Жұбаева О. ҚАзақ тілінің когнитивті грамматикасы



бет23/85
Дата23.06.2022
өлшемі1.82 Mb.
#459438
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   85
Жұбаева монография

Келер шақ көрсеткіштері «сөйлеу сәтінен кейін іске асатын» морфологиялық мәнді актуалдандырады. Ол мәнмәтін, синтаксистік факторлармен қатар аспектуалды жағдаяттардың көмегімен нақтыланады. Мұнда келер шақ мәні түрліше берілуі мүмкін:
- сөйлеу сәтінен кейін бірден басталуы: Ол үшін ілкімді, ұшқыр атқа мініп, әбден мелдектеп тойған бүркітке ең ұрымтал деген иек артпадан тұтқиылда қосылып береді (А.Сейдімбеков, Аққыз).
- сөйлеу сәтіне дейін басталып кетуі: Табиғат та, адам да ертең келер күздің салқындау лебін уағынан бұрын сағынғандай еді. Бұқтырма болса әбден мөлдірленіп, жуаси ағады (О.Бөкеев, Ән салады шағылдар).
- сөйлеп жатқан кезде орындалып жатуы: Мұндағы бала туу қарқынына орай таяудағы оншақты жылда Каир халқы 28 миллионға жетеді деп мөлшерленеді (С. Абдрахманов, Елдік сыны).

  • сөйлеп болған соң да жалғаса беруі мүмкін: Монополистік қызмет заңмен реттеледі әрі шектеледі. Жосықсыз бәсекеге тыйым салынады (ҚР Конституциясы.).

Қосымша лингвистикалық факторлардың әсерімен морфологиялық жолмен берілетін «сөйлеу сәтінен кейінгі іс-қимыл» мәнімен уақыт негізгі концептінің мазмұны тоғыса отырып, концептуалды мазмұн құрайды. Сол арқылы болжалды келер шақ, мақсатты келер шақ, ауыспалы келер шақ мәндері түзіледі.
А.Жаңабекова келер шақтың құрылымдық грамматикада болжалды келер шақ, мақсатты келер шақ, ауыспалы келер шақ болып үш түрге бөлініп жүргенін айта келіп, болжалды және мақсатты келер шақтар шақты семантикалық түрлерге бөлудегі модальдік принцип, яғни қимыл әрекетке сөйлеушінің көзқарасы тұрғысынан бөлетін принцип бойынша жіктелгенін ескертеді [118]. Зерттеуші келер шақ формаларының модалдық принцип бойынша жіктелуін, біріншіден, болашаққа бағытталған философиялық толғамдармен, екінші жағынан, келер шақ формаларының векторлық сипаттағы семантикалық өрісінің тарлығымен байланысты түсіндіреді.
Болжалды келер шақ қимылдың, іс-әрекеттің болу мүмкіндігін айқын көрсетпей, болжай айтылуын білдіреді. Болжалды келер шақ етістіктің түбіріне -ар/-ер, болымсыз етістіктен кейін жұрнағы жалғанып, одан кейін жіктік жалғауларының үстелуі арқылы жасалады [77, 519-б.].
-ар/-ер тұлғасы мынадай функционалды мағыналарды білдіреді:
- амал-әрекеттің болу мүмкіндігін шектейді;
- алда болатын іс-әрекеттің іске асу-аспауын болжамдап қана айтады;
- алда болатын амал-әрекетке сөйлеуші не қимыл иесі тарапынан күдіктілік, сенімсіздік мағына үстеледі;
- дағдылы, әдетке айналған қимыл-әрекетті білдіреді;
- амал-әрекеттің іске асу-аспауын дәл, нақты көрсетпейді, жалпылық сема басым;
- алда болатын амал-әрекеттің іске асу уақыты анық көрсетілмейді, шексіз уақытты білдіреді;
- жалпы, бейтарап мән басым болғандықтан, көбінесе мақал-мәтелдерде жиі қолданылады [118].
П.Мелиоранский, Т.Қордабаев -ар/-ер тұлғасын сенімсіз келер шақ (нерешительная форма – П.Мелиоранский) деп атайды. Бұл форма Қ.Жұбанов, І.Кеңесбаев (предположительное), С.Аманжолов, Ғ.Бегалиев, Н.Сауранбаев, Ы.Маманов, «Қазақ тілі грамматикасы», А.Ысқақов еңбектерінде болжалды келер шақ, Н.Сауранбаев, Ғ.Бегалиев еңбектерінде шексіз келер шақ деп аталған. Яғни П.Мелиоранский, Т.Қордабаев атауларына болжалды келер шақ тұлғасының сенімсіздік мәні негіз болса, Н.Сауранбаев, Ғ.Бегалиев қимыл-әрекеттің қашан іске асатыны белгісіз болуына байланысты атаған. Ғалымдардың негізгі көпшілігі келер шақтың бұл түрінде қимыл-әрекеттің іске асу-аспауы нақты көрсетілмей, белгісіз күйде қалуын негізге алады. А.Байтұрсынұлы -ар/-ер көрсеткіштері келер шақ мәнін беретінін ескерте келіп, осы тұлғаның қатысуымен сенімсіз рай (көрер ме екенсің), болжал рай (оқыр едім), мұң рай (айтар ма едім) жасалатынын айтады.
Болжалды келер шақ тұлғасы морфологиялық жолмен берілу арқылы уақыт концептін активтендіріп, сөйлеу сәтінен кейін жүзеге асатын іс-әрекетті білдіру сипатын үстейді. Соның негізінде морфологиялық мән түзіледі. Ол мәнмәтін факторының көмегімен әрі қарай нақтыланып отырады. Мұнда мезгіл пысықтауыштармен (ертең, бүрсігүні, жақында, келешекте, болашақта) қатар жатыс септік тұлғасындағы зат есімдер мен есімше тұлғалы етістіктер қолданылады. Мысалы: Ертең кештеу соғармын («Дама в шоколаде»).
Мақсатты келер шақ қимылдың, іс-әрекеттің келешекте мақсат етіле орындалатынын білдіреді. Мақсатты келер шақ етістіктің түбіріне -мақ/-мек жұрнақтарының жалғанып, одан кейін жіктік жалғауларының үстелуі арқылы жасалады [77, 519].
А.Байтұрсынұлы еңбектерінде -мақ/-мек жұрнағы қосымшасымен қатар «тұйық рай» ретінде танылғандықтан, ғалым оның шақтық мәнін сөз етпеген. Ғалымның -мақ, -мақшы қосымшаларын есімше қатарына қоспауының бірнеше себептері бар сияқты. Ең алдымен, -мақ/-мек қосымшалары ол кезде тұйық етістік (инфинитив) көрсеткіші ретінде танылған. Сонымен қатар бұл қосымша, басқа есімше көрсеткіштері сияқты, еркін тәуелденіп, септеліп, көптік жалғауларын қабылдай алмайды, басқа есімшелерге еркін жалғанатын етістіктің болымсыздық жұрнағы -мақ/-мек қосымшалы сөзге жалғанбайды. Ал Қ.Жұбанов тұйық етістік (тұйықша – Қ.Ж.) қатарына -ұу/-үу жұрнағын ғана жатқызады да, -мақ/-мек қосымшасын келер шақ мақсат тел есімше деп, есімше қатарына қосып, келер шақтың бір түрі ретінде қарастырады. С.Аманжолов, І.Кеңесбаев, Ғ.Бегалиев, Н.Сауранбаев т.б. ғалымдардың еңбектерінде тұйық рай көрсеткіші ретінде -у жұрнағы ғана танылады да, -мақ/-мек қосымшасы келер шақ көрсеткіші ретінде қарастырылады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   85




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет