Имамның өз ата-анасына деген құрметі мен ілтипаты туралы
Имам Абу Ханифаның өз ата-анасына ерекше ілтипат танытуына оның Аллаһқа олар үшін дұға етуі және олар мен шейхы Хәммадты кешіруін тілеуі, сондай-ақ олардың атынан ай сайын жиырма динар садақа беруі нұсқайды.
Абу Ханифаның анасы оның әкесінен көбірек өмір сүрді, ал имамның оған құрметпен қарауы туралы әл-Кардаридің Хәжар бин Абд әл-Жәббар әл-Хадрамиден жеткізген мына сөздері растайды: “Имам былай депті: “Біздің мешітіміздің жанында Зур‘а есімді бір қиссашы тұратын. Бірде менің шешем діннен бір нәрсе сұрағысы келді де, бұл жөнінде менен сұрады және мен оған жауап бердім, алайда ол: «Мені тек Зур‘а берген жауап қана қанағаттандырады», - деді. Сонда мен оны оған алып бардым да, оған: «Менің шешем пәлен мәселе бойынша сенің пікіріңді білгісі келеді», - дедім. Ол оған мен айтқан нәрсені айтты, ал ол разы болып қалды”.
Әс-Сәймари әл-Хасанның имам былай деп айтты деген сөздерін жеткізген: “Мен үшін мені сабап тастаған кездегі анамның шеккен қайғысынан ауырырақ еш нәрсе болмады. Сол кезде ол маған: «Уа, Нуғман, ақиқатында, сені осыған дейін жеткізген білім одан қашуға лайықты», - деді, ал мен: «Мен бұл білімді бұл дүние үшін емес, Аллаһ үшін алдым», - дедім”.
Имамның анасы одан көбірек өмір сүрген тәрізді. Аллаһ Тағала имамды, оның ата-анасын рахмет етсін және оларға разы болсын.
Имамның шариғи білімге деген қатынасы
Имам Абу Ханифа, Аллаһ Тағала оны рахым етсін, діндар жанұяда өсті, дінді түсінуге және оның қағидаларын адамдарға жеткізуге тырысты, бұған оның бүкіл өмірі айғақ болады.
Біз жастайынан керемет тәлім-тәрбие және білім алған, ал соңынан Аллаһ оны жетпіс жасында көз жұмдырғанға дейін өзі адамдарды оқытып, оларға насихат берген имамның қызметін ашып көрсеткіміз келді. Ал өлім туралы айтар болсақ, имам үнемі адамдарға: «Ақиқаттың үстіндегі өлім бос өмірден жақсы», - деп үйрететін.
Йазид бин әл-Қумайттың былай дегені жеткізіледі: “Бірде имам бір адаммен айтысып жатқан кезде, әлгі адам: «Аллаһтан қорық!», - деді. Осы сөздерді естіп, имамның реңі кетті, ол қалтырап қалды да, басын түсіріп: «Уа, бауырым, Аллаһ саған игілігімен қайырсын! Адамдар өздерімен сүйсініп, білім туралы сөйлеп тұрған кезде, олар өз амалдарын Аллаһқа арнауы үшін, өздеріне Аллаһ Тағала туралы ескерту айтылуына бәрінен де көп мұқтаж. Біл, білімге қатысты бір нәрсе айтқан кез келген уақытта мен Аллаһ мені жауапкершілікке тартатынын ұмытпайтынмын және мен үнемі құтылуға ұмтылатынмын»”.
Әл-Бухаридің шейхтарының бірі болған Мәкки бин Ибраһим былай дегені жеткізіледі: “Мен саудамен айналысатынмын және имам маған: «Білімсіз сауда адамдардың арасындағы қарым-қатынасты бұзады», - деді, содан соң ол мен білімге ие болғанымша маған насихат айтты. Ал сол кезден бері мен имамды және оның сөздерін еске алсам, намаздарымда Аллаһтан оған игілік беруін тілеймін, өйткені соның себебімен менің алдымда білімнің қақпалары ашылды”.
Абу Шиһаб әл-Ханнаттың былай дегені жеткізілген: “Мен Абу Ханифаның былай дегенін естідім: «Осы дүние үшін білім алған адам білімнің берекесінен жұрдай болады, ол оның жүрегінде орнықпайды және ешкімге пайда әкелмейді. Ал кім дін үшін білім алған болса, ол үшін білім берекелі болады және жүрегінде орнығады, ал одан білім алғандар оның білімі арқылы пайдаға қол жеткізеді»”.
Имам Абу Ханифа өзінің ең жақсы шәкірті Абу Йусуфқа, Аллаһ Тағала олардың екеуін де рахым етсін, былай дейтін: «Ең алдымен білім іздеумен шұғылдан, кейін – хәлал байлық табумен, ал содан соң – жар іздеумен, өйткені, ақиқатында, егер сен ең басында білім іздеудің орнына байлық табумен шұғылдансаң, сен білім іздене алмайсың. Байлық сені күңдер мен құлдар алуға итермелейтін болады және сен фәни дүниенің істерінен шыға алмай қаласың». Кейін имам оған: «Ал байлық жинап алған соң, неке мәселесімен айналыс және әйеліңмен мен саған айтқандай қарым-қатынас жаса. Бұған қоса, сен Аллаһ Тағаладан қорқуың, аманатты иесіне қайыруың, барша адамдарға қатысты ықыластылық танытуың (бұл оларға бақилық өмірде де осы дүниеде де пайда келтіретін нәрселерге нұсқауда көрініс табады) және оларға менсінбей қарамауың керек. Оларды құрметте, олармен азырақ сөйлес, тек егер олардың өздері сенімен сөйлесуге ұмтылмаса ғана, ал олармен кездескен кездеріңде фиқһ мәселелерін талқыла, сонда осыған қызығатындар білімге жетумен айналысады, ал бұған қызықпайтындар сенен аулақ жүретін болады және сонымен бірге олар саған ренжімейді де, сені қоршап та алмайды».
Бәкр бин Жәфардың былай дегені жеткізіледі: “Кейде Абу Ханифаға, Аллаһ оны рахым етсін, бір адам келіп, бір нәрселер айтатын және егер ол көп сөзді болып жатса, имам оның сөзін бөліп: «Қойшы соны, сен не үшін пәлен және пәлен нәрсе туралы айтып тұрсың?», - деп айтатын. Имам сондай-ақ жиі: «Адамдарға ұнамайтын нәрселерді әрі қарай жеткізбеңдер! Біз туралы жаман айтатынды Аллаһ кешірсін, ал біз туралы жақсы сөз айтатынды Аллаһ рахымына бөлесін! Аллаһтың дінін үйреніңдер және адамдар мен олардың өздері үшін айналысып жатқандарын тастаңдар, өйткені бұл оларды сендерге мұқтаж болуға мәжбүр етеді», - деп айтатын”.
Йахйя бин Шәйбан, Аллаһ Тағала оны рахым етсін, былай деген: “Бірде Абу Ханифа, Аллаһ Тағала оны рахым етсін, өзінің ұлы Хәммадтың оның оқушыларымен кәлам мәселелеріне байланысты пікір таластырып жатқанын көріп, оларға мұнымен айналысуға тыйым салды, ал олар оған: «Біз сенің өзіңнің сен біз жүргізуге тыйым салып тұрғандай осындай пікірталастар жүргізгеніңді көргенбіз», - дегенде, имам, Аллаһ оны рахым етсін: «Біз пікірталастарымызды, басымызда құстар отырғандай етіп, сақтықтықпен жүргізетінбіз, өйткені жолдасымыз қателікке жол беріп қояды ма деп қорқатынбыз, ал сендер жолдастарыңның қателесуін қалап, пікірталас жүргізесіңдер, ал кім мұны қаласа – жолдасының күпірлікке түсуін қалайды», - деді”.
Исма‘ил бин Хәммад бин Абу Ханифаның былай деп айтқаны жеткізіледі: “Абу Ханифаның ұлы «әл-Фәтиха» сүресін жақсы оқуды үйреніп алған кезде, ол оның ұстазына бес жүз дирхәм сыйлады». Өзінің «әл-Кәмил» деген атымен танымал кітабында Ибн Жәббар мұғалімнің: «Мұны маған не үшін беріп жіберді?», - деп сұрағанын келтіреді. Кейін бұл мұғалімге Абу Ханифаның өзі келіп, одан кешірім сұрап: «Уа, пәлен, менің ұлымды үйреткен нәрсеңді аз деп санама, өйткені, Аллаһпен ант етемін, егер бізде бұдан көбірек болғанда, Құранға деген құрметімізден, оны да саған берер едік!», - деп айтқан.
Имамның өз шәкірттеріне деген қатынасы
Әс-Сәймариден қады Шурайктың былай деп айтқаны жеткізіледі: «Абу Ханифа ұзақ уақыт үнсіз болатын, көп ойланатын, фиқһ мәселелерін мұқият қарайтын, зерттеудің шебер әдістерін керемет игерген еді және оқытқаны үшін ешқандай ақша талап етпейтін. Егер шәкірт кедей болса, ол өзінің қаражатына оны да, оның отбасын да асырайтын, ал оқу біткен кезде: «Харам мен хәлалды игеріп, сен ең үлкен байлыққа ие болдың», - деп айтатын. Ол үлкен ақылға ие еді және олармен аз айтысатын».
Әл-Кардари өзінің имам Абу Ханифаның артықшылықтары туралы кітабында Абу Йусуфтың, Аллаһ оны рахым етсін, былай дегенін жеткізген: “Мен хадистерді оқумен айналысатынмын, бірақ ақшам аз болатын. Имам Абу Ханифада оқуда болған кезімде, маған әкем келіп: «Әй, балақаным, сен онымен тең боламын деме, ол тәжірибелі адам, ал сен оған (тәжірибеге) мұқтажсың», - деді, сонда мен әкеме бағынайын деп шештім де, білім ізденуге осыншама уақыт бөлуді қойдым. Имам мені жоғалтып, мен туралы сұрастыра бастады, ал мені көрген кезде: «Сені бізден кетуге не мәжбүрледі?», - деп сұрады. Мен: «Табыс іздеу», - дедім. Ал адамдар оралғанда және мен кеткім келгенде, ол маған жүз дирхам салынған әмиянды ұсынды да: «Мынаны жарат, олар біткен кезде, маған айт та, бұл мәжілісті тастап кетпе», - деді. Біраз уақыт өткен соң ол маған тағы да жүз дирхам берді және үнемі ақша тауысылып жатқанда маған тағы ақша беріп тұрды, оған мендегі ақшаның жаратылғанын біреу хабарлайтындай, мен бұл туралы оған еш нәрсе деп айтпасам да. Мен біліп алуға ұмтылған нәрсемнің барлығын игеріп алғанымша осылайша жалғаса берді. Аллаһтың оған деген сыйы керемет болсын және Ол оны кешірсін!»
Бұл кітапта сондай-ақ мына қисса да келтіріледі: “Имамның жанында қалмай ілесіп жүретін әл-Хасан бин Зийяд кедей болатын, ал оның әкесі оған: «Біздің қыздарымыз бар, бірақ сенен басқа ұлымыз жоқ. Ендеше, олармен айналыс», - дейтін. Бұл туралы естіген имам оған қажетті қаражат бөліп: «Фиқһпен айналыс, өйткені, ақиқатында, мен ешқашан мұқтаждықта жүретін фақиһты көрмеппін», - деді”.
Әл-Уәлид бин әл-Қасимнің былай дегені жеткізіледі: «Ән-Нуғман бин Сабит өзінің ізбасарларына үлкен қамқорлық танытатын және басқалардан олардың жағдайлары туралы құпия түрде сұрастыратын. Олардың біреуі мұқтаж екенін білсе, имам оны жұбататын; олардың біреуі немесе олардың жақындарының біреуі ауырса, ол оларды зиярат ететін; олардың біреуі немесе олардың жақындарының біреуі қайтыс болса, ол оны жерлеуге қатысатын; ал оның ізбасарларының біреуі қайғылы жағдайға тап болып қалса, жомарттығымен ерекшеленетін және адамдармен жақсы қарым-қатынас ұстанатын имам оған көмектесуге тырысатын».
Хафс бин Хамза әл-Қурашидің былай деп айтқаны жеткізіледі: «Кейде Абу Ханифаның жанынан өтіп бара жатқан бір адам ешқандай мақсатсыз, әңгімеге араласпай-ақ, оның жанына келіп отыратын, ал ол орнынан тұрғанда, имам ол туралы сұрайтын және егер ол мұқтаж болса, Абу Ханифа оған бір нәрсе сыйлайтын, ол ауырып қалса, оны зиярат ететін, ал бұл - адамдарды өз таныстарына ерекше жомарттық танытатын имаммен қарым-қатынасты ұстап тұруға ынталандыратын».
Әл-Хасан бин Сулайман былай деген: «Имам жомарттығымен ерекшеленетін және мен ол сияқтыны көрмегенмін. Ол ай сайын өз ізбасарларына нәфақасын беріп тұратын және оларға үнемі қолдау көрсететін».
Абу Сулайман әл-Жузжани былай деген: “Аллаһ Абу Ханифаға фиқһты меңгеруді жеңілдетті және ол оның қыр-сырларын жақсы игерген еді. Имам өз ізбасарларымен бірге белгілі бір мәселені қарағанда, олар білімнің түрлі салаларын қозғап, дауыстап және көп сөйлейтін, ал Абу Ханифа үнсіздік сақтайтын. Ал Абу Ханифа олар талқылаған нәрсені түсіндіре бастаған кезде, барлығы үнсіз қалатын және мәжілісте фиқһ білгірлері мен танымал ғалымдар отырғанына қарамастан, ешкім жоқ сияқты болып көрінетін. Бірде Абу Ханифа сөйлеп тұрды, ал қалғандары үнсіздік сақтады, ал ол сөйлеп болған кезде олардың біреуі: «Баршаны сені зейін қойып тыңдауға мәжбүрлегенге мадақтар болсын!», - деді”.
Абу Сулайман сондай-ақ былай деді: «Абу Ханифа таң қаларлық адам еді, ал оның сөздерін оларды түсінуге қабілетсіз болған ғана естігі келмейтін».
Бірде Суфйян бин Уйяйна Абу Ханифа өз ізбасарларымен отырған мешіттің жанынан өтіп бара жатып, қатты дауыстарды естіді де: «Уа, Абу Ханифа, бұл - мешіт және бұл жерде дауысты көтермеу керек», - деді. Бұған имам: «Оларды қоя сал, әйтпесе олар фиқһты үйрене алмайды», - деп жауап берді.
Абу Йусуфтың, Аллаһ оны рахым етсін, былай деп айтқаны жеткізіледі: “Бірде, жаңбырлы күні біз арасында Дауд әт-Та’и, ‘Афийә әл-Әуди, әл-Қасим бин Мә‘н әл-Мәс‘уди, Хафс бин Ғийяс ән-Нәха‘и, Ууқай‘ бин әл-Жәррах, Мәлик бин Муғаууил, Зуфар бин әл-Хузайл т.б. бар имамның басқа ізбасарларымен бірге Абу Ханифаның үйінде, Аллаһ оны рахым етсін, жиналдық. Ол бізді күтіп алып: «Сендер менің жүрегіме қуаныш алып келдіңдер және оның мұңын таратып жібердіңдер. Мен сендер үшін фиқһты егерледім және оны жүгендедім, ал сендер қаласаңдар, оған мініп отыра аласыңдар. Сендердің араларыңда қады лауазымына жарамсыз болғандарың жоқ, ал сендердің араларыңдағы оның қадыларға ұстаз бола алады. Мен сендерден Аллаһ үшін және Ол сендерге сыйлаған ұлы білім үшін сұрайтыным, бұл білімнің қорлануына жол бермеңдер! Егер сендердің біреулерің сынаққа түсіп, оған қады лауазымы ұсынылса, бірақ ол өзінде Аллаһ басқа құлдарынан жасырған кемшілігі бар екенін білсе, оған қады болуға болмайтынын ұмытпасын және оның несібесі берекелі болмайды; ал егер ол іштей де, сырттай қалай көрінетін болса, онда ол қады бола алады және оның несібесі игі болады. Және егер қажеттілік оны қады болуға мәжбүрлесе, ол ешқашан өзін адамдардан бөлмесін және жамағат намаздарына қатыссын, және әр намаздың алдында кімге не керектігін сұрасын, ал кешкі намаздан соң бұл туралы үш реттен сұрасын және тек содан соң ғана үйіне кете берсін. Егер ол ауырып қалса және өзінің міндеттерін орындай алмаса, ол өзінің ауырған кезіне нәфақа алмауы керек»”.
Имам Абу Ханифа, Аллаһ Тағала оны рахым етсін, өзінің оқушыларына уақыт-уақытымен, әркез ғана насихат айтатын, өйткені насихаттары оларды жалықтырып жіберуінен қорқатын. Мусауир бин әл-Уаррақтың былай дегені жеткізіледі: “Абу Ханифа, Аллаһ Тағала оны рахым етсін, былай деген: «Фиқһ туралы оны игергісі келмеген адаммен сөйлеспе, әйтпесе сен бұл адамды да, өзіңнің басқа тыңдаушыларыңды да қинап жібересің. Сенің сөзіңді бөліп тастайтынмен сөйлесуге қайта оралма, өйткені мұндай адам білімге деген махаббаттан жұрдай және аз тәрбиеленген». Имам сондай-ақ жиі былай дейтін: «Құран – Аллаһтың Сөзі, сен одан биік көтеріле алмайсың»”.
Фәдл бин Ғәнимнің былай деп айтқаны жеткізіледі: “Абу Йусуф науқастанып қалған кезде, имам бірнеше рет оны зиярат етті. Бірде науқас ауыр хәлде жатқанын көрген Абу Ханифа: «Мен қайтыс болған соң сен мұсылмандар үшін менің орнымды басасың деп үмітенетінмін және, ақиқатында, сенің өліміңмен дүниеден көп білім жоғалады!», - деді. Содан соң науқасынан айыққан Абу Йусуф өзі туралы өте жоғары пікір ұстанатын болды да, мешітте өзінің сөздерін жазып алатын адамдардың үйірмесін (мәжілісін) құрды. Бұл туралы білген имам Абу Йусуфке адам жіберіп, одан: «Сен белгілі бір матаның біреудікі екенін алдымен мойындағысы келмеген, кейін сол матаны ағартып оның иесіне алып келіп, одан ақы талап ететін мата ағартушы туралы не айтасың?», - деп сұрауды бұйырды. Және имам: «Ол: «Оған ақы төлеу керек», - десе, «Сен қателестің», - де, ал егер ол: «Төлемеу керек», - десе, тағы да: «Қателестің», - де», - деп айтты. Бұл адам бәрін тура осылай істеді, содан кейін Абу Йусуф кешікпей Абу Ханифаға жетті, ал ол оған: «Сен мата ағартушы туралы сұраққа байланысты келген тәріздісің ғой. Аллаһ Пәк! Дін туралы сөйлейтін және ақы төлеуге қатысты сұрақтардың біреуіне жауап бере алмайтын адам таң қалуға лайықты!», - деді. Сонда Абу Йусуф: «Маған үйретші», - деді, ал Абу Ханифа: «Егер ол матаны мойындаудан бас тартқанға дейін ағартқан болса, төлеу керек, өйткені ол матаны иесі үшін ағартқан еді, ал егер ол кейін ағартқан болса, онда төлемеу керек, өйткені ол матаны өзі үшін ағартты», - деп айтты да, кейін: «Үйренетін еш нәрсесі қалмады деп есептейтін адам өзін-өзі жоқтай берсін», - деп аяқтады”.
Шәкірттер бірін-бірі оқытпауы керек және ұстаздардан өзге ешкім олардың жүрегінде білімге деген сүйіспеншілік оята алмайды.
Бірде Абу Ханифаға, Аллаһ Тағала оған рахым етсін, бір адамдар: «Мына мешітте фиқһты оқитын адамдар жиналады», - деп айтты. Ол: «Олардың үлкені бар ма?», - деді. Оған: «Жоқ», - деген жауап айтылды және сол кезде ол: «Олар ешқашан еш нәрсе үйренбейді, бірақ ол туралы біле алмайды және ақиқатқа қарсы жүріп, өздерін дұрыс істеп жатырмыз деп есептеуі мүмкін», - деді.
Имамның мәзһабының таралуы
Имам, Аллаһ Тағала оны рахым етсін, білім алған кезінде және оны өзгелерге бергенде Аллаһтың алдында ықыласты болатын және ол барлық кезде және барлық жерде адамдарды тек Аллаһ Тағала үшін фиқһқа оқытатын. Біз Аллаһ Тағала оның өмірін және еңбегін нендей берекелі еткенін көрдік, өйткені білім ізденушілер және фиқһ саласында жетілуді қалағандар жан-жақтан оған қарай ұмтылатын және одан білім алып, кейіннен өз өлкелеріне оралып, өзгелерді оқытатын.
Міне, осының себебімен имам Абу Ханифаның мәзһабы жарқыраған нұр сияқты Куфадан Ирактың, Иранның, Ауғанстанның, Пәкістанның, Үндістанның, Қытайдың, Жапонияның, Түркістанның, Шамның, Мысырдың, Мағрибтың және Андалусияның аймақтарына тарады және бүкіл Еуропа аумағында, нақты айтқанда Кавказда, Қырымда, Полшада, Румынияда, Болгарияда, Австрияда, Түркияда, Грецияда, Югославияда және Албанияда тамыр жайды, соның нәтижесінде Аллаһ Тағалаға ханафи мәзһабының ережелері бойынша құлшылық ететін мұсылмандардың саны мұсылмандардың жалпы санының жартысынан асты және бұл мәзһабты халифатта да, басқа мемлекеттерде де ұстанатын болды.
Аббасилердің халифатында ханафи мәзһабы Харун әр-Рашидтың кезінен бастап ресми мойындалды, ал соңынан селжуктар мен ғәзнауилердің мемлекетінде және Еуропада алты жүз жылдай өмір сүрген Осман империясында да ресми түрде мойындалған еді.
Ханафи мәзһабының кейбір ережелері қазір де Мысырда, Сирияда, Иорданияда, Иракта, Ливанда т.б. елдерде пәтуа шығаруда және сот істерінде қолданылады және, егер Аллаһ қаласа, бұл мәзһабтың нұры юриспруденцияның және мемлекеттік басқарудың жаңа салаларын қамтып, әрі қарай тарала береді.
Имамның, Аллаһ Тағала оны рахым етсін, қайтыс болуы
Әл-Мууаффақ Абу Йусуфтың былай деп айтқанын жеткізеді: «Абу Ханифа, Аллаһ Тағала оны рахым етсін, хижра бойынша 150 жылдың шәууал айында қайтыс болды».
Әл-Мууаффақ Абу Хаййян әз-Зийадидің былай дегенін жеткізеді: «Абу Ханифа өлімі жақындағанын сезген кезде, сәжде жасағаны және сол кезде оның жаны тәнінен айырылғаны маған жетті».
Имамды соңғы сапарға шығарып салуға жалпы саны елу мыңға жеткен өте көп адамдар жиналғандығы туралы деректер айтылған.
Аллаһтың Елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтатын: «Ақиқатында, Аллаһ жай Өзінің құлдарын білімнен айырып қана білімді алып кетпейді, бірақ Ол білімділерді алып кетіп, білімді алып кетеді. Ал Ол бірде-бір ғалымды тірі қалдырмаған кезде, адамдар өздеріне надан жетекшілерді сайлай бастайды. Оларға сұрақ қояды, ал олар білімге ие болмай пәтуа шығарады, нәтижесінде өздері де жолдан таяды, өзгелерді де адастырады!» Әл-Бухари 100, Муслим 3/737.
Салиқалы сәлафтар: «Ғалымның өлімі – қайғы және бүкіл бір халықтың өлімінің маңызы бір ғалымның өліміне қарағанда төмендеу!» Қз.: «Мифтаху дари-сса’ада» 1/68.
Хәллал ибн Хәбаб бірде Са’ид ибн Жубайрдан: «Уа, Абу Абдуллаһ! Адамдарға қашан опат келеді?!», - деп сұрады. Ол: «Ғалымдар жойылған кезде!», - деп жауап берді. Әд-Дәрими 251.
Зәйд дүниеден өткен кезде Ибн Аббастың жылағаны хабарланады, өйткені білім иелерінен болған адам өлген еді. Ал ол Зәйдтің табытын көтерген кезде, оның басынан сәлдесі түсті және ол оны Зәйдті жерлеп болмайынша түземеді. Зәйдты жерлеп болған соң, Ибн Аббас оның қабірінің үстіне тұрды да бір нәрсе деп айтпақ болды, бірақ тұтылып қала берді. Кейін ол жылап жіберді де: «Кім Аллаһтың қалайша білімді алып кететінін көргісі келсе, қарасын. Міне, Аллаһ өстіп, ғалымдардың өлімі арқылы білімді алып кетеді!», - деді. Әт-Табарани 5/109, Ибн Са’д 2/361.
Аллаһ Тағаладан имам Абу Ханифаны кешіруін, рахым етуін және оны Жәннатпен сүйіншілеуін сұраймыз!
Төрт имамның ақидасы негізінде бірдей екендігі туралы
Төрт имамның – Абу Ханифаның, Мәликтің, әш-Шәфи’идің және Ахмадтың ақидасы Құран мен Сүннетте баяндалғанға сәйкес келеді. Олардың ақидасы сахабалардың және олардың ізінен шын ықыласпен ауытқымай ілескен ізбасарларының ұстанған көзқарастарына да сәйкес келеді. Бұл имамдардың арасында дін негіздері мәселелеріне қатысты ешқандай келіспеушіліктер жоқ. Олар Раббының сипаттарына және Құран – Аллаһтың сөзі болып табылып, жаратылмағанына иман келтіру жөнінде бірауызды келіскен. Имамдардың көзқарастарына сәйкес иманның міндетті шарты болып тілмен және жүрекпен растау болып табылады. Олардың барлығы грек пәлсапасының және кәламға негізделген пікірлердің ықпалында жүрген жәхмилерден және басқа секталардан болған кәламның жақтаушыларын сөгетін.
Ибн Таймийя, Аллаһ оны рахым етсін, былай деген: «Алайда Аллаһтың Өз құлдарына деген рахымы – бұл үмметтің имамдарының, мысалы, төрт имамның және басқалардың (ғалымдар) өз сөздерінде шыншыл болуында. Бұл имамдардың әрбірі мұсылман үмметінің алғашқы ұрпақтарынан болған салиқалы сәлафтар (мұсылман үмметінің алдынғы буынының салиқалы өкілдері) ұстанған ақидаға ие еді. Олардың барлығы «Аллаһты болашақ өмірде көруге болады», «Құран - Аллаһтың Сөзі болған күйінде жаратылмаған» және «Иманның міндетті шарты оны жүрекпен және тілмен растау болып табылады» дегенге бірауызды келіскен». Қз.: «Китаб әл-Иман», 350-351, «әл-Мухамадиййя» баспасы. Мухаммад әл-Харрастың түсіндірмесімен.
Ибн Таймийя сондай-ақ былай деген: “Барлық атақты имамдар Аллаһтың сипаттарын растайды және: «Ақиқатында, Құран – Аллаһтың Сөзі және ол жаратылған болып табылмайды», - деп айтады. Олар сондай-ақ: «Аллаһты болашақ өмірде көруге болады», - деп айтады. Сахабалардың және олардың ізінен ықыласты түрде және ауытқымай ілескен мұсылмандардың: мейлі олар Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ұрпақтарынан немесе басқа адамдардан болсын - мәзһабы осындай. Мұсылмандар олардың өнегесіне ілескен Мәлик ибн Әнас, әс-Саури, әл-Ләйс бин Сағд, әл-Аузағи, Абу Ханифа, әш-Шәфи’и және Ахмад сынды имамдардың мәзһабы да осындай болып табылады…” Қз.: «Минһаж әс-Сунна» (2/106).
Имам әш-Шәфи’идің ақидасы туралы сұраққа шейх әл-Ислам Ибн Таймийя былай деп жауап берген: «Әш-Шәфи’идің, Аллаһ оны рахым етсін, және бұл үмметтің сәлафтарының (алдынғы буын өкілдерінің), мысалы, Мәликтің, әс-Сауридің, әл-Аузағидің, Ибн әл-Мубарактың, Ахмад бин Хәнбалдің, Исхақ бин Рахауайхтың ақидасы, адамдарға өнеге болып табылатын имамдар - Фудайл бин Ийядтың, Абу Сулайман әд-Даранидің, Сәхл бин Абдуллаһ әт-Тустаридің және басқалардың ақидасындай. Ақиқатында, бұл имамдардың арасында да, осы сияқты ғалымдарда да дін негіздерінде ешқандай пікірталастар және келіспеушіліктер болмаған. Бұл тізімге Абу Ханифа да, Аллаһ Тағала оған рахым етсін, кіреді, өйткені оның бірқұдайшылық (таухид), тағдыр т.б. мәселелердегі ақидасы жоғарыда аталған имамдардың ақидасына сәйкес болғаны сахих түрде бекітілген, ал олардың ақидасы, өз кезегінде, сахабалар және олардың ізбасарлары (табиғиндер) ұстанған сенімге сәйкес келетін еді. Ал сахабалардың және табиғиндердің ақидасы Құран мен Сүннетте баяндалған нәрселерден құралатын». Қз.: «Мәжму’ әл-Фәтауа» ( 5/256).
Атақты ғалым Сыддық Хасан Хан да дәл осыған нұсқап, былай деген: «Біздің мәзһабымыз – бұл мұсылмандардың алғашқы буынынан болған салиқалы сәлафтардың мәзһабы. Біз Аллаһтың есімдері мен сипаттарын еш нәрсеге ұқсатпай (теңдестірмей) (била тәшбих7) бекітеміз және Аллаһтың есімдері мен сипаттарын олардың мәндік мағынасынан айырмай (билә та’тыл8) тазартамыз. Ислам дінінің имамдары - Мәликтің, әш-Шәфи’идің, әс-Сәуридің, ибн әл-Мубарактың, Ахмадтың… тағы да басқалардың мәзһабы осындай еді. Ақиқатында, олардың арасында діннің негіздері бойынша айтыстар да, келіспеушіліктер де болмаған. Тура соны Абу Ханифа туралы да, Аллаһ оны рахым етсін, айтуға болады, өйткені бізге сахих түрде жеткендей, оның ақидасы басқа имамдардың Құран мен Сүннетте баяндалғаннан құралған ақидасына сәйкес келетін еді...» Қз.: «Катф әс-Самар», 47-48.
Имам Абу Ханифаның Бірқұдайшылық (Таухид) туралы айтқан сөздері
Біріншісі: Имам Абу Ханифаның Бірқұдайшылыққа (Таухид) қатысты ақидасы, Аллаһқа жақындаудың шариғи тәсілін (әт-тәуассул әш-шәриғи) және Аллаһқа жақындаудың дінбұзар тәсілін (әт-тәуассул әл-бидғи) түсіндіруі:
1. Абу Ханифа былай деген: «Кім Аллаһқа дұға етсе, Оған тек Оның Өзі арқылы ғана жалбарынуы қажет. Рұқсат етілген және олар арқылы (Аллаһқа жалбарыну) бұйырылған дұғалар туралы Аллаһ Тағаланың мына сөздерінде айтылады: «Ең жақсы есімдер Аллаһқа тән. Сондықтан оған сол есімдер арқылы жалбарыныңдар. Оның есімдерінде қатысты ақиқаттан бас тартатындарды қойып-қойыңдар. Олар істегендерінің сазайын тартады» («әл-Әғраф» сүресі, 180-аят)». Қз.: «әд-Дурр әл-Мухтар», 6/396-397.
2. Абу Ханифа былай деген: «Аллаһқа дұға етуші: «Мен Сенен пәленге тиісті болған нәрсе үшін сұраймын», - немесе, - «Мен Сенен елшілерің мен пайғамбарларыңа тиісті нәрсе үшін сұраймын», - немесе, - «Мен Сенен Сенің Қорықты Үйіңе (әл-Бәйт әл-Харам) және Қорықты Мекеніңе (әл-Маш’ар әл-Харам) тиісті нәрсе үшін сұраймын“, - деп айтатынның сөздері нендей жиіркенішті». Қз.: «Шарх әл-Ақида әт-Тахауийя», 234; «Итхаф әс-Сада әл-Муттақин», 2/285; әл-Қаридің «әл-Фиқһ әл-Әкбарға» шархы, 198.
3. Абу Ханифа былай деген: «Аллаһқа дұға етіп жалбарынатын адам Оған тек Оның Өзі арқылы ғана дұға етуі керек. «Сенің Аршыңның9 ұлықтығы үшін» немесе «Сенің жаратылыстарыңа тиісті болған нәрсе үшін», - деп айту маған жек көрінішті». Қз.: «әт-Тәуассул уәл-Уәсила», 82; «әл-Фиқһ әл-акбардың» шархы, 198.
Екінші: Абу Ханифаның Аллаһтың сипаттарын бекітуге қатысты айтқан сөздері және жәхмилерді10 теріске шығаруы
4. Абу Ханифа былай деген: «Аллаһ Тағаланы оның жаратылыстарының сипаттарымен сипаттауға болмайды. Оның Қаһары мен Оның Разылығы олар туралы: «Олар қандай?» (била кәйфа), - деп сұрауға тыйым салынатын Оның екі сипаттары болып табылады.
Сүннеттің жақтаушылары болып табылатын және оның төңірегіне бірігетіндердің (Әһли әс-Сунна уәл-Жәма’аның) көзқарасы осындай. Аллаһ қаһарланады және разылығын танытады және: «Оның Қаһары – бұл оның жазасы, ал оның Разылығы – бұл оның сыйы», - деп айтуға болмайды. Біз оны Ол өзін қалай сипаттаған болса - тура солай сипаттаймыз: Ахад (Бір, Жалғыз), Самад (Мұңсыз, Өзіне Өзі толық жеткілікті), ләм йәлид уә ләм йуләд уә ләм йәкун ләһу куфууән ахад (Ол тумаған және туылмаған және оған ұқсас ешкім жоқ), Хайй (Тірі), Қадир (барлық нәрсеге Құдіретті), Сами’ (барлық нәрсені Естуші), Басыр (барлық нәрсені Көруші), ‘Алим (барлық нәрсені Білуші). Аллаһтың Қолы олардың қолының үстінде, алайда Оның Қолы Оның жаратылыстарының қолыдарына ұқсамайды, ал Оның Жүзі Оның жаратылыстарының жүздеріне ұқсамайды». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әбсат», 56.
5. Абу Ханифа былай деген: «Оның Қолы (Йәд), Жүзі (Уәжх) және Болмысы (Нәфс) бар, бұл туралы АллаҺ Құранда айтқандай. Құранда Аллаһ Тағала тарапынан аталған Оның Жүзі, Қолы, Болмысы оларға қатысты: «(Олар) қандай?», - деп сұрауға тыйым салынатын Оның сипаттарына жатады. Бұдан тыс Оның Қолы – бұл оның құдіреті (қудра) немесе Оның игілігі (ниғма) деп айтуға болмайды, өйткені мұндай сөздерде Аллаһтың сипаттарын жоққа шығару (ибтал) бар, ал бұл қадарилер11 мен му’тазилилердің12 көзқарастары болып табылады». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 302.
6. Абу Ханифа былай деген: «Аллаһ Тағаланың Болмысы туралы ешкім еш нәрсе айтпауы керек. Керісінше, Оны Ол Өзін қалай сипаттаған болса, солай сипаттау керек. Ол туралы жеке пікірге (райй) сүйенген нәрсе айтуға болмайды. Әлемдердің Раббысы Аллаһ Тағала Игі (Пәк)!». Қз.: «Шарх әл-Ақида әт-Тахауиййя» (2/427). Доктор әт-Туркидің «Жәла’ әл-‘Айнайн» зерттеуі (368).
7. Абу Ханифадан Аллаһтың ең жақын аспанға түсуі (ән-нузул) туралы сұрағанда, ол былай деп жауап берді: ”Ол оған қатысты «Қалайша?» деп сұрауға болмайтындай етіп түседі”. Әл-Байһақи «Ақида әс-Сәлаф Асхаб әл-Хадис» (42) және «әл-Асма уә әс-Сыфәт» (456). Әл-Каусари бұл туралы айтпаған. Сондай-ақ хадистері мен асарларын сахихтығына шейх әл-Әлбани тексерген «Шарх әл-Ақида әт-Тахауиййяны» (245) және әл-Қаридің «әл-Фиқһ әл-Әкбар» (60) шархын қараңыз.
8. Абу Ханифа былай деген: «Аллаһқа дұға еткенде төменге емес, жоғарыға қарау керек, өйткені төмен Аллаһтың Раббылығының (әр-рубубиййя) және құлшылықтың тек Оған арналуы (әл-улюхийя) сипатына ешқандай жатпайды». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әбсат», 51.
9. Абу Ханифа былай деген: «Ол (Аллаһ) қаһарланады және разылығын танытады, және: «Оның қаһары – бұл оның жазасы, ал оның разылығы – бұл оның сыйы», - деп айтуға болмайды». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әбсат», 56. Бұл кітаптын зерттеушісі әл-Кәусари еш нәрсе айтпаған.
10. Абу Ханифа былай деген: «Ол Өзінің жаратылыстарының ешқайсысына ұқсамайды және Оның жаратылыстарының ешқайсысы Оған ұқсамайды. Ол Өзінің есімдеріне және сипаттарына барлық кезде ие болған және ие болуын ешқашан тоқтатпайды». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 301.
11. Абу Ханифа былай деген: «Оның сипаттары жаратылыстардың сипаттарынан айырықша. Оның білімі біздің білімізге ұқсамайды. Оның Құдіреті біздің құдіретімізге ұқсамайды. Ол көреді, бірақ біз көргендей етіп емес. Ол естиді, бірақ біз еститіндей емес. Ол сөйлейді, бірақ біз сөйлейтіндей емес». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 302
12. Абу Ханифа былай деген: «Аллаһ Тағаланы жаратылыстардың сипаттарымен сипаттауға болмайды». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әбсат», 56.
13. Абу Ханифа былай деген: «Кім Аллаһты адамның сипаттарын тұспалдап сипаттаса, кәпір болды». Қз.: «әл-Ақида әт-Тахауиййя» шейх әл-Әлбанидің ескертпелерімен, 25.
14. Абу Ханифа былай деген: «Ол иләһи (тәңірлік, құдайлық) болмыспен байланысты сипаттарға және иләһи амалдармен байланысты сипаттарға ие. Иләһи болмысқа жататын сипаттарға келер болсақ, олар – өмір, құдірет, білім, сөйлеу, есту, көру және қалау.13 Иләһи амалдарға жататын сипаттарға келер болсақ, олар – жарату (тахлиқ), ризық беру (тарзиқ), өсіру (танши), жасау (ибда’), бар ету (сан’) және амалдардың басқа да сипаттары». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 301.
15. Абу Ханифа былай деген: «Ол барлық кезде іс-әрекет жасайтын еді. Іс-әрекет – бұл Оған мәңгі тиісті болған сипат. Аллаһ Тағала іс-әрекетті жасаушы болып табылады, іс-әрекет Оның мәңгілік сипаттарына жатады, іс-әрекет (мәф’ул) бағытталған нәрсе жаратылған (мәхлюқ), а Аллаһтың іс-әрекеті жаратылмаған (ғайр мәхлюқ)». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 301.
16. Абу Ханифа былай деген: «Кім: “Мен Раббымның қайда екенін: жерде ме әлде аспанда ма - білмеймін», - деп айтса, күпірлікке түсті. Дәл осы «Ол Аршта, бірақ мен Арштың қайда екенін: аспанда ма әлде жерде ме - білмеймін», - деп айтатын адамға да қатысты». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әбсат», 46.
Осы сияқты сөздер шейх әл-Ислам Ибн Таймийядан «Мәжму’ әл-Фәтауада» (5/48), Ибн әл-Кайимнен «Ижтима әл-Жуйуш әл-Исламийяда» (139), әз-Зәһабиден «әл-Улюууда» (101-102), Ибн Қудамадан «әл-Улюууда» (116), Ибн Әби әл-Изз бин Абд әс-Сәламнан «Шарх әл-Ақида әт-Тахауиййяда» (301) келтіріледі.
17. Бір әйелдің “Сенің құлшылық қылатын (Құдайың) қайда?” деген сұрағына, Абу Ханифа: «Ақиқатында, Пәк Аллаһ Тағала жерде емес, аспанда», - деп жауап берген. Ал бірде бір кісі одан: “Ал сен Аллаһ Тағаланың «Сендер қайда болсаңдар да, Ол сендермен бірге» («әл-Хадид» сүресі, 4-аят) деген аяты туралы не айтасың?», - деп сұрағанда, ол: «Бұл - сен бір адамға жазған хатыңда «Мен сенімен біргемін», - деп жазғаныңдай, алайда сен оның жанында тұрған жоқсын», - деп жауап берді. Қз.: «әл-Әсма уа әс-Сыфат», 429.
18. Абу Ханифа сондай-ақ былай деген: «Аллаһтың Қолы олардың қолдарының үстінде, алайда ол Оның жаратылыстарының қолдарына ұқсамайды». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әбсат», 56.
Абу Ханифа былай деген: «Сөйлеген (Мутакаллим) дәл Сол еді және бұл Мусаның (оған Аллаһтың сәлемі болсын) сөзі емес еді». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 302.
20. Абу Ханифа былай деген: «Ол Өзіне тән Сөйлеумен сөйлейді. Ал Сөйлеу оның мәңгілік сипаты болып табылады». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 301.
21. Абу Ханифа былай деген: «Ол сөйлейді, алайда (Оның Сөйлеуі) біздің сөйлеуге ұқсамайды». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 302.
22. Абу Ханифа былай деген: “Муса (оған Аллаһтың сәлемі болсын) Аллаһтың Сөйлеуін естіген, бұл туралы Аллаһ Тағала былай деген: «Ал Мусамен (оған Аллаһтың сәлемі болсын) Аллаһ тікелей сөйлесті»”. Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 302.
23. Абу Ханифа былай деген: «Құран - оралған қағаздарға жазылған (масахиф), жүректерде сақталған, ауыздармен оқылатын және Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) түсірілген Аллаһтың Сөзі болып табылады». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 301.
25. Абу Ханифа былай деген: «Құран жаратылмаған». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 301.
Достарыңызбен бөлісу: |