«Жеміс шаруашылығы» пәні бойынша ДӘрістер жинағы тараз 2021 ж


Дәріс-15: Аз тараған жеміс өсімдіктері



бет48/49
Дата27.01.2022
өлшемі293.91 Kb.
#454887
1   ...   41   42   43   44   45   46   47   48   49
4 дәріс

Дәріс-15: Аз тараған жеміс өсімдіктері.

1. Аз тараған жеміс өсімдіктерінің ерекшеліктері мен пайдасы.

2. Жеміс өсімдіктерінің зиянкестері мен аурулары және олармен күресу шаралары.

Шырғанақ – Қазақстанның солтүстігіндегі жаңа жидек дақылы. Бұтақты бөрікбасты, күңгірт жасыл түсті бұта немесе кішігірім (5 м дейін) ағаш. Өсінді тәсілімен көбейтілгенде жеміс салуға 3-4 жасында кіріседі, тұқыммен – 5-6 жасында. Шырғанақтың өнімді кезеңі 10-12 жыл. Жылда жеміс береді, аязға ұрынбайды.

Шырғанақ – қос үйлі өсімдік, яғни гүлдері айырымжынысты – аталық және аналық мүшелері әртүрлі өсімдіктерде орналасқан. Аталық және аналық өсімдіктерін жеміс салған кезеңіне дейін ажырату қиынға түседі. Жапырақсыз күйінде, оларды бүршіктерінің ірілігі және түсі бойынша ажыратуға болады.

Аталықтарының гүлдік бүршіктері аналықтарымен салыстырғанда, жуықтап 2-3 есе ірілеу келеді. Аталық гүлдер сары, кішігірім масақ тірізді гүл шоғырына орналасқан, аналықтардікі ажарсыздау, жасылдау, бүйірлік бұтақшаның қолтығында 2-5-тен шоғырланған.

Аталық гүлді өсімдіктер жеміс бермейді, олар аналық гүлдерді тозаңдандыру үшін қажет. Плантацияға шырғанақты отырғызған кезде аналық өсімдіктермен бірге, тозаңдандыруға қажет аталықтарды (10 %) да, плантацияда біркелкі орналастырып отырғызады. Желмен тозаңданатын өсімдік болғандықтан, тозаңдануға бунақденелілерді қажет етпейді. Мамырдың орта кезінде гүлдейді. Осы кезде далада ауа райы құрғақ болады да тозаңдардың тасымалдануы және тозаңдануы жақсы жүреді. Гүлдеу 4-9 күн жүреді. Шырғанақтың жемісі тамыздың соңы-қыркүйектің басында піседі және бұтада ақпанға дейін сақталады. Шырғанақ – балды өсімдік.

Ересек өсімдіктердің тамырлары беткілік, көлбеулік тамырларының негізгі массасы жеңіл топырақтарда 60 см-де, тығыз топырақтарда 40 см тереңдікте орналасқан. Бойлық (тік) тамырлары 120 см-ге (кейде 270 см-ге) дейін бойлайды. Негізгі тамырлары ақ түсті, жіп тәрізді, сынғыш, борпаң ұлпалы, тарамдануы шамалы.

Шырғанақ, жылда әр гектарға 27 кг-нан 180 кг дейін азот жинайтын бактерияларды қалыптастыруға қабілетті. Шырғанақ сабақ бөлігінде қосалқы тамыр қалыптастыра алады, сондықтан оны тұрақты орынға тұқымбақтағыдан тереңірек отырғызады.

Шырғанақ-жарық сүйгіш және аязға шыдамды өсімдік; Сібірде ол 500С аяздарға шыдайды; ылғалға талабы жоғары. Бейтарап реакциялы құмайт топырақтарда жақсы өседі. Қазақстанның солтүстігінде оны ашық және күн сәулесі мол түсетін жерлерге орналастыру керек. Топырақта ылғал тапшы болғанда, ыстық және құрғақ ауа райы өсімдіктің күйіне кері әсер етеді: жапырақтары құрғайды, өсімі нашарлайды, бүршіктерінің байлануы кемиді. Құрғақ далалық аймақта шырғанақ суландырусыз өспейді. Шырғанақты ылғалмен әсіресе жаздың бірінші жартысында қамтамасыздандыру керек. Қары аз қыста және топырақ күзде шамалы дымқылданған болса шырғанақ өсімдігін міндетті түрде суландыру қажет.

Жаздың екінші жартысындағы жаңбыр бүршіктердің салынуына және қалыптасуына ықпал етеді. Қар қалың түскенде бөрікбастың бұтақтарын сындыруы мүмкін екенін ескерген жөн. Шырғанақты жел ұшырған қардың жиналатын жерлеріне отырғызуға болмайды.

Шырғанақты тұқыммен, жасыл және ағаштанған қалемшелермен, тамыр атпаларымен көбейтеді. Тұқыммен көбейткенде өсіп шыққан аталық және аналық өсімдіктердің саны жуықтап бірдей болады. Тұқыммен көбейтудің кемшілігі, сол аталық және аналық өсімдіктерді қашан олар жеміс байлағанынша айырудың қиынға түсетіндігі. Тұқымды желтоқсанның бірінші онкүндігінде 2-5 см тереңдікке себеді. Ағаштанған қалемшелермен көбейткенде оларды қоңыр күзде (қазан) дайындайды және отырғызғанша қар астында сақтайды. Көктемде бүршік атқанша да дайындауға болады. Қалемшелердің ұзындығы 18-20 см.

Қалемшелерді мамырдың бірінші онкүндігінде, бүршік атқанша 4х2 м сұлбасымен отырғызады. Отырғызғанда тамыр мойнын 10-15 см дейін тереңдетеді, сонда қосымша тамыр жүйесі дамиды.

Отырғызғаннан кейін суландырады, құрғақ ауа райында суландыруды қайталайды. Бұта түбін 4-8 см, қатараралықтарды 8-10-нан 15 см-ге дейінгі тереңдікке өңдейді. Топырақ дымқылдығын ЕТСС-тың 70-80% деңгейінде ұстау керек. Суландыру кезінде топырақты 60 см тереңдікке дейін дымқылдандыру қажет. Суландыруды өсінді кезеңінің алғашқы жартысында жиілеткен жөн.

Шырғанақтың бұтасын өнімнен кейін кеспейді, себебі ол жылда жаңа өнім беретін өркен қалыптастырады. Кесуді негізінен құрғаған және тамырдан шыққан өркендерге жүргізеді. Плантацияның өнімді кезеңін сақтау және ұзарту мақсатында 6-8 жастан бастап үш жастық сүрекке жасарта кесулерді жүргізеді, сонда жеміс байлауға келесі жылы кіріседі.

Өз тамырлық сұрыптық материалдармен отырғызылған, ескіре бастаған плантацияларда, тамыр мойнына дейін бұтаға жасартқыш кесулерді жүргізуге болады. Тамыр маңайлық өркендер жеміс салуға кескеннен үш жыл өткеннен соң кіріседі.

Жемістерді қолмен, әр жидекті жеке-жеке жинайды және әртүрлі икемшіктердің көмегімен – қос тісті шанышқы, ілмек, т.т. Шырғанақтың жидегін жинауды кешеуілдетуге болмайды, себебі пісіп жетілген жидектері жұмсарады және жинағанда қатты езіледі. Жидегі бар бұтақтарды тіпті де кесуге болмайды – бұл бұтаның өміршеңдігін қысқартады және өнімділігін күрт кемітеді. Сібірде шырғанақтың жемісін аяздар тұрақтағанда, жидектерді жерге төселген төсеніштерге немесе қатайған қарға, бұталарды сілкіп жинайды.

Өнім жинауға бүкіл еңбектің 82-85% шығындалады. Өнімді дірілдеткіш машиналардың (МОУ-1), МПО-6 түртектес ауасыз (вакумда) машиналармен жинау мүмкіндіктері зерттелінуде.

Қара жемісті шетен (арония)

Биіктігі 2-2,5 м болатын көп жылдық бұта түрінде өседі. Өркенінің орнын толтырғыш қабілеті өте жоғары. Ересек өсімдікте әр түрлі жастағы 50-60-қа дейін бұтасы болады. Оның жылуға талабы шамалы, Қазақстанның солтүстігінде жақсы пісіп жетіледі. Қысқа төзімділігі бойынша таңқурайға және қарлығыға жуықтау, бірақ қара қарақаттан кейін тұрады. 350С аяздарға шыдайды. Шетеннің аяздарға шыдамдылығы қар қалыңдығына байланысты.

Қара жемісті шетен жарық сүйгіш өсімдік, оның ылғалға да талабы жоғары, бірақ аса артық дымқылдыққа шыдамсыз. Солтүстік Қазақстан тәжірибе стансасының зерттеулері, әсер бедерлерінің ойпаңдау бөлігіне отырғызғанда қар суларының жиналуының есебінен артық ылғалдылықтан оның қысқа төзімділігі күрт төмендейтіндігін көрсетті.

Топыраққа қара жемісті шетен аса талап қоймайды, бірақ жеңіл және орташа саздақ қара топырақтарда жеміс байлауы жоғары болады.

Тамыр жүйесі шашақты, өте бұтақтанғыш, аса тереңдемейді (көлбеу тамырларының негізгі массасы 70 см-ге дейін орналасады). 12 жылдық бұталардың тік тамырлары 1,5-2 м бойлайды, кейбіреулері – 2,5-3 м дейін.

Гүлдеуі маусымның басында жүреді және 10 күнге дейін, өркені 10-16 см жеткенше жалғасады. Осылай кеш гүлдеуі, оны көктемгі бозқыраулардан қорғайды. Жемісі қыркүйектің ортасына қарай пісіп жетіледі.

Тұқыммен, сұлатпа сабақтармен, атпалармен, ағаштанған және жасыл қалемшелермен, бұтаны бөлумен және телумен көбейтіледі. Өсуі, өнімділігі және жемісінің сапасы бойынша біркелкі өсімдік беретін тұқымдық тәсіл кең қолданыс тапқан. Тұқымдарының өнуі өте қиын, оларды 3-4 айдай стратификациялау қажет. Дымқылдандырылған тұқымды 7-10 күндей 12-14оС температурада ұстайды. Өскіндетуде мұзды пайдаланады, оның баяу еруінен 7-10 күндей 0оС болады, ол өз кезегімен тұқымның өнгіштігінің 90 %-ға дейін көтерілуіне ықпал етеді.

Екпе көшет өсіруге механикалық құрамы жеңіл, топырағы құнарлы телімдер таңдалады. Тұқымды тек көктемде, 6-7 см тереңдікке себеді. Өскіндері 8-10 күннен кейін пайда болады. Отырғызылатын материалдарды жеттіктіргіш мектепшелерде екі жыл бойы көшірмей өсіреді немесе екпе көшеттерді бір жылдығында көшіріп отырғызады. Келесі жылы көктемде екпе көшеттерді арақашықтығын 10-12 см етіп сиретеді. Екі жылдық екпе көшеттерді күзде-қыркүйектің соңында қазып алады.

Плантация салуға топырақты терең жыртады, ал дұрысы міндетті түрде органикалық және минералды тыңайтқыштарды енгізіп плантажды жыртуды қолдану. Екпе көшеттерді көктемде отырғызады, күзде де отырғызуға болады, егер сол аймақта қар қатпаған топыраққа түссе және топырақ терең қатпайтын болса. Отырғызу сұлбасы – 4х2 м; 2,5х1,5 м. Екпе көшеттерді отырғызар алдында немесе отырғызғаннан кейін, 4-5 бүршігі бар ұзындығы 15-20 см өркенін қалдырып кеседі. Тұқымбақта өскен тереңдігінен, 4-5 см тереңірек отырғызады. Отырғызғаннан кейін өсімдікті суландырады, су топыраққа сіңгеннен кейін, топырақ бетіне қарашірінді себелейді. Топырақты қара сүр жүйесі бойынша өңдейді.

Қазақстанның солтүстгінде қара жемісті шетенді ең кемі үш рет суландырады. Бірінші суландыруды мамырдың соңы – маусымның басында жүргізеді, екіншісін – шілденің ортасында, үшіншісін – шілденің соңы – тамыздың басында. Қысқа қарай шетеннің бұтақтарын үсуден қорғау үшін жерге иеді де топырақпен көмеді. Қар жиналуына ықпал ететін орман жолақтарын отырғызу тіпті тиімді. Қыста қар тоқтату да өте пайдалы.

Қара шетеннің бұтасын қалыптастыру және кесу-сынған және үсіген бұталарын аластаудан тұрады. Бұталары тым жиілегенде, 7-8 жылдан кейін ескілерін және өнімсіз бұталарын кеседі. Бұтада әр жастағы 40-45 бұта болғаны ең тиімді саналады.

Жемістері салыстырмалы түрде бір уақытта піседі, сондықтан оларды шоқ жеміс күйінде жинайды. Жемістерін жеміс сағағымен жинайды, ал техникалық өңдеуге – сағақсыз. Жемістері тасымалдауға төзімсіз. Тоңазытқышта 0оС олар қыс бойы сақталады. Ұзақ сақтағанда және тоңазытқанда жемістері тәттіленеді, ауыз қуыратын және уылдыратын дәмі дерлік жоғалады, сондықтан оны ерекше дәмбасқыш немесе асбасушы (десерт) жеміс санайды.

Үшқат – құнды жидек өсімдігі. Үшқат көнбіс, тіпті құнарсыз топырақтарда да өседі және жеміс салады, аса көп күтімді қажет етпейді. Бұл қысқа өте төзімді өсімдік – минус 50оС, тіпті одан да төмен температураға шыдайды. Гүлдері – 5-7оС бозқырауларға шыдайды. Қала жағдайында газға төзімді. Жылда гүлдейді, гүлдеу және жеміс салған кезеңінде көрікті. Оның жемісі маусымдағы ең ертесі, олар маусымның бірінші онкүндігінде піседі.

Бөрікбасы өте қою, шар тәрізді, жапырақтары ұсақ, бозғылт жасыл, сопақ немесе ұзынша. Тамырлары негізінен – 7-10 см қабатта орналасқан. Мамырдың ортасында гүлдейді және бір айдай гүлдейді. Үшқаттың жемісі гүлдегеннен 25-30 күн өткеннен соң пісіп жетіледі, бүлдіргеннен 7-10 күн ертерек. Жидектері бір уақытта піспейді, кейде – екі апта ішінде.

Көлеңкеге шыдамды, бірақ жақсы жарықтануды ұнатады. Орташа құнарлы топырақтарда, ылғалы тым мол емес жерлерде жақсы өседі. Органикалық заттары мол, борпаң топырақтарды жақсы көреді, ауыр саздақ топырақтарда күйзеледі, сәл сортаңға шыдамды.

Үшқат тұқыммен, сұлатпа сабақтармен, ағаштанған және жасыл қалемшелермен көбейтеді. Қорғаулы жерде көбінесе жасыл қалемшемен көбейту тәсілін қолданады.

Үшқатқа арналған телімді қара сүрі жер тәсілімен дайындайды. Топырақта органикалық заттарды молайту үшін әр гектарға 70-100 т қарашірінді енгізеді. Отырғызар алдында топырақты жырту қабатының тереңдігіне жыртады. Екпе көшеттерде 20 см тереңдікке тілінген шөнкелерге отырғызады. Отырғызу барысында екпе көшеттің тамыр жүйесі топырақ бетінен 3-5 см тереңірек орналасқанына көңіл қойылады. Отырғызудың ең жақсы мерзімі – қыркүйектің соңы – қазанның басы. Отырғызу сұлбасы – 1,5х0,5м. Отырғызылған бұтаны көлдетіп суландырады және жабындайды.

Отырғызылғаннан кейінгі 3-5 жылдары үшқатты кесуге болмайды. Одан кейін 2-3 жылда бір рет ерте көктемде санитарлық кесу жүргізіледі. Кесуді және қалыптастыруды сирету түрінде жүргізеді. Тек қартая бастаған үштарын және жасырақ бұтақтың тарамдалған ірі бұтақтарын кеседі. Бөрікбастың орта тұсындағы өсе бастаған біраз әлсіз өсінді беретін және жеміс салмайтындарын кеседі. 15 жастан асқан бұталарда, бұтаның түбіне орналасқан мықты жас тарамға дейінгі, бұтаның негізіне жақынын кеседі.

Үшқатты күтіп-баптау топырақты өңдеуден, суландырудан және тыңайтқыш енгізуден тұрады. Топырақты саяз өңдейді – 5-10 см-ге дейін. Тамыр орналасқан аймақта топырақты ең саяз тереңдікке өңдейді. Жаз бойы 6-8 рет суландырады.

Жидектерді, олардың 75%-нан кем емесі тұтынушылық пісіп жетілгенде жинайды. Жидектерді қолмен, тұтынушыларға жөнелтілетіндерін, сыйымдылығы 1,5-2 кг себеттерге тереді. Пісіп жетілген жидектерді сағақсыз жұлады, олардың қабығы жарылмайды. Жидектерінің қабығы тығыз сұрыптар мен формалар үш күнге дейін сақталады. Мәйектері нәзік жидектер жедел жүзеге асырылады және өңделуі тиіс.

Жеміс өсімдіктерінің зиянкестері мен аурулары және олармен күресу шаралары

Зиянкестер мен аурулардың жеміс өсімдіктеріне келтіретін зияндықтары орасан: өсімдіктің өсуі әлсірейді, жемістің сапасы нашарлайды, өнімділік күрт төмендейді. Егер уақытында қажетті шаралары мен ескертулерді қолданбаса өнімді түбегейлі жоғалтуға болады.

Қазақстанның солтүстігіндегі бақтарда ең қауіпті және кең тараған зиянкестерге: жеміс жемірі (алма, алмұрт, алхоры), шие бізтұмсығы, биттер (жасыл алма, шие, алхорының түкті биті, шырғанақ, қарлыға, жапырақ ширатқыш беріш, қарақаттың үлкен биті), қарақаттың мөлдір қанаты, өрмекші кене, егеуіштер (қара қарақаттық, сары, шие шырышы), заузалар; ауруларға: алма шірігі және алмұрт шірігі, теңбілдер (ақ дақ), американдық ақ ұнтақ, бүлдіргеннің ақ ұнтағы, сұр шірік, жеміс шірігі, шырғанақтың солуы жатады.

Бақтағы зиянкестермен және аурулармен күресу екі мақсатты қарастырады – дерттің және зиянкестердің пайда болуының алдын алу және оларды жою. Зиянкестермен және аурулармен күресу үшін агротехникалық, химиялық, биологиялық, механикалық және физикалық әдістерді қолданады. Аталған әдістерді кешенді қолдану ең жақсы нәтиже береді.

Агротехникалық әдіс бақ қатараралықтарын және дің айналасын уақытында дұрыс өңдеуді, ағаштарды күтіп-баптауды, тыңайтқыш қолдану жүйесін, суландыруды, плантацияға элиталы және сау тұқымдарды отырғызуды, арамшөптермен күресуді қарастырады. Қодрендерді жинау және жою, ерте көктемде немесе күзде діңдер мен қаңқалы бұтақтардың қабықтарын мұқалған қырғыштармен жинап алып жағып жіберу, түскен жапырақтарды жинау және сыртқа шығару (жою), қураған және дертті өркендерді жинау және жою, кеуектерді бітеу, механикалық зақымдарды және кесілген жерлерді уақытында бақ нұмымен сылау және т.б. зиянкестер мен ауруларды едәуір азайтады, өсімдіктердің олардың әсеріне төзімділігін айтарлықтай арттырады.

Қарақаттың мөлдір қанатты көбелегінің жұлдыз құртын, жарақаттанған өркенді кесіп байқауға болады. Оның ортасында құрт тескен жер (құрт өзегімен қоректенеді) көрінеді, ал жұлдыз құрт іздің соңында болады. Ерте көктемде зақымданған өркенді топыраққа тақап кеседі. Гүлдеу кезінде солған бұтақтарды кесіп алады және жағады.

Кенемен күресу үшін діңді, қаңқалы бұтақтарды тазалаумен, аулау белдігін қолданумен қатар химиялық дәрмектерді де пайдаланады.

Заузалармен күресуде топырақты бір жыл немесе екі жыл бойы сүрі жер тәсілімен өңдеудің, жоғары сұрыпты отырғызу материалын дұрыс таңдаудың, қабылданған дақыл ауысу кезегін сақтаудың, топырақты тұқым себер алдында үстіртін өңдеудің, қуыршақтану кезеңінде қатараралықтарды қайталап өңдеудің, танаптағы және танап маңайындағы арамшөптермен тұрақты түрде күресудің, танапты жиын-терін, қалдықтарынан тазалаудың маңызы өте зор. Отамалы дақылдарды топырақта тіршілік ететін зиянкестерден таза танаптарға орналастыру.

Ақұнтаққа төзімді сұрыптарды отырғызу, зақымдалған өркендерді сау жеріне дейін кесу, бұтаны сирету, химиялық дәрмектерді қолдану – қарлығаны, қара және қызыл қарақатты өсіргенде ақұнтақпен күресудің негізгі тәсілдері. Ойпаң, ылғалды немесе батпақтанатын телімдерде, сондай-ақ қою, сиретілмеген бұталардың бұтақтары қаттырақ зақымданады. Бүлдіргеннің сұр шірігіне қарсы – жиі отырғызбау, әсіресе, осы ауруға қатты шалдығатын сұрыптарды. Дымқыл жылдары өнім жинар алдында бұталардың түбіне сабан төселуі керек, жинау кезінде зақымдалған жидектерді телімнен сыртқа шығарады, химиялық дәрмектер қолданылады.

Шырғанақтың солуымен күресуінде сұрыптың маңызы өте зор. Торғай тәжірибе стансасының мәліметтері бойынша фузариозға шырғанақтың Витаминная сұрпы ең төзімді көрінеді жекелеген (түптердің 5-8% солады екен). Жиі ірі жемісті сұрыптар ауырады екен.

Физикалық әдіс. Зиянкестердің пайда болуын және олармен күресудің уақытын анықтау үшін жарықты пайдалануды қарастырады. Жарықпен тұзақтау (ұстау) көбелектерді, жарғаққанаттыларды және басқа да бунақденелілерді ұстап алуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде олардың бақтағы саны, түрлік құрамы, ұшу жиілігін және зиянкестердің санын кемітуге мүмкіндік береді. Бір кемшілігі – зиянкестермен қатар пайдалыларының торға түсуі.

Механикалық күресу әдісі – зиянкестердің қыстайтын ұяларын жою, жұмыртқаларын жинау, аулау белдігімен жұлдызқұрттарды аулау, ағаштағы қоңыздарды – бізқұрттарды төселген брезентке сілку және кейін оларды жою, қақпанды, тұзақты, торды, тышқан тәрізді кеміргіштерге уланған жемді қолдану.

Биологиялық күресу әдісі – жеміс және жидек дақылдарының ауруларымен және зиянкестермен күресуде олардың табиғи жауларын – жыртқыштарды, тоғышарларды және ауру қоздырғыштарды қолдану. Мысалы, алманың қанды битімен күресуде, битті кейбір жерде 90%-ға дейін жоятын афелинусты қолдану тиімді.

Зиянды бунақденелілермен күресу үшін құстарды – ұзаққарғаларды, қараторғайларды, сары шымшықты, көкектерді пайдалану керек. Бұлар зиянды бунақденелілерді, дернәсілдерді және жұмырқұрттарды көптеп жояды. Битоксибациллин, дипел, лепидоцид және т.б. биологиялық дәрмектер шығарылуда. Құстар үшін арнаулы қараторғай үйшіктері жасалынады. Құстарды жауын-шашынды ауа райында, ерте көктемде және күзде қосымша азықтандыру қажет, жергілікті құстарды қыста да қоректендіру керек.

Соңғы жылдары зиянкестермен күресуде микробиологиялық әдістерді қолдануы етек жаюда. Бұл әдіс зиянды ағзаларға қарсы споралы бактерияларды, саңырауқұлақтарды, вирустарды және басқа да микроағзаларды қолдануға негізделінген. Биологиялық дәрмектер шығарылуда: битоксибациллин, дипел, леридоцид және т.б.

Химиялық әдіс. Бұл әдісте ең тиімді және жедел әсер ететін әртүрлі дәрмектер қолданылады. Бірақ олардың бәрінің кері әсері де бар: пайдалы бунақденелілерді де жояды және әртүрлі мөлшерде жемістерде жиналады да, кейін адам ағзасына зиян келтіреді. Міне, сондықтан оларды өте абайлап және оған аса қажеттілік туындағанда ғана қолдану керек. Дәрмектің қолдану мөлшерін, тәсілін, уақытын, шегін, соңғы рет өңдеу мен өнім жинаудың мерзімін, өңдеу санын қатал бақылау қажет.

Қазақстанның жеміс-жидек дақылдарына 2003-2012 жж. қолдануға рұқсат берілген пестицидтерді ғана қолдану керек.

Бақтарда улы заттармен жұмыс жүргізгенде қауіпсіздік ережесін сақтау қажет. Жұмысты денені удан қорғайтын халатта немесе арнаулы киімде орындау қажет, ауызға респиратор тағылады, дәке таңылады. Жұмыс кезінде шылым шегуге, тамақ ішуге болмайды. Жұмыс аяқталғаннан соң қолды, дененің басқа да ашық жерлерін сабынмен мұқият жуу керек. Үйге жұмыс киімдерін апаруға болмайды. Арнаулы киімдерді, аяқкиімдерді, қолқаптарды, қорғаныш көзілдірікті, жұмыс соңында күнде тазалап, ашық ауада немесе лапас астында 8-12 сағат кептіреді. Оларды кірлегенде жуады, бірақ жиі емес, 6 жұмыс күннен кейін. Пестицидтермен жұмыс уақыты 4 сағаттан аспауы керек, қалған 2 сағатта дәрмектермен байланысты емес басқа жұмыстар орындалады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   41   42   43   44   45   46   47   48   49




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет