Қымбатты ағайын! Құрметті жерлестер!



жүктеу 32.51 Kb.
Дата03.07.2016
өлшемі32.51 Kb.
Аудан әкімі Руслан Рүстемұлының Қазақстан халықтары бірлігі мерекесіндегі құттықтау сөзінің мәтіні
Қымбатты ағайын!

Құрметті жерлестер!
Мерекелерге толы осы айдың алғашқы күні Қазақстан халықтарының бірлігі мерекесі екенін баршаңыз жақсы білесіздер. Ұлттар мен ұлыстардың шынайы достығы мен мызғымас ынтымағын жоғары бағалайтын біздер үшін бұл мереке аса қастерлі. Сондықтан да бүгінгі салтанатты жиын үстінде Сіздерді, Сіздер арқылы бүкіл Жаңақорғандықтарды шаттыққа толы ортақ мерекелеріңізбен құттықтауға рұқсат етіңіздер.

1995 жыл­дың наурызында дүние жүзіне үлгі болып отырған, ұлтаралық тату­лық пен тұрақтылықтың феномені – Қазақстан халықтары Ас­самблеясы құрылды. Бұл ешбір елде болмаған ерекше, саяси маңызы зор құрылым.

Ассамблея біздің ортақ үйіміз – Қазақстанда шынайы достықты қамтамасыз етіп келеді. Бүгінде әрбір ұлтқа салт-дәстүрлерін жаң­ғыртуға, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, тілінің жетілуіне қам­қорлық көрсетілуде. Осының бәрі Елбасының қоғам­дағы азаматтық ынтымақтастық пен ішкі саяси тұрақтылықты сақтау стратегиясын дұрыс таңдап, ұлтаралық қаты­настарды реттеудің тиімді тетік­терін жасай білуінің арқасында мүмкін болуда.

Иә, қадірлі қауым, бірлік, достық - өте қастерлі ұғым. Қазақ елі өзара татулықты айрықша бағалайтыны да сондықтан. Бұл бағытта жүзден астам ұлттар мен ұлыстардың киелі мекеніне, мақтан тұтар Отанына айналған Тәуелсіз Қазақстанда атқарылып жатқан игі шаралар сан алуан.

Өздеріңізге белгілі биылғы жылды Елбасымыз алып институттың 20 жылдығына орай Ассамблея жылы деп атады. Ойлап қарасақ, Президентіміздің тұтастай бір жылды осынау бірегей институтқа арнауы бекер емес. Оның бірден бір айғағы осындай қазақстандық үлгідегі институттың керектігін әлемнің көптеген елдерінде мойындалуында болып отыр. Бір сөзбен айтқанда, сонау жылдары Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің өміршеңдігін танытып қана қойған жоқ, қазіргі таңда одан әрі өрлеу үстінде. Ендеше еліміздің тұрақтылығы мен татулығына, бейбітшілігі мен бірлігіне қызмет ететін Ассамблея сияқты айрықша институтқа бір жылымызды арнау құптарлық қана емес, қуанарлық та іс. Бұл жөнінде мемлекет басшысы Н.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында: «Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн- 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір- біріне мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір- біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді» деп атап өткен болатын.

Расында да, бізде әр уақытта тыныштық. Бізде ұлтараздық қақтығыстар жоқ. Әрине, шүкір дейміз. Алыс шет елдерде болып жатқан қанды қырғын, қала берді келіспеушілік пен жаға ұстасу секілді келеңсіздіктердің бетін аулақ қылсын.

Қазақ қашанда ел ынтымағын биік ұстап, қандай да бір ауыртпалықтар түйінін болсын ауызбіршілік аясында шешуге дағдыланған. Қаратау мен Қызылқұм аралығын жайлаған ел, өз ырысын еңбегімен жинап, маңдай терімен несібесін теріп, бақытын көріп, болашағына сеніп, ертеңін жақсылық пен қуанышқа балаған Сыр елі тұлғасы төмендемеген қабырғалы ел. Тәуелсіздік жылдарындағы экономикалық ілгерілеу жолында да аудан халқы барға қанағат, жоққа шүкіршілік жасап, байсалдылықпен ілгерілеу үстінде. Барлық қол жеткен жетістіктеріміз ел бірлігінің жемісі.

Әрбір қарапайым еңбек адамының өмірде болып жатқан ірі өзгерістер жайында іштей пайым-парқын бүкпесіз тарқатып, пікір қосып, ой айтуы заңды құбылыс. Ал осы тұста кешегі кезектен тыс өткен президент сайлауындағы 18 ұлт өкілінен құралған аудан халқының оң өзгерісті қуаттап, қатысушылардың 98,72 пайызды құрауы біз үшін қуанарлық жағдай. Ал бірлігі бір, ынтымағы берік аудан халқын өзгеге таныту біздің парызымыз.

Бүгінде Қазақстан қарышты дамып, экономикасы ілгерілеуде. Тер төгіп, еңбек етем деген адамға мол мүмкіндік туды.

Біз бүгінгі күні бір шаңырақ астында тұрып жатқан 130 – дан астам ұлттың берік бірлік – берекесін жұмыр жердегі мемлекет атаулыға ұялмай үлгі ете аламыз. Сондықтан да қымбатты ағайын, осы ретте Қазақстан халықтары ассамблеясын ұйымдастырып, осы мәртебелі ұйым арқылы республика ұлт өкілдерінің халыққа үндеу – тілегін айтуға мүмкіндік жасап, барлығын Тәуелсіз Қазақстан Туы астында топтастырып отырған Елбасымыздың дарынды да көреген саясатын бүгінгі мереке үстінде мақтанышпен айтып өтуіміз абзал.



Дана бабаларымыздың өнеге- өсиеті мен ұлыларымыздың ұлағатына жүгінсек «төртеу түгел болса, төбедегі келетінін, алтау ала болса ауыздағы кететінін», «бірлік түбі - тірлік» екенін ұғынамыз Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Олай болса,

Қадірлі жерлестер! Мерекелеріңіз тағы да құтты болсын! Ынтымақ – бірлігі ұйыған Тәуелсіз Қазақстан осындағы барлық бауырластарымыздың құт – мекені бола бергей. Отанымыздан, отбасымыздан күлкі – қуаныш арылмасын.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет