І. ЖАТТЫҒУ ЖҰМЫСЫ
Жаттығу жұмыстарының жүйесіне қарай материалды таңдауға қойылатын талаптар туады. Жаттығуларды жүргізу үшін алынатын материалдар бірден-бірге күрделеніп отырылады. Мұндай жаттығу жұмыстарының әдісі- оқушылардың білімін пысықтап, қалыптастырып, қайрат-жігерін дамытатын әдістің түрі.
Жаттығу жұмысын жүргізу үшін оқытушы, ең әуелі, оның түрлі мақсатын айқындап алады. Содан кейін оқушыларға жаттығу жұмысының үлгісі көрсетіліп, орындау тәсілдері түсіндіріледі.
Программалап оқыту әдісі бойынша, жаттығу жұмыстары белгілі бір жүйеге құрылып, жаңаша тәсілдермен жүргізіледі. Оқытушы оқушылардың жаттығу жұмыстарын тексеріп, дер кезінде кемшіліктерін түзетіп отыруы, оқушының сауатты жазуына ықпалын тигізеді. Жаттығу түрлері арқылы оқушылардың оқу материалын қалай ұғынғаны айқындалады, яғни жаттығу әдісі оқыту ісінің теориясын практикасымен байланыстыру принципін жүзеге асырады.
Сабақтағы жаттығу жұмысы оқушылардың қандай тілдік материалмен жұмыс жасауына қарай фонетикалық, лексикалық, морфологиялық, синтаксистік, т.б. болып бөлінеді.
Шәкірттердің алған білімдерін бекіту мақсатында жүргізілетін жаттығуларды орындауда мынадай талаптар қойылады:
1. Белгілі бір жаттығуды орындау үшін оқушылардың сол жаттығуларды орындай алатындай білімі болуы шарт.
2. Жаттығу оқушының тілге қызығуын, ынтасын арттыруы тиіс.
3. Жаттығу кездейсоқ болмай, белгілі бір жүйемен келуі керек.
4. Өз бетінше жұмыс істеуге дағдыландыру қажет.
5. Шығармашылықты талап ететін жаттығулар көбірек болуы керек.
Жаттығуды іріктеу барысында шамамен мынандай талаптар қамтылуы тиіс:1) жаттығудың өтілген тақырыпты пысықтауға, бекітуге бағытталуы; 2) жаттығудың талаптарының түрлі болуы оқушылардың бойында түрлі дағдыларды қалыптастыратыны ескерілуі керек.
Бұл талап-тілектердің орындалу, орындалмауы мұғалімнің қабілетіне және оқулықтағы жаттығулар сапасына да байланысты. Сыныптағы жаттығулар көбіне бірге талданады, түсініксіз болса, мұғалім тарапынан бағыт-бағдар беріледі. Қандай қиын жаттығуды да табандылықпен орындауға мүмкіндік бар. Жаңа тапсырмаға байланысты жаттығулардың біразы сыныпта орындалып барып, осыған ұқсас жаттығулар үйге беріледі.
Үйге берілетін жаттығулар мазмұн мен сипаты жағынан оқушыға таныс, орындалуы аса қиындық келтірмейтін, жалықтырмайтын, тым ұзақ емес, әрі тәсіліне қарай аралас тұрғыда болғаны жөн.
Мұғалімнің оқулық жаттығуларымен шектеліп қоймай, шығармашылық бағыттағы тапсырмаларды өз тарапынан беруі тәжірибеде кездеседі. Ол көбінесе, қатыстырып сөйлем жаз... көркем шығармадан теріп жаз, сұрақтарға жауап бер, жанұя мүшелерінен сұхбат ал, мәтін ішінен керекті сөзді тап, талда деген сияқты сипатта болады. Қосымша берілетін бұл іспеттес жаттығулардың басы артық деп айту қиын.
Құрастыру, салыстыру, талдау, табу, топтау, дәлелдеу, қорытынды шығара білу дағдыларын қалыптастыратын жаттығулардың әр сабақта жүргізілуі мұғалімнің шеберлік қабілетіне, табандылығына байланысты. Мұның бәрі мұғалім үшін жаңалық емес, қайта «Нені үйреттім?», «Қандай дағды мен іскерлік қалыптастырдым?», «Жаттығудың орны мен қызметі қаншалықты?» деген, сұрақтарға байланысты пікірді ортаға салады.
Әрбір ұстаз оқушыларға керекті дағдыларды қалыптастыратын немесе қалыптасқан дағдыны тілдің басқа да ұқсас құбылыстарында қолдана алатын жаттығу әдістерін білгені жөн. Жаттығу арқылы балалардың алған білімдері нығайтылып, нақтыланып қана қоймайды, сонымен қатар өз беттерінше жұмыс жасауға, ойлау қабілетін дамытуға дағдыланады. Оқушылар жаттығу кезеңінде үздіксіз талдау, жинақтау, бір тұлғаны екінші тұлғамен салыстыру, абстракциялау, жалпылау жұмыстарын жүргізеді.
Соңғы жылдары шыққан оқулықтардағы жаттығуларды саралап көрсек, жоғарыдағы қарастырылған мәселелер , талаптар қаншалықты ескерілгенін байқауға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |