Қызылорда қаласының әкімі М. Жайымбетовтің 2011 жылы атқарылған жұмыстар бойынша тұрғындар алдындағы есептік баяндамасы



жүктеу 217.37 Kb.
Дата22.02.2016
өлшемі217.37 Kb.
Қызылорда қаласының әкімі М. Жайымбетовтің 2011 жылы атқарылған жұмыстар бойынша тұрғындар алдындағы есептік баяндамасы

Қадірменді қала тұрғындары, ардақты ағайын!

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жыл сайын әкімдердің халықпен кездесіп, атқарылған жұмыстарының есебін беріп отыруы бүгінде маңызды мәселелердің біріне айналды.

Бүгінгі есепті кездесуге дейін қалаға қарасты ауылдық округтер, кент, мөлтек аудандар бойынша 14 кездесу өткізілді. Әрбір кездесуде тұрғындарды толғандыратын мәселелер ортаға салынып, оны шешудің дұрыс бағыты әрі тиімді жолдары талқыланды. Бұндай кездесулердің біздің береке-бірлігімізді арттырып, ертеңге сеніммен, болашаққа байыппен қадам басуға көмектесетініне сенімім мол.

«Ынтымақты елде бақ тұрар» деген дана халқымыз. Еліміздің Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аталып өткен, бағыты бекем, тірлігінде берекесі бар Қазақ елі үшін мәртебелі 2011 жылы облысымыздың бас шаһары Қызылорда қаласында атқарылған істерді баяндауға рұқсат етіңіздер!

Өткен жыл тарихи оқиғалар мен маңызды саяси экономикалық жетістіктерге толы болды. Ең басты оқиға – Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы тарих төрінен орын алды.

Осы жиырма жылда іргесі бекіген, даму даңғылы белгіленген қуатты мемлекетті қалыптастырдық.

Дегенмен, осындай жетістіктерге бір күнде қол жеткізген жоқпыз. Қабырғалы істердің артында мыңдаған қарапайым қызылордалықтардың маңдай тері мен төзімі, ерен еңбегі жатыр.

Жылдың басы тұңғыш рет Қазақстанда 7-ші Азия ойындарын өткізумен басталды. Бұл да болса - Қазақстанның спорт әлеміндегі жоғары деңгейдегі мәртебесінің көрсеткіші. Біз қазір Азия елдері арасындағы спорттан ең мықты төрт мемлекет қатарындамыз.

Өткен жылы 3 сәуірде, елдің жарқын болашағын бағамдаған Президент сайлауында қала халқының 92 пайызы сайлауға барып, олардың 95 пайызы Елбасын қолдап дауыс берді.

Ал, биылғы жыл басында өткен Мәжіліс пен Мәслихат сайлауында сайлаушылардың 80 пайызы белсенділік танытып, саяси додаға қатысты. Нәтижесінде ел тағдырын айқындаған тарихи күнде қызылордалықтардың 80 пайызға жуығы «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясын, ал қалғаны өзге партияларды қолдады.

Бұл сайлау нәтижелері қызылордалықтардың Елбасы саясатын қолдайтынын, еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы жүріп өткен жолын, елде сақталған ынтымақ пен бірлігін, әлемдік аренада танылған беделін, экономикалық табыстарын одан әрі нығайту үшін дауыс беруі деп есептеймін.

Өткен жылы Сыр елінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ресми сапармен болғаны баршаңыздың естеріңізде болар. Алаштың анасы атанған аймақтағы оң өзгерістер мен тың бастамалар, іргелі істер мен жүйелі жұмыстарға Мемлекет Басшысы оң баға берді. Атқарушы билікке облыстың, оның ішінде қаланың дамуын бүгінгі деңгейінен түсірмей, одан әрі дамытуды тапсырды.

Ел алдында Президент Қызылорданың бұрынғы жағдайы мен қазіргісін салыстырып, ел өмірінің елеулі өзгергенін айрықша атап өтті. Демек, сырбойылықтардың қажыр-қайраты мен ерен еңбегі, ел экономикасын дамытуға қосқан үлесі Елбасы тарапынан зор қолдау тапты.

Өздеріңізге мәлім, 27 қаңтар күні Елбасымыз өзінің халыққа арнаған Жолдауын жария етті. Бұл – көңілдегі күпті сауалдардың көбесін сөгіп, жалқы ойлардың жоралы жауабын берген құжат болды. Елбасы 10 басымдықты негізге ала отырып, ең маңызды мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру қарапайым тұрғындардың баспаналы болу мүмкіндігін туғызады.

Жолдауда көрсетілген 10 басымдықтың барлығы да қаламыздың әлеуетін одан әрі арттыра түсу үшін маңызды. Себебі, мұның мазмұнында халықтың денсаулығы мен білім сапасы, руханияты мен мәдениетінің мәні, тұрмысы мен тынысының сәні жатыр. Оның ішінде «Қолжетімді баспана» саясатын жүзеге асыру бағытында үлкен жаңалық болады деп есептеймін.

2011 жыл біздің қаламыз үшін шын мәнінде бірлік пен берекенің, ел тілегі жүзеге асқан, жаңа жетістіктер мен мүмкіндіктердің, серпінді жобалардың орындалуымен аса құнды жыл болды.

Бұл жылы облыс орталығында ауқымды жұмыстар атқарылып, халықтың әл-ауқаты жақсарды.

Мәселен, 2006 жылы қала бюджеті 7 жарым млрд. теңге болса, 2008 жылы 18 миллиард, ал, 2011 жылы қала қазынасы 24 миллиард теңгені құрады. Қала қазынасының молаюы, жылдар бойы қордаланған мәселелерді шешуге оңды ықпал етуде.

Қаланың өнеркәсіп орындары 2011 жылы 1, 02 триллион теңгенің өнеркәсіп тауарларын өндіріп, өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 17, 2 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың салыстырмалы кезеңінен 2,3 пайызға артты.



Құрметті жерлестер, бұл – біздің жетістіктеріміз.

Елбасының Сыр еліне жасап жатқан қамқорлығына және облыс әкімінің белгілеген міндеттері мен межелі мезгілге жоспарланған жұмыстарына сәйкес Қызылорда қаласында көптеген игілікті істер жүзеге асуда. Барлығы да кезең-кезеңімен орындалып келеді. Дегенмен, қалада қордаланған проблемалар да жетерлік, оны мен тұрғындармен жеке кездесу барысында, менің блогыма жазған хаттардан хабардар болып сараптама жасап отырамын.



Бұл - жер алу, пәтер мәселесі, жарық, су, газ, қоғамдық көлік, жұмысқа орналасу сынды күнделікті қадағалауды қажет ететін проблемалар. Проблемаларды айту оңай, бірақ жүйелеп жүзеге асыру ыждағаттылықты талап етеді. Қандай әкім болмасын, барлық проблеманы бір күнде шешіп-ақ тастағысы келеді. Дегенмен қала өсуде. Былтырдың өзінде қаламызға аудандар мен өзге қалалардан жиырма төрт мың адам келіп қоныс тепкен. Бұл дегеніңіз Қызылжарма сынды бес ауыл келіп тұрақтады деген сөз. Сонда жиырма төрт мың халықты қосымша жұмыспен қамту, тамақтандыру, жоғарыда айтылған проблемаларды шешу қажет екендігі айтпаса да түсінікті болар.

Заңдылық пен Конституциялық тәртіп сақталмай, экономикалық және әлеуметтік берекесіздік орын алған жерде, адам мен азаматтардың іргелі құқықтары қамтамасыз етілмейді. Сондықтан қала әкімдігіне қарасты құрылымдарда сыбайлас жемқорлық фактілеріне жол бермеу басты назарда.

Өткен жылы есепті кездесулерде тұрғындар тарапынан 88 талап, өтініштер түсіп, олардың 66-сы орындалды. Ал қалған 22 мәселе орындалу үстінде. Халықтың талап тілегіне орай жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында 1 млрд. 232 млн. теңге қаржы бөлініп, жұмыстар атқарылды.

Енді өткен жыл бойына қала проблемаларын шешу барысында атқарылған жұмыстардың бағыттарына тоқталып өтейін.

Отандық өнеркәсіпті өркендетудегі индустриалды-инновациялық даму Елбасының назарындағы басымдық екенін ескерсек, ауыл шаруашылықты аймақтан өндірістік өңірге айналып келе жатқан өңіріміз үшін қалада индустриялық-инновациялық жобаларды дамыту күн тәртібіндегі мәселе.

Осы орайда, 321 жаңа жұмыс орнын ұсынған 15 ірі және шағын өндіріс орындары ашылғанын қала дамуының ерекше жаңалығы ретінде атап өткім келеді. Соның ішінде 205 млн. теңгені құрайтын 3 жоба аймақтық индустриалдық картаға енген.

Олар: «Сабыр и К» ЖШС-нің «Өсімдік майын шығаратын цехының құрылысы», «Азов Арал Агромаш» ЖШС-нің жылына 70 күріш жаткаларын жинақтайтын жобасы және «Шөгірлі» шаруа қожалығының шағын сүт зауыты.

Индустрияландыру картасынан тыс іске қосылған жобалар ретінде тұрмыстық жағдайда пайдаланылатын қағаз өнімдерін шығаратын цехы, 20 жылыжай құрылысы, темір-бетон және асфальт-бетон бұйымдарын шығаратын зауыттар құрылысын өңірлік өндірістің бойына қан жүгірткен серпінді жобалар ретінде атап өтуге болады.

Сондай-ақ, «НБК Строй» серіктестігінің «Жібек жолы» сауда ойын-сауық кешені іске қосылып, қаланың сәулетіне жаңа көрік беріп тұр.

Елбасының биылғы Жолдауында айтылған «Өңірлерді дамыту» басымдығын жүзеге асыру мақсатында Қызылорда қаласында өнеркәсіп алаңын ұйымдастыру жұмыстары басталды. Бұл жұмыстар екі бағытта жүзеге асырылатын болады.



Өнеркәсіп алаңы қаланың батыс бөлігіндегі бұрынғы «ЦКЗ» аумағында 44 гектарға жайластырылады, ал, индустриялық аймақты Титов мөлтек ауданының шетінде 760 гектарға орналастыру жоспарланған.

Қазіргі таңда, қажетті инфрақұрылым желілерін жеткізу жұмыстары басталуда.

Мәртебелі жылда қаланың коммуналдық саласында да үлкен серпін болды.

Құрметті қауым!

Қаланың бойына қан жүгіртер, қызу тірліктің көзі коммуналдық мәселе екендігі белгілі. Соңғы үш жыл ішінде қалада 183 көше орташа және күрделі жөндеуден өтсе, 2011 жылы 30 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облыс әкімінің қолдауымен биыл қала аумағындағы 33 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болса, қалаға қарасты елді мекендердегі 8 көшені жөндеуден өткізу жоспарлануда. Қала өскен сайын, ондағы көшелер де соған сәйкес көбеюде. Қала бойынша 725 көше екенін ескерсек, оның 216-сы жөндеуден өткізілді.

Сондай-ақ, 40 жылдан бері жөндеу көрмеген қала мөлтек аудандарының 140 аулаішілік жолдары мен тротуарлары жөнделіп, автотұрақтар салынды. Оның ішінде 95 аула ішілік жолдар өткен жылдың еншісінде. Тұрғындар арасында оң серпіліс тудырған аулаішілік жолдарды жөндеу жұмыстарын жалғастыратын боламыз. Биылғы жоспарда 54 ауланы жаңғырту бар. Осылайша биыл қала мөлтек аудандарының аула ішілік жолдарын жөндеу 90 пайызға аяқталады.

Қазіргі таңда кешкі уақытта тұрғындар көп жүретін орталық көшелердің 72-і жарықтандырылған болса, оның 20-сына өткен жылы түнгі жарық барды. Биыл жоспарда 28 көшені жарықтандыру бар. Осылайша қалада 100 көшеде түнгі жарық болады.

Қазіргі уақытта Қызылорда қаласы бойынша жылжымайтын мүлік объектілерін түгендеп, дұрыс емес және қайталанатын нысандардың нөмірлерін жойып, оларды қайта нөмірлеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстарды атқару арқылы қалада мекен-жайсыз үйлердің, нысандардың санын азайтамыз.

Қайсыбір қаланы дамыту үшін көпір мен жол салыну керек. Бұл кез-келген қаланың атрибуты деп есептеймін. Өткен жылы отыз жылдан бері қызылордалықтарға қиындық туғызып келген, қаланың негізгі бөлігін 50 мыңнан астам тұрғыны бар батыс аумақтарымен байланыстыратын - теміржол арқылы өтетін жол өткелі құрылысы аяқталды. Елді елең еткізген жаңа жол өткелі Елбасының қатысуымен алғашқы көлік легін қабылдағанына баршамыз куә болдық.

Қала тұрғындарын сапалы әрі үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 2015 жылға дейін «Қызылорда қаласының су жүргізетін және арналық кәріз желілерін кеңейту және қалпына келтіру» жобасы аясында 2008 жылдан бастап 6,99 млрд. теңге қаражат бөлініп, 2011 жылы 2,5 млрд. теңге қаржының жұмыстары жүрді. Қала бойынша 126 шақырымға жуық ауыз жүйесі жаңартылып, қала ішінде 36 шақырым ауыз су жүйесі және 20 шақырым кәріз су жүйесі қайта жаңғыртылды. 5 кәрізді насосты ғимараттары қайта жөнделіп, автоматты жүйеге көшірілді.

2015 жылға дейінгі жоба аясында бекітілген техникалық-экономикалық негіздеменің бүгінде 45 пайызы орындалып отыр. Аталған бағдарлама осы қарқынмен жүзеге асырылатын болса, 2015 жылға дейін қаланың ауыз су жүйелерінің мәселесін түбегейлі шешіп аламыз. Осыдан үш жыл бұрынғы уақытпен салыстырғанда «Су жүйесі» мекемесіне келіп түсетін ақауларға байланысты арыз шағымдар 40 пайызға дейін төмендеген.

Соңғы екі жылда қала бойынша 3 елді мекеннің, оның ішінде 20 000 халық қоныстанған Тасбөгет кенті, 3000 адам тұратын Белкөл кентінің, 6000 халқы бар Қызылжарма елді мекенінің ауыз су мәселесі шешімін тапты.

Қала іргесіндегі Белкөл кентінде ұзақ жылдардан бері қордаланған ауыз су жүйесіне республикалық бюджеттен 322 млн. теңге қаржы бөлініп, кенттегі 17 шақырым ауыз су, 4,9 шақырым кәріз су жүйелері жүргізіліп, 2 су жинау қоймасы тазартылып, жөнделді.

Осы арқылы біз кенттегі 15 жылдан бергі жоғары қабатқа су көтерілмеу, ауыз суды сағаттап беру мәселесінен біржола құтылатын боламыз.

Сонымен қатар, Тасбөгет кенті тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі 2005 жылдан бастап іске асырылды. Осы жылдар аралығында республикалық бюджеттен 1,5 миллиард. теңге қаржы бөлініп, 53 шақырым ауыз су желісі, 20,5 шақырым канализация жүйесі қайта жаңартылып, су айдайтын кешен іске қосылды.

Кентте жаңадан қалыптасып келе жатырған көшелердің тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында ұзындығы 21 шақырым ауыз су желісін жүргізуге 243 млн. теңге қаржы бөлініп, жұмыстар атқарылған.

Өздеріңізге белгілі, қалада ауыз судың сапасы өз дәрежесінде емес. Себебі қалаға берілетін ауыз судың 70 пайызы дария суынан ашық түрде алынады. Осы олқылықтың орны жақын арада толғалы тұр.

Қаланың Бас су тоғанында құрылысы 2010 жылы басталған тәулігіне 34 мың текше метр су тазалайтын су сүзгі станциясының құрылысы таяуда аяқталады. Аталған стратегиялық нысан іске қосылған соң қалада ауыз су сапасы артатын болады.

Біздің қаламыз «Балаға мейірімді қала» жобасы бойынша жұмыс жасайды. Қала көлемінде соңғы төрт жылда 87 спорт ойын алаңы тұрғызылып, оның 16-сы қала кәсіпкерлерінің көмегімен салынды. Осы жұмыстарды жалғастыру үшін 2011 жылы 215 млн. теңге көлемінде қаржы қаралып, 44 ойын алаңы пайдалануға берілді. Олардың 9-ы қалаға қарасты ауылдық округтерде орналастырылған. Биылғы жылы тағы да 30 балалар ойын-сауық алаңдары салынады. Осы жұмыстарды атқару арқылы қала бойынша 189 алаңның 117-сіне балалар ойын спорт алаңы орналастырылып, көрсеткіш 62 пайызды құрамақ.

Елбасы Жолдауының негізгі өзегі - әлеуметтік сала. Бұл сала бойынша атқарылған тірліктердің де ауқымы үлкен.

Халықтың әлеуметтік жағдайының дұрыс болуы - мемлекет қуаттылығының белгісі. Қаламыздағы осы бағыттағы салаға сараптама жасай келіп, өзге қалалардан жұмыс іздеушілер көшкіні азайды - деуге толық негіз бар. Қаладағы экономикалық өсім жұмыссыздық санының төмендеуіне ықпал жасады.

2011 жылы 4339 адам жұмысқа орналастырылып, жыл басынан бері 1965 адам қоғамдық жұмыстарға тартылған. Оқу орнын жаңа бітірген жастарды жұмысқа орналастыру мақсатында «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында 141 мекемеге 724 жас жұмысқа жіберілген.

Өткен жылғы Елбасы тапсырмасымен пилоттық бағдарлама ретінде қолға алынған «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы қазақстандықтар үшін баламасы жоқ бағдарлама екендігін дәлелдеді. Осы бағдарламаны жүзеге асыру аясында 2011 жылы қалалық «Жұмыспен қамту» орталығы ашылды. Қалада бағдарлама үш бағытта жүзеге асырылуда.

Бағдарламаның бірінші бағытына баса назар аударуларыңызды сұраймын. Бұл - жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру, қайта мамандық алғысы келетіндерге көмек көрсету. Осы уақытқа дейін жұмыспен қамту орталығы арқылы нарық сұранысына қажетті 26 мамандық бойынша 443 адам қайта даярлау курстарын бітіріп, 112 азамат кәсіптік білім алуды жалғастыруда.

Ал бағдарламаның екінші бағыты да өте маңызды, яғни, ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту. Бүгінде ауылда өз кәсібін дөңгелетуге шағын несие алу үшін ниет білдірген 63 үміткерге кеңестер берілді, несие шарттарына сәйкес келген 28 азаматқа жақын арада несие беріле бастайды.

Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша биыл қалаға облыс бойынша экономикалық әлеуеті төмен 20 елді мекеннен 60 тұрмысы төмен отбасы облыс орталығына қоныс аударады.

Қазіргі таңда шалғай елді мекендерден келетін тұрмысы төмен осы жанұялар үшін «Сырдария» мөлтек ауданынан 60 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Әзірге қалаға көшіп келуге 13 отбасы талап білдірген. Келген отбасылардың еңбекке жарамды азаматтары жұмысқа мемлекеттің көмегімен орналасады.

Құрметті әлеумет!

Аталған бағдарламамен танысып, өздеріңізге қолайлы бағытта жұмыс жасауға шақырамын. «Ас піс, аузыма түс» деген болмайды. «Талапты ерге нұр жауар» деген, ұсынылып отырған оңтайлы бағдарламаны тиімді іске асырып өз мүмкіндіктеріңізді жіберіп алмауға шақырамын.

Сонымен бірге, әлеуметтік салада мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғамға толыққанды араласуына жағдай жасау мақсатында «Әлеуметтік такси» қызметі ұйымдастырылып отыр. Бүгінде облыстық мүгедектер қоғамы жанынан диспетчерлік бөлімше ашылып, арнайы екі автокөлікпен жүріп тұруы қиын жандарға қызмет көрсетілуде.

Үстіміздегі жылы қала бойынша Ауған соғысы, Чернобыль апаты, Семей ядролық полигонының зардабын жоюға қатысушылар мен мүгедектеріне бір жолғы материалдық көмек үшін қаражат бөлінді. Қаржы сәуір айында төленетін болады.



Азық-түлік өнімдерінің бағаларын тұрақтандыру бағытында атқарылған шараларға тоқталайын.

Ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнімнің көлемі 3,0 миллиард теңгені құрап, өнімнің нақты көлемі өткен жылдың салыстырмалы кезеңінен 1,1 пайызға артты. Біздің қаламыз - өзіне қарасты ауылдық округтерімен және ауыл шаруашылығы саласындағы мүмкіндіктерімен ерекшеленетін бірден–бір қала. Осы ретте, қала дихандарының еңбегімен 11050 тонна картоп, 11870 тонна көкөніс, 7331 тонна бақша өнімдері жиналғанын атап өткім келеді.

Қарапайым халыққа азық-түлікті қолжетімді бағамен ұсыну - қашанда біздің назарымызда. Жыл көлемінде 150 рет ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 562 млн. теңгенің өнімі қала халқына ұсынылды.

Облыс әкімінің бастамасымен тұрғындарға қажетті азық-түлік өнімдерін қолжетімді бағамен ұсыну мақсатында жергілікті бюджеттен 46,8 млн. теңге қаржы бөлініп, бүгінде облыс орталығына ең қажетті өнімдер жеткізілуде.

«Қызылорда» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы 751 млн. теңгеге ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдап, биылғы жылы пайдалануға берілген сыйымдылығы 3250 тн құрайтын көкөніс сақтау қоймасы бар «Алтын қамба» логистикалық орталығында 2500 тн өнім сақталуда.

Осыған орай, қаланың 3 жерінде «Алтын бақ» әлеуметтік дүкендер желісі ашылып, тұрғындарға базар нарқынан төмен бағамен өнімдер ұсынуда. Үстіміздегі жылы тағы да 7 әлеуметтік дүкен ашылатын болады.

Қала халқын маусым аралық кезеңдерде көкөніс өнімдеріне қажеттілігін қамтамасыз ету және олардың бағасын тұрақтандыруды жүзеге асыру бағытында қалада жылыжай шаруашылығын дамыту қолға алынғаны белгілі. Бүгінгі күні қала бойынша барлығы 19350 шаршы метрді құрайтын 41 жылыжай бар.

Сондай-ақ, «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» Қызылорда филиалы, 5 гектар жерге 50 жылыжай кешенінің құрылысын жүргізуде.

Биылғы жылы «Қызылорда әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Қызылөзек ауылы округінен 400 гектар жерге картоп, көкөніс дақылдарын егуге жұмыстар жасауда. Қазіргі таңда Қараөзек өзенінің бойынан құнарлы жер қарастырылып жатыр.

Аталған жұмыстарды атқару арқылы тұрғындардың азық-түлік өнімдеріне деген қажеттілігін өтеу мүмкіндігінің артуына және сырттан әкелінетін тауарларға тәуелділіктің азаюына қол жеткізетін боламыз.



Құрметті қызылордалықтар!

Өткен жыл Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық торқалы тойы екенін ескерсек, тойға тарту ретінде мәдени шаралар да көптің көңілінен шығып жатты.

Атап айтқанда, қалалық демалыс паркінің соңғы қырық жылда жаңаланбаған аттракциондарын жаңарту үшін облыс әкімінің қолдауымен 292 млн. теңге қаржы бөлініп, аталған қаржыға Италияның Падуя қаласынан ауқымды 6 аттракцион орнатылды.

Жалпы бұрын қалалық паркте сағатына 2190 адамға қызмет көрсетілетін болса, бүгінде 5 860 адамға қызмет көрсету мүмкіндігіне қол жеткізіп отыр. Бұл екі есе өсім.

Биылғы жылы да қалалық паркті заман талабына сай жетілдіру жұмыстары жалғасын табатын болады. Облыс әкімінің қолдауымен 209 млн. теңге қаржы бөлініп, 3 аттракцион орнату жоспарлануда.

Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясындағы «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы» ұранымен өткізілген шаралар қала халқына мерекелік көңіл-күй сыйлады. Мерекелік рухтағы бұл шаралар биылғы жылы да жалғасын табады.

Қала көркі әсем ғимараттарымен, қарқынды құрылыстың барысымен ерекшеленеді. Олай болса қаладағы құрылыс жұмыстарының барысымен таныстырып өтейін.

­Қызылорда қаласының бас жоспары негізінде түбегейлі жеті жылға жоспарланған көлемі 500 гектарды құрайтын «Астана» мөлтек ауданының құрылысы 2011 жылы ерекше қарқын алды.

Елордамыздың құрметіне аталған «Астана» тұрғын ауданы болашақта Қызылорда қаласының әкімшілік-саяси, мәдени орталығы және 50 мыңнан астам қызылордалықтың құтты қонысы, шаттық мекені болмақ.

Бүгінде мөлтек ауданда Қызылорда атына лайықты қызыл кірпіштен 13 тұрғын үйден басқа, халыққа қажетті ірі әлеуметтік стратегиялық нысандар салынуда.

Атап айтқанда, балабақша, мектеп, перинаталдық орталық, 200 орындық емхана, облыстық мекемелер Үйі, сыйымдылығы 500 орынға есептелген жатақханасы бар 500 орындық «Қазақ-түрік» лицейі, 80-орындық жатақханасы бар 720 дарынды оқушыға арналған «Назарбаев» зияткерлік мектебі ел игілігі үшін қызмет ететін болады.

Астана мөлтек ауданының идеологиялық маңызын одан әрі айшықтайтын нысан «Сыр-Ана» кешені бой көтеруде.

Бұл - сонау қиын-қыстау замандарда дарияға қарай ағылған барша қазақ баласына пана болған қасиетті Сыр анаға деген ұлық құрметтің белгісі. Нысан негізінен аймағымыздың осы ерекшеліктерін паш етеді. Ескерткіштің сәулеттік пішіні биіктеген сайын өз діңгегіне айнала оралып, әйел мүсінін сомдайды. Ал әйел-ананың самал желмен тербетілген етегі Сырдарияның толқындарын бейнелейді. Кешен құрылысы үстіміздегі жылы аяқталады деп жоспарлануда.

Осы сынды үстіміздегі жылдың тың жоспары ретінде екі жоба жаңалық болып отыр: бірінші жоба - қаланы сол жағалауға дамыту мақсатында Мұратбаев көшесінен дарияның арғы бетіне өтетін аспалы көпір құрылысы болса, екінші жоба - ұзындығы 12 шақырым болатын алты жолақты айналма жол салу.

Қазіргі таңда облыс басшысының қолдауымен аталмыш жобалардың жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу жұмыстары жүруде.

Сондай-ақ, осы мөлтек ауданда бірлігіміздің нышаны ретінде «Достық» үйі мен аймақтың зиялы қауымына арналған «Шығармашылық» үйінің құрылысы басталады.

Сыр елі десе «жырдың елі» деген сөз ойға оралады. Ән мен сөз маржанын терген Сыр сүлейлерін қалай ардақтасақ та жарасады. Осы ретте, кешегі Балқы Базар, Тұрмағанбет, Нұртуған мен Нартай сынды өнер тарландары атанған бабаларымызға арнап Жібек жолы көшесі бойында «Сыр сүлейлері» аллеясын салуды қолға алдық. Дария жағасындағы елдің мәдени мұрасын ұлықтайтын бұл кешен Сыр мәдениетінің саңлақтарын танытудың бірден-бір баспалдағы, болашақта Қызылорда қаласының «рухани қақпасы» болады деп ойлаймын.

Кезінде қазақтың тұңғыш Астанасы болған туған қаламыз несібесін Жер-анадан терген есіл ерлеріміздің маңдай терінің арқасында «Ақ күріштің де астанасы» болды.

Осы үрдістің тарихи жалғасындай олимпиада чемпиондарын тәрбиелеудің алтын ұясына айналған «Сыр спорты» бүгінде «ауыр атлетиканың астанасына» айналып келеді.

Сыр спортының мүмкіндігін одан әрі нығайту, спортқа бейімі бар жас спортшыларға қолдау көрсету, рухы мықты салауатты ұлт қалыптастыру мақсатында қаланың Есенов көшесі бойында жалпы құны 4 млрд-тан астам теңгені құрайтын «спорт қалашығы» бой көтеруде.

Мұнда салынып жатқан теннис корты, хоккей алаңы, мұз айдыны кешені, аквапарк секілді 12 нысанның әрқайсысы қалалықтар үшін жағымды жаңалық болғалы тұр.



Ардақты ағайын!

Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету – Елбасы саясатының ең басты бағыты. Бүгінде қалада баспанаға мұқтаж адамдар саны толастар емес, қала бойынша тұрғын үй кезегіне 2005 жылдан бастап 8124 отбасы 12 санат бойынша кезекке тіркелген.



«Үйі жоқтың, күйі жоқ» екені айтпаса да түсінікті. Осыны ескерген, Елбасымыз биылғы Жолдауында «Қолжетімді баспана» саясатын жүзеге асыруды нақтылады.

2005-2011 жылдар аралығында қала бойынша 47 тұрғын үй салынып, 2072 пәтер пайдалануға берілді.

2011 жылы 200 пәтер пайдалануға берілсе, үстіміздегі жылы тұрғын үй саясатын жүзеге асыру мақсатында 5 арендалық, 2 ипотекалық үй салынып, барлығы – 214 пәтер беру жоспарланып отыр.

Біз – жетімін жылатпаған халықпыз. Осы орайда, біз республикада бірінші болып заманауи үлгідегі «Жасөспірімдер үйін» салуды қолға алдық. Бұл да болса - жетімдер үйін жағалап өскен жеткіншектерімізді қамқорлыққа алып, баспанамен қамтамасыз етуіміз - елдіктің көрінісі.

Сонымен қатар, аймақта білікті дәрігерлерді тұрақтандыру мақсатында медицина саласы қызметкерлеріне арнап 50 пәтерлік үй және бюджеттік сала қызметкерлеріне арналған 30 пәтерлік үй құрылысы биыл аяқталмақ. Осы үйлерді қоса есептегенде қала көлемінде биыл 400-ге жуық пәтер пайдалануға беріледі деген жоспарымыз бар.

Қаланың ең өзекті мәселесіне айналған көпқабатты үйлердің коммуналдық мәселесін шешудің жолы ашылды. Елбасымыздың бастамасымен 2011-2020 ж.ж. аралығындағы пилотты жоба ретінде алғаш рет қолға алынған тұрғын үй шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында Ақмешіт, Мерей, Шұғыла мөлтек аудандарындағы 18 көпқабатты үй қайта түледі.

Қаланың көп қабатты үйлерінің 70 пайызы күрделі жөндеуді қажет ететінін ескерсек, 7 жылға пайызсыз несие ретінде берілетін мемлекеттің көмегін пайдалана отырып, қаланың тұрғын үй секторын жаңартып алуымыз қажет. 2012 жылы аталмыш бағдарлама аясында республикалық бюджеттен 815 миллион теңге қаржыға қаладағы 40-тан астам үй жөнделетін болады. Халықтан асқан ұлық жоқ, бұл жұмыстардың барлығын өздеріңізбен ақылдаса отырып бірге атқаруға шақырамын!

Қала көркі мен демалыс орындарын жақсартамыз деп, скверлер, ескерткіштер салынып жатыр. Бірақ, вандализм, яғни себепсізден-себепсіз сындырып, жұлып тастау, бүлдіру фактілері жиі орын алып отыр. Осы орайда, өз қаламызға деген жанашырлықтың кемшін түсіп отырғаны қынжылтады. Менің айтарым, барша қауым болып жастардың бойынан өрескел жат қылықтарды арылтып, оларды мәдениетке тәрбиелеуді үйретсек деймін.

Бұл бағыттағы жұмыстар да баршылық. Былтыр қаланың үкіметтік емес ұйымдарын мемлекеттік қолдау бағдарламасы аясындағы әлеуметтік маңызды жобалар үшін, 4 млн. теңге көлемінде қаржы бөлініп, жұмыстар жүргізілді. Осы ретті пайдалана отырып, қаладағы қоғамдық ұйымдарды туған қаламыздың өсіп өркендеуіне қатысты бірлесе жұмыс жасауға шақырамын, тың идеялар күтемін!

Жыл көлемінде жастар саясаты бойынша тиісті жұмыстар атқарылып, “Эрудит” көшбасшылар мектебіне тұрақты қолдау көрсетілді. Биылғы жылы әр сала бойынша үздіктерге, ауыл жастарына “қала әкімінің премиясын” тағайындайтын боламыз. Сонымен қатар, жыл басында өткен ҚР Мәжіліс және мәслихат сайлауындағы қаладан мандат алған екі депутаттың жастар өкілі екенін ескеріп, қала әкімінің жастар ісі жөніндегі кеңесшісі ретінде жұмыс жасайтындығына сенімім мол.

Білім саласы бойынша. Бүгінде қала бойынша 51 мектепте, 41 мыңнан астам оқушы білім алуда. Оларға 5055 ұстаз дәріс береді.

Қазіргі таңда білім саласының басты көрсеткішінің негізгі өлшемі болып табылатын ұлттық бірыңғай тестілеуге бітірушілердің 85,8 % қатысты. Тест нәтижесінде жалпы мектептер бойынша орташа балл көрсеткіші - 90,67 құрады.

Білім сапасын жоғарылатуда қандай кезеңде болмасын мұғалім рөлін ешнәрсемен ауыстыруға болмайтыны белгілі. Осы орайда, 2011 жылы қаланың ең үздік 10 мұғаліміне «қала әкімінің стипендиясы» тағайындалды. Сондай-ақ, 2011 жылы білім саласының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында бюджеттен қаражат бөлініп, қала мектептері 100 компьютермен толықты.

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» - деген, бүлдіршіндеріміздің жан-жақты, білімі толысқан, тәрбиелі бала болып өсуі үшін барынша жағдайлар жасауымыз керек.

Соңғы үш жылда сыйымдылығы 280 орыннан жоғары жаңадан 6 балабақша, 34 жеке балабақша және 36 шағын орталықтар ашылды. Соның нәтижесінде 3-6 жас аралығындағы мектепке дейінгі балаларды тәрбиемен қамту 37 пайыздан 66 пайызға өсті.

Сондай-ақ, биылғы жылы қаламыздың Саяхат, Ипподром аудандарынан 280 орындық, Шымбай, Шанхай, Наурыз мөлтек аудандары мен Қызылжарма елді мекенінен барлығы 1040 баланы қамтитын 6 балабақша ғимараттарының құрылысы салынады.

Коммуналдық салада қала тазалығы - басты мәселе. Осы қызметке келгелі менің басты ұстанымым – қалада «тазалық мәдениетін» жоғарылату болатын. Бұл мәселе менің басты назарымда болып қала береді.

Бүгінгі таңда қаладағы санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу үшін қала аумағын 20 нақты секторға бөлу өз тиімділігін көрсетіп келеді. Тиісті мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 10 мамандандырылған арнайы техника алынып, бүгінде ел игілігіне пайдаланылуда.

Өздеріңізге белгілі, 2010 жылы облыс орталығында орнатылған жерасты контейнерлері тұрғындар арасында оң серпіліс қалыптастырып, күнделікті қолдануға ыңғайлылығымен қолдау тапқан болатын. Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру үшін 2011 жылы да 30 жерасты контейнері орнатылды.

Сонымен қатар, өткен жылы Өздеріңіздің араларыңыздан шыққан қоғамдық кеңесшілердің араласуымен мониторинг жүргізіп, 155 егесіз күл-қоқыс орындарын анықтап, оларды жоюға жұмыс жасадық.

Баяндама басында қала тұрғындарының басты проблемасы пәтер мен жер екенін атап өткен болатынмын. Мұндағы негізгі сұраныстар мен өтініштер - кезектен тыс пәтер мен жер беру мәселесі болып тұр.

Осы сәтті пайдалана отырып, қала тұрғындарына пәтер және жер телімдерін табыстау қолданыстағы заңнамалар аясында тек кезектілік арқылы берілетінін ерекше атап өткім келеді. Кезектен тыс бер деп есік жағалап, қызметкерлерді заң бұзушылыққа итермелеуді тоқтатқан дұрыс деп есептеймін.

2005-2011 жылдар аралығында 36 573 азаматтың жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер беру туралы арыздары кезекке алынған.

Қала бойынша жер табыстау, қалыптасқан жағдайды зерттеу мақсатында өткен жылдың қазан айында облыс әкімінің өкімімен арнайы жұмысшы тобы құрылды.

Жұмысшы тобының Аспалы көпір (горбатый мост) мен Жаппасбай батыр көшелерінің қиылысынан әрі қарай, Досан ауылына дейінгі аралықта таңдалған 980 гектар жердің түбегейлі жоспарлау жобасымен, қажетті инфрақұрылымын жеткізу жұмыстары аяқталған соң, шамамен сегіз мыңдай (8000) азаматтың өтінішін қанағаттандыруға мүмкіндік туады. Бұл мақсатта облыстық бюджеттен 56 млн. қаржы бөлініп отыр.

Қоғамдық көлікке байланысты көпшіліктің көкейінде бір сауал бар екенін білемін. Өткен жылдың басында қаладағы көлік қатынасын ұйымдастыруға қала бойынша тендерді жеңіп алған «Көлік сервис» мекемесіне тасымалдаушы автокөліктер күнделікті жұмысқа шығарда арнайы техникалық тексеруден өтіп, жүргізушілер мен кондукторларға жұмыс уақытында арнайы форма киіндіру, жолаушылармен қарым-қатынас мәдениетін сақтау, жыл сайын 30 пайыздан жылжымалы құрамды жаңарту талаптары қойылған болатын. Алайда, аталмыш мекеме тарапынан тендер шарттарын өз дәрежесінде орындамау фактілері анықталуда. Осыған сәйкес, тиісті сала мамандары мен мердігер мекемеге 3 айдың ішінде жағдайды тиісті қалыпқа келтіру, автопаркты жаңалау қатаң тапсырылды.

Қызылорда - өзге өңірлермен салыстырғанда 6 есе арзан көгілдір отын тұтынуымен ерекшеленеді. Қызылорда қаласының жылу қуат көздерін және тұрғын секторын ілеспе газға көшіру» жобасы аясында 2011 жылы республикалық бюджеттен 875 млн. теңге бөлініп, «Шанхай», «Сәулет», «КБИ» және «Жаңа ауыл» аудандарында газдандыру жұмыстары жүргізілді, 4 ГРП орнатылып, 137 шақырым жоғарғы және төменгі қысымды газ құбырларының құрылысы салынып, нәтижесінде 5870 жеке сектордағы және 15 көпқабатты тұрғын үйлер ілеспе газға қосылуға мүмкіндік алды.

Аталған жұмыстарды қоса есептегенде, өткен жылы аталмыш жоба толығымен аяқталды. 2004-2011 жылдары барлығы 594 көпқабатты тұрғын үй, 17 мыңға жуық жеке тұрғын үй көгілдір отынға қосылды.

«Қызылорда қаласының жаңа мөлтек аудандарын газдандыру» жобасына облыстық бюджеттен 79,0 млн. теңге қаржы бөлініп, жобалық-сметалық құжаттары әзірленді. 2012 жылы осы жоба аясында «Казтрансгазаймақ» қаржысы есебінен Әл-Фараби көшесінің аумағы, Қызылжарма каналының сол жақ беті, СПМК-70, Рисмаш, «Саяхат» мөлтек аудандарын және Әскери бөлім аумағын газдандыру жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

Қадірменді жерлестер!

Қорыта келе, шахар тұрмысының тынысы белгілі болды деп ойлаймын. Елбасымыз: елінде ән-дариясы, жерінде жыр-дариясы бар өлке деп танып, ерекше қамқорлығына алған Сырдың бас қаласының бүгінгі даму келбеті Баршаңыздың көз алдыңызда.



«Ұлтарақтай болса да, ата қоныс жер қымбат, ат төбеліндей болса да, туып өскен ел қымбат» дейді халқымыз, күн сайын туған қаламыздың тұрмыс-тірлігін түгендеп, тыныс-бірлігін бүтіндеу, оның алымы мен қарымын қадағалау халық алдындағы жауапкершілік, өз еліңе деген жанашырлық деп түсінемін.

Осы уақыт ішінде қаланың әлеуметтік-экономикалық, индустриалды-инновациялық, инвестициялық мүмкіндіктерін талдап, таразылай келе, ошағынан от, қазанынан құт кетпеген ырысты елдің сәулетті шаһарында тыңға түрен салған соны серпілістер әлі де күтіп тұр деп есептеймін.



«Тығулы жатқан алтынның топырақ басқан тастан артық не қасиеті бар» дейді халық даналығы. Халқымыздың басынан өткен алмағайып кезеңдерге көз жүгіртіп, бүгінгі күнге күпірлік етпей, шүкірлік ету халқымыздың бойында бар қасиет деп есептеймін. Бірлігімізге тірлігіміз жарасып, туған қаламызды тарихи маңызына сай дамытып, өркендету – ортақ іс деп білемін.

Алдағы уақытта да межелі міндеттерді ел мүддесіне сай жүзеге асыру одан әрі жалғасын табады.



Ал, ардақты ағайын, баяндама барысымен таныстыңыздар. Енді, көкейде жүрген сұрақ- тілектеріңіз болса, тыңдауға әзірмін.

Ықылас қойып, тыңдағандарыңызға рахмет!

Қала әкімінің баспасөз қызметі


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет