Жақсылық күтем мен сенен



Дата29.06.2016
өлшемі206.6 Kb.
#166145
Алғысөз
«Өлең сөздің патшасы» - деп Абай атамыз айтқандай қазақ әдебиетінің бай, мол мұрасы болып табылатын қазақ поэзиясының құлашы кең, айтары көп. Поэзия жанры сезімге толы, шебер кестеленген жыр жолдары. Әдебиетіміздің осы жанрында толымды еңбек еткен қазақ қыздарының ішіндегі шоқ-жұлдызы Күләш Ахметова 2016 жылы 25 сәуірде 70 жасқа толғалы отыр.

Жамбыл атындағы мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасы «Ақ гүлім менің» атты әдістемелік ұсынысты мерей тойға тарту етеді. Әдістемелік ұсыныста қаламгердің өмірі, шығармашылығы, «Арғымақтар даласы» атты кітап көрмесінің үлгісі, арнау өлеңдері, әдебиеттер тізімі беріледі.

Халыққа рухани азық болар өлеңдерін жастар сүйіп оқиды, әдеби әлемін кеңейтеді деп сенеміз. Осы әдістемелік ұсынысты оқырманға ұсыну арқылы туған әдебиетімізді, сезімге толы поэзиямызды, ақынның сырлы әлемін жастарға насихаттаймыз.«Арғымақтар даласы» атты кітап көрмесі ақын шығармаларын толық қамтып, әдемі безендіріледі.

«Алалыққа орын жоқ жүрегімде,

Адамдық пен адалдық бар мұратым» - деп ізгілік пен

сұлулықты, тазалық пен имандылықты қатар ұстаған ақын жырлары оқырманын кіршіксіз тазалыққа үндеп, адамгершіліктің биік шыңына шақырады.



Жақсылық күтем мен сенен
Үмітті мезгіл жеңсе де,

Тәкаппар асқақ еңсемен

Тағдыр деп танып өзіңді

Жақсылық күтем мен сенен.


Жұбату күтем – жыласам,

Қолымды созам – құласам.

Өзің біл, жаным аясаң,

Өзің біл, жаным сынасаң.


Жылатам десең сен мейлің,

Сенбеймін бірақ, сенбеймін.

Жамандық жасау ешқашан

Қолыңнан сенің келмейді.


Сондықтан саған сенем мен,

Кезімде мұңға бөленген.

Өлеңмен, иә, өлеңмен,

Өзіңе ұшып келем мен.


Түсінем десең, өзің біл,

Түңілтем десең, өзің біл.

Түсіме кірмеген – сезім бұл,

Түсіндіре алмайтын кезім бұл.

Күләш Ахметова


Өмірбаяндық деректеме
Күләш Ахметова 1946 жылы 25 сәуірде Қырғыз Республикасының Талас облысы, Киров ауылында дүниеге келген.

1966 жылы Жамбыл медициналық училищесін, 1973 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. 1973-1977 жылдары «Қазақстан пионері» газетінің әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, 1977-1980 жылдары «Жалын» баспасының поэзия бөлімінде редактор болды. Алғашқы «Ақ гүлім менің» атты жыр жинағы 1975 жылы жарық көрді. Кейін 1977 жылы «Сен жанымда жүрсең», 1979 жылы «Сен менің бақытымсың», 1979 жылы «Жапырақ жаздың жүрегі», «Мейірім», 1981 ж. «Бұлақтағы жұлдыздар», «Арғымақтар даласы», «Наурыз нұры» т.б. кітаптары жарық көрді. Ақынның «Махаббат жылы( (1980), «Ләйлектің оралуы» (1985) орыс тілінде жарық көріп орыс тілді оқырмандарын қуантты. «Жыл жағалау», «Күн шыққанда күліп оян» таңдамалы жинақтары оқырмандарының сүйікті кітаптарына айналды.

Күләш Ахметованың өлеңдері орыс, украин, бірнеше түркі тілдеріне аударылған. Ол А.Межиров, А.Ахматова, С.Нерис, Н.Ислам, Э.Межелайтис өлеңдерін қазақ тіліне аударған. «Сен менің бақытымсың» атты кітабы үшін ақынға Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы 1978 жылы берілді.

К.Ахметованың Тәуелсіз Қазақстанның жаңа дәуіріне арналған «Теңдік үшін мұхитқа қайық салдық» атты поэмасы өзек жарды ойларға құрылған салмақты туынды. «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталған. Қазақстан Жастар одағының лауреаты, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Күләш Ахметова ақын-поэзия падишасы. Ақын қыздар ішінде үлбіреген гүлдей әдемі өлең жолдарының иесі.



«Арғымақтар даласы»

(кітап көрмесінің үлгісі)

1 бөлім: «Өмірімнің суреті өлеңімде»

(Бұл бөлімде ақынның өмірі мен шығармашылығы қойылады)
Дәйексөз: «Күләш Ахметованың поэзиясы – үлбіреген дүниенің

үйлесімдерін көруден, танудан және көрсетуден,

танытудан тұрады»

Сайлаубек Жұмабек

П бөлім: «Поэзия патшайымы»

(Бұл бөлімде К.Ахметованың шығармаларының зерттелуі, әдеби

сын мақалалар, әріптестер пікірлері және аудармалары

қойылады).

Дәйексөз: «Күләш Ахметова – аршындап өсуге тиісті ақын.

Күләш үні – уақыт талап етіп отырған ақындық үн»


Құлбек Ергөбек

«Ақ гүлім менің»

(Күләш Ахметованың шығармашылығына арналған

поэзия кеші)
Безендірілуі: кітап көрмесі, ақын туралы ой-пікірлер. Сахна төріне ақын портретін «70 жас» деген гүлдермен өрнектеп, экранда слайд арқылы шығармалары, өлеңдерінен үзінді көрсетіліп тұрады. Музыкалық орталық, дауыс үндеткішпен қамтамасыз етіледі.
Қатысушылар: жүргізуші бозбала мен бойжеткен, кітапханашы, оқырмандар.
Қонақтар: ақынның өзі, ағайын туыстары қатысып отырса құба-құп.
Ескерту: әр кітапханашы осы өткізілетін шараны кітапхана мүмкіндіктеріне орай кітап көрмесінің, шығармашылық кешінің атын өзгертіп, түрлендіріп алуларына болады.
Кітапханашы: Көркем әдебиет көркем ойдың иесі. Көркем шығарма оған жан бітірер киесі. Киелі шығармалар тудырып, жырдан өрнек кестелеген Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан комсомолы сыйлығының иегері, көрнекті ақын Күләш Ахметованың 70 жасқа толуына байланысты өткізіліп отырған поэзия кешіне қош келдіңіздер!
(Н.Тілендиевтің «Аққу» күйі баяу ойнатылып тұрады)
Адамзаттың асқақ армандар жолындағы күресін, парасатын жырлап, жан дүниесінің сырын шерту – көркем әдебиеттің әріден келе жатқан басты мұраты. Бұл мақсат ешқашанда өз маңызын жоймақ емес, қайта күн өтіп заман өзгерген сайын мәні арта түседі. Себебі қай кезде де әдебиеттің негізгі нысаны – адам, оның ішкі әлемі. Талантты суреткер ешқашанда адам мен заманды бөле-жара қарамайды. Қоғам адамдардан, оның тыныс тіршілігінен тұрса, адамда қоғамсыз өмір сүре алмайтыны аян. Әдебиетіміздегі қазіргі дәуір адамының образын, оның ішінде қазақ жастарының моральдік, этикалық бет-бейнесін көрсету – заман талабы.

Сөз өнерінің теоретигі академик Зейнолла Қабдоловтың: «Әдебиет – ардың ісі» деген терең мағыналы тұжырымы адамзаттар ұжданының көрінісі болған асыл сөздің құдіретін танытар анықтама.


Бозбала: Ардың ісіндей әдебиетке Күләш ақын тегін келген жоқ. Алуан-алуан тақырыптағы ой маржандарын өрнектеп жыр туғыза келді. Табиғат пен адам жанын ақындық көзбен жете тінтіп, екінің бірі байқай бермейтін тылсым құпияларды өрнектейді. Осы орайда Күләш Ахметова жайлы сыр қозғасақ, ол 1946 жылы 25 сәуірде дүниеге келді. Алда 70 жылдық мерейтойын тойлағалы отыр.

Күләш Ахметова тұңғыш жыр жинағын «Ақ гүлім менің» деп атады. Гүл. Қыз. Ақын қыз танымына табиғаттың нәзік жаратылысы гүл жақын тұр. Ақ гүл – ақынның өзек жарды ойын көңіл-көзімен қарап, сезім пернесімен астастыра ұсынғаны. Күләш әлемді гүл табиғатында қабылдап-ақ көп нәрсені көкейіне түйе білген.

Сәл нәрседен көңіліме мұз қатады,

Сәл нәрсе үшін құлаймын құзға тағы.

Сәл нәрседен жүдейтін жүрегімді

Дүниенің бар мұңы сыздатады, - дейді ол!


Бойжеткен: Термедей төгіліп тұрған өлеңде дүние сыры, тіршілік заңы алға шығып, ақындық сезім қосалқы реңде тұр. Жәй тұрған жоқ, жырға жан жылуын беріп, бояу үстеп тұр. Ақын қыздың өлшеулі тіршілікті алға тартуында кездейсоқтық емес, логикалық тұтастыққа әкелер заңдылық бар. Ол – адам баласының тіршілік заңына бағына тұрып, ең соңғы бір мүмкіндіктерді аңсайтындығы.

Барлығы да өмірде өлшенеді,

Гүл сабағы өлшеммен теңселеді.

Таусылады ол да енді, мен сенемін.

Уақыттың өзі де өлшенеді.

Өлшенбейтін бір затты көрсем еді.


Ал,Күләш Ахметова бұл ретте өлшеулі тірліктің тұрмыстағы мәнін ұзартар, махаббат атты сезімге адалдық тілейді. Мөлдір сезімнен ғана мөлдір жыр туса керек. Күләш жыры – сезім жемісі. Сезім перзенті. Оның жырын оқи отырып, лирикалық кейіпкер жанының тазалығына сүйсінеміз.
Бозбала: Өзінің Отанға, халқына деген ыстық ықыласын, жүрек жарды ыстық сезімінен туған қанатты жырлары арқылы, бүкіл елдің үлкені мен кішісін, ері мен әйелін бірлік пен береке, ынтымақ пен татулық, ұлтжандылыққа шақыратын «Қазақтың тұтастығы қасиетті іс» - деп аталатын өлеңінде

Қазақты жамандама, қазақ бала!

Халық қой қазақ деген азақ қана!

Мәңгілік


Ай астында

Жер үстінде

Қазақтың жанашыры қазақ қана – деп жырлайды.

Бұл халықты оның ішінде қазақ халқын тұтастыққа, бірлікке шақыруы. Ақын өлең жазарында қолайлы тақырыбын таңдайды, алдына мақсат қояды, нәзік сезімге беріледі. Кейде біреуден үйренгісі келеді, кейде біреуге ұқсағысы келмей, кең дүниеге құлаш ұрып кетеді. «Мен бір бақыт іздеп жүрмін, достарым, Ұқсамайтын бақытына басқаның» деген сөзінде күнделікті күйбең тірлікпен жүрген, оңай олжамен пайда тауып байыған, сөйтіп өзінің бақытын дүниеден тапқан тоғышарларға ұқсағысы келмейді.


Бозбала: Күләш Ахметова сезімге бай болумен бірге замана талабы терең де шымыр ойларға кенде еместігін таныта бастады.ь «Диалогтар» поэмасы «Жалын» баспасы жариялаған бәйгеден жүлде алған. Поэма жанры ықшамдалып монолог, диалог түрінде жазылған. Күләш Ахметованың осы туындысы арқылы Адамзаттың өткен жолына үңіліп, болашағына барлау жасайды.

Ол – Жер атынан:

Куәсі едім соғыстың,

Ұлы істің де

Жетпейді екен еш нәрсе тыныш күнге

Ақылынан адамның

Азап тауып

Алмағайып тұрмайын қыл үстінде.


Үлгерген жоқ соғыстың аты өліп те,

Айналма.


Адам

Құлына жат еріктің!

Өз қолыңмен жасаған

Құдіретің

Құрбаны боп кетпесін қателіктің, - дейді.
Бойжеткен: Рас сөз! Күн тәртібіндегі күрделі мәселені көріп, оны ақындық репертуарына енгізе білуі сүйсіндіреді. Күләш үні – уақыт талап етіп отырған ақындық үн. Өзін-өзі оқып келеді, өзін-өзі тоқып келеді! Күләш Ахметованың өлеңдері өмірдің өзіндік күнделігі, парақтары болып келсе, онда замандасымыздың өзі де өмірдің бір күнделігі. Күләш Ахметова 1978 жылы «Сен менің бақытымсың» атты жинағына Қазақстан Жастар одағының сыйлығын алды.

Менің өлең өмірім –

Менің үлкен сыбағам.

Ұлы майдан, ұлы алаң

Бар әйелдің жеңісімен қуанам.

Күләш Ахметова – ақын. Таласы жоқ, ірі әріптермен жазылатын ақын. Кейде осылайша ақын деген ұлы мағыналы, киелі де, қастерлі ұғымды биік ұстайтын ақын, «Өмірімнің суреті өлеңімде! – деуінің өзі бір орайда өршіл даралықты көрсетіп тұр. Өмір атты мұхиттың әралуан толқындары мен дауылдарындағы ақын әлемінің болмыстары нағыз өнер иесінің шынайы автопортретін бүкпесіз мүсіндейтіндігінде дау жоқ.


Бозбала: Күләш Ахметованың поэзиясы үлбіреген дүниенің үйлесімдерін көруден, танудан тұрады десек те болады. Қазіргі қазақ поэзиясындағы ақын Күләш Ахметованың даралығы да, ерекшелігі де, ірілігі де оның осынау болмысында. Жырлары мектеп оқулықтарына еніп, түркі халықтарының тілдеріне аударылған.

Ақынның шығармаларынан үлкен орын алатын тақырыптың бірі – туған жер, Отан туралы өлеңдер. Тәуелсіздікті аңсаған қазақ халқының ақын қызы да өз халқы секілді еркіндікті аңсайды. Сондықтан да ол қанатымен су тасыған қарлығаштай, туған жерге жем тасудан шаршаған емес.


Бойжеткен: «Халық» атты өлеңінде «Халқым аман болсын деп көзімді іліп, Халқым аман болсын деп оянамын!» - десе, «Қыран құстай баулыған балапанын» атты өлеңінде «Мен түсімде ұшсам да қанат бітіп, Саған сеніп ұшамын ұлы Отаным!» - дейді.

Туған жер туралы өлеңдердің қатарынан «Айша бибі» атты өлеңін ерекше атауға болады. Айша бибіге күмбез тұрғызған қазақ халқына «Айтайын алғыс атынан бүкіл әйелдің, Әйелге тозбас ескерткіш қойған халқыма! – деп ақын өлеңінде шексіз алғысын білдіреді.

Туған жердің тауы, тасы, көлі, суы ғана емес, ол елдің табиғи болмысы, мінез бітімі мен бүкіл тарихы да өлеңге арқау болған. Қазақтың кең байтақ өлкесінің жекелеген жерлерін жырға қосуда ақын «Алматының тау жағы таңғажайып», «Сарыағаш саздары», «Ақжайықтан қайтарда», «Сарыарқа», «Бұрабайдың тастары», «Үшарал», «Талас», «Айнакөл», «Ақкөл». «Билікөл» деген өлеңдерін жазды.
Бозбала: Соғыстан кейін туған ұрпақтың Ұлы Отан соғысы салған жараның дерттерін жырға қосуы заңды. Сол тұстағы ел өмірінің шынайы көрінісін ақын былай бейнелейді:

Соғыстан кейін тусам да

Соғыстың сезгем салмағын.

Тартқанмын мен де зардабын.

Білгенмін сұмдық мән барын.
Жоқтаған жарын, ардағын,

Естігем жесір зарларын.

Желкілдеп жүрген жеңгенің

Жер бауырлап қалғанын.


Ұйқысы қанбай баланың

Тартқанын жүгін арбаның.

Еңіреп жылап жас қыздың

Етегі жасқа толғанын.


Соғыстан соңғы сор қалың:

Арыстандай азамат

Аяқ пен қолдан айырылып,

Көре алмай және жан-жағын.


Ел ішіндегі жазылмас дертті көзімен көріп өскен ақын осылай толғанып жырлап кетеді.
Бойжеткен: Қазақ поэзиясындағы қалыптасқан махаббат жырларына да ақынның қосары бар. «Бір нәзік сәуле» атты махаббат кітабына енген «Менің махаббатым», «Сенен басқа ешкімге ұнамаймын», «Хатқа жауап», «Жеңістер мен жеңілістер» өлеңдерінен махаббатың нәзік сырын аңғарамыз. Ақын жырларында әйел-аналардың өмірінен сыр шертеді. Махаббат тек сезім шарпуына оранып күйіп жану емес, үлкен сыйластықта жатқанын ұғындырып отырады.

Өнер емес біреуден үйренетін

Ұсынады пәк сезім шапағат-нұр.

Қанат байлап, ғажайып күн беретін

Бір-ақ рет келетін махаббат – бұл!
Қазақ лирикасынан үлкен орын алатын күрделі оқиғаға құрылған сюжетті өлеңдерден Күләш Ахметова ақын да құр алақан емес.

Аңызға құрылған «Бауыр» атты балладасын ерекше атауға болады. Жау жүрек жас ақынды әке-шешесімен, нағашысымен абақтыға жапқан әкім шешесінен тұтқындардың біріне ғана азаттық беретінін айтып, солардың бірін таңда дейді. Ол ары ойланып, бері ойланып, мынадай шешім жасайды:

Жарым кетсе, жар табармын бірде мен,

Жар табылса, болар тағы ұл деген.

Өлген анам қайтып келіп ұл таппас,

Бауырымды босатыңдар түрмеден!

Бауыр еті баласынан бірге туған бауырын жоғары қоя білген ана шешімі бірге туған бауырлар арасындағы үлкен сүйіспеншілікті ана мен бала махаббатынан да жоғары қояды.
Бозбала: Қазақ поэзиясындағы арнау өлеңдердің қатарын ақынның әке-шешесі, туған-туыстары, тарихи тұлғалар, өнер адамдары туралы арнаулары толықтырады. Осы қатарда «Анам туралы», «Әкем туралы», «Кенен», «Нұрғиса», «Күләш Байсейітоваға», «Ұлы ақынның кітабын берші маған» (А.С.Пушкинге), «Мәншүк жайлы жыр», «Мұқағали мұзарты», «Ел бағына туған ұл» (Ш.Айтматовқа), «Аралға арнау», «Елші» (М.Жолдасбековке) жырларын атауға болады. «Шілтер» деген өлеңінде:

Саусағының ізі қалған ескі тор,

Сағыныштан кеткен сынды сарғайып - деген жолдардан анаға деген сағынышты сеземіз.

Әйел-ана туралы қазақ поэзиясындағы жырлардың қатарын ақын қыз бір саты биікке көтерді деп айтуға болады. Ол тек әйел затына ғана аян дүниеге адам әкелудің не екенін «Толғақ» атты өлеңінде әдемі бейнеледі:

Өз қолымен түйгіштейді өз белін,

Бір аш қасқыр жеп жатқан соң кеміріп

Шыбын жаның қыл үстінде ілініп,

Шыңғырғанға тоқтамайтын толғақ – бұл!..


Тына қалды дүлей күші азаптың,

Сап басылған қатты дауыл сияқты.

Жағалауда желкілдеген бал құрақ,

Жапырақтар би биледі жалбырап.

Жер- дүние мейірімге бөленіп

Жатыр әйел бойы босап балбырап.


Қайран сол бір қатты шөлі қанған шақ!

Қайрат келді қайта кесе алғанша – ақ.

Алпыс екі тамыры иіп, басынан.

Бақайына төгілді-ау бір тер-моншақ!


Бойжеткен: Ақынның достық, бейбітшілік туралы өлеңдерін де ерекше атауға болады. «Мен туған үй» өлеңінен бастап сөз еткен жөн. Мәскеуден хабар тыңдап отыратын отбасында өзбектің «Наманганның алмасын» билеп, қырғыздың «Манас» дастанын жаттап өскен ақынның «Барлық тілмен бауырластық мен үшін, өзім туған, өскен үйден басталған» деуіде орынды. «Ұлбикенің соңғы тілегі» атты монологта Х!Х ғасырдың орта тұсында Талас өзенінің төменгі сағасында өмір сүрген. Мәделіқожа, Жанкел, Сералы, Күдеріқожа сынды белгілі жүйріктермен айтысқа түскен Ұлбике атты ақын қыздың өмірінен сыр шертеді. 16-17 жасында жастайынан атастырылған Бойтанға ұзатылған қыз 22 жасында сол Бойтанның таяғынан қайтыс болады. «Құнымды Бойтан сұмнан сұрарсыңдар» дейтін ақын қыздың:

«Ақырғы рет адамнан өтінемін,

Ақындарын өтуді еркелетіп» - деген монологы жыр сүйер қазақ халқының ақынға деген құрметін биіктетері анық. Ақынның құдіреті өзінің көргенін өзгелерге қылаусыз көрсете алғанында. Бір жинақтан келесі жинақ өсумен, толысумен келеді. Өзін-өзі оқып келеді, өзін-өзі тоқып келеді.

Асылы Күләш Ахметова өлеңдері өмірдің өзіндік бір күнделігі, бір парағы болып келсе, онда ақынның өзі де өмірдің бір күнделігі, бір парағы болып оқырман жүрегінде жүр. Күләш Ахметова «Қуансам өлең үшін қуандым, жыласам өлең үшін жыладым» - дегеніне кәміл сенеміз.


(Бозбала мен бойжеткен монолог оқиды)

Кітапханашы: Шынайы ақын болмысы тынымсыз рухани ізденісте болатыны ақиқат. Оның қаламынан бірнеше жүздеген, бәлкім мыңға тарта сұлу да ойлы жырлар туындауы мүмкін. Алайда, бақытты ақындар үшін мұның бәрі де өмірдегі оның негізгі, басты жырын жырлауға апаратын бар болғаны түрлі деңгейдегі баспалдақтары ғана. Негізгі жырларын айта алғандар да, құралақан қалғандар да баршылық. Біздің ойымызша ақын Күләш Ахметова алғашқы легіне айта алғандарына жатады.

Қазақтың қос ақыны, бір отбасының иелері Күләш Ахметова мен Қайырбек Асановтың бірлесіп шығарған өлеңдер жинағы «Махаббат» деп аталады. Жинақтың «Күләш» атты бөлімі «Жаратқанға жалбарыну» атты өлеңмен ашылған екен. Оқи отырып ой-санамыз өз-өзінен сонау ғарыштық тылсымдарға ұмтылатындай, болмысымыз айналамыздағыларға әйтеуір бір жақсылық жасауға құлшынатындай ғажайып бір күй кештік. Енді жыр жолдарына бойлай отырып, Жаратқанның Күләш Ахметоваға берген нығметтерін ақынмен бірге санамалап көрейік...

Өмір бердің, көз бердің, көрік бердің,

Есім бердің, Ес бердің, Ерік бердің.

Хауа Ана, Адам алейкиссәлам нұсқасымен,

Ғашық еттің, ғұмырлық серік бердің.

Отан бердің, От бердің, Қорек бердің,

Бесігіңді тербет деп бөбек бердің.

Саясында тынықтым теректердің,

Сенің Рахымыңды медет көрдім.

Расында, Жұмақ бақтарына ұмтыла жүріп, ұпай жинасын деп өмір берген, Ұлы заңдылық жайлы Хабарды естісін деп құлақ берген, ғажайып Дәлелдерді көрсін деп көз берген Жаратушының әрбір сыйының қарымтасын қайтару мүмкін емес-ау, сірә!

Алайда соны қайтаруға ұмтылудың өзі – сауабын айтып жеткізгісіз, ізгі қадам екен. Себебі бар нәрсе адамның ниетінде көрінеді. Күләш Ахметова өз жырлары арқылы иманды қадамдарға барып отыр.
Бойжеткен: Күләш Ахметованың дәуір тынысын суреттейтін ғашық жырлары ақын әлемінің барометрі. Ақынның сезімтал жырлары жан дүниесін ұға білген өмірлік серігі, Қайырбек Асанов есімімен тікелей үйлесімді. Бұған дәлел ретінде:

Сен барсың!

Бір ауаны жұтам бірге,

Күлемін. Өкпелеймін. Еркелеймін.

Өзгеріп отырамын тұтам күнде

Сол қиял мені солай жетелесін

Түсінбей кейде жаным кетер есің,

Сен – ақын, сезімтал бір нәзік жанды

Білмеймін бәрін қалай көтересің – деген жыр шумақтарын айта аламыз.
«Жарды сүю бір басқа, жырды сүю бір басқа» - деп өмір мен өнерге деген сезімдерді қатар ұштастырып, өрелі өмір иесі атанған ақынның өлеңдерінен:

Басқаларға өр басым имеді шын.

Жүрегімді бір шаттық биледі шын.

Қайғыруға хақым жоқ,

Бақытты екем,

Сендей жігіт мені адал сүйгені үшін! – деген жолдарды оқып махаббатқа иланасың, иба қыласың.


Бозбала: Күләш Ахметова – нағыз ақын. Шығыстың жарық жұлдызы Әл-Фараби өзінің «Поэзия өнерінің конондары жайлы» трактатында ақындарды тума, еліктегіш және жасанды деп үшке бөледі. Үшке бөледі де ұлы ғұлама ең ғажайып поэзияны табиғи ақындар ғана жасай алар деп бір-ақ кесіп айтады. Олай болса Күләш Ахметова сол табиғи ақындар тобына жатады. Ақынның алғашқы қадамының өзі үлкендер назарына іліккен. Күләш Ахметова өзі: «Анама» деген өлеңімді Үшаралды сағынғанда жазған шумақтарымды қосып алып келдім». Екі өлеңім кешікпей жарық көрді. Бұл 1968 жыл еді. «Лениншіл жас» газетіне елден келген екі өлеңі жарық көрді. Сол газеттен Сәбит Мұқанов өлеңдерімді оқып жылы пікір жазды. Бұл менің әдебиеттегі ең алғашқы естіген мақтауым еді» - деген еді. Көп ұзамай Күләш Ахметова ақынның оқырманы молая берді. Сөйтіп халқының сүйікті ақынына айналды.

Ақын Иосиф Бродский әдеби эссесінде поэзияның ерекшелігі туралы айта келіп «ақынның өмірін оның өлең жолдарынан іздеу керек» - деген еді. Айтса айтқандай ақынның ешкім білмейтін, көпшілік үшін беймәлім жан сыры оның өлең жолдарында жатыр. Ақынның көміліп жатқан ойының құнарына терең бойлағанда ғана сіз оның тағдырын түсініп, алтын сарайының кілтін табасыз.


Бозбала: Кезінде әдебиетіміздің айтулы азаматтары – Сәбит Мұқанов, Асқар Тоқмағамбетов, Әбділда Тәжібаев, көрнекті ақын-жазушыларымыз Тәкен Әлімқұлов, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова баспасөз бетінде аталық батасын беріп, ағалық ақ тілектерін айтқан ақын бүгінде толысқан, кемеліне келген, аты Республикамыздан сырт жерлерге де белгілі тұлғаға айналған. Шығармалары бірқатар шетел тілдеріне де аударылған. Күләш Ахметова жырлары өз оқырманын бей-жай қалдыра алмайды. Өзіндік нәзік сыршылықпен, өрілген ақын өлеңдерінің тамыры тереңде жатыр. Қазіргі таңда әдебиет сүйер қауым көркем сөздің, көркем ойдың құдіретіне бас иеді. Әдебиет – асыл да көркем ойдың жемісі. Күләш Ахметова жырын оқыған әрбір жан оның жырларынан да өмірінің титтей де болса сәулелі сәттерін көз алдынан өткізіп, бір серпіліп қалары анық та, ақиқат.

Бегімайдың мұңы қалқып санамда,

Жыр жазамын ғашық болып қалам да.

Айша Бибі күмбезіне тәу етем

Ахметова жырларынан табам да – деп бүгінгі өркендеп келе жатқан поэзия әлеміне енді ғана бас сұққан талант иелері осылайша ақынға жыр жолдарын арнайды.
Кітапханашы: Күләш Ахметованың шығармашылық табысы өзіне де, өзгелерге де анық, алар асулары, көтерілер баспалдақтары бұдан да биік болады деп сене отырып 70 жасқа толып отырған поэзия падишасына мәңгілік ғұмыр, маңызды өмір, шығармашылық табыс тілей отырып кешімізді аяқтаймыз. Күләш Ахметованың «Ақ гүлім менің» атты поэзия кеші жастар жүоегіне жол тапты деп ойлаймыз.
Көріскенше сау-саламат болыңыздар!

Жыр арнадым жүректен...
Үлбір сұлу

(қырғыз ақыны Роза Мұқашеваға)


Бүгіннен бөлек болған бұрыңғысы

Көзайым көркемдіктің туы, үлгісі.

Жетісу –

Жаратылыс деген күштің

Тамаша, таңғажайып туындысы)
Жұмақтай тазалыққа ашылған жер,

Жұмбағын ғасырлардың жасырған жер.

Жерге де сұлу болу қиын екен,

Жебесі жолдың пырдай шашылған жер.


Жетісу – сырғалы су, сыңғырлы өлең,

Жетісу – жезтаңдай күй күмбірлеген.

Үйлескен нәзіктікпен осы өлкеде

Болыпты бір сұлу қыз Үлбір деген.


Үлбірдің ерекше екен мерей гүлі,

Ауылдың қырындайтын көбейді ұлы,

Асқақ та сұлу екен айрықша

Әттең,


Айыбы - әкесінің кедейлігі.
Қаракөз хабар берер зеректі ойдан,

Табылар мұңаярлық себеп бойдан.

Ұлына бір шонжар бай атастырып

Туғаннан қалың малын төлеп қойған!


Келген жоқ күйеу жігіт бұл жаққа әлі,

«Қашып кет», - деп біреулер қылжақтады.


Көп болды, күбір-сыбыр өсек тарап,

Жанарын жас арудың мұң жапқалы.


Еркіндікке Үлбір еді ұмтылған

Жатырқамай қырғыз елі біртуған.

Таппасада жан қалауын түгелдей

Жібек көңілін жамағандай жыртылған.


Ем іздеген замананың сызына,

Екеуіне ел қарапты қызыға.

Қалдыра алмай қарындасын ағасы

Үйленіпті қырғыздың бір қызына.
Нәзік еді, асыл еді үміті

Үміт деген ақ ешкінің түбіті.

Біздің Үлбір әжемізге өмірлік

Жар болыпты қырғыздың бір жігіті.


Перзенттік парыз

Анам Бекзадаға


Жылдан жылға жаз-дағы жайдарырақ,

Жарқырайды шақырып айна бұлақ.

Бар дүние елжіреп тұрғанменен

Мейіріміндей өзіңнің қайда бірақ.


Сағындырып бар мейірім, бар ыстығың.

Көктем келді кеудемде тоғысты мұң.

Қабіріңе бір уыс топырақ та

Сала алмадым кеш, ана, борыштымын.


Оралмассың деп ойлау қиын маған,

Көзімде – мұң, көңілімде құйын, боран

Із қалдырам сен үшін жылдарға бұл,

Сыбағасы өзіңе бұйырмаған.


Күнде еске алып мейірімнен тарықпаған.

Жақсылыққа бір сәтте жарып қалам.

Есіміңді енді мен жырыма орап

Болашаққа қастерлеп алып барам!


Тау үстінде шуақты тұман басым,

Тұманның түбін енді кім аңдасын.

Жаннаттан Алла орын нәсіп етсін

Сен менің күнделікті дұғамдасың.



Елші

(Мырзатай Жолдасбековке)


Елім деп туған жақсының

Елеусіз қалған кезі жоқ.

Азаттық алған қазақтың

Асқақ та сөйлер сөзі боп.

Алыста жүрген көзі боп

Иранға бара жатырсыз!


Аңсаған кезде жырласын –

Аққайыңдардың сырғасын

Ақ бұлақтардың жылғасын

Ақ бата беріп ардақтап

Ақиықтарын ұшырған.

Туған даланың тұлғасын

Тұла бойға толтырып,

Иранға бара жатырсыз!


Іңкәр едіңіз өлеңге,

Тартар едіңіз тереңге.

Ұлы ақындардың мекені –

Рухы сұлу сол елге.

Қазына сөзін қазақтың

Дала боп жырлап берерге.

Иранға бара жатырсыз!
Қазақ тілін – байлығын,

Таулары менен айдынын

Ұраны менен айбынын

Таныту үшін тарихқа,

Иранға бара жатырсыз!
Билердей еркін көсіліп,

Биіктен сөйлеп шешіліп

Бер жағынан бұл елдің

Мәртебесін өсіріп,

Қиындық болса ұмытып

Қиянат болса кешіріп

Оралу үшін Отанға

Иранға бара жатырсыз!


Бозторғай

(Халық қаһарманы Роза Бағлановаға)


Текеметтің түріндей қанық сөзден қалсын із,

Алашаның түріндей анық сөзден қалсын із.

Қазағының көгінде жану үшін жұлдыз боп

Қазалының жерінде туған екен әнші қыз.


Қасиетті, құнарлы, дарқан еді Қазалы,

Қасіретті, мұнарлы, арқалы еді Қазалы.

Қандай еді қамысы, қандай еді сазаны

Бір-ақ күнде күй кешті – алқалы елі азалы.


Тағдыр шебер, күшті де қатал екен ол ұста.

Ауыр хабар жеткенде атамекенге қонысқа

Қолаң шашын шарт түйіп, етік киіп жас ару

Қол бастаған ерлерше араласты соғысқа.


Қол бастаған жоқ бірақ, ән бастады, сән көшіп

Қара боран соққанда, қанша шырақ қалды өшіп.

Қаршадай боп ән салып, қайрат берді ерлерге.

Қазалының сұлуы қан аралас қар кешіп.


Сағыныш боп сарқырап Сырдария – нулы айдын.

Қыпша белі майысып сабағындай қурайдың

Екі көзі мөлтілдеп ән салады бозторғай

Орманында жат жердің, жағасында Дунайдың.


Жүрегіне солдаттың жігер қосып қаншама

Бір-бір шөкім үміт – Күн үлестіріп баршаға

Қою түтін ішінде ұшып жүрді жарық ән.

Лүп-лүп етіп шамдары ұйықтамайды Варшава.


Жеңіс керек Отанға, күрессе де кім қайтіп,

Қуыршақтай арудың құлын көңілі тынбай түк.

Алғы шепте адамның сенім-күшін ұлғайтып

«Ах, Самара, городок» деген әнді тұрды айтып.




Әдебиеттер тізімі
Ахметова К. Ақ гүлім менің: Өлеңдер.-Алматы: Жазушы, 1975.-146 б.
Ахметова К. Сен менің бақытымсың: Өлеңдер.-Алматы: Жалын, 1977.-153 б.

Ахметова К. Жапырақ – жаздың жүрегі: Өлеңдер.-Алматы: Жазушы, 1979.-196 б.

Ахметова К. Мейірім: Өлеңдер.-Алматы: Жалын, 1981.-152 б.

Ахметова К. Бұлақтағы жұлдыздар: Өлеңдер.- Алматы: Жазушы, 1982.- 112 б.

Ахметова К. Ләйлектер қайтып келгенде: Өлеңдер.-Алматы: Жазушы, 1985.-112 б.

Ахметова К. Арғымақтар даласы: Өлеңдер.-Алматы: Жалын, 1987.-

192 б.

Ахметова К., Асанов Қ. Сен жанымда жүрсең: Махаббат кітабы.- Алматы: Жалын, 1989.-264 б.



Ахметова К. Дауылдан кейінгі жорық: Өлеңдер.-Алматы: Жазушы, 1990.- 136 б.

Ахметова К. Наурыз нұры: Өлеңдер.- Алматы: Жазушы, 1991.- 106 б.

Ахметова К. Күн шыққанда күліп оян: Өлеңдер.- Алматы: Ана тілі, 1996.-156 б.

Ахметова К. Өкініш әні (орыс тілінде).-Мәскеу, 1977.-167 б.

Ахметова К. Бақ: Өлеңдер.-Алматы: Атамұра,2005.-240 б.

Ахметова К. Құт: Тәуелсіздік жырлары.-Алматы: ЖШС «Дәуір», 2005.-144 б.

Ахметова К. Махаббат: Өлеңдер.-Алматы: Атамұра, 2006.-139 б.
Х Х Х
Ахметова К. //Қазақ әдебиеті: Энциклопедиялық анықтамалық.- Алматы: Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі, Қазақстан даму институты, 1999.-81 б.

Ахметова К. //Қазақ әдебиеті: Энциклопедиялық анықтамалық.- Алматы: Аруна, 2005.-61 б.

Ахметова К. //ХХІ ғасырдағы қазақ әдебиеті (2001-2011 жж.): Ұжымдық монография.- Алматы: Арда, 2011.-407 б.

Орда Г. //К.Ахметова: Қазақ көркем сөзінің шеберлері: анықтамалық.- Қарағанды: Экожан, 2010.-466 б.

Ергөбеков Қ. //К.Ахметова: Арыстар мен ағыстар (Қазақ өлеңі хақында).-Астана: Таным, 2003.-315 б.

Жұмабек С. //К.Ахметова: Сын симфониясы, Әдеби толғаныстар, мақалалар.- Алматы: Алатау, 2005.-332 б.

Үркімбай Н. //К.Ахметова: Жұлдызды аспан – жазылған кітаптайын.- Алматы: өнер, 2012.-201 б.

Мазмұны
Алғысөз 1 б.
Өмірбаяндық деректеме 3
«Арғымақтар даласы» - кітап көрмесінің үлгісі 4
«Ақ гүлім менің» - поэзия кеші 5
Жыр арнадым жүректен... 13
Әдебиеттер тізімі 18

Құрастырған: Пазылова Р.Н. – кітапхананы дамыту және



әдістемелік жұмыс бөлімінің кеңесшісі
Редакторы: Бекмағамбетова С.Б. – оқу залының кеңесшісі






Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет