Көтерілістің себептері. XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап Бөкей хандығында (1801 жылы 11 наурызде қүрылды) ауылдардың еңбекші халқына жасалған экономикалық қысым күшейіп, ғасырлар бойы қалыптасқан қоғамдық укладтың бірқатар маңызды жақтары күрт күйреді. Астрахань губернаторының үйінде тәрбиеленген Жәңгір хан қырға хандықтағы қоғамдық тұрмыс пен саяси құрылымді кейбір әдет-ғұрыптық институттардан бастап жер жөніндегі қатынастарға салық саясатына және хан сарайына дейінгінің бәрін қайта құрамын деген «аристократтық өркениеттік» жоспарлармен оралды. Артта қалған жартылай көшпелі қазақ қоғамы негізінде ол хан өкіметіне де патша тағының саясатына да, бірдей дәрежеде құлақ асқыш өзінше бір үлгідегі регионалдық хандық құрмақ болды. Алайда көшпелі және жартылай көшпелі ұжымдар ханның бұл «еңгізбекші жаңалықтарын» қабылдауға дайын емес еді.
Хан өкіметінің патша әкімшілігінің органдарына және ірі жергілікті феодалдық шонжарларға арқа сүйеп барынша күш сала жүргізген саясаты феодалдық және отаршылдық езгінің күрт күшеюіне, шонжарлардың ауылдық-қауымдық жерлерді жаппай тартып алуына әкеліп соқтырды. Осының салдары ретінде бұл саясат шаруашылық өмірдің берекесін кетірді, ауыл ұжымдарының экономикалық күш-қуатын құлдыратты, кедейленген және кедей шаруашылықтар санын көбейтті, халықтың арасында сенімсіздікті күшейтіп, хан өкіметінің беделін күрт түсірді, орныққан тәртіпті өзгертпекші ниеттерді туындатты.
Осындай жағдайда әсіресе 1836-1837 жылдары хандықтың іргесін шайқалтқан қазақ малшы шаруа бұқарасының көтерілісі болды.
Достарыңызбен бөлісу: |