Жастарға патриоттық ТӘрбие беру мәселесі



Дата01.07.2016
өлшемі77 Kb.
#169192
ЖАСТАРҒА ПАТРИОТТЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУ МӘСЕЛЕСІ
Нургалиева Г.Н., Бимаканова З.Ш.

(М.Қозыбаев атындағы СҚМУ)

«Қазақстан – 2030» стратегиялық бағдарламасында Республика Президенті еліміздің ұлттық қауіпсіздігін, тәуелсіздік пен егемендігін танытатын мемлекетіміздің ұзақ уақытты дамуын анықтады. Білім беру мен тәрбиенің негізгі міндеті - өз елінің азаматы, патриотын тәрбиелеу болса, осыған сәйкес «қазақстандық патриотизм мен ұлттық патриотизм» студенттердің тәрбиелік деңгейін бағалудағы көрсеткіш болып қарастырылады. Республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетуге, қоғамның саяси және рухани өмірі саласындағы міндеттерді қайта жаңартуға бағытталған идеялық-тәрбие жұмыстары мемлекеттің стратегиялық бағдарымен анықталды. Еліміздің тәуелсіздік алып, егемендікке жетуі қазақ халқының және республикада тұратын басқа да халықтардың ұлттық дүние танымының өсуіне жағдай жасады. Қазақстанның жоғарғы оқу орындарында студенттерге қазақ халқының этностық ерекшеліктерін, тарихы мен мәдениетін, сондай-ақ халықтың батыр ұл-қыздарының ерлік істерін дәріптеу жастарға патриоттық тәрбие берудің және оны қазіргі жағдайда зерттеудің қажеттілігін арттыра түседі.

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасының негізгі міндеттерінің бірі қазақстандық патриотизмге, төзушілікке, биік мәдениетке, адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге тәрбиелеу болып табылады. Бұл жастарға этнопедагогикалық негізде білім беріп, патриоттыққа тәрбиелеу ісіне нұсқау әрі оның қажеттілігін айқындайтын бағдарлама деуге болады. Соңғы жылдары қалыптасқан тәрбие жүйесі көпшілік жағдайда сөз, ұран, мәліметтік сипатта болып, жоғары оқу орындарындағы студенттердің міндетті түрде қоғамдық пайдалы іс-әрекетке қатысуын қарастырмады, оларға патриоттық тәрбие беру бағытын дамытуды қиындатты. Мұның өзі қазіргі кезде жоғары оқу орындарында тәрбие беру мәселесіне жаңаша көқарас тұрғысынан қарауды және студенттердің патриоттық сана-сезімін, сапаларын, мінез-құлқын қалыптастыруды көздейтін тәрбиенің формалары мен әдістерін жетілдіруді талап етеді. Бұл бүгінде байсалдылық, табандылық, батылдылық, батырлық, қайсарлық туралы білім ғана емес, өнегелік көрсету қажет болып отырғаны аса маңызды.

Қазіргі уақытта «Қазақстандық керемет» деген ұғым пайда болды. Ол тек бастамасы. Оған нағыз сай болу үшін жан-жақты дамуымыз керек. Қазақ – құдыреттілігі, имандылығы, адамгершілігі көзінен, жүрегінен көрініп тұрған, патриоттығы ішінде ұйып жатқан кең халық. Бүкіл білім беру жүйесі арқылы осыларды сыртқа шығару, жоғарғы дәрежеге көтеру қажет, ол үшін сапалы патриоттық тәрбие керек. Бұл - сырттан ғана келетін әсер емес, ол іштен шығатын, дамитын, қалыптасатын ерекше қасиет. Ол - қазақ менталитетінің ғасырлар бойы қалыптасып келе жатқан халыққа тән санамен келген ойлау нәтижесі. Қайта жаңғырған ұлттық тәрбиенің маңызды бір бөлігі рухани мұрадағы тәлім-тәрбиелік ой пікірлер, патриоттық сана-сезім, оған деген ғылыми көзқарас болып табылады.

Қазақ елі жастарының 1986 жылғы желтоқсандағы рухани сілкінісі туғызған қайта түлеу процесі, сол патриотизмнің даму барысын өзгертуге, сөйтіп, шынайы ұлттық патриоттық тәрбие қағидаларын (принциптерін) қайта қарауға ықпал етті. Қазақстан Республикасының егеменді ел болып ана тілінің мемлекеттік тіл болуымен қатар өткен тарихымызды қайта қарап, ондағы рухани құндылықтарды елеп-екшеп және рухани құндылықтардың қорына өлшеусіз үлес қосатын мұраларын зерделеп зерттеу бүгінгі ұрпақ тәрбиесінің керегіне жарату, өзекті мәселелердің бірі болуда. Кеңес Одағы кезінде жоғарғы оқу орындарында студенттерді тәрбиелеудің арқауы болған «социалистік патриотизм» ұғымы сол идеологиямен бірге жойылды.

Қазіргі заманда біздің халқымыздың патриотизмі экономиканы қайта құруда, қоғамды рухани жаңартып демократияландыруда, плюрализм пікірін бекітуде және әлеуметтік орта мен идеологиядағы сол бір тоқырау кезеңдерінің әсерінен туған жікшілдік пен бұрмалаушылықты жоюдағы күреске бар күшті ынталандыру болып табылады. Мұның бәрі келешек жас ұрпақты патриоттық және интернационалдық рухта тәрбиелеудің қажеттілігін қамтамасыз етеді. Қазақстан Республикасында білім беру саласы бойынша қоғамның бүгінгі күнгі талабы әрбір адамды Отанын сүюге, туған жерін құрметтеуге, ата-бабаның озық салт-дәстүрлерінің құндылығын мақтаныш тұтуға, әлемде халықтар арасындағы бейбітшілік үшін достықты нығайтуға бағыт беруде талмай еңбек етуді қажет санайды. Сондықтан болашақ мамандардың патриоттық тәрбиесіне ерекше мән беру, олардың бойында патриотизмі қалыптастыру қоғам болашағының өркендеуін, елімізде тыныштық пе бейбітшіліктің мәңгілік қанат жаюын қамтамасыз ететіні анық. Өйткені патриотизм әлемдегі бейбітшілік үшін күреспен, адамзат өміріне қауіп төндіретін термоядролық, экологиялық және террорлық апаттың алдын алумен, халықаралық қатынастарды құрумен және әлемдегі жаңа тәртіптерді бекітумен, өзара түсіністікті негізге алумен, тәуелсіз елдермен және басқа да мемлекеттермен көршілік татуластықпен, іскерлік ынтымақтастықпен тығыз байланыста болумен өлшенеді.

Қазіргі кезде қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар саласында зерттеу жүргізуші ғалымдар халқымыздың сан ғасырлардағы рухани мұрасын, әсіресе оқу, тәлім-тәрбие мәселесін философия, психология, педагогика ғылымдарының зор жетістіктерін пайдаланып, асыл қазыналарын жоғары теориялық биіктен талдап, ғылыми көзін ашуда.

Жастарға интернацоналдық-патриоттық тәрбие беру мәселесін зерттеумен республикамызда бірқатар ғалымдары айналысып, мына бағыттарда зерттеулер жүргізді: ұлттық дәстүрлер мен патриоттық тәрбие, әскери-патриоттық, интернацоналдық, адамгершілік, ерлік тәрбиесі - С.Ешімханов, Р.С.Елубаева, Е.Жұматаева, С.Т.Иманбаева, С.Нұрмұқашева, Н.Р.Рамашов т.б зерттеулері; Қазақстандық патриотизм, ұлттық патриотизмді қалыптастыру - К.Т.Әбілғазиева, Ғ.Б.Базарғалиев, Ж.Бөжиг, Д.С.Құсайынова, т.б. зерттеулері; Халық педагогикасы арқылы жастарға патриоттық тәрбие беру – А.А.Бейсембаева, Ж.Н.Қалиев, М.Ж.Құрманбаева, т.б. зерттеулері; Қазақстанда жоғары оқу орындарында болашақ мамандарға патриоттық тәрбие беру мәселесіне А.К.Қалимолдаева, Е.С.Салтанов, Ү.К.Санабаев зерттеулері арналды; А.К.Қалимолдаева зерттеуінде қазіргі жағдайда тұтас педагогикалық процесте болашақ мамандардың патриотизмін қалыптастыру мәселесі зерттелді; Е.С.Салтанов әскери кафедра материалдары негізінде жоғары оқу орындарының оқу процесінде әскери-патриоттық тәрбие берудің теориялық негіздерін анықтап, әдістемесін жасаған; Ү.К.Санабаев Қазақстан Республикасының ішкі істер министрлігіне қарасты ішкі әскерлерінің әскери қызметкерлерінде патриотизмді тәрбиелеудің педагогикалық негіздердін өз ғылыми зерттеу жұмысына арқау етіп алған.

Жоғары оқу орындарында патриоттық тәрбие беру саласы ғылыми тұрғыда негізделген нұсқауларға мұқтаж. Сонымен бірге жоғары оқу орындарының оқу-тәрбие практикасын талдау барысында студенттерді патриотизмге тәрбиелеудің тарихи-педагогикалық және этнопедагогикалық тұрғыдан толық зерделенбеуі мен бүгінгі күнде студенттерді ел жанды, отанының нағыз патриоттары болып қалыптасуында этнопедагогиканың қағидаларын пайдаланудың қажеттілігі, олардың жоғары оқу орындарының педагогикалық процесінде жүйелі пайдаланылмауы арасында қарама-қайшылықтар туып отыр.

Адам баласының әрқайсының өз өмір жолы болатыны тәрізді, кез-келген халықтың, қоғам мен мемлекеттің өз тарихи ғұмыры бар. Ол көне тіршілік көшінде сан алуан кейіпте көрініп келе жатқан күрделі процесс. Әр ұрпақ өзінің бұрынғы ұрпақтың жалғасы болғанынан, өз дәуірінің шыңырауына үн қосып, өз соқпағын іздейді. Әлем тарихында патриоттық тәрбие және әскери патриоттық туралы білім ғасырларға тамырымен терең кеткен. Тәуелсіз Қазақстан жағдайында біз патриоттық тәрбие беруді ұлттық тәрбие беру негізінде қарастыруды тиімді деп есептейміз. Өйткені жалпы тәрбиелеу процесі тек қана батыс европалық және американдық үлгіні қабылдап бара жатқанға ұқсайды. Ал Қазақстан - әрі батыс, әрі шығыс елі, ерекше ортада тұрған көп ұлтты мемлекет. Оның өзіне тән ұлттық, қоғамдық еркешеліктері бар. Сондықтан халықтық педагогика негізінде студенттердің бойына патриоттық сезімді қалыптастыратын болсақ, Қазақстаннның даму жолында өзінің сара жолы бар.

Ғылыми зерттеулерді оқып-зерделеп талдағанда және педагогикалық тәлім-тәрбиені ұйымдастырғанда студенттерге патриоттық тәрбие берудің ғылыми теориясы өз алдына дербес проблема ретінде анықталғанын және ол үнемі зерттеп отыруды қажет ететіндігін көруге мүмкіндік берді. Қазақы дүниетаным, ақыл-ой, тағылымдық ұлағат ғасырлар бойы шыңдалып қалыптасты. Сан ғасырлық ұлттық тәрбиенің этнопсихологиялық негіздерін бір арнаға түсіріп, қазақ ойшылдары мен ағартушыларының, қоғам қайраткерлерінің еңбектеріндегі ұлттық тұлға тәрбиесі туралы ой-пікірлердің дамуын, халқымыздың шынайы ұлттық тұлғасы болған ақын-жазушы, ғалым және қоғам қайраткерлерінің үлгі-өнегесін тәрбие мәселесінде пайдалану да қарастырылып келеді. Біз жұмысымызда егемендікпен қоса келген «қазақстандық патриотизм», «ұлттық патриотизм» ұғымдарымен байланысты «қазақстандық патриотизм ерекшеліктері» мен «ұлттық патриотизм ерекшеліктерін» анықтап, жоғарғы оқу орындары студенттеріне патриоттық тәрбие берудің мазмұны мен бағыттарын айқындадық. Ұлттық және жалпы қазақстандық намысты ояту мәселесіне келгенде, қазіргі қоғамда демократиялық өзгерістерге орай жаңаша патриоттық беруде ұлттық патриотизм студенттердің рухани азығына айналып отыр.

Студенттер бойында патриоттық сананы қалыптастыру тек қана жиын өткізумен шектеліп қалмауы тиіс. Бұл бағытта атқарылатын жұмыс жоғары оқу орындарында оқу-тәрбие процесінің ең өзектісі, ең маңыздысы болып белгіленуі қажет. Қазақстанда патриоттық тәрбиенің біртұтас жүйесі жасалып, әсіресе қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы рөлі шынайы бағалануы тиіс. Сондықтан да үкімет тарапынан арнайы бағдарламалар қабылдануы тиіс. Олар мерзімді баспасөздерде толығымен жарияланып, сол қабылданған бағдарламалардың жүзеге асырылуының нәтижелері басылым беттерінен көрініс тауып жатса, жастардың бойында қазақстандық патриотизм қалыптастыруда оң шешім болар еді. Қазақстандық патриотизмді еліміздің әрбір азаматтарының санасына сіңіру - кезек күттірмейтін мәселе. Сондықтан біз патриотизм, әскери патриотизм, ұлтаралық қатынас мәдениеті тұрғысынан интгеративті құрылым ретінде қазақстандық патриотизмнің мәнін ашып көрсеттік .

Қазақстандық патриотизмнің мәні

Патриотизм дегеніміз – Отанға деген сүйіспеншілік, әрбір азаматтың мемлекет алдындағы борышын жанқиярлықпен орындау. Ал қазақстандық патриотизм Қазақстан азаматының өзін осы елдің төл баласы, нағыз азаматы ретінде сезінгенде, Қазақстанды өзінің туған елі, Отаны деп есептеген жағдайда ғана қалыптасады дей келе, Қазақстанның патриоты қандай болу керек екенін белгілесек, онда оның ерекшеліктері мынада:

1. Қазақстанда 130–дан астам ұлт өкілдері тұрады, көп ұлтты мемлекет. Барлығы Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне ерекше құрметпен қарайды, шын ниетімен қадірлейді. Қазақстан азаматының Конститутциялық құқығын сақтайды. Әрбір ұлттың Қазақстанды ортақ үйіміз деп санай білуі.

2. Қазақстанда тұратын барлық халықтардың ұлтына қарамай, Отанды қорғауға дайын болуы. Қазақстан халықтары Ассамблеясында қабылданған барлық шешімдердің іске асуына өз септігін тигізуі.

3. Бұл әрбір азаматтың тек өзінің конституциялық борышын өтеуі ғана емес, сонымен бірге оның тұлғалық сапаларының қалыптасуы.

4.Қазақстан халықтарын ұлы державалық патриоттық сезімге ұмтылдыру мақсатында қазақстандық ғажайыпқа сендіру, оны мақтаныш еткізу.

5. Қазақстан Республикасының азаматының Отанын қорғауға деген оң көзқарасын қалыптастырып, Қазақстан Республикасының қарулы күштерінің әскер қатарында болатынына ұлттық патриоттық мақтаныш сезімін тудыру.

6. Қазақстан Республикасының әскери доктринасына сай Қазақстан халқының мүддесін көздеуде патриоттық сезімдерін ояту.

Әрбір халықтың тарихи өмірінде қол жеткізген ең құнды дүниелері – рухани және адами қасиеттері, құлықтылық (моральдық нормалар) үлгілері бар. Сондықтан да әрбір жаңа ұрпақ үшін мәнді тәрбие - ұлттық тұрғыдағы тәрбие үлгісі болып табылады. Өйткені, мұнда тәрбиенің негізін замандар бойы қалыптасып келген асыл рухани құндылықтар және биік ізеттілік пен құлықтылық тұрғысындағы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жататын, адамның адамдық қасиетін нығайтып, әрі асылдандыра түсетін, халықтың даналық өмір–салтынан туындап отыратын бұлжымас ережелер мен қағидалар құрайды. Ұлттық тәрбие – адам өмірінің алтын арқауы. Ұлттық тәрбие жалпыадамзаттық рухани құндылықтарды жоққа шығармайды, қайта солармен үндесіп жатады. Бұлар бір-бірін байытып, құнарландырып отырады. Ұлттық тәрбиеден тереңдеп нәр алған адам – рухани бай адам. Ондай адам жалпыадамзаттық тұрғыдан мәдени және рухани құндылықтарды бойына тезірек сіңіреді, сөйтіп, толық әрі кәміл адам дәрежесіне тезірек жетеді.

Ұлттық менталитет – тұнып тұрған рухани қазына. Халықтың тілі мен мәдениеті болсын, салт-дәстүрі мен наным-сенімі болсын – мұның бәрі де әрбір халық үшін асыл да қымбатты рухани дүниелер. Әсіресе, наным-сенімнің әрбір халықтың өмірінде алатын орны өзгеше. Ұлттық тәлім-тәрбиенің дамуы мен қалыптасуына үлкен үлес қосқан қазақтың көптеген зиялы оқымыстылары жеке басқа табынудың құрбаны болды, қудалауға түсті. Мұның өзі ұлт мәдениетінің өсуін үлкен тежелуге әкеліп соқтырды. Халық педагогикасы жөнінде ғылыми-зерттеулер жүргізуге шек қойылды. Ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу, өмірге енгізу санадағы ескінің сарқыншағы деп бағаланды. Халықтық дәстүрлер өзінің қоғамдық мәнін жойып, отбасылық мәнге ғана ие болды. Оның өзі бертін келе, мектеп, жоғары оқу орындарының тәрбие жұмыстарының негіздеріне кірді. Тәрбиелік жұмыстар коммунистік идеологияға негізделіп, оқу-тәрбие жұмыстары негізінен орыс тілінде жүргізілуіне байланысты қазақ тілі біртіндеп өмірден шеттеле бастады. Оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар орыс тілінің аудармасы негізінде пайдаланылып, қазақ халқының ұлттық ерекшеліктері ескерілмеді. Студенттерге жан-жақты тәрбие беруде үлкен жауапкершілікті мойындарына алған студент жастар ұйымдары негізінен коммунистік тәрбие принциптеріне сүйенді. Жоғарғы оқу орындары оқу-тәрбие жұмысының бағдарламалары, әдістемелік нұсқаулар ұлттық тәлім-тәрбиенің ерекшеліктерімен санаспады.

Ұлттық тәрбиедегі ұрпақ сабақтастығы сақталмады. Осыған орай, кейбір мәселелердің басын ашып алмай тұрып патриоттық тәрбиені дұрыс жолға қою мүмкін емес екені анық. Республикамыз бір саяси құрылымнан екіншісіне ауысып, басқару жүйесі жаңа сападағы қарым-қатынасқа бет бұрған өтпелі кезеңде қазақ этнопедагогикасы негізінде студенттерге патриоттық тәрбие беру жұмыстары дағдарысқа ұшырағаны белгілі. Бұндай жағдайда заман ағымына қарата пайда болған тың ұғымдарды айқындап, оларға анықтама беру қажеттігі туындады. Ұғымдар, түсініктер, ереже, қағидалар арқылы студенттер санасында білім қалыптасып, ол өз кезегінде оның іс-әрекетіне бағыт береді. Біздің пайымдауымызша, патриотизмге тәрбиелеуде қазақстандық патриотизммен қатар сүйенетін негізгі ұғымның бірі – ұлттық патриотизм.

Ұлттық патриотизмді қалыптастыруда салт-дәстүрлердің атқаратын орны ерекше. Ұлттық патриотизм дегеніміз – ең алдымен, белгілі бір ұлттың өкіліне сүйіспеншілікпен қарау, оның ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жалғасып келе жатқан құндылықтарын бойына сіңіру. Тереңірек пайымдасақ, мұның өзі ұлттарды ұлылауға бағытталып, ілгеріде жүргізілген кереғар ұлт саясатының кесірінен ұмтылып қалған дәстүрлердің жаңғыруы арқылы әрбір адамның патриотизмін күшейте түсіру болып табылады. Жоғары оқу орындарында студенттерге қазақ этнопедагогикасы негізінде патриоттық тәрбие беру ісінің маңызы зор екенін біз өз зерттеулерімізден көріп жүрміз. Өйткені егеменді ел болған соң сол елдің елдік белгісі ұлттық патриотизм тәрбиесі айқын көрінуге тиіс. Ұлтының наным-сенімдерін, саяси көзқарастары мен ұстанған бағыт-бағдарын, ұлттың әрбір азаматы өз ұлтының ерекшеліктерін танып білуі керек. Ұлттың салт-дәстүріне құрметпен қарау, оның тілі мен ділін, дінін сыйлау, жетістіктеріне шаттану – ұлттың әрбір өкілінің азаматтық борышы. Біздің зерттеуімізде көтеріліп отырған ұлттық патриотизм ерекшеліктері студенттердің өз ұлтының тарихы мен географиясымен, батырлары мен біртуар тұлғаларының ерлік істерін білуіне негізделеді. Ұлттық қасиеттеріміздің ұрпақ бойында қалыптасуы қоғам игілігі үшін маңызды. Студенттерге ұлттық патриоттық тәрбие беру жоғары оқу орындарында кең көлемде жүргізілуі тиіс. Этнопедагогика – ұлттық тәрбие негізі деп білеміз. Ал ұлттық тәрбие ғаламдағы құндылықтарды бойына сіңіріп, өз құндылықтарын арттыра береді. Бірақ ол өндіріс және экономика сияқты «ғаламдастыруға» келмейді, өркениеттілікпен дамып, қалыптасады. Қазақ этнопедагогикасы - өркениеттілік қасиеттерді бойына сіңірген ғылым. Сондықтан студенттер ұлттық патриотизммен сусындасын десек, қазақ этнопедагогикасы негізінде патриоттық тәрбие беруді жүйелі талдап, зерттеп, жоғары оқу орындарында патриот студенттер тәрбиелеуде енгізілуі керек. Ұлттық патриоттизмді қалыптастырудың құралдары болып саналады: ұлттық тіл, ұлттық-әдеп ғұрыптар мен салт-дәстүрлер, ауызекі халық шығармашылығы, ұлттық тарих, ұлттық сәндік-қолданбалы өнер, ұлттық ойындар, т.б.

Ұлттық патриотизмнің мәні

Қазақтың патриоттық-отансүйгіштік тәрбиесі- тереңнен тамыр тартқан, халқымыздың сан ғасырлық болмысының, дүниетану көзқарасының, ақыл - ойы мен салт-дәстүр мәдениетінің көрінісі. Осыларды бойға дарытпай тұрып келер ұрпақты патриоттық отансүйгіштік тәрбиеге лайықты қалыптастырып, алтын бесік елін, кіндік кескен жерін қорғайтын және осы мақсат жолында бар күш-жігері мен ақыл қайратын жұмсап, отаншыл азаматтарды, яғни нағыз патриоттарды тәрбиелеп өсіру мүмкін емес. Сайып келгенде, студенттерді ұлттық тәрбие негізінде жан-жақты жетілген «сегіз қырлы, бір сырлы», құзыреті жоғары маман етіп тәрбиелеу қажет. Біздің тақырыбымыздың өзегі болып отырған ұлттық тәрбие негізінде патриоттизмге тәрбиелеу осы пайымдаулардан өрбиді. Мұндай көкейкесті ізгі мақсатты іске асыру жолында мынадай тәрбиелік ұстанымдар басшылыққа алынды:

Біріншіден, күні ертең болашақ маманнның елін, жерін сүйетін намысшыл азамат болуын ойластыру. Бұл алдымен, қадірлі қариялардың, көпке сыйлы үлкендердің бата-тілектерінде, ырым-жоралыларында өзекті орын алады.

Екіншіден, студенттерді еңбексүйгіш, елгезек азамат етіп тәрбиелеу. Бұл мақсаттағы ой-пікірлер қазақтың халық шығармашылығында мол кездеседі.

Үшіншіден, «бірінші байлық - денсаулық»-деген қағиданы пір тұтқан халқымыз тән сұлулығына ерекше мән берген. «Тәні саудың - жаны сау!», «Ауру - астан», «Тән жарасы мен жан жарасы - егіз», - деп дене тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген.

Төртіншіден, халқымыз патриотизмнің ықпалы арқылы ұрпақ бойындағы ізгі адамгершілік қасиеттерді орнықтыруға парасат иесі етіп тәрбиелеуге ұмтылған, ізгілікке, адалдыққа, ар - ожданды қастерлеуге, уәдеге берік болуға тәрбиелеген. «Жаным - арымның садағасы», «Жан сақтама, ар сақта», «Тәні сұлу - сұлу емес, жаны сұлу -сұлу»- деп арды, адалдық пен қасетті бәрінен жоғары қойған.

Бесіншіден, патриоттық сезімнен ажыратып алғысыз гуманизм ұлттық тәрбиенің басты қағидаларының бірі. «Отан отбасынан басталады» деген даналыққа ұйыған халқымыз ұрпағын ата-ананы, үлкендер мен кішілерді құрметтеуге, елдің, халықтың қамқоршысы болуға үндеген.

Алтыншыдан, «Білім - таусылмас кен, өнер - өлмес мұра», «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады», «Ақыл көпке жеткізер, өнер көкке жеткізер», «Оқу - білім бұлағы, Білім - өмір шырағы» т.б. көптеген мақал - мәтелдер тудырған халқымыз осынау құндылықтар - өнер мен ғылым тіршіліктің тұтқасы, өмір шамшырағы деп білген. Сондықтан халқымыздың өте бай ауыз әдебиеті нұсқаларындағы мақал-мәтелдердің мән-мағынасын өскелең, ұрпаққа насихаттап, санасына сіңіріп отыру қажет.

Жетіншіден, адам өмірі табиғат аясында өтетін болғандықтан, бабаларымыз ғұмыр бойы табиғатты аялауды мұрат тұтқан. Бүкіләлемдік тіршіліктің құдреттің төрт түрі бар. Олар: Күн - ана, Жер - ана , ауа мен су. Егер осы төрт негіздің біреуі болмаса, тіршілік тоқтайды. Сондықтан да адамзат күнді, жерді анадай ардақтайды, жер мен судың әулиелігін қастерлеп, әрекет жасап, қызығын көреді. Осылардың барлығы студенттердің патриоттық тәрбиелілігінің даму деңгейлері мен өмірдегі әртүрлі әлеуметтік жағдайларда дұрыс адамгершілікті мінез-құлықтарын көрсетіп, нақтылы қарым-қатынас жасауына мүмкіндік туғызады.

Сонымен, қорытындылай келе жас ұрпақты тәрбиелеу жұмысы қазіргі білім жүйесінің қажетті компоненті болып табылады. Тәрбиенің күрделі процесінің маңызды бір қыры студенттердің патриоттылыққа бағдарланған тұлғасын тәрбиелеу болуы тиіс. Жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу тек қоғам мен мемлекеттің сұраныстарына ғана емес, әрбір студенттің дара тұлғалық дамуына бағытталған. Өйткені отанға сүйіспеншілік адамның өзін тұлға ретінде сезінуіне, өз елін мақтан тұтуына әсер етеді.




Әдебиеттер:

  1. Мұқажанова А. Қазақстан халқының патриотизмі-ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетінің негізі // Ақиқат. 2010. № 6. б.12-16.

  2. Қазақстан Республикасы азаматтарына патриоттық тәрбие берудегі 2006-2008 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары // Тәрбие құралы. 2007.№4.б.3-8.

  3. Өмірзақұлы Н. Мектептердегі әскери-патриоттық тәрбиенің жастарды Қарулы Күштер қатарына дайындаудағы маңызы // Мектептегі дене шынықтыру. 2007. №5. б. 9-11.

  4. Берғалиева С. Патриоттық тәрбие беру // Тәрбие құралы. Мұғалімдер мен ата-аналар үшін. 2007. №2 . б.15-17.

  5. Шарипова О. Ұлттық тәрбие-патриоттық сезімнің негізі // Бастауыш мектеп. 2007.№ 4. б.15-17.

  6. Меңлiбаев Т. Патриотизм және ұлтаралық қатынас мәдениетi // Ақиқат.2001. № 2.б 33-35.

  7. Әбсаттарұлы Ф. Ұлттық патриотизм // Жалын. 2011.№5. б.2-4.

  8. Әлiм А. Патриотизм және мещандық // Қазақ әдебиетi.2000.29 қыркүйек. б.2.

  9. Кудебаева З. Тәрбие негізі- Қазақстандық патриотизм // Бастауыш мектеп.2007.№9.б.31-33.




Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет