Қызылорда облысындағы еңбек көші- қонының ерекшеліктері



жүктеу 46.21 Kb.
Дата12.07.2016
өлшемі46.21 Kb.
Қызылорда облысындағы еңбек көші- қонының ерекшеліктері
Умирзакова Меруерт Абдуалиевна - э.ғ.к., аға оқытушы

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Қызылорда қаласы


Бұл мақалада - Көші-қон үдерістері елдің еңбекке қабілеттілігіне әсер етеді, сол арқылы экономикалық дамуға ықпалын тигізеді. Осыған орай, көші-қонның Қызылорда облысының еңбек әлеуетінің жағдайына тигізетін ықпалының әртүрлі аспектілерін зерттеу аса өзекті мәселелердің бірі болып саналады. Өңірлік еңбек көші-қон үдерістерін талдау негізінде еңбек мигранттары, жергілікті тұрғындар, көші-қон саласы мамандары арасында сауалнама жүргізіліп, оның нәтижелері бірқатар белгілері бойынша жіктеліп, өңірлік көші-қон саясатын жетілдіруге қатысты тұжырымдар негізделді.

Көші-қон үдерістері - адамзат даму тарихының барлық кезеңдерінде тұрақты түрде қалыптасқан құбылыс. Көші-қон қозғалыстары тұрғындардың өмірлік жағдайларды сезінуін, қоғам өмірінде болып жатқан өзгерістерді дәл және айқын сипаттай алатын әдістердің бірі.

Бүгінгі күні әлемнің көптеген елдерінде көші-қон саясаты үлкен мәселеге айналып келеді. Макроэкономикалық деңгейде көші-қон – еңбек нарығының қызмет етуінің қажетті шарттарының бірі. Оның ауқымы мен бағыттары кәсіпорындар мен салалардың сандық тұрғыдағы еңбекке жарамдылығымен ғана емес, сонымен бірге, жеке қызметкердің еңбек әлеуетінің сапасымен де байланысты.

Көші-қон үдерістерін зерттеп-тануда оның факторларын анықтаудың орны зор. Біздің көзқарасымыз бойынша, тұрғындар көші-қонының негізгі факторлары көші-қон теориясы мен тәжірибелік ұсыныстарды жасақтауға бағытталған қолданбалы зерттеулер арасын байланыстырушы буын болып табылады, себебі көші-қон факторлары бұл – нақты өмір сүріп тұрған шынайы, объективті құбылыстар. Сондықтан да, көші-қон факторлары оның себептері арқылы нақтыланады деген тұжырым жасай аламыз.

Облыста, жалпы республика аумағындағыдай, 90-жылдардың басынан бастап еңбек көші-қоны қарқынды түрде белең ала бастады. Оның негізгі себептері ретінде келесілерді атап көрсетуге болады: түбегейлі өзгерген экономикалық қатынастар, бюджеттік мекемелердің төменгі жалақысы, шекаралардың ашылуы, яғни елге кіріп-шығу шарттарының жеңілдетілуі және т.б.

Осы кезеңнен бастап, нарықтық қатынастар мен мемлекеттік шекаралардан еркін қозғалу шарттарының жүзеге асуына байланысты уақытша еңбек көші-қоны қалыптаса бастады. Бүгінгі күні бұл ең үлкен және қарқынды көші-қон ағыны болып саналады.

Тұрғындар көші-қоны халық саны мен аумақтық орналасуының өзгеру факторлары болып табылады. Көші-қондық ағымдардың қарқындылығы әлеуметтік, экономикалық, саяси, экологиялық факторларға тәуелді өзгеріп отырады. Осы факторлар қазіргі кезеңдегі Қызылорда облысында қалыптасқан демографиялық ахуалды да анықтап отыр.

Облыстағы халық саны 2012 жылдың 1 қыркүйегіне ағымдағы деректер бойынша 722,4 мың адамды құрады, оның ішінде 38,2 мың адам Байқоңыр қаласындағы Қазақстан Республикасының азаматтарының үлес салмағында. Туылғандар санының артуы әсерінен халық саны 2011 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,9 %-ға артты.

2012 жылдың қаңтар-маусымындағы облысқа келгендер саны 2011 жылғы қаңтар-маусыммен салыстырғанда 1,3%-ға, ал кеткендер саны 10,9%-ға азайды. Облыстағы негізгі көші-қон алмасуы басқа облыстардың есебінен болуда. Басқа облыстан келгендердің және сол облысқа кеткендердің үлесі тиісінше 41,0 және 49,1 пайызын құрады.

Қызылорда облысы аумағындағы еңбек иммигранттарының ең көп санын құрайтындар - Өзбекстан азаматтары. Осыған орай біз, облыс аумағындағы өзбекстандық еңбек мигранттарының Қазақстанда еңбек етуінің әлеуметтік-экономикалық негіздерін, еліміздің еңбек көші-қоны саласындағы заңнама мен оның іс-жүзінде орындалуын білу мақсатында бірнеше топтар, атап айтқанда: Өзбекстаннан келген еңбек мигранттары, жергілікті тұрғындар, өзбек жұмысшыларына жұмыс берушілер, және көші-қон саласының қызметкерлері арасында арнайы сауалнама жүргіздік.

Қазақстан халқы өз тәуелсіздігіне ие болып, рынок қатынастарына көшіп, дербес әлеуметтік-экономикалық саясат жүргізе бастаған кезде ел жағдайының жедел жақсаруына ең әуелі мұнай-газ секторына құйыла бастаған шетелдік инвестициялардың жағымды әсер еткені белгілі. Бұл жағдай экономиканың басқа салаларына да серпіліс туғызып, елімізде көптеген жұмыс орындарының ашылуына себепші болды.

Қызылорда облысы бойынша бірлескен 23 кәсіпорындар жұмыс атқарады. Жұмыс атқарып жүрген қазақстандық мамандардың саны 7778 адамды құрайды. Шетел жұмыс күшін тартуға - 206, мерзімін ұзартуға – 207, барлығы 413 рұқсат берілді. Қазіргі таңда рұқсатпен 419 шетел азаматтары жұмыс атқарып келеді, оның ішінде 1-санат бойынша 8 адам, 2-санат бойынша 411 адам.Тартылған шетел мамандарының басым көпшілігі мұнай-газ саласында жұмыс атқарады.

Шетелдік жұмыс күшін тартудағы басты міндеттерді ала отырып, Ережеге сәйкес құжаттары толық және тиесілі рәсімделмеген және жергілікті еңбек нарығында мамандардың болуына байланысты 185 шетел азаматтарына рұқсат беруден бас тартылды.

Еңбек көші-қонын реттеу жөніндегі көші-қон саясаты мемлекет стратегиялық басымдық деп айқындаған салаларда (нанотехнология, биотехнология, ақпараттық жүйелер, көлік пен коммуникация және қызметтің басқа да индустриалдық-инновациялық салалары) жұмыс істеу үшін шетелден біліктілігі жоғары кадрларды тартуды көздейді.

Аталған бағытты іске асырудың негізгі мақсаты еңбек көшіп-қонушыларының көмегімен Қазақстанның бәсекелестік артықшылықтарын күшейту, атап айтқанда:


  • ғылымның, экономиканың жоғары технологиялық және инновациялық секторларының зияткерлік еңбек ресурстарына ұзақ мерзімдік сандық және сапалық қажеттіліктерін бағалау және оларға жүйелік мониторинг жүргізу;

  • өңірлік еңбек нарықтарының мүмкіндіктерін ескере отырып, халықтың көші-қон ұтқырлығын арттыру тетіктерін жетілдіру;

  • жергілікті кадрларды даярлауды және жұмысқа орналастыруды жүзеге асыратын шетелдік қатысушылары бар кәсіпорындар үшін экономикалық ынталандыру шараларын жасау болып табылады.

Осылайша, тұрғындар көші-қоны - қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуының қажетті және заңды үдерісі. Ол еңбек ресурстарының барлық деңгейіндегі ұдайы өсіп-өнуінің факторы болып табылады, экономикаға елеулі ықпалын тигізеді. Сонымен бірге, көші-қон ауқымы, сипаты мен бағыттары жекелеген аймақтар мен жалпы қоғамның экономикалық даму жайы мен қажеттілігіне тәуелді.

Еңбек мигранттарының санының өсуіне көптеген әрқилы, сонымен қатар өзара тәуелді факторлар әсер етеді. Осы факторлардың өзара әрекеттесуінің механизмдерін, сондай-ақ оның еңбек нарығына және тұтастай алғанда бүкіл экономикаға әсерін білу көші-қон стратегиясын жасап шығу үшін өте маңызды.



Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1. Кваша А.Я., Ионцева В.А. Современная демография. –М.: 1995. -102 с.

2. Киреев А.П. Международная экономика. Часть І. –М.: 2000. - 325 с.

3. Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы.-Қызылорда, 2012 ж.- 9 б.



4. Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметтері.-Қызылорда, 2012 ж. –3 б.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет