Тіл білімі және психология. Психология – психика туралы ілім. Психологияның мақсаты – адамдардың психикалық әрекеттерінің объективтік заңдарын, адамның ой – санасын, психикалық қасиеттерінің қалыптасып, даму жолдарын айқындау.Ал, психикалық құбылыстарға сезу, қабылдау, түйсіну, ойлау, байымдау, қиялдау сияқтылар жатады.Бұлардың барлығы да мидың жемісі және барлығы да сөйлеу процесімен тығыз байланысты.Сондықтан ойлау мен сөйлесудің арақатысы жөніндегі мәселе психологиялық зерттеулерде де көрнекті орын алады.Бұл салада психологияның ерекше мән беретін мәселесі – сөйлеу процесінің қалай іске асатындығы, сөйлеудің түрлері, оның адам психикасымен байланысы, сөйлеу процесіндегі мидың қызметі мидың зақымдануының сөйлеу әрекетіне, сөйлеу органдарының қызметіне тигізетін зиянды әсерлері тәрізді мәселелер.Бұлар тіл білімі үшін де маңызды.Осы мәселелерді шешуде психология тіл біліміне, тіл білімі психологияға қол ұшын беріп, екі жақты байланысқа, қарым – қатынасқа түседі.Сөйлеу, сөйлесу процестерін, сөйлегенді қабылдау, түсіну жағдайларын психологияның қатынасынсыз шешу мүмкін емес.Сөз мағынасындағы алуан түрлі құбылыстар, сөздердің келтірінді мағыналарында қолданылуы, т.б. психологияның ассоциация заңына негізделеді.
Адамның сөйлеу әрекеттерінің көп жағдайда психологиялық құбылыстармен ұштасып жататынына қарап, бірсыпыра ғалымдар психологияның қызметін сыңаржақ, асыра бағалап келді.Олар тілді – психикалық құбылыс, тіл білімін психологияның бір саласы деп жариялады, сөйтіп, тіл мәселелерін зерттеуде психологияға сүйенді.Психология сөйлеу әрекеті мәселесінде ғана тіл білімімен ұштасады.Бірақ тілде адамдардың психикалық құбылыстары тұрғысынан қарап қана шешуге болмайтын толып жатқан мәселелер бар.Оның үстіне, бұл екі ғылымның ортақ нысанды зерттеудегі көздейтін түпкі мақсаты да екі басқа: бірі – тілдік материалдардың жәрдемі арқылы психикалық құбылыстардың сырын ашуды, екіншісі (тіл білімі) – психология ғылымының табыстарына сүйене отырып, тілдік құбылыстарды жете түсінуді айқындауды көздейді.
Тіл білімі және физиология, физика, медицина. Сөйлеу, сөйлесу дыбыс органдарының артикуляциялары арқылы жасалатын дыбыстар тасқыны түрінде іске асып, ауа толқыны арқылы құлаққа естіледі.Сөйлеу әрекеті – физиологиялық күрделі процесс.Оған мидың да, сөйлеу органдарының да, нерві жүйесінің де қатысы бар.Бұл жағынан тіл білімі физиология,физика, медицина ғылымдарымен де байланысты болады.
Тіл білімі физиологиямен тіл дыбыстарының қалай жасалатындығы жөніндегі мәселеде істес болады.Тіл дыбыстарын жасауда қандай мүшелердің қызмет атқаратынын физиологияның артикуляция немесе артикуляциялық физиология деп аталатын саласы зерттейді.Ал, тіл дыбыстарының қалай жасалатынын білу – тіл білімі үшін, әсіресе оның фонетика саласы үшін өте қажет.Бұл мәселеде физиологиялық артикуляция тіл зерттеушілеріне көп жәрдем бере алады.
Дыбыстардың жасалу жағымен қатар естілу жағы, дыбыстық сапасы деген болады.Мұнымен физиологияның есту физиологиясы дейтін саласы да, физиканың акустика дейтін саласы да айналысады.
Акустика тек тіл дыбыстарын ғана емес, құлаққа естілетін басқа дыбыстарды да зерттейді.Ол – жалпы дыбыс әуезі жөніндегі ілім.Оған тіл дыбысының сапасын зерттеу – оны тек электр жазуына түсіруді айқындау үшін ғана керек.Ал, тіл дыбыстарының фонетика зерттейтін басқа толып жатқан мәселелерінің оған қажеті жоқ.
Сөйлеу әрекеті мимен, жоғары нерві жүйесінің сөйлеу, есту органдарымен тығыз байланысты.Бұлардың зақымдануы сөйлеу әрекетіне зиянды әсерін тигізеді.Бұл мүшелердің ауру – саулығын медицина ғылымы, оның психиатрия, дефектология, логопедия деп аталатын салалары тексереді.Олардың афазия (сөйлеудің бұзылуы, мылқаулар, саңыраулардың «тілдері») жөніндегі ғылыми табыстары тіл білімі үшін де пайдалы.Сол сияқты, физиология ғылымының сигналдар жүйесі жөніндегі ілімінің де дыбыс тілінің қалыптасу тарихын айқындауда берері аз емес.
Достарыңызбен бөлісу: |