Жұбаева О. ҚАзақ тілінің когнитивті грамматикасы



бет82/85
Дата23.06.2022
өлшемі1.82 Mb.
#459438
1   ...   77   78   79   80   81   82   83   84   85
Жұбаева монография

АРЫҚШАЛАУ сын. Арықша келген. Осы топ баланың ішіндегі ересектеуі көп болса, онға келген арықшалау бойшаң келген қыз бала (С.Бақбергенов, Қайран шешем). Арықшалауы қаным азайып кетті деп, семіздеуі қаным көбейіп кетті деп демалысқа аттанатын еді (К.Тайшықов, Окт. ұшқыны). Олардың бірі – ұзын бойлы, арықшала у жігіт кенет жауырынынан тиген соққыдан аттың жалына сылқ ете түсті (М.Жұмағұлов, Қыран.) [217, 683-684-б.].
Салыстырмалы шырай тұлғалы сөздер мәнмәтінге байланысты бірде салыстыру мәнін сақтап қолданылуы да, сондай-ақ салыстыру мәнінсіз де қолданылуы мүмкін. Соған сәйкес сөздікте де мұндай сөздер кейде салыстырмалы шырай тұлғаларымен, енді бірде сипаттама түрінде беріліп жүр:
АРЫРАҚ үст. сөйл. 1. Ары таман, әрменірек. Аспан емес, арырақ, Қараймын көз сап космосқа (Қ.Ұябаев, Өтеді жыл.). 2. ауыс. Әріден, алыстан, тереңнен. Алексей Шалғымбай сөзіне тіке жауап қайырмай, сөзге ынталанып отырған жігіттердің аңғарын сезген соң әңгімені арырақ қозғады (I.Жансүгіров, Шығ.). Алшынбай Құнанбайдан гөрі арырақ ойлап, ойына әртүрлі жайсыз күдіктер түсіп, күңгірт тартып отырған (М.Әуезов, Абай) [217, 689-б.].
Салыстырмалы шырай тұлғаларының салыстыру мәні болмауына байланысты олардың көрсеткіштерін түсіріп тастауға да болады. Мысалы: «Сарқу әдісін» қолданып, кейінірек Архимед көптеген қисық сызықты фигуралардың ауданы мен көлемдерін, қисық сызықты ұзындығын және тағы басқа шамаларды анықтайды (А. Көбесов, Математика.).
Сондай-ақ салыстырмалы шырай тұлғаларының орнын күшейтпелі шыраймен алмастыруға болатын кездер де кездеседі. Мысалы: Алағызып тұратын аттансырап, Аты жоққа көбірек батқан, сірә! (Қ. Мырзалиев, Домбыра). Мұндағы көбірек батты тіркесінің орнына қатты батты, өте қинады деп те қолдануға болады.
Сонымен, салыстырмалы шырай көрсеткіштері «заттың салыстырмалы белгісі» сипатын актив қоланысқа түсіре отырып, қосымша лингвистикалық факторлардың көмегімен «салыстыру» концепті қосымша мәндерге ие болады да алуан түрлі лексика-грамматикалық мәндер түзеді.
Қазақ тіл білімінде күшейтпелі шырай былайша сипатталады: «Күшейтпелі шырай бір заттың бастапқы сынын, белгісін күшейтіп, асыра көрсетіп тұрады. Ол, біріншіден, күшейтпелі буын арқылы жасалады. Екіншіден, өте, аса, ең, тым, тіпті т.б. күшейтпелі үстеулер арқылы жасалады» [77, 467-б.]. Бұл орайда Н.Оралбайдың пікірі назар аударарлық. Ғалым сапа сынының мағынасын күшейтіп, сапаның жоғары дәрежесін білдіретін өте, ең, тіпті, тіптен, тым, орасан, керемет сияқты көмекшілерді күшейткіш көмекші деп атайды: өте жақсы, аса тар, ең қызық, тіпті үлкен, тіптен жексұрын, тым кең, орасан қызық, керемет әдемі т.б. Н.Оралбай үстеудің лексикалық мағыналы сөздер екенін ескерте келіп, олар грамматикалық категорияның көрсеткіші қызметін атқармайтындығын, бұл қызмет күшейткіш көмекшілерге тән болатынын айтады. Күшейткіш көмекшілерге: «грамматикалық мағына білдіретін, грамматикалық категорияның сөз тұлғасын жасайтын грамматикалық бірліктер», – деп анықтама бере отырып, ғалым өте, ең, тіпті, тіптен, тым, орасан, керемет сияқты сөздерді күшейткіш көмекшілерге жатқызу керектігін айтады [156, 138-б.]. (Ғалым пікірімен келіскенмен, жұмысымызда бірізділік сақтау мақсатымен қалыптасқан метатілді сол күйінде қолдануды жөн көрдік).
Күшейтпелі шырай жасауға қатысатын күшейткіш үстеулерін тануда да қазақ тіл білімінде түрлі көзқарастар кездеседі. А.Байтұрсынұлы күшейтпелі (таңдаулы – А.Б.) шырайдың ең, нақ, тап, тым, бек, қас сөздердің қатысуымен жасалатынын айтады. М.Терентьев, И.Лаптев, Н.Созонтов еңбектерінде күшейтпелі шырайдың жасалу жолдарын түсіндіре келіп, ең, тым т.б. сөздерімен қатар рас, тымақ сөздерін де атайды. Ал А.Байтұрсынұлы, Т.Шонанов, Қ.Кемеңгерұлы еңбектерінде рас, тымақ сөздері шырай көрсеткіштері ретінде берілмеген.
Қ.Жұбановтың сын есімді, шырайларды түсіндіруі өзіне дейінгі ғалымдардан өзгешелеу. Ғалым шырайдың 6 түрін көрсетеді: жай шырай, кесімді-араластырмалы шырай, салыстырмалы шағын шырай, жалаң шағын шырай, таңдаулы шырай, орта шырай. А.Байтұрсынұлы талғау шырайдың сын есімнің көп сөзімен тіркесуі арқылы жасала алатынан айтса, Қ.Жұбанов бір қос, бірсыпыра, бірқатар, бір жөн, бір дәуір, едәуір сөздерінің қатысуымен жасалған шырайды орта шырай деп бөлек береді. Қ.Жұбанов тұжырымдары кейін І.Кеңесбаев, С.Аманжолов еңбектерінде сабақтастық тауып, ғалымдар -ақ демеулігін таңдаулы шырай көрсеткіші ретінде атайды. А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы еңбектерінде бұл демеулік шырай көрсеткіштері қатарында берілмейді. Бұл орайда ғалымдар -ақ демеулігінің үнемі таңдаулы шырай мәнінде қолданыла алмайтынын, кейде шектеу (өзі-ақ, жалғыз-ақ) мәнінде де т.б. жұмсалатынын, кез келген сын есімге тіркесе алмайтынын ескерген болуы керек.
Күшейтпелі үстеулер бірінің орнына бірі қолданылады: Сонда торғай айтады: – Ей, надан, мас, Тым ұғымсыз екенсің, ақымақ нас. Үш мысқалдық денем жоқ, кішкентаймын, Қай жеріме сияды ол гәуһар тас? (Ш.Құдайбердиев, Шығ.). Көлге көз алартушылар да өте көп екен (Х.Есенжанов, Ақ Жайық). Осымыз қалай? Жырымыз неге тым арзан?! Арнау жазбасақ, шықпайтын болдық құмардан. Қырсығы тимес. Қысқарсын «фабрикалар» Арзан бағамен арнау өлеңдер шығарған! (М.Мақатаев, Шығ.). Ала күлтелі қызғалдақ – өте сәнді әсем гүлдейтін хош иісті, өте сирек кездесетін өсімдік. Сондықтан ол қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген (ҚҰЭ). Сөйтіп аттанысып, баталасып отырып, Қоңыр-Көкше болысының Мырза-Жөкең деген ең көп елдерін өз жағына, өзі арқылы Сәлмен жағына ант ішкізіп, анық байлап қосып берді (М.Әуезов, Шығ.). Атақты халық артисі Қанабек Байсейітов ел ішіндегі аңыз-әңгімелерді өте көп білетін және айтқыр адам еді. Біраздан бері «Қанекең айтқан хикая» деген атпен топтама өлең жазып жүрмін (С.Жиенбаев, Алтын қалам).
Сонымен қатар күшейткіш үстеулердің қатысуымен жасалып, дайын бірлік ретінде қалыптасып, тұрақтанған қолданыстар да (тым құрыса, ең болмаса т.с.с.) бірінің орнына бірі қолданыла алады. Мысалы: Кісі өлтіру кәсібім емес еді, балықшы едім... Құдіреті жүріп тұрған кісілер оған қойды ма... Қысқа күнде қырық өле бергенше, тым болмаса, бірін өлтіріп, жастығымды алып жатқым келді, – деді Еламан (Ә.Нұрпейісов, Қан мен тер). – Қандай Сырдан сыңар аяқ өткен алаяқтар еді. Қап! Тым құрымаса, қайда тұратынын да біліп алмаған екенсің (С.Жүнісов, Өшп. іздер). Шыныменен тамам ел Кете ме екен ит бола? Ішкен мас, жеген тоқ, Уайым айтар біреу жоқ, Тым болмаса болмады Бұлт ала, жер шола (Абай). Не керек алмас қылыш қын болмаса, Өтірік неге керек шын болмаса. Сен қалған отыз ұлдан едің Зәуреш, Басыңды бір көтерші-ай тым болмаса (Мұхиттың әні). Сенің соққыңа жығылып, сартөсек боп алты ай қыс жатқанда, жиырма жыл босағаңда шіріген сол Тектіғұлға тым құрыса қатқан тоқты – қалжа бердің бе? (М.Әуезов, Қараш.). Тым құрса ауылдың алты ауызы болсын! – деп Абай емеурін жасады (М.Әуезов, Шығ.). Барған жерінен ең болмаса, бір сабақ жіп жапсырып кетпесе басы ауыратын алпауыз қатын сияқты құр қол қайтпайтын (Ә.Кекілбаев, Үркер). Сонда да жүрегі құрғыр алып-ұшып ең болмаса ұлыңды алыстан болса да бір көр деп болмады (І.Есенберлин, Шығ.).
Алайда күшейткіш үстеулер бірінің орнына бірі қолданыла бермейтінін байқаймыз. Мысалы: Болған соң бірнеше күн аунап-қунап, Отыру өте ұят, – деп, – етті турап. Жауға тез жауап болса жетелік, – деп, Ерлердің арқалары кетті дулап (Т. Ізтілеуов, Рүстем.). Сен де, қарағым, байқа, тым беттен ала берме, опа бермейтін көрінеді ғой (3.Шашкин, Сенім). Ал енді кейбір қатындардың еркелеткеннің жөні осы екен деп 5-6 жасар баласын арда емізіп қоюлары – тым-ақ ұнамсыз іс (М.Жұмабаев, Шығ.). Жидебайдағы қыстаудың ең үлкен бөлмесі осы. Кілем, текеметті, алашалы, көрпелі меймандос мол үй (М.Әуезов, Абай). Келтірілген мысалдардағы өте ұят тіркесінің орнына ең ұят деп, тым беттен ала берме деген тіркестің орнына өте беттен ала берме немесе ең беттен ала берме түрінде қолдануға болмайды. Бұл орайда ең күшейткіш үстеуінің бірнеше заттың ішінен біреуін ерекшелеу, басқалардан даралау үшін қолданылатыны байқалады. Сондықтан ең үлкен бөлме дегеннің орнына өте үлкен бөлме немесе тым үлкен бөлме деп қолдануға болғанмен, ерекшелеу, даралау мәні жойылып кетеді. Сонымен қатар ең күшейткіш үстеуінің қатысуымен жасалған тіркестер басқа күшейткіш буындармен алмастыруға көне бермейді: Жусанға арналған аңсау Әйкеш, көкем, мамам, ең аяғы Үшбасты да еске түсірді. Ақтөстің барқылдаған арпылы қайда? (М.Қабанбаев, Жиһанкез.). Қалқамнан өзінің кедейлігін еске алып, ең жоқ дегенде тақымына басқан жақсы атының да болмағанын арман етеді (Ә.Нұршайықов, Тың астығы). Амитоз жолымен ядро, ең алдымен, ортасынан жіңішкеріп үзіледі, содан кейін цитоплазма бөлініп, бір клеткадан жаңа екі клетка пайда болады (ҚҰЭ). Кеше өзіне ел аман, жұрт тынышта ел бүлдіруші осы деп, үш айға абақты кесіп отырған ұлық бүгін мынадай астаң-кестең үстінде ең алдымен елден бұрын сені торымай кімді ториды деп ойлайсың?! (М.Әуезов, Қилы заман). Ең алдымен Асқар Қазақстандағы маңдай алды фельетонист ақын (Ғ.Мүсірепов, Суреткер).
Мағыналық жақындығы тұрғысынан өте, тым сөздері көп жағдайда бірін бірі алмастыра алады: Көштері тым шашыранды, ала-құла. Алаң-белеңде бас-аяғына көз жетпейді (Ғ.Мұстафин, Көз көрген). Ұзыны елу аршын, он кез еді, Демімен тартады ішке көрсе нені. Балаңды бұл ретте қосып бер деп, Қалайда қинап отыр өте мені (Т.Ізтілеуов, Рүстем.). Төлегеннің елінен бірге шыққан алты қазбен өлерде тілдесіп, қоштасуы, ата-ана, елі-жұртына сәлем айтып, арыздасуы өте әсерлі, қалың шер болады (М.Әуезов, Шығ.). Солтүстік Қазақстанда итальян шегірткелері өте көбейіп кеткен кезде ақтұмсық қарғалар қатар тізіліп даладағы кездескен саяқ шегірткелерді теріп жеп қоректенеді (Р.Әлімбаев,.. Құстар.). Жақып Жанатқа: – Зәуеде, сен теңіңді, не дұрыс жолыңды таппай ренжітсең, аталық ақымды кешу маған өте қиын (Ғ.Мұстафин, Қарағанды).
Күшейткіш үстеулері күшейтпелі шырай жасауға қатысып, бірнеше заттың немесе бір топтың ішінен бір затты ерекшелеу, даралау мәнінде қолданылады: Жан иесін жаратып, Алла берген ерікті. Әрбіріне әртүрлі Көрік, шырай беріпті. Құстардың айтшы қайсысы Ең сымбатты, көрікті? (Дулат Бабатайұлы, Замана.). Ақырып ұрғаннан соң өте қатты, Барманның өзі түгіл жанышты атты. Жабысып қалқан басқа, бас кеудеге, Күл-күл боп ақтығында бәрі жатты (Т.Ізтілеуов, Рүстем.). Ең кәрлісі – төсінде қақпақтай үлкен жезі бар, жанында кең қоржын тәрізді бос былғары сөмкесі салбыраған алақұйын атшабар Далбай (М.Әуезов, Шығ.). Өзінің тым аласа, қауқарсыздығынан жасқана ма, жоқ болмаса бізге жұмбақтау қиялмен басы қатып жүре ме, тура алдына келіп: ”Бураш, хал қалай?” – деп, дауыстағанша байқамас еді (О.Бөкеев, Біздің жақта.).
Сонымен қатар шектеу мәнін білдіру үшін де жұмсалады: Өте сирек жасалар дана қадам! Ағайынның жартысы шала надан. Кіріптар боп жылайды, Күйінеді... Кіріптар ғып, Ләззат алады адам! (Қ.Мырзалиев, Мәңгі майдан).
Тіл білімінде сын-сипат дәрежесіндегі орта мөлшерден төменгі жағын (сын-сипаттың азаю мөлшерін, көлемнің кішіреюін) қамтитын кеңістік «диминутивтік» (лат. «dіmіnutіo» – «кішірею», «азаю») деп аталса, орта мөлшерден жоғарғы кеңістікті (сын мөлшерінің ұлғаюын, өсуін) қамтитын жағы «аугментативтік» (лат. «augmentum» – «көбею», «өсу») деп аталады [226].
«Өте», «тым», «мүлде» сөздері синоним ретінде бірінің орнына бірі қолданыла алады: Шаһар мекемесі рұқсат алса да, дәл осы кезде көлденең көмексіз, әсіресе қазақ халқынан жәрдем болмаса, гимназияны ашып жіберуге жалғыз шаһардың өзіне өте ауыр (М.Дулатов, Шығ.). Бұл сапар – өте қауіпті екенін де білемін, амал қайсы, – деп алақанын жая шарасыздық қалып танытты (О.Бөкеев, Біздің жақта.). Алыстан – тым алыстан, алқаланған Тарбағатай жоталарының солтүстік батысынан зіркілдеген, дүниені дүр сілкінткен дүмпу естіледі (О.Бөкеев, Өз отың.). О, сіз тым қатал кеттіңіз!… Мен он бес жылдан бері араласып жүрмін бұл елмен. Оңай алдаймын дейтін, сондықтан, оңай алданатын анайылық мінездері жоқ емес (Ғ.Мүсірепов, Оянған өлке). Күнді өте алыстан айналғандықтан, алып планеталардың беті мәңгілік суық құрсауында болады (ҚСЭ).
«Өте», «тым» сөздері «ерекше», «айрықша» сөздерінің орнына қолданыла алады: Албырттар – кәсіптік маңызы зор, өте бағалы балықтар. Олар өте дәмді еті және қызыл уылдырығы үшін ауланады (ҚҰЭ). Жұрттан ала-бөле үздік болуды өте сүйетін жігіт (Б.Майлин, Шығ.). Ақынның сөзі алтыннан құнды келетін, Арзандап кеттік, ағайындар-ау, неге тым? Құшынаш болып кетпесек біздер жарады, Көрінген жанға ішірткі жазып беретін (М.Мақатаев, Шығ.). Өзгелерін қойдырып, күй тартқызып, Оған қосып әртүрлі ән айтқызып. Хан баласы Хасенді жолдас қылды, Өнерін жіберткен соң тым артқызып (Ә.Найманбаев, Шығ.). Кейде ақырын айтса да, әсем нақыстап, аса бір ырғақты ән созады (М.Әуезов, Шығ.). Алтайлықтар бірнеше этникалық топқа бөлінеді: тубалар, құмандықтар, шалқандықтар немесе лебединдіктер, ақ қалмақтар, төлеңгіттер, телестер, телеуіттер. Мифологиясы, фольклоры, батырлық жырлары өте бай (ҚҰЭ). Қасқақ пен Шәйлі қыздың арасындағы тым мөлдір де алғаусыз, бірақ жолдары апта, ай өткен сайын ауырлай түскен сезім атты ынтықтық жайынан хабардар жұрттың, әсіресе осы оқиғаға куә болып, сілейіп тұрғандардың ешқайсысы сөге алмаған (К.Сегізбаев, Беласқан).
Сол арқылы мұндай қолданыста сын есімдер сол заттың негізгі белгісі, өзіне тән ерекшелігі ретінде көрінеді. Ол белгі сол затқа ылғи тән болады. Күшейтпелі шырай көрсеткіштері мәнмәтін және семантикалық факторлардың көмегімен мынадай лексика-грамматикалық мәндер түзеді:


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   77   78   79   80   81   82   83   84   85




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет