«Жеміс шаруашылығы» пәні бойынша ДӘрістер жинағы тараз 2021 ж



бет5/49
Дата27.01.2022
өлшемі293.91 Kb.
#454887
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   49
4 дәріс

Сүйекті тектестер. Кәдімгі шие – Cerasus vnlgaris Mill. Жабайы түрі белгісіз. Бұны тәтті шие мен орманды дала шиесінің ертеде пайда болған табиғи буданы деп есептейді (И.П.Игнатьев және т.б., 1990). Жабайыланған түрі ТМД-ның еуропалық бөлігінде және Қап тауында кездеседі. Қоңыржай ендіктің көптеген елдерінде өсіреді. ТМД-да солтүстік шегі – солтүстік ендіктің 60о. Шиенің өсірілетін негізгі аудандары – Украина, Ресейдің орталық облыстары, Еділ бойы, Солтүстік Қап тауы, Өзбекстан. Қазақстанда жеміс шаруашылығымен айналысатын аймақтардың бәрінде де тараған. Салыстырмалы түрде аязға төзімділігіне, тез піскіштігіне және өнімділігіне, жемістерінің құндылығына және олардың әмбебап қолданылуына байланысты шие алмадан кейін екінші орынды иеленеді. Бірақ жемісін жинауға қол күшін көп қажет ететіндігі шиенің өндірістік бақтарын кеңейтуге қол байлау болуда. Сондықтан шиені негізінен әуесқой бағбаншылар өсіруде. Қазақстанның солтүстігінде әуесқой бағбаншылар шиенің далалық, құмдық, қытайлық түрлерін өсіреді.

Шие – жапырағын түсіретін ағаш немесе ірі бұта (биіктігі 3 метрден 6-7 м дейін). Далалық, құмдық, жөргем шие аласа бойлы, биіктігі 1-1,5 м жететін бұталар. Шие тез өсетіндігімен және ерте жеміс салатындығымен – 3-4 жылында ерекшеленеді. Өнімді кезеңі, көптеген сұрыптарда 12-15 жылдан аспайды. Балды (шірнелі) өсімдік.

Жемісінде қанттар, алма және лимон қышқылдары, каротин, В, С, РР дәрумендері, пектин заттары бар; тұқымында сабын қайнатуға пайдаланылатын 35% май болады. Жемістері балаң және тоңазытылған күйінде пайдаланылады, сондай-ақ мармелад, пастила, кепкен жеміс, тосап, морс, сироп, жендек, компот, шарап дайындалады.

Тәтті шие – Cerasus avium L. табиғи жағдайда тәттішие Украина мен Молдованың төменгі және ортаңғы белдіктерінің аралас, қылқан және жалпақ жапырақтары ормандарында өседі; әсіресе Қырым мен Қап тауларының 2000 м дейінгі биіктіктерінде кездесуі ерекше. Батыс Еуропада және Батыс Азияда кездеседі. Тәттішиенің қолдан өсірілетін түрлері, Грекияның солтүстігінде өсетін табиғи түрлерінен тараған. Жемістік дақыл ретінде көптеген елдерде ежелден бері өсірілуде.

ТМД елдерінің аумағында өндірістік егістіктері Украинада, Молдовада, Қырымда, Солтүстік Қап тауында, Қап тауы сыртында және Орта Азия елдерінде кең тараған. Егістіктердің солтүстік шекарасы Калининград-Минск-Чернигов-Харьков-Дондағы Ростов-Астрахань бойынша өтеді.

Қазақстанда тек Оңтүстік Қазақстан облысында өсіріледі. Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарында әуесқой бағбандар өсіреді. Жапырағы түсетін, қуатты (биіктігі 2,5-3,5 м, діңінің диаметрі 0,6 м дейін) өсімдік. Жеміс салуға отырғызғаннан 4-7 жылдан соң кіріседі. Жеміс салуында үзіліс кезеңі жоқ. Тіршілігінің ұзақтығы – 50-70 (100) жыл. Өнімділігі жоғары – 10-15 т/га.

Жемістері тәтті, қанттары аздап және органикалық қышқылдары бар оларда каротин, никотин қышқылы, темір болса, шамалы С және Р дәрумені кездеседі. Тұқымдарында 28% протеин және парфюмер – косметика өнеркәсібінде пайдаланылатын майдың мөлшері – 30 %. Жапырағында С дәрумені көп.

Өсірілетін тәттішие сұрыптары жемісінің мәйегінің тығыздылығы және оның реңі бойынша мынадай топтарға бөлінеді: гини – қоңыр түсімен, етінің нәзіктілігімен және шырындылығымен (асханалық) ерекшеленеді; бигарро – мәйегі тығыз, шеміршекті, ашық түсті келеді (консервілеуге). Жемістерін дәмбасқыш ерте жеміс ретінде пайдаланса, бір бөлігін балаң күйінде тоңазытады; оларды компот (сүйектілердің ішіндегі ең жақсысы), тосап, шырын дайындауға, кептіруге, жемістерді жылтыратуға қолданады.

Үй алхорысы – Prunus domestica. Табиғи түрі белгісіз. Күтімсіз қалғандары Қап тауында, сондай-ақ сирек Орта Азияда кездеседі. 2000 жылдай қолдан өсіріледі. Шығу тегі буданды – алша мен шомыртты будандастырып, кейін хромосомдарын екі еселеумен (аллополиплоидтау), алша мен шомырт бірге өсетін Қап тауында, олардың жемісшіл (фертильді), қуатты, үй алхорысына ұқсас, табиғи будандарын тапқан. Алхорыны қолдан өсіру Қап тауында басталған деп санайды (И.П. Игнатьев, 1990). Кейіннен олар Орта Азияға және Жерорта теңізіне әкелінген, жаңа жағдайға байланысты өзгеріске ұшыраған.

Алхоры сүйектілердің ішінде жетекшілікке ие. Бұл өсімдікті әлемнің 60-тан артық елдерінде өсіреді. Әлемдік алхоры өндірісінің жартысынан артығы Еуропаның үлесіне тиеді. Ең көп өндіруші – Румыния. Ірі өндірушілер болып АҚШ және Қытай саналады, олардан кейін – Франция мен Венгрия. Ресейде алхорыны негізінен еуропалық бөлігінде, Қиыр Шығыста және Сібірдің оңтүстік аудандарында өсіреді. Оны Украинада, Қырымда, Қап тауында, Орта Азияда, Молдовада, Беларуссияда өсіреді. Қазақстанда барлық облыстарда өсіреді. Қазақстанның солтүстігінде қысқа және құрғақшылыққа шыдамды уссурий, канада, американ және қытай алхорысы, алхоры – шие будандары негізінде алынған сұрыптар өсіріледі.

Биіктігі 6-15 м, жеміс салуға 3-6 жылы кірісетін, өміршеңдігі 20-50 жылға дейін болатын ағаш. Бір ағаштың өнімділігі 60 кг-нан 200-250 кг-ға дейін. Жемісте қанттар, органикалық қышқылдар, А, С дәрумендері бар; жемістері тамаққа балаң және тоңазытылған күйінде пайдаланылады, сондай-ақ мармелад, тосап, повидло, жылтыр жемістерді, компот, маринад, шырын дайындауға; қанттылығы мол сұрыптары қара өрік (құрғақ жеміс) дайындауға пайдаланылады.

Жемістерінің мөлшері және түсі бойынша алхоры 4 сұрыптық – өндірістік топтарға топталынады: венгерка – жемістерінің түсі қара; ренклодтар – жасылдау түсті; жұмыртқаның сарысының түсіндей – сары түсті және мирабели – жемісінің пішіні мен дәмі бойынша алшаға жақындау.

Венгеркалар сақталғыштығымен және тасымалданғыштығымен ерекшеленеді, негізінен құрғақ жеміс (қара өрік) дайындалады.

Жидек дақылдары. Бүлдірген – Fragaria L. Солтүстік жарты шарда тараған 45 түрді біріктіреді. Батыс Еуропада, Азияда, Австралия мен Америкада бақтық бүлдірген (Ғ. аnanassa Duch) өсіріледі. Америкалық екі түрдің – чилилік бүлдірген мен виргин бүлдіргенін будандастырудың нәтижесінде Голландияда пайда болған (ХVІІІ ғасырда). Табиғи түрде Еуропаның, Сібірдің, Орта және Кіші Азияның шалғындары мен ормандарының шетінде орман бүлдіргені және құлпынай кездеседі. Әлемнің 40 елінде белгілі. Бүлдірген түсімінің жартысы Еуропа елдеріне келеді. Мұнда өндірушілер Польша, сосын Испания, Италия, Франция және Германия саналады. Әлемде бұл жидекті өндірушілердің ең ірісі – АҚШ, Азияда – Жапония. ТМД елдерінде Кола түбегінен оңтүстік шекараға дейін 30 мың га жерде өсіреді. Қазақстанда барлық жерде өсіреді. Қазақстанның солтүстігінде тұрақсыз қар жамылғысында бүлдірген қыста зақымданатындықтан, мұнда қыста жабындау мүмкіндігі барда өсіруге болады.

Бақтық бүлдірген – көп жылдық, шөптектес, жақсы бұтақтанатын, дегелекті (биіктігі 10-35 см) өсімдік. Дегелектің жеміс салуы отырғызғаннан кейін 1- немесе 2-жылы басталады. Өсімдік 20 жылға дейін өмір сүреді, бірақ өндірістік плантацияларды (егістіктерді) 4-8 жылдарда алмастырады, себебі жемістері ұсақтанады және өнімділігі төмендейді. Бапталуы жақсы болғанда өнімділігі 6-7 (кейде 17-ге) т/га жетеді, әдебиетте 50-75 т/га деген дерек келтірілген (АҚШ, Калифорния штаты).

Жемісте 80-90 % су, қанттар, лимон, алма, салицил қышқылдары, азотты және пектинді заттар, клетчатка, күл, С дәрумені бар. Бүлдірген жидегінен тамаша тосап, желе, пастила, өте бағалы шараптар мен дәмді шараптар, кондитер бұйымдары дайындалады. Тоңазытып дайындағандағы консерві балаңдығын ұзақ сақтайды. Халықтық медицинада емдік қасиеті жоғары бағаланады.

Таңқурай, кәдімгі немесе қызыл – Rubus idaeus L. Таңқурайдың 120-дан артық түрі белгілі. Табиғи түрде Еуропалық бөлікте, Батыс және Шығыс Сібірде, Орта Азияда кең тараған. Таңқурайды өсірудің солтүстік шекарасы – солтүстік ендіктің 62-64о. Орман шеттерінде, ағашы кесілген және өртенген жерлерде, қоңыржай – ылғалды топырақтарда, жиі қопа түрінде өседі. Мәдени сұрыптары мына түрлерден пайда болған: кәдімгі, батыстық (қожекей тәрізді), тікенекті және соңғы екеуінің будандары – тылсым немесе қан қызыл.

Таңқурайды әлемнің 20 елінде өсіреді. Оны негізгі өндірушілер – Еуропа және Солтүстік Америка елдері. Әлемдік түсімнің жартысы Еуропа елдерінің – Польшаның, Венгрияның, Англияның үлесіне тиеді. Ресейде таңқурайдың өнеркәсіптік өндірісі орталық алқапта және Еділ бойында шоғырланған. Оны Орал маңайында, Сібірде, Украинада, Беларуссияда өсіреді. Қазақстанда таңқурайды барлық жерде өсіреді. Қазақстанның солтүстігінде таңқурай өте белгілі және кең тараған, әсіресе үй маңайындағы телімдерде.

Жапырағы түсетін, атпатамырлы бұта. Өркеннің топырақастылық бөлігі көпжылдықтар, топырақүстілігі – екіжылдықтар, жеміс салғаннан кейін өркендер қурап қалады, сондықтан оларды кесіп, аластау керек. Жеміс салуды отырғызғаннан 2-3 жыл өткен соң бастайды. Пайдалану мерзімі – 8-12 жыл, өнімділігі – 6-8 (14) ц/га.

Жемістерінде қанттар (сахароза, фруктоза, глюкоза), қышқылдар (лимон, алма, салицил, шарап), иілік заттар, С және В дәрумендері бар. Жидектерінен тосап, мармелад, желе, повидло, шырын, шарап және т.б. дайындалады. Таңқурай консервілегенде және тозаңытқанда балаң сапасын ұзақ сақтайды. Ол жақсы сульфидацияланады (консервант-тармен химиялық консервілеу – күкірт ангидридін қолданады). Халық медицинасында таңқурайдың емдік қасиеті кең қолданылады. Таңқурай – балды өсімдік.

Қарақат – Ribes L. Туыс Еуропаның, Азияның, Солтүстік Африканың, Солтүстік және Оңтүстік Американың қоңыржай және салқын климатында өскен 150-дей түрді біріктіреді.

Өзендердің, жылғалардың, көлдердің, жағалауларында, ескі арналарда, жапырақты, аралас және қылқан жапырақты ылғалды ормандарда өседі. Ылғалды, сусіңіргіш (кәрізді), қара шіріндісі мол топырақтарды ұнатады.

Әртүрлі жабайы түрлерден пайда болған қара және қызыл қарақаттар кең қолданыс тапқан.

Қара қарақат – R. nigrum L. – жапырағы түсетін, биіктігі 1-2 м бұта. Тіршілігінің ұзақтығы – 15-20 жыл, пайдалану мерзімі – 8-12 жыл. Жеміс салуға отырғызғаннан 2-3 жыл өткен соң кіріседі. Қара қарақатты әлемнің 20-дан артық елдерінде, көбінесе Еуропада, шамалы Жаңа Зеландияда, Австралияда және АҚШ-та өсіреді. Оны ең мол өндірушілер – Польша және Германия. Ол жақсы нәтижені Қазақстанның солтүстік және шығыс облыстарында, Батыс Қазақстан облысының қоңыржай климатында береді. Қазақстанның оңтүстігінде және оңтүстік шығысында қара қарақатты, ол жазғы жоғары температурадан азырақ зардап шегетін таулы аймақтарында өсіреді. Өнімділігі 6-10 т/га.

Жемістерінде С дәрумені өте көп, қанттар, қышқылдар, иілік және пектинді заттар В6, Д, К, Р және Е дәрумендері, микроэлементтер (йод, барий, марганец, т.т.) және темір бар. Жидектері балаң күйінде пайдаланылады, сондай-ақ тосап, желе, шырын, конфет ішін толтырғыш – жентек, шарап түрлері дайындалады. Қара қарақаттың емдік қасиеті зор. Жидектері консервілеуге және тоңазытуға жарамды.

Қызыл қарақат – R. rubrum L. – қара қарақаттан қысқа және құрғақшылыққа төзімділігінің және өнімділігінің жоғарылығымен ерекшеленеді. Солтүстік облыстар үшін құнды дақыл. Жемістерінде қанттар, С дәрумені бар. Жидектері балаң күйінде дәмбасқыш ретінде пайдаланылады, сондай-ақ өңдеуге. Одан мармелад, желе, пюре, конфеттер, балмұздақтар, тосап, шырындар және шараптар дайындалады. Шырыны құрқұлаққа қарсы қасиеті бар өнім саналады. Өнімділігі – 15-17 кг бұтадан. Пісіп жетілген жемістері ұзақ уақыт шашылмайды.

Әуесқой бағбандар ақ және сары қарақат сұрыптарын өсіреді. Ақ қарақаттың жидектері қызыл қарақаттікінен дәрумендерінің және басқа да биологиялық белсенді заттардың мөлшерінің төмендігімен өзгешеленеді. Сары қарақат әсемдік бұта ретінде орман қорғағыш жолақтарда пайдаланылады, сондай-ақ қарлыға мен қарақаттың сүңгекті түрлерін алуға телітуші ретінде қолданады. Жидектерінде қанттар, қышқылдар, А, В дәрумендері, пектинді заттар, бояғыш және иілік заттар бар. Бір түптің өнімділігі – 4,5-5 кг.

Қарлыға – Grossularia Mull. Туыс Солтүстік жарты шарға тараған 50 түрді (оның 46 түрі Солтүстік Америкада; ТМД – 3 түрі) біріктіреді. ТМД-да өсірілетін негізгі сұрыптардың бастапқы тегі – еуропалық немесе көлбеуленген қарлыға (G. reclinata Mull.) Табиғи түрде ол Батыс Еуропада, Солтүстік Африкада және ТМД-да – Қап тауында және Украинаның батыс аудандарында мекендейді.

Жапырағы түсетін, биіктігі 1,5 м дейін болатын бұта. Жеміс салуға отырғызғаннан 2-3 жыл өткеннен соң кіріседі; жаппай (толық) жеміс салу 6-7 жылдары басталады. Жеміс салуы жиі және мол – бұтасынан 25-30 кг дейін. Дақылдың қолдан өсіргендігі тіршілігінің ұзақтығы 30 жылға дейін.

Жиі, солтүстік жүзімі деп аталатын қарлыға (жидегінің сыртқы ұқсастығына және қанттың молдығына байланысты), негізінен Еуропа елдерінде өсіріледі. Ең көп егістігі Германияда, Польшада, Венгрияда, Англияда. Басқа елдердегі түсімі шамалы. Ресейде, Қазақстанда өнеркәсіптік егістігі аз. Қарлығаны әуесқойқолар дақылы деп есептейді – үй маңайында және ұжымдық бақ шаруашылығында өсіреді.

Жемісінде қанттар (глюкоза басымырақ), қышқылдар (лимон, алма), пектинді заттар, каротин С, В, Р дәрумендері бар. Қарлыға жидегін балаң, тоңазытылған күйінде пайдалануға жақсы; повидло, шырын, шарап дайындауға, ал пісіп жетілгендері өңдеуге жарамды (компот, тосап, жендек).

Шырғанақ – Hippophae L. Туыс үш түрден тұрады. Жемістік және емдік жағынан ең бағалысы – итшомыртты шырғанақ (H. rhamnoides L.). ТМД елдерінде тұтас алаптар құрып өзен-көлдердің құм қайрандарында, су көздерінің құмды-қиыршық тасты жағалауларында – Байкал сыртында, Тувада, Алтайда, Қазақстанның оңтүстігінде, солтүстігінде (Бурабай көлдерінің жағалауларында), Тәжікстанда, Кабарды-Балқар мен Солтүстік Осетияда табиғи өседі. Өнеркәсіптік негізгі егістіктері Алтай өлкесінде және Сібірдің оңтүстік аудандарында (5 мың гектардай). Қазақстанның солтүстігінде әуесқойлардың бақ шаруашылығында шырғанақ танымал дақылдардың біріне айнала бастады. Шырғанақтың өнеркәсіптік егістігі сирек кездеседі және шамалы көлемде (0,5-4,0 га).

Жапырақты, өте бұтақтанғыш ағаш (биіктігі 4-6 м) немесе бұта. Өсінді жолымен көбейтілгенде өсімдігі жемістенуге 3-4 жылда кіріседі, тұқыммен – 2 жыл кештеу. Өнімді жылдары – 20 жылға жуық.

Қысқа сағақты жемістері өркенде өте жиі орналасады. Жемістерінің мәйегінде 8 %-ға дейін май болады, тұқымында – 12 %-ға дейін. Майының құрамында каратиноидтар, С, В1, В2, В6, Е дәрумендері, фоли қышқылы, сондай-ақ қанттар, алма және шарап-тас қышқылдары бар. Шырғанақтың жемістері негізінен хош иісті тұнба, шырын, пюре, желе, компот және т.т. дайындауға пайдаланылады. Шырғанақ майы медицинада кең қолданылады; оны сыртқа да шығарады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   49




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет