ЛҰҚПАН ƏКІМ
Лұқпан əкімге бір сопысымақ адам бір жиылыста айтты:
— Сіздің ауруға ем етуіңіз күнə, Құдайдың жіберген қаза - бəлесіне
себеп табамын деген Құдайға қарсылық болып табылады деп білемін, —
деді.
Лұқпан айтты:
— Олай болса, сол айтқан сөзіңіз жазылған кітапты келтіріңіз, сенімді
кітап болса, біз тоба етіп, дəрігерлікті қоялық, — деп.
Сопы бұл сөзді еш кітаптан көргені жоқ кітап алып келе қоямын деп
қозғалмады.
Жиылып отырған халық шулап қоя берді:
— Сопы, Лұқпан жесірге байдай, жетімге атадай болып, неше мұңды
бейшаралардың көзінің жасын тыйды, сен бұл істі күнə деп білсең
кітабыңды көрсет, болмаса қазыға алып барып, жазаландырамыз, — деп.
Істің бұлайынша зорайып бара жатқанын көріп, Лұқпан халықтан
өтініш етіп тысқа шығып, сопыны оңаша қалдырып айтты:
— Алла разы болсын, молдам, білген шамаңызша бізді күнəдан тыю
үшін ақыл айтқаныңызға. Бірақ бізден де сізге бір ақыл айтылсын: қашан
да бір істі істегіңіз келсе, ол іске əуелі ақылыңызды, онан соң көзіңізді
жұмсаңыз, сонан соң ақылыңыз дұрыстаса, көзіңіз көріп, жөнін танып,
мақұл көрсе, тіліңіз бен қолыңызға сонда ерік беріңіз. Екінші, сіздің айтқан
сөзіңізден оқып жетіспегендік көрінеді. Құдай Тағала адамға əртүрлі дене
берді: қол берді жұмыс қылмақ үшін, көз берді көрмек үшін, аяқ берді
жүрмек үшін, құлақ берді есітуге, ақыл берді ойланып, жаман - жақсыны
аңғаруға. Сол берген денелерді тиісті орнына жұмсамасаң, Құдайдың
бұйрығына қарсылық болып табылса керек. Оның үшін жүрмей, тұрмай,
отырмай, көрмей, есітпей Құдайға құлшылық етіп те болмайды. Сол
реуішті жансыз нəрселердің де керексіз жаратылғаны жоқ. Бір шөпті у етіп
жаратты, екінші шөпті оған басытқы етіп жаратты. Бұларды да танып,
біліп, бұйрықты орнына жұмсамасаң күнəлі боласың, тиісті пайдалы
орнына жұмсаудан обал болмаса керек, — деді.
ДҮНИЕДЕ ЖАМАНДЫҚ НЕДЕН?
Дүниеден безіп, тасқа шығып кеткен, бір ақ жүрек шал қалың ну орманды мекендейді. Ормандағы аң мұнан қорықпайды. Аңмен сөйлесіп ұғысатын болады. Бір ағаштың түбінде ақ жүрек жатыр еді. Сол жерге түнемек болып қарға, кептер, бұғы жылан жиылды. Олар: «Дүниеде жамандық неден болады?» — деп, кеңес құрды.
Дүниеде жамандық түбі — аштық, тамаққа əбден тойсаң, бір бұтақтан бір бұтаққа қонасың.
«Қарқ-қарқ!» — деп, өлеңді соғасың, тұла бойың лықылдап толған қызық, қуаныш, не көрсең, соған қуанасың, — ал, енді, бірер күн аш болсаң, көзіңе көрінгеннің бəрін иттің етінен жек көресің, құдайдың күніне де қарағың келмейді, қайда барарыңды білмейсің, бір жаққа жоғалып кеткің келеді де тұрады. Бірден ұшып, бір жерге қонасың, сенде дамыл жоқ.
Ұшып көрсең, есің шығып, бұрынғыдан да жаман боласың. Не екенін аңдамай киіп кеп кетесің, сені таспен, таяқпен жіберіп ұрады. Ит, қасқыр сүйрелеп жүрген жемтіктен айырмайсың, тамақ үшін аштан қанша қарға өледі. Жамандықтың бəрі аштықтан, — деп шешен қарға соқты.
— Дүниеде жамандық аштықтан емес, жамандық түбі — махаббат. Біз жалғыз-жалғыз өмір сүрсек, уайым қайғы жоқ болар еді. Жалғыз басқа кедейлік, кемшілік жоқ. "Біз жұптан жүреміз, жұптан өмір сүреміз. Жарыңды өзіңнен артық көресің, жарыңды ойлап сенде тыныштық жоқ. «Тоқ па, аш па, суыққа тоңды ма?» деп, сорлайсың да жүресің. Бір
жаққа бөлек ұшып жырақ кетсе, «не болды?» деп, ойлап əуре сарсаң боласың; «қаршыға көзін шұқып жатыр ма, балалар ұстап алды ма?» деп, іздеп өзің ұша жөнелесің, сөйтіп қаңғып жүріп, не қаршығаға, не тұзаққа өзің кез келесің. Жарың жоғалса, жарың өлсе, дүние түкке тұрмай кетеді.
Енді дүниеде сүйікті еш нəрсе болмайды. Түк жемей, түк ішпей іздейсің де, жылайсың. Қанша көк кептер осыдан өледі, жамандықтың бəрі аштықтан емес, махаббаттан, — деп көк кептер сөйледі.
— Жоқ, жамандық аштықтан да, махаббаттан да емес. Жамандық түбі
— жаман мінез.
Біз тату жүрсек, қастық ойламасақ, кекшіл болмасақ, жақсы болар еді. Бір нəрсе өзің ойлағандай болмаса, ашуланасың, дүние көзіңе түк құрлы көрінбейді. Көзіңе не түссе, бəрін жек көресің. Ойлағаның біреуден кек алмақ. Біреуді шақпақ болып ысқырып, іздеп, иіріліп жүргенде, ашуланып өзіңді өзің ұмытып кетесің, ешкімді аямайсың: əке-шешең тұрса, шағасың, өзіңді-өзің жегің келіп тұрады. Өлгенге кейін ашуланасың. Дүниеде
жамандықтың бəрі — қара жүректіктен деп, — жамандықтың иесі жылан
соқты.
— Жоқ, дүниеде жамандық аштықтан да емес, махаббаттан да емес, жаман мінезден де емес, — қорқақтықтан. Қорықпайтын болса, дүниеде жақсылық жауғандай болар еді. Аяғымыз жүргенде желмен таласады. Қуат көп, мықты жаудан қашып құтыласың. Бірақ, қорықпасқа болмайды. Сырт етіп бір бұтақ сынып кетсе, бір жапырақ сылдырласа, қорқып, селкілдеп кетесің. Жүрегің тас төбеңе шығады, қаша жөнелесің. Қоян жүгіріп келе
жатса, құс талпынса, бұтақ сынса, жау келіп қалды ғой деп, тұра жөнелесің,
дəл жаудың өзіне жүгіріп кез келесің...
О болмаса иттен қашып жүгіріп, анлдыға соқтығасың. Қорқып, жүгіріп жөнелесің. Қайда қашып бара жатқаныңды білмейсің, құза шығып кетіп, құлап өлесің... Ұйықтағанда да бір көзіңмен ғана ұйықтайсың, тыңдап жатасың. Бəрі қорыққанның азабы... тыныштық бізде жоқ. Жамандық қорқақтықтан деп, момын бұғы сөйледі.
— Жоқ, жамандық аштықтан да емес, махаббаттан да емес, біздің көріп жүрген aзабымыздың бəрі жамандықтың бəрі — біздің тəнімізден: аштық, махаббат, жаман мінез, қорқақтық бəрі — тəннен өсіп-өнеді, олар тəннің асырап өсірген балапаны.
Сондықтан тəнді таза ұстау керек, — деп ақ жүрек ақсақал əңгімені байлады.
Достарыңызбен бөлісу: |