоғамға қауішілігінің артуына байланысты соттардың шара қолдануы болып табылады. Сотталушының түзелгендігін, соған сәйкес жазаны жеңілдетуге болатындығы туралы, түзеу мекемесі әкімшілігі сот органдарына хабарлама жасай алады. Бұл мәселеге байланысты алғашқы қадамды түзеу мекемелері білдіріп, соның арқасында соттар ресми түрде жаза түрін жеңілдетеді, ал, керісінше, жайттар орын алғанда қаталырақ жазалау шарасын тағайындайды.
Соттарға жазаны атқарушы мекемелер қызметіне сот бақылауын жүргізу тапсырылған. Бұл бақылау арқылы түзеу мекемелерінің жұмыстары ілгерілейді немесе әр сотталушы үкім шығарған соттың бақылауында болады.
Сот органдарының түзеу мекемелерімен келесі байланысы - ол адамдардың жаза өтей жүріп қайтадан қылмыс жасауымен байланысты. Мұндай жағдайларда соттар қылмыстың түзеу мекемесінде жасалу себептері мен жағдайларын байқаса, онда түзеу мекемесі жетекшілеріне қылмыстылықтың жасалу себептерінің мән-жайын сұрап жолдама жасайды.
Сотта істі қарау да сотталушыларға қандай да бір деңгейде түзеу мекемелерінің жұмысын жеңілдететін тәрбиелік роль атқарады.
Достарыңызбен бөлісу: |