«Жалпы тіл білімі» пәні бойынша дәріс сабақтарының конспектісі


Тіл білімі және әдебиеттану



бет7/35
Дата07.05.2024
өлшемі135.74 Kb.
#500682
түріСабақ
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   35
ЖТБ дәріс сабақтары(Лекция)

Тіл білімі және әдебиеттану ғылымы. Бұл екі ғылым ежелгі заманнан бірлікте және филология деген ортақ атаумен аталып келеді.Әдебиет пен тіл – айрылмас бірліктегі құбылыстар.Тіл - әдебиеттің жаны.Тілсіз әдебиет жоқ.Тіл әдебиеттің материалдық жағы болса, әдебиет – тілдің материалдық қызметінің жемісі.Тіл әдебиеттен бұрын пайда болған.Тіл білімі де, әдебиеттану ғылымы да ежелгі заманнан сақталған тілдік нұсқаулардың мазмұнын, тілін, пайда болу тарихын зерттеу негізінде қалыптасқан филология ғылымынан бөлініп өрбіген төркіндес, кіндіктес ғалымдар.Осы тұрғыдан алғанда, тіл маманы әдебиет заңдылықтарын, әдебиетші тілдің заң – ережелерін жақсы білуге және оны қатал сақтауға тиісті.Бұлай болу – аталған екі ғылымның арақатынасын күшейтуге, ортақ мәселелерін бірлесе отырып, терең де жан – жақты шешуге мүмкіндік береді.
Бірақ тәжірибеде бұлай бола бермейді.Кейде екі пән мамандары арасында қайшылықтар, «менің ісіме қол сұғасың» деушіліктер ұшырасады.Мұндай қырғиқабақтық сөз болып отырған екі ғылымның әрқайсысына тән нысанның ара жігі жете ашылмағандықтан болса керек.Бірақ ұқыптылықпен кіріскен адамға ондай нысанды айқындау онша қиынға соқпайды.Қорыта айтқанда, көркем туындының тілдік, стильдік сипаттарын айқындау – тіл білімінің қарауына жатады да, оның идеялық – көркемдік жақтарын ашу, көркем образдар, характерлер жасаудағы тілдік тұлғалардың қызметі деген тәрізділер әдебиеттану ғылымының үлесіне тиеді.Басқаша айтқанда, көркем мәтін талданғанда тіл мамандары тілдік тұлғалардың, тілдік категориялардың шығарманың көркемдік – эстетикалық мазмұнындағы қолданысын зерттесе, әдебиетшілер, керісінше, шығарманың идеялық – көркемдігінен бастап, оларды ашуда тілдік құралдардың қызметін зерттейді.
Тіл білімі және тарих, этнография, археология. Тіл білімі тілдің белгілі бір дәуірдегі статикалық қалпын да, әр Тіл білімі және тарих, этнография, археология. Тіл дәуірді қамтитын динамикалық күйін де зерттейді.Тілдің тарихи дамуын зерттеу сол тілді туғызған, оны қатынас құралы ретінде қолданған халықтың тарихымен тығыз байланысты.Сондықтан тіл тарихын зерттеуші ғалым сол тілді қолданған қоғам тарихы жөніндегі ілімнің табыстарына сүйенбей, ал тарихшы өз зерттеулерінде тіл фактілерін ескермей тұра алмайды.
Тіл фактілері тарихшыларға халықтың шығу төркінін, оның даму тарихының әр кезеңдеріндегі мәдени дәрежесін, қандай халықтармен қарым – қатынаста болғанын, шаруашылықтың қандай түрлерімен айналысқанын айқындауға жәрдемін тигізеді.Бұл мәселелерде тілдің өзгелерден гөрі септігін молырақ тигізетін саласы – сөздік құрамы.Өйткені сөздік құрам – жаңалықты бойына сіңіргіш, қоғам өмірінің барлық саласына да талғаусыз енгіш, бір елден бір елге көшімпаз, жүрдек сала.Сонымен бірге, ол қоғам өмірінің әр дәуірдегі бейнесін, ізін жоғалтпай сақтайтын қойма.Бұл қойманы аша білген, онда сақталған сөздерді сөйлете білген тарихшы қоғам тарихы үшін де, тілдің өз тарихы үшін де пайдалы материалдар табады.Басқа тілдерден енген сөздер – тарихы зерттеліп отырған халықтың өткенде қандай халықтармен байланыста, қарым – қатынаста болғанын айқындауға септігін тигізеді.
Тіл білімінің халықтың материалдық мәдениеті тарихын зерттейтін – этнография, археология ғылымдарымен де байланысы бар.Қоғам өмірінде пайда болған, қоғам мүшелерінің кәдесіне жараған заттардың қай – қайсылары болса да тілде белгілі атауға ие болады.Сондықтан атауыш сөздердің қалыптасуы, даму жолдары, олардың мағыналық жақтарынан түрлену, жаңару немесе көнеленіп, ескіру тарихы сол атау болған заттар тарихымен байланысты.Демек, тілде сақталған атау арқылы қоғам дамуының белгілі бір тарихи кезеңдерінде қолданылған материалдық игілікті, әдет – ғұрыптық дәстүрді білуге болады.Мысалы, қазіргі әдеби тілімізге көнеленіп бара жатқан садақ, қорамсақ, жебе, сыңсу, ұрын келу, бәдік айту, жамбы тәріздес сөздер – қазақ халқы өмірінде қолданылған қару – жарақтардың, бұйымдардың, салт – ғұрыптардың атаулары.Аталған бұйымдар, ұзатылған қыздың сыңсуы, күйеудің ұрын баруы, бәдік айтып ауруды емдеу салттары бұл күнде жоқ, бірақ тіліміздегі бұл атаулар бір кезде солардың болатындығының куәсі.
Тіл ғалымдары мен археологтардың, этнографтардың бірлесіп еңбек етуі – тіл тарихы, ел тарихы сырларын ашуға өлшеусіз пайда келтіреді.Ондай бірлесе істеген еңбектердің нәтижесінде бір кездерде болып, кейін де құрып кеткен бірсыпыра халықтар, мемлекеттер, қалалар тарихының ашылған фактілері ғылым тарихында аз кездеспейді.
Сөз бен сөз білдіретін заттар тарихын бірлікте қарап зерттеу тек тарих үшін ғана емес, осы күннің қажеті үшін де керек: қазіргі замандағы алуан түрлі терминдік атауларды, термин ретінде алынатын сөздердің мағынасын, сол терминмен атамақшы болып отырған зат пен ұғымның қасиеттері мен қазіргі сипаттарын жете білмейінше, дұрыс қолдану мүмкін емес.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   35




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет