Жамбыл ауданының әкімі Н. Календеровтың халық алдындағы есебі



Дата03.03.2016
өлшемі187.5 Kb.


Жамбыл ауданының әкімі Н. Календеровтың халық

алдындағы есебі


Мемлекет басшысының 2006 жылғы 18 қаңтардағы «Әкімдердің мәслихаттар алдында есеп беруін өткізу туралы» №19 Жарлығына сәйкес сіздердің назарларыңызға ағымдағы жылдың 8 айында аудан экономикасын көтеру мен мемлекеттік бағдарламаларды орындау бағытында атқарылған жұмыстар бойынша есепті ұсынамын.

Есепті мерзімде жалпы өндірілген өнім көлемі 5 млрд 353 млн теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 109 млн теңгеге немесе 2 пайызға артып отыр.

Оның ішінде, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 3 млрд 556 млн теңге болып, 39,4 млн теңгеге немесе 101,1 пайызды құрады, ал, өнеркәсіп өнімдері 1 млрд 797 млн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 69,5 млн теңгеге өсіп, нақты көлем индексі 143,0 пайызды құрады.

Негізгі капиталға салынған инвестицияның көлемі 1 млрд 862 млн. 928 мың теңге. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 1 млрд 459 млн. 207 мың теңгеге кеміп, 51,9 пайыз болып отыр.

Бұның себебі шаруашылық субъектілерінің негізгі қорларын жаңартуға өз қаражаты есебінен салымдары 50,4 пайызға қысқаруынан және шетел инвестицияларының мүлдем түспеуімен түсіндіріледі.

Бюджеттің орындалуы

2011 жылы аудан бюджетінің кірістері жалпы 5 млрд 721 млн 530 мың теңге көлемінде жоспарланған. Оның ішінде, салықтық және басқа да төлемдер 783 млн 054 мың теңге, субвенция 3 млрд 114 млн 102 мың теңге, республикалық және облыстық бюджеттен 1 млрд 824 млн 374 мың теңге трансферттер.

2011 жылдың 31 тамызына аудандық бюджеттің жоспарланған салықтар мен басқа да міндетті төлемдерінен түсетін 948 млн 704 мың теңге нақты 1 млрд. 145 млн 425 мың теңгеге немесе 120, 7 пайызға орындалып, бюджетке 196 млн 721 мың теңге артық түсті.

Дегенмен, ел сұранысын қанағаттандыру мақсатында, жоспарланған істерді жүзеге асыру үшін бюджет кірісін арттыру жолдарын қарау қажет.

Сондықтан, салық қызметі салық әкімшілігін барынша жүргізіп, қосымша кіріс көздерін іздестіруі тиіс.

2011 жылдың 1 қыркүйегіне 1 млрд 297 млн 680 мың теңге трансферт 82,3 пайызға игеріліп, 229 млн 556 мың теңгесі игерілмеді.

8 айдың қорытындысы бойынша бюджет қаражатының игерілу көрсеткіші 89,6 пайызды құрап, жалпы 420 млн 519 мың теңге игерілмеді.

Оның ішінде Көлтоған ауылындағы 180 орындық орта мектеп құрылысы жобасы бойынша 154 млн 836 мың теңге, Аса ауылындағы кәріз сулар жүйесін жаңғыртуға бойынша 23 млн 118 мың теңге, Аса, Рахат, Құмтүйін елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша 7 млн 562 мың теңге.

Бөлінген қаржылардың уақытылы және толық игерілмеуі негізінен құрылыс жүргізілетін нысандардың жобалық құжаттарын дайындау жұмыстары жоспарланбағандықтан, қаржыландыру жоспары дұрыс қойылмағандықтан, мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстардың кеш ұйымдастырылуынан болып отыр.

Бұл мәселе аппараттық кеңесте қаралып, барлық бағдарлама әкімшілеріне бірінші кезекте жөндеу, құрылыс жұмыстарын қажет ететін нысандарды анықтап, 2012 жылға арналған бюджеттік өтінімдерді белгіленген тәртіппен ұсыну туралы нақты тапсырма берілді.

Мемлекеттік бағдарламалар аясында халық игілігі үшін бөлініп жатқан қаржыларды уақытылы игермеу дегенді мен өз жұмысын алып жүре алмау деп түсінемін. Сондықтан, бұл мәселе менің ерекше бақылауымда болады.

Жергілікті бюджет қаражаттары есебінен жоспарланған қаржы 93,1 пайызға орындалып 190 млн 963 мың теңге игерілмеді. Атап айтқанда, еңбек ақы төлеу қорынан 86 млн 636 мың теңге, әлеуметтік төлемдерден 5 млн 085 мың теңге, коммуналдық шығындар бойынша 2 млн 688 мың теңге және басқа шығыстар бойынша 98 млн 504 мың теңгесі игерілмеді.

Бұл жерде, бағдарлама әкімшілерінің, соның ішінде білім саласы басшылығының жұмысшылардың еңбекақысы мен әлеуметтік төлемдерін әр айдың 25-не аударып беру қажеттігіне назарын аударамын.

Ауыл шаруашылығы саласы

Бүгінде, барлығы 2187 агроқұрылымдар, оның ішінде 1 мемлекеттік мекеме, 4 өндірістік кооператив, 2 жауапкершілігі шектеулі серіктестік және 2180 шаруа қожалықтары жұмыс жүргізуде.

Статистикалық есептерге көз жүгіртсек шаруашылық субъектілері тек майда шаруа қожалықтары есебінен көбейіп келеді. Ауданда қырманы дәнге толған, материалдық – техникалық базасы мықты агробірлестіктер, мал шаруашылығын дамытып, сүт, ет өңдеумен айналысатын ірі фермалар, үй құстарын өсіретін фабрикалар жоқ екеніне ауылдарға жасаған жұмыс сапарым барысында көз жеткіздім.

Сонда, «Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына көрсетіліп жатқан қолдаулар біздің ауданға жетпей жатыр ма?, әлде әкімдіктің осы бағыттағы жұмысы дұрыс ұйымдастырылмай отыр ма?» - деген сауал туады.

Сондықтан, түрлі деңгейдегі банктер мен қаржылай қолдау қорлары арқылы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға беріліп жатқан несиелердің шарттарын жан-жақты зерттеп, ауылдағы шаруаға қол жетімдісін анықтап алып, жылына бір шаруашылық болса да нақты бизнес-жоспар бойынша несие алуына барынша қолдау көрсету қажет деп есептеймін. Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне осы бағытта 2012 жылға жоспар әзірлеп, келесі жылға кемінде 2 бизнес-жоспарды іске асыруды міндет етіп қоямын.

Биылғы жылдың өніміне арналып егілген 12673 га масақты дәнді дақылдардың 2333 га есептен шығарылып, орылған 10340 гектардың (5167 га күздік бидай, 5173 га жаздық арпа) әр гектарынан орта есеппен 14,8 центнерден өнім алынып, жалпы түсім 15303 тоннаны құрады. Оның ішінде күздік бидай 13,2 центнерден, жаздық арпа 16,4 центнерден.

Себілген 1383 гектар қант қызылшасының 543 гектары шықпай қалды. Қазіргі таңда 27 шаруашылықта қалған 840 гектар қант қызылшасын қазуға дайындық жұмыстары жүргізілуде.

«Ауа райының қолайсыздығынан шықпай қалды» деген себеп емес, бұл жерде шаруалар егін егуді күнтізбелік маусымға сай жүргізбеуі басты себеп деп есептеймін.

Сол үшін, осы салаға жауапты тұлғалар шаруаларға агротехникалық шараларды уақытылы жүргізуге жағдай жасап, егін сапасын қадағалап өнім көлемін арттыруды қолға алу қажет.

Ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға жарамды егістік жер көлемі 56510 гектарды құрайды. Бұл егістік жердің 29500 гектары суармалы жерлер. Биылғы жылы егістік жерлердің 50068 гектары немесе 88,6 пайызы игерілген. Игерілмеген жер көлемі 6441,2 гектарды құрады оның 715,6 гектары суармалы, 5725,6 гектары тәлімі жерлер.

Игерілмеген егістік жерлердің көлемі Қызылқайнар, Қаракемер, Айшабибі ауылдық округтерінде көп.

Егістік жерлерді түгендеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 2,0 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Бүгінгі күнге Өрнек, Ерназар, Гродиково, Айшабибі, Қаракемер, Пионер, Көлқайнар округтерінің жер учаскелеріне түгендеу жұмыстары аяқталды.

Жерлердің игерілмеуі кейбір өңірлердегі ауыл шаруашылығы саласының құлдырауына, ақ егіс алқабының кемуінің негізгі факторы болғандықтан, бұл мәселеге Елбасы ерекше назар аударып, игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне кері қайтару мәселесі Үкімет тарапынан қатаң бақылауға алынған.

Осыған байланысты, аудан аумағындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге ревизия жүргізіліп, тексеру барысында 103 жер пайдаланушы тұлғалардың көлемі 2701, 84 гектар егістік жері пайдаланусыз жатқаны анықталды. Оның ішінде, бос жатқан 175 гектар жер учаскелерінің құжаттары әкімшілік шара қолдану үшін өңіраралық жер инспекциясына жолданды, 8 жер пайдаланушының 221,9 гектар жер учаскелері иесіз мүлік ретінде есепке алынды.

2010 жылғы берілген хабарлама негізінде 38 жер пайдаланушының көлемі 1997,16 гектар жер учаскелерін мемлекеттік меншікке қайтару күтілуде.

Биылғы жылы басымдық берілген дақылдарды егіп өсіргендері үшін 456 шаруашылықтарға жалпы 143 млн 797 мың теңге көлемінде субсидия төленді.

Көктемгі егін жинау және күзгі жұмыстарын жүргізуге кепілдік бағамен 1560 тонна дизель отыны бөлініп, 1040 тоннасы таратылды.

121 шаруашылық тапсырыс беріп, отандық тыңайтқыш өндіруші зауыттардан арзандатылған бағамен 2472 тонна әр түрлі тыңайтқыш алып пайдаланды.

Есепті кезеңде 33 млн теңгеге 10 дана әр түрлі ауыл шаруашылық техникалары алынды. Оның ішінде 12 млн 460 мың теңгеге 3 техника лизингтік жүйемен, шаруалардың жеке қаражаты есебінен 20 млн 540 мың теңгеге 7 техника алынды.

Әрине бұл бір ауданға аз. Ауданда ауыл шаруашылығы техникаларының жетіспеушілігі байқалады, қолда барының тозығы жеткен. Сондықтан, лизингтік жүйе бойынша техника алу тәртібін шаруаларға түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажет.

Аудандағы мал басы 2011 жылдың 1 қыркүйегіне 34985 бас ірі қара, 202994 бас қой-ешкі, 6561 бас шошқа, 10028 бас жылқы, 34 түйені құрап отыр. 120140 бас үй құстары есептелген. Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда ірі қара - 80, қой-ешкі - 129, шошқа - 9, жылқы - 133 басқа өскен.

8 айда 27010 тонна сүт, 4392 тонна ет, 480 тонна жүн және 6 млн 545 мың дана жұмыртқа өндіріліп, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда ет өндіру 5 тоннаға, сүт 21 тоннаға, жүн 1,4 тоннаға, жұмыртқа 24 мың данаға артқан.

«Мал шаруашылығығының өнімділігі мен өнімнің сапасын арттыруға» берілген субсидия есебінен 22 шаруашылыққа 51 млн. 911 мың теңге төленді.

Асыл тұқымды мал басын өсіретін шаруашылықтар саны 22. Асыл тұқымды мал сатып алғаны үшін 12 шаруашылық 37 млн. 739 мың теңге ал, мал өнімдерін сатқаны үшін 10 шаруашылыққа барлығы 14 млн. 172 мың теңге субсидия берілді.

Барлық санаттағы мал басын жем-шөппен қамтамасыз ету мақсатында бүгінгі таңға 62300 тонна шөп дайындалды.



Эпизотияға қарсы іс шаралар

2011 жылға ветеринариялық іс-шараларды жүргізуге республикалық бюджеттен 61 млн 063 мың теңге бөлінді. Бүгінгі таңда бөлінген қаржының 36 млн 609 мың теңгесі немесе 60 пайызы игерілді.

Тексерілген малдардың ішінен 196 бас ірі қара мен 771 бас уақ малдан сарып ауруы анықталды.

Сарып ауруына шалдығып жойылатын уақ малдардың иелеріне мал құнын өтеуге аудандық бюджеттен 5,0 млн теңге бөлініп, 2 млн 900 мың теңгесі төленді (58%).

Сонымен қатар, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауды және жоюды ұйымдастыруға 500 мың теңге бөлініп, бұл қаржыға 674 қаңғыбас иттер жойылған.

Аудан әкімдігінің ветеринария коммуналдық кәсіпорынның жарғылық капиталын толықтыруға 15,0 млн теңге бөлінген болатын. Бұл қаржы есебінен 1 дана жылжымалы ДУК автомашинасы, аса қауіпті ауру малдарды өртейтін жылжымалы крематорий және кәсіпорынды орналастыратын ғимарат сатып алынды.

Облыстық бюджеттен бөлінген 25 млн 688 мың теңгеге Өрнек және Қарой округтері аумағынан мал сою алаңдарын соғу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, облыстық бюджеттен бөлінген 4 млн 800 мың теңгеге Қаракемер ауылында типтік мал өлекселерін тастайтын шұңқыр салынды.



Өнеркәсіп

Ауданда қазіргі уақытта 1 ірі (БМ), 4 орта (Шағал, Кнауф Гипс Тараз, Компания инвест МК, Амангелдинский ГПЗ), 11 шағын кәсіпорындар (5 шағын кәсіпорын кірпіш өндірумен, 1- кислород толтырумен, 2- құрылыс материалдарын шығарарумен, 1 құм, шағал, 2 асфальт-бетон өндіреді) тіркелген.

Есепті мерзім ішінде өнеркәсіп өнімінің өндіріс көлемі 1 млрд 797 млн 277 мың теңгеге жетіп, тиісті мерзіммен салыстырғанда 104,0 пайызға артып, нақты көлем индексі 143,0 пайызды құрады.

«Шағал» ЖШС 8 айда 153 млн 654 мың теңгенің өнімі өндірді. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 8 млн 475 мың теңгеге кеміп, 94,7 пайызды құрады.

«Кнауф Гипс Тараз» ЖШС 213 млн 519 мың теңгенің өнімін өндіріп, өнім көлемін 42 млн 965 мың теңгеге немесе 25,2 пайызға арттырған.

«Компания инвест mk» ЖШС – мен есепті мерзімде 465 млн 977 мың теңгенің өнімі өндіріліп, өнім көлемі 157 млн 223 мың теңгеге немесе 51,0 пайызға артқан.

Жаңадан іске қосылып, өнім өндіре бастаған «Амангельдинский ГПЗ» ЖШС-нің Тараз филиалы есепті мерзімде жалпы 195 млн 400 мың теңгенің өнімін өндірді. Зауытта 17500 тонна мұнай өнімі өңделіп өткерілді.



Индустрияландыру бағдарламасы

Өздеріңізге белгілі, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына биылғы жылы екі жоба енгізіліп құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Оның біріншісі «Супер-Фарм» ЖШС-нің фармацевтикалық бұйымдар шығаратын зауыты. Жобаның жалпы құны 520,0 млн теңгені құрайды, жылына 15 млн. дана матадан жасалмайтын біржолғы медициналық киімдер мен төсек жамылғылары (медициналық халат, бинт, бахилдер, медициналық бетперделер, төсеніштер) шығарылатын болады.

Бүгінгі таңға құрылыс нысанына тартылған инвестицияның 290 млн теңгесі игеріліп, құрылыс жұмыстары мен монтаждау жүргізілуде. Зауытты іске қосу келесі жылдың басына жоспарланып отыр.

Екінші жоба «Бином Строй Деталь» ЖШС-гі құрылыс материалдары комбинатының» темір-бетон бұйымдарын шығаратын зауыты. Жобаның құны 150 млн теңгені құрайды.

Қазіргі таңда темір-бетон өнімін өндіру цехтары іске қосылды. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары 75 пайызға орындалып отыр.

Кәсіпорын әр түрлі 22 темір-бетон бұйымдарын шығарып жатыр. Жыл соңына дейін арматура цехын, буландыру шаруашылығы мен пластикалық терезелер шығаратын және ағаш бұйымдары цехын ашуды жоспары бар.

«Бизнестің жол картасы-2020»

Мақсаты, Қазіргі тұрақты жұмыс орындарын сақтап қалу  және жаңаларын құру, сондай-ақ экономиканың шикізаттық емес секторларында өңірлік кәсіпкерліктің орнықты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету болып табылатын «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында тамшылатып суару технологиясын енгізу үшін «Эреке» шаруа қожалығының 800 гектар егістік алқабына (оның ішінде 2011 жылы 300 гектарына) жалпы құны 52,4 млн. теңгеге инфрақұрылым құрылыстарын жүргізу үшін аудан бюджетінен қажетті құжаттарын рәсімдеуге 707, 9 мың теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Мақсаты жағынан маңызды, бірнеше бағыттары бар мұндай бағдарламаны біздер барынша пайдалануымыз қажет.

Соның ішінде, бағдарламаның 2 –ші бағытына сәйкес кәсіпкерлік секторды сауықтыру мақсатында негізгі құралдарды сатып алуға және жаңғыртуға, өндірісті кеңейтуге немесе айналымдық қаражатын толықтыруға берілген кредиттер бойынша пайыздық ставканы субсидиялау тәртібін кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстарын жандандыруымыз қажет.



Жер қойнауын пайдаланушылар

2011 жылдың 8 айында аудан көлемінде 31 жер қойнауын пайдаланушы тұлғалармен 34 келісім-шарт жасалған. Келісім-шарт бойынша 7 серіктестік барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр (Тараз Рест Таур, Промхиммонтаж, АДАФ и К, Таразтрубопроводы и транспортные линии, SAT Konstruction, КСС Е&/Zhambyl zhol kyrylys, К-Дострой) .

8 айда жер қойнауын пайдаланушылардан аудан бюджетіне 163 млн 990 мың теңге көлемінде салықтық түсімдер түсті. Салықтық түсімдерді тарқатып айтатын болсақ, аудан көлемінде қызмет атқаратын кәсіпорындардан 159 млн 993 мың теңге түсіп үлес салмағы 97,5 пайызды құрады. Ал ауданда қызмет атқарып басқа аймақта тіркелген 14 жер қойнауын пайдаланушылардан 3 млн 997 мың теңге түсіп үлес салмағы 2,5 пайызды құрады.

Аудан жерін пайдаланғаны үшін салықтық төлемдер басқа бюджетке түспеуі тиіс. Сол үшін, тиісті сала мамандарына ауданның жер қойнауын пайдаланып, кіріс табатын кәсіпкерлік субъектілеріне жер бөлердің алдында келісім – шарттарында жергілікті салық органына тіркеуді міндеттейтін тармақтармен қамту амалдарын қарастыруды тапсырамын.



Кіші кәсіпорындар мен қосалқы шаруашылықтар

2011 жылдың 1-ші қыркүйегіне 2975 кәсіпкерлік нысаны тіркеліп, салыстырмалы түрде 14 нысанға, нақты жұмыс істейтіндері 229 нысанға, ондағы жұмыспен қамтылғандар 52 адамға өскенін көрсетеді

Биылғы жылы 1 көкөніс сақтайтын қойма, 1 наубайхана және 1 сүт өнімдерін өңдейтін шағын цех іске қосылды.

Кіші кәсіпкерлік субъектілерімен шығарылған өнім көлемі 1 млрд. 241 млн 333 мың теңгені құрап, өткен жылғыдан 24 млн 340 мың теңгеге артып отыр.

Кәсіпкерлік субъектілері 8 айда 84 млн 995 мың теңге көлемінде несие алды. Оның ішінде «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ы 5, 0 млн теңге, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ы 45 шаруашылыққа 79 млн 995 мың теңге (Сельский микрокредит - 36 азаматқа 31895 мың теңге, Егінжай - 1 кәсіпкер 3000 мың теңге, Сыбаға - 8 шаруашылыққа 45100 мың теңге).
Мемлекеттік, аймақтық бағдарламалар
Қадірменді халық қалаулылары!

Мемлекеттік, салалық бағдарламалар аясында жаңа нысандар бой көтеріп келеді, келесі жылға бірнеше жобаны іске асыру жоспарда бар.



Құрылыс

Өрнек ауылында жалпы құны 129 млн 114 мың теңгені құрайтын, 40 келуге арналған дәрігерлік амбулаториясының құрылысы аяқталды. Жуық арада аталған амбулаторияны салтанатты түрде ашуды жоспарлап отырмыз.

Биыл білім беру объектілерін салуға және реконструкциялауға жалпы 310 млн 675 мың теңге бөлінген болатын. Оның ішінде, облыстық бюджеттен 290 млн 748 мың теңге, аудандық бюджеттен 19 млн 927 мың теңге.

Көлтоған орта мектебінің орынына 180 орындық жаңа мектептің құрылысына 271 млн 500 мың теңге бөлініп, бүгінгі таңда жұмыстар басталып, қаралған 204 млн 170 мың теңгенің 12 млн 084 мың теңгесі игерілді (игерілмегені 173,6 мың теңге, себебі жаңа енгізілген ҚНжЕ сәйкес ЖСҚ нақтылау кешігіп жасалды).

Сол сияқты, Аса ауылындағы көптен бері шешілмей келген Гагарин орта мектебінің құрылысына биылғы жылға 100,0 млн теңге бөлініп отыр. Құрылыс жұмыстары қараша айында басталады.

Жасөркен ауылында 300 орындық жаңа мектептің жобалық сметалық құжаттарын дайындауға 11 млн 760 мың теңге бөлінген болатын. Бүгінгі таңда жобалық сметалық құжаттары мемлекеттік сараптамадан өтіп, мектеп құрылысын 2012 жылы бастау жоспарға еніп отыр.

Қаратау бөлімшесінен салынатын 120 орындық жаңа мектептің жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға 7 млн 488 мың теңге бөлініп, құжаттары дайындалуда.
Ауыз су

2010-2012 жылдарға Пионер, Шайдана және Бесжылдық ауылдарын сумен жабдықтау жүйесін дамытуға республикалық бюджеттен жалпы 435 млн 299 мың теңге қаржы бөлінген болатын. Өткен жылы бұл қаржының 152 млн 287 мың теңгесі игерілді. Биылғы жылға осы мақсатқа 70 млн 670 мың теңге қаралған (Бесжылдық-14,2 млн теңге, Пионер-30 млн теңге, Шайдана-26,4 млн теңге). Қазіргі таңда бөлінген қаржылар толығымен игерілді. Бұл ауылдарда ауыз су құбырларын тарту жұмыстары 2012 жылы аяқталады деп күтілуде.

Осы бағдарлама аясында 2011-2013 жылдарға республикалық бюджеттен Аса, Рахат, Құмтиын ауылдарын ауыз сумен жабдықтауға 1 млрд. 615 млн 988 мың теңге бөлініп отыр. Биыл осы жұмыстарды жүргізуге бөлінген 750 млн теңгенің есепті мерзімде қаралған 566 млн 778 мың теңгенің 563 млн 206 мың теңгесі жоспарға сәйкес игеріліп отыр.

Сол сияқты, республикалық бюджеттен Гродеково (9 млн тг), Пригродное (10,5 млн тг) және Айшабибі (10,2 млн тг) ауылдарындағы «Ауыз су жүйесін жаңғырту» жобасының сметалық құжаттарын әзірлеуге барлығы 29 млн 700 мың теңге бөлініп, 17 млн 057 мың теңгесі игерілді.

Елді мекендердегі ауыз құбырларының жұмысын қамтамасыз етуге аудан бюджетінен 29 млн 485 мың теңге бөлінген.

Елді мекендерді газдандандыру

Ағымдағы жылы Қостөбе, Октябрь-Жеміс, Жамбыл, Түрксіб, Шайқорық, Бесжылдық, Танты, Қапал, Шайқорық стансасы, Қоңыртөбе елді мекендерін газдандыру мақсатында республикалық бюджеттен 447,8 млн теңге бөлінген болатын. Осы елді мекендерге тартылатын газ құбыры бойынша жобаның сметалық құны 577 млн 512 мың теңгеге өзгертіліп, сараптамадан өткізілді. Қазіргі таңда келісім-шарт негізінде жұмыстар жүргізілуде.



Көлік және инженерлік- коммуникация инфрақұрылымы

Өздеріңізге белгілі, облыс басшысының ұсынуымен 2011 жыл «Жол жылы» болып белгіленіп, бірқатар жұмыстар жүргізілді.

Аудандық мәндегі автомобиль жолдарын орташа жөндеуден өткізуге жергілікті бюджеттен барлығы 129 млн 736 мың теңге бөлінген болатын. Бұл қаржы есебінен Өрнек-Ерназар (65 млн 512 мың), Тараз-Пригородное (17 млн 370 мың), Бесағаш (31 млн 634 мың) және Ақбұлым (15 млн 220 мың) ауылдары бағытындағы жолдар жөндеуден өтті. 58 млн 700 мың теңгеге Бесағаш – Юбилейный саяжайы аралығына жаңа автожолдың құрылысы жүргізілді.

Сонымен қатар, аудан бюджеті есебінен 7 елді мекендегі 15 ауылдық мәндегі автомобиль жолдарын орта жөндеуден өткізуге 69 млн 039 мың теңге бөлініп, 55 млн 265 мың теңгесі игерілді. Бұл қаржыға Жалпақтөбе ауылындағы Октябрьская көшесі, Түрксиб ауылындағы Желтоқсан көшесі, Өрнек ауылындағы Омаров, Бекпенбет көшелері, Қаракемер ауылындағы Сабаев көшесі, Жамбыл бөлімшесіндегі Еспенбетова көшесі, Қостөбе ауылындағы Тұрсынбаев көшесі, Аса ауылындағы А.Иманов, Б.Момышұлы, Қойгелді, Ә.Бегманов, М.Әуезов, Ы.Алтынсарин, Советская және Заводская-Гагарин көшелері орта жөндеуден өткізілуде.

Сол сияқты, ағымды жөндеу жұмыстарына бөлінген 17 млн 861 мың теңге Еңбек, Көлтоған ауылдарының кіре беріс жолдарына, Пионер-Сеңгірбай, Бектөбе ауылының орталық көшесіне, Аса ауылының айналма жолына жұмсалды.

Ауылдардың жолдары халықтың тіршілік көзіне қажетті маңызды нысандардың бірі. Сондықтан, бюджет қаржысы сапасыз жүргізілген жұмыстардың кесірінен көлік доңғалақтары астынан ұшқан тас сияқты желге кетпеуі тиіс. Осы салаға жауапты қызметкерлер мен ауыл әкімдері жол жөндеу жұмыстарын қатаң бақылауға алуы қажет.

Аса ауылының кәріз сулары коллекторын қайта жаңғырту үшін облыстық бюджеттен бөлінген 157 млн 393 мың теңгенің 47 млн 475 мың теңгесі аударылып, жұмыстар басталды.

Тұрғын үй құрылысы

Коммуналдық меншіктегі тұрғын үй қорын қалыпты жағдайда ұстауға бюджеттен 5 млн 596 мың теңге бөлінген. Оның 2 млн 250 мың теңгесі 5-қабатты тұрғын үйдің канализация жүйесін тазалауға, 1 млн 596 мың теңгесі тұрғын үйге жылу есептегіш құрал орнатуға жұмсалып отыр.

2011 жылдың 8 айында жеке тұлғалармен салынған жалпы алаңы 15376 шаршы метрді құрайтын 158 тұрғын үй қабылданды. Бұл өткен жылға қарағанда 51,9 пайызға артық.

Дегенмен, салынып жатқан үйлердің сапасы мен олардың бекітілген жоспарға сай орналасуына бақылауды күшейту қажет. Жоспарға сай орналаспаған, сейсмикалық жағынан талаптарға келмейтін үйлер келешекте инфрақұрылым жүргізу мен оларды қабылдауда қиындықтар туғызуы мүмкін. Сондықтан, ауданның сәулет қызметі мен ауыл әкімдеріне үйдің іргетасы қаланғаннан бастап, оның бекітілген сызбаға сәйкес салынып жатқанын бақылауды тапсырамын.


Халықты әлеуметтік қорғау және қамсыздандыру шаралары

Бүгінгі таңда аудан халқының саны 87777 адамды құрап отыр. Экономикалық тұрғыдан белсенді халық саны 43448 адам, белсенділік деңгейі 81,7 пайызды құрайды, жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайыз, кедейшілік деңгейі 1,3 пайыз. Күнкөрістің ең төменгі деңгейінің шамасы халықтың орта есеппен жан басына шаққанда 15353 теңгені немесе өткен жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда 128,4 пайызды құрады.

Есепті мерзімде 267 ресми жұмыссыз тіркелген. Жыл басынан 3714 адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде, ақылы қоғамдық жұмыс орындарына 177 адам, бос жұмыс орындарына 174 адам, әлеуметтік жұмыс орындарыны 53 адам, жаңадан ашылған жұмыс орындарына 185 адам, мерзімдік жұмысқа 3072 адам орналастырылды. Аудан бюджеті есебінен «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша 27 адам, «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы аясында республикалық бюджет есебінен 26 адам жұмыспен қамтылды.

2011 жылға атаулы әлеуметтік көмекке 14 млн теңге, тұрғын үй жәрдемақысына 20 млн теңге, 18 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларына 107 млн 600 мың теңге бөлініп, әлеуметтік төлемдер төленуде.

Бүгінгі күнге, 18 жасқа дейінгі балалары бар 2359 отбасына 76 млн 500 мың теңгесі, 208 отбасына 9 млн 500 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек, 353 отбасына 2 млн 800 мың теңге тұрғын үй жәрдемақысы тағыйындалып төленді.

Мүгедектерді оңалту бағдарламасына сәйкес 1-ші топтағы мүгедектерге 2 млн 100 мың теңге қаралып 1 млн 896 мың теңгесі игерілді. Міндетті гигиеналық құралдарға бөлінген 4 млн 220 мың теңгенің 3 млн 428 мың теңгесі, үйден оқытылып және тәрбиеленетін балалардың жәрдемақысына қаралған 4 млн 717 мың теңгенің 2 млн 985 мың теңгесі төленді.


Денсаулық сақтау саласы

Аудан бойынша 10 000 адамға шаққанда дәрігерлермен қамтылу көрсеткіші -9,8, орта буынды медицина қызметкерлерімен 39,1 ал ауруханалық төсекпен қамтылу 13,2 пайызды құрайды. Оның ішінде тәуліктік стационармен қамтылуы 17,8 және күндізгі стационармен 7,0.

Есепті мерзімде аудан көлемінде 1465 сәбилер дүниеге келіп (2010 ж-1560), өткен жылмен салыстырғанда туылғандар көрсеткіші 95 сәбиге кеміген.

Қайтыс болғандардың жалпы саны 386 (2010ж -342), 1000 адамға шаққанда өлім көрсеткіші – 3,5 (2010ж-4,3). Бір жасқа дейінгі 7 бала өлімі (2010ж-6) орын алған.

2011 жылы денсаулық сақтау мекемелерінің қызметін қамтамасыз етуге 760 млн 376 мың теңге бөлінген. Оның ішінде, облыстық бюджеттен 444 млн 629 мың теңге, республикалық бюджеттен 315 млн 747 мың теңге. Ағымдағы жылдың 8 айына жоспарланған 537 млн 380 мың теңгенің нақты игерілгені 517 млн 828 мың теңгені немесе 96,0 пайызды құрап отыр.

Тегін дәрі - дәрмектермен қамтамасыз етуге барлығы 34 млн 473 мың теңге қаралған, оның нақты игерілгені 22 млн 955 мың теңгені немесе 66,5 пайызды құрап отыр (Тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бөлінген соманың игерілу көрсеткіші төмен болу себебі дәрі дәрмекті бөлу тендерінің кеш өткізілуімен және облыстық денсаулық басқармасынан дәрі бөлу-алу наряды сәуір айында кешігіп келуімен түсіндіріледі)

Емдеу мекемелерін қалыпты жағдайда ұстап тұру мақсатында 6,0 млн теңге бөлініп Айшабибі, Жасөркен, Қаратау, Бәйтерек, Жасөркен ауылдарындағы медициналық нысандарға ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді.

2011 жылдың 8 айында туберкулезге қарсы диспансеріне 70 адам тіркеуге алынған. Бұл 2010 жылғыдан 15 адамға артқан. Аурудың созылмалы түрімен ауырған 5 науқас қайтыс болып, өткен жылғыдан 2 адамға артқан.

Биылғы жылы диспансерді медициналық құрал жабдықтармен қамтамасыз етуге бөлінген 3 млн 040 мың теңге, дәрі-дәрмекпен қамтуға 2 млн 800 теңге бөлініп, толығымен игерілген.
Білім беру

Құрметті депутаттар!

Өздеріңіз білесіздер, 2011 жылға арналған аудандық бюджет шығыстарының ішінде республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген 287 млн 717 мың теңге трансферттерді қоса есептегенде яғни 60,0 пайызы білім беру саласын қаржыландыруға бағытталып отыр.

2010-2011 оқу жылына жалпы білім саласына 3 млрд 435 млн 249 мың теңге қаралған.

Оның ішінде, жалпы білім беруге 2 млрд 637 млн 065 мың теңге, қосымша білім беруге 36 млн 425 мың теңге, мектепке дейінгі тәрбие ұйымдарының қызметіне 311 млн 738 мың теңге, спорттық іс шараларды ұйымдастыру жұмыстарына 3 млн 100 мың теңге және білім беру, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қызметін қамтамасыз етуге 14 млн 087 мың теңге.

Мектеп асханаларында бір мезгіл ыстық тамақ беру үшін 12 млн 300 мың теңге бөлініп, оның 7 млн 244 мың теңгесі, киім әперуге және әртүрлі іс-шаралар ұйымдастыруға бөлінген 7 млн 360 мың теңгенің 1 млн 805 мың теңгесі, сауықтыру лагеріне 4 млн 900 мың теңге бөлініп, толығымен игерілді.

Жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға республикалық бюджеттен 22 млн 627 мың теңге бөлініп, 8 айға жоспарланған 13 млн 650 мың теңгенің 11 млн 418 мың теңгесі игерілді. Бұл қаржының игерілмеуінің басты себебі жетім балалар санының өзгеруінен және кәмелеттік жасқа толған балалардың есептен шығып кетуінен болған.

Сонымен қатар үйде оқытылатын мүгедек балаларды оқу құрал жабдықтарымен, бағдарламалық кітаптармен қамтамасыз етуге облыстық бюджеттен бөлінген 18 млн 800 мың теңге толық игерілді.

Қазіргі уақытта білім беру мекемелері 831 компьютермен, 14 мультимедиялық кабинеттермен, 40 интерактивті тақталармен жабдықталған және 5 физика, 4 биология кабинеттері жабдықталған. Компьютермен қамтамасыз ету көрсеткіші 19 оқушыға 1 компьютер болып отыр.

Осы жылы республикалық бюджеттен бөлінген 16 млн 623 мың теңгеге лингофондық және мультимедиялық кабинеттерін ашуға 8 млн 194 мың теңгеге бөлініп отыр (Шайқорық, Б.Кейкеев және Ильич орта мектептері) және биология кабинеттерін жабдықтауға (Ысмаиылов және Беспаев мектептері). Бөлінген қаражаттар қараша айына жоспарланған.

Білім беру мекемелерін күрделі жөндеуге жергілікті бюджеттен бөлінген 44 млн 231 мың теңгенің 27 млн 684 мың теңгесі игерілді. Бұл қаржыға Амангелді мектебінің шатыры жөнделді, Кейкиев мектебінің жылу қазандығы салынды, Макаренко мектебінің жылу қазандығы газға ауыстырылды.

Ағымды жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 49 млн 220 мың теңге бөлініп, игерілгені 46 млн 001 мың теңге.

Жергілікті бюджеттен мектептерді материалдық техникалық жабдықтауға 30 млн 125 мың теңге бөлініп, 30 млн 111 мың теңгесі игерілді. Осы қаржы есебінен 4 мектепке автобус, 5 дана электр генераторы, 5 дана интерактивтік тақта, 64 дана компьютер, 64 дана класс комплект сатып алынды

Қазіргі уақытта 20 елді мекеннен 12 мектепке 1140 оқушы тасымалданып оқытылуда. Биылғы оқу жылына оқушылар тасымалына 4 млн теңге бөлініп отыр.

ҰБТ қортындысы

2011 жылы аудан бойынша орта білім беру ұйымдарын 1177 түлек бітірді. Мектеп бітірушілер саны 2010 жылмен салыстырғанда 264 адамға артып отыр. Оның ішінде ұлттық біріңғай тестілеуге 760 оқушы немесе жалпы мектеп бітірушілердің 64,5 пайызы қатысты.

ҰБТ қорытындысы бойынша аудан оқушыларының орташа баллы 82,47 пайыз болып былтырғы жылдан 0,12 пайызға артқан.

Былтырғы оқу жылында тек 1 оқушы ғана «Алтын белгіге» ұсынылып өз білімін дәлелдесе, биыл «Алтын белгіге» ұсынылған 8 оқушының 4-і өз білімдерін дәлелдеген.



Балапан бағдарламасы

Мектепке дейінгі білім беретін 10 бала-бақша (1043 бала) мен 17 шағын орталықтарда (850 бала) барлығы 1893 бүлдіршіндер тәрбиеленуде немесе барлық балаларды тәрбиелеуді қажет ететін сұраныстың 42,7 пайызы қамтылып отыр.

«Балапан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ашылған 1 балабақша мен білім беру мекемелерінің жанынан ашылған 17 шағын орталықтың қызметін қамтамасыз етуге биылғы жылға республикалық және облыстық бюджеттен 168 млн 523 мың теңге бөлініп, оның 84 млн 398 мың теңгесі игеріліп отыр.

Өткен жылы сатып алынған Жасөркен ауылындағы балабақшаның жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл балабақшаны жыл соңына дейін ашуды жоспарлап отырмыз.

Аса, Шайқорық, Бектөбе, Пионер, Гродиково ауылдарындағы балабақша ғимараттарын ағымды жөндеу жұмыстарына жалпы 16 млн 022 мың теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды.

Әлеуметтік сала мамандарымен қамтамасыз ету

Білім және медицина салаларына білікті кадрларды тарту жұмыстары тұрақты жүргізілетін болады. «Дипломмен ауылға» бағдарламасына сәйкес республикалық бюджеттен 2 млн 553 мың теңге көтерме ақыға, тұрғын үй алу үшін 16 млн 023 мың теңге бөлінген.

Осы мақсатта бүгінгі таңда 6 жас маманға 105,0 мың теңгеден (2 мұғалім, 4 дәрігер) көтерме жәрдем ақы төленді. Сонымен қатар, 7 маманға жыл соңына дейін тұрғын үй алу үшін әр қайсысына 2 млн 268 мың теңгеден несие берілетін болады.

Бұған қосымша облыс бюджетінен аз қамтылған отбасыларынан шыққан, үлгерімі жақсы мектеп бітірушілерін медициналық жоғары оқу орындарында оқыту үшін 1 млн 950 мың теңге көлемінде грант, ауылдарға жұмыс істеуге келген медицина саласының жас мамандарына қосымша көтерме ақы төлеуге 1 млн 320 мың теңге бөлінген.


Кадрлармен жұмыс, құқықбұзушылықтың алдын алу

Қандай да сала болмасын оның жұмыс сапасы мен көрсеткіші білікті, өз ісіне берілген кәсіби мамандарға байланысты болып келеді.

Сондықтан, кадрларды жұмысқа қабылдағанда, қызметтік сатымен жоғарылатуда оның артындағы адамға емес, білімі мен кәсіби біліктілігі ескерілуі қажет деп есептеймін.

Біліксіз, қызметіне адал емес қызметкер өздігінен сүрінеді, заңды бұзады және ол үшін жауапқа тартылады.

Есепті мерзімде аудан бойынша сыбайлас жемқорлыққа байланысты заң бұзып, қылмыс жасағаны үшін 3 лауазым иелері сотты болды, бір ауыл әкімінің ісі тергелуде. 3 қызметкер тәртіптік жаза алып, 1-і қызметінен босатылып жазаланды.

Қоғамдық орындарда, көшеде, бұрын сотты болған адамдармен қайта жасалған қылмыс түрлері, кәмелетке толмағандармен жасалған құқық бұзушылықтар өсуде.

Бұған адамдардың лайықты iсiнiң болмауы және жастардың бос уақытты мақсатсыз өткiзуi, олардың мәдени - көпшілік шараларға тартылмауы да себеп болады.
Мәдениет

Қазіргі уақытта берілген мәлімет бойынша аудан халқына 49 мәдениет ошақтары қызмет көрсетуде.

Есепті мерзімде 347 әр түрлі мәдени - көпшілік іс-шаралар өткізіліп, оған 1 млн 270 мың теңге көлемінде қаржы жұмсалған.

Ауылдық клубтардың ғимараттарын жөндеуге, жылу жүйесін табиғи газға қосуға, электр трансформаторын орнатуға, абаттандыруға жалпы 15 млн 714 мың теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда.

Аудандық мұражайға 305 мың теңгеге түрлі экспонаттар, Өрнек, Шайдана ауылдық клубтарына 799 мың теңгеге жихаз алынды.

Кітапханалардағы кітап қорын толықтыруға 989 мың теңге, Өрнек ауылдық кітапханасы мен Гродеково балалар кітапханасын ағымды жөндеуге 832 мың теңге жұмсалды.

Мәдениет нысандарын жаңғырту жұмыстарына алдағы уақытта да көңіл бөлінетін болады. Бірақ, ауыл әкімдері, тиісті әкімдік бөлім басшылары мен сала мамандары ауылдағы мәдениетті көтеруге қолда бар мүмкіндіктермен ат салысуы қажет. Бұлай дейтінім, мәдениет ошағы болып табылатын кейбір ауылдардағы клубтарымыздың айналасы, мәдени-тарихи ескерткіштердің қазіргі сиқы сын көтермей тұр.
Абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстары

Ауданның, ауылдың абаты, тазалық жұмыстары бақылаудан түспейтін, өзекті мәселе болып қала береді.

Осы мақсатқа аудан бюджетінен жалпы 63 млн 722 мың теңге бөлініп, оның 55 млн 532 мың теңгесі игерілді. Бұл қаржыға өздеріңіз көріп жүрген аудан орталығының алаңы, 2010 жылы Жол картасы бойынша салынған саябақтың суғару жүйесі жасалды, Айшабибі ауылында Ұлы Отан соғысының Батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының бюсті орнатылды, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ескерткіштерін әктеу-сырлау жұмыстары жүргізілді, елді мекендердің тазалық, әктеу-сырлау жұмыстарына жұмсалды.

3 млн 800 теңге Қаракемер округі аумағында тұрмыстық қалдықтар тастау орнының құрылыс жұмысының жобалық сметалық құжаттарын әзірлеуге қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Елді мекендегі жарықтандырылған көшелерді қалыпты жағдайда ұстап тұруға аудан бюджетінен жалпы 35 млн 610 мың теңге бөлініп, есепті мерзімде 22 млн 533 мың теңгесі игерілді.

Ағымдағы жылдың 8 айында бүкіл аудандық 6 сенбілік өткізілген.


Құрметті депутаттар, құрметті ауданның атқа мінерлері!

Ауданның тазалығы, сырт келбеті оның экономикасы мен халықтың жағдайы осы отырған бәріміздің «Жамбыл ауданынанмын» деп айтуға ұялмайтындай болуы қажет деп есептеймін.

Өзімнің тарапымнан, ауданда осы күнге дейін атқарылып келген жұмыстарды сіздермен бірлесе отырып одан әрі жалғастыруға, ауданның әлеуеті мен халықтың әл-ауқатын жақсартуға бар күш жігерімді жұмсауға дайын екенімді жеткіземін.

Өздеріңіз естіп, біліп жүрген шығарсыздар, өткен апталарда ауданға қарасты барлық елді мекендерде болып, жергілікті тұрғындардың тыныс-тіршілігімен таныстым, әр ауылдың проблемалық мәселелерін көзіммен көрдім.

Әрине, бұл мәселелерді қысқа уақытта шешіп тастау мүмкін емес. Дегенмен, олардың ішіндегі бірінші кезекте жасауды қажет ететін, қолымыздан келетін жұмыстардың тізбесі жасалып, арнайы жоспар бекіттік. Бұл жұмыстарды аяғына дейін жеткізу жеке бақылауымда болады деп, бүгінгі есебімді аяқтаймын.

Назарларыңызға рахмет




Каталог: userfiles -> file
file -> Е. Ахетов Аудан әкімі С. Тәуіпбаев 2011 жыл Тереңөзек кенті әкімі аппаратының
file -> Бағдарламасының мониторингі бойынша жедел есептілік Есепті кезең 2013 жыл
file -> Келісемін бекітемін кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Сырдария ауданының әкімі
file -> Жамбыл облысында «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасын іске асыру жөніндегі жоспар
file -> Бағдарламасының мониторингі бойынша жедел есептілік Есепті кезең 2012 жыл Іске асыру кезеңі
file -> Бағдарламасының мониторингі бойынша жедел есептілік Есепті кезең 2012 жыл Іске асыру кезең
file -> Білім берудің тиісті деңгейлерінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы №1080 Қаулысы «Білім туралы»


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет