- Абсцисса осінде – нақты ЖҰӨ, немесе өндірістің нақты көлемі, ордината осінде – бағалар деңгейі, немесе дефлятор, яғни абсолюттік емес, салыстырмалы көрсеткіш.
- AD қисығы төмен қарай бағытталған, өйткені бағалардың өсуі (Р↑) қолдағы ақшаның нақты көлемін (М/Р) қысқартады. Сәйкесінше, тауарлар мен қызметтерге деген сұраныс (Y↓) қысқарады. Осы арқылы AD-ның көлемі мен бағалар деңгейі (ақша ұсынысы мен ақша айналымының жылдамдығын тұрақты деп алғанда) арасында кері тәуелділіктің бар екені түсіндіріледі.
- AD қисығының теріс көлбеулі болуы мына үш әсер (эффект) арқылы түсіндіріледі:
- Кейнс әсері (пайыз мөлшерлемесінің әсері);
- Пигу әсері (нақты кассалық қалдықтар әсері, немесе байлық әсері);
- импорттық сатып алымдар әсері.
- Кейнс әсері (пайыз мөлшерлемесінің әсері) былай түсіндіріледі, яғни бағаның өсуімен байланысты ақшаға деген сұраныс өседі; ақша ұсынысының тұрақтылығы жағдайында пайыз мөлшерлемесінің деңгейі артады. Пайыз мөлшерлемесінің өсуінен экономикаға салынатын инвестиция көлемі қысқарады, олай болса, AD көлемі де қысқарады:
- Р↑, → М/Р↓, → і↑, → І↓, → AD↓.
- Пигу әсері (нақты кассалық қалдықтар әсері, немесе байлық әсері), бұл жағдайда бағалар деңгейінің өсуінен нақты байлық көлемі төмендейді, олай болса, тұтыну көлемі қысқарады, сәйкесінше, AD көлемі де қысқарады:
- Р↑, → М/Р↓, → С↓, → AD↓.
- Импорттық сатып алымдар әсері, бұл жағдайда импорттық бағалардың өзгермеуі кезінде ел ішіндегі бағалардың өсуі экспорттың қысқаруына алып келеді, сәйкесінше, ұлттық экономикада жиынтық сұраныс көлемі де қысқарады:
- Р↑, → Е↓, → Xn↓, → AD↓.
- Осы аталған бағалық факторлардан басқа AD-ға бағалық емес факторлар да әсер етеді. Бұл факторлардың өзгеруі AD қисығын оңға немесе солға жылжытады. Оны төмендегі суреттен көруге болады.
Жиынтық сұраныстың өзгеруі - AD-ның бағалық емес факторлары дегеніміз – бұл сол AD-ның негізгі құрауыштарына, яғни, тұтыну шығындарына, инвестициялық шығындарға, мемлекеттік шығындарға және таза экспортқа әсер ететін барлық факторлар.
- 1) Тұтыну шығындарына тұтынушылардың табысы, әл-ауқаттылығы, олардың болашақты күтуі, жеке табыс салықтарындағы өзгерістер сияқты факторлар әсер етеді. Мысалы, тұтынушылардың ақшалай табыстары өскен кезде AD ұлғаяды және қисық оңға жылжиды, керісінше, табыстың азаюы AD қисығын солға жылжытады.
- 2) Инвестициялық шығындарға пайыз мөлшерлемелері, субсидиялар, бизнес салықтары, жеңілдетілген несиелер сияқты факторлар әсер етеді. Мәселен, бизнеске деген салықтың өсуі инвестицияны қысқартады, олай болса, жоғарыдағы суретке сәйкес, AD қисығы солға AD1-ге қарай жылжиды. Керісінше, салықтың азаюы AD қисығын оңға AD2-ге жылжытады.
- 3) Мемлекеттік шығындарға мемлекеттік саясат әсер етеді. Мемлекеттік шығындардың өсуі AD-ны көбейтіп, қисықты оңға жылжытады, ал керісінше, олардың қысқаруы қисықтың солға жылжуына алып келеді.
- 4) Таза экспортқа валюта бағамдарының өзгеруі, сыртқы нарықтағы жағдайлар сияқты факторлар әсер етеді. Ұлттық валюта бағамының өсуі импортты көбейтіп экспортты қысқартады, нәтижесінде жиынтық сұраныс қысқарып AD қисығы солға жылжиды. Ал егер ұлттық валюта бағамы төмендейтін болса, онда AD қисығы оңға жылжиды.
- Сондай-ақ, AD-ның бағалық емес факторларына ақшаның сандық теориясына сәйкес, ақша ұсынысы және ақша айналымының жылдамдығы деген факторлар да жатады.
- Жиынтық ұсыныс(AS) – бұл экономикада бағалардың әртүрлі деңгейінде өндірушілердің нарыққа ұсына алатын (немесе, өндірілуі тиіс) соңғы тауарлары мен қызметтерінің жалпы саны. AS-ті (ағылшын тілінен, aggregate supply) басқаша, нақты ЖІӨ деп те атайды.
- Жиынтық ұсыныс(AS)қисығы – бұл ұсыныс көлемінің елдегі бағалардың орташа деңгейіне тәуелділігін көрсететін графикалық көрініс.
- AS қисығының сипатына бағалық және бағалық емес факторлар әсер етеді. Біріншісі жиынтық ұсыныс көлемін өзгертеді (AS қисығының бойымен жылжу), ал екіншісі (технологиядағы, ресурстар бағаларындағы, қолданылатын ресурстар көлеміндегі, фирмаларға салық салудағы, нарықтар құрылымындағы өзгерістер және т.б.) AS қисығын оңға немесе солға өзгертеді.
- AS қисығы статикалық және динамикалық тұрғыдан қарастырылады.
- Алайда статикалыққа қарағанда AS-ң динамикалық қисығы ұлттық өндіріс көлемінің өзгерісіне инфляция қарқынын бағалау үшін қолданылады.
- AS қисығы классикалық және кейнстік мектептер тұрғысынан әртүрлі түсіндіріледі. Мысалы, қандай да бір фактордың өзгеруінен жиынтық ұсыныс шамасының өзгерісі бірдей болмайды, себебі бұл жағдай уақыт факторына тәуелді, яғни жиынтық ұсыныстың уақыттың қай мерзімінде (қысқа және ұзақ мерзімдерде) қарастырылып отырғандығы маңызды болып табылады.
- Классикалық модель экономиканы ұзақ мерзімде қарастырады.
- Ұзақ мерзімді кезең – бұл экономикада толық жұмысбастылықтың орын алуын қолдай отырып, тауар бағаларының өзгерісіне ресурстар бағаларының бейімделе алуын сипаттайтын кезең.
- Классикалық модель тұрғысынан ұзақ мерзімдік AS қисығы елдің өндірістік мүмкіндіктерін анықтайды және мынадай шарттарға негізделіп құрылады:
- өндіріс көлемі тек өндіріс факторларының санына және қолдағы бар технологияға байланысты анықталады, ал баға деңгейіне тәуелді емес;
- өндіріс факторларындағы және технологиялардағы өзгерістер өте баяу жүзеге асырылады;
- экономика өндіріс факторлары толық қамтылған жағдайда жұмыс істейді, және сәйкесінше, өндіріс көлемі өзінің потенциалды көлеміне тең болады;
- бағалар мен атаулы жалақы икемді, олардың өзгерістері нарықтардағы тепе-теңдікті ұстап тұрады.
- Классикалық үлгіде AS қисығы тік сызық түрінде болады. Ол өндіріс көлемінің табиғи (потенциалды) деңгейін сипаттайды (сурет), яғни жұмыссыздық деңгейі өзінің табиғи деңгейінде болатын, ал өндіріс көлемі ресурстар толық қамтылған жағдайда қарастырылады. Жиынтық сұраныстың өзгерістері бағалар деңгейін өзгертеді (сурет ). Мысалы, ақша ұсынысының төмендеуі кезінде AD1 қисығы солға (төмен) AD2 жағдайына ығысады. Экономикалық тепе-теңдік E1 нүктесінен E2 нүктесіне ауысады, бірақ өндірілген өнім көлемі ASұзақ мер. өзінің бұрынғы деңгейінде сақталып қалады.
- Ұзақ мерзімде жиынтық ұсыныс қисығындағы өзгерістер өндіріс факторлары мен технологияларды өзгерту кезінде орын алуы мүмкін.
- Қысқа мерзімді кезеңде мұндай модель қолданылмайды.
- Кейнстік модель экономиканы қысқа мерзімді кезеңде қарастырады және ол келесі алғышарттарға негізделеді:
- экономика өндіріс факторларының толық қамтылмаған жағдайында жұмыс істейді;
- тауар бағалары, атаулы жалақы және басқа да атаулы шамалар тұрақты, яғни икемсіз, оларға нақты өзгерістер өте баяу әсер етеді;
- нақты шамалар (өнім көлемі, нақты жалақы, жұмысбастылық) нарықтық өзгерістерге өте сезімтал болып келеді.
- Кейнстік үлгіде AS қисығы көлденең сызық түрінде болады (алдыңғы сурет).
- Жиынтық сұраныс тарапынан болатын өзгерістер өндіріс көлеміне әсер етеді, ал бағалар деңгейі өзгеріссіз қалады. Мысалы, ақша ұсынысының төмендеуі AD1 қисығын AD2 қисығына қарай ығыстырады. Экономикалық тепе-теңдік E1 нүктесінен E2 нүктесіне, ал өндіріс көлемі Y1 нүктесінен Y2 нүктесіне ауысады (келесі сурет).
Достарыңызбен бөлісу: |