Соғыстың ең басынан бастап қазақстандықтар шынайы патриотизм мен батылдықты көрсетті
«Қазақстандықтар елімізді кеудесімен қорғап, әлемді фашизмнен сақтап қалған аға буын ерлігін ешқашан да ұмытпайды. Құрметті ардагерлер, сіздердің ерліктеріңізден үлгі алады және оған бас иеді».
Нұрсұлтан Назарбаев
Міне, енді бір аптадан соң Қазақстан Жеңіс күнін тойлайды. Ұлы Отан соғысы жылдарында еліміз, басқа да ССРО республикалары сияқты, ортақ күшпен фашизмді жою үшін барын берді. Қазақ ССР-інен майданға 1 миллион 200 мыңнан астам солдат, 12 атқыштар, 4 кавалериялық дивизия, 7 атқыштар бригадасы, 50-ге жуық жеке полктер мен батальондар құрылды. Қазақстандықтар көбінесе майданның ең қауіпті аймақтарына түсіп отырды.
«Бүгін, таңғы сағат 4-те, Совет Одағына қандай да бір наразылық ұсынбастан, соғыс жарияламастан, герман әскерлері біздің елімізге басып кірді, шекарамыздың көптеген жеріне шабуыл жасады және ұшақтарынан қалаларымызға бомба жаудырды». Барлық Совет Одағы 1941 жылдың 22 маусымында радио бойынша берілген ССРО Халық комиссарлары советі төрағасының орынбасары жолдас В.М. Молотовтың осы үндеуін тыңдады.
Қазақ ССР жауынгерлерінің ерлігін Совет Одағының маршалы Георгий Жуков жоғары бағалады. Өз естеліктерінде ол 1945 жылдың 29 сәуірінде бірінші болып Берлин ратушасына лейтенант Кенжебай Мәденовтың взводының сарбаздары басып кіргенін жазады.
«Жауынгерлер вестибюль мен дәлізге қол гранаталарын лақтырып тастады. Әр бөлмені шайқаспен алу керек болды», – деп жазды Жуков қарсыластың қызу тойтарысы туралы.
Фашистер соғысты, Атлантикадан бастап Сібірге дейінгі ұлы мемлекет құру жолындағы шешуші кезең ретінде қарастырды, онда Қазақстанға «Гросс Түркестан» құрамына ену тағдыры дайындалып қойған болатын. Алайда совет халқы немістің «жай оғындай соғыс» жоспарын бұзды. Фашистердің соққысын өзіне алғашқылардың бірі болып шекарадағы Брест қамалы қабылдады. Оны қорғаушылардың ішінде көптеген қазақстандықтар болды. Жұматов, Чултуров, Ниязов және басқалар табандылық пен батырлық көрсете білді. Қамал бір ай бойы шабуылдарға тойтарыс берді, оның қабырғаларында бір мың жарым фашист жер жастанды.
Қазақстан мен Қырғызстанда құрылған генерал И.В. Панфиловтың 316-шы атқыштар дивизиясының ерлігі әрқайсымыздың есімізде. Ол Мәскеу түбіндегі шайқасқа қатысты. 50 неміс танкісінің соққысына төтеп бере отырып, 28 жауынгер-панфиловшы 1941 жылдың 16 қарашасында Дубосеково стансасының бойында төрт сағаттық ұрыс жүргізді, олардың астанаға бұзып-жарып өтуіне жол бермеді. Олардың бәрі қаза тапты, бәріне өлгеннен соң Совет Одағының Батыры атағы берілді. Сол дивизияның жауынгерлері, бір ұрыста 150 фашистің көзін құртқан даңқты автоматшы Төлеген Тоқтаровтың және Бородино селосының жанында бір күнде бес рет немістердің шабуылының бетін қайтарған Мәлік Ғабдуллиннің ерліктері ұмытылмақ емес.
Қазақстандық көптеген қыздар мен жігіттерге, олардың көпшілігіне – өлгеннен соң Совет Одағының Батыры атағы берілді. Солардың бірі Сұлтан Біржанұлы Баймағамбетов – Ленинградтың қорғаушысы. Ол А. Матросовтың өнегесін қайталап, жау дзотының амбразурасын кеудесімен жауып, өшпес ерлік жасады. Ал қазақ халқының екі аяулы қызының есімдері Ұлы Отан соғысы тарихының алтын шежіресіне енді.
Әлия Молдағұлова қазақ тапқаннан соң, Совет Одағының Батыры атағын алған алғашқы қазақ қызы болды. Ол өз батальонын шабуылға бастап шығады. Өлімші болып жараланса да, Әлия өзін жаралаған офицерді атып өлтіреді.
Өзінің батыл ерлігін жасаған кезде Мәншүк Мәметова жиырма бір жаста болған болатын. Ол жалғыз өзі ғана қалады, жау ентелей басып келеді, бірақ үш пулеметі бола тұра, Мәншүк бірнеше сағат бойы дұшпанның тасқынды шабуылын ұстап тұрады. Оған да өлгеннен соң, Совет Одағының Батыры атағы берілді.
Мыңдаған қазақстандық Курск түбіндегі, Украинаны, Белоруссияны, Прибалтиканы, Батыс Еуропаны азат ету кезіндегі және ақырында, 1945 жылдың сәуір-мамырында Берлиндегі шайқастарда қаза тапты. Бұл операцияда Кутузов орденді 150-ші Идрицк дивизиясының сарбаздарына ерекше рөл тиген еді. Оның жауынгері Р. Қошқарбаев алғашқылардың бірі болып рейхстагқа Жеңіс туын тіккен болатын. Ерлігі мен батырлығы үшін осы дивизияның 15 жауынгері Совет Одағының Батыры атағына ие болды.
Төлеухан Шайділдинов Рейхстаг қабырғасында мынадай жазу қалдырды: «Мен қазақпын, Қазақстаннан келдім, қан майданмен жүріп отырып Мәскеуден бастап Берлинге дейін жеттім. Шабуылмен Рейхстагты алдық және жеңіске жеттік. Шайділдинов Төлеухан».
Ал алматылық Михаил Коробов бірінші болып, Гитлердің бункері орналасқан Берлиннің империялық кеңсесі секторындағы тізе бүккен неміс генералы Кребстың штабымен телефон байланысын орнатады. Бұл уақытша неміс үкіметімен және совет қолбасшылығы арасында келіссөздер жүргізу үшін жасалды.
Ұлы Отан соғысындағы ерліктері үшін 500-ден астам қазақстандық Совет Одағының Батыры атағына ие болды. Ұшқыш-шабуылдаушылар Т.Я. Бигелдинов, Л.И. Беда, И.Ф. Павлов және жойғыш ұшқыш С.Д. Луганский бұл атақты екі рет иеленді. 62 неміс ұшағын құлатқан жойғыш ұшқыш Кожедуб Иван Никитович үш мәрте Совет Одағының Батыры атағына ие болды.
Соғыс аяқталған соң оның шығындары туралы хабарламалар әлемді дүр сілкіндірді. Ұлы Отан соғысы жылдарында 50 миллион адам қаза тапты. Ең көп шығынды Совет Одағы тартты – 27 миллионнан астам адам. Олардың ішінде шамамен 610 мыңы қазақстандық болды, соғыс бойында бір жарым миллионнан астам отандастарымыз әскерге шақырылды. Майданға кеткендердің жартысынан көбі қаза болды.
Достарыңызбен бөлісу: |