Бақылау сұрақтары:
Композициялық баяндаудың түрлері.
Диалогтың көркемдік қызметі.
№ 14 дәрістің тақырыбы: Поэтикалық мәтінді когнитивтік тұрғыдан зерттеу.
Поэтикалық мәтінді когнитивтік тұрғыдан зерттеу.
Мәтінді талдаудың логика-психологиялық және философиялық аспектісі.
Дәрістің мақсаты: Поэтикалық мәтінді когнитивтік тұрғыдан зерттеу туралы түсінік беру.
Бүгінгі таңдағы лингвистика ғылымының жаңа бағыттарының зерттеу нәтижелері негізінде тілдік деректер мен ғылыми-теориялардың біртұтас сипатта топтасуы тілдің табиғатын анықтаудың жүйелі үрдісін қалыптастыруда.
Бұл үрдістің негізін қалаған В. фон Гумбольдт тіл мен рух, тіл мен ойлау, тіл мен сана, тілдік бейнелеу мен таңбаның өзара байланысына баса назар аударып, соның негізінде тілдің қызметі мен қолданысын сипаттайтын өзінің «ішкі форма» туралы ғылыми-теориясын, тілді жүйелі түрде зерттеу туралы концепциясын ұсынады. Ғалымның лингвистика ғылымындағы бұл концепциясы бүгінгі таңда антропоцентристік бағытта зерттеу жүргізушілердің тарапынан кең қолдау табуда. Демек ішкі форма В. фон Гумбольдттың пайымдауынша – ойлау материясының элементтерін белгілі бір тілдің онтологиясына сай ұйымдастыру тәсілі, модификациясы, яғни құрылымдық жүйесі. А. А. Потебня да «тілді анықтайтын, негізінен, ішкі форма, яғни тілдің мазмұндық жағы» деп қарайды.
Ал, И.А.Бодуэн де Куртенэ сыртқы форманы бірінші кезекке қойып, бірақ оны ішкі мазмұнмен тығыз сабақтастырады. Демек, тіл бірліктері мен оларды өзара байланыстыратын қатынастарын тілдің құрылымы түрінде анықтайды және фонема, морфема, синтагма ұғымдарын ғылыми айналымға түсіреді. Бірақ ғалым тілдің иерархиялық құрылымдық қатынастарын ассоциативті-психологиялық негізде қарастырады. Сөйтіп, В.Гумбольд ұсынған ғылыми-теорияны одан әрі жалғастырып дамытқан А.А. Потебня, И.А. Бодуэн де Куртенэ, Э. Бенвенист т.б. еңбектері тарихи өзгермелі форма арқылы ойдың дамуын көрсететін тілдің таңбалық табиғатының ерекшелігі мен өзіндік болмысын аша түседі. Дәлірек айтқанда, біртұтас зерттеулерде тілдің бейнелеушілік мәніне ерекше назар аударылатын болса, ал Ф. де Соссюр, Л.Ельмслевтің еңбектерінде тілдің құрылымдық қатынастары, бағыныңқы байланыстары т.б. негізге алынады. Бодуэн де Куртенэнің көзқарасы бойынша тілдің толық жүйелі болмысын оның синтаксистік, морфологиялық және түбірдің фонологиялық деңгейлеріндегі құрылымдық элементтер мен модельдердің байланысы, қарым-қатынастары құрайды. Яғни бұл арадағы тіл табиғатының тұтастық сипатына мән беру тіл мен ойлау мәселесіне келіп тіреледі. Осымен байланысты генеративтік лингвистиканың көрнекті өкілі, американдық ғалым Н.Хомский: «тілдің құрылымын зерттеу адамның ойлау қызметі негізінде тілді еркін және творчестволық түрде қолдану арқылы көрінетін ақыл-ойға тән қасиеттерді ашуға көмектеседі» деп есептейді.
Осымен байланысты назар аударатын жағдай: тілді зерттеудің когнитивтік парадигмасы тіл мен ойлаудың арасына теңдік қоймайды. Керісінше тілдің ойды ұйымдастырушылық қызметін атап көрсетеді. Осы байланыстың негізінде тілдің таңбалық жүйесі арқылы грамматикалық байланыстар, категориялар және модельдер түрінде тұтас тілдік құрылым түзіледі.
Қазақ тіл біліміндегі когнитивтік теорияның өрістеп дамуы Қ.Жұбановтың зерттеулерімен тығыз байланысты. Ол «сөз деген – зат біткеннің бәрінің аты емес, әр елдің өзінің білген затының, білген құбылысының аты ғана. Ел-елдің білгені де, білмегені де толып жатыр. Мәселен, шөптер мен жәндіктердің көбісінің аты тілімізде жоқ. Өйткені олар бізге аса көп кездеспеген, кездестірсек те елемегенбіз... Айталық, шөптердің ішінде мал жейтіндерін, отын болатынын, бояу болатынын, ем болатынын, не у болатындарын біледі де, соларға ғана ат қояды. Танымаған кісінің атын білмегеніміз сияқты, білмеген нәрсенің аты да тілімізде болмайды» деп сөздің атауыштық, танымдық және қатысымдық қасиеттеріне құндылық бағдары тұрғысынан нақты лингвогносеологиялық анықтама береді.
Қ.Жұбановтың «Дүниеге көзқарас арқылы заттарға ат қою», «Микрокосмостық кезең», «Функционалдық семантика», «Сөз өзгешелігі мен сөз қызметі» т.б. көптеген ғылыми-танымдық мақалалары мен зерттеулері а) қоршаған орта мен жеке адамның тілдік танымы арасындағы байланыс; ә) ақпаратты қабылдау қабілеті және оны еске сақтап, басқаға жеткізу; б) танылған заттар мен сөздік қордың сәйкес болуы; в) жекелеген сөздердің өзіне артатын ақпараттық-танымдық жүгі; г) сөздердің тіркесім тәртібіндегі заңдылық; д) құндылық бағдары; е) таным теориясы т.б. когнитивтік лингвистиканың түбегейлі, базалық ұғымдарымен сәйкес келетін, бүгінгі күннің зерттеушісіне үлкен ой салатын өзекті мәселелер екені ғылыми дәлелденіп отыр.
Достарыңызбен бөлісу: |