Жеке тұрғын үй құрылысы үшiн жер учаскелерiне құқық беру ережесiн бекiту туралы



Дата07.07.2016
өлшемі85.01 Kb.
#182818
Жеке тұрғын үй құрылысы үшiн жер учаскелерiне құқық беру ережесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2006 жылғы 1 тамыздағы N 726 Қаулысы



      "Қазақстан Республикасының Жер кодексiне толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 5 шiлдедегi Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса берiлiп отырған Жеке тұрғын үй құрылысы үшiн жер учаскелерiне құқық беру ережесi бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнiнен бастап он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының


      Премьер-Министрi

                                          Қазақстан Республикасы


                                               Үкiметiнiң
                                         2006 жылғы 1 тамыздағы
                                            N 726 қаулысымен
                                                  бекiтiлген

Жеке тұрғын үй құрылысы үшiн жер учаскелерiне құқық беру ережесi

      Ескерту. Ереже жаңа редакцияда - ҚР Үкiметiнiң 2012.06.12 № 784 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Қаулысымен.



1. Жалпы ережелер

       1. Осы Ереже Қазақстан Республикасы Жер кодексiнiң (бұдан әрi – Кодекс) 50-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына cәйкес Қазақстан Республикасының азаматтарына және оралмандарға жеке тұрғын үй құрылысы үшiн жер учаскелерiн берудiң тәртiбiн айқындайды.


      2. Жеке тұрғын үй құрылысы үшiн жер учаскелерi елдi мекендердiң шекарасы шегiнде олардың бас жоспарларына, жоспарлау мен құрылыс салу жобаларына және аумақтың жер-шаруашылық орналастыру жобаларына сәйкес жеке тұрғын үй құрылысы үшiн бөлiнген алаңдардан, ал тұрғындарының саны бес мың адамға дейiнгi елдi мекендерде – аталған елдi мекендi дамыту және оған құрылыс салу схемасына (бас жоспардың жеңiлдетiлген нұсқасы) сәйкес берiледi.
      3. Сауда-саттықта сату үшiн ұсынылған жер учаскелерiнiң тiзбесiне енгiзiлгендерiн қоспағанда, жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелерi Қазақстан Республикасының азаматтарына 0,10 гектар мөлшерiнде жеке меншiкке тегiн берiледi.
      Кодекстiң 94-бабының 4-тармағында көрсетiлген жағдайларды қоспағанда, көрсетiлген мақсат үшiн жер учаскелерiн екiншi мәрте тегiн беруге жол берiлмейдi.
      4. Жер учаскесiн жеке тұрғын үй құрылысы үшiн ақысыз жеке меншiкке беру жер учаскелерiн игергеннен кейiн (объектiнi (жеке тұрғын үйдi) пайдалануға беру туралы актiге қол қойылғаннан кейiн) жүзеге асырылады. Игеру кезеңiнде жер учаскесi Қазақстан Республикасының азаматтарына және оралмандарға Кодекстiң 92-бабына сәйкес игеру шарттары мен мерзiмдерi белгiленiп берiледi.

2. Жер учаскесiн беру

      5. Жеке тұрғын үй құрылысы үшiн жер учаскесiн алу үшiн Қазақстан Республикасының азаматтары және оралмандар сұрау салынған жер учаскесiнiң орналасқан жерi бойынша уақытша өтеулi пайдалану (жалдау) құқығымен жер учаскесiн жеке тұрғын үй құрылысы үшiн беру туралы өтiнiштi (бұдан әрi - өтiнiш) сұралып отырған жер учаскесiнiң орналасқан жерi бойынша:


      1) республикалық маңызы бар қала мен астананың шекарасы шегiнде – республикалық маңызы бар қаланың және астананың әкiмдiгiне;
      2) облыстық маңызы бар қаланың шекарасы шегiнде – облыстық маңызы бар қаланың әкiмдiгiне;
      3) аудандық маңызы бар қаланың шекарасы шегiнде – аудандық маңызы бар қаланың әкiмiне;
      4) кент шекарасы шегiнде – кент әкiмiне;
      5) ауыл (село) шекарасы шегiнде – ауыл (село), ауылдық (селолық) округтiң әкiмiне жазады.
      6. Өтiнiште: жер учаскесiн пайдаланудың мақсаты; оның болжамды мөлшерi; орналасқан жерi; сұралатын пайдалану құқығы, жеке тұрғын үй құрылысы үшiн бұрын мемлекет өтеусiз негiзде берген басқа жер учаскесiнiң болуы (болмауы) көрсетiледi.
      Қазақстан Республикасының азаматы берген өтiнiшке жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi, ал оралмандар берген өтiнiшке – оралман куәлiгiнiң көшiрмесi қоса берiледi.
      7. Өтiнiштi қабылдау кезiнде осы Ережеде көзделмеген басқа құжаттар мен мәлiметтердi талап етуге тыйым салынады.
      8. Өтiнiш берушi осы Ереженiң 6-тармағында немесе осы Ереженi��-тармағында көрсетiлген құжаттарды бермеген жағдайда жер учаскесi орналасқан жердегi республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң уәкiлеттi органдары екi жұмыс күнi iшiнде өтiнiш берушiге оның өтiнiшiн қараудан дәлелдi түрде жазбаша бас тарту бередi.
      9. Өтiнiштi қараудың жалпы мерзiмi өтiнiш түскен сәтiнен бастап екi айға дейiнгi уақытты құрайды.
      Көрсетiлген мерзiмге:
      Кодекстiң 44-бабының 3-тармағына сәйкес әзiрленетiн жерге орналастыру жобасын жасау;
      Кодекстiң 44-бабының 6-тармағында белгiленген келiсу;
      жергiлiктi жердегi жер учаскесiнiң шекарасын белгiлеу кезеңдерi кiрмейдi.
      10. Өтiнiш үш жұмыс күнi iшiнде елдi мекендерде бекiтiлген қала құрылысы құжаттамасы негiзiнде сәулет және қала құрылысы органдарымен бiрлесiп сұралып отырған жер учаскесiн мәлiмделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкiндiгiн айқындау үшiн жер учаскесi орналасқан жердегi республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң жер қатынастары жөнiндегi уәкiлеттi органдарына түседi.
      11. Аумақты аймақтарға бөлуге сәйкес сұралып отырған жер учаскесiн мәлiмделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкiндiгi туралы ұсыныстар әзiрлеу мерзiмi өтiнiш келiп түскен кезден бастап он жұмыс күнiне дейiнгi мерзiмдi құрайды.
      12. Сұралып отырған жер учаскесiн пайдалану мүмкiндiгi туралы әзiрленген ұсыныстарды әзiрлеу жөнiндегi материалдарды жер учаскесi орналасқан жердегi республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң жер қатынастары жөнiндегi уәкiлеттi органдары Кодексiнiң 43-бабының 2-тармағына сәйкес құрылатын комиссияға (бұдан әрi – комиссия) көрсетiлген ұсыныстарды әзiрлегеннен кейiн екi жұмыс күнi iшiнде бередi.
      13. Комиссияның қорытындысы сұралып отырған жер учаскесiн пайдалану мүмкiндiгi туралы ұсыныс комиссияға түскен кезден бастап бес жұмыс күнi iшiнде хаттамалық шешiм нысанында екi данада жасалады.
      Шешiмдi дайындау кезiнде азаматта құқық жеке тұрғын үй құрылысы үшiн мемлекет тарапынан берiлген жер учаскелерiнiң болуы немесе болмауы ескерiледi, олар туралы мәлiметтердi республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң уәкiлеттi органы комиссияға бередi.
      14. Егер комиссия бөлiп берiлетiн алаңдардың болмауына байланысты сұралып отырған жер учаскесiн пайдалану мүмкiндiгiнiң болмауы туралы қорытынды шығарған жағдайда, өтiнiш осы Ереженiң 3-тарауына сәйкес арнайы есепке алынады.
      15. Комиссияның оң шешiмiн бiр данасы республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң тиiстi жер қатынастары бойынша уәкiлеттi органдарына түскен уақыттан бастап бес жұмыс күнi iшiнде өтiнiш берушiге жерге орналастыру жобасын дайындау үшiн берiледi (жолданады).
      16. Жеке тұрғын үй құрылысы үшiн бөлiп беруге арналған алаңға жер учаскелерiн орналастырудың жерге орналастыру жобасы болған кезде әрбiр жер учаскесiне жерге орналастыру жобасын жасау талап етiлмейдi.
      17. Кодекстiң 44-бабының 3 және 6-тармақтарына сәйкес дайындалған және келiсiлген жер учаскесiнiң шекарасын құру туралы жерге орналастыру жобасын республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң тиiстi жер қатынастары бойынша уәкiлеттi органдары өтiнiш берушi тапсырған күннен бастап жетi жұмыс күнi iшiнде бекiтедi.
      Жерге орналастыру жобасы жер ресурстарын басқару жөнiндегi құзыреттi орталық орган бекiткен нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптарға сәйкес келуi тиiс.
      18. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң әкiмiнiң уақытша өтеулi жер пайдалану (жалдау) құқығын беру туралы шешiмi комиссияның оң қорытындысы негiзiнде республикалық маңызы бар қаланың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың тиiстi жер қатынастары бойынша уәкiлеттi органдары бекiткен жерге орналастыру жобасы келiп түскен уақыттан бастап жетi жұмыс күнi iшiнде қабылданады.
      19. Тиiстi жергiлiктi атқарушы органның уақытша өтеулi жер пайдалану (жалдау) құқығын беру туралы шешiмiнiң көшiрмесiн жер учаскесi орналасқан жердегi республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң жер қатынастары бойынша уәкiлеттi органдары шешiм қабылдаған уақыттан бастап бес жұмыс күнi iшiнде өтiнiш берушiге табыс етедi (жолдайды).
      20. Жер учаскесiнiң орналасқан жерi бойынша жергiлiктi жер қатынастары жөнiндегi тиiстi орган өтiнiш берушiмен жер учаскесiн пайдалануға құқық беру туралы шешiмге сәйкес (жер учаскесiнiң белгiленген шекаралары болған жағдайда) жер учаскесiн ақылы негiзде уақытша пайдалану туралы шешiм қабылданғаннан кейiн он жұмыс күн iшiнде уақытша өтеулi жер пайдалану (жалдау) туралы шарт жасасады.
      21. Белгiлi бiр жердегi жер учаскесiнiң шекарасын белгiлеу өтiнiш негiзiнде жүзеге асырылады.
      22. Жер учаскесiне сәйкестендiру құжатын дайындау және табыс ету Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен мемлекеттiк қызмет стандартында белгiленген тәртiппен алты жұмыс күнi iшiнде жүзеге асырылады.
      23. Жер учаскесiнiң шекараларын белгiлеу жөнiндегi жерге орналастыру жұмыстары және жер учаскесiне жеке меншiк құқығына актiнi дайындау жеке тұрғын үй құрылысы үшiн жер учаскесi берiлген адамның қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
      24. Қазақстан Республикасының азаматына бұрын жеке тұрғын үй құрылысы үшiн уақытша өтеулi жер пайдалану (жалдау) құқығымен берiлген жер учаскесiндегi салынып бiткен жеке тұрғын үйдi пайдалануға қабылдап алу туралы актi, осы жер учаскесiн жеке тұрғын үй иесiне жеке меншiкке беруге негiз болады.
      Оралманға жеке тұрғын үй құрылысы үшiн уақытша өтеулi жер пайдалану (жалдау) құқығымен берiлген жер учаскесiндегi салынып бiткен жеке тұрғын үйдi пайдалануға қабылдап алу туралы актi Қазақстан Республикасы азаматтығын алу туралы және жеке басын куәландыратын құжаттың болуы осы жер учаскесiн жеке тұрғын үй иесiне жеке меншiкке беруге негiз болады.
      25. Бұрын уақытша өтеулi жер пайдалану (жалдау) құқығымен берiлген жер учаскесiн жеке меншiкке алу үшiн Қазақстан Республикасының азаматтары және жеке тұлғаны куәландыратын құжатты алған оралмандар жеке тұрғын үй құрылысы үшiн жер учаскесiн жекеменшiк құқығында беру туралы өтiнiштi сұрау салынған жер учаскесi орналасқан осы Ереженiң 5-тармағында көрсетiлген тиiстi жергiлiктi атқарушы органға тапсырады. Осы тармақта көрсетiлген өтiнiшке Қазақстан Республикасының азаматтары және оралмандар жеке куәлiктiң көшiрмесiн, жер учаскесiндегi салынып бiткен жеке тұрғын үйдi пайдалануға қабылдап алу туралы актiсiн және жер учаскесiне сәйкестендiру құжатын қоса бередi.
      26. Cәйкестендiру құжатын дайындап табыс етуге негiз болып табылатын, cалынып бiткен жеке тұрғын үйдi пайдалануға қабылдап алу туралы актi келiп түскен уақыттан бастап жетi жұмыс күнi iшiнде республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң әкiмiнiң жер учаскесiне жеке меншiк құқығын беру туралы шешiмi шығарылады.

3. Арнайы есепке қою

      27. Жеке тұрғын үй құрылысы үшiн жер учаскелерiн сұрау кезiнде Қазақстан Республикасы азаматтарының және оралмандардың өтiнiштерiн республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң жергiлiктi атқарушы органдары комиссияның қорытындысы шыққаннан кейiн 5 жұмыс күнi iшiнде арнайы есепке қояды және бөлiп берiлетiн алаңдардың дайын болуына қарай жеке тұрғын үй құрылысы үшiн пайдаланылатын бос аумақтар болған жағдайда қанағаттандырылады.


      28. Жер учаскесiн бөлiп беру үшiн алаңдар болмаған жағдайда, келiп түскен өтiнiштердi комиссия осы Ереженiң 13-тармағында көзделген қорытындыда түскен өтiнiштердiң кезектiлiгi негiзiнде арнайы есепке алу туралы шешiм шығарады.
      29. Жер учаскесi орналасқан жердегi республикалық маңызы бар қаланың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың тиiсiнше жер қатынастары бойынша уәкiлеттi органдары комиссия қорытындысы келiп түскен күннен бастап екi жұмыс күнi iшiнде өтiнiштердi арнайы есепке алғаны және жалпы тiзiмдегi кезектiң нөмiрi көрсетiлген хабарламаны өтiнiш берушiге жiбередi (жолдайды).
      30. Бөлiп беруге алаңдар дайын болған кезде кезегi келген өтiнiш берушiге алаңдар дайын болған күннен бастап бiр ай iшiнде өтiнiш беру қажеттiлiгi туралы хабарлама жiберiледi (берiледi).
      31. Жердi бөлiп беру үшiн алаңдарды дайындау туралы ақпарат және жер учаскесiн алуға арналған кезектiлiк тiзiмдерi ашық болып табылады, оларға қол жетiмдiлiктi республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң әкiмдерi тоқсанына кемiнде бiр рет оларды арнайы ақпараттық стендiлерде орналастыру және (немесе) бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде жариялау арқылы қамтамасыз етуге мiндеттi.

4. Жер учаскесiн беруден бас тарту

      32. Жеке тұрғын үй құрылысы үшiн жер учаскесiн беруден бас тарту туралы шешiм комиссияның терiс қорытындысы негiзiнде, нақты себептерi көрсетiлiп комиссияның тиiстi қорытындысы түскен уақыттан бастап жетi күннiң iшiнде шығарылады.


      33. Жер учаскесiне тиiстi құқық беруден бас тарту туралы жергiлiктi атқарушы орган шешiмiнiң көшiрмесiн жер учаскесi орналасқан жердегi республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң тиiстi жер қатынастары бойынша уәкiлеттi органдары шешiм шығарылған уақыттан бастап бес жұмыс күнi iшiнде өтiнiш берушiге табыс етедi.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет