Ислами әдебиет негіздері және қалжан ахун шығармашылығЫ



жүктеу 215.78 Kb.
Дата20.06.2016
өлшемі215.78 Kb.
ИСЛАМИ ӘДЕБИЕТ НЕГІЗДЕРІ ЖӘНЕ ҚАЛЖАН АХУН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ
Әр ұлттың жазба мұралары мен әдебиет тарихы алыс ғасырлар қойнауына енген сайын, ол барынша құнды болып, барша адамзат баласының ортақ қазынасына айналатыны белгілі. Осы тұрғыдан алғанда түркі халықтарының әдебиеті бірнеше ғасырлар үлесінде жатыр десек, артық айтқандық болмас.

Расында, түркілер өткен тарихта ірі оқиғалардың куәсі болып қана қоймастан, керек кезінде сондай ұлы өркениетті жасаушы да бола білді. Өзінің басынан өткенін кейінгі ұрпаққа аңыз-әпсана ретінде жеткізіп, одан бері де мәңгі өшпестей етіп тас-жартастарға ойып жазып отырды. Олар (түркілер) тарих сахнасына көтерілгелі бері көрші жатқан Шығыстағы көне қытай, монғол мен Батыстағы бір кездері грек-рим мәдениетімен таласқан өркениеті бар парсы тілдес халықтармен қарым-қатынас орнатып, мәдени һәм әдеби байланыстар жасады. Сондай мәдени тоғысулардың арқасында түркі даласында өшпестей болып тарих, ұмытылмастай болып мәдениет пен әдебиет қалды. Өзімен бірге Шығысқа ұлы серпілісті алып келген Ислам дініне дейін-ақ, түркілер өздерінің бай мәдениеті мен әдебиетін, жазуын қалыптастырып үлгерді. Орхон-Енесей, Талас бойынан табылған руна жазулы тас ескерткіштерінде Күлтегін, Тоныкөк сияқты қолбасшылардың тарихи тұлғасы мен әдеби бейнесі сомдалды. Сол кездегі түркілік өлең құрылыстары мен сөз саптауларын осы тарихи жәдігерлерден аңғаруға болады. Сонымен бірге, Алып Ер Тоңа, Еділ, Шу патшаларға қатысты құрылған аңыз-әпсаналар да сол замандардағы тарихи өмірді суреттеуге арналды. Аталмыш тас ескерткіштерде түркі халықтарының көне тарихы мен әдебиетіне қатысты мол дүниелер жазылды. Ислам діні келісімен бұл бай мұралар Шығыстың асыл-жауһарларымен толысып, тағы бір саты жоғарыға көтерілді. Әдебиетке жаңа тақырып, сом образдар келді. Бұрынғы руна жазуын араб алфавиты ауыстырды. Ғылым мен білім жаңа сатыға көтерілді.

Бірнеше ғасырлар үлесінде жатқан түркі халықтарының әдебиет тарихын ғалымдар негізінен екі топқа бөліп қарастырады. Иасауитанушы ғалымдардың бірі Ф.Көпрүлү өзінің “Түрік әдебиетінің тарихы” деген 1926 жылы Стамбулда басылған еңбегінде мынадай мәлімет келтіріпті: “Әдебиет тарихын ірі дәуірлерге бөліп қарастырар болсақ, онда негізгі үш кезеңге келіп тірелеріміз анық:

Исламнан алдыңғы түрік әдебиеті;

Ислам мәдениеті кезіндегі түрік әдебиеті;

Европа мәдениеті кезіндегі түрік әдебиеті”.

Ғалымның мұнда келтірген деректері негізінен бүгінде Кіші Азияны мекендеген түрік халқының әдебиетіне қатысты болғанымен де, мұндағы алғашқы екі кезең біздің ұлттық әдебиетімізді де қамтитыны анық. Түркілердің тарихын саралаған италияндық ғалым А.Бомбачи да әдебиетті “Исламнан алдыңғы және исламнын кейінгі кезең” деп екіге бөліп қарастырған. Бұдан екі ғалымның түркілік әдебиетті дәуірлеуі өте ұқсас екенін аңғарамыз. Сондай-ақ, суретші-ғалым М.Әуезов те: “Сол себепті өз бетімізбен долбар жасасақ, қазақ елінің ішкі өмірі екі үлкен дәуірге бөлінеді. Бұның біреуі – ісләм діні кірген соңғы мезгіл. Екіншісі, содан арғы ескі дәуір”, – деп жазуы біздің негізгі ойымызды айшықтай түседі. Ғалымдардың әдебиетті дәуірлеуде Исламмен байланыстырып қарауында үлкен мән бар. Себебі, соңғы дінді қабылдау арқылы түркі халықтары бұрынғы сенімін ғана ауыстырып қойған жоқ, сонымен қатар, өздерінің болашақ мәдениеті мен әдебиетіне де жаңа өзгерістер алып келді. Ислам дінімен бірге түркілік әдебиетте жаңа бағыт, қуатты серпіліс пайда болғаны белгілі.

Ислами әдебиеттің негізі араб, парсы жұртында қаланды. Жаңа сеніммен араб әдебиетінің өзгеріске ұшырағанын Жорж Зидан былай жазды: “Исламның пайда болуы діни, саяси және қоғамдық жағына қатты әсер етті. Бұл өзгерістер адамдардың санасынан орын алып, олардың ғылымы мен әдебиетінде де көрініс берді:

Ислам қате және жаман әдебиетті қолданыстан шығарды;

Жәһилиет әдебиетінде біртіндеп тыныштық тақырыбы қозғала бастады;

Ислам дүние мен ақыретті қатар ойлайтын жаңа әдебиетті дүниеге алып келді”.

ҮІІІ—ІХ ғасырларда Ислам дінінің таралу ауқымы кеңейіп, көрші жатқан өзге елдерде де, мұсылманшылық рәсімдері бой көрсетті. Осы сеніммен бірге келген араб, парсы мәдениеті Орта Азияны мекендеген халықтардың (яғни, түркілердің) салт-дәстүрлерімен сіңісіп, болашақ мұсылман өркениетінің негізі қаланды. Шығыс мұсылман әлемінде ғылым мен білім қатар дамыды. Әсіресе, қоғамда ғалымдардың беделі артып, олардың ыңғайлы жұмыс жасаулары үшін “Дәрул улумдар” құрылды. Ел билеушілердің қасынан құрылған мұндай білім ордаларында жаратылыстану, қоғамдық ғылымдардың барлық саласын зерттеуге жағдай жасалды. Батыстың исламтанушы ғалымы А.Мец бұл өркениетті “Мұсылмандық ренессанс” деп атады. Шығыстанушы Н.Конрадтың: “Ояну дәуірі әуелі Шығыста пайда болып, кейінірек Батысқа қарай ауысқан”, – деп жазуында да, осы мәселені басты назарға ұстап еді.

Өкінішке орай, адамзат баласының тарихында осындай ұлы сілкініс алып келген Ислам дінін бір жақты қарастырып, оны тек араб, парсы әлемімен ғана байланыстыратын ғалымдарымыз жоқ емес. Олар өз еңбектерінде көне түркі даласындағы әдеби һәм мәдени жәдігерлердің жойылып кетуіне Ислам кінәлі деген ой айтады. Әрине, жаңа сенім келгенде өзінен алдыңғы діннің қалдықтарын жойып жіберуге тырысатыны ақиқат. Бірақ, мұндай істі ақиқатқа жетелеуші Ислам емес, қайта осы дінге соқыр сеніммен иланушы топтардың жасайтындығы белгілі. Сондықтан да, мұсылман өркениетін түркі әлемінен бөле жарып қарастырудың қажеті шамалы. Осы орайда түркітанушы ғалым А.Бомбачи: “Некоторые тюркские народы, не исповедовавшие ислмам создали свою письменную литературу лишь недавнее время”, – деп жазғанын ерекше атап өткен жөн. Расында, ҮІІІ-ІХ ғасырларда Орта Азияға кең тарай бастаған Ислам діні барша түркі халықтарының имани сеніміне айналған жоқ. Сібір мен Алтайдағы түркілер бұрынғы ата-баба жолында қалып, Орта Азия мен Мәураннаһырдағы бауырларынан рухани сенім тұрғысынан ажырап қалды. Өкінішке орай, бүгінде сыртта қалған бұл түркілердің әдебиеті тұрмақ, жаһандану кезеңінде ұлт ретінде жойылып кетудің сәл-ақ алдында тұр. Ал, мұсылман түркілердің жазба әдебиеті Орхон-Енесей тас жазбаларынан бір-екі ғасыр өтпестен, Қарахандықтар билігі тұсында-ақ негізі қаланды. Исламды қабылдаған, соның ішінде, осы дінді берік ұстанған халықтардың ішінен заманынан озық туған ғалым-ғұламалармен қатар, өзінің қайталанбас шығармаларымен барша жұртты мойындатқан ақын-шайырлар да көптеп шықты. Соның нәтижесінде, мұсылманшылыққа негізделген түркі даласында Махмұд Қашқаридың “Диуани лұғат түркі”, Жүсіп Баласағұнның “Құтты білігі”, Қожа Ахмет Иасауидің “Диуани хикметі”, Сүлеймен Бақырғанидың “Ақыр заман кітабы”, Ахмет Йугнекидің “Ақиқат сыйы”, Сейф Сараидың “Гүлистан бит-түркиі”, Хорезмидің “Хұсрау-Шырыны”, Бурхануддин Рабғұзидың “Қиссасл әнбиясы”, Құсам Кәтибтің “Жұмжұмасы”, Дүрбектің “Жүсіп-Зылихасы”, Махмұд бин Ғалидың “Нахжул фарадисі” секілді шығармалар дүниеге келді. Қазақ хандығы тұсындағы ақын-жыраулар мен ХVІІІ-ХІХ ғасырларда өмір сүрген ағартушы ғалымдар мен Шығыс тақырыбына барған шайырларымыздың жырларының бәрі де осы мұсылмандық дүниетаныммен тікелей байланысты. Сол дәуірлерде өмір сүрген ақындардың шығармаларында Құран аяттары мен пайғамбар хадистері жиі қолданылған. Осы тұрғыдан алғанда Ислам түркілік әдебиеттің дамуына үлкен үлес қосқан деуге болады. Осындай әдеби шығармаларды айтпағанның өзінде, дәстүрлі діннің негізгі қағидаларын ашып көрсететін шариғат кітаптары мен Құран, хадис құпияларынан сыр шертетін, әрі танымдық тұрғыда жазылған еңбектер де жетіп артылады.

Ортағасырда осындай түркілік рухпен рухтанған ислами әдебиет бұл — қазақтың жазба мұрасының басы. ХХ ғасырдың басында ғалым Х.Досмұхамедұлы: “Қазақ жазба әдебиетінің негізін мұсылманша оқыған сауатты ақындар салғаны сөзсіз. Сондықтан да, жазба әдебиеттің алғашқы үлгілерін халық поэзиясының діни және ғибраттық түрлерінен іздеу қажет”, — деп, жазба әдебиеттің арғы арналары діни шығармаларда жатқанын жазған болатын. Әрі ғалымның бұл пікірінен, ХІХ—ХХ ғасырларда пайда болған діни қисса—дастандардың арғы бастауларының негізі ортағасырда жатқанын аңғаруға болады. Өткен ғасырдың басында өмір сүрген ақындардың қаламынан туған әрбір туынды діни астар алып отырды. Сондықтан да, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы әдебиетті исламнан бөле жарып қарау мүмкін емес. Алғаш әдебиеттанытқышты жазған А.Байтұрсынұлының: “Қазаққа жазу дінмен бірге келген. Қазақ ішінде молалық қылып дін үйретушілер, бала оқытушы қожалар, ноғай молдалар болған себепті жазба сөзді шығарушылар да бастапқы уақытта солар болған”, – деп, жоғарыдағы Х.Досмұхамедұлының ойын қайталауы көп нәрседен хабар берсе керек.

Расында, қазақ әдебиетінің тарихында Шығыс әдебиетінен шабыт, діни кітаптардан нәр алған, онда баяндалатын негізгі мәселелерді ана тілінде қайта жырлауға тырысқан ақындар аз болмаған. Қазақ хандығы тұсындағы жыраулар мен жыршылардың бәрі де алғашқы сөздерін “бисмилләмен” бастап, содан соң ғана, негізгі тақырыпқа көшкен. Ұлттық әдебиетімізде “Алтын ғасыр” аталып жүрген ХІХ ғасырда ғұмыр кешкен Шәді төре Жәңгірұлы, Тұрмағанбет Ізтілеуов, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Әбубәкір Кердері, Жүсіпбек Шайхисламұлы, Ораз мола, Қалжан ахун сияқты діни медреселерде тәлім алған, көкірек көздерін қасиетті Құранмен суарған ақындардың басты тақырыптары – Ислам дінінің адамгершілік, имандылық тұстарын көтеру еді. Олар Хақ дінді шығармаларында жырлау арқылы бұл сенімнің қазақ арасына тарауына айтарлықтай дәрежеде өз септігін тигізді. Хәкім Абай да өлеңдерінде діни мәселелерге ерекше мән берген. Өз заманындағы дүмше молдаларды керек кезінде, сынап та отырған. Исламның негізгі қағидаларын түсіндіріп беру үшін, бірнеше ғақлиялар да жазды. Бұған айғақ ретінде, ақын еңбектеріндегі 35, 37,38-ші қарасөздерін айтуға болады. Сонымен қатар, Шәкәрімнің де діни тақырыпқа жиі барып, оны өз шығармаларына басты арқау етіп алғаны да баршаға белгілі. Дана Абай отыз сегізінші ғақлиясын “Китәбун тәсдиқ” яғни “Иман кітабы” деп алса, Хақты іздеуші Шәкәрім қажы да “Мұсылманшылық тұтқасы” деген еңбегін осы тақырыпқа арнады. Алғашқы ұстаздардың бірі – Ыбырай Алтынсарин “Имандылық шарты” деген кітабында Исламның негізгі шарттарын түсіндіруге көп орын берді. Сондай-ақ, М.Кәшимовтың “Иғтиқад”, “Әдеп”, Насихат қазақия”, “Үгіт”, “Таһарат қалай алу керек”, Б.Баймағамбетовтың “Назымды иғтиқад”, Ж.Жұмабаевтың “Иман мағынасы”, Ж.Темірбековтің құрастырған “Иман-иғтиқад”, Н.Манаевтың “Иман-ислам”, Н.Казембаевтың “Құран құралы, арабша алифба”, К.Шаһмарданұлының “Оқу намаз кітабы”, А.Сабаловтың “Бес намаз”, М.Малдыбаевтың “Иман һәм яки мұсылманлық кітабы” сияқты еңбектерінде де негізінен ақида мен шариғат мәселелері көтерілді. Осы аталған ойшыл ақындар мен ағартушылардың бар көздегені — халық арасына Хақ дінді үгіттеу, олардың көкірегіне иман нұрын себу болған. Бұл сөзімізге айғақ ретінде 1864 жылы Ы.Алтынсаринның замандасы Н.И.Ильминскиге жазған хатын беруге болады. Онда педагог — ұстаздың: “Кейін парахор болып шықпаулары үшін оларға (оқушыларға) адамгершілік жағынан әсер етуге де бар күшімді салып отырмын. Күлсеңіз күле беріңіз, мен кейбір оқытудан бос уақыттарымда оларға ресми түрде молда болып та қоямын, сөйтіп, оларға дін тарихынан білгенімді айтып, оған басқа да пайдалы және түсінікті әңгімелер де қосып айтамын”, – деп жазуы біздің ойымызды нақтылай түссе керек.

Мұхаммед пайғамбардың “Дін – насихат” деген қағидасын еске алсақ, онда қазақ ақындары бұл өсиетті өз деңгейінде орындаған. Бұл пікірімізді сол замандарда дүниеге келген діни дастандар мен шығармалар айғақтайды. Алаш ардақтысы А.Байтұрсынұлының: “Қазақтың өлеңді сөзді сүйетін мінезін біліп, дінді халыққа молдалар өлеңмен үйреткен. Дін шарттарын, шариғат бұйрықтарын өлеңді хикая, өлеңді әңгіме түрінде айтып, халықтың құлағына сіңіріп, көңілдеріне қондырған”, – деп жазғанында, қазақ даласында пайда болған діни қисса-дастандарды меңзеген болатын. “Мұхаммед пайғамбар”, “Қисса-и анхазірет Расулдың Миғражға қонақ болғаны”, “Қисса-и Мұхаммед Расул Алланың дәрул пәниден дәрул бақиға рихлат еткен мәселесі”, “һаза кітап Мұхаммед—Ханафия”, “Қисса-и уақиға Кербала Хазірет Хұсайын рази Алла анһу” секілді шығармалардан Хақ діннің қазақ даласында қай деңгейде таралғанын аңғаруға болады. Себебі, бұл аталмыш дастандар қазақтың рухани сұранысын ғана қанағаттандырып қойған жоқ, сонымен бірге сырттан төніп келе жатқан діни миссионерлерге тосқын бола білді. Өткен ғасырдың бірінші ширегіне дейін Ташкент, Қазан қалаларындағы баспаханаларда жарық көрген қазақ һәм түркі тілдеріндегі кітаптардың басым бөлігі діни тақырыпты қамтыды. Ш.Елеукенов, У.Субханбердина, Д.Сейфуллина, Ж.Шалғынбаева сынды ғалымдардың қазақ кітабының тарихына қатысты зерттеулері соны айғақтайды. Осы аталғандардың ішінен Ш.Елеукенов пен Ж.Шалғынбаеваның шығарған еңбектерінен ислами әдебиетке қатысты қызықты деректерді кездестіруге болады. Олар қазақ кітабының тарихын үш кезеңге (1807-1867, 1867-1900, 1900-1917) бөліп қарастырған. “Бұл репертуардан аңғаратынымыз – бірінші кезең басылымдарында діни және Шығыс фольклоры тақырыптары басым /115, 81/”, “…ХІХ ғасырдың екінші жартысында басылған кітап өнімінде Шығыс фольклоры мен діни әдебиеті жетекші орын алады. Бұдан қазақ зиялыларының Шығыс рухани қазынасын неғұрлым толық игеруге ұмтылғандары байқалады”, – деген мәлімет келтірген ғалымдар кітап шығарудың үшінші сатысында да, діни әдебиеттердің саны өсіп отырғанын жазған. Бұл келтірілген деректерден ХХ ғасырдың алғашқы ширегіне дейін шығып тұрған қазақ кітаптарының басым бөлігі діни, соның ішінде ислами әдебиеттер екенін аңғарамыз. Әрине, кітаптың соншалықты үлкен таралыммен шыққанына қарағанда тұтынушының яғни оқырманның да Исламның жөн-жосығын түсіндіріп беретін еңбектер мен діни аңыз-әпсаналардың негізінде жазылған қисса-дастандарға деген сұранысы жоғары деңгейде болғанын аңғарамыз.

Өкінішке орай, бір кездері үлкен тиражбен шыққан әрі халықтың рухани сұранысын қанағаттандырған осындай төл шығармалар біраз уақыт бойына ғалымдар назарынан тыс қалды. Оның себебін дін атаулыға өшіккен солақай саясаттың салдарынан іздеген дұрыс. Сол кездегі жағдайға академик Р.Бердібай мынадай анықтама береді: “Кеңістік дәуірде исламды мансұқтау терең ойластырылған саясат екеніне жұртшылық әлі де толық көз жеткізіп алды дей алмаймыз. Халықты діннен айыру барша мұсылман жамағатшылығына жасалған зор қиянат десе де болады. Қоғамда азу-тозу, имансыздық бел алуы да тікелей осындай “дінсіздікті” марапаттаушылыққа байланысты. Мұның түпкі мақсаты дүние жүзінің, өркениетіне исламның тигізген әсерін мансұқтау ниеті еді. Дінге қатысты жүздеген, мыңдаған еңбектер ескерусіз қалды, оларды надандық, артта қалғандық куәліктері деп біріңғай қаралау орын алды”.

ХІХ-ХХ ғасырларда өте көп таралыммен шыққан діни қисса-дастандар кездейсоқ дүниеге келген жоқ. Ақындардың қаламынан туындаған бұл сюжеттер мен образдардың арғы бастаулары орта ғасырда түркі тілінде негізі қаланған ислами шығармаларда жатыр. Жүсіп Баласағұн, Ахмет Йугнеки, Ахмет Иасауи, Махмұд бин Ғали т.б. шығармаларында Мұхаммед (с.ғ.с.) өмірі дәріптелетін болса, оның көкке шыққаны туралы Сүлеймен Бақырғани “Миғражнама” атты дастан жазған. Рабғұзидың “Қиссасул әнбиясында” баяндалатын пайғамбарлар (Адам, Мұса, Иса, Жүсіп, Салих, Ысқақ т.б., жалпы саны жиырма бес) тұлғасы ХХ ғасырдың басында өмір сүрген Тұрмағамбет, Шәді төре, Қалжан ахун, Ораз молла, Майлықожа секілді біраз ақынға азық болды.

Әрине, “кітаби ақындар” орта ғасырлық ислами әдебиеттердің мазмұны мен тақырыбын сол қалпында қабылдағанымен де, олардың жанрлық ерекшеліктері мен өлең құрылыстарына айтарлықтай дәрежеде өзгерістер енгізіп, заманына лайықты жетілдіріп отырды. Қарахандықтар билігі тұсында пайда болған әдеби жәдігерлерде пайғамбар өмірі қысқа әрі Шығыс мұсылман әдебиетіне тән ғазал, мәснәуи, тәржиғ бәнд сынды өлең құрылыстарымен жазылған болса, бертін келе ол – көлемді қисса-дастандарға ұласты. Қара сөзбен жазылған діни образдар мен сюжеттер заман ыңғайына қарай өлең-жолдармен қайта туды.

Қазақ даласында Ислам мәдениетін, имандылық негіздері мен адамгерлішік құндылықтарды таратуда үлкен үлес қосқан ғалым-ойшылдарымыздың бірі – Қалжан ахун екені ешбір талас тудырмайды. Көкірек көзін Алланың аяттарымен суарған ақын бертін келе имандылықтың шыңына жетіп, ахундық дәрежесіне көтерілді. Оның жазған ғылыми-танымдық еңбектері мен имани жүректен атылып шыққан өлеңдері өз ортасын иман нұрымен суарды. Сол заманның ең алдыңғы діни медреселерінен тәлім-тәрбие алған Қалжан ахун араб, парсы, шағтай тілдерін (түркі жазба тілін) жетік меңгеріп, ауам (қара) халықтың тісі бата бермейтін сирек кітаптар мен құнды қолжазбаларға еркін бойлайтын. Қасиетті Құранның ішіндегі киелі дұғалар мен сауабы көп зікірлерді екшеп алып, көңіліне тоқыған. Сондай-ақ ХХ ғасырдың басына дейін түркі мұсылман жұртының жазба тілі болған – шағатай тілінде де өлең шығарып, өзінің кейінгі ұрпаққа деген аманатын жеткізген. Оның қаламынан туған жыр жолдарында имандылық негіздері, шариғат шарттары менһи махаббаттың сырлы әлемі кеңінен жырланған. Күнделікті жасалатын құлшылықтардан бастап, көкірек көзін суаратын имани жауһарларға дейінгі игі амалдар Қалжан ахунның шығармашалығынан табылатын. Өз заманындағы белді ақын-шайырларымен араласып, жыр додасында бәйге жарыстырып, кейде сырласып, бірде мұңдасып, енді бірде сөз жарысына түсіп отырған ол Шығыс мұсылман әдебиетінде ең бір қиын деп саналатын күрделі жанрлармен де қалам тербеген. Оның Тұрмағамбетке жазған бір хатында «Әләс-сәдр» үлгісімен қалам тербегені оның қаншалықты әдебиет айдынында қалықтағанын білдірсе керек.

Рамазан айы – күллі мұсылман жамағатының қасиетті айы. Бұл айда өзін мұсылманмын деп есептейтін жандардың күндіз оразада, түнде намазда болып, бар уақытын құлшылыққа арнайтын кезі. Қазақтың бұл айды құрметтейтіні соншалықты жаңа туған аймен құттықтайтын болған. Ораза кезінде айтылатын «Жарапазан» жыры соның жарқын айғағы. Бұл сөздің түп-төркініне үңіліп көретін болсақ, арабтың «йа, шаһру рамазан» тіркесінің қазақ тіліне иекмделген түрі екенін аңғарамыз. «Йа, шаһру рамазан» ды бірнеше рет қайталай беру арқылы «жарапазан» болып шыққанын бүгінгі көзіқарақты оқырман жақсы біледі. Түркі жазба әдебиетінде рамазан айының қадір-қасиеті, ондағы құлшылықтың абзалдығы туралы көптеген жыр-жолдары бар. Бұл тақырыпқа жазылған шығармалардың көптігі соншалық, шығыс мұсылман әдебиетінің теориялық еңбектерінде «Рамазания» деген жанр бар. Кейінгі кездері башқұрт һәм татар әдебиеттерінде де оразаға қатысты жазылған шығармаларды жеке жанро ретінде қарастыру бой көрсетіп келеді. Бұл мәселені тереңірек айтуымызға себеп Қалжан ахунның бір өлеңі осы «Рамазания» үлгісімен жазылғандығында.
Лутф бірлән бізләрә дуслар Худауәнд жәһан,

Ғайбдін еткүрміш ерді бир му´әззиз меһман,

Фәйз Хақның лазым ерді хизмәтіні қылмақ бижан,

Биәдәблік көрді біздін ´иззәт орныға чунан,

Бәндәсі ´әси уә лекін Хақ өзідір меһрибан,

«Әл-уидә´», хош келдіңіз маһ шәриф рәмәзан.


Хақ «әтәму» деб сенің «әтмәміңә» әмр әйләді,

Сайидул-әшхур-рәмәзан расулым деб айды,

Хурмәтіңні сақламай бір нечәләр ачды деді,

´Аси, ғафилмыз әндін Хақ бізә не суз деді?

Разылық илән барың, ей, жумлә айлар сайді,

«Әл-уидә´», хош келдіңіз маһ шәриф рәмәзан.

Қалжан ахун осы өлеңінде Рамазан айының қасиеті, онда құлшылық қылғанның ерекшелігі туралы айта келіп, қазақ жұртын бұл айда сауаптан құр қалмауға шақырады. Барша айлардың сұлтаны болған Рамазанда әрбір қылған игі істің бірнеше есе сауапқа ие болатындығын да баса айтады. Шығыс мұсылман әдебиетін жетік білген Қалжан ахун бұл шығармасын түркі жазба тілімен жазған. Араб, парсы тілдерін жетік білгендіктен де өз өлеңін араб, парсы сөздерімен «әшекейлеген». Шығарма шағатай тілінде жазылғандықтан да, бұл өлеңнің оқырмандары тек қазақпен ғана шектеліп қалмаған. ХХ ғасырдың басына дейінгі түркі жазба тілінде дүниеге келген бұл «мусаммат» жырын барша түркі мұсылман баласы еркін түсінген. Әрі шығарманың кирилл әліппесінде емес, араб алфавитінде жазылғандығын ескерсек, тіптен Кіші Азиядағы түркі бауырлардың да бұл туындыны ешбір қиналмастан бойға сіңіргенін аңғару қиын емес. Себебі Ислам өркениеті, мұсылман мәдениеті деген ортақ ұғымның аясына топтасқан түркі жұртында бір дүниетаным болғандығы ешбір дау туғызбайды. Осы тұрғыдан алғанда Қалжан ахун өлеңдері Шәді Жәңгірұлының жыр жолдарындай Мәуреннаһр аймағына кең тараған деуге толық негіз бар. Шығарма ішінде жиі кездесетін араб, парсы сөздерін есепке аламағанда басқа сөздер қазақ баласына да түсінікті. Енді бұл шығарманы бүгінгі қазақ тіліне жақындатып берсек былай болып шығады.
Мейіріммен біздерге, достар, Хұдауанд-е жаһан1,

Ғайыптан жеткізіп еді бір муәззіз меһман2,

Берекелі Хақтың қажет еді қызметін қылмақ, ей, жан,

Биәдептік көрді бізден құрмет орнына чунан3,

Пендесі күнәһар, бірақ Хақ өзі-ғой мейірбан,

«Әл-уидағ»4 қош келдіңіз «маһ шәриф Рамазан»5.


Хақ «Әтәмуу» деп сенің «әтмәміңә» бұйырды

«Сәййдул-шәһрул-рамазан»6 расулым деп айды,

Құрметіңді сақтамай бір нешеулер ашты деді,

Күнәһар, ғапылмыз одан Хақ бізге не сөз деді?

Ризалықпен барыңыз, ей, барша айлар сейіді7,

«Әл-уйдағ»8, қош келдіңіз, «маһ шәриф рамазан»9.


Жоғарыда келтірілген шағатайша нұсқа мен біздің бүгінгі қазақ тіліне жақындатып берген нұсқада ешбір айырмашылық жоқ. Біз мұны аударма емес, бүгінгі тілге жақындатып беру деп айтып отырғанымызда да үлкен мән бар. Себебі Иасауидің, Бақырғанидың, Сәйф Сараидың, Шәді ақынның, Қалжан ахунның өлеңдерін қазақшаға тәржімалау десек асыл мұраларды барынша арыға итерген боламыз. Аударма басқа бір тілден яғни өзге тілден жасалады. Ал кешегі ХХ ғасырдың басына дейін қазақ даласында кеңінен қолданылған түркі жазба тілінен тәржіма жасалмайды, қайта бүгінгі қолданыстағы қазақ тіліне жақындатылып беріледі. Онсыз да орта ғасырлық жазба мұраларымыздың Қараһандықтар бөлігін өзбектер мен ұйғырлар, Алтын Орда тұсын башқұрттар мен татарлар иемденіп алды деген сөз бар. Оған себеп кешегі кеңес кезінде әдебиет тарихын ерте заманнан бастаудың орнына ХІХ-ХХ ғасырдан бастап, өзіміздің бірнеше ғасырлық төл мұрамыздан бас тартқанымыз бар. Міне сол кезде бізден «пысық» бауырларымыз Иасауиді, Сараиды, Харазмиді бір ұлттың еншісіне ғана теліп, өздерінің төл ақындары ретінде қарастырғаны белгілі. Екіншіден, ХХ ғасырдың басындағы ұлтшылдарымыздың Сыр бойы мен Оңтүстік аймақта өмір сүрген ақын-шайырларымыздың мұраларынің тілін сынап, барынша алшақтатуға тырысқанымыз бар. Алайда түсіне білген жанға ғылымда «шағатай тілі» деген атпен қалыптасқан түркі жазба тілі барша түркі мұсылман жұртының жазба тілі екені бүгінде ғана айтылып жүр. Міне, осы барша түркі мұсылман жұртына ортақ жазба тілде қалам тербеген Қалжан ахунның мұрасы тек қазақ халқымен ғана шектелместен, оқырмандары өзге түркі ұландарының арасынан табылатындығы ешбір дау тудырмайды.

Енді, осы шығарманың өлең құрылысына келетін болсақ, шығарманың жазылу формасы орта ғасырда Шығыс мұсылман әдебиетінде кеңінен қолданылған форма. Мұны Шығыс мұсылман әдебиеттанытқышында «тәржиғ бәнд» деп атайды. «Тәржиғ бәнд» - «қайта оралушы байлам», яғни қайталанып келіп отыратын жол деген мағына береді Бұл тәржиғ бәндтің бірнеше түрлері болады. Онда қосалқы аттай араға бірнеше жол салып қайталанып келіп отыруына қарай «мураббағ», «мухаммас» және «мусаддас» деп аталады. Еегер қайталанатын жол әр төртінші жолдан кейіннен келсе, оны «мураббағ» яғни «төртік», бесінші жол сайын келіп отырса, оны «мухаммас» яғни «бестік» деп атаған. Ал, алғашқы бес жолы бір ұйқаспен жазылып, алтыншы жолы басқа ұйқаспен жазылып, кейіннен әрбір алтыншы жол сайын қайталанып отыратында «мусаддас» деп аталады. Яғни, Қалжан ахунның бұл шағырмасы тәржиғ бәндтің мусаддас үлгісімен жазылған. Бұл өлеңге толық ғылыми тұрғыдан анықтама беретін болсақ, тәржиғ бәндтің мусаддас қалыбында, «рамазания» жанрында жазылған.


Не ғажап болғай еді түн-күн ғибадат қылсаң,

Түндері тынбай «Кәләмуллаһ»10 тіләуат қылсаң,

Хазірет Нұғман Куфадай рийазат11 қылсаң,

Қолда барын Атымтайдай сахауат12 қылсаң,

Болар еді сенен үміт шапағат қылсаң,

«Әл-уйдағ»13 хош келдіңіз «маһ шәриф Рамазан»14.


Ақын осы өлеңі арқылы қасиетті айды құр босқа өткізбестен барынша сауапты істерді өткізуге шақырады. Ол үшін түні бойы ұйықтамастан Кәләмулланы яғни Алланың Құранын оқып, Хазірет Әбу Ханифадай діндар болуды, сондай-ақ Атымтайдай жомарт болуға шақырады. Сонда ғана пайғамбардың шапағатына ие болатындығын баса айтады.

Сондай-ақ, Қалжан ахуннан қалған тағы бір шығармасы – «Қалжан Ахунның жәдігер ғазал мухаммасы» деп аталады. Шығыс мұсылман әдебиетінде кеңінен қолданылған ғазал жанрымен түркі ақындары да жиі қолданылған. Себебі ғазал жанры ақынның ішкі жан дүниесін толық ашып бере алатындығымен ерекшеленеді. Ғазалдың негізгі көтеретін тақырыбы — сүйіктінің көркін, түрін суреттеу, оның ішкі сезімдерін баяндау немесе шайырдың өзінің алдамшы күндерінен шағымдану болып табылады. Осы форманың структурасын азербайжан ғалымы А.Рустамова екі жолмен берген:



  1. Ғашық өткен күндерін есіне алады, ауыр күндерін айтады, жоқшылықтың тауқыметінен шағымданады, келешектен үміттенеді, кейде сүйіктісі туралы сыр шертеді, сюжеті әртүрлі тақырыпты козғайды.

  2. Ғазал—диалог—сұрақ-жауап түрінде беріліп, мұнда негізінен, махаббат пен сүйіктінің арасындағы лирик хикаят ғашық пен мағшұқ әлемі арқылы беріледі.

Шығыстанушы ғалымдардың басым бөлігі ғазалдың қасиданың ішінен отау тіккен әрі Ислам өркениетінің негізінде дүниеге келген жанр ретінде қарастырады. Біз де, ғалымдардың осы пікірін қолдаймыз. Ғазал өлеңі қасиданың ишқия деген тармағының жетілген түрі. Себебі, Исламнан алдыңғы дәуірде араб шайырларының ішінде бұл өлең құрылысымен қалам тербегендер болмаған. Орта ғасырлық Шығыс әдебиетін зерттеген И.М.Фильштинский ғазал үлгісімен ең алғаш қалам тербеген ақын ретінде Омар ибн Әбу Рабиғаны келтіреді. Ал, ол шайырдың 655-712 жылдар аралығында өмір сүргені белгілі. Бұл кезең Ислам дінінің шығуымен тұспа-тұс келеді. Парсы жұртында ғазалды жеке жанр ретінде қалыптастырған — сопы ақын Хафиз болатын. Түркі даласында ғазалмен алғаш қалам тербегендер – Қожа Ахмет Иасауи мен Сүлеймен Бақырғани.
Уа, дариға, өтті өмірім баршасы ойран болып,

Білмедім халім не болар дүниеден қайран болып,

Қылмадым жақсы амалдар түні бойы герйан15 болып,

Жасадым сауық-сайран шайтанға тұтқын болып,

Йә, иләһи, өтпейміз ақіретте имансыз болып.
Йә, иләһи, тура қыл маған һидайәт бабын16,

Сен мейіріммен кетіргін көздегі ұйқы ғапілетін,

Қашанда жидым әлемде күнәлар аспабын,

Қыл мейірім халіме мендей бейшараның,

Ақіретте қуанышқа бөлерсің дидарыңа лайық болып., -

деп, жырлаған Қалжан ахун өзінің ішкі сезімін осы ғазалдың мухаммас (бестік) өлең құрылысымен берген. Ақын осы өлең жәдігері арқылы өзінің Хақтың алдындағы әлсіздігін баяндай отырып, Жаратушыдан дұға сұрайды. Осы сарындас өлең жолдары ақын мұрасында жиі кездеседі. Бұл да ақынның Шығыс мұсылман әдебиетін, соның ішінде түркі жазба әдебиетін жетік білгендігінен хабар береді. Себебі ақынның қолданған формалары мен көтерген тақырыптары Қараһандықтар тұсында өмір сүрген Иасауи, Бақырғани, Жүйнеки, бертінгі Алтын Орда тұсындағы Харазми, Сәйф Сараи, кейініректегі Машраб, Мақтумқылы шығармаларымен астарласып жатқанын аңғңарамыз. Себебі көкірек көзін имани нұрмен нұрландырып, қасиетті Құран аяттарымен сусындаған, сопылықтың сырлы сыр шертететін Шығыс мұсылман әдебиетін түпнұсқада оқыған ақынның кеңінен тараған дәстүрді қазақ даласында қайта жыңғыртпауы мүмкін емес еді. Айнала төңірегінде әдебиет айдынында жүрген Сыр бойы шайырлары да осы дәстүрмен жиі қалам тербеген. Бұқара медресесін бітірген болашақ ишандар мен ахундар да қалам тербегенде түркі жазба тілімен беріп отырды. Солардың алғашқы шебінде Қалжан ахунның тұруы заңдылық болатын. Себебі заман талабы, оқырман сұранысы сол еді. Түркі жазба тілінде қалам тербеп, шығыс мұсылман әдебиетінің үлгісінде қалам тербеген Қалжан ахун мұрасының ғұмыры да ұзақ болмақ.





1 әлемнің Құдайы

2 құрметті мейман

3 солай

4 «Қош келдің».

5 «Қасиетті Рамазан айы».

6 «Айлардың төресі Рамазан».

7 төресі

8 «Қош келдің».

9 «Қасиетті Рамаз айы».

10 «Алланың сөзі», яғни Құран

11 діндарлық

12 жомарттық

13 «Қош келдің».

14 «Қасиетті Рамазан айы».

15 жылау, зар еңіреу

16 дұрыс жолдың есігін


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет