Инновация в образовании қазақ тілі сабақтарында пайдаланылатын компьютерлік бағдарламалар



жүктеу 89.4 Kb.
Дата04.07.2016
өлшемі89.4 Kb.
ИННОВАЦИЯ В ОБРАЗОВАНИИ


Қазақ тілі сабақтарында пайдаланылатын компьютерлік бағдарламалар

Жүнісова Н.З.

Қарағанды қаласы, 10-ЖББОМ қазақ тілі және әдебиет мұғалімі
Қазіргі таңдағы еліміз алдында тұрған білімді және қоғамды ақпараттандыру мәселесі-мұғалімдер қауымына үлкен талап жүктеп отыр, яғни мұғалім өзінің пәні бойынша ғана құзіретті болмау керек, сонымен қатар, қазіргі таңдағы ақпараттық құралдар мен ресурстарды да жетік меңгеруі қажет деген сөз. Себебі, оқушының тұлға ретіндегі қалыптасуы, оның келешегі - мұғалімнің пәндік құзіреттілігі мен қоғамның барлық салалары бойынша жан-жақты білімдарлығына тікелей байланысты. Мұғалімнің өзінің білімін жетілдіруі, оның әдістемелік базасын нығайтуы, ақпаратты дұрыс қабылдауы, өзін-өзі жетілдіруге ұмтылуы – білім саласындағы, жалпы қоғамдағы табысты жұмысының кепілі болады.

Сондықтан ақпараттық технологиялар күнде жаңарып отырған кезде, біздің мұғалімдеріміз де осы саладағы жаңалықтар мен технологияларды меңгеріп қана қоймай, оларды өздерінің күнделікті тәжірибелерінде пайдаланып отырса, оқушылардың сол пәнге деген қызығушылығы мен ынтасы, оқиын деген ниеті де жоғары болары сөзсіз.

Осы мақсатта Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында білім саласын ақпараттандыру, оның ішінде қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқытудың сапасын көтеру, базасын нығайту мақсатында үкімет алдына мемлекеттік тілді тиімді меңгерудің ең үздік, инновациялық әдістемелік, практикалық оқу-құралдарын, аудио- бейнематериалдарды әзірлеу керек деген талап қойып отыр.

Қазақ тілін оқытуды компьютерлік бағдарламалар арқылы жүзеге асыру, оқытудың жаңа ақпараттық құралдарын пайдалану, қазақ тілінен жаңа электрондық оқулықтар шығару мәселелері-еліміздің, қоғамның алдында тұрған келелі мәселелердің түбегейлісі екені сөзсіз.

Компьютерлік технология - оқытудың арнайы жиынтығы мен әдістемесін, әдісін және тәрбие құралдарын анықтайтын технологиялық-педагогикалық процесті ұйымдастырудың ең тиімді жолы болып табылады.

Соңғы жылдары қазақ тілін оқытуда және білім беруді компьютерлендіруде ақпараттық технология пайдалану туралы мәселеге баса назар аударылуда. "Қазіргі ақпараттық құралдар - бұл тек спутниктік және кабельдік теледидар, бейне және дыбыстық жүйелер, электрондық ойындар емес, сонымен бірге тілді окытудың жаңа жүйесі, ерекшелігі және тәсілін атқаратын негізгі бағыты болып табылады» (И.Г.Гальперин). [1]

Осы мақсатты іске асыру барысында, яғни мемлекеттік тілді оқытуда мемлекеттік тіл оқытушылары пәнге деген қызығушылықты арттыру мақсатында дәстүрден тыс әдістер мен тәсілдерді іздеуде. Өйткені қызығушылық дегеніміз - оқушылардың шығармашылық және ойлау қабілетін арттыруға септігін тигізетін ынталылық.

Психологиялық көзқарас тұрғысынан қарағанда компьютермен оқытудың тиімділігі мол. Біріншіден, компьютерлік бағдарламалар оқу-әдістеме жұмысының тиімділігін қамтамасыз етсе, екіншіден, тәжірибелік сабақтың қызықты өтуін қамтамасыз ете отырып, оқушылардың оқу материалын жүйелі және саналы қабылдауын қамтамасыз етеді. Егер компьютерлік бағдарлама сауатты құрылса, онда ол мұғалімнің уақытын үнемдеуге және оқытудың кейбір тиімді сәттеріне назар аудартуға көмегін тигізеді. Ал, оқушылар нұсқаушы - компьютердің арқасында өздерін болашақ маман ретінде сезінеді. Компьютерлік технологияның тиімділігін арттыру үшін бағдарламада әртүрлі жаттығулар, ойын элементтері мен ән-музыканы қолдануға болады.

Компьютерлік технологияларға әртүрлі ғылым мен практикалық басқа салаларының арнайы жаңа ақпараттық әдістері, тақырып бойынша лексика-грамматикалық жаттығулар жатады.

Әсіресе үйрету технологиясында қарастырылған үйрену мен дағдылану әрекеттерінің қалыптасуы әр сабақта жүзеге асырылады:

1. ойлау қызметін жинақтап қорыту;

2. практикалық іс-әрекет пен ойлаудың жылдамдығы;

3. ойлау мен еңбектің икемділігі және дербестігі.

Қазақ тілін басқа ұлт өкілдері үшін оқытудағы негізгі мақсат – тілдік ұғымдарды меңгертіп қана қоймай, тілдік орта туғыза отырып, оқушылардың сөйлесім дағдысын қалыптастыру болып табылады. Осы мақсатта компьютерлік бағдарламаларды пайдаланудың қандай жақсы әсері бар деген сұрақтың тууы маңызды. Жалпы тіл мамандары үшін сабақта компьютерді пайдаланудың көптеген тиімді тұстары бар. Ақпараттық технологияларды сабақта оқушылардың орфографиялық, пунктуациялық біліктіліктері мен дағдыларын қалыптастыруда, мәтінмен жұмыс жасауда, аударма жұмысында, лексикалық минимумды игеруде, сөздік қорларын байыту сияқты жұмыстар мен жаттығу жұмыстарын орындау барысында пайдаланудың тиімділігі зор.

Мен өз тәжірибемде дербес компьютердің төмендегідей бағдарламаларын пайдаланамын:


  • дайын бағдарламалық өнімдерді пайдалану;

  • MS Office (Word, Power Point) бағдарламалары;

  • Интернет-ресурстармен жұмыс;

  • Электрондық оқу құралдарын құрастыру және пайдалану.

Компьютерлік бағдарламалар негізінде дайындалған дидактикалық материал сабақта бірнеше міндетті шешеді:

  • сабақтағы мұғалім мен оқушылар еңбегінің өнімділігін арттырады;

  • сабақта қолданлынатын көрнекіліктердің көлемін көбейтеді;

  • мұғалімнің сабаққа дайындалу уақытын үнемдейді.

Power Point презентациялық бағдарламасын сабақта пайдаланудың тиімділігімен қатар, оқушыларға көптеген жағымды әсер қалдырады.

Презентациялық көрсетілімдер сабақты эмоционалдық тұрғыдан байытады, тақырыпты меңгеру процессін жақсартады, оқушылардың ой-өрісін кеңейте отырып, сабаққа деген ынтасын арттырады.

Интернет арқылы көптеген жаңа көрнекіліктер мен дидактикалық материалдар алу арқылы көрнекіліктер жүйесін байыту жолдарының да мүмкіндіктері мол.

Мәтіндер мен көркем туындылардың үзінділерін сабақтың керек кезінде тыңдату оқушылардың тікелей тыңдалым әрекетін жүзеге асырады. Электрондық сөздіктер аудармамен айналысуға, синонимдік, антонимдік, омоноимдік қатарлармен жұмыс істей отырып, сөздік қорларын байытуға көмектеседі, электрондық энциклопедиялар оқушылардың тақырып аясында белгілі бір ұғыммен жұмыс жасауына жағдайлар туғызады. Презентациялық көрсетілім ішіне бейнесюжеттерді кіргізу де сабақтың жанданып өтуіне септігін тигізеді.

Лексикалық және грамматикалық материалын сұрыптау ұстанымдары анықталып, оны компьютерлік технология бойынша тәжірибелік сабақта тиімді түрде беру жолдары белгіленеді және бақылау жұмыстарын жүргізуге болады. Мысалы:

а) сөздің жеңіл-қиындығы мәнін ескеру;

ә) сөздің тіркесу қабілеті;

б) сөздің синонимдік қасиеті;

в) сөздің мағынасын түсіну және сөйлемде дұрыс қолдану;

г) сөздің мағынасын дұрыс аудару.

Компьютерлік технология арқылы сөздерді таңдау, іріктеу мәселесімен айналысуға және әртүрлі тапсырмаларды бақылауға болады. Оқушылар түсініктерін кеңейтіп, сөздерді дұрыс қолдануға дағдыланады және тақырып бойынша ойларын жеткізуде де осындай компьютерлік технология пайдалы.

Бұл әдістің ерекшелігі – сөздерді есте сақтап, тез меңгеруге және байланысты лексика-грамматикалық материалды арнайы компьютерде дайындау қажет.

Компьютермен жұмыс істеу өте қызықты. Үлгерімі нашар оқушылардың өзі компьютермен жұмыс істеуге қызығатын болады, өйткені кейбір жағдайда компьютер оның білмеген жерін көрсетіп, көмекке келеді. Балалардың білім сапасының жоғарлауына, жеке ерекшеліктері мен мүмкіндіктерінің ескерілуіне ықпал етеді. Жаттығу жұмысын орындау барысында оның жауаптарына компьютер түзету жұмысын қамтамасыз етеді. Оқушы жұмыс қарқынын өзі ажырата білсе де, компьютер оқытудың даралығын жақсартады. Оқушы қанша қате жіберсе де, қатені талдау мен түзетуге уақытта мол болады.

Ең алдымен компьютер оқытушыға оқушылардың өз бетінше жұмысын ұйымдастыруына жәрдем береді. Ол үшін мынандай жаттығулар мен әдістемелік тәсілдерді қолдану ұсынылады.

1. Сұрақ-жауап диалогы. Оқушылар сұрақ-жауап негізінде құрылған лексика-граматикалық материалдарға жауап беруі керек.

2. Таңдамалы жауаптармен жүргізілетін тапсырма. Компьютерге жауап беру үшін оқушы ұсынылатын нұсқалардың бірін таңдауы қажет.

3. Еркін құрылған сөйлемдерді стильдік түзету.

4. Толықтыруды керек ететін жаттығулар.

Компьтер толықтыруды керек ететін сөйлем жиынтықтары мен мәтіндерді ұсынады. Сөздерді аудару үшін көмекші құрал ретінде беріледі, немесе компьютер ұсынған жауаптардың нұсқалары ішінен қажетті сөздер мен сөз тіркестермен толықтырылады.

5. Сөздік қорды меңгерудегі өзін-өзі бағалауға арналған жаттығулар.

Бұл жаттығуларды орындау кезінде төмендегі нұсқалар пайдаланылады:

- сөздердің синонимдік пен антонимдік қатарын тауып алу;

- граматика мен орфографияны тексеруге бағытталған жаттығулар беріледі.

Соның нәтижесінде оқушы асықпай компьютермен еркін жұмыс істей отырып, өз бетімен ойлануға дағдыланып, оқу қабілеті артып, білім нәтижесінде көз жеткізеді. Кәсіби бағытта оқу-әдістемелік үдерісін, ой-санасын, іскерлік қабілеті мен біліктілігін арттыруға ықпал етеді де сабаққа деген ынтасын және белсенділігін күшейтеді.

Қазақ тілін оқытуда компьютерді қолдану оқушылардың тек көру сезіміне ғана сүйеніп қоймайды. Компъютердегі дыбыстық, қозғалыс жасау, түрлі анимациялық мүмкіндіктер оқушылардың сезімдік дамулары арқылы ақыл-ой қызметінің де белсендірілуіне жайлы жағдайлар жасайды. Мультимедияның өзіне тән мүмкіндіктерін бай әрі мол етіп қолдана отырып, мәтінді оқытуда оны түрлі әдіс-тәсілдер арқылы кеңейте аламыз. Қазақ тілін оқытуда компьютерлік диск (СD) арқылы оқу материалын оқушыға жеткізу -көрнекіліктің жаңа сатыдағы түрі. Дербес компьютер қазақ тілін екінші тіл ретінде меңгертуде оқушыға өз бетімен жұмыс жасауға, ізденуге, қазақ тілін жеке түрде үйретуге мол мүмкіншіліктер жасайды. Қазақ мәтіндерін компьютер арқылы оқытуда басшылыққа алынатын жол бағдарламалап оқыту идеясы болып келеді. Компьютер арқылы мәтінді оқытуда қолданылатын оқу-әдістемелік материалдар өзара ерекше мазмұндағы жүйені құрайды. Компьютерді қолдану барысында оқушылардың компьютерлік сауаты дами түседі, қазақ тілін оқытудың көптеген міндеттері компьютерге «жүктеледі».

Қазіргі кезде белгілі болып отырған компьютер арқылы оқытатын арнаулы мынадай программалар бар:

А) Уордсток - сөздікпен жұмыс жасау бағдарламасы. Бұл бағдарлама бойынша оқушылар сөздік жұмысының алуан түрін жүргізе алады, қазақ тіліндегі сөздерді ана тіліне аудару, немесе үш тілдік: қазақша-орысша-ағылшынша аудару; синонимдерін, антонимдерін, омонимдерін табу сияқты жұмыс түрлерін орындатуға болады.

Ә) Мэтчмастер - сәйкестіктерді іріктей алуға дағдыландыруға арналған бағдарлама, яғни бұл бағдарламадағы жұмыс ұқсастық, сәйкестік принципі бойынша құрылып, тапсырмалар жүйесі осындай жұмысқа негізделеді.

Б) Чойсмастер - нұсқаларды іріктей алуға дағдыландыратын бағдарлама. Оқушылар бұл бағдарламада дұрыс нұсқаларды іріктеуге бағытталған тапсырмалармен жұмыс жасайды.

В) Клоузмастер - бос орынды қажетті жауаппен толтыру дағдысын қалыптастыруға арналған бағдарлама, мұндағы тапсырмалар жүйесі сөйлем құрастыру дағдысын қалыптастыруда қолдану мүмкіндігін береді.

Г) Кроссводмастер- оқушылардың танымдық қызығушылығын, белсенділігін арттыруда пайдаланылатын кроссвордтарды толтыруға үйрететін бағдарлама.

Д) Юнисаб - сөз немесе сөз тіркесін, дыбысты алмастыруға дағдыландыру бағдарламасы.

Е) Юнилекс -мәтін бойынша сөздікпен жұмыс жасау бағдарламасы.

Ж) Гэпмастер - жіберілген бос орындарды толтыруға дағдыландыру бағдарламасы.

3) Пинпойнт – оқушылардың іздену, шешу, табу дағдыларын қалыптастыруға арналған бағдарлама, мұндағы тапсырмалар оқушылардың логикалық ойлау, талдау, саралау сияқты әрекеттерін дамытады.

И) Спидрид - оқушыны шапшаң оқуға дағдыландыратын бағдарлама. Бұл бағдарлама оқу техникасын дамытуда, бақылауда көп көмек береді.

К) Сториборд - мәтінмен жұмыс жасауға арналған бағдарлама. Оқушылардың тіл дамыту жұмыстарын осы бағдарлама негізінде жүргізу қолайлы.

Қ) Тестмастер- сұрақ-жауап формасындағы тест алуға арналған бағдарлама. Бұл бағдарлама оқушылардың білімін аралық, межелік бақылаулар арқылы тексеруде, білімді меңгеру деңгейін бақылауда қолданылады.

Дидактикада оқыту процесіне сәйкес маңызды орын алатын - кері байланыс. Кері байланыс, әсіресе, оқушы үшін маңызды. Осы жол арқылы ғана оқушы өзінің білім алу әдістерін қалай меңгергенін көрсете алады. Оқушының компьютерді қолдана отырып қазак тілін үйренуі мұндай кері байланыстың жедел және белсенді өтілуіне мүмкіндіктер жасайды.

Әдебиеттер тізімі:



  1. 1. Қадашева Қ., Қазақ тілі: оқытудың тиімді әдістемелері. –Алматы: Қазақ университеті, 2000.

  2. Жураев А.П. «Языковые игры на компьютере». – М., 1988

  3. Алгазина Н.Н. Дидактические материалы по орфографии с компьютерной поддержкой. М., 1997

  4. Ладыженская Т.А. Сценарии компьютерных задач по речевому этикету. Рус.яз.в школе. 1992, №1-2.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет