Жамбыл ауданының әкімі Р. Дәулеттің қорытынды



Дата25.02.2016
өлшемі156.5 Kb.
Жамбыл ауданының әкімі Р. Дәулеттің қорытынды

есебі


Құрметті аудан жұртшылығы!

Міне, бір жылды артқа тастап, жаңа жылға қадам бастық. Жалпы алғанда, өткен жыл қазақ елі үшін қоғамдық-саяси маңызды оқиғаларға толы болды. Біздің ауданымызда да 2013 жылдың күнтізбелік тарихына енетін бірқатар жұмыстар атқарылды. «Талаптанған  мұратына  жетер, талапсыздың күні  өкінішпен  өтер» дегендей, биылғы жылы атқаратын жұмыстардың да ауқымы кең.

Мемлекетіміз қол жеткізген бүгінгі жетістіктердің қайнар көзі – ол Ел Президентінің әр жылы халыққа арнаған Жолдауы. Барша қазақ елі үмітпен күтетін Жолдаудан бастау алған игі істердің жемісін біз көріп келеміз.

Елдікті, бірлікті, өркениетті ту еткен халқын ерен еңбектерге жетелеген кемеңгер Көшбасшының биылғы Жолдауы да ауқымды істерге бастаған кезекті қадам деп білген жөн. Қазақстан жолы бір мақсат, бір мүдде, бір болашаққа тооғысып, 2050 жылға дейін жаңа межелерді бағындыруға бет алдық.

Инновациялық индустрия, агроөнеркәсіп кешені, ғылымдағы прогресс, барлық саладағы инфрақұрылымды дамыту, шағын және орта бизнес әлеуетін көтеру, білім, денсаулық пен мәдениет сияқты салаларды дамытуға жаңа бағыттар белгіленді. Елбасы Үкімет пен Ұлттық банкке берген биылғы жылы орындалуы тиіс жеті тапсырмасында экономика өсімін 6-7 пайыз деңгейінде қамтамасыз етіп, халықтың жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 14,5 мың доллардан кем болмауын тапсырды. Ал 2050 жылға дейін ішкі жалпы өнім көлемін жан басына шаққанда 4,5 есе – 13 мың доллардан 60 мың долларға дейін арттыру міндеті тұр. Бұл - ең бірінші халық мүддесі үшін қабылданған шара. «Қазақстан-2050» - Мәңгілік Елге бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол болмақ.

Бағытымыз айқын, мақсатымыз белгілі. Еңселі, озық елдердің отыздығына ену - біздің стратегиялық мақсатымыз. Бұл – ортақ міндет, еңбек жасындағы әр азаматтың үлес қосуын қажет ететін абыройлы іс деп білемін. Осындай, жалпыға ортақ еңбек қоғамын құруға біз де қатысуымыз қажет. Аудан экономикасын көтеріп, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін әр сала бойынша мемлекеттік бағдарламаларды аудан жағдайына қарай үйлестіру маңызды. Мемлекеттік бағдарламаларды дұрыс іске асыра білсек, жаңа жұмыс орындары құрылады, еңбек өнімділігі артады, бюджет толығады.



(слайд) 2013 жылы жалпы шығарылған өнім көлемі 33 млрд. 278 млн. 700 мың теңгені құрады. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда 31, 2 пайызға артық.

Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 16 млрд. 804 млн. 767 мың теңгені болып, 11 млрд 556 млн 254 мың теңгеге артты.

(слайд) 2013 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында мемлекеттік бюджетке 2 млрд. 786 млн 310 мың теңге салық, салықтық емес және басқа да төлемдер жоспарланып, нақты 2 млрд. 927 млн 767 мың теңгеге немесе 105, 1 пайызға орындалды. Республикалық бюджет 101,2 пайызға, ал жергілікті бюджет 106,4 пайызға орындалды.

Бюджеттің шығыстары трансферттерді қоса есептегенде барлығы 8 млрд 082 млн 765 мың теңге болып, жыл қорытындысы толығымен игерілді.
Ауыл шаруашылығы

(слайд) Ауыл шаруашылығы саласында 13 млрд. 662 млн 700 мың теңгенің өнімі өндіріліп, 2012 жылмен салыстырғанда 28,3 пайызға артып, нақты көлем индексі 113,1 құрады.

(слайд) Агроқұрылымдарға тиесілі егіске жарамды 57 347 гектар жердің 54 434 гектары немесе 94,9 пайызы игерілді.

(слайд) Өткен жылы 11755 гектар масақты дәнді дақылдар ораққа түсіп, 18944 тонна өнім жиналды. Әр гектардан орта есеппен 16,1 цн өнім алынды. Егілген 4 521 гектар майлы дақылдардан 4 574 тонна, 4954 гектар көкөністен 121 566 тонна, 418 гектар бақша дақылдарынан 10 327 тонна және 502 гектар картоптан 10 859 тонна өнім жиналды.

Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын өркендетуге арналған қажетті жағдайлар жасалып келеді. Қазіргі нарық талабы – ол шаруалардың бәсекелестік ортаға лайықты болулары қажет. Бәсекелестік ортаға бейімделу үшін, басымдық берілген дақылдарға берілетін мемлекеттік көмектерді пайдалана отырып, егіс алқабының сандық және сапалық құрамын жақсарту қажет болып тұр.

Былтырғы жылы 407575 гектар жерге түгендеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 1785 гектар алқап мемлекеттік жер қорына қайта алынды, 90 гектар иесіз мүлік ретінде есепке қойылды, 204 жер пайдаланушы субъектілерінің жалпы көлемі 7723 гектар жер Жамбыл облысы бойынша аумақтық жер инспекциясына тиісті шара қолдану үшін жолданды.

(слайд) Мемлекет тарапынан 237 шаруашылықтарға 97 млн. 314 мың теңге көлемінде субсидия төленді. Көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 1602 тонна жанар-жағар май берілсе, 131 шаруашылық 3 494 тонна отандық тауар өндірушілерден арзандатылған тыңайтқыш сатып алды. Шегірткелерге қарсы күрес жүргізу үшін бөлінген 294,8 мың теңгеге 303 гектар алқапқа химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді.

(слайд) Шаруалардың техникалық базасы жалпы құны 61 млн. теңге тұратын 32 дана ауыл шаруашылығы техникаларымен толықты. Оның 25 данасы лизингтік жүйе арқылы алынған.

(слайд) Мал басы ірі қара 31696, қой-ешкі 164565, шошқа 3940, жылқы 10128, түйе 48 басқа жетіп, үй құстары 90 мыңнан асты.

Әр 100 аналық басқа шаққанда 96 бұзау, 98 қозы-лақ, 2364 торай, 71 құлын, 7 бота алынды.



(слайд) 2013 жылы 38288 тонна сүт, 8025 тонна ет, 369 тонна жүн өндіріліп, 2012 жылмен салыстырғанда ет өндіру - 41 тоннаға, сүт – 684 тоннаға өссе, жүн және жұмыртқа өндірісі кеміген.

(слайд) «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 14 шаруашылық 112,2 млн. теңге несие алып, 579 бас асыл тұқымды ірі қара малын сатып алған. Асыл тұқымды мал сатып алған және селекциялық асылдандыру жұмысын жүргізген 49 шаруашылық 54 млн. 571 мың теңге дотация алды.

2013 жылы эпизоотияға қарсы іс-шараларды жүргізу үшін республикалық бюджеттен биопрепараттар алуға 65 млн 696 мың теңге жұмсалды.



(слайд) 94 бас мүйізді ірі қарадан, 818 бас уақ малдан сарып ауруы анықталды. Сарып ауруы шыққан аулалардың қора жайларына залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді және ауруға шалдыққан малдар жойылды.

Былтырғы жылдан бастап ауылдық округтерде ветеринарлық қызмет көрсететін пункттер қызмет көрсете бастады. Бұл пунктер әзірге жалға алынған үй-жайларда орналасты. Алдағы уақытта бюджет есебінен бұл мәселе шешімін табады.

Ауыл шаруашылығында санитарияны қамтамасыз ету үшін Аса, Қаракемер, Қызылқайнар округтерінде мал емдейтін орынға (раскол) және көрші елдермен шекаралас орналасқан Айшабиби, Қызылқайнар округтерінің аумағында контрабандалық жолмен келген малдарды уақытша ұстайтын орындарының жобалау-сметалық құжаттары дайындалды.

Биыл Ақбұлым, Бесағаш, Тастөбе, Бесжылдық ауылдарында мал өлекселерін тастайтын биотермиялық шұңқырлардың құрылысы жүргізілетін болады. Кейбір ауыл тұрғындары осы шұңқырлардың қоршаған ортаға зиянын айтып, түсінбеушілік танытты. Сондықтан, санитарлық нормаларға сай салынатын, қызметі мал мен жануарлардың өлекселерін залалсыздандыру болып табылатын бұл нысандардан ешқандай зиян келмейтінін айтып өткен жөн шығар.



Құрметті қауым!

Бұл салада шаруа қожалықтарымен біріге отырып қолға алатын бірқатар мәселелер бар.

Біріншісі, ол- ірілендіру жұмыстары. Қазір біздің ауданда екі мыңнан астам шаруа қожалықтары тіркелген. Бұлардың 90 пайызға жуығының жер көлемі 50 гектардан аспайды. Көлемі 50 гектар алқапта 10-15 шаруа отырған жерлер бар. Бірі ексе, біреуінің жері бос жатыр.

Екінші, бұл - ағын судың жетіспеушілігі. Бұл тәсілді біздің шаруалар тек 905 гектарға қолданып отыр. 50 гектар алқапқа орта есеппен бөлінетін 200 - 250 литр суды сол алқапта орналасқан 15 шаруа әр жаққа тартса, су қайдан жетсін. Сондықтан, су үнемдеу технологиясын, яғни, тамшылатып, жаңбырлатын суаруды енгізу қажет.

Үшінші мәселе – ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу орындарының аздығы. Өз өнімімізді өзіміз өңдесек, ауыл шаруашылығы саласындағы өнім өндірісі де арта түсер еді.

Ауыл шаруашылығы бөлімі осы бағытта нақты шаралар қабылдауы қажет.

Ел Президенті кешегі Жолдауында «Қазақстан ет және сүт өнімдерін экспорттайтын өңірлік ірі елге айналуға тиіс. Егін шаруашылығында суды көп қажет ететін тиімділігі төмен дақылдар көлемін қысқарту, оларды көкөніспен, майлы және азықтық өнімдермен алмастыру жолына бет бұру керек. Агрохимикаттарды тиімді тұтынудың, өзге де инновацияларды қолдануды кеңейтудің кешенді шаралары қажет» деп айтты.

Сондықтан, шаруа ісін өрге дөңгелетеміз десек, мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктерді пайдалана отырып, жұмыс жүргізуіміз қажет.



Өнеркәсіп

Елбасы биылғы Жолдауында Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына енуі үшін инновациялық индустрияландыру трендін түзеу және күшейте түсудің маңыздылығына тоқталды. Индустрияландыру бағдарламасының маңыздылығы мен қажеттілігін аудан көлемінде мына цифрлардан байқауға болады.



(слайд) Өнеркәсіп саласында өндірілген жалпы өнімнің 86,6 пайызы үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған өндіріс орындарының еншісінде(«Амангелдинский ГПЗ» ЖШС-нің Тараз филиалы – 83,2%, «Super Pharm» ЖШС – 2,2%, «БиномСтрой-Деталь» ЖШС – 1,2%).

Осы өндіріс орындарының іске қосылуымен аграрлық саналып келген Жамбыл ауданы өндірілген өнім көлемімен өнеркәсіптік ауданға айналып келеді (өнеркәсіп 51%. ауыл шаруашылғы 49 %).



(слайд) 2013 жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2012 жылмен салыстырғанда 33,3 пайызға ұлғайып, 19 млрд. 616 млн. теңгені құрады. Нақты көлем индексі 107 пайыз болды.

Сондықтан, ел игілігін еселеуге септесетін бұл бағдарлама аясында жаңа жобаларды іске асыруымыз қажет.



(слайд) Былтырғы жылы Бектөбе ауылынан «БиномСтройДеталь» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің панелді үйлер шығаратын комбинат жобасы аймақтық индустрияландыру картасына енгізілді. Жобаның жалпы құны 500 млн. теңге. Комбинаттың жылдық қуаты 19,5 мың метр куб қабырға панелдерін, аралық қабырғалар мен жабу плиталарын өндіретін болады. Комбинаттың іске қосылуымен қосымша 100 жұмыс орынын ашу күтілуде.

(слайд) Екінші жоба бұл - Бектөбе ауылындағы «Оңтүстік халал тағамдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ет комбинаты. Жобаның жалпы құны 2 млрд. 560 млн. теңге. Бұл өндіріс орыны іске қосылған жағдайда, 200 адамға жұмыс беретін болады.

Сонымен қатар, «KAZenergy Group» LLP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2014 жылдың соңына дейін қуаттылығы 24 МВт электр қуатын беретін күн энергиясы станциясының құрылысын жүргізуді жоспарлап отыр. Жобаның құны 9 млрд. 960 млн. теңгені құрайды. 100 жұмыс орыны ашылады деп күтілуде.

Сол сияқты, биылғы жылы индустрияландыру Картасына енгізу үшін «Амангельдинский ГПЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ЕУРО-4 және 5 стандарттарына сәйкес келетін мұнай өнімдерін өндіру жобасын дайындауда. Жобаның болжамды құны 2 млрд. теңге. Бұл өндіріс орынында жаңадан 100 жұмыс орны ашылады.

(слайд) «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы шеңберінде 2013 жылы ауданда бірқатар бизнес бастамаларға қолдау көрсетілді.

«БиномСтройДеталь» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бағдарлама аясында пайыздық сыйақы ставкасын субсидиялау арқылы «Нұр банк» акционерлік қоғамынан 245,0 млн. теңге несие алды.

Жалпақтөбе ауылынан жеке кәсіпкер Шарипов «БанкЦентрКредит» АҚ-нан пайыздық сыйақылар ставкасын субсидиялау шартымен 40,0 млн. теңге несие алып, сыйымдылығы 1500 тонна көкөніс сақтау қоймасын сатып алды.

Бектөбе ауылынан жеке кәсіпкер «Садибеков» пайыздық сыйақыны субсидиялау бойынша 5,7 млн. теңге көлемінде несие алып, қымыз өнімдерін өндіруге қажетті негізгі құрал жабдықтарды сатып алды.



(слайд) 2013 жылы 3303 кәсіпкерлік нысаны тіркеліп, 2012 жылғыдан 83 нысанға артқанын көрсетті.

Барлық шағын кәсіпкерілік субъектілері бойынша өнім көлемі 14 млрд. 491 млн теңгені құрап, 2012 жылғыдан 3 млрд. 392 млн. теңгеге артып отыр. Бұл жалпы өндірілген өнімнің 43,6 пайызын құрайды.

Аудандағы шағын кәсіпкерлік субъектілері 2013 жылы 219,4 млн. теңге несие алды.
Аймақтарды дамытуға арналған бағдарламалар аясында жұмыстар кезең-кезеңімен, жоспарларға сай жүргізіліп келеді.

(слайд) Есепті жылы 7 млрд 617 млн. теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізілді. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда 3 млрд 678 млн. теңгеге артық.

(слайд) Былтырғы жылы Жасөркен ауылында 300 орындық М.Әуезов атындағы орта мектеп, Қаратау ауылында 120 орындық Т.Рысқұлов атындағы орта мектептің құрылысы аяқталып, 250 келушіге арналған емхана, 2 дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді.

Жаңаөткел ауылында құрылысы жүріп жатқан 50 орындық А.Матросов атындағы мектеп осы жылы пайдалануға беріледі.



(слайд) Сонымен қатар, Түрксіб ауылында 416 млн. 667 мың теңгеге 280 орындық балабақша құрылысы жүргізіліп, аяқталу үстінде. Жуық арада бұл нысанды да ел игілігіне пайдалануға беретін боламыз.

Биылғы жылы Еңбек ауылында 120 орындық мектеп құрылысы басталады. Бұл мектеп құрылысы аяқталса, аудандағы апатты жағдайдағы мектептердің мәселесі толық шешіледі.

Биыл облыстық бюджет есебінен Тастөбе ауылында 20 келушіге арналған медпукт құрылысына 80 млн  924 мың теңге, Жамбыл ауылында 10 келушіге арналған медпункт құрылысына 33 млн  494 мың теңге және 2015 жылы аяқталатын Жалпақтөбе ауылындағы алғашқы санитарлық-медициналық көмек көрсету пунктінің құрылысына 100 млн. теңге бөлінді.

(слайд) 2013 жылға «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша барлығы 863 млн. 590 мың теңге трансферттер бөлінген болатын.

Соның ішінде, Аса -Рахат –Құмтиын ауылдарындағы су құбырының құрылысына 388 млн 123 мың теңге, Айшабибі, Гродеково және Тастөбе ауылдарын ауыз сумен қамтамасыз етуге 455 млн. 556 мың теңге бөлінді. (слайд) Аса-Рахат- Құмтиын ауыз су құбыры тартылып бітті. Гродеково және Тастөбе ауылдарында құрылыс жұмыстары 2014 жылы, ал Айшабибі ауылында 2015 жылы аяқталатын болады.

Қазіргі уақытта Шайқорық, Танты, Қапал, Қоңыртөбе ауылдары және Шайқорық станциясына топтастырылған ауыз су құбырын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптама қорытындысы бойынша құны 992,4 млн теңге болып белгіленді.

Бесағаш-Түрксіб, Пригородное, Қаракемер, Бектөбе-Қызылшарық ауылдарының ауыз суы бойынша жобалау-сметалық құжаттары мемлекеттік сараптамадан өтуде.

Биыл, Жалпақтөбе ауылының ауыз су жүйесін қайта жаңғыртуға 222 млн. 222 мың теңге бөлініп отыр. Бұл нысанның құрылыс жұмыстары 2016 жылы аяқталады. Көріп отырғанымыздай, осы жобаларымыз алдағы жылдары толық қаржыландырылса, бірқатар елді мекендегі ауыз су проблемасының түйіні шешілетін болады.

Облыстық құрылыс басқармасы арқылы жалпы құны 130 млн. 680 мың теңгеге Қаракемер округі аумағынан қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигон салынады. Бұл полигонда Аса, Ақбастау, Ерназар, Өрнек, Пионер, Көлқайнар және Қаракемер сияқты 7 округтен шыққан тұрмыстық қалдықтар залалсызданатын болады.



(слайд) 2013 жылы жеке секторда жалпы алаңы 23 160 шаршы метрді құрайтын 224 жеке меншік тұрғын үй қабылданды. Бұл 2012 жылдан 198 шаршы метрге немесе 9 пайызға артық. Тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер учаскесіне деген сұраныс та артып келеді.

Былтырғы жылы жергілікті бюджеттен бөлінген 25 млн. теңгеге Айшабибі, Жалпақтөбе, Гродеково, Қызылдихан, Қызылтаң, Қаратау ауылдарының бас жоспарлары дайындалып, аудандық мәслихаттың шешімімен бекітілді.



(слайд) Биыл облыстық бюджеттен бөлінген 4 млн 562 мың теңгеге Аса ауылына дайындалған бас жоспардың егжей-тегжейлі жобасы әзірленеді. Сонымен қатар, аудандық бюджеттен бөлінген 45 млн теңгеге Пионер, Шайдана, Еңбек, Бесжылдық, Шайқорық, Тастөбе, Қызылқайнар, Жасөркен, Бесағаш, Түрксіб, Қаракемер, Бектөбе ауылдарының бас жоспарлары дайындалады.

«Қолжетімді тұрғын үй 2020» бағдарламасына енгізу үшін Аса ауылындағы екі 4 қабатты тұрғын үйді қайта жаңғырту жұмыстарының жобалық құжаттары әзірленеді. Аса ауылының Байтерек және Айшабибі ауылындағы жаңа массивтердің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымының жобалары дайындалады.



(слайд) Мақсаты өңірлердің өзекті әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешу болып табылатын «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша ауданға 68, 3 млн. теңге бөлінген болатын. Бұл қаржы ауылдық округтердегі халық санының үлес салмағына қарай бөлінді. Жергілікті қоғамдастық жиналыстарының шешімі бойынша қаражаттар ауылдық объектілерді жөндеу жұмыстарына бағытталды. (слайд) Барлығы 7 ауылда балалардың ойын алаңдары орнатылып, 5 елді мекендегі 10 автомобиль жолдары жөнделді және 6 мектеп пен 1 ауылдық кітапхана ағымды жөндеуден өткізілді.

Сонымен қатар, осы бағдарлама аясында Аса ауылындағы сарқынды кәріз суын биологиялық тазарту имараттары құрылысын салуға 55 млн 555 мың теңге бөлінді. Құрылысы биылғы жылы аяқталады.



(слайд) 2014 жылға жергілікті өзін-өзі басқаруды қолдау мақсатында аудандық бюджеттен 75 млн. 651 мың теңге бөлінді. Бұл қаржыға 8 ауылдың 19 көшесін жөнделіп, 3 ауылға балалардың ойын аландары орнатылып, 4 ауылда көшелер жарықтандырылады. 2 мектеп пен 1 балабақша ағымды жөндеуден өткізіледі. Өздеріңізге белгілі, 2013 жылы жергілікті мемлекетік басқару және өзін –өзі басқаруды дамыту мақсатында жаңа реформалар жүргізілді. Ауыл әкімдерінің сайланбалығы енгізілді, заңнамаларға өзгерістер жасалып, ауыл әкімдеріне бірқатар құзыреттер берілді. Жергілікті халықтың қоғамдастық мүшелері арқылы жергілікті басқару ісіне қатысуына жағдай жасалды. Заңнамалық негізде ауылдық округ әкімдеріне жергілікті өзін-өзі басқарудың кіріс көздерін қалыптастыру құқығы бекітілді.

Соның ішінде, жеке және заңды тұлғалардың ерікті түрдегі алымдары, сыртқы жарнаманы ауылдық округтер арқылы өтетін республикалық, облыстық және  аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында орналастырғаны үшін, белгіленген жерлерден тыс орындарда сауда жасағаны үшін, елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл желектердi күтiп-ұстау және қорғау қағидаларын бұзғаны үшін алатын айыппұлдар бар.


Автожолдар

(слайд) Есепті жылы автомобиль жолдарын қалыпты ұстау мен жөндеуге 297 млн. 740 мың теңге бөлінген болатын.

(слайд) Аудандық мәндегі мынадай автомобиль жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді: Пионер-Сеңгірбай, Еңбек, Жамбыл, Октябрь-Жеміс ауылдарына баратын жолдары және Аса ауылының айналма жолы. Сонымен бірге, 29 млн теңгеге аудандық мәндегі жолдарға ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Ауылдардың ішкі көшелерін жөндеуге 65 млн. 537 мың теңге бөлініп, барлығы 25 жол жөндеуден өтті.



(слайд) Биылғы жылы автомобиль жолдарын қалыпты ұстауға аудандық бюджеттен барлығы 192 млн теңге бөлінді.

(слайд) Бұл қаржы есебінен аудандық мәндегі Ақбұлым, Бесжылдық, Бесағаш, Рахат ауылдарына баратын жолдар, Жасөркен-Пионер лагерь, Тараз-Пригородное, Өрнек-Ерназар бағытындағы жолдар ағымды жөндеуден өткізіледі (барлығы 15 266 мың теңге). Сонымен қатар, Өрнек-Тоғызтарау бағытындағы жолды орта жөндеуден өткізу үшін 48 млн 287 мың теңге қаралды.

(слайд) Ауылдың ішкі жолдарына 119 млн 755 мың теңге бөлінді. Бұлардың ішінде Аса ауылындағы Железнодорожная, Луговая, Төлеби, Момышұлы, Жетітөбе, Маметова, Гагарин, Желтоқсан көшелері, Түрксиб ауылындағы балабақшаға баратын жол мен Бесжылдық ауылындағы Жайшыбеков көшесіндегі көпір бар.

Сонымен бірге, облыстық бюджет есебінен Аса ауылындағы Абай көшесі орта жөндеуден өтеді. Бұған 107 млн 957 мың теңге қаралып отыр.



Қадірменді жұртшылық!

Суын ішіп, топырағынан түлеп отырған алтын діңгек ауылымыздың сыртқы келбеті мен ішкі тазалығын жасау – баршамыздың ортақ міндететіміз. Осындай қоғамдық жұмыстарға ауыл ақсақалы ұйтқы болса, халық үйлесімді тірлік жасайды. Осы орайда, туып өскен мекенінің ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген ел ағаларына алғысымды білдіргім келеді. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» дегендей, ауыл әкімінің сіздердей қолдаушысы болмаса, тек аппаратының күшімен барлық істі тындыруы мүмкін емес.

Есепті жылы елді мекендерді абаттандыру, тазалық бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылды.

(слайд) Көгеріштендіру және санитарлық тазалық айлықтарын жүргізуге аудандық бюджеттен 2013 жылға 68 млн 337 мың тенге қаралған болатын. Бұл қаржыларға Аса ауылындағы орталық алаң абаттандырылып, Абай көшесінің бойындағы жаяу жүргіншілер жолына буклеттер орнатылды, жолдың шығыс жағына қақпа (арка) қойылды. Барлық округтерде әртүрлі сәндік ағаш, гүл көшеттері егіліп, тарихи-мәдени ескерткіштер жөнделіп, саябақтар ретке келтірілді, арық-атыздар тазартылды.

Аудан аумағындағы елді-мекендер айналасындағы күл-қоқыс орындарын жайластырып, санитариясын қамтамасыз етуге 1 млн 500 мың теңге, автомобиль жолдары бойындағы 76 шақырым орман жолақтарын химиялық өңдеуден өткізуге 800 мың теңге жұмсалды.



(слайд) Жыл ішінде 9 рет бүкілаудандық сенбілік ұйымдастырылды.

(слайд) Көше жарықтандыру жұмыстарына 42 млн теңге бөлініп, Аса, Гродеково, Бірлесу-Еңбек, Бектөбе, Шайқорық, Ерназар сияқты 6 ауылдағы 9 көшеге электр шамдары орнатылды. Аудан орталығының Абай көшесіндегі темір-бетон бағандары жаңа талапқа сай темір бағаналарға ауыстырылды.

Биылғы жылы осындай жұмыстар ұйымдастыру үшін 51 млн 539 мың теңге қаралып отыр.



Әлеуметтік сала

Демографиялық өсімді жақсартуға, әлеуметтік кепілдіктер мен міндеттемелерді іске асыруға бағытталған мемлекет саясаты жалғасын табуда.

Статискалық мәліметтер бойынша бүгінде аудан халқының саны 78609 адам.

(слайд) Өткен жылы 2061 нәресте дүниеге келіп, 2012 жылғыдан туу көрсеткіші 27 балаға артқан.

(слайд) Жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызды құрады (облыс 5,1 %). Жұмыспен қамту жөніндегі уәкілетті органға жүгінген 1128 адамның барлығы әр түрлі жұмыспен қамтылды.

Жалпы, 2013 жылы 3876 адам жұмысқа тартылды. Оның ішінде, 131 адам жаңадан ашылған жұмысқа, 181 адам қоғамдық жұмысқа, 3000 адам маусымдық жұмысқа, 564 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Ел Президенті 2050 жылға дейін белгілеп берген, бағындыруымыз тиіс межелердің қатарында әлеуметтік мәселелер де бар. Жолдаудың бір бағыты «Әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері – әлеуметтік кепілдіктер мен  жеке жауапкершілік» деп аталуы бекер емес. Біздің басты мақсатымыз – әлеуметтік қауіпсіздік және азаматтарымыздың бақуаттығы. Бұл – қоғамдағы тұрақтылықтың кепілі.

Ерекше назар аударатын мәселе – мүгедектермен жұмыс. Аудан бойынша 2014 жылдың 1-ші қаңтарына 2695 мүгедектер тіркелді, оның ішінде 1-2 топтағы мүгедектер 1572 адам, 3 топтағы 801 адам, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар саны 322. ҰОС-ның ардагерлері мен мүгедектер саны 6 адам. Олардың ішінде 16 жасқа дейінгілері 307 бала.

Мүгедек азаматтардың әлеуметтік нысандарға кіріп-шығуына жағдай жасау мақсатында жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға 4 млн 143 мың теңгеге 8 нысанға пандустар орнатылды. Биыл осы мақсатта 2 млн 541 мың теңге қаралды.

Тірек – қозғалысы бұзылған мүгедектердің жеке қажеттіліктерін ескере отырып, бір арнайы техникалық автокөлік (инватакси немесе әлеуметтік такси) алуға 2014 жылға жергілікті бюджеттен 4 млн 860 мың теңге қаражат бөлінді.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау шараларымен бірге оларға моральдік қолдау көрсетіп, рухани сауықтыру қажет. Өткен жылы «БӘРІМІЗ БІРДЕЙМІЗ-КЕМСІТУДІ БІЛМЕЙМІЗ» атты республикалық конкурс осы азаматтардың мүмкіндіктері мен өмірге деген құлшынысын көрсетті. Сол азаматтарымыздың бірқатары осы залда отыр. Осы конкурс бойынша ауданда, облыста үздік деп танылған Ауғанбаев Қуаныш республикалық додада топ жарып, «Алтын қауырсын» номинациясы бойынша 1-ші орынды иеленді. Бұл жеңісімен Қуаныш ініміз бізге де үлкен қуаныш сыйлады, қатарлас құрбы-достарына үлкен өнеге көрсетті. Осындай жұмыстар жалғасын табуы тиіс. Қоғамда болып жатқан шаралардан бұл азаматтар шет қалмауы қажет.

«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының 1-ші бағыты - инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту бойынша 176 млн. 162 мың теңге бөлініп, игерілді.

(слайд) Оның ішінде, Жеңістің 30 жылдығы, Тайшапов, Айшабибі орта мектептері мен Өрнек ауылында ашылған 50 орындық «Гүлдер» балабақшасы мен Пионер ауылдық клубы күрделі жөндеуден өткізілді. Б. Момышұлы және Жасөркен орта мектептерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы нысандарды жөндеу жұмыстарына 117 адамды жұмыспен қамту жоспарланып, нақты 126 адам жұмыспен қамтылды.

(слайд) Биылғы жылы бағдарламаның осы бағыты бойынша Чкалов, Әкім Тарази, Абай, Б.Момышұлы, Төлеби орта мектептерін күрделі жөндеуге 364 млн. 839 мың теңге және Бектөбе ауылдық клубын күрделі жөндеуден өткізуге 45 млн 534 мың теңге бөлінді.

(слайд) Бағдарламаның 2-бағыты бойынша: Жеке кәсіпкерлік бастаманы қолдауға барлығы 76 азаматқа 160 млн теңге несие беріліп, жаңадан 35 жұмыс орындары ашылды.

(слайд) 3-бағыт бойынша 45 адамға әлеуметтік жұмыс орындары құрылды. Арнайы оқу орынын бітірген 85 азаматтың 25-і немесе 29 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылды.

Бағдарламаның аты айтып тұрғандай, негізгі мақсаты ол- халықты жұмыспен қамту. Сондықтан, бағдарламаны үйлестіруші - Жұмыспен қамту орталығы осы көрсеткішті жоғарылатуы тиіс.



Денсаулық сақтау

Ауданның денсаулық саласында бойынша 45 емдеу ұйымдары халыққа қызмет көрсетуде. Оларда 86 дәрігер, 343 орта буын медицина қызметкерлері жұмыс атқаруда. Жалпы аудан бойынша дәрігерлермен қамтылу көрсеткіші 84 пайыз. 25 дәрігер мамандарының жетіспеушілігі бар.

Емдейтін дәрігерлер жетіспесе, толыққанды ем алған пациент қайдан болсын. Дәрігер мамандарға деген қажеттілік біраз жылдан бері шешілмей келеді.

Сондықтан, денсаулық сақтау ұйымының басшылары медициналық жоғарғы оқу орынын бітірушілермен алдын-ала жұмыс жүргізуі тиіс деп санаймын. Ал олардың әлеуметтік пакеттерін бюджет есебінен қанағаттандыруды әкімдік шешетін болады.

Медицина саласын дамыту үшін мемлекет тарапынан қажетті жағдайлар жасалып келеді. Жоғарыда айтып өткенімдей, биылдың өзінде ауданда 3 емдеу мекемесінің құрылысы басталады. Бірқатарында жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

(слайд)Былтырғы жылы Қызылқайнар, Айшабибі ауылдарында амбулаториялар салынды, Аса ауылындағы емхана жұмысын бастады. 2013 жылы Аса, Айшабиби және Өрнек ауылдарында жедел жәрдем бригадалары ашылды.

(слайд) Өткен жылы 430 адам қайтыс болған(2012ж - 547),. 1 жасқа дейінгі бір бала өлімі орын алған. (2012 ж. – 9).

(слайд) Аудандық туберкулезге қарсы диспансерде 1207 адам тіркеуге алынған. Бұл 2012 жылғыдан 83 адамға кемігенін көрсетеді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, аурушаңдықтың деңгейінің біздің ауданда үлес салмағының жоғарылағаны байқалады.

Соңғы 3 жылда қан айналымы жүйесінің аурулары көбейе бастаған

Құрметті жерлестер!

Біз, бірінші кезекте өз денсаулығымызға, отбасымыздың амандығына деген жауапкершілікті сезінуіміз тиіс. Саламатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдану, дұрыс тамақтану, аурудың алдын алу үшін жүйелі профилактикалық тексерілуді әр отбасы негізгі ереже ретінде ұстануы қажет.

Ал емдеу емдеу ұйымдарында көрсетілетін қызметтерді бекітілген стандарттарға және қабылданған нормаларға сай көрсетуге нақты шара қабылдайтын кез келді. Кепілдендірілген медициналық көмек түрлері, тегін берілетін дәрі - дәрмек туралы ақпараттар халыққа қолжетімді болуы тиіс.
Құрметті қауым!

Деннің саулығы мен білімді қоғам – ұлт ретінде дамудың ең негізгі қажеттіліктері. Ұлт көшбасшысының қай Жолдауын алсақ та, дені сау ұлт пен қазақ елін өркениетке бастайтын білім мен ғылымдағы қажетті прогресс қамтылмай қалған емес.

Заманыңа сай қажетті білімің болмаса, уақыт талабына қарай қоғаммен бірге ілгерілеу мүмкін емес екені белгілі.

Ел Президенті Жолдаудың алтыншы бағытында «ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар» деп анықтады.

Бұған қол жеткізу үшін қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген мектеп түлектерін тәрбиелеу, оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын жетілдіру, жоғарғы оқу орындарының басқару ісін реформалау, техникалық және кәсіптік білім берудің ұлттық жүйесінің негізін қалыптастыру сияқты бірқатар міндеттерді қойды.

«Адамның басшысы - ақыл, шолушысы-ой, жетекшісі-талап» деген Төле би бабамыздың меңзегені де саналы азаматтың бойында болуы тиіс ең басты қасиеттер.



(слайд) Қазіргі уақытта ауданымызда 26 жалпы орта білім беру ұйымдары, 12 бастауыш мектептер бар. 2012-2013 оқу жылында оларда 745 сынып комплектісінде 13 343 бала оқытылды.

(слайд) 1682 ұстаздың 1522-сі немесе 90,5% жоғары білімді мамандар. Компьютерлердің саны 1068-ге жетіп, қамтылу көрсеткіші 1 компьютерге 16 оқушыдан келеді.

Замануи жабдықталған химия, физика, биология кабинеттерінің саны 30, интерактивті тақталар саны 35, лингафонды-мультимедиялық кабинеттердің саны 22-ге жетті. 18 мектепке бейнебақылау камералары орнатылды.



(слайд) Өткен оқу жылында 12 112 оқушының 10 103 немесе 83,4 пайызы жазғы демалыс және мектеп жанындағы лагерьлермен, 2 965 бала аудандық бюджет есебінен бір мезгілдік ыстық тамақпен қамтылды.

Мектептерге ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жалпы сомасы 74 млн. 949 мың теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілді.

Бюджеттен 121 млн. 380 мың теңге бөлініп, мектептердің материалдық-техникалық базасы нығайтылды.

2012-2013 оқу жылына жалпыға бірдей білім беру қорына 46 млн. 318 мың теңге жұмсалды.



(слайд) 2013 жылы 751 мектеп бітірушінің Ұлттық бірыңғай тестілеуге 510-сы қатысты, бұл барлық мектеп бітірушілердің 67,91 пайызы. Ұлттық біріңғай тестілеудің қорытындысы бойынша аудан оқушыларының орташа баллы 66,35 пайыз болды.

Биылғы оқу жылы 1 сынып оқушыларын (1712 бала) толықтай ыстық тамақпен қамту үшін 43 млн. 695 мың теңге бөлінді немесе 2013 жылғыдан 68 пайызға арттырдық (2013 жылы 26 млн). Жалпыға бірдей міндетті білім беру қорының шығындарына 59 млн. 805 мың теңге бөлінді.

Ағымдағы жылы аудандағы 21 мектеп сымсыз интернет желісіне қосылып, интернетке деген қол жетімділік толықтай шешілді.

Түрксиб ауылындағы Макаренко орта мектебінің бастауыш сыныбының жылу беретін қазандығын және Октябрь-Жеміс орта мектебінің қазандығын көгілдір отынға ауыстыру үшін 49 млн 636 мың теңге бөлінді.

Барлық деңгейдегі әкімдердің алдында 2020 жылға қарай 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту міндеті тұр.

(слайд) Бүгінде мектепке дейінгі білім беретін 14 балабақшаларда 1640 бала және 16 мектеп базасында шағын орталықтарында 950 бала, барлығы 2540 бүлдіршіндер тәрбиеленуде. Қазіргі уақытта аудандандағы мектепке дейінгі тәрбиемен қамту үлесі 44,5 пайыз.

(слайд) Өткен жылы «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы шеңберінде Өрнек ауылынан 50 орындық балабақша күрделі жөндеуден өткізіліп пайдалануға берілді.

Биыл Түрксіб ауылындағы 280 орындық балабақшаны пайдалануға береміз. Қостөбе ауылында 25 орындық, Әуезов орта мектебі жанынан 75 орындық, Төлеби мектебінде 50 орындық және Гагарин орта мектебінен 50 балаға арналған шағын орталықтар ашылатын болады.



(слайд) Әлеуметтік сала мамандарын ауылдарға тұрақтандыру бағдарламасы бойынша келген 20 маманға (8 – денсаулық сақтау, 5 – білім беру, 1 – спорт, 6 – ветеринария саласының мамандары) көтерме жәрдем ақы төленді.

Есепті жылы тұрғын-үй алу үшін 0,1 пайызбен несиелендіру жолымен 15 жылдық мерзімге 31 млн. 158 мың теңге бөлініп, 12 маманға несие берілді (4 – медицина, 6 – білім, 2 – спорт).

Мектептерді жақсы үлгеріммен бітірген түлектерді медициналық жоғарғы оқу орындарында грантпен оқыту үшін 6 адамға 7 млн. 025 мың теңге көлемінде қаржы төленді.

Қазіргі уақытта бұндай студенттер саны 8 адам. Ал ветеринар мамандығы бойынша 2 бала грантта оқып жүр.



Мәдениет

Адамның рухани дамуына және ұлттық салт-дәстүрді ұстануынып, адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіруіне мәдени қызметтің оң әсері бар.

2013 жылы жалпы әр түрлі форматтағы 562 мәдени көпшілік іс-шаралар өткізіліп, оған 2 млн. 400 мың теңге қаржы жұмсалды.

(слайд) Аудандық мәдениет үйіне 25 млн. теңгеге ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. 4,5 млн теңгеге Бірлесу-Еңбек ауылындағы мәдениет үйінің айналасы қоршалып, ауласы асфальтталды.

Өкінішке орай, этникалық топтар қоныстанған Жалпақтөбе, Гродеково, Қызылқайнар сияқты ауылдарда мәдениет ошақтары жоқ. Бұл мәселені шешу үшін Гродеково ауылында орналасқан типтік мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізуге құны 123,4 млн. теңге тұратын жобалық - сметалық құжаттары дайындалды. Бұл жобаны 2015 жылға ұсынып, этно-мәдени орталық өкілдеріне «Достық үйі» ретінде пайдалануына жағдай жасасақ деген жоспар бар.

Жалпақтөбе, Шайқорық, Қоңыртөбе ауылдарындағы кітапханаға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Спортты дамыту, саламатты өмір салтын насихаттау бағытында да бірқатар шаралар ұйымдастырылды.

(слайд) Қазіргі уақытта ауданда 143 түрлі спорт нысандары бар. Аса және Түрксіб ауылдарындағы спорт мектептерінде 1106 бала спорт секцияларына қатысуда.

Өздеріңіз көріп жүргендей, еліміз дербес мемлекет болғалы бері қазақ спортын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Саламатты өмір салтын қалыптастыру, халықты спортқа баулу мәселесі негізгі бағыттардың бірі ретінде белгіленді.

Әкімдік тарапынан да спортқа әрқашан қолдау болған және бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады. Соңғы жылдары аудан көлемінде бірнеше спорттық нысандар ашылды.

(слайд) 2013 жылы Рахат, Шайқорық, Жасөркен және Бектөбе ауылдарында шағын футбол алаңдары пайдалануға берілді. Биылғы жылы осындай алаңдар Қаракемер, Пригородное, Жамбыл және Өрнек ауылдарында салынады.

Спорттық жарыстарды өткізу және командаларды дайындауға бюджеттен 7 млн теңге бөлдік.

Бұл жұмыстар аудан спортшыларының үлкен жарыстарда дода жаруларына септігін тигізіп жатыр. Ауданымыздың намысын спорттық ареналарды қорғап жүрген боксшы Болатбек Қайсарұлы, дзю-дошылар Шыңғыс Үсіпов пен Нұрсұлу Рахман, қазақ күресінен Жармухамет Бағылан мен Махмут Ришат, еркін күрес шебері Дәурен Жаманқұлов пен самбошы Марат Нигметуллаевтар 2013 жылы республика біріншіліктерінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды.

Бұл жұмыстардың барлығы жастарымыз бос уақытын тиімді пайдаланып, өнерлерін шыңдап, спортпен шұғылдануы үшін жасалып жатқан жағдайлар.



Жастар қандай болса, біздің Тәуелсіздігіміздің бола­шағы солай болады. Ендігі кезекте жастар мәселесіне тоқталсам деймін.

(слайд) Бүгінгі таңда аудан жастарының саны 20758, бұл халық санының 26,8 пайызын құрайды. Оның 1015 жасотандықтар болса, 4518-і жасұлан-жасқырандықтар.

(слайд) Жастар саясатын қолдау бағытында іс-шаралар өткізуге 1 млн 650 мың теңге жұмсалды.

(слайд) 2013 жылғы бюджеттен үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік жобаларын қолдауға барлығы 3,5 млн теңге бөлінді (2014 -4,8 млн).

(слайд) Жастар арасында ресми жұмыссыздық көрсеткіші 0,2 пайыз. "Жастар тәжірибесі" бағдарламасы бойынша жергілікті бюджеттен 7 млн теңге қаралып, 55 жас азамат тәжірибеден өтті. Ал республикалық бюджеттен бөлінген 17 млн 864 мың теңге есебінен 137 жас іс-тәжірибеден өтіп, оның 25-сі тұрақты жұмысқа орналасты. "Жасыл ел" еңбек жасақтарында жұмыссыз 68 жас азамат маусымдық жұмыспен қамтылды.

(слайд) Жастар арасында өткізілген аудандық байқаулардың жеңімпаздары облыстық байқауларға жолдама алып, жүлделі орындарға ие болды. Ауылдың ең үздік медицина, мәдениет және әлеуметтік сала қызметкері байқауларында І орын, жас мұғалім, спорт, ветеринар ІІ орын, пікірсайыс, айтыстан І орын, ақсақалдар байқауы ІІ орын, Дельфи ойындарында ұлттық аспап бойынша І орын, «дәстүрлі ән» байқауынан ІІ орындарды иеленді.

Құрметті әлеумет!

Аудан әкімінің аппараты жұмысының негізгі бағыттарының бірі -тұрғындардың өтініш, ұсыныстарын қарау және оларға қатысты тиісті шаралар қабылдау.



(слайд) 2013 жылы аудан әкімі аппаратына жеке тұлғалардан 937, заңды тұлғалардан 488 өтініштер түскен.

Заң нормаларына сәйкес 13 өтініш қарауға құзырлы органдарға жолданды, 366 қанағаттандырылды, 187-не түсініктеме жауаптары берілді.

Ал заңды тұлғалардан түскен 110 өтініш қанағаттандырылып, 239-на түсініктеме жауаптары берілді.

(слайд) Жыл басынан аудан әкімінде, оның орынбасарлары мен аппарат басшысында 99 азаматтар қабылауда болды. Олардың өтініштері қаралып, тиісті шаралар қабылданды.

Арнайы кестеге сәйкес жергілікті атқарушы орган басшылары 97 қабылдау жүргізді.

Азаматтық қоғам институттарымен бірлескен іс-қимыл жүргізуде «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының оң ықпалы бар. Өткен жылы партия филиалымен еңбек ұжымындағы кездесулер, партияның бағдарламалық құжаттарын түсіндіру, дөңгелек үстел, конференция, акция сияқты барлығы 118 шара өткізілді. Партия мүшелері өткізген қоғамдық қабылдауға болған азаматтардан түскен 55 өтініштің 34-і оң шешімін тапса, қалған 21 арыз-шағымдар бойынша тиісті заңдық кеңес берілді.

Партия жанындағы қоғаммен жұмыс атқаратын комиссиялар мен кеңестердің жұмысын жандандыру қажет. Партиялық бақылау посттарының жетекшілері мен мүшелерінің жауапкершілігін арттырып, олардың партия алдында есеп берулерін жүйелендіру қажет.

Ел Президенті кешегі Жолдауында «Аса маңызды міндет – сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегияны қалыптастыру және іске асыруды жалғастыру» деп атап өтті. Сонымен бірге, мемлекеттік органдардың халық алдында есептілігін арттырып, нәтижеге деген жауапкершілігін күшейту қажеттігін айтты. Халықтың жергілікті билік өкілдеріне деген сенімін арттыру, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа деген қарсы көзқарасты нық қалыптастыру атқарушы органдардың алдында тұрған басты міндеттердің бірі болып қалады.

(слайд) 2013 жылы 4 мемлекеттік қызметші мен оларға теңестірілгендер лауазым иелері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 2 қызметкерге қатысты сыбайлас жемқорлық фактісі бойынша іс қозғалып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 65 бабы бойынша, яғни кінәсін толық мойындап, шын өкiнуiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылған.

(слайд) Есепті жылы аудан көлемінде жалпы әр түрлі 739 қылмыстық істер тіркеліп(2012ж–438)., өткен жылға қарағанда 301 дерекке артқан. Ал олардың ашылуы деңгейі бар болғаны 13,9%(2012ж–20,6). құрады.

Қазіргі таңда күрделі мәселелердің бірі бөтеннің мүлкін жасырын түрде ұрлау болып отыр. Атап айтар болсақ, пәтер ұрлығы 38 фактіге (2012 ж-54 дерек тіркелген), мал ұрлығы 38 -ге(2012ж-113), бұзақылық 31 фактіге (2012ж-27) өсіп отыр.

Ендігі кезекте аудан әкімінің 2013 жылы өткізген есептік кездесулерінде түскен ұсыныстардың орындалу барысымен таныстырып өтейін. Аудан әкімінің бақылауына алынған 28 ұсыныстардың орындалу барысы туралы хабарлама жергілікті баспасөз беттерінде тоқсан сайын жарияланып тұрды.

(слайд) Бүгінге 26 ұсыныс бойынша нақты шешімдер қабылданып, орындалды. Қалған 2 ұсыныс бойынша, Бесағаш ауылында тұрғын үй құрылысына жер учаскелерін бөлу мәселесі шешілу үстінде. Биыл бұл ауылдың бас жоспарын жасауға бюджеттен қаржы қарап отырмыз. Екіншісі, Ақбұлым, Жамбыл, Полатқосшы, Гродеково, Қызылқайнар ауылдық округтері тұрғындарының аудан орталығына қатынауын ыңғайландыру үшін Аса-Тараз бағытындағы маршрутты қала ішімен жүргізу мәселесі әзірге шешілмей тұр.
Құрметті аудан тұрғындары! Ауданда әлі де қолға алатын жұмыстар баршылық. Оларды іске асыратын жоспарлар да көп. Оның барлығы Ел Президенті «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында жергілікті атқарушы органдарға, әкімдердің алдына қойған міндеттерден туындайды. Біз де осы жауапкершілік жүгі ауыр міндеттерді абыроймен орындасақ дейміз.

Бұл бағытта барлық салада нақты жоспарлар жасалып, орындалуы аудан әкімінің аппараты тарапынан қатаң бақылауға алынады.

Бірінші - бұл бюджет қаржысының игерілуі мен жоспарланған салықтық және салықтық емес түсімдердің орындалуы.

Барлық бағдарлама әкімшілеріне бюджеттік өтінім бойынша қаржы бөлінді. Әрине, объективті себептер ескеріледі, дегенмен, олардың уақытылы игерілмеуі жұмыстың дұрыс жолға қойылмағанын білдіреді.

Салық қызметі органының назарын ауыл әкімдерімен бірлесе отырып салық әкімшілігін барынша жүргізу қажеттігіне аударғым келеді. Ауыл әкімдеріне ауылдық округ әкімдері заңнамаларға сәйкес жергілікті өзін-өзі басқарудың кіріс көздерін қалыптастыру жұмыстарын жүргізуге міндетті.

Ауыл шаруашылығы саласында бірінші кезекте жер игеру мәселесіне назар аудару қажет. Иесіз, игерілмей жатқан жерлерді есепке алып, оларды мемлекет меншігіне қайтару немесе аграрлық секторда тиімді жұмыс жүргізіп отырған шаруашылықтарға беру мүмкіндігін қарастырған жөн.



Шаруа қожалықтарын ірілендіру жұмыстары бойынша нақты жоспар әзірлеуіміз қажет. Құрғақ сөзден нәтиже шықпайтыны белгілі. Сондықтан, тұрғындардың ыңғайына қарай нақты бір-екі елді мекенді ірі шаруашылыққа біріктіру жолын қарастырған дұрыс болады. Жыл бойы тек осы шаруашылықтың айналасында жұмыс жүргізсек те, ірілендірудің тиімді екенін бір шаруашылық негізінде барлық шаруалардың көзін жеткізу қажет.

Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мақсатында мемлекет тарапынан беріліп қолдаулар аясында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың мерзімінде, ешқандай әкімшілік кедергісіз іске асырылуына барынша жағдай жасауымыз керек.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жаңа жобаларды іске асыру қажет. Соның ішінде, ағымдағы жағдайды ескере отырып, жұмыс істеп тұрған бизнесті сауықтыру, инфрақұрылымын дамыту бағытында нақты жұмыс ұйымдастыруымыз керек.

Белсенді кәсіпкерлердің үлес салмағын арттыру маңызды. Барлық тіркеуде бар кәсіпкерлік субъектілерінің ішіндегі қимылсыз тұғандарына талдау жасауды тапсырамын. Сондықтан, тиісті мемлекеттік органдар әр тоқсанға бір округ бойынша жұмыс жүргізіп, жыл аяғына дейін олардан нақты нәтиже күтеміз.

Әлеуметтік қамсыздандыру, жұмыспен қамту бағытында мемлекеттік жәрдемақы алушы контингентпен жұмыс ұйымдастыру керек. Мемлекеттік саясаттың негізгі принципінің бірі-ол халықты масылдықтан арылту, еңбекке араластыру. Сала басшылығы кедейшілік проблемасын мемлекет тарапынан берілетін қаржы есебінен жұмсартпай, оны нақты шешу жолдары мен іске асыру тетіктерін қарастыруы қажет.

Жұмыспен қамту 2020 жол картасы бағдарламасы аясында өз ісін ашқан, каникулдық мерзімі аяқталған азаматтарды салық органына тіркеу жұмыстары назардан тыс қалмауы тиіс.

Білім саласында оқыту-тәрбие процестерін ұйымдастыру жұмыстарындағы, мектептерді аттестаттау, педагог кадрларды біліктілігіне қарай көтермелеу шараларын тек таза білім көрсеткішіне қарай жүргізетін кез келді. Мектеп мұғалімдерінің айлығына төленетін үстемелер белгілі бір мұғалім оқытып отырған сыныптардың сол пәнді меңгеру деңгейіне негізделуі тиіс деп санаймын. ҰБТ-дайындықты, бірнеше мектеп оқушыларын бір аудиторияға біріктіріп, негізгі пәндер бойынша ең білікті мұғалімдердің қатысуымен сұрақ-жауап дикуссияларын жиі өткізуді тәжірибеге енгізген дұрыс. Бұндай шаралар бірі білмегенді, екіншісінен алуына септеседі. Мектеп арасындағы білім бәсекелестігін арттырады деп санаймыз.

Осы айтылған барлық жұмыстарды жоспарға енгізіп, қатаң бақылауға алуды тапсырамын.

Құрметті аудан тұрғындары!

Ел Президенті жаңа Жолдауында халқымыздың игілігі жолында ұлы мақсаттарды алға қоятынымызды айтып, барша қазақстандықтарды 2050 Стратегиясының басты мақсатына жету жөніндегі жұмысқа белсене қатысуға шақырды. Мәңгілік ел боламыз десек, болашағымызды өз қолымызбен жасауымыз қажет. Ол дегеніміз – ел ішіндегі ауызбіршілік, ұлтаралық татулық, табанды еңбек деп білемін.



Назар қойып тыңдағандарыңызға рахмет.
Каталог: userfiles
userfiles -> 574 18 " 19" Қолжазба құқында таңатарова жамиға тәжікқызы
userfiles -> Конкурс красоты «Миссис Стройкомплекс 2014»
userfiles -> Правила чтения Основной курс Урок 1 Урок 2 Урок 3 Урок 4 Урок 5 Урок 6 Урок 7 Урок 8 Урок 9 Урок 10 Урок 11
userfiles -> Е. Ахетов Аудан әкімі С. Тәуіпбаев 2011 жыл Тереңөзек кенті әкімі аппаратының
userfiles -> Бағдарламасының мониторингі бойынша жедел есептілік Есепті кезең 2013 жыл
userfiles -> Жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының көрсеткіштер тізімі


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет