Жас қазақ. – 2013. №27. – 12 шілде Сейтқазы А. Ғажайып жетілік! Бокстан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы 7 алтын жеңіп алды



Дата03.07.2016
өлшемі29.69 Kb.
#175666
Жас қазақ. – 2013. - № 27. – 12 шілде

Сейтқазы А.
Ғажайып жетілік!

Бокстан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы

7 алтын жеңіп алды
Иордания астанасы Амманда өткен бокстан Азия чемпионаты қазақ боксшыларының керемет жетістігімен аяқталды. Мырзағали Айтжанов үкі тағып апарған 10 боксшының 8-і финалға жетіп, 7 жігіт алтынмен апталып қайтты. Құрлық додасындағы қазақ боксының бұл биігі жанкүйер жадынан біразға дейін өшпейтіні анық.

Амманға үміт артып жіберген оғландардың ішінде 52 келідегі Ілияс Сүлейменов пен 56 келідегі Қайрат Ерәлиевтің жолы болған жоқ. 2011 жылы өткен Азия чемпионатының күміс жүлдегері саналатын Ілиястан жеңіліс күтпеп едік. Әсілінде, Сүлейменов алғашқы айналымда ұтылады деген ойдан ада болғанымыз рас. Алайда жерлесіміз есімі көпшілікке бейтаныс Филиппин боксшысына есе жіберсе, Қайрат Ерәлиев ширек финалда сүрінді.


Бұл екі жеңілістің орнын өзге боксшыларымыз жапты. 49 келідегі Теміртас Жүсіповтің аяқ алысына ырзамыз. Бұл салмақтың тізгінін талай жылдан бері ешкімге ұстатпаған Біржан Жақыпты жоқтат­пайтынын дәлелдеді. Құрлық сынында Біржанның өзі алтын алмаған. Демек, Теміртастың талабы тау қопаратын талант екеніне көз жеткіздік. Алайда  Жүсіпов Алматыда өтетін әлем чемпионатына қатыса алар ма екен?! Әлемдік сыннан алтын алмай, спорттық ғұрымына нүктей қоймаймын деген Біржан Жақып қатарға қосылса, Теміртастың әлем чемпионатына қатысу-қатыспауы неғайбыл. Бір анығы, қазақ жанкүйерлерінің Теміртастай талантты ұлымыз бар деп, арқасын кеңге салып жүретіні...
60 келі салмақ дәрежесінде Берік Әбдірахманов Азияның алды болды. Негізі, талай жылдан бері көлеңкеде жүріп, былтырғы Қазақстан чемпионатында жарқ ете қалған Беріктің соққысы да берік екен. Құрлық додасының финалында тайландтық Арди Саломнан басым түскен ол алғаш рет айтулы додадағы алтынына қол жеткізді. Ақтөбе боксының түлегі енді әлемдік бәсекеде шыңдала түспек.
64 келіде Мерей Ақшаловтың алдына ешкім түсе алмады. «Астана арландары» сапында тәжірибе жинаған Мерей былтыр ұлттық құрамаға қайта оралған. Ақшалов үйірін  тауып қосылды. Қазақстан чемпионатында көш бастаған соң, құрлық додасында да ешкімге бет қаратпады. Мерей ақтық айқаста моңғол боксшысын жеңіп, елінің де, өзінің де мерейін үстем етті. 
Амманда Қазақстан қоржынын төртінші алтынмен толтырған боксшы – Данияр Елеусінов. Серік Сәпиевтен 69 келі салмақ дәрежесін аманаттап алып қалған ол Азия чемпионы атанып қана қоймай, біріншіліктің үздік боксшы деп танылды. Құрама капитаны финалда үнділік Мандип Жанраны жерге қаратқан болатын. 
75 келідегі Жәнібек Әлімханұлы да жарап тұр. Ақтық сында Жәнібектің соққысына төтеп берген  тәжік Навруз Жафоевтің жанкештілігіне рахмет. Астанада өткен «Төртеудің турнирінде» украиналық Евгений Хитровтан ұтылып қалған соң, Жәнібектің бабына енуіне біраз уақыт кеткен. Алайда жеңіліс әрбір спортшыны шыңдайды емес пе?! Әлімханұлы Азияда атой салды.
Бокстан әлем чемпионаты мен Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетовтің жүлделер жиынтығына Азияның күміс жүлдесі қосылды. Сары құрлық сайысының жартылай финалында ирандық Эхсан Роузбаханиді жеңген жерлесіміздің финалда өзбек боксшысына шамасы жетпеді. Ойбек Мамазұлыновты өзбек халқы төбесіне көтеретін шығар. Өзгені емес, Олимпиаданың күміс жүлдегерін жеңіп, Азия додасынан халқына жалғыз алтын сыйлаған осы жігіт. Ал Әділбектің қолынан осымен үшінші рет алтын сырғып кетті. Әлем чемпионаты, Лондон Олимпиадасы, Азия біріншілігі...
91 келіде ел намысын қорғаған Антон Пинчук үшін ақтық айқас бәрінен де ауыр соқты. Себебі Антонды басқа емес, шаршы алаң қожайыны күтіп тұрған. Иорданиялық Ихаба Ахматбулиді жерлесіміз айқын басымдықпен жеңсе де, жергілікті жанкүйер төрешілерге наразылығын жаудырып үлгерді. Бірақ спортта жеңімпаз біреу емес пе?! Антон Қазақстанға Азияның алтыншы алтынын сыйлаған азамат.
Аса ауыр салмақтағы Иван Дычконың бас жүлдемен оралатынына сенгенбіз. Барлық жекпе-жегін бірқалыпты өткізген Иван финалда өзбек боксшысы Изатулла И­ргешовты көп қиналмай, тізе бүктірді. Жетінші алтын!
Мінеки, Қазақстан құрамасы құрлық боксының  тізгінін қайтадан қолына алды. Осыған дейін Болат Жұмаділов бастаған жігіттердің Азиядан алты алтын алып, абырой арқалап қайтқан кездері көз алдымызға қайта оралғандай... Соңғы кезде біздің боксшыларды несібесінен қағып, жеңісті жұлып әкеткен Қытай құрамасының Амманнан алтынсыз қайтқанына таңбыз. Бұл жеңіс Алматыдағы әлем чемпионаты­ның алдында жігіттерімізге жігер мен психологиялық сенімділік сыйлағаны сөзсіз. 

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет