Одағай арқылы жасалған сөз-сөйлемдердің қолданысы.
Одағай туралы қарастырған Ш.Ш. Сарыбаевтың және орыс, түркі тілі ғалымдарының дерек материалдарын сараптай отырып, Д.Досжан шығармаларындағы одағайдан жасалған сөз-сөйлемдердің түрлері мен олардың қолданысын әрі қарай жалғастырмақпыз.
Лепті сөз-сөйлем арқылы әңгімеге қатысып жатқан жақтың атқарған ісін, әрекетін, көзқарастарын сөйлеушінің дұрыс мәнде қабыл алғанын және оған деген ішкі сезімімен жақтырып қуаттаған реңк-мән беріледі. Д.Досжан шығармаларында кездесетін лепті сөз-сөйлемдер япырмай, апырмай, ойхой, ой, пәлі, імм-м, е-е, шүкір, бәрекелді, т.б. сияқты экспрессивті-эмоционалды сөздер арқылы берілген. Лепті сөз-сөйлемдерді мағыналық ерекшелігіне қарай жағымды эмоцияны білдіретін сөз-сөйлемдер және жағымсыз эмоцияны білдіретін сөз-сөйлемдер деп екіге бөліп топтастырдық.
І Жағымды эмоцияны білдіретін сөз-сөйлемдер:
а) таңдану мағынасында:
Жылан шаққан кісіге әлгі ешкіемердің сорпасын ішкізсе мың да бір ем –уды тез қайтарады.
Апырмай-а!.. (Д.Д. «Жібек жолы»).
Туы жоқ бұл иттердің. Перілер ғой өңшең!
Япырмай, ә..!
Бұл «Апырмай-а!», «Япырмай-ә» сөз-сөйлемдері таңданудың ерекше деңгейінде «солай екен-ау» деген мағынаны білдіріп тұр.
Не әкеңнің құны кетті соншама. Қойсаң етті!
Саған не болды ей? Ол бір айтып тауыса алмайтын жыр емес пе? Пай-пай, пай-пай... (Д.Д. «Жусан мен гүлдер»).
Бұл “Пай-пай” сөз-сөйлемі таңданған кісінің кейпінде “айтатындай мәселе” деген пікірді білдіреді.
ә) құптау мағынасында:
Ия, мал жаның аман ба? «Шүкір» (Д.Д. «Жусан мен гүлдер»).
Бұл жердегі “Шүкір!” сөз-сөйлемі аман-саулық сұраушыға амандығын білдірушілердің “Өзің көріп тұрғандай, қауқардамыз” деген мағынаны білдіреді.
Төсегіме киімшең жатқаным қандай жақсы болған.
«А-а-а!»
Бұл “А-а!” сөз-сөйлемі “Бұның дұрыс екен” деген мағынаны білдіреді.
Көсегесі көгерсін, мерейі өссін деп қол жайып бата берелік, жұртым!
Ауми-е-е-ен! ((Д.Д. «Жібек жолы»).
Яғни бата беруші қарияның батасын қолдау мағынасында, құптау мағынасында “Әумин” сөз-сөйлемі “Менің де тілегенім осы” деген мағынаны білдіріп тұр.
б) сәлемдесу мағынасында:
-Ассалаумағалайкөөм!
-Уа, ғалайкум салам! (Д.Д. « Жібек жолы»).
-Ассалаумағалейкум!
-Уағалайкүмсалам!(Д.Д. «Тұлпардың ізімен»).
Бұл жердегі “ Ассалаумағалайкөөм!” сөз-сөйлем әрі сәлем бергендік, әрі ілтипат көрсету, әрі құрметтеу, әрі жағдайын сұрау мағынасында осы сөз арқылы күрделі мағынаны білдіріп тұр.
в) риза болу, сүйсіну мағынасында:
Бала Дос қуанып кетіп жайраңдап жетіп барды. Аттан домалай түсіп, қол беріп сәлемдесті.
Бәрекелді, көп жаса, балам! (Д.Д. «Жусан мен гүлдер»).
ІІ Жағымсыз эмоцияны білдіретін сөз-сөйлемдер.
а) тыйым салу мағынасында:
Атаңның үйіне барып, там-тасына, малына қолғабыс ет. «Көке, орталыққа барып қайтсам... бірер кітабым жоқ еді». Жә. Ана мұғалімің-ақ әкеліп бермей ме?
ә) қарсылық мағынасында:
Жоқ-ә, кәрия, жас болғасын солай ғой. Өзіңіз де күнәлі болған шығарсыз. Жас кезіңізде дегенім ғой.
Тәйт. Ақымақ неме! (Д.Д. «Жусан мен гүлдер»).
б) өкіну мағынасында:
Ерні кезеріп өлуге бет алып жатқан жас жігіт. Нақ бір жүзді алқымдаған шалдай күрсініп, күңірене түседі. Мына фәни өмірге зай айтып қиналады, налиды. Әлденесі ұмыт қалғандай, қарайлай береді.
Әттеген-ай! Бүйтерімді білгенде...
Ой, бауыр-ым-а-ай!
Жалаңаш әулие келе батырдың отауына кірді, азан айтқандай аңырап, ақтарылып қатар тұрғандармен көрісіп кетті (Д.Д. «Жібек жолы»).
Аға-еке. Сабыр етіңіз, мүжілмеңіз.
Жұлым-жұлым боп тозып бітіпті, ой-пыр-мо-о-о-ой, ал-ла-о-о-ой! (Д.Д. «Алаң»).
в) күрсіну мағынасында:
Бүк түсіп тізесін тістелейді. Таң жақын-ау деген сәтте: «Уһ, шыбын жаным-ай!» - деп қылқиып басын көтерді (Д.Д. «Отырар»).
Уһ,жан-ай!- деді ,зіл тартып бойымды көтертпей,таспен бастырғандай бұл не пәле! (Д.Д. «Үш тағдыр»).
г) қорқу мағынасында:
Ұрыс ұзаққа созылатын түрі бар.
Күштерің қалай?
Әзірге күш бар, уайым басқада болып тұр. Қол ішінде толқу шықты. Берілейік деседі.
О, несі?! О, аруақ атқыр.
Сол келініңіз жатып қалғаны...
Астапыралла! Онысы несі? Тіл-көзден сау болғай, жас адам... (Д.Д. «Жусан мен гүлдер»).
-Сұмдық-ай! Сенейін бе,сенбейін бе?(Д.Д. «Үш тағдыр»).
Алла-ай!Түнгі кезекшілікте қайда жіңішке жол, жықпыл ішін індете жортамын деп бір пәлеге жолықпаса игі еді.
д) наразылық білдіру мағынасында:
Қапелімде аузынан шығып кеткен күналы сөзге өз-өзінен тіксініп қалды.
Киелі аруақтарды үркітіп алам ба деп қорықты. Тфә! Тфә! (Д.Д. «Жібек жолы»).
Модаль сөздерден жасалған сөз-сөйлемдер қолданысы.
Жазушы шығармаларындағы хабарлы сөз-сөйлемдерді болымды және болымсыз деп екіге бөлуге болады:
1) Болымды сөз-сөйлем алдыңғы сөйлем арқылы берілген ойды, ондағы іс-әрекеттің жүзеге асуын растау, мақұлдау, құптау реңкін білдіреді.
Қостау мәнді модаль сөздер мақұл, ия сөздері диалогта және құрмаластың бір сыңары болып тұрып, сөз-сөйлем бола алады.
– Қалам мен қағазды берейін, - деді суық жымиып, - әйтсе де сабағанымды, ауыр қылмыскермен бір камерада ұстағанымды, ашыққаныңды, қан құсқаныңды сездіріп бір ауыз сөз жазбайсың, өзім оқып шығамын соңынан.
– Мақұл. (Д.Д. «Алаң»).
– Иә. Атақты комбайншы казимирлер әулетіненмін, атам Еңбек ері болған, әкем Ленин орденінің кавалері, қазақ арасына сіңіп кеткен поляктармыз.
Оқиғаның болғанын растау реңкі «рас» модаль сөзінің қайталанып келуі және «дедік», «көрсеттік» сөздері арқылы беріледі. Мысалы:
- Коммунистік партияның жолын бұрмалап, бас пайдасына бейімдеп алған әпербақан әміршілер құрысын, өз елімізді өзіміз басқаратын құққа жетейік деп ұран көтеріп желпілдеп алаңға шыққандарың рас па?
– Рас.
– Астанада пәтер іздеп қаңғып жүрген, жұмыс таппай қара басын асыра алмай өлуге қолы тимей жүрген, өз жерінде қажетсіз қоқсық болып тепіреш көрген қазақ жастары дедіңдер ме?
– Дедік.
– Үкімет басшысы қазақ ұлтынан болсын деп қыр көрсеттіңдер ме?
– Көрсеттік. (Д.Д. «Алаң»).
Бір шешімге келгендік, мақұлдағандықты білдірген реңк мәні құба-құп эмоционалды-экспрессивті сөзбен берілген.
Жанары жаутаңдап, «не деп қалар екен» дегендей үркектей тосылып тұр.
– Адасып кетер, не жалғыз жүруге қорқар деп ойлаған едім. Менің де демегім осы. Ара жазып қарасақ көз қиыры кеңейеді, жоқ ұшырасып қалуы жазым емес.
– Ендеше келістік!
– Құба-құп. (Д.Д. «Жібек жолы»).
Болымсыз сөз-сөйлем әңгімеге қатысқан сөйлеушінің айтқан ойына бірде келіспегендік реңкін білдірсе, бірде қуаттап растаған реңк мағынасын үстейді, кейбір кезде сөйлеушінің айтқан ойын күшейтетін реңктерді де білдіреді. Мұндайда жоқ модаль сөзі және қайталанып келуі арқылы жасалған сөз-сөйлем қолданылған. Мысалы:
– Партия мүшелерінен ешкім қолқа салған жоқ па?
– Жоқ. (Д.Д. «Алаң»).
– Жоқ. Таң алдында машинаға салып ап, қала сыртына, Боралдай жаққа апарып, айдалаға төгіп кетті. (Д.Д. «Алаң»).
– Жоқ. Батыр рухы осынау өзің жастанып жатқан жерді жайлап жүр. (Д.Д. Шығармалар).
Бұл мысалдардан жазушы шығармаларындағы болымсыз сөз-сөйлемдердің берілуінде әр түрлі мағыналық реңк бар екендігін байқаймыз. Атап айтқанда:
Қойылған сұраққа жай жауап бере салу. Мұнде «жоқ» сөзі ешқандай демеуліксіз, шылаусыз қолданылған.
Сөйлеуші қарсыластың кешіріммен, өтінішпен қойылған сұрағына теріс жауап қайтарады. Мұндай жағдайларда ұялшақтық, қысылу реңкі байқалады. Қойылған сұраққа теріс экспрессивті-модальды қатынас байқалады.
Сұраулы сөз-сөйлемдер сұрау есімдіктері арқылы жасалып, алдыңғы сөйлемдерде берілген ойды жинақтау үшін сұрау реңкі беріледі. Сұраулы сөз-сөйлемдер таңдану, күдік, күмән, ренжу, өкіну, шаттану, аңғармай қалу сияқты мағыналар беру үшін қолданылады.
Жорабек басын жастықтан жұлып алады, аяқ киімін жүре сұғынады, жейдесін жүгіріп бара жатып түймелейді, көшеге шығып қол көтерсе – бір машина тоқтамайды.
– Қайда?... қайда?... (Д.Д. «Алаң»).
– «Жау келе жатыр» – десті әуелі жұрт. Ел елең етті. «Қайдан?... қашан?...» (Д.Д. Шығармалар).
Малшылар қыста болмаса,жазда қолына кітап ұстамайды.
-Неге?!(Д.Д. «Зауал»).
-Неге!
-Қалайша?
-Қазақ атамыз салтын ұстап алыстан артынып-тартынып жеткенімізде бұл қалай болды?(Д.Д. «Келіншектің асуы»).
-Қашан?...Оншасын қапелімде бағымдай алмады(Д.Д. «Келіншектің асуы»).
-Даусымды жұтып қойғам,қазір айта алмаймын.
-Е, неге?(Д.Д. «Келіншектің асуы»).
Д.Досжан шығармаларынан алынған бұл сөз-сөйлемдер алғашқысында ренжу, өкіну мағынасында, екінші сөйлемде күмәндану мағынасында, үшінші сөйлемде таңдану мағынасында қолданылып, интонация арқылы әр түрлі сұрау мағынасын беріп тұр.
Бұйрықты сөз-сөйлемдер негізінен етістіктерден жасалып сөйлеушінің алдыңғы айтылған ойға қарсы келген бұйыру реңкін береді. Кез келген ойдың қатынасын, кез келген іске келісім беру, бұйыру, талап ету, ескерту, тілек, өтініш жасау сияқты мағыналық реңктерін көрсетеді. Мысалы:
Бала Дос мына жақтан пірлеріне сиынып, ышқынып шапқандай болды. Міне, ат айдағыштар қаумалап, ысқыртып сабап, қуып келе жатқан қос жүйріктен де сытылып шыға берді. Алдыңғы Құмай көктің үстіндегі бала өлуге айналған білем, бір уыс болып, ат жалына жатып алған. Бас көтеріп, тірлік белгісін білдірмейді. Сауыр сипасып, үзеңгі қағысып барып, жұлқынып шықты. Жиреннің сауырына қамшы тиген жоқ. Арттан біреу шыңғырып қоя берді.
-Тоқтат!Бұл сендердің теке тіресіп жаға ұстасатынжерлерің емес!-деп Гүлсана тиып тастады (Д.Д. «Келіншектің асуы»).
– Не деп қарғайсың? – деп Гүлжайсаң күлкі қысқан жанарымен келіншекке тігіле қарады.
– Жігіт қарамағыр деп.
– Онда қарғай бер.
– Ойнама. (Д.Д. Шығармалар).
– Менің жасымда Адам Мицкевич, Анджей Вайда, Санкевич жұртына жаға болып, халқының жоғын жоқтаған. Өзім секілді ауырдың астымен, жеңілдің үстімен, қулықпен өмір сүремін дейтін жастар көбейіп барады. Қалада топырлап жүр. Қалаға топырламаңдар, балалар, барыңдар ана түрен түспеген жерге егін салуға, мал бағуға. Кемеңгер қазақ шалдарынан бата алыңдар! Топырламаңдар! – деп бітірді сөзін қазақша төгілдірген Ютиш бозбала. (Д.Д. Шығармалар).
Шылаулардан болған сөз-сөйлемдер қолданысы.
Қазақ тілінде шылаулар соншалықты көп болғанымен, сөз-сөйлем болары екеу ғана. Осы екі шылаудың бірі – “Мейлі” шылауы.
“Қазақ грамматикасында” талғау мәнді “мейлі” шылауы (басқа шылаулар сияқты) жай сөйлем сайын, оның басында қайталанып келеді [4. 559 б.] деп көрсеткенімен, ешбір мысал сөйлем берілмеген. Ал сөйлем мағынасында, біздіңше, құрмаластың бір сыңары болатын сияқты. Мысалы:
– Мейлі, келмеймін десе өзі білсін – деген сөйлемдегі “Мейлі” сөзі белгілі интонациямен бөлініп, өз алдына “Қалауы білсін” деген мағынаны білдіріп тұр. Ал диалогта келгенде:
-Басеке,мынаны кішкентайлап алып қойсақ...
-Мейлі де (Д.Д. «Зауал»).
Шылаулардың ішінен “Шамалы”, “Мейлі” сөздері сөйлемде шылау орнына да жүретіні күмәнсіз. Алайда осы екі шылау тілімізде сөз-сөйлем де бола алады.
Сонымен, сөз-сөйлемдердің көркем әдебиеттегі қолданысы сөйлеу тіліндегідей кең және өнімді түрде ойды айшықтаудың ең оңай стилистикалық формасы екендігін Д.Досжан шығармаларын талдау барысында көз жеткіздік.
2.2 Д.Досжан шығармаларындағы сөз-сөйлемдердің этнолингвистикалық сипаты. 2.2.1 Мәдени-әлеуметтік сипаттағы сөз-сөйлемдер.
Әлеуметтік сипаттағы сөз-сөйлемге одағайдың тұрмыс-салт түрінен жасалған сөз-сөйлемдерді жатқызамыз.
Мақұлдауды, құптауды білдіретін сөз-сөйлемдер:
Мысалы:
– Бәрекелді! Ұстаны тамаққа тойғызыңдар, - деді молда. – Жылы киініп, іш дәрет алсын (Д.Д. «Кісі ақысы»).
Келтірілген мысалдағы «бәрекелді» туынды одағайынан жасалған сөз-сөйлем араб сөзінің «бараһа аллаһу» (Алла саған бақыт берсін) деген мағынасын білдіреді. Жазушы шығармаларында «бәрекелді» сөзі бірінде негізгі мағынасында қолданылса, екінші мысалда құптау мағынасында қолданылып тұр. Яғни, бір кезде халқымызға мұсылман дінінің келуімен енген діни мәдениетті білдіретін сөз қазірге дейінгі қолданысында қазақ халқының өз сөзіндей сіңісіп кеткендігі сондай, тіпті тыңдаушының сөйлеуші сөзін не іс-әрекетін құптау мағынасын білдіретін сөйлемдік дәрежеге дейін өзгеріп, жаңа бір қолданысқа ие болған. Бұл тіліміздің тарихи-әлеуметтік дамуының көрінісі болып табылады. Осы қолданыста бұл сөз адамдар арасындағы сыйластық, бір-біріне құрмет, ризашылық тәрізді халқымызға тән адамгершілік қатынасты айқындайды.
– Қайда әлгі анау?..
– Бауыршық! Әй, Бауыршық, сені шақырды, – деп жолбасшы Бауыршықты үйге сілтеді.
– Ләббай!? (Д. Д. «Құм кітабы»).
Бұл жердегі “Ләббай” сөзі де қазақ тіліне көршілес елден кірме сөз ретінде еніп, “Нендей тапсырма бар?” немесе “Талабыңызға әзірмін!” деген мағынаны білдіретін сөз-сөйлем дәрежесіне жеткен. Адамдар арасындағы, әсіресе жастың үлкенге, қызметкердің басшыға сыйластық, құрмет көрсетуін білдіреді. Кейде, сөйлеушінің жағымпаздық тәрізді кейпі де осы сөз-сөйлем арқылы байқалып қалады.
Сәлемдесуді білдіретін сөз-сөйлемдер:
Сәлемдесу мағынасындағы одағайлар негізінен шығыс тілінен енген Ассалаумалейкум! Уалейкумссалам! сөзі мен Хош келдіңіздер! Сәламатсыз ба?, Амансыз ба? Сәлем бердік!, Сәлем! Қуатты барсыз ба? сөздері мен сөз тіркесінен сөз-сөйлем жасалады.
– Ассалаумағалайкөөм!
– Уағалайкум салам! (Д.Д. «Жібек жолы»).
-Аманбысың, Шырай?!
-Шүкір.(Д.Д. «Тұлпардың ізімен»).
-Сәлеметсіз бе-е-е?!
-Сәлем!(Д.Д. «Тұлпардың ізімен»).
Сәлемдесу одағайында көп кездесетін түрі – “Ассалаумалейкум”. Бұл сөз де араб тілінен мұсылман дінінің енуімен бірге келген, қазіргі кезде қазақтардың да өзара сәлемдесу дәстүріне еніп, сіңісіп кетті. Негізінен үлкендер бір-біріне, жастар үлкен кісілерге, не көпшілікке бір сөзбен сәлем бергенде қолданылады және бұл амандасу тек ер кісілер бір-бірімен сәлемдескенде айтылады. Ал жастар жағы бір-біріне: “Сәлем” не “Сәлеметсіздер” деп амандаса береді. Сондай-ақ, Саламатсыз ба, аға? Есенсіз бе, шешей? Амансыз ба, апа? Сәлем бердік, ата? Қуатты барсыз ба, әке? деген сәлемдесу сөз-сөйлемдері жиі қолданылады.
Риза болу мағынасындағы сөз-сөйлемдер:
Гүлсана қолқалап қоймаған соң байырқалай баяу бастап тұнық үнмен ән созған: жүрек жарды сұлу саз өз нәшімен шықпады. Бояу бедері болымсыз, жаттанды естілді.
– Тамаша! Мен іздеген ән осы!.. – деп режиссер жігіт көре көзге насаттанды. – Иректеп салмайтының ұнады!...
– Екі үйден төмен тұрған біздікіне келіңіз.
– Рахмет. (Д.Д. «Кісі ақысы»).
Бұл сөйлемдерде кездесіп отырған “Рахмет”, “Тамаша” сөз-сөйлемдері тек риза болу мағынасында айтылып тұр. Тамаша сөзі бірде «жақсы», «өте жақсы», «керемет» деген мағыналарды білдірсе, бірде «ойын-сауық», «қызық-думан» дегенді білдіретін қазақтың байырғы сөзі, негізі – сын есім. Жоғарыда көрсетілген сөз-сөйлемде өте жақсы, керемет деген мағынада тыңдаушының сөйлеушіге деген құрметін, сыйластығын, олардың арасында өзіндік бір адами қатынастың бар екенін байқау қиын емес. «Рахмет» сөзі де о баста араб тілінен енген, қазіргі кезде адамдар арасындағы бір-біріне ризашылық сезімін білдіретін мағынада жұмсалады.
– Биссимил-ля-и рахмани рах-и-им! – деп қол жайып бетін сыйпаған қойшы қылпыған кездігін алып, аяғын тұсаумен байлап домалатып тастаған қойды алқымынан бауыздап жіберді (Д.Д. «Құм кітабы»).
Бұл да араб тілінен енген кез келген іс-әрекет, жұмыс бастарда, тамақ ішер алдында айтылатын діни ұғымдағы сөз. Бұндағы «бісміллә», «бисмиллаһ» сөзі сөзжасамдық тұрғыдан алғанда исм (ат, есім), илаһ (құдай, алла) сөздерінің бірігуінен жасалып, «Алла атымен» деген ұғымда жұмсалып жүрген барша мұсылман халқының қасиетті сөзі. Біздің тілімізде де өз сөзіміздей қалыптасқан діни мәдениеттің тілдік көрінісі болып есептеледі.
2.2.2 Психологиялық сипаттағы сөз-сөйлемдер. Көптеген одағайлар адамдардың ішкі сезім-күйлерін, психологиялық өзгерістерін білдіру үшін қолданылатыны белгілі. Қазақ халқының да басқа халықтарға мағына жағынан ұқсастығы болғанымен, тұлғалық жағынан өзіне ғана тән ерекшеліктері бар сөз-сөйлемдері бар.
Мына мысалдарға да назар аударайық:
– Жылан шаққан кісіге әлгі ешкіемердің сорпасын ішкізсе мың да бір ем – уды тез қайтарады.
– Апырмай-а!.. (Д.Д. «Жібек жолы»).
– Туы жоқ бұл иттердің. Перілер ғой өңшең!
– Япырмай, ә..!
Бұл «Апырмай-а!», «Япырмай-ә» сөз-сөйлемдері сөзжасамдық тұрғыдан алғанда – «ой, пірім-ай» сөзінен шығып, қазіргі кезде «ойпыр-ай», «апыр-ай» деген тәрізді дыбыстық өзгерістермен айтылатын дәрежеге жеткен. Келтірілген мысалдарда таңданудың ерекше деңгейінде «солай екен-ау» деген сияқты таңданыс мағынасын білдіріп тұр. Бұл сөздің де халықтың әлеуметтік даму тарихымен тығыз байланысты екені даусыз. Өйткені, халық арасынан шыққан данышпан, білгір адамдарды пір тұтып, оны құдайдан кейінгі сыйынатын тұлғаға айналдыру да қазақ халқына тән және қазірге дейін қолданылып келе жатқан үрдіс. Міне, бастапқыда осы мағынада шыққан сөз кейін жаңа мағынаға ие болып, таңданысты білдіретін сөз-сөйлемге айналған.
Ертесіне әкемнің сөзінен шошып ояндым.
Әттеген-ай. Яғымус әлгі күлегешімен ажырасып кетіпті. Бетпақ неме аядай үйді тартып алып, Яғымусты қуып шығыпты (Д.Д. «Құм кітабы»).
«Әттегенай» – сөзжасамдық тұрғыдан алып қарасақ, әй(т), деген, ай сөздерінің бірігуінен жасалған сөз. Тіліміздің байырғы көмекші сөздерінен тарихи тілдік даму барысында бір сөзге айналып, қазіргі кезде кез келген қазақ өзінің психологиялық өзгерісін – өкінішін, уайым-қайғысын, күйінішін білдіруде қолданатын сөз-сөйлем болып қалыптасқан.
«Студенттерге сөз-сөйлемдерді меңгерту жолдары» деп аталатын үшінші бөлімде жоғары оқу орындарында сөз-сөйлем тақырыбын оқытудың жалпы мәселелері, оқыту үдерісіндегі жаңа технологиялар талданып, сабақ барысында сөз-сөйлемдерді меңгертудің жолдары сараланды.
3.1. Синтаксисті оқытуда мүшеленбейтін сөйлемдер мен сөз-сөйлемдерді меңгертудің жолдары. ХХІ ғасырда барлық елдер бірінші орынға білім беру сапасын қойып отыр. Осымен байланысты жоғары мектепте қазақ тілін жаңа тың ізденістер тұрғысынан оқыту мәселесі жан-жақты қарастырыла бастады. Соңғы жылдары білім беруді жаңа қырынан ұйымдастыру мен қазақ тілін оқытудың сапасын көтеруге бағытталған зерттеу жұмыстарындағы тұжырымдар синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың ұтымды әдіс-тәсілдерін сұрыптап таңдауға мүмкіндік тудырды.
Синтаксис пәні студентке сөз тіркесінің, сөйлем мен мәтіннің ерекшелігі мен өзіндік қолданысын үйретіп, сол арқылы олардың сөйлеу қабілетін жетілдіруді көздейді. Диссертацияда мүшеленбейтін сөйлемдер мен сөз-сөйлемдерді меңгертуде берілетін тапсырмалар, олардың сипаты жан-жақты сөз болады.
3.2. Сөз-сөйлемдерді меңгертуде жаңа технологияларды қолдану мүмкіншіліктері. Аталған тараушада қазақ тілі сабақтарында, оның ішінде сөз-сөйлемдерді меңгертуде модульдік, дамыта оқыту, интерактивтік оқыту технологияларын пайдалану мәселелері айтылады.
Білім берудің сапасын көтеру, студенттердің кәсібін біліктілігін, ойлау мәдениетін қалыптастыру мақсатынан жоғары мектеп: оқытудың жаңа технологияларын білім беру үдерісіне енгізу мәселелеріне көңіл бөліп отыр. Өйткені «мектептерге дәстүрлі әдістер мен тәсілдерден гөрі тиімділігі жоғары, жаңа сападағы дидактикалық құрал қажет. Дүние жүзі педагог-ғалымдардың пайымдауынша, мұндай құрал болып окытудың педагогикалық технологиясы табылады. Сол себепті қазіргі кезде білім жүйелерін технологиялық негізде құру-педагогикалық ғылым мен практиканың жаңа, болашағы мол бағыты болып отыр», -дейді педагогика ғылымының докторы, профессор Ж. А.Қараев [8. 2-б.].
Білім беруді жетілдірудің басты факторларының бірі – пән мазмұнының өзімен сәйкес келетін ғылымның даму бағытымен үйлесімділігі. Оқытушылардың алдына қойылып отырған басты міндеттердің бірі – оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және жаңа педагогикалық технологияны меңгеру. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 8-бабында «Білім беру жүйесінің басым міндеттерінің бірі - оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп атап көрсетілген [9].
Қазіргі таңда теория мен практикада байқалып отырған қарама-қайшылықтарды шешіп, талдаудың қажеттілігі баршамызға мәлім, бір жағынан тұтас оқу-тәрбие үрдісі болса, екінші жағынан сол үрдістің тиімділігін арттыруда инновациялық технологияны пайдаланудың қажеттілігінен туындап отыр.
Оқыту технологиясының бір түрі - модульдік технология. Модульді оқыту-педагогикалык, технологияның барлық талаптарына жауап бере алатын оқытудың жаңа технологиясы, оқушының оқу арқылы өсу, алға жылжу мәселесінің шешімін табудағы ең тиімді жол. Қазақ тілін сапалы оқыту бағытын айқындайтын бірден-бір жаңа жол — қазақ тілін модуль арқылы оқыту әдістемесі делініп бағаланған оқытудың бұл түрінің басты ерекшеліктері мынадай: оқытудың мақсатының, нәтижесінің айқындылығы; оқу материалы тұтастай емес, бөліктерге бөлініп берілетіндігі, әр бөліктің мазмұны, құрылымдық элементтерінің болатындығы; оқытушы кеңесші, бағыт беруші қызметін атқаратындығы; студенттер өз мүмкіндіктеріне қарай жұмыс істейтіндігі; оқытушы мен студенттің арасында субъект-субъектілік қатынастың болатындығы; модуль мазмұны толықтыруға, езгертуге икемді құрылатындығы; оқыту модуль бағдарламасына негізделетіндігі, маман дайындауға кәсіби бағыттылығы, т.б.
Қазақ тілін оқытуда үлкен нәтижелерге қол жеткізіп, студенттің өзіндік жұмыстарын ұйымдастыруда сапалы деңгейге шығаратын оқыту технологияларының бірі – дамыта оқыту технологиясы.
Дамыта оқыту идеясы бойынша студентке оқу мақсаттарын қоюда, шешуде ешқандай дайын үлгі берілмейді. Мақсатты шешу іштей талқылау және жинақтау арқылы жүзеге асады. Оқытушы сабақ үрдісін ұйымдастырушы, бағыттаушы ролінде болады. Шешім табылған кезде студент өз еңбегінің дұрыс, бұрыстығын өзінше дәлелдей білуге үйренеді. Сондай-ақ студентке өз ойын білдіріп, пікір айтуға мүмкіндік береді.
Қазақ тілін интерактивтік жүйеде оқыту технологиясы – сабақта барлық білім алушының белсенді қатысуымен ұйымдастырылатын оқу үдерісі. Бұл ретте оқытушы мен студенттің «субъект-субъектілік» қатынасқа негізделген ынтымақтастығы бір сәтке болса да өзгермей сақталуы талап етіледі. Бұл технологияны қолдану арқылы қазақ тілі сабақтарында жаттығу жұмыстарын орындауға көп мүмкіндік беріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |