Жеңіс. Естегілер. Отаншылдық



жүктеу 81.35 Kb.
Дата17.07.2016
өлшемі81.35 Kb.





Жеңіс. Естегілер. Отаншылдық.

Ер басына күн туса, етігімен су кешер,

Ат басына күн туса, ауыздықпен су ішер.

Халық мақалы


Жеңіс. Бұл бір ғана сөздің бағасы қандай қымбат десеңізші...

Жеңіс деген бір ауыз сөз жыл сайын мерекеленетін 9 мамырды еске түсіреді. Биылғы жылы 65 жылдығы тойланғалы отырған осы Жеңіс күнінің тарихын бір сәт парақтап, еске түсіргеніміз дұрыс болар.



Біз, жиырма бірінші ғасырдың жас ұрпағы, «Дүниежүзілік соғыс» деген атаумен жиырмасыншы ғасырда екі алапат соғыс болғанын тарихтан білеміз. Енді сол тарихи деректерге тоқталып, ой таразысынан өткізейікші.

Дүние жүзіне үстемдік жасау мақсатымен фашистік Германия және оның одақтастары Италия, Венгрия, Финляндия, Жапония, Румыния мемлекеттері тарапынан басталған екінші дүниежүзілік соғыс алпыстан астам елді шарпып, жеті жылға созылған екен. Оған дүние жүзі халқының 80 пайыздан астамы қатысып, 40 мем-лекеттің жерінде соғыс қимылдары жүрген. Нәтижесінде 50-55 миллион адам қазаға ұшыраған. Фашизмді талқандауда КСРО құрамындағы халықтар шешуші рөл атқарған. Соғыстың аяғында фашизм толық күйреп, батыс Еуропа елдерінде демократияның орнауына жол ашылған. Бұл соғыстың шығыс майданы Германия мен оның одақтастарының басқыншылығына қарсы күрескен Кеңес Одағы үшін Ұлы Отан соғысы деп аталған. 1418 күнге созылған бұл қанды шайқаста Кеңес Одағы халқының тікелей және жанама шығыны 50 милллиондай адам болып, 1710 қаласы, 70 мыңнан астам селосы мен деревнясы күл талқан болып қиратылып, үйіндіге айналған, 30 пайыздай ұлттық байлығынан айырылған. Кеңес Одағының құрамындағы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Ұлы Отан соғысы кезінде майдан шебінен көшірілген ондаған ұлттар мен ұлыстарға пана болумен қатар, майданның қару-жарақ, жанар-жағар май, азық-түлік мұқтажын көтерген ең негізгі тылы болып қалыптасқан. Жауға атылған әрбір он оқтың тоғызы Қазақстан қорғасынынан құйылған. Ел басына күн туған сол заманда кейбір деректерде Қазақстаннан 1 200 000 жауынгер Кеңес әскерінің қатарына алынған. Оның 350 мыңнан астамы майдан даласында опат болған. Майдан даласында жанкешті ерлік көрсеткен 500- дей қазақстандық жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағын алған. Бұл Батырлардың ішінде Төлеген Тоқтаров, Талғат Бигелдинов сынды қазақ жауынгерлерінің ерліктері қайсарлылық пен жігерліліктің үлгісі болса, жаратылысы нәзік жандар арасынан ерлігін оздырып, Шығыстың қос шынары атанған Әлия мен Мәншүк қазақ халқының биік рухын дүние жүзіне паш еткен. Москва түбіндегі Волокалам тас жолында болған шайқаста әскери шеберліктің үлгісін көрсеткен, майдан даласында сан мәрте қазаққа тән қайсарлық пен өжеттілікті ерлікпен ұштастыра білген, сонысы үшін де Кеңес Одағының Батыры атағы берілмей қалған Бауыржан Момышұлының ерлігі күллі қазақ халқына аңыз боп тараған еді. «Бәрі де Отан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» деген патриоттық ұранды ту етіп, отансүйгіштіктің өнегесін көрсетуді басты парызы деп ұғынған табиғатынан кең пейіл қазақ халқы қолында барымен майданға көмектескен. Қазақ баласының ерен күшін бар әлемге паш еткен палуан, французша және еркін күрестерден бірнеше дүркін халықаралық жарыстардың жеңімпазы, әлемдік спорт аренасына шыққан тұңғыш қазақ Қажымұқан егде тартқан жасына қарамай, ел аралап, күш өнерін көрсетіп жинаған қаржысына ұшақ жасатып, оған А.Имановтың есімін бергізіп, майданға жіберген. Осы ұщақпен Қажытай Шалабаев жүзден артық жауынгерлік тапсырмаларды орындап, ерлік пен елжандылықтың үлгісін одан әрі жалғастырған. Үш жылдан артық уақыт жау құрсауында болған Ленинград қаласы үшін шайқаста Сұлтан Баймағамбетов нағыз ерлігімен соғыс даласында қаза болса, ал жүз жасқа жақындап қалған Жамбыл бабамыз «Ленинградтық өренім!» атты жалынды жырымен қоршаудағы Ленинградтықтардың өмірге деген сенімін арттырып, рух бергені тарих бетінде қаттаулы тұр. Тарихи деректерді сөйлете берсек, осылай кете береді, кете береді. Міне, дүние жүзін жаулап алмақшы болған фашизмге қарсы соғысқа ес білген баладан бастап, еңкейген кәріге дейін өз үлесін қосуы Ұлы Жеңістің бағасын асқақтатып, биіктете түседі. Ел есіндегі естеліктерді сөйлеткен сайын ерлік пен елжандылықтың рухы асқақтай түседі.

Соғыс уақытын көзімен көрген көне көз қариялардың айтқанын тыңдасаң да, осы тақырыпқа жазылған әдеби-көркем шығармаларды оқысаң да, ердің ері ғана шыдаған сол бір қан майданға өз азаматын жібермеген қазақ отбасы, өз үлесін қоспаған қазақ баласы болмапты.

Өмірден көргені мен түйгенін бір ауыз сөзге сыйғыза білетін халқымыз «Ер басына күн туса, етігімен су кешер, ат басына күн туса, ауыздықпен су ішер» дейді. Адамзат баласы жұмылған сол сұрапыл соғысқа біздің әулеттен менің атам Оссаев Шамғонның да қатысқандығын оның әскери киіммен түскен фотосуреті паш етіп тұр. Майдангер атамның өмір жолы туралы деректерді білу мен үшін әрі қызық, әрі мақтаныш. Әскери билетінде жазылған дерек бойынша атамыз Ақтөбе қаласында жасақталған 101 атқыштар бригадасының құрамына 1942 жылдың 9 желтоқсанында алыныпты. Осы құрамда әзірліктен өткен 24 жүргізушінің біреуі болады. Аталған бригада құрамы майдан даласындағы алғашқы ұрысты Кеңес Одағының астанасы Москва түбінен бастайды. Әзірліктен өткен жүргізуші шоферлардың барлығы да алғашында қолдарына қару алып, жаумен қоян-қолтық шайқасқа бірнеше рет түседі.

Майдан үшін қажеттілігіне байланысты атамды және басқа да жүргізуші шоферларды 101 атқыштар бригадасы құрамынан алып кетеді. Атамыз ІІ Белорусс майданы құрамындағы №426-шы, кейіннен №77-ші Могилев атындағы минометшілер полкіне ауыстырылады. Кеңес Одағына одақтас мемлекеттердің бірі - Америка Құрама Штатында жасалған «Форд-6» автомобилі атамның осы полкте жүргендегі майдандас сенімді серігі болыпты. Осы автомобильмен жүріп тылдан майданға қару-жарақтар жеткізеді, майдан даласында полктің қажетті қару-жарақ жабдықтарын тасиды, сонымен қатар бірнеше ұрыстарға, барлау операцияларына қатысады. Атам Шамғонға неміс фашист басқыншыларынан Могилев қаласын азат етудегі, Нарев, Одер өзендерінің батыс жағалауындағы фашистер қорғанын бұзудағы және Пренцлау, Андерменде, Гданьск қалаларын жаудан тартып алудағы ұрыстарға қатысқаны үшін Бас қолбасшы И.В.Сталиннің бұйрығы негізінде №77 минометшілер полкі мен ІІ Белорусс майданы әскери қолбасшылары тарапынан жазбаша алғыстар жарияланған.

Кеңестер Одағы Жоғарғы Кеңесінің 1945 жылғы 15 қыркүйектегі Жарлығымен Могилев атындағы №77 минометшілер полкі Замеров пен Остроленка қалаларын фашизмнен тартып алудағы ұрыстарда берілген тапсырманы орындаудағы ерекше ерлігі үшін «Екінші дәрежелі Б.Хмельницкий» орденіне ие болады. Осы ұрыстарға қатысқаны үшін де атамның атына жазылған алғыстар күні бүгінге дейін үйімізде аса қымбат естелік болып сақтаулы тұр.

ІІ Белорусс майданының қолбасшысы маршал Рокоссовскийдің әскері ағылшын одақтастары әскерімен 1945 жылдың 3 мамырында Виттенберг қаласында қосылады. Төрт жылдай күткен осы Жеңіс күніне бірнеше ұрыстарды, қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткерген атамның өзі де, Москва түбінен бастап мініп шыққан «Форд-6» автомобилі де аман-сау жеткен көрінеді.

Атамның көзін көргендердің, ата-анамның есте қалған естелік әңгімелеріне қарағанда атамыз соғыс туралы көп шешіліп әңгіме айтпайды екен. Мектепке кездесуге шақырғанда жауынгерлік жолын айтуды өтініп отырған жастарға тек бейбітшілік пен бақыт тілеп, ондай соғысты енді адамзат баласына бермесін деп батасын беретін көрінеді. Үйге көмектесуге келген мектеп оқушыларынан жасақталған тимуршылар командасының мүшелеріне де ештеңе істетпей, алғысын айтып шығарып салады екен. Тіптен, майдангер ретінде өкіметтен тұрғын үй де сұрамай, өз күшімен салып алған көрінеді.

Соғыс кезіндегі оқиғалар туралы естелік әңгімелер қызықтырып, бірде мен де сұрастырып көрдім. Біздің әскер фашизм басқыншыларын қуып бара жатқан кезде атамның автомобилінің 6 поршеньді двигателі істен шығып, бұзылып қалады. Минометшілер полкіндегі жиырма төрт «Катюшаның» бар қажетті құрал-жабдығы тиелген машинаны далаға тастап кетуге болмайды. Құрал-жабдықты ауыстырып тиейтін полкте өзге машина жоқ. Бар машиналардың үстіне «Катюша» қондырулы тұр. Америкадан двигатель алдыру тағы мүмкін емес. Содан полк командирінен рұхсат алып, ұрыс даласында қалған неміс автомобилінің 8 поршеньді двигателін ағытып, «Форд-6» автомобиліне орнатып алады. Сол кезде әскери құпия болған «Катюшаны» жау қолына түсірмеу үшін қандай жағдайға да әзір болу әрбір полк жауынгерінің ең басты міндеті болған. Минометшілер жауға «Катюшамен» ұрымтал тұстан соққы беріп, жаяу әскерлерге жол ашқан және соққы беріп болған бойда неміс-фашист әскерінің әуе күштері есін жиып, «Катюша» атылған жерді бомбалағанша, шұғыл түрде кемінде 10 шақырым жерге орын ауыстырып кетіп отырған. Ол үшін баратын жерді барлаушылар алдын ала атамның автомобилімен барып көріп келетін болған. Көзге түртсе көрінбейтін қараңғыда фарды жақпай-ақ жүретіндіктерін, ірі өзендерден өту үшін жаудан жасырынып барып «Катюшаларды» өткізуге талай рет ағаштан шұғыл көпірлер салуға қатысқандығын айтып отыратын.

Майдангер достарымен бірге түскен суреттерге қарап оның осы полкте жалғыз қазақ жауынгері болғанын көреміз. Қарулас достарының аты-жөнін суреттердің артына жазып қойған. Атамыз шоферлық курсты отызыншы жылдардың ортасында Қостанайда оқыса, кейін Талғар қаласындағы техникумда механик мамандығына бір жыл оқыған. Оқуын толық аяқтауына 1937 жыл кедергі болған көрінеді. Сол оқуда жүрген жылдары «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Ер Сайын», «Мұңлық-Зарлық» жырларын атам «төте жазу» аталып кеткен араб әріптерімен өз қолымен қағазға түсірген. Сол жырларды кітаптың тапшы, елдің сауаты аз кезеңінде ауыл адамдары күндізгі ауыр жұмыстан кейін кешке қарай жиналып, білте шам жарығымен мақамдап оқитын болған. Атамның сол қол жазба кітаптарын әкем осы күнге дейін көзінің қарашығындай сақтап отыр. Осындай ауыздан ауызға тараған батырлар туралы жырларының өзі қазақ халқына отаншылдық рух беріп отырғанына ешкім дауласа алмайтындығы ақиқат.

Оның «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдары мен «Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз» ордендеріне ие болуы, сонымен қатар алған алғыс хаттарын сұрапыл соғыс кезінде жоғалтпай, өзімен бірге алып жүруі Отан алдындағы азаматтық борышын адал атқарғандығының және аса ұқыптылығының белгісі деп білемін.


Қан майданнан оралғанда құжаттарын, орден-медальдарымен қатар өзі тұтынған бұйымдарын да елге ала келіпті. Осылардың өзі оның жауынгерлік жолы туралы өте көп дерек береді.

Соғыстан кейінгі жылдарда Қарабұтақ ауданының іргелі шаруашылығы болған «Бөгетсай» совхозының іргетасын қаласып, көркейіп қалыптасуына өз еңбегімен үлес қосқанын айғақтайтын бірнеше медальдары мен мақтау қағаздары тағы бар. Мұның өзі оның туған елге деген кіршіксіз сезімін көрсетсе керек.

Тұр үйде ілулі


60 жыл бұрынғы

Атамның бейнесі.

Басында пилотка

Галифе, керзі етік,

Жарасып жейдесі.

Жүзінде шаттық бар,

Орден мен медальдан

Жарқырап кеудесі.

Алғыс хат, құжаттар,

Тарихи мол сырдың

Шертеді пернесін.

Мына бір мақтаулар,

Атама арнайды

Еңбектің термесін.

Ұстара, құтысы-

Бұйымнан тұтынған

Жасадым көрмесін.

…Нұр толған жүзімен

Деп тілер аташым

Сұм соғыс келмесін.

«От ішінде мақтаны, су ішінде балтаны сақтаған» деп халқымыз айтқандай, қан майданға бастан-аяқ қатынасқанда бірде-бір жарақат алмаған атамыздың майдангерлік жолын мақтан ете отырып, бүгінде қатары мүлдем сиреп бара жатқан Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің рухына тағзым ету біздің адами парызымыз болса, ал ата-бабаларымыз қорғап, бізге мұра етіп қалдырған елімізді қорғау, қадірлеп, қастерлеп сақтау және осы қасиетті келешек ұрпағымыздың жалғастыруы үшін олардың бойында елжандылық сезімін ояту біздің перзенттік парызымыз болып табылады.

Ұлы Отан соғысына 1942 жылдан бастап қатынасып, ешбір жарақатсыз 1945 жылдың күзінде елге Жеңіспен оралып, 1993 жылы 85 жасында дүниеден өткен атам Шамғонның әскери киімімен майданда түскен суретін көрген сайын Отанды шын сүйе білудің өзі ерлік екендігін, ал ерлік бар жерде Жеңіс те баянды болатындығын терең ұғына түсемін.



Шамғонов Азамат

24 лингвистикалық мектеп- гимназияның 11- класс оқушысы



2010 жылғы 25 ақпан


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет