Жаратылыстану-математикалық факультетінің



бет18/21
Дата24.02.2016
өлшемі0.82 Mb.
#16703
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   21

Дәріс мазмұны:


1. Озон тесіктері.

2. Климаттың ғаламдық жылыну процесі.

3. Қышқылдық жауын-шашындар.

4.Табиғатты қорғау саласындағы халықаралық бірлестік. Экология және қоршаған ортаны қорғау проблемаларымен айналысатын халықаралық ұйымдар.

Дәрістің мақсаты: Глобальды экологиялық проблемалардың пайда болу себептері және онымен күресу жолдары туралы түсінікті қалыптастыру.

Негізгі сөздер: озон тесіктері, парниктік газдар, парниктік эффект, қышқылдық жауындар.


1. Озон тесіктері.

Атмосфераның озон мәселесінің адам қызметіне өзара байланысты екі аспектісі бар: жоғары қабаттағы бұзылу («озон қабаты») және жер маңы кеңістігіндегі концентрациясының артуы. Озон қабаты полюстерде 9-30 км, экваторда – 18-32 км биіктікте орналасқан. Егер қабаттағы озонды таза күйде бөліп алса, оның қалыңдығы 3 мм құрайды. Атмосфераның жоғары қабатындағы озон оттегі молекулаларының ультракүлгін сәулелер әсерінен ыдырауы нәтижесінде түзіледі. Бос оттегінің оттегі молекуласына қосылуынан озон түзіледі. Соңғы жылдары атмосфераның жоғары қабатындағы озонның мөлшерінің кемуі байқалуда. Солтүстік жарты шардың орталық және жоғары ендіктерінде бұл кему 3% құраған. Мәліметтер бойынша озонның 1%-ға кемуі терінің ісігімен ауыру деңгейін 5-7%-ға арттыруы мүмкін. Озонның ең көп мөлшері Антарктиданың үстінде жойылған. Мұнда соңғы 30 жылда озонның мөлшері 40-50% -ға кеміген. Озонның концентрациясының кемуі нәтижесінде түзілетін тесіктерді «озон тесіктері» деп атайды. «Тесіктің» көлемі жылына 4%-ға артып отыр. Қазіргі кезде оның мөлшері АҚШ-тың көлемінен артық. Сонымен қатар, көшіп жүретін тесіктердің пайда болуы жиілеп барады. Оның мөлшері 10-100мың км2. «Озон тесіктерінің» пайда болу себептері әлі де болса толық анықталмаған. Олар алғаш рет осы ғасырдың 80-жылдарында байқалған. Аз уақыттық бақылау қандай да бір нақты қорытынды жасауға мүмкіндік бермейді. Қазіргі озон қабатын бұзатын негізгі антропогенді фактор фреондар (хладондар) болып есептеледі. Бұл хлорфтор көміртектер бөлме температурасында қайнайды. Олар тоңазытқыш құрылғыларда, әр түрлі баллондарда тасымалдаушы газ ретінде, т.б. қолданылады. Көптеген мемлекеттер фреондардың өнідірісін 50% кеміту және оларды басқа пропиленттермен алмастыру туралы міндеттеме қолданды. Бірақ, жоғары дәрежедегі тұрақтылығына байланысты фреондар атмосферада өте ұзақ уақыт сақтала алады. Сонымен қатар, озонның түзілуі мен жиналуына электромагнитті сәулелер, лазер сәулелері, электр разрядтары әсер етеді. Озон қабаты интенсиві түрде көктемде бұзыла бастайды. Себебі, қыстағы төмен температура мен бұлттылықтың артуы фреондардың құрамындағы хлордың бөлініп шығуына әкеледі. Ал көктемдегі температураның жоғарылауы хлордың озонға әсерін арттырады. Поляр маңы аймақтарындағы озон қабатының интенсивті түрде бұзылуын осы аудандардағы озонның бұзылуына себепкер хлордың метанды топпен аз мөлшерде жабылуына байланысты. Озон қабатының бұзылуының тағы бір себебі ретінде атмосфераға оттегін бөліп шығаратын негізгі фактор ретінде ормандардың жойылуы аталады. Космосқа ұшу апппараттарын шығару атмосферадағы ядролық жарылыс, атмосфераның жоғарғы қабаттарына азот оксидтері мен кейбір көмірсулардың шығарылуына әкелетін ірі өрттердің озон қабатының бұзылуын Галлей кометасымен де байланыстырады. Атмосфераның төменгі қабаттарында озон күшті антиоксидант және бактериоцид болып табылады. Ол жағымсыз иістерді, кейбір канценрогенді заттарды бұзуға қабілетті. Бірақ, жоғары концентрацияда озон күшті у болып табылады. Адамда ол тыныс алуды қиындатады, көзді тітіркендіреді, өсімдіктердің ассимиляциялық аппаратын зақымдап, хлорофилді бұзады.

2. Климаттың ғаламдық жылыну процесі.

Парниктік газдардың әсерінен жылулық баланстың өзгеруі нәтижесінде мүмкін болатын жер шарының температурасының ғаламдық артуын – парниктік эффект деп атайды. Негізгі парниктік газ көмірқышқыл газы болып табылады. Көмірқышқыл газының парниктік эффектіге қосатын үлесі әр түрлі мәліметтер бойынша 50%-дан 65%-ға дейін жетеді. Басқа парниктік газдарға метан, (шамамен 20%), азот оксидтері (шамамен 5%), озон, фреондар және басқа да газдар (парниктік эффектінің шамамен 10-25%) жатады. Барлығы 30-ға жуық парниктік газдар, олардың атмосферадағы мөлшеріне ғана емес, сонымен қатар бір молекулаға әсерінің салыстырмалы белсенділігіне де байланысты болады. ХІХ ғасырдың ортасынан бастап атмосферадағы СО2 мөлшерінің өзгерісі 12-15% артқан.

Жер бетіне негізінен жылулық емес, көрінетін сәулелер ағыны түседі. Бұл сәулелер парниктік газдар арқылы өзгермей өтеді. Парниктік газдар жылу сәулелерінің космос кеңістігіне кетуіне қарсы әсер етеді. Олар қақпанға түскендей болып жиналады да ауаның температурасының артуына әкеліп соқтырады. Мәліметтер бойынша парниктік газдардың әсерінен соңғы жүз жылдықта Жердің орташа жылдық температурасы 0,3-0,60С –ға артқан. Әр түрлі болжамдарға сүйенсек, планетаның орташа жылдық температурасының 1-3,50С-ға артуына әкеледі. Ауа райының жылынуы әсерінен, мәңгі мұздықтардың еруі салдарынан әлемдік мұхит 1,5 -2 м көтерілуі мүмкін, ол шамамен 5 млн. км2 құрлықтың су астында қалуына әкеледі. Ауа райының жылынуы әлемдік мұхитттың деңгейінің көтерілуінен басқа да құбылыстар: ауа райының тұрақсыздық дәрежесінің артуы, дауылдардың жиіленуі, жануарлармен өсімдіктердің жойылу жылдамдығының артуына әкеліп соқтыруы мүмкін. Көмірқышқыл газының атмосфераға түсуінің негізгі техногенді көзі - органикалық отынды жандыру болып табылады. Қазір тек жылу энергетикасынан атмосфераға шамамен жылына бір адамға 1 т көміртегі немесе Жер шарында жылына 6 млрд. т бөлініп шығады. Атмосферадағы көміртегінің мөлшерін кемітетін негізгі факторлар фотосинтез бен мұхиттың сіңіруі болып табылады. Мұхит адам қызметінің нәтижесінде түзілген көмірқышқыл газының 50%-ын сіңіреді.

3. Қышқылдық жауын-шашындар.

Қышқыл жауындардың пайда болуының негізгі себебі, күкірттің қос оксидімен ластану болып табылады. Су буының қатысуында күкіртті ангидрид күкірт қышқылының ерітіндісіне айналады. Осындай жолмен көмірқышқыл газы мен азот оксидетрінен көмір қышқылы мен азот қышқылы түзіледі. Оларға органикалық қышқылдар мен басқа да қосылыстар араласып, қышқыл реакциясы бар ерітінідіні береді. Қышқыл жауынның түзілуіндегі күкірт қос оксидінің үлесі 70%. Қышқыл жауынның жаууына көмірқышқыл газы да үлесін қосады. Оның үнемі болуына байланысты жауын-шашынның атмосферадағы рН 5,6 ға тең болады. Алғашқы қышқылдық жауындар 1907-1908 жылы Англияда байқадған. Қазіргі уақытқа дейін рН 2,2-2,3 болатын жауын-шашындар тіркелген. Қышқылдық жауындар солтүстік жарты шарда кеңінен таралған. Бұл жерде қышқыл заттардың шығарылуы мен олардың жаңбыр, қар, тұман түрінде ылғалды тұндыруға қолайлы жағдай бар. Қышқыл жауын-шашындар Скандинавия елдері, Англия, Германия, Бельгия, Дания, Польша, Канада, АҚШ-тың солтүстік аудандарына тән. Қышқыл жауын-шашын топырақққа, су экожүйелеріне, өсімдіктерге, архитектура ескерткіштеріне және т.б. зиянды әсер етеді. Топырақққа келіп түскен қышқыл жауындар гумустың шайылып кетуін арттырады, редуценттердің, азотфиксаторлардың және басқа да топырақ ортасынң ағзаларының белсенділігін төмендетеді. Қышқыл жауындар ауыр металдардың да қозғалғыштығын арттырады. Су қоймаларына түскен қышқыл жауын-шашын судың қышқылдығы мен кермектігін артырады. Су ортасының рН 6-дан төмен болғанда ағзаның өсуі мен дамуы үшін маңызды ферментттер, гормондар мен басқа да биологиялық белсенді заттардың қызметі тежеледі. Қышқыл жауын-шашын мен оның компоненттері әсіресе ормандарға орасан зор зиян келтіреді. Қышқыл жауын-шашын өсімдіктерден биогендерді, қанттар, ақуыздар, аминқышқылдарын ығыстырып, зақымдайды. Мұндай әсердің нәтижесінде фитоценоздың өнімділігі төмендеп, кейде толық жойылып кетуіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Қышқыл жауындардың өсімдіктер үшін зиянды әсері топырақ арқылы да байқалады. Бұл әсер алюминий мен ауыр металдардың қозғалғыштығының артуы нәтижесінде болады. Бос алюминий жас тамырларды зақымдайды. Оларда инфекциялардың ену ошақтарын түзеді, ағаштардың уақытынан бұрын қартаюына әкеледі. Атмосфераның ластануына жоғары дәрежеде сезімталдығымен қыналар сипатталады. Олар әдетте ең бірінші болып, экожүйеден жойылады және қоршаған ортаның қолайсыз әсерінің индикаторы болып табылады.


4. Жер бетінің түпкір-түпкірінде экологиялық жағдайдың нашарлауы барлық мемлекеттерді одан шығу жолдарын іздеуге мәжбүр етті. Сөйтіп, 100-ден астам мемлекеттерде қоршаған ортаны қорғауды басқаратын министрліктер, департаменттер мен агенттіктер құрылды. 1970 жж. бастап экологиялық дағдарыстан шығу жолдарын бірге іздестіріп, қажетті шараларды бірге жүргізу туралы келісімге қол жетті.

Табиғат қорғау проблемаларына арналған І халықаралық жиналыс 1971 ж. көкек айында Чехияда өтті. Бұл БҰҰ Еуропаның эконмикалық комиссиясының симпозиумы болатын.

1972 ж. 5-маусымда Стокгольм қаласында БҰҰ-ның қоршаған орта жөніндегі конференциясы ашылды. Осы күн Халықаралық ынтымақтастықтың басталу күні болып есептелетін конференция «Жер біреу» деген ұранмен өтті.

Халықаралық табиғат қорғау ұйымына, одаққа, кеңеске мыналар кіреді:



  • Халықаралық ғалымдар одағы (МСНС) барлық елдердің дерлік академиялары мен ғылым одақтарын біріктіреді. Ғарыштық кеңістік, Антарктида, мұхиттар проблемаларымен айналысып зерттейді;

  • Қоршаған орта жөніндегі ғылыми комитет биологиялық циклдарды, қоршаған ортаның улануын зерттейді, табиғи ортаны бақылау (мониторинг) мәселесімен айналысады;

  • ЮНЕСКО-ның «Адам және табиғат» бағдарламасы адамдардың іс-әрекетінің тропиктік және субтропиктік орман және жайылым экологиялық жүйелеріне әсерінің күшеюін зерттейді;

  • БҰҰ-ның Қоршаған орта туралы бағдарламасы (ЮНЕП) топырақты және су қорларын қорғау проблемаларын, мұхиттарды ластанудан сақтау мәселелерін зерттейді;

  • Қоршаған орта мониторингісінің глобалды жүйесі (ГСМОС) қоршаған ортаның жағдайын арнаулы бақылау жүйелері, бақылау станциялары, мониторинг, бақылау күзеттері, т.б. арқылы біліп отыру үшін құрылған;

  • Халықаралық табиғат қорғау одағы (МСОП) табиғат байлықтарын ұтымды пайдалану және қорғау мәселелерін зерттейді;

  • Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ВОЗ) қоршаған ортаны санитарлық тазалық жөнінен бағалайды және бақылайды;

  • Дүниежүзілік метереологиялық ұйым (ВМО) жер шары ауасындағы құбылыстар мен өзгерістерді бақылайды;

  • Халықаралық океанографиялық комитет (МОК) жер шары мұхиттарының жағдайын бақылайды;

  • Халықаралық азық-түлік және ауыл шаруашылық жөніндегі ұйым (ФАО) топырақтың құнарлылығын, су қорларын үнемді пайдалану және қорғау, жануарлар дүниесін сақтау мәселелерін зерттейді,

  • Дүниежүзілік білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйым (ЮНЕСКО) табиғат қорғау жөніндегі маман кадрлар оқыту, даярлау мәселелерімен айналысады.

1975 ж. шілде айында Хельсинки қаласында еуропалық 35 мемлекет және АҚШ пен Канада елдері басшылары қорытынды актіге қол қойып, ауаның ластауына қарсы күресті, тұщы су мен теңіз суларын, топырақ бетін, тірі ағзаларды қорғауды, қорықтар құру, елді мекендерді қоршаған ортаны жақсарту мәселелерін, қоршаған ортаны зерттеу жұмыстарын халықаралық ынтымақтастықтың негізінде және халықаралық бағдарламаларға сәйкес жүргізуге келісті.

Өзін-өзі тексеру сұрақтары:

1. Озон тесіктері.

2. Климаттың ғаламдық жылыну процесі.

3. Қышқылдық жауын-шашындар.

4.Табиғатты қорғау саласындағы халықаралық бірлестік. Экология және қоршаған ортаны қорғау проблемаларымен айналысатын халықаралық ұйымдар.

Әдебиет:

1. Оспанова Г.С, Бозшатаева Г.Т. Экология.- А., Экономика, 2002.

2. Валова В.Д. Основы экологии.Уч. пос.-М.: «Дашков и К»,2002.

167-171 б.


6.СЕМИНАР(ПРАКТИКАЛЫҚ) САБАҚТАРДЫҢ ЖОСПАРЫ - жоспарланбаған
7. ПӘНДІ ОҚЫТУ ЖӨНІНДЕГІ ӘДІСТЕМЕЛІК НҰСҚАУЛАР.
Апта 1

ОЖСӨЖ 1


Өткізілу түрі: Әңгімелесу

Тақырыбы: Экология пәніне кіріспе.

Мақсаты: Экология пәні, міндеті және мазмұны туралы түсінік беру


  1. Экология пәні, даму кезеңдері.

  2. Экологияның негізгі бөлімдері.

  3. Тірі ағзалардың ұйымдасу деңгейлері.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   21




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет