Ауа-газ режимі. Өсімдіктің тіршілік әрекетіне оттегінің, көмір қышқыл газдың және азоттың тікелей қатысы бар. Атмосфера ауасындағы олардың мөлшері 21; 0,03 және 78 % сәйкес.
Оттегі өсімдіктің тыныс алуына, әсіресе тамырларына және тұқым өнгенде қажет. Оттегі өсімдіктің барлық мүшелеріне (жапырақтарына, сабақтарына, тамырларына) еркін жететін болуы керек. Тамыр мен микроағзалардың бірқалыпты тіршілігі үшін топырақ ауасындағы оттегі мөлшері 10%-дан кем болмағаны дұрыс. Топырақтың ауалануының төмендеуіне шие, өрік, шабдалы, бадам ерекше сезімтал келеді.
Ашық жерлерде ауаның топыраққа келуі жиі шектеледі де, өніп келе жатқан тұқымның және тамырдың тыныс алуын қиындатады. Ауа алмасуын жақсарту үшін топырақты қопсытады, сонда тамырдың тыныс алуына мүмкіндік береді және бактериялардың тіршілік әрекеті күшейіп, топырақтан көмір қышқыл газының бөлінуі арта түседі. Қорғаулы жерлерде тамырды ауамен қамтамасыз етілуін жақсарту үшін жеңіл топырақты және төсемдерді (субстраттарды) пайдаланады және олардың тығыздалуын болдырмас үшін қопсытқыш материалдар қосады, қымталайды, қопсыту жүргізеді.
Биологиялық жылытудағы өсіргіш жайларда оттегі микроағзалармен пәрменді пайдаланылатындықтан, өсімдіктерде оттегі тапшылығы байқалуы мүмкін. Ауа-газ режимін жақсарту үшін өсіргіш жайларды желдетеді. Желдетумен бір мезгілде ауа-газ және жылу режимі ғана емес, топырақ-ауа ылғалдылығы да реттеледі.
Көмір қышқыл газды (СО2), фотосинтез үдерісінде органикалық заттарды құрастыру үшін өсімдіктер жапырақтарымен ауадан сіңіреді. Өсімдіктер үшін жеткілікті жарықтануда және температурада көмір қышқыл газының ауадағы оңтайлы мөлшері 0,15-0,30 % тең. Осындайда фотосинтездің пәрменділігі және өсімдік өнімділігінің артуы байқалады. СО2 мөлшері 0,01 % тең болғанда ассимиляция тоқталады. Топырақтағы СО2 (1% артық) молаюы тамыр мен тұқым үшін, әсіресе төмен температурада және ауаның келуі нашарлағанда, зиянды. Оттегіні молайту және СО2 азайту үшін, топырақты уақытында қопсытады.
Көмір қышқыл газының негізгі көзі болып, органикалық заттарды ыдырататын микроағзалардың тіршілік әрекетінің нәтижесінде ол пайда болатын, топырақ саналады. Осының нәтижесінде топырақ үстілік ауа көмір қышқыл газымен үздіксіз қанығып отырады. Бірақ өсімдік көмір қышқыл газын соншалықты пәрменді пайдаланатындықтан, күндізгі сағаттардағы оның жапырақтар арасындағы мөлшері өсімдік ағзасының толық қажеттілігін қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан топыраққа жақын ауадағы көмір қышқыл газының концентрациясын жасанды түрде молайтудың іссаналық маңызы арта түседі. Топырақ үстілік ауаның көмір қышқыл газының молаюы соғұрлым артады, неғұрлым топырақта органикалық заттар көп болса. Қарашіріндіге бай топырақтар сағат сайын 25 кг/га көмір қышқыл газын бөліп шығарады.
Өсімдікті көмір қышқыл газымен қосымша қоректендіргенде, олардың өсуі және дамуы жақсарады, жапырақтарының саны артады, олар ірілене түседі, жеміс салуы жеделдейді, өнімі артады. Өсімдіктер ауруларға және зиянкестерге төзімділікке ие болады. Топырақ үстілік ауадағы көмір қышқыл газының концентрациясын көң енгізгізіп немесе көңді жабынды ретінде қолданып және басқа да органикалық заттардың топырақта ыдырауынан бөлініп шыққан көмір қышқыл газымен арттыруға болады.
Ауаның азоты – инертті газ. Ол жеміс өсімдіктерінің өніміне әсер етпейді, бірақ оның болуы топырақтағы және бұршақ тұқымдастарының түйнектеріндегі пайдалы микрофлораның іс-әрекетін қамтамасыз етеді.
Жеміс өсімдіктері үшін ағаштың бөрікбасында және тамыр орналасқан аймақта ауаның тұрақты түрде алмасып отырғаны жөн. Қоңыр салқын желде өсімдік көмір қышқыл газбен жақсы қамтамасыз етіледі. Жел күшейгенде (8 м/с артық) буланумен судың шығыны артады, қыста қар ұшырылып әкетіледі, ағаш бөрікбасының енкіштігі және ассимметриялығы күшейеді, жәндіктердің гүлдерді тозаңдандыруының және пестицидтермен бүркудің тиімділігі кемиді. Гүлдеу кезіндегі күшті жел аралардың ұшуына кедергі жасайды, аналықтың аузын құрғатып, тозаңы өнбейді және ұрықтану жүрмейді. Жемістің пісу кезіндегі жел бұтақты сындырады, жемісті үзеді.
Ауаның ылғалдылығының да маңызы зор. Жаздағы ыстық жел ағаштың өсуін әлсіретеді, өнімді және жемістің сапасын төмендетеді, ал жас бақтарда тым құрғаудың нәтижесінде өсімдіктердің қурауы жиіленеді. Қыста қатты желде ағаштар аяздан зақымдануы мүмкін. Ауа тым ылғалды болғанда әртүрлі саңырауқұлақ аурулары тезірек дамиды.
Ауа режимін баққа орын таңдаумен және әртүрлі құрылымды бақ қорғағыш ағаштар отырғызумен реттейді.
Жеміс шаруашылығында ауадағы зиянды газдардың бар-жоғын ескеру керек: күкірт газының, күкірт ангидридінің, хлордың, қорғасынның. Бұлар үлкен қалалар маңайындағы, өндіріс және жол бойындағы ауада көбірек жиналады. Зақымға ұшыраған өсімдіктер өсуін тоқтатады, буынаралықтары қысқа келеді, жапырақтары тым қатты болады және төмен иіліп (эпинастия) тұрады. Зиянды заттардың канцерогенді және радиобелсенді бөлшектері жеміске өтеді және адам денсаулығына зиян келтіреді. Мұндай жерлерде бақты және жидектікті салуға болмайды. Бақ қорғайтын жолақтардың және бақтағы бөрікбас үстінен тұрақты жаңбырлатқаш қондырғылардың болуы қала мен өндіріс орындарының лас ауасынан қорғағыш болып саналады.
Достарыңызбен бөлісу: |