Ж.Қ. Астамбаева, Г. И. Уәйісова, Шағын жинақты бастауыш мектептегі педагогикалық үдеріс теориясы мен технологиясы: Алматы, 2010, 85 бет


Шағын жинақты бастауыш мектептегі пәндерді оқыту барысын ұйымдастырудың ерекшелігі



бет3/43
Дата19.06.2022
өлшемі3.32 Mb.
#459352
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   43
Skbm

Шағын жинақты бастауыш мектептегі пәндерді оқыту барысын ұйымдастырудың ерекшелігі
Шағын жинақты бастауыш мектеп дегеніміз балалардың саны аз, оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудың өзіндік ерекшелігі бар, біріктірілген сыныптардан тұратын жалпы білім беретін мектепті айтамыз.
Нақты айтқанда, 1999-жылғы маусымның 7-сінде (№389-І ҚРЗ) бекітілген Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында ШЖМ-ке мынадай анықтама беріледі: «шағын жинақталған мектеп - сынып-жинақтамалары аралас және оқу сабақтарын ұйымдастырудың өзіндік нысаны бар, оқушылар саны шағын жалпы білім беретін мектеп». ШЖБМ-те мұғалім бір уақытта бірнеше сыныппен сабақ жүргізеді: екі комплектілі мектепте – екі сынып, ал бір комплектілі мектепте – үш немесе төрт сынып біріктіріліп, бір сыныпты құрайды.
Сыныптарды комплектіге біріктіру, оның негізінде сабақ кестесін құру, соған байланысты сабақтың күнтізбелік жоспарын жасау, сабақтың жоспарын жасау, сабақтың уақытын дұрыс, тиімді пайдалану мәселелері бұндай мектептердің мәнді белгісі болып табылады.
Егер мектепте барлық балалар саны 15-тен аспайтын болса, 1- сынып комплект, 15-тен жоғары 2 немесе 3-сынып комплект болуы тиіс. Мұнда 1 сынып-комплект 20 оқушыдан аспауы керек делінген. (Гигиенические требования к условиям обучения школьников в различных видах современных общеобразовательных учреждений № 2.01.07.-99.г §2 Пункт 9.11 - 21 стр.).
Мұнда екінші сынып-комплект өте дұрыс, оларды біріктіргенде 1+3 сыныптарды, 2+4 сыныптарды біріктіру қажет делінген. Егер де бала санының аздығына байланысты, яғни 5-тен 15-ке дейін ғана бала болса, онда 1 сынып-комплект - 1, 2, 3, 4 сынып оқушылары бірге оқитын жағдайда тиімді жылжымалы сабақ кестесін жасау керек болады делінген.
«ҚР Жалпы білім беретін мектептердің қызметін ұйымдастыру тәртібі туралы Ережелерде»: (-2000 ж. №32 (6)) «Жалпы білім беретін мектептерде оқыту үдерісін ұйымдастыру мен оқу-тәрбие үдерісінің жоспары оқу жоспары негізінде құрылып, жылдық күнтізбелік оқу кестесі мен сабақ кестелері арқылы реттеледі»,- делінген.
ШЖМ мұғалімінің алдындағы негізгі педагогикалық мақсаты – бағдарлама мен мектеп белгілеген жоспарды орындап шығу.
ШЖМ-нің оқу-тәрбие үдерісінің бірнеше өзіндік ерекшеліктері бар: біріншіден, сабақтың ерекшеліктері: бірнеше сыныппен бір уақытта жұмыс істеу сабақтың құрылысын анықтауды, оқушы мен мұғалімнің іс-әрекетін дұрыс ұйымдастыруды қажет етеді.

  • өздік жұмысты мұғалім әр сынып сайын міндетті түрде ұйымдастырып отыруы тиіс;

  • сабақтың екінші ерекшелігі – тікелей мұғалімнің басшылығымен атқарылатын жұмыстың оқушының өздік жұмысымен алмастырыла жүргізілуі;

  • осы екі ерекшелік – ШЖМ-нің негізгі мектептен төмендегі ерекшелігін туғызады: бір сыныптың өздік жұмысына бөлінген уақыт мұғалімнің басшылығымен жұмыс істеп отырған келесі сыныпқа бөлінген уақытқа байланысты.

Екіншіден, 3-4 сынып қатар оқытылатындықтан, сабақ кестесін, сабақ жоспарын дұрыс жасау, оқушылардың өздері орындайтын жұмыстарын шебер ұйымдастыру, сабақ уақытын дұрыс, тиімді пайдалану қажет.
ШЖБМ-тегі оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастырудың ерекшеліктері:
- бір сыныппен жұмыс істегенде сабақтың мақсаты, логикалық құрылымы оқушы мен оқытушыға бірдей, ал бірнеше сыныппен жұмыс істеуде бір сабақ әрқайсысы бір сабақ ретінде бірнеше кішкентай сабақтардан тұрады да, мұғалім бір күнде 8-16 сабаққа, оның әр бөлігін санағанда, 32-40 сабақшаларға, олардың логикалық байланысы әр кезеңнің мақсаты мен міндетіне қарай уақытында тиянақты дайындалуы қажет.
- бір сабақтың үстінде мұғалім әр түрлі жастағы, ой-өрісі мен білім дәрежесі әр түрлі оқушылармен жұмыс жүргізеді, сондықтан ол балалардың психологиясын жақсы білуі тиіс;
- шағын жинақты мектептер орта мектептерден алшақ орналасады, сондықтан мұғалімнің басқа оқытушылардың сабақтарына қатысып, араласу, тәжірибе алмасу, үлгі алу мүмкіндіктері аз болады, шыңдалудан гөрі жауапкершіліктері төмендеп, сабақ тиімділігін төмендету қаупі туады.
- мұғалім сабақ барысында ұйымдастырылатын өздік жұмыстардың мазмұнын, көлемін, оларды орындау әдіс-тәсілдерін түрлендіріп, оқушылардың білім деңгейіне, жас ерекшеліктеріне, орындау жылдамдықтарына қарай лайықтап, орындау уақытын белгілеп, оны тиянақты болмауды ойластыруы қажет. Өз бетімен жұмысты орындау әрбір оқушыға түсінікті болуы керек және де көрнекі құралдар, карточка, перфокарта, дидактикалық материалдар саны барлық балаларға жететіндей болуын қадағалау керек.
ШЖМ-нің бірнеше өзіне тән тиімді жақтары да бар:
- балалардың саны аз, сондықтан мұғалім әрбір оқушыны, оның қызығушылығын арттыруына, отбасын тез, жақсы тануына көп мүмкіндік бар.
- дәптер тексеруге, жеке-дара өздік жұмысқа арналған жаттығулар іріктеуге аз уақыт жұмсалады.
- оқушылардың тәртіп бұзушылығы аз болады.
- оқушылар бірінші сыныптан бастап, өз бетімен жұмысқа бейімделеді.
- бір оқу бөлмесінде күнделікті бірге болғандықтан, жоғары сынып (3-4) оқушылары кіші сынып оқушыларына көмек береді.
- әрбір баланың білім деңгейлерін анықтап, олардың білім, білік, дағдыларының деңгейлерін көтеруге мүмкіндік мол.
- аталмыш мектеп мұғалімі пәнаралық байланысты жүзеге асыруға, кеңінен қолдануға тырысады.
ШЖМ-тің жоғарыда келтірілген артықшылықтарымен қоса, кешшіліктері, кері жақтары да бар:
- мұғалімдер ұжымының аздығына қарай, әрбір мұғалімнің шығармашылық белсенділігінің артуына жол болмайды;
- сабаққа дайындалуда оқытушы шектен тыс жүктеме орындайды;
- мұғалім әрбір сыныппен сабақтың белгілі бір бөлігінде ғана жұмыс жасауға мүмкіндігі бар, ал қалған уақытта тек оқушылардың өздік жұмысын ұйымдастыруға, оны басқаруға ғана жұмсалады;
- мұғалімнің зейіні екі немесе одан да артық сынып оқушыларына бөлініп отырады;
- өзіндік жұмысты орындау барысында оқушылар мұғалім тарапынан жеткілікті мөлшерде көмек ала алмайды;
- белгілі бір жастағы балалар болмағандықтан, ұжымдық жұмыс ұйымдастыруға мүмкіндік жоқ;
- оқушылардың өздік жұмысы басқа сынып оқушыларының шуылы, кедергі жасауы барысында жүргізіледі, мұның өзі оқушының тапсырманы түсіне отырып орындауына кері әсер етеді;
- ШЖБМ оқушылары көпке дейін өз ойын ашық айтуға, қандай да бір мәселені ауызша талдауға, өзгенің талдауын, талқылауын, ойын тыңдаудан кенде, кейін қалады;
ШЖБМ бағдарламасын өз деңгейінде орындап шығу қазіргі кездегі көкейкесті мәселелердің бірі, өйткені қойылатын талап негізгі мектептермен бірдей. Аталмыш мектеп жағдайында бағдарламаны сапалы орындау төмендегі жағдайларды, талаптарды орындағанда ғана мүмкін болады: - егер мұғалім ШЖМ -нің өзіндік ерекшелігін, сабақтың ерекшелігін түсіне, сезіне алатын болса;
- егер мұғалім ШЖМ математика сабағын ұйымдастырудың мәселелері бойынша қажетті теориялық және практикалық дайындықтан өткен болса;
- математика сабағында мұғалім балаларды қызықтыра алатындай, сабақты түрлендіре жүргізетін, олардың сабақтағы іс-әрекетін ұйымдастыру формаларын дұрыс қолданатын болса.
ШЖБМ мұғалімдерінің жұмысындағы қиындықтарға қарамастан, республикамыздың мұғалімдері оқушыларды екінші жылға қалдырмай, толық үлгеріммен жұмыс істеп, оқушыларға терең және берік білім беріп, олардың өз бетімен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруда.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   43




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет