Жалпы жер көлемі – 76646 га. Оның ішінде: 3114 га егіндік, 8824 га шабындық, 64708 га жайылымдық жерлер. Округ елді мекендеріндегі 329 тұрғын үйде 2007 тұрғын тұрады



Дата23.02.2016
өлшемі101.28 Kb.
#9215
Құрметті ауылдастар!

Қазақстан Республикасы 2010 жылды жаңа экономикалық жетістіктермен , жаңарған саяси құрылыммен қарсы алды. Ел басымыз Н.Ә.Назарбаевтың 2010 жылғы «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында әдеттегідей жеткен жетістіктерді саралап , келешекті бағдарлауға, ең бастысы – баршаға ортақ ұлы мақсатқа жетудің дұрыс жолын бірлесе айқындауға бағытталды.

2010 жылдың желтоқсан айының 1-2 күні Елордамызда өткен ЕҚЫҰ- ның

Астана Саммиті – үшінші мыңжылдық қарсаңындағы дүниенің алдын кесе көлденеңдеген сан мың сауалдың ортаға салынар орталық нүктесі болғаны ақиқат. ТМД аумағындағы республикалардың ішінен бірінші болып Саммиттің тізгінін ұстау - барша Қазақстандықтар үшін үлкен мақтаныш, абырой және қазақтың пешенесіне жазылған тарихи мүмкіндік болғаны ақиқат. Саммиттің арқасында әлем «Астана рухын» сезініп, оның көп этносты және біртұтас халқын таныды, Қазақстанның халықаралық беделі мен Мемлекет басшысының бейбітшілікті нығайту жолындағы ерен еңбегін мойындады.

Елімізде орын алған маңызды саяси оқиғаларды саралай келе, ауылдық округінде 2010 жылы атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталайын:

Біржан ауылдық округінде: 1 орта, 1 шағын жинақталған орта және

1 бастауыш мектептері, 1 дәрігерлік емхана бөлімшесі, 2 фельдшерлік - акушерлік пункт, 1 пошта бөлімшесі, 2 байланыс торабы, 1 кітапхана,

1 мәдениет отауы, 1 учаскелік полиция тірек пункті, 2 сауда дүкені, 5 сауда дүңгіршегі, 1 шаштараз, 2 наубайхана, 2 май сығу цехы және 2 автотехника жөндеу цехы халыққа қызмет көрсетуде.

Сондай-ақ 84 шаруа қожалықтары мал өсіріп, егіндік шаруашылығымен айналысуда.



Жалпы жер көлемі – 76646 га. Оның ішінде: - 3114 га. егіндік, 8824 га. шабындық, 64708 га. жайылымдық жерлер.

Округ елді мекендеріндегі 329 тұрғын үйде 2007 тұрғын тұрады.

Ауыл бойынша келсек: Ақарал – 34 үй – 227 адам

Біржан – 203 үй – 1257 адам

Қуаныш – 92 үй – 523 адам

Тұрғындардың 192 зейнеткер, 304 оқушылары болса, 621 жұмысшы түрлі салаларда еңбек етеді, және жан саны 284 адамды құрайтын 55 оралмандар отбасылары қоныстанған.

2010 жыл көлемінде 13 жас отбасын құрып, неке қидырса, 39 бүлдіршін өмірге келіп, 20 адам қайтыс болды.



Ауылдық округінің экономикалық дамуының басты бағыты – ауыл шаруашылығы саласы болып табылады.

Округте 84 шаруа қожалықтары мен жеке тұлғалар мал өсіріп, егіндік шаруашылығымен айналысуда.

Жыл көлеміндегі барлық мал басының есебі:



Мал түлігі

01.01.2010 жыл

01.01.2011 жыл

Салыстырмалы көрсеткіш

Ірі - қара

4897

4935

+ 38

Қой - ешкі

13285

7405

- 5 880

Жылқы

1036

1071

+ 14

Құстар

1170

1208

+ 38

Мал басына қатысты мәліметтер бойынша шаруа қожалықтары мен жұртшылықтың бағымында ұсақ малдар күрт кеміп кетті. Негізгі басты себебі - округтегі қой-ешкі малдарында белең алған бруцеллез ауруы, және ұсақ малдарға тараған ауруды сылтауратып, тұрғындардың малдарын сатуы. Барлық мал түлігінің айлық, жылдық кіріс-шығысы, түрлі жұқпалы аурулардан сақтандыру шаралары мен бірегейлендіру жұмыстарын ұйымдастыруда, ауылдардың санитарлық тазалығын бақылау барысында бір ветеринариялық мал дәрігері мен үш лицензиялы мал дәрігерлері қызмет атқаруда.

Округте 12 шаруа қожалығы алыс қыстауларда қоныстанып, мал түлігін өсіруде. Олардың бағымында бүгінгі күні 781 бас ірі қара, 1424 бас қой, 274 бас ешкі және 532 бас жылқы бар. Бұл салада С.Медеубаевтың «Ақжол», М.Амірхановтың «Жанат», М.Даутбаевтың «Аршын», Е.Құрманбаевтың «Жанар», Ж.Кәрібаевтың «Қара Ертіс» шаруа қожалықтарының атқарған қажырлы еңбектерін ерекше айтуға болады.

«Байыс» қойларын өсіріп отырған Жеңісбек Кәрібаевтың «Қара Ертіс» шаруа қожалығы асыл тұқымды малға статусын алған және тұрақты қой етін өткізіп, субсидиясын алуда, алайда қожалықта өткен жылмен салыстырғанда қойдың саны кеміп кетті 980/1600, себебі 2010 жылғы қыс мезгілі қожалыққа өте ауыр тиді, және биылғы жылы сойып-сатылуы көбірек болып тұр.

Марат Дәуітбаевтың «Аршын» шаруа қожалығы 10 бие байлап, ауыл тұрғындарына күнделікті 25-30 литр қымыз саудалады.

2010 жылы 8 шаруа қожалығы мен жеке тұрғындар егіншілікпен айналысып, 1680 га егістік жерді игерді, оның ішінде: 281 га.бидай, 650 га күнбағыс, 84 га. картоп, 116 га. арпа, 32 га тары, 18 га.көкөніс және 10 га бақша өнімдері.

Дақылдар түрі Егістік көлемі, га Түскен түсім, тн Өнімділік ц/га

Бидай 281 419 14,9

Арпа 116 220 19

Күнбағыс 650 390 6

Тары 32 61 19

Картоп 84 925 110

Көкөніс 18 250 140

Бақша дақылдары 10 120 120


Қ.Шалбарбаевтың «Ынтымақ – К» шаруа қожалығында көкөніс, бақша өнімдерін жылма-жыл егіп, өнімдерін арзан бағамен ауданның және ауыл тұрғындарына саудалауда. Қожалықтың сиымдылығы 70 тонналық өнімдер сақтайтын қысқы қоймасы бар.

Егін шаруашылығымен айналысушы құрылымдар 2010 жылғы көктемде және күзде жеңілдетілген бағамен жанар-жағармаймен толық қамтылды.

2010 жылы өздеріне бекітіп алған 452,5 га егістік жерлерін соңғы 3 жыл көлемінде пайдаланбай отырған 13 жер иелерінің тізімі аудандық жер қатынастары бөліміне берілді.

Округте мал қыстату науқанына дайындық барысында 16044 тонна ірі сабақты мал азығы дайындалды, оның ішінде: 14440 тонна табиғи шөп, 270 тонна сабан және 1334 тонна көпжылдық шөп./жоңышқа/



Елді мекендердің тұрғындарын әлеуметтік қорғау бойынша: Біржан ауылдық округ әкімінің жанынан құрылған әлеуметтік отбасының жағдайын тексеретін комиссия арқылы 108 отбасыдағы 290 балаға 3 115 200 теңгенің 18 жасқа дейінгі төленетін жәрдемақысы және 14 отбасындағы 46 адамға

570 700 теңгенің әлеуметтік жәрдемақысы төленді.

2010 жылы ауылдық округ әкімі 8 шаруа қожалықтары жетекшілерімен 900 000 теңгеге меморандумға қол қойылып, аз қамтылған отбасыларға, зейнеткерлер мен мүгедектер жанұяларына, мектептерге 937 000 теңгенің демеушілік көмектері жасалды.

Аудан әкімінің тарапынан мүгедек жандардың дәрігерге қаралуына, жағдайы төмен отбасыларының балаларының оқуларына төлеуге қаржы бөлініп мүмкіндік беріп отыр және аз қамтылған отбасыларға тиесілі 15 тонна көмір тасымалданып, 16 жанұяға бөлініп берілді

1941-1945 Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда еңбек еткен 21 ардагердің құжаттары өткізіліп, оларға «Жеңіске 65 жыл» мерекелік медалі салтанатты түрде табыс етілді және барлығы бір реткі 10 мың теңге көлемінде ақшалай көмек алды.

6 және одан көп баланы туып, тәрбиелеп өсірген 43 ананың құжаттары өткізіліп, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілері табысталды.

Елді мекендерде жұмыссыздық саны жылма – жыл азайып отыр, ауыл тұрғындары меншік малдарын бағумен, бақша өсірумен айналысып өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр.

«Жол картасы» бағдарламасы бойынша 2010 жылы Біржан ауылында Аманкелді және 19 Мамыр көшелерін жарықтандыру жұмыстары атқарылды. Аталған жұмыстарды атқарған Ербол Келгенбаев жетекшілік жасайтын «Зайсан Нұр Сервис» ЖШС-і бюджеттен бөлінген 3 233 391 теңгені игеріп, жарықтандыру жұмыстарын 1 тамызда толық аяқтады.

2010 - 2011 жылғы қысқы даярлық жұмыстары бойынша округ тұрғындары қысқа толық даяр деуге болады. Елді мекендерде шөп жеткілікті даярланып, отын түсірілген, тұрғындарға М.Аманбаев, Ж.Мұстафин, О.Дүзбаевтар өз автокөліктерімен 1053 тонна көмір тасымалдады.

Округтегі мекемелердің қысқы маусымға даярлыққа атқарған жұмыстары бақылауға алынды және барлығы да жаз мезгілінде ағымды жөндеу жұмыстарын ғимараттарына, жылу қазандықтарына жүргізді және көмір алуға «Сайхан» ЖШС-мен келісім-шартқа отырып, ақшаларын мезгілінде аударып, көмір түсірілді.



2010 жыл көлемінде бюджетке өткізілген барлық салық төлемдері
- жеке тұлғалардың жер салығы 119 000 теңге

- мүлік салығы 37 922 теңге

- көлік салығы 390 000 теңге

- бірыңғай жер салығы 65 000 теңге



- біржолғы талон бойынша 26 155 тенге

Округ бойынша – жыл көлемінде әскери медициналық комиссияға шақырылған азаматтар саны – 95, олардың медициналық комиссиядан және

студенттік анықтамалары бары – 24, әскер қатарына кеткені – 3, келгені – 1, ал комиссияға келмеген, істі болғандары – 2, қалаларда жұмыс істеп жүрген азаматтар саны – 24, есептен шықпай көшіп кеткені – 5, аталған азаматтардың ата-аналарымен сөйлесіліп, түсінік жұмыстары алынды.



Учаскелік полиция уәкілінің 2010 жыл көлеміндегі атқарған жұмыстарына тоқталатын болсақ: округ бойынша 5 қылмыстық оқиға тіркелген ол ұрлық қылмысы, ашылды.

Ал, әкімшілік құқық бұзған /ішімдік ішіп қоғамдық орындарда жүрген/

27 азаматқа , заңсыз қару сақтаған 2 азаматқа , заңсыз балық аулаған

7 адамға,заңсыз ағаш кескен 2 адамға айыппұлдар салынып, өндірілді.

Төлқұжат ережесін бұзған 46 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылып, ескерту жасалды.

Ішімдікке әуес 23 азамат арнайы есепке алынып, дәрігер наркологпен бірлесе профилактикалық жұмыстар жүргізілген.



Біржан ауылдық дәрігерлік емхана бөлімшесі округ тұрғындарына

жоспарлы түрде қызмет көрсетіп отыр.

Бруцеллез ауруынан 3 адамнан «оң» таңба беріп, түгелдей аудандық дәрігерлерге тексеріліп, профилактикалық ем қабылдап, емделді.

1-14 жасқа дейінгі және жасөспірімдер тексеруден өткізілді.

Емханада округ тұрғындарын арзан дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мақсатында «Әлеуметтік аптека» ашылып, өз қызметін ұсынып отыр.

Есепте тұрған аурулары барларға 50 пайыздық жеңілдікпен, қаны аз жүкті әйелдерге тегін дәрілер беріліп тұрады.



Округтің тұрғындарына салауатты өмір салтын насихаттап, мәдени шаралармен қамту мақсатында 1 мәдениет отауы, 1 кітапхана және 2 мектеп спорттық залдары жұмыс істейді. Оларда 1 кітапханашы, 2 мәдениет қызметкері мен спорт және жастар маманы еңбек етеді.

Жылдық жоспарланған қаржымыздан және кәсіпкерлер, шаруа қожалық жетекшілерінің демеушілік көрсетумен барлық жыл көлеміндегі мерекелік шараларды ұйымдастырып, аудандағы, ауылдағы мерекелік шараларға, спорттық жарыстарға қатысып отырамыз.

Барлық шараларды, науқандарды мектептермен, ауыл жастарымен бірлесе отырып, төмендегідей шараларды атқардық:


  • Жаңа жылды қарсы алу;

  • «Аналар асыл жандар» - әйелдер мерекесін атап өту;

  • «Келіндер сайысы», «Үкілі үміт», «Бала тілі- балдай» тағы да басқа мерекелік шаралар.

А.Орманбетов атындағы шағын жинақталған орта мектебінің 100 жылдық мерей тойы атап өтілді.

Мерекелік күндерге арналған жоспарлы шараларда өз дегейінде аталып өтілді.

Ардагерлер мен ақсақалдар алқасы және Әйелдер Кеңесінің мүшелерімен тығыз байланыстар орнаған, олар өз тараптарынан түрлі жиындар өткізуде ақыл кеңестерін беріп отырады.

Осы орайда Ақарал ауылындағы клуб үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, бұл ауыл тұрғындарының көптен бергі арманы және өнерлі ауылға жасалған үлкен көмек болар еді.



Халқымыздың имандылыққа бет бұруына Біржан және Қуаныш ауылдарындағы мешіт үйлерінің де зор ықпал етері сөзсіз, қазір жас балалар мешітке барып, құрбан айт, ораза айт, мәуліт мерекелерін атап өтуде мешітке толып кетеді.

Ауылымыздың тазалығына, көркейту – көгалдандыруына баса мән беруіміз қажет. Бұл мәселе жылма-жыл айтылып та жүр, үй басына ескертпелер де жіберудеміз.Жұмыссыздық арқылы қоғамдық жұмысқа тартқан азаматтарымыз арқылы кезекшілік жұмыстарын да ұйымдастырып жүрміз, бірақ әлі де ауылымыздың тазалығы үшін жете мән бермейміз.

Түнде айдың жарығымен ат - шанамен апарып мал қорасының боқтығын белгіленген орынға жеткізбей төгіп кету фактілері бар.

Осыған дейін армандаған бақшалық суымыздың қадірін білмейтіндеріміз әлі де болса кездесуде. Есігіміздің алдынан өтіп жатқан арықтағы судың асып-төгіліп жатқан жиегін күрек алып қомдағымыз келмейді, бәрін бізге біреу келіп істеп беретін сияқты.

Біржан ауылындағы Ә.Дүйсежанов көшесіндегі саябаққа ұсақ малдар үнемі кіріп, жайылып жүреді, бірақ малдарын бақтан шығарып, иелік жасайтын тұрғындарды көрмейсің.

Оралман ағайындардың тіршіліктерін барлығыңыз көрдіңіздер, үйлерінің айналасын жасыл желекке бөлеп, барлық жеміс түрлерін де егіп, өсірді. Ал, мүмкіншілік барлығыңызға бірдей берілген.

Тазалық айлығы кезінде әр ауылдан 1 үйден 3 - «Үлгілі үй» атағын бердік. Осы үйлерден үлгі алайық.



Тағы бір ерекше тоқталатын жай – дала өрттері, өртенген жерге барамыз, ешкім жоқ, ұсталмай кетеді, неге басқа жерге зиянымыз тиеді, қаншама елді әуреге саламыз, табиғатқа зиян келеді, келешек өсіп келе жатқан жас ұрпаққа не дейміз-деп, ойламайтын уақыт жеткен сияқты.

Газет,журнал – рухани азық. Осы орайда әрбір отбасы Республикалық, облыстық басылымдарды дәне аудандық «Достық» газетіне жазылулары тиіс.

Басылымдардың халыққа дұрыс, уақытылы, әсіресе газет таратушысы жоқ Ақарал ауыл тұрғындарына жеткізілуіне көмектесіліп, қадағаланып отырылады, басылымға берілген жоспарды орындау өте қиындықпен орындалады, бұл жөнінде түсінік жұмыстары әлі де жүргізіліп отыр.

Енді аудан әкімінің 2009 жылға округ елді мекендері тұрғындарымен өткізген есептік кездесуінде халықтан түскен ұсыныстарға байланысты атқарылған жұмыстар туралы айта кетсем:

1.Досбаева Әлия: Балаларға төленетін жәрдемақыны ұлғайту туралы тиісті

органдарға ұсыныс берілсе.

Жауабы: Аз қамтылған отбасылардың балаларына төленетін жәрдемақы мөлшері 2006 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енген «Балалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар туралы» Қазақстан Республикасы Заңымен реттеледі. 2009 жылы округтегі 89 отбасындағы 235 балаға 2 992 100 теңге балалар жәрдемақысы төленді. 1 тоқсанда 75 отбасындағы 198 балаға 753 800 теңге, 2 тоқсанда 83 отбасынның 219 баласына 1 577 600 теңге төленген.

Ал 2010 жылдың 1 тоқсанында 98 отбасындағы 267 балаға 1 120 700 теңге төленді, ал 2 тоқсанда 107 отбасындағы 285 балаға 1 805 000 теңге төленді және төленетін жәрдемақы мөлшері жылма-жыл өсуде.


2. Уазырханов Кеңесхан: Ауылдағы дәрігерлік емхана Дайыр емханасының

құрамынан жеке шығарылса және жедел жәрдем

көлігімен қамтамасыз етілсе.

Жауабы: Дайыр дәрігерлік емханасының құрамынан Біржан ауылдық емхана бөлімшесін жеке бөліп шығаруға байланысты құжаттары дайындалуда. Ал Зайсан аудандық медициналық бірлестігі арқылы УАЗ-3962 автокөлігі күрделі жөндеуден өткізіліп, ауылдық дәрігерлік емханаға жедел жәрдем көлігі есебінде берілді.
Ауылдық округінің 2010 жылға арналған экономикалық даму бағдарламасы бекітілген. Жыл көлемінде ағымдағы жұмыстармен қоса аталған бағдарлама аясында еңбек еттік. Іске асырылуға жоспарланған 23 тапсырманың толық орындалғаны – 19, жартылай орындалғаны – 2 (тұрғын үй құрылысы, жайлауға 3 топ мал шығару) және 2 тапсырма орындалған жоқ. Олар: Ж.Бошаевтың «Аружан» шаруа қожалығы аясында асыл тұқымды жылқы шаруашылығын ашу және КТМ-11 арқылы 10 механизатор, дәнекершіні тапсырыспен оқыту.

Құрметті ауылдастар! Сіздер ауылдық округінің 2010 жылға атқарған жұмыстарымен таныстыңыздар, іске асқан барлық жұмыстар өздеріңіздің еңбектеріңіз. Алдымызда қаншама атқарылуға тиісті істер бар, осы орйда Сіздерді береке-бірлікке, ынтымақтастыққа, барлығымызға ортақ іске білек сыбана атсалысуға шақырамын



Ауылдық округ әкімі С.Қ.Молдашев

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет